Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 32 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 18 қаңтарда № 31753 болып тіркелді.

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабының 15), 22) және 23) тармақшаларына, 17-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабының 1-2-тармағына және 276-бабының 4-тармағына, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 8-бабының 7-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 759-бабының 5-бөлігіне және 802-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 18.03.2025 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуына тексеріс тағайындау және жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау қағидалары, осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес;

      2) Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық, осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес;

      3) Сотта мемлекет мүдделерін білдіруді, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес;

      4) осы бұйрықтың 5-қосымшасына сәйкес Прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау қағидалары.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 18.03.2025 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.06.2026 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір бұйрықтары осы бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі:   

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының, мекемелері мен прокуратураның білім беру ұйымының басшыларына, Бас әскери және көлік прокурорларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорларына, аудандық көлік прокурорларына, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 32 бұйрыққа
1 қосымша

Прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуына тексеріс тағайындау және жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуына тексеріс тағайындау және жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 17, 18, 19, 20, 21-баптарына сәйкес әзірленді және оларды өткізудің тәртібін айқындайды.

      2. Заңдылықтың сақталуын тексеру (бұдан әрі – тексеріс), заңдылықтың жай-күйін талдау (бұдан әрі – талдау) және күшіне енген актілерді бағалау (бұдан әрі – актілерді бағалау) прокуратура органдарының жоғары қадағалау нысандары болып табылады және Конституциялық заңның 4-бабында көзделген міндеттерді іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.

2-тарау. Тексеріс тағайындау және жүргізу

      3. Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, мемлекеттің қорғаныс және әскери қауіпсіздігі саласындағы, көлік және көлік инфрақұрылымы саласындағы ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметінде заңдылықтың сақталуына тексерісті прокурор Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, заңдарында және осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен тағайындайды және жүргізеді.

      4. Тексерісті тағайындау үшін:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары;

      2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) тапсырмалары;

      3) Бас Прокурор орынбасарларының, Бас әскери және көлік прокурорларының, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мен астана прокурорларының (бұдан әрі – облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар), аудандық, қалалық, ауданаралық, мамандандырылған прокурорлардың (бұдан әрі – аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар), сондай-ақ өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорларының, өңірдің көлік прокурорларының шешімдері, Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген;

      4) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) төрағасының, Комитеттің аумақтық органдары бастықтарының шешімдері негіз болады.

      5. Осы Қағидаларда әскери және көлік прокуратурасы органдарының, прокуратура органдары ведомствосының және оның аумақтық органдарының басшылары деп тиісінше:

      1) Бас әскери прокурор, Бас әскери прокурордың орынбасарлары, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар;

      2) Бас көлік прокуроры, Бас көлік прокурорының орынбасарлары, өңірлік көлік прокурорлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар;

      3) Комитет төрағасы, Комитет төрағасының орынбасарлары, Комитеттің аумақтық органдарының бастықтары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар түсініледі.

      6. Қазақстан Республикасы Президентінің және Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша тексерістерді прокурор меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымдарда тағайындайды және жүргізеді.

      7. Бас Прокурор орынбасарларының, Бас әскери және көлік прокурорларының, облыстар прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорларының, аудандық көлік прокурорларының, өңірлік және оларға теңестірілген прокурорлардың шешімдері бойынша тексерістер:

      1) физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өздерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың;

      2) кәмелетке толмаған адамдардың;

      3) шектелмеген адамдар қатарының;

      4) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың алдын алу үшін қажет болса, адамдардың, қоғам мен мемлекеттің;

      5) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесі үшін мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың лауазымды адамдары тарапынан олардың қызметіне араласу фактілері бойынша құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін тағайындалады және жүргізіледі.

      Физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де жағдайларға байланысты құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын адамдарға:

      ағзаның қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты мүмкіндігі шектеулі адамдар;

      өмірлік қиын жағдайдағы, сондай-ақ арнаулы ұйымдарда, мекемелерде, оның ішінде ерекше ұстау режимі бар, арнаулы бейімдеу, оңалту, оқыту және әлеуметтік оңалту орталықтарындағы адамдар;

      психикалық қызметінің бұзылуымен сипатталатын аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес аурулар тобына жатқызылған психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адамдар;

      заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар;

      өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын өзге де адамдар жатады.

      Кәмелетке толмағандар деп он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адамдар, оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндіктері шектеулі балалар, өмірлік қиын жағдайдағы балалар, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимдегі білім беру ұйымдарында, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, білім берудің, оқытудың және әлеуметтік оңалтудың ерекше жағдайлары қамтамасыз етілген оқу-тәрбие мекемелерінде жүрген балалар түсініледі.

      Шектелмеген адамдар қатары деп жеке белгісіз адамдар тобы немесе олардың сандық құрамын алдын ала анықтау мүмкін емес немесе қиындық тудыратын құқықтық қатынастарға қатысушылардың көптігі түсініледі.

      Адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптар деп, егер олар адам мен азаматтың денсаулығына, өміріне зиян келтірсе не зиян келтіруі мүмкін болса, ұлттық қауіпсіздікке (қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық, экологиялық) қатер төндірсе немесе төндіруі мүмкін болса, құқықтық актіні қабылдау не әрекет (әрекетсіздік) жасау түсініледі.

      8. Прокуратура органдарының ведомствосы және оның аумақтық органдары тексерістерді Конституциялық заңда, "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – "Мемлекеттік құқықтық статистика" Заңы) және басқа да заңнамалық актілерде белгіленген өз құзыретінің шегінде жүргізеді.

      9. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі тексерістер Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмалары болған кезде не олармен келісім бойынша ғана тағайындалады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне Бас Прокурордың келісімі бойынша тексеріс жүргізу үшін Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар не олардың міндеттерін атқаратын адамдар Бас прокуратураның атына тиісті өтінішхат (қызметтік жазба) жолдайды.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді келісу туралы өтінішхатқа (қызметтік жазбаға):

      Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы;

      Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді келісу туралы өтінішхатты (қызметтік жазбаны) жіберу үшін:

      егер бұл орны толмас зардаптардың не адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне төнетін қатердің алдын алу үшін қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

      шектелмеген адамдар қатарының, кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өздерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілері;

      прокуратура органының негізгі тексерісі шеңберінде қарсы тексеріс жүргізу не Бас прокуратураның тапсырмасын (тапсырылатын істі) орындау қажеттілігі негіз болып табылады.

      Өтінішхат келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, ал қосымша ақпарат талап етілген кезде – он бес жұмыс күні ішінде қаралады.

      10. Тексеріс жүргізу туралы қаулыны Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінің, прокуратура органдары ведомствосының және оның аумақтық органдарының, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, облыс прокурорының және оларға теңестірілген прокурордың орынбасары, аудан прокуроры және оған теңестірілген прокурор не олардың міндеттерін атқаратын адамдар шығарады.

      Тексеріс жүргізу туралы қаулыда:

      1) прокуратура органының нөмірі, күні, атауы, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы, тексерістің негіздері;

      2) тексерілетін субъектінің (объектінің) атауы немесе оған қатысты тексеріс тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);

      3) тексерілетін кезеңі көрсетілген тексерістің нысанасы (тақырыбы);

      4) тексеріс кімге тапсырылғаны және оған тартылатын мамандар туралы мәліметтер;

      5) тексеріс жүргізу мерзімі (заңда көзделген күндер саны);

      6) тексерілетін кезең;

      7) тексерілетін субъектінің құқықтары мен міндеттері;

      8) қаулыға қол қоюға уәкілетті адамның қойылан қолы көрсетіледі.

      11. Қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару заңнамасы, атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнама, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамаларды қоспағанда, тексеріс жүргізу туралы қаулы тексеріс басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік органда тіркеледі.

      Тексеріс қажеттілігі Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмаларынан туындаған жағдайда, адамның өмірі, денсаулығы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері үшін орны толмас салдардың, заңдылық пен құқықтық тәртіпті жаппай бұзуды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатерді болғызбау мақсатында тексеріс жүргізу туралы қаулыны тіркеу тексеріс басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік органда жүргізіледі.

      Тексеріс жүргізу туралы қаулы тексеріс объектісіне келген сәтте танысу үшін тексерілетін субъектіге тапсырылады не іс жүргізу жөніндегі Бас прокуратураның ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік органда тексеріс жүргізу туралы қаулыны тіркеу туралы мәліметтер объектіге келген сәтте не ол тіркелгеннен кейін келесі жұмыс күні ішінде беріледі.

      12. Тексерісті тексеріс жүргізу туралы қаулыда көрсетілген адамдар ғана жүргізеді.

      Тексерісті жүргізетін адамдардың құрамы, тексерістің нысанасы мен кезеңі тексерісті тағайындаған прокурордың не оның міндетін атқарушы адамның шешімі бойынша өзгертіледі (толықтырылады).

      Тексеріс нысанасын не кезеңін өзгерту (толықтыру) туралы шешім мынадай:

      тексерілетін мәселелердің, заңнама салаларының не тексерілетін кезеңнің тізбесін өзгертпей (толықтырусыз) тексерілетін субъект қызметіндегі заңдылықтың жай-күйін бағалау мүмкін болмаған;

      жоғары тұрған прокуратураның тапсырмасы бойынша;

      тексеріс нысанасына не кезеңіне жатқызылмаған заңдылықты бұзушылықтың айқын фактілерін анықтау;

      кінәлі лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы мәселе қойыла отырып, тексеріс жүргізу туралы қаулыны қалыптастыру немесе тіркеу кезіндегі қателіктерге байланысты жағдайларда шығарылады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеріс нысанасын не кезеңін өзгерту (толықтыру) туралы шешім осы Қағидалардың 9-тармағында айқындалған тәртіпте Бас Прокурормен келісіледі.

      13. Тексеріс жүргізу мерзімі оны жүргізу туралы қаулы тапсырылған күннен бастап отыз жұмыс күннен кем емес мерзімді құрайды.

      Қосымша материалдарды талап ету қажет болған кезде, сондай-ақ тексерістің едәуір көлеміне байланысты оны жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Тексеріс жүргізу мерзімін тексеріс тағайындау туралы қаулы шығарған адам не оны алмастыратын адам ұзартады.

      14. Тексеріс мынадай жағдайларда:

      сараптама тағайындалған жағдайда - сарапшының қорытындысын алғанға дейін;

      шет мемлекеттерден, мемлекеттік органдардан, меншік нысанына қарамастан мекемелерден және өзге де ұйымдардан мәліметтер мен құжаттарды алу қажеттілігі жағдайында – оларды алғанға дейін;

      тексерісті жүргізуге кедергі келтіретін (тексеріске қатысатын адамның науқастануы, форс-мажорлық мән-жайлар, жүргізілетін тексеріс нысанасына қатысы бар адамдарды іздестіру, тексеріс субъектісі қаулыны тапсырудан жалтару не тексерілетін объектіге кіруге рұқсат бермеуі, процестік әрекеттер жасау, тексеріс жүргізу немесе қорытынды беру туралы талаптар жіберу) – жағдайларды жойғанға дейін тоқтатылуы мүмкін.

      Тоқтатыла тұрған тексерісті жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.

      15. Тексеріс жүргізуді ұзартқан, тоқтата тұрған және қайта бастаған, тексерушілердің құрамы, тексеріс нысанасы не кезеңі өзгерген жағдайларда, дәлелді қаулы шығарылып, ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі мемлекеттік орган және тексерілетін субъект хабардар етіледі.

      Тексеріс мерзімі ол аяқталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұзартылады.

      16. Қажет болған жағдайда, қорытынды беру үшін тексеріске қатысуға:

      мемлекеттік және құқық қорғау органдарының;

      меншік нысанына қарамастан ұйымдардың мамандары тартылады.

      Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мамандары прокурордың тиісті органдарға, мекемелерге не ұйымдарға жолдаған талатары бойынша тартылады.

      Жеке меншік ұйымдардың мамандарын тарту тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне не өзге де заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Прокурордың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде, сондай-ақ прокурордың заңды қызметіне кедергі келтіру қаупі болған кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексерісті жүзеге асыратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексеріске тартылуы мүмкін.

      17. Тексеріс барысында тексерісті іске асыру үшін маңызы бар Қазақстан Республикасы заңнамасының жасырын бұзушылықтарын анықтау үшін өзге мүмкіндіктер болмаған кезде, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру қажеттілігі туралы мәселе шешіледі.

      Қаулыда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу негіздері, алынған нәтижелерді ұсыну нысаны мен мерзімдері көрсетіледі.

      Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы қаулының жобасы осы прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімшесінің басшысымен келісіледі.

      Аталған қаулыларды есепке алуды жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлімше жүргізеді.

      18. Жүргізілетін тексеріс шеңберінде сараптаманы арнайы ғылыми білімді талап ететін және оны тағайындамай тексерісті іске асыру мүмкін болмаған жағдайларда прокурор тағайындайды.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыны Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар не олардың міндеттерін атқаратын адамдар шығарады.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыда:

      1) сараптама тағайындаған органның атауы;

      2) сараптама тағайындалған уақыты, орны;

      3) сараптама түрі;

      4) сараптама тағайындау негіздемелері;

      5) сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпараттар, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді болуы мүмкін толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат беру;

      6) сот сараптама органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетіледі.

      Маманның қорытындысында қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы не сотқа арыз беруге негіз болып табылатын мән-жайлар туралы тұжырымдар болған кезде, прокурорлық тексеріс материалдары бойынша сараптама Қылмыстық-процестік кодекс (бұдан әрі – ҚПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі – ӘҚБтК), Азаматтық процестік кодекс (бұдан әрі – АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) шеңберінде жүргізіледі.

      19. Тексеріс барысында прокурор:

      1) мыналарды:

      тексеріс жүргізу үшін қажетті ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, атқарушылық іс жүргізулерді;

      қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің, атқарушылық іс жүргізулердің ақпараттарына, мәліметтеріне және құжаттарына, қадағалау іс жүргізулеріне және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына қолжетімділікті талап етуге және алуға құқылы.

      Талап етілетін материалдарды, істерді алған кезде және ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қол жеткізгенде, прокурор дербес деректердің және заңмен қорғалатын өзге де құпияның қорғалуын, оның ішінде заңсыз таратудан сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етеді;

      2) мыналарды:

      тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың дереу күшін жоюды, негіздемелер болған кезде және Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен заңсыз актінің толық немесе ішінара қолданылуын тоқтата тұруды;

      уәкілетті органдардан тексеріс жүргізуді және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуді;

      тексеріс объектісіне, тексерілетін аумаққа, тексеріс нысанасына байланысты мүлікке, ақпараттық жүйелер мен ресурстарға, ақпаратқа, материалдар мен құжаттарға қолжетімділікті;

      3) лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруды және жүргізілетін тексеріс мәселелері бойынша түсініктемелер алуды;

      4) қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында тіркеудің, өлшеудің, сынамаларды іріктеудің техникалық құралдарын қолдануды;

      5) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және өзге де заңдарында белгіленген өзге де өкілеттіктерді іске асыруды талап етуге құқылы.

      20. Мамандарды бөлу, мәліметтер мен істерді талап ету туралы прокурордың талаптарына Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, прокуратура органдары ведомствосының және оның аумақтық органдарының, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, олардың орынбасарлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар, тексерісті тағайындау туралы қаулыда көрсетілген адамдар не олардың тікелей басшылары қол қояды.

      Тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою, заңсыз актінің толық немесе ішінара қолданылуын тоқтата тұру қажет болған жағдайда прокурордың талаптарына Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, прокуратура органдары ведомствосының және оның аумақтық органдарының, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, олардың орынбасарлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      Соттардың қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді беруі туралы прокурордың талаптары ҚПК-ге, АПК-ге, ӘРПК-ге, ӘҚБтК-ге сәйкес жіберіледі.

      Уәкілетті органдарға жіберілетін тексеріс жүргізу туралы талаптарға Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, олардың орынбасарлары, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, облыс прокуроры және оларға теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      Өңірдің және гарнизонның әскери прокуроры, өңірлік көлік прокуроры, аудандық прокурор және оларға теңестірілген прокурор жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеріс жүргізу туралы, оның ішінде қадағалау және ден қою актілерінде көрсетілген талаптарды облыс прокурорымен, бас әскери және көлік прокурорларымен талап қоюды жіберудің орындылығы негіздемесін келтіре отырып келісілгеннен кейін жібереді.

      21. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне, ұлттық қауіпсіздікке нақты не әлеуетті қатер төну фактілерінің алдын алу мақсатында тексеріс жүргізу шеңберінде қадағалаудағы аумақтағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының шиеленісуінің алдын алу не болдырмау үшін прокурор лауазымды адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.

      Актіні немесе лауазымды адамның әрекетін тоқтата тұру туралы қаулы дереу орындалуға тиіс.

      22. Тексеріс жүргізу кезінде прокурор тексерілетін субъект/объект, құжаттар, материалдар, үй-жайлар, тексерілетін субъект/объект қызметінің процесі туралы нақты ақпарат жинау, сондай-ақ заңдылықты бұзу фактілерін растау үшін қолда бар техникалық құралдарды қолданады.

      Нақты ақпаратты жинау тексерілетін субъектіні міндетті түрде хабардар ете отырып, тексеріс барысында заңдылықтың жай-күйін объективті бағалау үшін маңызы бар фото-бейнетүсірілім, өлшемдерді, көшірмелерді, сынамаларды алу, бақылау сатып алу және өзге де тіркеу жолымен жүзеге асырылады.

      "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолдану үшін арнайы рұқсат талап етілетін арнайы техникалық құралдарды пайдалануға жол берілмейді.

      Прокурордың заңды қызметіне кедергі келтірген, бұзушылық жасаған не заңдылықтың бұзылғанын растайтын фактілерді тіркеу қажет болған жағдайларда адамның келісімінсіз оның дербес фото-бейнетүсірілімін жүргізуге жол беріледі.

      23. Жүргізілетін тексеріс мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруды және олардан түсініктемелер алуды тексеріс тағайындау туралы қаулыда көрсетілген прокурор не оның басшысы жүзеге асырады.

      Прокурордың жүргізілетін тексеріс шеңберіндегі талаптарын жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар, меншік нысанына қарамастан мекемелер, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары орындауға міндетті.

      24. Тексеріс жүргізу кезінде:

      жол берілген заңдылықты бұзушылықтардың себептері мен шарттары айқындалады;

      заңдылықты сақтау проблемалары (құқықтық және ұйымдастырушылық) және олардың жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға әсері анықталады;

      мемлекеттік және уәкілетті органдардың, меншік нысанына қарамастан, мекемелер мен ұйымдардың, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарының және бұзушылықтардың алдын алуға немесе болдырмауға жауапты өзге де адамдардың қызметі бағаланады.

      Тексерістің тақырыбына қарамастан, оны жүргізу туралы қаулыда нысанасы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату, құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманың қолданылуы (егер тексерілетін орган немесе ұйым құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектісі болып табылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі өкілеттіктерге ие болса), мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың (тексеріс нысанасы бойынша) құқықтық актілерінің заңдылығы көрсетіледі.

      25. Тексеріс аяқталғаннан кейін тексеріс нәтижелері туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) жасалады, онда:

      1) анықтаманы жасау күні мен орны, тексерістің негіздері;

      2) тексерілетін субъектінің атауы, тексеріс нысанасы (тақырыбы) ;

      3) тексеріс тақырыбы бойынша жалпы мәліметтерді (статистика, тексерілетін субъектінің іске асырған іс-шаралары, игерілген бюджет қаражаты туралы мәліметтер, сот актілерін орындау практикасы немесе тексеріс мәні бойынша басқа да мәліметтер);

      4) тексеріс мәні (тақырыбы) бойынша заңдылықтың сақталуын бағалауды (анықталған бұзушылықтардың мәні, уәкілетті органдардың әрекетсіздігінің себептері, мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің заңдылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, құқық бұзушылық профилактикасы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың сақталуы және басқа да мәліметтер);

      5) заңдылықты бұзушылық жасауға ықпал еткен себептерді талдауды;

      6) анықталған заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюдың тетіктерін;

      7) тексеріс нәтижелері бойынша тұжырымдар мен ұсыныстарды (қадағалау және ден қою актілері, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық ету, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар, басқа да шаралар);

      8) тексеріс жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қойылған қолын қамтиды.

      Анықтама тексерілетін субъектіге тексеріс аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде табыс етіледі. Тексеріліп жатқан субъектінің басшысы (өкілі) анықтаманы алғаны не алудан бас тартқаны туралы мәліметтер оны тапсыру сәтінде көрсетіледі.

      Анықтамаға қарсылықтар болған кезде тексерілетін субъект оларды анықтама тапсырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша ұсынуға құқылы.

      26. Тексеріс нәтижелері бойынша мынадай:

      1) Конституциялық заңның 5-тарауында көзделген прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу туралы;

      2) тексеріс нәтижелерін талқылай отырып, кеңестер өткізу туралы;

      3) ақпараттық хаттаржіберу туралы;

      4) осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген тәртіппен тексеріс жүргізу туралы талаптар;

      5) материалдарды қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшеге, оның ішінде фактілерді сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі – СДТБТ) тіркеу туралы шешім қабылдау үшін беру туралы;

      6) материалдарды Ақпаратты есепке алу кітабына (бұдан әрі – АЕК) тіркеу және Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген өзгеде да шаралар туралы;

      7) Бас Прокурордың алдында Қазақстан Республикасының Конституциялық және (немесе) Жоғарғы Сотына жүгіну туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімдер қабылданады.

      Кейінге қалдыруды талап етпейтін жағдайларда осы тармақтың 2), 3), 4), 5), 6) және 7) көзделген шешімдерді прокурор тексеріс аяқталғанға және оның қорытындылары шығарылғанға дейін қабылдауы мүмкін.

      27. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі тексерістер Конституциялық заңда, ӘҚБтК-де және "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде жүргізіледі.

      28. Прокурорлар жеке тұлғалардың бостандығын шектеуге байланысты конституциялық құқықтарының сақталуының, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп күдікті адамдарды жеткізудің, ұстаудың, сондай-ақ оларға қатысты қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаны орындау кезінде, оның ішінде мамандандырылған мекемелерде қамаққа алуды өтеу кезінде жеке тұлғалардың құқықтарының сақталуының заңдылығына тексерістер жүргізеді.

      Бұл тексерістер осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес бейнежазба құрылғыларын қолдана отырып, жүргізілуі мүмкін.

      Тексеріс барысында құқық қорғау органдарында келушілерді электрондық есепке алу туралы ақпараттық жүйеге (1-Д) жеткізудің негізділігі, адамның сонда болу мерзімдерін сақтау мәселесі бойынша мониторинг жүргізіледі.

      Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеткізілген және ұсталған адамдарды ұстауға арналған арнайы қабылдағыштар мен өзге де үй-жайларға, сондай-ақ гауптвахталарға бару кезеңділігі соттардың келіп түскен қаулыларын, жолданымдарды және басқа да материалдарды талдау негізге алына отырып айқындалады.

      Заңсыз жеткізу, ұстау немесе қамаққа алу фактісі бойынша жолданым келіп түскен кезде және ұсталған адамдар мен қамаққа алынған адамдардың құқықтарының бұзылуы туралы жеткілікті деректер болған жағдайда тексеріс дереу жүргізіледі.

      Тексерістерді прокурорлар орналасқан жері бойынша жүзеге асырады.

      29. Тексеріс барысында ӘҚБтК-нің 50, 58, 60, 786-789-баптарында көзделген іс жүргізу мерзімдері мен жеткізуге, ұстауға және қамаққа алуға қолданылатын талаптар ескерілуге тиіс.

      ӘҚБтК-нің 14-бабының 4-бөлігіне сәйкес мемлекеттік орган (лауазымды адам) судьяның қаулысында көзделген мерзімнен артық заңсыз ұсталған, әкелінген, жеткізілген немесе әкімшілік қамаққа алынған адамды дереу босатады.

      30. Негізсіз жеткізу, ұстау немесе қамаққа алу фактісі анықталған жағдайда прокуратура қызметкері өз қаулысымен заңсыз ұсталған адамды босатады, сондай-ақ бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды адамдарды жауапқа тарту үшін өзге де шаралар қолданады.

3-тарау. Талдау

      31. Талдау прокурорлардың субъектілерге (объектілерге) бармастан, статистикалық деректерді, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерін зерделеуі арқылы жүргізеді.

      Талдау жүргізу Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери және көлік прокуратурасы органдары басшысының, облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың, аудандық және оған теңестірілген прокурордың, сондай-ақ олардың орынбасарларының не олардың міндеттерін атқаратын адамдардың басшылығымен тақырыптық-толассыз топқа тапсырылуы мүмкін.

      Прокуратура органдарының ведомствосы Конституциялық заңда, "Мемлекеттік құқықтық статистика" Заңында және басқа да заңнамалық актілерде белгіленген өз құзыреті шегінде заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізеді.

      32. Талдау заңдылықтың жай-күйін бағалау мақсатында нақты мәселе немесе құқықтық қатынастар және (немесе) заңнама саласы бойынша жүргізіледі.

      33. Прокурорлар тоқсан сайын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі бойынша талдау жүргізеді.

       Нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы, сондай-ақ кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайлар туралы ақпарат бизнеске әкімшілік қысымды төмендету жөніндегі нақты ұсыныстармен бірге Бас прокуратураға тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      34. Прокурорлар жарты жылда бір рет мынадай:

      1) бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігі;

      2) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (оның ішінде мемлекеттік) сатып алуды жүзеге асыру;

      3) салық заңнамасын қолдану;

      4) экологиялық заңнаманы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы қолдану;

      5) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды адамдары тарапынан олардың қызметіне араласу фактілері бойынша ауызша (оның ішінде прокуратура органдарының жанындағы бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтар шеңберінде келіп түскен) және жазбаша жолданымдарын қарау мәселелері бойынша талдау жүргізеді.

      Нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы ақпарат Бас прокуратураға жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      35. Прокурорлар жылына кемінде бір рет:

      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе өмірлік қиын жағдайдағы, оның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да осыған ұқсас мекемедегі балаларды асырап алу кезінде заңдылықтың сақталуына;

      2) мінез-құлық ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу тиімділігіне бағытталған заңнаманың қолданылуына;

      3) мүмкіндіктері шектеулі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қолдауға бағытталған заңнаманың (оның ішінде инклюзивті білім беру) қолданылуына;

      4) мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың қолданылуына, оның ішінде:

      әлеуметтік қорғалу, оның ішінде оңалту, қоғаммен араласу;

      әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі;

      ақпаратқа қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі;

      білім, қызмет түрін, оның ішінде еңбек қызметін еркін таңдау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек;

      кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасу;

      Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге ие болу құқықтарының қолданылауына талдау жүргізеді.

      Талдау нәтижелері туралы ақпарат олардың жүргізілуіне қарай Бас прокуратураға тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      36. Әскери прокуратура органдары әскери қауіпсіздік саласындағы құқықтық қатынастардың ерекшелігін ескере отырып, жылына кемінде бір рет:

      1) әскери мүлікті, оның ішінде қару мен оқ-дәрілерді қамтамасыз ету және олардың айналымы;

      2) жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету;

      3) диверсияға қарсы және терроризмге қарсы қорғалудың жай-күйі;

      4) Мемлекеттік шекараны күзету;

      5) әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізуді жүзеге асырады.

      Бас әскери прокурор нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты Бас прокуратураға тиісінше 25 маусым мен 25 желтоқсанға дейін ұсынады.

      37. Көлік прокуратурасының органдары ерекшелікті ескере отырып жылына кемінде бір рет:

      1) көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      2) жолаушылардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және көлік қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау;

      3) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (оның ішінде мемлекеттік) сатып алуды жүзеге асыру;

      4) кеден заңнамасының;

      5) теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельсті және магистральдық құбыр көлігі, ғарыш қызметі саласындағы меншік нысанына қарамастан квазимемлекеттік сектор субъектілері мен өзге де ұйымдар қызметінің заңдылығы мәселелері бойынша талдау жүргізуді жүзеге асырады.

      Бас көлік прокуроры нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты Бас прокуратураға тиісінше 25 маусым мен 25 желтоқсанға дейін ұсынады.

      38. Талдау қадағалау аумағындағы тұрақты негізде жүзеге асырылатын жағдайды мониторингілеу (бақылау) не прокуратура органдары әртүрлі ақпарат көздерінен алған заңлдылықтың бұзылуы туралы мәліметтер мен деректер, оның ішінде жолданымдар, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, меншік нысанына қарамастан, өзге де ұйымдар мен мекемелерден талап етілген ақпараттар, құжаттар мен өзге де материалдар негізінде, сондай-ақ сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың, жоғары тұрған прокуратураның тапсырмалары бойынша жүргізіледі.

      Сондай-ақ талдау мәселелердің өзектілігіне, бағыттардың басымдығына не өңірдің ерекшеліктеріне қарай Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, прокуратура органдары ведомствосының және оның аумақтық органдарының басшылары, Бас әскери және көлік прокурорлары, облыс прокуроры және оларға теңестірілген прокурорлар, облыс прокурорының орынбасары және оған теңестірілген прокурор не олардың міндеттерін атқаратын адамдар бекіткен жылдық немесе тоқсандық жоспар негізінде жүргізіледі.

      Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы талдау Бас Прокурордың бұйрықтарында көзделген мониторинг пен салыстырып тексеру нәтижелері бойынша жүргізіледі.

      39. Талдау жүргізуге Бас Прокурормен, Бас Прокурордың орынбасарымен, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшелерінің, прокуратура органдары және оның аумақтық органдары ведомствосының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының басшысымен, облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурормен, олардың орынбасарларымен, аудандық және оларға теңестірілген прокурормен не олардың міндеттерін атқаратын адамдармен келісілген баянат бойынша бастамашылық жасалады.

      Баянатта:

      1) баянат берілген күні, берген адамның, тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және лауазымы;

      2) талдау мәні (тақырыбы);

      3) дәлелді негіздер;

      4) талдау кезеңі;

      5) талдау жүргізу мерзімі;

      6) талдау жүргізуге тартылатын прокуратура органдарының органдары, ведомстволары мен мекемелері (талдау тақырыптық-толассыз топқа тапсырылған жағдайда) көрсетіледі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын өңірдің және гарнизонның әскери прокуроры, өңірлік көлік прокуроры, аудандық және оларға теңестірілген прокурор бастамашылық еткен талдау бір мезгілде Бас әскери және көлік прокурорларын, облыс прокурорын және оған теңестірілген прокурорды хабардар ете отырып жүргізіледі.

      Жоғары тұрған прокурор төмен тұрған прокурорлардың заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізуін тоқтатуға құқылы.

      40. Талдау барысында мынадай мәліметтер:

      1) статистикалық деректер;

      2) мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат туралы ақпарат;

      3) халықпен кездесулердің қорытындылары;

      4) мемлекеттік органдардың тиімсіз жұмыс істеу фактілері, оның ішінде экстремизм мен терроризмнің профилактикасы, этносаралық және/немесе конфессияаралық негіздегі жанжалдарды, азаматтардың әлеуметтік наразылығын, наразылық акцияларын тудыруы мүмкін қоғамдық тәртіпті бұзуды анықтау, оның алдын алу және оқшаулау мәселелері бойынша;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау нәтижелері;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы (оның ішінде интернет-ресурстардағы) жарияланымдар;

      7) мемлекеттік органдардың, олардың деректер базасының ақпараты;

      8) ақпараттық жүйелер мен ресурстар, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ресурстар;

      9) қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдары;

      10) прокуратура мен мемлекеттік органдардың алдыңғы тексерістерінің нәтижелері;

      11) басқа да ақпарат көздері пайдаланылады.

      41. Прокурор заңнамада белгіленген тәртіппен талдау жүргізуге байланысты ақпараттар мен материалдарға қол жеткізуге, жүргізілетін талдау мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақырып, олардан түсініктеме алуға құқылы.

      Сұратылған ақпарат прокурор белгілеген мерзімде прокуратура органдарына беріледі.

      Бұл мерзім үш жұмыс күнінен кем болмауы тиіс.

      Қажет болған жағдайларда, адамның өмірі, денсаулығы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері, қоғамның және мемлекеттің мүддесі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті жаппай бұзуды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптардың алдын алу мақсатында сұратылған ақпарат, құжаттар және өзге де материалдар дереу ұсынылады.

      Талдау шеңберінде прокурордың талаптарын жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар, меншік нысанына қарамастан мекемелер мен ұйымдар, олардың лауазымды адамдары орындауға міндетті.

      Жүргізілген талдау шеңберіндегі сараптаманы прокурор арнайы ғылыми білімді талап ететін және оны тағайындамай талдауды іске асыру мүмкін болмаған жағдайларда тағайындайды.

      Талдау жүргізу мерзімі:

      мәліметтерді, құжаттарды және өзге де материалдарды, оның ішінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді алу қажет болған кезде - олар түскенге дейін;

      сараптама тағайындалған жағдайда - нәтиже алынғанға дейін;

      талдау жүргізуге объективті кедергі келтіретін басқа факторларға байланысты - олар жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Талдау мерзімі оны жүргізуге келіскен тұлғаның атына берілген уәжді баянат бойынша мерзімі өткенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тоқтатыла тұрады.

      Талдау оның тоқтатыла тұруына себеп болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қайта басталады.

      42. Қажет болған жағдайда, талдау жүргізу кезінде бару үшін ашық жерлерде (қоғамдық пайдалану орындарында не ашық жерде) орналасқан объектіні (субъектіні), оның ішінде көлік объектілерін (поездар, әуе және теңіз кемелері) және олардың жабдықтарын осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес талаптарды сақтай отырып, фото және бейнетіркеуді қолдану жолымен шолу арқылы қарап тексеру жүргізіледі.

      Кеден саласында талдау жүргізу кезінде көлік прокурорларының мемлекеттік органға тауарларды кедендік қарап тексеру жүргізуге талаптар жіберуге құқығы бар.

      43. Талдау отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Қосымша материалдарды талап ету қажет болған кезде, сондай-ақ талдаудың едәуір көлеміне байланысты оны жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      44. Талдау жүргізу кезінде:

      1) заңдылықтың жай-күйінің проблемалары және олардың жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға әсері анықталады;

      2) уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметі бағаланады;

      3) анықталған заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою тетіктері ұсынылады;

      4) жұмыста жүйелі проблемаларды шешу бойынша кешенді іс-шараларды қабылдауды қажет ететін (оның ішінде заңнамалық және ұйымдастырушылық) басым бағыттар ұсынылады.

      45. Талдау жүргізу барысында адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне, ұлттық қауіпсіздікке нақты не ықтимал қатер фактілерін болғызбау мақсатында қадағалаудағы аумақтағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының шиеленісуінің алдын алу не болғызбау үшін прокурор лауазымды адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.

      Актіні тоқтата тұру туралы қаулы немесе лауазымды адамның әрекеті дереу орындалуға тиіс.

      46. Талдау нәтижелері:

      1) талдау күнін, мәнін, сондай-ақ талдау қамтыған уақыт кезеңін;

      2) статистиканы келтіре отырып, талдау барысында анықталған мәліметтер және талдау үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды;

      3) талдау нәтижесінде алынған заңдылықтың жай-күйі туралы тұжырымдарды, оның ішінде құқық бұзушылықтар жасаудың себептері мен жағдайларын;

      4) құқық бұзушылықтарды, орын алған проблемаларды, Қазақстан Республикасының заңнамасындағы кемшіліктер мен олқылықтарды шешу және жою тәсілдері туралы ұсыныстарды қамтитын анықтама түрінде ресімделеді.

      Талдау аяқталғаннан кейін, заңдылықты бұзушылықтар анықталған кезде және талдау субъектісінің ресми ұстанымын анықтау қажет болған жағдайда, анықтама танысу үшін уәкілетті мемлекеттік органға не қарсылықтары болған кезде оларды анықтама тапсырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша ұсынатын ұйымға жіберіледі.

      47. Талдау нәтижелері бойынша:

      1) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу, уәкілетті органдарды хабардар ету, материалдарды қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерге беру және өзге де шаралар қабылдау туралы;

      Қылмыстық құқық бұзушылық туралы құжаттар мен материалдарды СДТБТ-да тіркеуді прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелер жүзеге асырады;

      2) осы Қағидалардың 48-тармағында көзделген тәртіппен тексеріс жүргізу туралы талаптарды уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберу туралы;

      3) тексеріс жүргізу туралы;

      4) материалдарды АЕК-те тіркеу және Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдау туралы;

      5) Бас Прокурордың алдында Қазақстан Республикасының Конституциялық және (немесе) Жоғарғы соттарына жүгіну туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімдер қабылданады.

      Кейінге қалдыруды талап етпейтін жағдайларда осы тармақтың 1) (прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу туралы шешімдерді қоспағанда), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдерді прокурор талдау аяқталғанға және оның қорытындылары шығарылғанға дейін қабылдауы мүмкін.

      48. Тексеріс жүргізу туралы талаптарға Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, олардың орынбасарлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      Өңірдің және гарнизонның әскери прокуроры, өңірлік көлік прокуроры, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеріс жүргізу туралы, оның ішінде қадағалау және ден қою актілерінде көрсетілген талаптарды, бас әскери және көлік прокурорларымен, облыс прокурорымен талап қоюды жіберудің орындылығы негіздемесін келтіре отырып келісілгеннен кейін жібереді.

4-тарау. Актілерді бағалау

      49. Прокуратура Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы Президентінің заңдары мен актілеріне:

      1) Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерінің;

      2) егер осы актілер мен шешімдер физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларына байланысты өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарға, кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ шектеусіз адамдар қатарына қатысты болса не жария сипатта болса, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері  мен шешімдерінің;

      3) сот (судья) үкімдерінің, шешімдерінің, қаулыларының және өзге де актілерінің, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің сәйкестігіне жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

      Осы тармақта көзделген қадағалау нормативтік құқықтық актілерді, жеке қолданылатын құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың, мекемелердің және өзге де ұйымдардың шешімдерін, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін бағалау жолымен жүзеге асырылады.

      50. Актілерді бағалау талдау, тексеру, жолданымдарды қарау барысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың, Бас Прокурор орынбасарының, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының басшысының, облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың, олардың орынбасарларының, аудандық және оған теңестірілген прокурордың, олардың орынбасарларының немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдардың тапсырмалары бойынша жүзеге асырылады.

      51. Актілерді бағалау барысында прокурор:

      1) мыналарды:

      бағалау жүргізу үшін қажетті ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, атқарушылық іс жүргізулерді;

      қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің, атқарушылық іс жүргізулердің ақпараттарына, мәліметтеріне және құжаттарына және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына қолжетімділікті талап етуге және алуға құқылы.

      Талап етілген материалдарды, істерді алғанда және ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қол жеткізген кезде прокурор дербес деректердің және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын, оның ішінде заңсыз таратудан сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етеді;

      2) жүргізілетін бағалау мәселелері бойынша лауазымды адамдарды, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруға және түсініктемелер алуға;

      3) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және өзге де заңдарында белгіленген өзге де өкілеттіктерді іске асыруға құқығы бар.

      52. Мемлекеттік органдардың, мекемелердің және өзге де ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдері (сот актілерін қоспағанда) оларды қабылдау жөніндегі құзыреті мен өкілеттіктерінің болуы, заңдарда белгіленген талаптарға сәйкестігі, нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде жоғары тұрған деңгейлерге қайшы келуі, заңда белгіленген тәртіптегі мемлекеттік тіркеудің және жариялаудың болуы (қажет болған жағдайда) және басқа да мәселелер тұрғысынан зерделенеді.

      53. Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетін актілерге, заңды күшіне енген актілерге, мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық енгізіледі.

      54. Наразылық мемлекеттік органға, мекемеге, ұйымға, заңсыз акт, шешім қабылдаған лауазымды немесе өзге де уәкілетті тұлғаға немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға енгізіледі.

      Мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, лауазымды адамның немесе өзге де уәкілетті тұлғаның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осындай тәртіппен наразылық енгізіледі.

      Егер прокурордың мұндай актілер мен шешімдерге наразылық білдіруге өкілеттігі болмаса, материалдар құзыреті бойынша тиісті прокурорларға жіберіледі.

      55. Наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас әскери және көлік прокурорлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурорлар, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорлары, өңірлік көлік прокурорлары, аудандық және оған теңестірілген прокурорлар наразылық білдірілген актінің не әрекеттің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

      Актілер мен шешімдерді тоқтата тұру қаулы қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

      Нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұратын қаулы дереу жариялануға тиіс.

      56. Заңсыз шешім, нормативтік құқықтық актіні, жеке-дара қолданылатын құқықтық актіні қабылдаған және шығарған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе тиісті наразылық білдірген лауазымды адам қабылдамаған кезде прокурор сотқа оларды АПК-де және ӘРПК-де көзделген тәртіппен заңсыз деп тану туралы арызбен жүгінеді.

      57. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін бағалау ҚПК, АПК, ӘРПК, ӘҚБтК-де көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      58. Бағалау нәтижелері бойынша:

      1) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу, уәкілетті органдарды хабардар ету, материалдарды қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерге беру және өзге де шаралар қабылдау туралы;

      2) тексеріс немесе талдау жүргізу туралы;

      3) материалдарды АЕК-те тіркеу және Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдау туралы;

      4) Бас Прокурордың алдында Қазақстан Республикасының Конституциялық және (немесе) Жоғарғы соттарына жүгіну туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімдер қабылданады.

      Кейінге қалдыруды талап етпейтін жағдайларда осы тармақтың 1) (прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу туралы шешімдерді қоспағанда), 2), 3), және 4) тармақшаларында көзделген шешімдерді прокурор бағалау аяқталғанға және оның қорытындылары шығарылғанға дейін қабылдауы мүмкін.

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 32 бұйрыққа
2-қосымша

Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес әзірленді.

      2.  Мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерінің заңдылығын қадағалау міндеттері:

       1) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және қалпына келтіру;

      2) заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтау және жою болып табылады.

      3. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында прокурор:

      1) заңдылықтың жай-күйін талдайды;

      2) заңдылықтың сақталуына тексерістер жүргізеді;

      3) күшіне енген актілерді бағалайды;

      4) жолданымдарды Конституциялық заңның 24-бабында және Бас Прокурордың актілерінде көзделген тәртіппен қарайды.

2-тарау. Қадағалау қызметін ұйымдастыру

      4. Тексерістерді, заңдылықтың жай-күйін талдауды және күшіне енген актілерді бағалауды тағайындау және жүргізу Конституциялық заңның 18, 19, 20 және 21-баптарында, сондай-ақ осы бұйрықта айқындалады.

      Талап етілетін мәліметтерді, материалдарды, істерді және ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қолжетімділікті алу кезінде прокурор дербес деректердің және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын және қорғалуын, оның ішінде заңсыз таратылудан сақтауды және қорғауды қамтамасыз етеді.

      Әскери прокурорлар да сұратылған мәліметтер мен оларды жеткізгіштердің, оның ішінде әскери объектілер құрылысының егжей-тегжейін ашатын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

      5. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілерінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, бұзушылықтардың құқықтық мәні көрсетіледі, заңды және нормативтік құқықтық актілерді бұзудың жағымсыз салдарлары, оған ықпал еткен себептер мен жағдайлар атап көрсетіледі, оларды жою, бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қалпына келтіру, келтірілген зиянның орнын толтыру және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы мәселе қойылады.

      Прокурорлық қадағалау актісі түсіну үшін айқын болуға, біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге, оның пәрмені қолданылатын адамдар тобын түпкілікті айқындауға тиіс.

      Қадағалау және ден қою актілеріне қол қойған прокурор оның сапалы дайындалуын қамтамасыз етеді.

      6. Қадағалау және ден қою актісіне қол қойған прокурор олардың орындалуын және заңдылықтың бұзылуын іс жүзінде жоюды бақылауды қамтамасыз етеді.

       Бұл ретте, прокурорлардың актілерін орындау үшін қабылданған мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінің орындалу барысын бақылау, мемлекетке келтірілген залалды өтеуге және кінәлілерді заңда белгіленген жауаптылыққа тартуға қол жеткізу қажет.

      Прокурорлық қадағалау актілерін қарау, ал заңда тікелей көзделген жағдайларда оны орындау міндетті.

      Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісті тұрғыда қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілгеннен кейін бұзушылық жасаған адамдарды жауапқа тарту мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртіппен осы акті бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      7. Орталық мемлекеттік органдарға және олардың ведомстволарының атына жазылған прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін облыс прокуроры және оларға теңестірілген прокурор, бас әскери және бас көлік прокурорларын қоспағанда, Бас прокуратура арқылы енгізеді.

      Облыс прокуроры және оларға теңестірілген прокурор орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының атына жіберген прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін Бас прокуратурамен келісу мерзімі он жұмыс күнінен аспайды.

      8. Қадағалау және ден қою актілерін енгізген кезде, сондай-ақ оларға жауап алған кезде прокурор электрондық ақпараттық есепке алу құжатында қамтылған мәліметтердің анықтығы мен толықтығын, олардың Бас прокуратураның ақпараттық жүйелеріне уақтылы енгізілуін қамтамасыз етеді.

      9. Жоғары тұрған прокурор төмен тұрған прокурорлардың қадағалау және ден қою актілерін тексеруді қамтамасыз етеді.

       Жоғары тұрған прокурор төмен тұрған прокурордың прокурорлық қадағалау және ден қою актілерінің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін кері қайтарып алады. Заңдарда және осы Нұсқаулықта белгіленген құзыреттілік бұзылған жағдайда, осы актілерді енгізу құзыретіне кіретін прокурорға береді;

      2) прокурорлық қадағалау және ден қою актілері не оның жекелеген талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екені анықталған жағдайда, оларды өзгертеді не оларды өзгерту туралы нұсқау береді;

      3) прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін күшінде қалдырады.

       Қажет болған жағдайда, жоғары тұрған прокурор тиісті хат арқылы прокурорлық қадағалау актілерінің әрекет етуін оларды енгізу қажеттілігі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұрады.

      10. Жоғары тұрған прокурор қадағалау және ден қою актілері бойынша қабылданатын шаралардың толықтығы мен тиімділігі мақсатында төмен тұрған прокурорлардың қадағалау және ден қою актілеріне берілген жауаптарды тексеруді қамтамасыз етеді.

      Қадағалау және ден қою актілеріне жауап қабылданбаған жағдайда қадағалау және ден қою актілеріне қол қойған прокурор оны тиісінше қарау жөнінде шаралар қабылдайды.

      11. Қадағалау мен ден қоюдың заңсыз және негізсіз актілерін енгізуге жол берілмейді.

      Прокурорлар қадағалау және ден қою актілерін, сондай-ақ сот тәртібімен заңсыз деп танылған не жоғары тұрған прокурор күшін жойған, кері қайтарып алған, тоқтата тұрған немесе өзгерткен актілерін орындау үшін қабылданған мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерін есепке алуды жүргізеді.

      Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорлары, аудандық көлік прокурорлары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қадағалау және ден қою актілері енгізіліп, оларға жауап алынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Бас прокуратураның деректер банкін толықтыруды қамтамасыз етеді,.

      Бас әскери және көлік прокуратуралары, облыстардың прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар актілерді жарамсыз деп тану себептеріне талдау жүргізеді.

      Талдау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпарат Бас прокуратураға тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      12.  Прокурорлар мемлекеттік органдар қабылдайтын тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың заңдылығын, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда олардың қолданылғаны туралы прокурордың уақтылы хабардар етілуін тиісінше қадағалауды қамтамасыз етеді.

       Мемлекеттік органның заңнамалық актілерге сәйкес мұндай хабарламаны талап ететін іс-әрекеттер жүргізгені туралы прокурорға хабарламау немесе уақтылы хабарламау фактілері анықталған кезде кінәлі лауазымды адамдарды заңда белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу қажет.

      13. Прокурорлар Ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген, соның ішінде Қылмыстық-процестік кодекстің 181-бабы 5-бөлігінің тәртібімен тапсырылған материалдарды есепке алуды ұйымдастырады және осындай материалдар, алынған қорытындылар және тексеру актілері бойынша уәкілетті органмен ай сайын салыстырып тексеру жүргізеді.

      14. Прокурорлық қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында Бас прокуратурада, Бас әскери және көлік прокуратураларында, облыстардың прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда заңдылықтың жай-күйін болжау, төмен тұрған прокуратуралардың қызметін және прокурорлық практикасын талдау үшін жұмыс аймақтық-тақырыптық қағидат бойынша ұйымдастырылады.

       Тақырыптық қағидат бойынша жұмыс прокурорға жекелеген құқықтық қатынастардың (тақырып бағыттары) саласын бекіту арқылы жүзеге асырылады.

      Бекітілген құқықтық қатынастар салалары бойынша прокурор заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі түрде талдау жүргізеді, осы саладағы қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, қадағалау қызметінің нысандарын, әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.

      Тақырыптық бағыттар қадағалауға алынған өңірдегі заңдылықтың жай-күйіне және ерекшеліктеріне, қандай да бір азаматтық-құқықтық даулардың таралуына сүйене отырып айқындалады.

      Аймақтық қағидат прокурорға нақты өңірді (облысты, қаланы, ауданды) бекіту арқылы заңдылықтың жай-күйін тұрақты талдау және осы өңірдегі прокуратура органдарының қызметіне мониторинг жүргізу, олардың қадағалау және ден қою актілерін тексеру мақсатында жүзеге асырылады.

      15. Прокурорлар қадағалауға алынған өңірдің толық сипаттамасы, оның ішінде, әлеуметтік-экономикалық дамуының, демографиялық жағдайының, сондай-ақ халықтың қоғамдық, діни және саяси белсенділігінің негізгі көрсеткіштері қамтылған өңірдің үнемі жаңартылып отыратын паспортын жүргізуді қамтамасыз етеді.

      16. Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокуоролар өңірдің паспортын және қадағалаудағы өңірдегі заңдылықтың жай-күйі туралы ақпаратты жарты жылдан кейінгі айдың 10-күніне дейін Бас прокуратураға ұсынады.

      17. Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тексерістер, заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу, жолданымдарды қарау кезінде Республиканың басқа өңірлерінің прокурорларымен ақпарат алмасу, жекелеген тапсырмаларды орындау, прокуратуралардың қызметкерлері мен мамандарын бөлу арқылы тікелей және жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 32 бұйрығына
3-қосымша

Сотта мемлекет мүдделерін білдіруді, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ

      Ескерту. Нұсқаулық жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 12.06.2026 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сотта мемлекет мүдделерін білдіруді, азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес әзірленді.

      2. Азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығына жоғары қадағалауды мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ өзіне бағынысты прокурорлар арқылы жүзеге асырады.

      3. Қадағалаудың міндеттері:

      1) азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

      2) сот төрелігін іске асыру қағидаттарын мүлтіксіз сақтау;

      3) заңдылықты бұзушылықты, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтау және жою;

      4) заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.

      4. Қадағалау функцияларын тиімді жүзеге асыру және заңдылықты бұзушылыққа жедел ден қою мақсатында прокурорлар өз қызметінде Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесін және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өзге де ақпараттық жүйелерін (бұдан әрі – Бас прокуратура) пайдаланады.

2-тарау. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сотта мемлекет мүдделерін білдіру

      5. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарда мемлекеттің мүдделерін білдіре отырып, прокурор өз өкілеттіктерін Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі – ӘРПК), Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырады.

      6. Прокурорлар мынадай:

      1) мемлекеттің мүдделерін қозғайтын;

      2) қоғамдық мүдделерді немесе физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдарды қорғау талап етілген;

      3) оны сот қажет деп таныған;

      4) ата-ана құқықтарынан айыру туралы;

      5) кәмелетке толмағанды арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы;

      6) балаларды асырап алу туралы, бала асырап алудың күшін жою туралы, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы азаматтық істер бойынша процеске қатысады.

      7. Прокурорлар мынадай:

      1) табиғи ресурстарды пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде салықтық, кедендік, бюджеттік қатынастардан, қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану және молықтыру саласындағы қатынастардан туындайтын;

      2) мемлекеттік сот орындаушысының мемлекеттен және мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы;

      3) сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғауға байланысты;

      4) әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың немесе адамдардың шектелмеген тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеуі мүмкін болғанда;

      5) прокурордың қатысу қажеттігін сот таныған кезде әкімшілік істер бойынша процеске кіріседі.

      ӘРПК-нің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес ӘРПК мен Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормаларының арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституциялық заңның ережелері қолданылады.

      ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік іс жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.

      8. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың прокуратураларының прокурорлары (бұдан әрі – облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар), аудан, қала және ауданаралық прокуратуралардың прокурорлары (бұдан әрі – аудан және оларға теңестірілген прокуратуралар) құзыреті шегінде орналасқан жері бойынша әскери, көлік және осы соттар орналасқан жерде орналасқан мамандандырылған прокурорлардың қарауына жатқызылған дауларды қоспағанда, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда азаматтық және әкімшілік істерді қарау кезінде қатысуын қамтамасыз етеді.

      Инвестициялық дауларды қарауға қатысу Астана қаласының прокуратурасына жүктеледі.

      Әскери прокурорлар құзыреті шегінде орналасқан жері бойынша әскери соттардың осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген азаматтық және әкімшілік істерді қарауына өздерінің қатысуды қамтамасыз етеді.

      Көлік прокурорлары құзыреті шегінде орналасқан жері бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген олар бойынша дау нысанасы көлік инфрақұрылымы объектілері болып табылатын не тараптардың бірі теміржол, автомобиль (жолаушыларды халықаралық автомобильмен тасымалдау бөлігінде), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельсті және магистральдық құбыр көлігі, ғарыш жүйесі ұйымдары, сондай-ақ аталған объектілер мен субъектілерге қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және көлік прокуратурасы органдары болса азаматтық және әкімшілік істерді (мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жататын және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот қарайтын істерді қоспағанда) қарауы кезінде қатысуын қамтамасыз етеді.

      Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорлары құзыреті шегінде өздерінің орналасқан жері бойынша соттардың олар талап қоюшы, жауапкер не үшінші (мүдделі) тұлға болып табылатын азаматтық және әкімшілік істерді қарауына қатысуды қамтамасыз етуі тиіс.

      Астана, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың прокурорлары (бұдан әрі – облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар), егер Нұсқаулықта осы соттардың орналасқан жері бойынша әскери, көлік, мамандандырылған прокурорлардың қарауына жатқызылған істі іс жүргізуге қабылдаса, әскери, көлік, мамандандырылған прокурорларды уақтылы және тиісінше хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      Әскери, көлік және мамандандырылған прокурорлар барлық қарауға тағайындалған және қаралған істерге мониторингті жүзеге асырады.

      Әскери, көлік, мамандандырылған прокуратураның қарауына жатқызылған істі қарауға тағайындалған сот орналасқан жерде әскери, көлік, мамандандырылған прокуратура болмаған не бұл туралы әскери, көлік немесе мамандандырылған прокурор хабардар етілмеген жағдайда, соттарға қатысу және сот актілерінің заңдылығын кейін тексеру тиісті облыс, аудан және оларға теңестірілген прокуратураларына жүктеледі. Қатысушы прокурор істі қарау нәтижелері туралы тиісті әскери, көлік немесе мамандандырылған прокуратураға хабарлайды.

      Сондай-ақ әскери, көлік, мамандандырылған прокурор құзыретіне сәйкес облыс, аудан прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорының қатысуымен қаралған, бірақ әскери, көлік немесе мамандандырылған прокурорлардың қадағалауындағы ұйымдардың мүдделерін қозғайтын іс бойынша соттар қабылдаған шешімдер туралы хабардар етіледі.

      Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға қатысуды облыс прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың тиісті бөлімшелерінің прокурорлары қамтамасыз етеді.

      Аталған соттар орналасқан жерде облыс прокуратурасы және оған теңестірілген прокуратура болмаған жағдайда, қатысуды осы соттардың орналасқан жері бойынша орналасқан прокурорлар қамтамасыз етеді.

      Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарында және Астана қаласының сотында көлік прокурорларына ведомстволық бағынысты істер бойынша қатысуды Бас көлік прокуратурасы қамтамасыз етеді.

      Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарында және Астана қаласының сотында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қорғаныс өнеркәсібінің объектілері (субъектілері), оның ішінде көрсетілген объектілерді (субъектілерді) күтіп-ұстауға байланысты, қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы туралы даулар бойынша қатысуды Бас әскери прокуратура қамтамасыз етеді.

      Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарға қатысуды қамтамасыз ету осы соттардың орналасқан жері бойынша орналасқан прокурорларға жүктеледі.

      9. Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді бірінші сатыда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) қарауына қатысады.

      Бас прокуратураның қызметкерлері Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істерді қарауына қатысады.

      Азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар (бұдан әрі – кассациялық соттар) қарайтын осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген істер бойынша қатысуды Бас прокуратураның қызметкерлері қамтамасыз етеді.

      10. Прокурорлардың талап қоюлары мен арыздары бойынша қозғалған істер бойынша, сондай-ақ жауапкер, үшінші немесе мүдделі тұлға ретінде прокуратура органы әрекет ететін істер бойынша соттарға прокуратура өкілдері ретінде қатысуды тиісті прокуратуралардың (бөлімшелердің) қызметкерлері қамтамасыз етеді.

      Жоғары тұрған прокурорлар енгізген талап қоюларды қарау кезінде қатысу, қажет болған жағдайда, төмен тұрған прокурорларға тапсырылады.

      Талап қоюды берген прокурордың сенімхаты бойынша бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарға талап қоюды қарау орны бойынша орналастырылатын прокурорлар қатыса алады.

      АПК-нің 72-бабына, 52-бабының үшінші бөлігіне, ӘРПК-нің 30-бабының үшінші бөлігіне, 31-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес талап қоюшы, жауапкер, үшінші немесе мүдделі тұлға ретінде сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүдделерін білдіретін прокурор сотқа істі дұрыс шешу үшін қажетті дәлелдемелерді ұсынады. Прокурорлардың талап қоюлары (арыздары) бойынша сот актілерін нақты орындау мақсатында, егер мұндай өтінішхаттар оларды беру сатысында мәлімделмесе, қажет болған жағдайларда сот алдына қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы мәселені уақтылы көтереді.

      Аталған санаттағы істер бойынша процесте жарыспалылықты қамтамасыз ету және заңсыз сот актілеріне шағым жасау осы қызметкерлерге жүктеледі.

      АПК-нің 52-бабының екінші бөлігіне, ӘРПК-нің 30-бабының екінші бөлігіне сәйкес дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлғаларды азаматтық процеске немесе мүдделі тұлғаларды әкімшілік процеске қатысуға тарту туралы мәселе соттың айрықша құзыретіне жатады. Тарту соттың өз бастамасы бойынша не әкімшілік немесе азаматтық процеске қатысушылардың біреуінің өтінішхаты негізінде жүзеге асырылады.

      Процеске кіріскенге дейін прокурор іс материалдарын алдын ала зерделейді және прокуратура органын мүдделі немесе үшінші тұлға ретінде тартудың негізділігін бағалайды. Егер дау прокуратура органының құқықтарын, заңды мүдделерін немесе өкілеттіктерін қозғамаса, прокурор оны процеске қатысушылар қатарынан алып тастау туралы өтінішхат мәлімдейді.

      Прокурордың бастамасы бойынша қозғалған іс бойынша, сондай-ақ прокуратура органы жауапкер тарап болған дау бойынша жалпы сот жарыссөздерінен кейін істің мәні бойынша прокурордың қорытындысы талап етілмейді, апелляциялық өтінішхат берілмейді, шығарылған сот актілерімен келіспеген жағдайда прокурор апелляциялық, кассациялық шағым, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат беруге құқылы.

      Апелляциялық, кассациялық шағымдарды, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты жоғары тұрған прокуратурамен келісу АПК-нің 401-бабының екінші бөлігінде, 435-бабының 1-1-бөлігінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, апелляциялық, кассациялық шағымды, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты келісу туралы өтінішхатты өзінің бастамасы бойынша арыз (талап қою) енгізілген не қаралып отырған дау құзыретіне жататын бөлімше қарайды.

      Жоғарғы Сотқа мұндай азаматтық және әкімшілік істер бойынша наразылық келтіру туралы өтінішхат Бас прокуратураға Жоғарғы Соттың судьясы ұсыну беруден бас тартқан жағдайда беріледі.

      АПК-нің 454-1-бабының бірінші бөлігінде және ӘРПК-нің 169-1-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот актілерін Жоғарғы Сот қайта қарауы мүмкін екенін ескере отырып, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау негіздерінің айрықша сипаты қандай екендігі көрсетілуі тиіс.

      Аталған талаптарға сәйкес келмейтін өтінішхат қараусыз қайтарылуға жатады.

      Бас әскери және көлік прокуратуралары, облыстардың прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар прокуратура органдарына қатысты сотқа талап қоюдың келіп түскені, қабылданған процестік шешімді, келіп түскен шағымдарды, талап қоюдың көшірмесін және басқа да материалдарды қоса бере отырып, сот актілерін қайта қарау нәтижелері туралы Бас прокуратураны дереу хабардар етеді.

      11. Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген істер бойынша процеске кірген прокурор сот жарыссөзінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді.

      Азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізудің барлық сатыларында прокурорлар өз ұстанымын заңнама талаптарына, іс материалдарына қатаң сәйкестікте айқындайды, оны дәйектілікпен қорғайды, заңдылық, заңды тұлғалар мен азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы, құқықтар басымдығының, сенім құқығын қорғау қағидаттарын басшылыққа алады

      Қатысушы прокурор азаматтық және әкімшілік процестің барлық сатыларында іс материалдарымен танысу нәтижелерін соңғысының қорытындыны бекітуі үшін тиісті жоғары тұрған прокурорға немесе жетекшілік ететін орынбасарға алдын ала баяндайды.

      Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қарауға тағайындалған істер бойынша прокурордың қорытындысы жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында жасалады, онда:

      істің атауы;

      тараптар;

      мәлімделген талаптардың мәні;

      тараптар сілтеме жасайтын мән-жайлар;

      тараптар ұсынған дәлелдемелер туралы прокурордың қатысы, жол берілетіндігі, анықтығы және жеткіліктілігі тұрғысынан пікірі;

      қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормалары;

      мәлімделген талаптардың мәні, сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың қорытындылары көрсетіледі.

      Апелляциялық сатыдағы сотта қайта қаралуға жататын іс бойынша қорытындыда сондай-ақ:

      судья (баяндамашы, алқаның құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің қысқаша мазмұны, соттың ұстанымы;

      iстi бiрiншi сатыдағы сотта қарауға қатысқан прокурор, оның қорытындысының қысқаша мазмұны;

      шағымның (өтінішхаттың) дәлелдері;

      істі зерделеу нәтижелері;

      шағымның (өтінішхаттың) негізділігі туралы тұжырымдар көрсетіледі.

      Кассациялық соттардың қарауына тағайындалған азаматтық және әкімшілік істер бойынша қорытындыларды Бас прокуратураның дербес бейінді құрылымдық бөлімшесінің басшылығы бекітеді.

      Жоғарғы Соттың қарауына тағайындалған азаматтық және әкімшілік істер бойынша қорытындыларды Бас Прокурордың орынбасары бекітеді.

      12. АПК-нің 73-бабының бірінші бөлігін негізге алып, тарапта бар дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынбау осы дәлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды.

      Әкімшілік істер бойынша дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік органға және лауазымды адамға жүктеледі.

      Сондықтан прокурорлар соттың істі дұрыс шешуі үшін қажетті дәлелдемелерді мемлекеттік заңды тұлғалардың уақтылы ұсынуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдауда.

      Прокурорлар мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындардың мүдделерiн азаматтық және әкiмшiлiк процесте олардың өкiлдерiнiң тиiсiнше өкiлдiк етпеуi фактiлерiне олардың кiнәлi адамдарды жауапқа тартуға бастамашылық жасау арқылы ден қояды.

      13. АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, заң бұзушылықтар мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар және мемлекеттік қызметшілер тарапынан анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

      АПК-нің 270-бабының бірінші және үшінші бөліктері бойынша егер заңды бұзушылық прокуратура органдары лауазымды адамдарының тарапынан орын алса немесе сот iстi қарау кезiнде тараптың, процеске басқа да қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамның әрекеттерiнен қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерiн анықтаса сот жеке ұйғарым шығарып, оны прокуратура органдарына, жоғары тұрған прокурорға шара қолдану үшін жіберілуге құқылы.

      Осыған байланысты, азаматтық және әкімшілік істердің материалдары бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықты бұзушылықтар анықталған кезде прокурор сотқа басқару функцияларын орындайтын тиісті ұйымның, лауазымды немесе өзге де тұлғаның атына немесе егер процеске қатысушылардың, лауазымды адамның немесе өзге де адамның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалса, прокурордың атына жекеше ұйғарым шығару туралы өтінішхат береді және/немесе жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында баянатпен дереу жоғары тұрған прокурордың назарына жеткізеді, ол мынадай:

      баянатты Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеу туралы;

      материалдарды Ақпаратты есепке алу кітабына тіркеу туралы;

      әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы;

      тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;

      талап қою туралы;

      Конституциялық заңда көзделген тәртіппен тексеруді, талдауды жүргізу (талапты жіберу) туралы;

      кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту және бұзушылықтарды жою мақсатында Конституциялық заңның 5-тарауында көзделген прокурорлық қадағалау мен ден қоюдың өзге де актілерін енгізу туралы;

      Бас Прокурордың алдында Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына және (немесе) Жоғарғы Сотқа жүгіну туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      Прокурорлар жеке ұйғарымдарды қарау тәжірибесін (сапасын) талдайды, заңдылықтың бұзылуы анықталған кезде прокурорлық қадағалау не ден қою шараларын қолданады.

      Талдау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ақпарат келесі жартыжылдықтың 10-на дейін Бас прокуратураға ұсынылатын қадағалаудағы өңірдегі заңдылықтың жай-күйі туралы ақпаратқа енгізіледі.

      14. Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген істер бойынша соттың жіберген қателіктеріне апелляциялық тәртіпте сот актілеріне өтінішхаттар беру арқылы уақтылы ден қоюы қажет.

      Азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық өтініштер беру мерзімдері АПК-нің 403-бабының үшінші бөлігінде және ӘРПК-нің 168-бабының екінші бөлігінде көзделген.

      Инвестициялық даулар және инвесторлар мен инвестициялық қызметке байланысты мемлекеттік органдар арасындағы өзге де даулар бойынша сот актілеріне азаматтық және әкімшілік істер бойынша уақтылы апелляциялық өтінішхат келтіру Астана қаласының прокурорына жүктеледі.

      Прокурорлар өз құзыретi шегiнде осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген азаматтық iстер бойынша заңды күшiне енбеген, оның iшiнде АПК-нің 434-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес кассациялық тәртіпте қайта қарауға жатпайтын және мемлекет пайдасына емес сот актiлерiнiң заңдылығын апелляциялық мерзiмдерде зерделейдi.

      Прокурорлар өз құзыреті шегінде осы Нұсқаулықтың 7-тармағында көрсетілген әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енбеген сот актілерінің, оның ішінде жазбаша іс жүргізуде қаралған актілердің заңдылығын ӘРПК-нің 23-тарауына сәйкес апелляциялық мерзімдерде зерделейді.

      Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне апелляциялық өтінішхаттарды Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, облыстардың және гарнизондардың әскери прокурорлары, аудандық көлік прокурорлары, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, сондай-ақ істі бірінші сатыдағы сотта қарауға қатысқан прокурор береді.

      Апелляциялық өтінішхат АПК-нің 427-бабында көзделген сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер болған жағдайда ғана беріледі.

      Апелляциялық өтінішхаттың мазмұнына қойылатын талаптар АПК-нің 404-бабында белгіленген.

      Азаматтық және әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына шығарылмаған сот актілерімен келіскен жағдайда, Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар олар заңды күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде істер бойынша бұрын бекітілген қорытындыларды Бас прокуратураға жібереді.

      Сондай-ақ прокурор заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының заң қызметі туралы үлгілік ережесінің талаптарын орындауы бойынша, мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағым жасау бойынша шаралар қабылдайды.

      15. Процеске қатысушылардың осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген азаматтық және әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енбеген сот актілеріне шағымдарын қызметкері сот отырысына қатысқан прокуратура қарайды.

      Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары қадағалайтын азаматтық және әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне процеске қатысушылардың шағымдарын аталған прокуратуралар қарайды.

      Жолданым қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда, жолданымға берілетін жауапқа прокуратураның басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қояды.

      Жолданымдарға берілетін жауаптар негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің дәлелдерін жоққа шығаратын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

      Бұл ретте, прокурор осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көрсетілмеген даулар бойынша сот актілеріне шағымды арыз берушіге апелляциялық және кассациялық шағымды өз бетінше беру құқығын түсіндіре отырып қайтарады.

      16. Істерді апелляциялық тәртіппен қараған кезде Бас әскери прокурор және Бас көлік прокуроры, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көзделген азаматтық және әкімшілік істер бойынша, оның ішінде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған азаматтық және әкімшілік істер бойынша тиісті прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.

      17. Апелляциялық сатыдағы сотта қорытынды беру кезінде прокурор істің мән-жайын да, сотта тыңдалған түсініктемелерді де, АПК-нің 404-бабының екінші бөлігі бойынша сот қабылдаған қосымша дәлелдемелерді де ескереді. Бұл ретте, прокурор өтінішхаттың дәлелдерімен байланысты емес және заң талаптары мен қолда бар нақты деректерді негізге ала отырып әрекет етеді.

      18. Сот азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық өтінішхатты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда, сондай-ақ материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзушылықтар анықталған кезде облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурор Бас прокуратураға АПК-нің 440-бабының талаптарына сәйкес кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатпен жүгінеді.

      Көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін өтінішхат қараусыз қайтарылуға жатады.

      Азаматтық немесе әкімшілік іс бойынша сот актісіне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат Бас прокуратураға ол заңды күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал істі зерделеу қажет болған кезде – іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде енгізіледі.

      Істі талап ету АПК-нің 438-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен, сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      Кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттар Бас прокуратураға осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін жіберілген жағдайда, себептері түсіндіріле отырып, растайтын құжаттарымен қоса беріледі.

      Қатысуын облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар қамтамасыз еткен істерді қоспағанда, осы Нұсқаулықпен әскери және көлік прокуратуралары органдарының қарауына жатқызылған азаматтық немесе әкімшілік іс бойынша сот актісіне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат, тиісінше Бас әскери және Бас көлік прокуратураларға ол заңды күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізіледі.

      19. Бас Прокурор, оның орынбасарлары азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне өз бастамасы бойынша да, жеке және заңды тұлғалардың өтінішхаттары бойынша да, осы Нұсқаулықтың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген істер бойынша кассациялық наразылықтар келтіруге құқылы.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорлары қатысуды облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар қамтамасыз еткен істерді қоспағанда, өз бастамалары бойынша немесе жеке және заңды тұлғалардың осы Нұсқаулықпен олардың қарауына жатқызылған істер бойынша өтінішхаттары бойынша кассациялық наразылықтар келтіреді.

      Азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық наразылық келтіру мерзімдері АПК-нің 436-бабының бірінші бөлігінде және ӘРПК-нің 169-бабының екінші бөлігінде көзделген.

      Азаматтық істер бойынша, сондай-ақ АПК-нің 434-бабының екінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, АПК-нің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген айырықша негіздер болған кезде Бас Прокурордың немесе оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың және Бас көлік прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіпте қайта қаралуы мүмкін.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер АПК-нің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.

      Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда ӘРПК-нің 169-бабының жетінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өз бастамасы бойынша да, әкімшілік процеске қатысушылардың ӘРПК-нің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша берген өтінішхаттары бойынша да келтірілген наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      Жеке және заңды тұлғалардың кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттарының мазмұнына қойылатын талаптар АПК-нің 441-бабында қамтылған.

      Заңды өкілдері берген өтінішхатқа олардың өкілеттігін куәландыратын құжаттар қоса беріледі.

      Тапсырма бойынша өкiлдiң өкiлеттiгi АПК-нің 61-бабында көзделген талаптарға сәйкес ресімделедi.

      Тапсырма бойынша өкiлдiң берген өтінішхатқа заңға сәйкес берiлген және ресiмделген сенiмхат қоса берiледi.

      АПК-нің 58-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген тапсырмалар бойынша өкіл осы іс бойынша өкілдік етуді жүзеге асыруға берілген тапсырманы куәландыратын құжаттарды ұсынады.

      Өкіл АПК-нің 58-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген тапсырма бойынша өкiл заң консультанттары палатасының мүшесі екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Адвокат берген өтінішхатқа адвокат куәлігінің көшірмесі және "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарлама қоса беріледі.

      АПК-нің көрсетілген талаптарына сәйкес келмейтін кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат, атап айтқанда:

      АПК-нің 435-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актісіне дау айтуға құқығы жоқ адамдар берген;

      АПК-нің 54-бабының екінші бөлігінде, ӘРПК-нің 31-бабының екінші бөлігінде көзделмеген істер бойынша;

      АПК-нің 436-бабының бірінші бөлігінде, ӘРПК-нің 169-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген;

      АПК-де және ӘРПК-де белгілеген шағым жасау тәртібін бұза отырып берілген;

      өтінішхатты берген адам және оның мүддесі үшін берілетін адам туралы, оның тұрғылықты жері немесе орналасқан жері және істегі процестік жағдайы туралы мәліметтер қамтылмаған;

      іске қатысушы адамдар және олардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері көрсетілмеген;

      істі бірінші, апелляциялық сатыларда қараған соттар туралы және олар қабылдаған шешімдердің мазмұны көрсетілмеген;

      наразылық білдіру ұсынылып отырған сот актісі туралы көрсетілмеген;

      материалдық не процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы неде екені көрсетілмеген;

      сот актілерін қайта қарау негізінің айрықша сипаты көрсетілмеген (АПК-нің 438-бабының алтыншы бөлігінде және ӘРПК-нің 169-бабының жетінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша өтінішхат берілген жағдайда);

      өтінішхат беруші қол қоймаған;

      тапсырма бойынша өкiлдің сенiмхатты немесе осы іс бойынша өкiлдiктi жүзеге асыруға берілген тапсырманы куәландыратын өзге де құжатты қоса берілмеген;

      заң консультанттары палатасына мүшелікті растайтын құжатсыз берілген;

      заңды өкiл өз өкiлеттiгiн куәландыратын құжаттарсыз берген;

      адвокат куәлігінің көшірмесін және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаны қоса беруінсіз адвокат ұсынған өтінішхат оны берген адамға қараусыз қайтарылуға жатады.

      Бұдан басқа, АПК-нің 13, 15, 25-баптарында бекітілген жұрттың бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы және сот ведомстволығының басымдығы қағидаттарын, АПК-нің 442-бабының төртінші бөлігінің талаптарын негізге ала отырып, прокурор сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхатты, егер арыз беруші осы құқықты іске асырмаса, АПК-нің 441-бабының талаптарын сақтай отырып, АПК-нің 112-бабында аталған адамдар берген жағдайларды қоспағанда, тікелей кассациялық сотқа жүгіну үшін қайтаруға құқылы.

      20. Бас прокуратураның, Бас әскери прокуратураның және Бас көлік прокуратурасының жеке және заңды тұлғалардың өтінішхаттарын және прокурорлардың кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттарын қарауы қажет болған жағдайда істерді талап ете отырып жүзеге асырылады. Бұл жағдайда азаматтық және әкімшілік іс жауапты орындаушыға өтінішхаттар келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде сұратылады.

      Айрықша жағдайларда Бас Прокурордың, Бас Прокурор орынбасарының, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесі басшысының, оның орынбасарының, Бас әскери прокурордың және Бас көлік прокурорының тапсырмасы болған кезде іске қатысты сұрау салу өтінішхат прокуратураға келіп түскен кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жіберіледі.

      Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары қадағалайтын азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттарды Бас прокуратура тиісті прокуратура басшысының немесе оның міндетін атқарушының қолы қойылған наразылық келтіруге негіздердің жоқтығы туралы уәжді жауап болған жағдайда ғана қарайды.

      Қажет болған кезде Бас әскери және Бас көлік прокурорларынан, облыс прокурорларынан және оларға теңестірілген прокурорлардан және уәкілетті органдардан іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық, жан-жақты және объективті анықтау және кассациялық наразылық келтіру туралы мәселені шешу үшін қосымша мәліметтер талап етіледі.

      21. Облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың, төмен тұрған әскери және көлік прокурорларының кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаты ол келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде, ал – істі талап ету кезінде іс Бас прокуратураға, Бас әскери прокуратураға және Бас көлік прокуратурасына келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қаралады.

      Өтінішхатты қарау мерзімін Бас Прокурор не Бас Прокурордың орынбасары, Бас әскери прокурор және Бас көлік прокуроры ұзартады.

      Мерзімдер АПК-нің 122-бабының екінші бөлігінде, 123-бабында көзделген тәртіппен есептеледі.

      22. Процеске қатысушының өтінішхатын, сондай-ақ облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, арыз иесіне, облыс прокурорына және оған теңестірілген прокурорға берілетін жауапқа Бас Прокурордың орынбасары қол қояды.

      23. Бас прокуратураның кассациялық наразылық дәлелдерін қолдауды Бас прокуратураның қызметкерлері қамтамасыз етеді.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорларының кассациялық наразылық дәлелдерін олардың тапсырмасы бойынша бағынышты прокурорлар қолдауды қамтамасыз етеді.

      24. Бас Прокурор АПК-нің 454-1-бабының 1-бөлігінде және ӘРПК-нің 169-1-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша өз бастамасы бойынша да, азаматтық процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша да заңды күшіне енген сот актілерін Жоғарғы Сотта қайта қарау туралы наразылық келтіруге құқылы.

      Жеке және заңды тұлғалардың Жоғарғы Сотқа наразылық білдіру туралы өтінішхаттарын қарау АПК-нің 438, 439, 440, 441 және 442-баптарында және осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Бас әскери прокурордың және Бас көлік прокурорының, облыс прокурорының және оған теңестірілген прокурордың Жоғарғы Сотқа наразылық келтіру туралы өтінішхаттарын қарау осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      25. Прокурорлар прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша сот актілерін және олар бойынша қорытындыларды (бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда, Жоғарғы Сотта бөлек) есепке алуды ұйымдастырады.

3-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мемлекет мүдделерін білдіру

      26. Прокурор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне" (бұдан әрі – ӘҚБтК), Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырады.

      27. Прокурор мынадай:

      1) кәмелетке толмағандарға қатысты;

      2) олар бойынша ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясында әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны баламасыз қолдану көзделген немесе ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында әкімшілік қамаққа алуды баламалы түрде қолдану көзделген істер бойынша, егер процеске қатысушылардың бірі прокурордың қатысу қажеттігі туралы өтінішхат мәлімдесе;

      3) шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуге алып келетін болса;

      4) оны өзі қозғаған;

      5) олар бойынша оның қатысуы жазбаша нұсқау бойынша жоғары тұрған прокурор қажет деп таныған;

      6) монополияға қарсы органның және табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамдарының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды қарауға және жасауға құқығы бар кәсіпкерлік қызмет саласындағы;

      7) қоршаған ортаны қорғау саласындағы;

      8) салық салу саласындағы;

      9) кеден ісі саласындағы;

      10) ведомствосына осы тармақтың 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген істерді қарау кіретін уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына шағым жасау туралы;

      11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сотқа міндетті түрде қатысады.

      Бұдан басқа, ӘҚБтК-нің 759-бабына сәйкес прокурорлар сотта өзге де істер бойынша қатысады.

      28. Облыс, аудан прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорлары, осы соттардың орналасқан жерінде орналасқан әскери, көлік және мамандандырылған прокурорлардың қарауына жатқызылған дауларды қоспағанда, өздерінің орналасқан жері бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде қатысуды өз құзыреті шегінде қамтамасыз етеді.

      Әскери прокурорлар өздерінің орналасқан жері бойынша аудандық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық соттардың әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, облыстық және оларға теңестірілген соттардың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының уәкілетті лауазымды адамдары қозғаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, оның ішінде көрсетілген адамдарға немесе ұйымдарға қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауы кезінде қатысуды және кейін қадағалауды қамтамасыз етеді.

      Көлік прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша көлік прокурорлары немесе уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) қозғаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар қараған кезде көлік инфрақұрылымы субъектілеріне не теміржол, автомобиль (жолаушыларды, багажды және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау бөлігінде), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельсті және магистральдық құбыржол көлігі, ғарыш жүйесі ұйымдарына қатысты өкілеттіктерді іске асыруға байланысты қатысуын және сот актілерінің заңдылығын зерделеуді қамтамасыз етеді.

      Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша іс жүргізу олардың бастамасы бойынша қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді соттар қараған кезде қатысуды және кейін сот актілерінің заңдылығын тексеруді қамтамасыз етеді.

      Облыс, аудан прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорлары, егер сот осы Нұсқаулықпен аталған соттардың орналасқан жері бойынша орналасқан мамандандырылған прокурорлардың қарауына жатқызылған істі іс жүргізуге қабылдаса, әскери, көлік және мамандандырылған прокурорларды уақтылы және тиісінше хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      Сонымен бірге әскери, көлік және мамандандырылған прокурорлар қарауға тағайындалған барлық істердің мониторингісін жүзеге асырады.

      Өзінің қарауына жатқызылған іс қарауға тағайындалған сот орналасқан жерде әскери, көлік, мамандандырылған прокуратура болмаған не осы туралы әскери, көлік немесе мамандандырылған прокурор хабардар етілмеген жағдайда, соттарға қатысу және кейін сот актілерінің заңдылығын тексеру тиісті облыс, аудан прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорына жүктеледі.

      29. Қатысушы прокурор процестің барлық сатыларында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарымен танысу нәтижелерін жоғары тұрған прокурорға немесе жетекшілік ететін орынбасарға алдын ала баяндайды. Қарау нәтижесі жоғары тұрған прокурорға хабарланады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс дереу қаралған жағдайда алдын ала есеп талап етілмейді.

      Әкімшілік құқық бұзушылық тар туралы істер бойынша қорытындылар апелляциялық сатыдағы соттың прокурор келісетін қаулылары бойынша жасалады.

      Қорытындыда мыналар:

      1) құқық бұзушы кінәсінің болуы немесе болмауы, оның іс-әрекеттерінің саралануының дұрыстығы;

      2) прокурор жоғарыда көрсетілген тұжырымдардың біріне негіз болған дәлелдемелер;

      3) істің мән-жайларын және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып, не істі тоқтату қажеттілігі туралы оған қандай да бір жаза түрін қолданылуы;

      4) қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, сот ұстанымы;

      5) қатысқан прокурорлар, олардың қорытындыларының қысқаша мазмұны;

      6) шағымның (өтінішхаттың) дәлелдері;

      7) шағымның (өтінішхаттың) негізділігі туралы тұжырымдар көрсетіледі.

      Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 27-тармағында көрсетілген істер бойынша, сондай-ақ прокурордың сотта қарауға қатысуына қарамастан (оның ішінде Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен Жоғарғы Соттың ақпараттық ресурстарын және жүйелерін пайдалана отырып) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді тоқтатқан кезде сот жол берген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуына уақтылы ден қоюы қажет.

      Прокурор әкімшілік қамаққа алу туралы қаулының заңдылығын, соттың қарауына қатысқанына қарамастан, ол келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде тексереді және негізсіз сот актісі анықталған кезде оған наразылық білдіру шараларын қолданады.

      Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 27-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы уәкілетті органдардың құқық қолдану практикасына жартыжылдықтар бойынша тексеру жүргізеді не талдау жасайды. Атқарылған жұмыстар туралы ақпарат есептік кезең аяқталғаннан кейін 15-іне дейін Бас прокуратураға жіберіледі.

      Келіп түскен ақпаратты жинақтауды Бас прокуратураның қызметкерлері бір ай ішінде жүргізеді.

      30. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді тексеру, қаулының және өзге де актілердің заңдылығын бағалау нәтижелері бойынша прокурор уәкілетті лауазымды адамдарға және органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргізу туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқылы.

      Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары орындау үшін міндетті.

      31. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдары бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықтың бұзылуы анықталған кезде прокурор сот алдында жеке қаулы шығару туралы өтінішхат береді және (немесе) бұл туралы жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында дереу баянат бере отырып, жоғары тұрған прокурордың назарына жеткізеді, ол мынадай:

      1) баянатты Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеу туралы;

      2) материалдарды Ақпаратты есепке алу кітабына тіркеу туралы;

      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы;

      4) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;

      5) сотқа талап қою туралы;

      6) кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту және бұзушылықтарды жою мақсатында Конституциялық Заңның 5-тарауында көзделген прокурорлық қадағалау мен ден қоюдың өзге де актілерін енгізу туралы;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына және (немесе) Жоғарғы Сотына жүгіну туралы мәселені Бас Прокурордың алдында бастамашылық жасау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      Қажет болған кезде прокурорлар шешімдер қабылдау үшін қосымша мәліметтер мен материалдарды сұратады.

      32. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілеріне апелляциялық өтінішхаттарды Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, облыстардың және гарнизондардың әскери прокурорлары, аудандық көлік прокурорлары, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, сондай-ақ істі бірінші сатыдағы сотта қарауға қатысқан прокурор береді.

      Апелляциялық өтінішхат ӘҚБтК-нің 840-бабында көзделген сот қаулысының күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіздер болған кезде келтіріледі.

      33. Процеске қатысушылардың осы Нұсқаулықтың 27-тармағында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілеріне шағымдарын қызметкері сот отырысына қатысқан прокуратура қарайды.

      Прокурор осы Нұсқаулықтың 27-тармағында көрсетілмеген істер бойынша сот актілеріне шағымды арыз берушіге дербес апелляциялық шағым жасау құқығын түсіндіре отырып қайтарады.

      Мемлекеттік органның (лауазымды адамдардың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың қаулысына апелляциялық өтінішхат келтіру туралы жолданымдары іс материалдарын зерделей отырып, мәні бойынша қаралады.

      Шағым қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда, арыз берушілердің жауаптарына прокуратура басшысы не оның міндетін атқарушы адам қол қояды.

      34. Істерді апелляциялық тәртіпте қарау кезінде Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор осы Нұсқаулықтың 27-тармағында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша тиісті прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.

      35. Апелляциялық сатыдағы сотта қорытынды беру кезінде прокурор істің мән-жайларын да, сотта тыңдалған түсініктерді де, ӘҚБтК-нің 838-бабының екінші бөлігі тәртібімен сот қабылдаған қосымша дәлелдемелерді де ескереді. Бұл ретте, прокурор өтінішхаттың дәлелдерімен байланысты емес және заң талаптары мен қолда бар нақты деректер негізінде әрекет етеді.

      36. Сот апелляциялық өтінішхатты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған кезде, сондай-ақ материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзушылықтар анықталған кезде облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор Бас прокуратураға ӘҚБтК-нің 851-бабының бесінші бөлігінің талаптарына сай келетін кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат енгізеді.

      Материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзушылықтар анықталған кезде Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор Бас прокуратураға ӘҚБтК-нің 851-1-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сай келетін Жоғарғы Сотқа наразылық келтіру туралы өтінішхат енгізеді.

      Аталған талаптарға сәйкес келмейтін өтінішхат қараусыз қайтарылады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актісіне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі міндетті түрде жібере отырып, қаулы шығарылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей енгізіледі.

      Бас прокуратураға осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін өтінішхаттар енгізу растайтын құжаттар қоса беріле отырып, себептерді түсіндірумен беріледі.

      Кассациялық наразылық, Жоғарғы Сотқа наразылық келтіру туралы өтінішхат ол келіп түскен күнінен бастап отыз жұмыс күні ішінде, ал – істі талап етіп алдыру кезінде іс прокуратура органдарына келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қаралады.

      Қатысуын облыс, аудан прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар қамтамасыз еткен істерді қоспағанда, осы Нұсқаулықпен төмен тұрған әскери және көлік прокурорларының қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот актісіне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат, тиісінше, Бас әскери немесе көлік прокуратураларына ол заңды күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізіледі.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорлары қатысуды облыс прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорлары қамтамасыз еткен істерді қоспағанда, өз бастамасы бойынша немесе жеке және заңды тұлғалардың осы Нұсқаулықпен олардың қарауына жатқызылған істер бойынша өтінішхаттары бойынша кассациялық наразылықтар келтіреді.

      Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша Бас прокуратураның кассациялық наразылық дәлелдерін қолдауды бағынысты прокурорлар қамтамасыз етеді.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорларының кассациялық наразылық дәлелдерін олардың тапсырмасы бойынша бағынысты прокурорлар қолдауды қамтамасыз етеді.

      Бас прокуратура, Бас әскери және Бас көлік прокуратурасы жеке және заңды тұлғалардың өтінішхаттарын және прокурорлардың кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттарын қарау істерді талап етумен жүзеге асырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жауапты орындаушыға өтінішхат келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде сұратылады.

      37. Бас Прокурор әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот актілеріне, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтінішхаттары бойынша немесе өз бастамасы бойынша Жоғарғы Сотқа наразылық енгізеді.

      38. Жеке және заңды тұлғалардың кассациялық наразылық, Жоғарғы Сотқа сот актілеріне наразылық келтіру туралы өтінішхаты, егер:

      арыз иесі дәлелсіз себептермен осы актіге кассациялық сатыдағы сотқа және (немесе) Жоғарғы Сотқа шағым жасауға дербес құқықты іске асырмаған;

      кассациялық тәртіпте, сондай-ақ Жоғарғы Сотта ӘҚБтК-нің 851-бабының бесінші бөлігінде және 851-1-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды қайта қарауға негіздер болмаған;

      өтінішхат ӘҚБтК-нің 848-бабының сегізінші және тоғызыншы бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келмеген;

      өтінішхатты уәкілетті тұлға бермеген жағдайларда қараусыз қайтарылады.

      39. Прокурорлар прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша сот актілерін және олар бойынша қорытындыларды (бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылар бойынша және Жоғарғы Сот бойынша бөлек) есепке алуды ұйымдастырады.

      Қатысуын кассациялық сатыдағы соттардың қарауына тағайындалған облыс прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың прокурорлары қамтамасыз еткен істерді қоспағанда, осы Нұсқаулықпен төмен тұрған әскери және көлік прокурорларының қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қорытындыларды Бас әскери және Бас көлік прокурорлары бекітеді.

      Кассациялық соттардың қарауына тағайындалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қорытындыларды Бас прокуратураның дербес бейінді құрылымдық бөлімшесінің басшылығы бекітеді.

      Жоғарғы Соттың қарауына тағайындалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қорытындыларды Бас Прокурордың орынбасары бекітеді.

4-тарау. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау

      40. Прокурорлар Конституциялық заңға, АПК-ге, ӘРПК-ге, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және осы Нұсқаулыққа сәйкес мүліктік өндіріп алулар және мүлікті мемлекет меншігіне айналдыру (қылмыстық айыппұлдар мен тәркілеуді қоспағанда) бөлігінде қылмыстық істер бойынша атқарушылық іс жүргізудің, азаматтық, әкімшілік істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің, өзге де атқарушылық құжаттардың заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады.

      Қадағалау мемлекеттің мүдделерін қозғайтын атқарушылық құжаттар бойынша, жалақыны, алименттерді өндіріп алу туралы және прокурорлардың талап қоюы бойынша, сондай-ақ мемлекеттік сот орындаушылары мен әділет органдарының атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша талдау және тексеру арқылы қамтамасыз етіледі.

      Осы тарауда көзделген шарттарды ескере отырып, құзыреті мен ерекшелігіне сәйкес қадағалауды әскери, көлік прокурорлар, облыс, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мынадай тәртіппен қамтамасыз етеді:

      облыс, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, әскери және көлік прокурорларының құзыретіне жатқызылған (қадағаланатын) атқарушылық құжаттарды қоспағанда, астананың, тиісті облыс, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, аудан аумақтарында орналасқан және (немесе) орындауды қамтамасыз ететін сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындауы кезінде қадағалауды жүзеге асырады;

      әскери прокурорлар қорғаныс, әскери қауіпсіздік, әскери мүлік, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, жауынгерлік әзірлік, диверсияға қарсы және терроризмге қарсы қорғалу, мемлекеттік шекараны күзету, әскери объектілерді, қорғаныс өнеркәсібі объектілерін (субъектілерін) салуға байланысты әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету саласындағы объектілерге, адамдарға, оның ішінде лауазымды адамдарға, органдар мен ұйымдарға қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады;

      көлік прокурорлары темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельс, магистральдық құбыр көлігі және ғарыш жүйесі саласындағы объектілерге, тұлғаларға, оның ішінде лауазымды адамдарға, органдар мен ұйымдарға қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады.

      41. Прокурорлар сот орындаушыларының, әділет органдарының, жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталарының, сондай-ақ бірыңғай электрондық сауда алаңы операторының қызметінде атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады.

      Прокурорлар қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде соттардың, нотариустардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың атқарушылық құжаттарды жазып беру (оның ішінде атқарушылық жазбалар жасау және актілерді шығару) және орындауға келтіру кезінде заңдылықты сақтауды тексеруге құқылы.

      Қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор атқарушылық іс жүргізу органдарынан (оның ішінде жеке сот орындаушыларынан және олардың республикалық және өңірлік палаталарынан), уәкілетті мемлекеттік органдардан, сондай-ақ өзге де органдар мен ұйымдардан атқарушылық іс жүргізулерді, мәліметтерді, материалдарды талап етеді, түсініктер алады, атқарушылық іс жүргізу органдарының және өзге де органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына қол жеткізеді.

      Тексерулер жүргізу, заңдылықтың жай-күйін талдау, сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды және атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзге де жолданымдарды қарау кезінде прокурорлар Конституциялық заңның 18, 19, 20 және 24-баптарын басшылыққа алуы тиіс.

      42. Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде өз қаулысымен сот орындаушыларының заңнамаға сәйкес келмейтін актілерінің күшін жоюға құқылы.

      Осы Нұсқаулықтың 40-тармағының екінші абзацында көрсетілген атқарушылық іс жүргізулер бойынша прокурор сот орындаушыларына атқарушылық іс-әрекеттер жасау, белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу туралы нұсқаулар беруге құқылы. Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары сот орындаушыларының орындауы үшін міндетті.

      43. Егер сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу бойынша әрекеттері (әрекетсіздігі):

      1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіруге;

      2) халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыс істеуіне кедергі келтіруге мүмкін болса, прокурор атқарушылық құжатты сот орындаушысының іс жүргізуінен алып қоюға және оны "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа да сот орындаушысына беру үшін аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына беруге құқылы.

      44. Заңда белгіленген жағдайларда прокурор сот орындаушысының қаулысын санкциялайды. Сот орындаушысы қаулыны санкциялау үшін атқарушылық әрекеттер жасалатын жер бойынша прокурорға жібереді. Атқарушылық іс-әрекеттер жасауға санкция беру және оны беруден бас тарту тәртібі АПК-мен реттеледі.

      Әскери және көлік прокурорлары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ оларды алмастыратын адамдар өздері бақылайтын атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық құжаттарды ұсынған жерде санкция береді. Мамандандырылған прокуратуралардың атқарушылық құжаттары ұсынылған жерде болмаған жағдайда санкцияны тиісті аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар не олардың орынбасарлары береді.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар төмен тұрған прокурорлардың санкция беруінің және беруден бас тартуының уақтылылығы мен негізділігін ай сайын тексереді.

      Жоғары тұрған прокурор төмен тұрған прокурордың санкция беруден, атқарушылық құжатты алып қоюдан және беруден бас тарту туралы, сот орындаушылары актілерінің және прокурорлық қадағалау және ден қою актілерінің күшін жою туралы қаулыларының күшін жоюға, оларды кері қайтарып алуға, тоқтата тұруға немесе өзгертуге құқылы.

      45. Төмен тұрған прокурордың актілерінің күшін жою, оларды кері қайтарып алу, тоқтата тұру немесе өзгерту туралы шешімді Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасары, Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы және оның орынбасарлары, Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қабылдайды.

      Прокурордың атқарушылық құжатты алып қою және беру туралы, сот орындаушысының қаулысына санкция беруден бас тарту туралы, сот орындаушысы актілерінің күшін жою туралы және атқарушылық әрекеттер жасау, белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу туралы қаулыларына да ӘРПК-де көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Әкімшілік істі қарауға қатысуды, процесте жарыспалылықты қамтамасыз ету және сот актілеріне шағым жасау осы Нұсқаулықтың 10-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      46. Осы Нұсқаулықтың 40-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген атқарушылық құжаттар бойынша қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурорлар:

      1) атқарушылық құжаттарды жазып беру және орындау (оның ішінде жалғандық белгілері болған жағдайда);

      2) орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау, тоқтата тұру және олардың күшін жою;

      3) мүліктен және кірістерден өндіріп алу;

      4) мүлікті бағалау;

      5) мүлікті өткізу бойынша сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу;

      6) өндiрiп алынған сомаларды бөлу және аудару;

      7) атқарушылық санкциясын өндіріп алу, орындау жөніндегі қызмет пен шығыстарды төлеуді ұстап қалу;

      8) сот орындаушыларының атқарушылық құжаттар бойынша шешімдер қабылдауы (қозғаудан бас тарту, қайтару, тоқтата тұру және тоқтату);

      9) сот орындаушыларының өзге атқарушылық әрекеттерді жасауы кезінде заңдылықтың сақталуын міндетті түрде тексереді.

      47. Қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурорлар тұрақты негізде мыналарды:

      1) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілерінің болуы, кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдау;

      2) борышкерлерді қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша заңдылықты, сот орындаушылары мен қылмыстық қудалау органдары жұмысының тиімділігін сақтау;

      3) атқарушылық іс жүргізу органдарының уәкілетті мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылдың жай-күйі;

      4) атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталары қабылдайтын бақылау-үйлестіру, ұйымдастырушылық, тәртіптік және өзге де шаралардың толықтығы, уақтылығы және тиімділігі;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде шығарған сот орындаушыларының актілерін қарауы мен орындауының уақтылылығы мен толықтығы;

      6) атқарушылық іс жүргізу органдарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың жұмысын ұйымдастырудағы жүйелік кемшіліктер мен проблемалық мәселелер, заңнаманың жетілдірілмеуі;

      7) цифрландыру жай-күйіне, атқарушылық құжаттарды орындау процесінде проблемалар тудыратын ақпараттық жүйелердегі кемшіліктердің болуын тексереді және талдау жасайды.

      48. Атқарушылық құжаттардың санаттарына қарамастан, прокурорлар атқарушылық іс жүргізуді тұрақты негізде қадағалайды, олар бойынша атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде жанжалды жағдайлардың, әлеуметтік шиеленістің, қоғамдық резонанс пен жаппай наразылықтың туындауының алғышарттары мен тәуекелдері бар. Осындай атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды және бақылауды жүргізеді және олар бойынша алдын ала алдын алу шараларын қабылдайды, заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді және жоғары тұрған прокуратураға хабарлайды.

      49. Атқарушылық іс жүргізу органдарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың жұмысындағы анықталған заңдылықтың бұзылуы және жүйелік кемшіліктер бойынша прокурор оларды жоюға және болашақта жол бермеуге бағытталған прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізеді.

      Прокурорлық қадағалау және ден қою актілерінде заңнама нормаларына міндетті сілтеме жасай отырып, бұзушылықтардың құқықтық мәні баяндалады, заң мен нормативтік құқықтық актілерді бұзудың жағымсыз салдарлары, бұған ықпал еткен себептер мен жағдайлар көрсетіледі, оларды жою, адамдардың, қоғам мен мемлекеттің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, келтірілген залалды өтеу және кінәлі адамдардың жауапкершілігі туралы мәселе қойылады.

      50. Заңдылықтың жекелеген болмашы бұзушылықтары бойынша, ерікті түрде дербес орындау перспективасы бар немесе прокурордың араласуынсыз орындалған (оның ішінде ішінара) атқарушылық іс жүргізу бойынша қадағалау мен ден қоюдың формальды актілерін енгізуге жол берілмейді.

      Қадағалау және ден қою актілеріне қол қойған прокурор олардың тиісінше қаралуын, орындалуын, заңдылықтың бұзылуының нақты жойылуын бақылауды қамтамасыз етеді.

      51. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының атына прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор Бас прокуратура арқылы енгізеді.

      52. Қадағалау және ден қою актісін енгізген прокурор оларды қарау нәтижелері туралы мәліметтердің ведомстволық статистикалық есептерде көрсетілуінің анықтығы мен толықтығын қамтамасыз етеді.

      Прокурорлық қадағалау және ден қою актісі анықталған заңдылықтың бұзылуын жоюға және соның салдарынан атқарушылық құжатты орындауға іс жүзінде ықпал еткен жағдайларда ғана атқарушылық құжаттарды (сомаларды) прокурор статистикалық есепке орындалған (өндіріп алынған) ретінде енгізуі мүмкін.

      53. Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар осы Нұсқаулықтың 49, 50 және 52-тармақтарының талаптарын сақтау үшін төменгі сатыдағы прокурорлардың қадағалау және ден қою актілерін ай сайын зерделейді.

      54. Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар қадағалаудағы өңірдегі заңдылықтың жай-күйі туралы ақпаратты Бас прокуратураға жартыжылдықтан кейінгі айдың 10-ына дейін ұсынады.

5-тарау. Қадағалау қызметін ұйымдастыру туралы ережелер

      55. Апелляциялық сатының тараптардың шағымы бойынша сот шешімінің (қаулысының) күшін жою туралы, осы Нұсқаулықтың 6, 7 және 27-тармақтарында көзделген істер бойынша прокурордың өтінішхаттарын қанағаттандырусыз қалдыру, қайтару туралы қаулылары сот актілері мен апелляциялық өтінішхаттарды қоса бере отырып, түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Бас прокуратураға жіберіледі.

      Жоғары тұрған прокурор апелляциялық сатыдағы сот актілерін, сондай-ақ оларға қоса берілген құжаттарды тексереді және АПК-нің 427-бабында және ӘҚБтК-нің 840-бабында көзделген негіздер болған жағдайда бұзушылықтарды тізілімге енгізу туралы шешім қабылдайды.

      Қажет болған кезде бұзушылықтар тізіліміне енгізу туралы шешім азаматтық және әкімшілік істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын зерделеу не кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша қабылданады.

      56. Прокурорлық қадағалаудың тиімділігі мақсатында Бас прокуратурада, Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары органдарында, облыс прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмыс заңдылықтың жай-күйін болжау, төмен тұрған прокуратуралардың қызметін талдау және прокурорлық практика үшін аймақтық-пәндік қағидат бойынша ұйымдастырылады.

      Пәндік қағидат бойынша жұмыс прокурорға құқықтық қатынастардың жекелеген салаларын (пәндік бағыттарды) бекіту арқылы жүзеге асырылады. Құқықтық қатынастардың бекітілген салалары бойынша прокурор заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі мониторинг жүргізеді, Қазақстан Республикасының осы саладағы заңнамасын, қадағалау қызметінің нысандарын, әдістерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      Мәндік бағыттар қадағаланатын аймақтың заңдылық жағдайы мен ерекшеліктеріне, белгілі бір азаматтық немесе жария құқықтық даулардың таралуына қарай анықталады.

      Аймақтық қағидат заңдылықтың жай-күйіне және осы өңірдегі прокуратура органдарының қызметіне тұрақты мониторинг жүргізу, олардың қадағалау және ден қою актілерін тексеру мақсатында прокурорға нақты өңірді (астананы, облысты, республикалық және облыстық маңызы бар қаланы, ауданды) бекіту арқылы жүзеге асырылады.

      Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тексеру жүргізу, заңдылықтың жай-күйін талдау, жолданымдарды қарау кезінде ақпарат алмасу, жекелеген тапсырмаларды орындау, прокуратура қызметкерлері мен мамандарын бөлу арқылы басқа прокурорлармен тікелей және жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 32 бұйрыққа
4-қосымша

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір күші жойылған бұйрықтарының тізбесі

      1. "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 16894 болып тіркелген);

      2. "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2020 жылғы 12 мамырдағы № 62 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 20655 болып тіркелген);

      3. "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2021 жылғы 12 шілдедегі № 102 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 23523 болып тіркелген);

      4. "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2021 жылғы 26 қазандағы № 139 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 24944 болып тіркелген)

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№32 бұйрығына
5 қосымша

Прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау қағидалары

      Ескерту.Бұйрық 5-қосымшамен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 18.03.2025 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабының 23) тармақшасына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабының 1-2-тармағына және 276-бабының 4-тармағына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 8-бабының 7-бөлігіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 759-бабының 5-бөлігіне және 802-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес әзірленді және прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – ӘІБТ) – әкімшілік құқық бұзушылықтар, оларды жасаған адамдар, олар бойынша қабылданған шешімдер туралы енгізілетін мәліметтер қамтылатын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық істерін электрондық нысанда жүргізу жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе;

      2) инвесторлар тізілімі - инвесторлар, инвестициялардың сомалары, инвестициялық жобалардың түрлері, оларды іске асыру кезеңдері туралы мәліметтерді және Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызмет туралы басқа да мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор;

      3) прокуратура органдарының ақпараттық жүйелері – прокурорлық сүзгі жүзеге асырылатын ТСОБТ, ӘІБТ және прокуратура органдарының өзге де ақпараттандыру объектілері;

      4) прокурорлық сүзгі - прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу процесі;

      5) тексеру субьектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – ТСОБТ) – тіркеу және есепке алу субьектісі енгізетін мемлекеттік бақылау нысандары туралы мәліметтер қамтылатын, сондай-ақ электрондық форматта олардың тіркелуі жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе;

      6) ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (бұдан әрі – ҰЦИП) – инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган құруды, басқаруды және техникалық қолдауды жүзеге асыратын инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі.

      3. Прокурорлық сүзгіні ТСОБТ және ӘІБТ-ны пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, автоматтандыру және интеграциялау мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы прокуратура органдарының ведомствосына жүктеледі.

      Прокурорлық сүзгіні осы Қағидаларда көрсетілмеген прокуратура органдарының өзге де ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, автоматтандыру және интеграциялау Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жүктеледі.

      4. Прокурорлық сүзгіні ҰЦИП-ті пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, басқару және техникалық сүйемелдеу Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-3-бабының 3 және 5-бөліктеріне сәйкес инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жүзеге асырылады.

      5. Прокурорлық сүзгінің электрондық форматы енгізілгенге дейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың шешімдерін прокуратура органдарында қабылдау және тіркеу, прокурормен келісу не келісуден бас тарту Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы №236 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Келіп түскен материалдарды прокуратура органы басшысына қол қоюға (бұрыштама қоюға) беру оларды прокуратура органының жауапты лауазымды адамына бір мезгілде қайталап бере отырып жүзеге асырылады.

      6. Мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсат етілген (ең жоғары) көлемнен асатын файлдарды салу мүмкін болмаған кезде материалдар прокурорға қағаз және (немесе) өзге де электрондық жеткізгіштерде осы Қағидаларда ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып ұсынылатын материалдар үшін белгіленген тәртіп пен мерзімдерде ұсынылады.

      7. Прокуратура органдарында "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың шешімдерін қабылдау және тіркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      8. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, әскери және көлік прокуратуралары органдарының, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бірінші басшыларының актілерімен прокуратура органының нақты бір лауазымды адамына немесе бірнеше адамға (қажет болған жағдайда сенімхат бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қол қою құқығын бере отырып) жүктеледі.

      9. Осы Қағидаларға сәйкес прокуратураның тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау, тексеру жүргізу, сотқа талап қоюға бастамашылық жасау мәселелері жөніндегі актілері прокурормен келісуге жатпайды.

2-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды прокурормен келісу тәртібі

      10. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы мынадай мәселелер жөніндегі актілері, шешімдері, әрекеттері прокурормен келісуге жатады:

      1) субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетті, процесті тоқтата тұру;

      2) рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу);

      3) рұқсатты беруден не оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту;

      4) мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектор ұйымының бұрын инвестордың пайдасына шығарылған шешімінің күшін жою (кері қайтарып алу);

      5) мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның келісімшартты не келісімді біржақты тәртіппен бұзуы.

      11. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері, сондай-ақ барлық растайтын материалдар ҰЦИП-ті пайдалана отырып прокурорға мұндай шараларды қолдануға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей электрондық нысанда жіберіледі.

      12. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін прокурормен келісу не келісуден бас тарту олар түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде ҰЦИП-ті немесе прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып электрондық форматта жүзеге асырылады.

      13. Қосымша материалдарды талап ету не зерделеу, уәкілетті лауазымды адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың не инвестордың түсіндірмелерін алу қажет болған кезде прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      14. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұрумен байланысты болған жағдайда прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал кезінде прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұруға байланысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың осы тармақта көрсетілген тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы материалдарын прокуратураның жедел кезекшісі қабылдайды.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      15. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы актілері, шешімдері, әрекеттері түскен кезде келісу немесе келісуден бас тарту процесі осы Қағидалардың 14-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда келесі жұмыс күні басталады.

      16. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданудың заңдылығы мен негізділігі;

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың экономикалық орындылығы (кәсіпорын жабылған, оның қызметі тоқтатылған жағдайда мемлекетке келтірілген залалды және елдің (өңірдің) экономикасы үшін болашақта келтірілетін шығындарды, сондай-ақ елдің (өңірдің) экономикасы үшін де, инвестор үшін де басқа салдарларды салыстыру);

      инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асырудан халықтың өмірі мен денсаулығы үшін жағымсыз салдарлар тәуекелдерінің болуы/болмауы;

      анықталған заңдылықты бұзушылық бойынша инвесторға әсер етудің баламалы шараларының болуы/болмауы;

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданбай инвестордың заңдылықты бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы/болмауы мән-жайларын ескереді.

      17. Тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту нәтижелері бойынша мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға электрондық форматта бар болған жағдайда бас тарту себептері көрсетілген прокурордың жауабы жіберіледі.

      Мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдарында және оларға теңестірілген адамдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда прокурордың тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тартуы туралы жауабы қағаз жеткізгіште жіберіледі.

      18. Прокурордың тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісуден бас тартуы мынадай:

      1) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      2) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданудың негізділігін растайтын материалдарды ұсынбау не олардың болмауы;

      4) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдануға байланысты мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері сот талқылауының мәні болып табылатын жағдайларда;

      5) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдануға байланысты мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәні болып табылатын жағдайларда;

      6) инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану үшін құқықтық негіздердің болмауы;

      7) инвесторға қатысты баламалы әсер ету шараларының болуы не тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданбай бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы (инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса);

      8) тыйым салу-шектеу шаралары салдары ауырлығының инвестор жол берген бұзушылықтарға сәйкес келмеуі не олардың маңызды болмауы;

      9) өңір не ел үшін тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолданудың экономикалық тиімсіздігі (инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса) негіздері бойынша шығарылады.

      19. Прокурормен келісу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар прокурордың жауабы түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторды хабардар етеді.

      Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген жағдайларда прокурормен келісу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторды дереу хабардар етеді.

      20. Мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар келісуден бас тарту себептерін жойған жағдайда прокуратура органдарына қайта жүгінуге жол беріледі.

      21. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) күні, прокуратура органының атауы, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдануға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар санаты;

      5) "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген өтінімнің мәртебесі;

      6) осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі.

3-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізу туралы шешімдерін прокурормен келісу тәртібі

      22. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы шешімдері (актілері, қаулылары, бұйрықтары, ұйғарымдары және шешімдердің өзге де түрлері) прокурормен келісуге жатады (бұдан әрі - тексеру туралы шешім).

      23. Осы Қағидалардағы тексерулер деп мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдары инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың қызметінде жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың барлық түрлері мен нысандары түсініледі.

      24. Тексеру туралы шешімді және барлық қажетті растайтын материалдарды мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар оны шығарған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ТСОБТ-ты пайдалана отырып, электрондық нысанда прокурорға жібереді.

      25. Келісуді мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар тексеру жүргізілгенге дейін және оны Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің аумақтық органдарында (бұдан әрі – ҚСжАЕК органдары) тіркегенге дейін жүзеге асырады.

      26. Прокурор тексеру туралы шешімді мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың материалдары прокурорға келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде (жұмыс уақытын ескере отырып) прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып электрондық нысанда келіседі не келісуден бас тартады.

      27. Қосымша материалдарды талап ету және зерделеу, уәкілетті лауазымды адамның не инвестордың түсініктемелерін алу қажет болған жағдайда прокурор тексеру туралы шешімді ол келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде келіседі.

      28. Эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде прокурор ол туралы хабарлама келіп түскен сәттен бастап тексеру туралы шешімді жиырма төрт сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері осы тармақта көрсетілген тексерулер туралы шешімдерді қабылдауды прокуратураның жедел кезекшісі жүзеге асырады.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      29. Прокурор тексеру туралы шешімді келіскен жағдайда бұл шешім және барлық қажетті растайтын материалдар "Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеудің, оларды тіркеуден бас тартудың және күшін жоюдың, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау, мерзімдерін ұзарту туралы хабарламалардың, қатысушылар құрамын өзгертудің және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №162 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21964 болып тіркелген) көзделген тәртіппен тексеру актіні одан әрі тіркеу үшін ҚСжАЕК органының лауазымды адамына келіп түседі.

      30. Тексеру туралы шешім ҚСжАЕК органдарында тіркеуді талап етпеген және (немесе) хабарлама сипатында болған жағдайда, прокурордың келісу не келісуден бас тарту туралы жауабы материалдарды ҚСжАЕК-нің лауазымды адамдарына әрі қарай жібермей, мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға ТСОБТ-ға келіп түседі.

      31. Прокурор тексеру туралы шешімді келісуден бас тартқан жағдайда прокурордың жауабы мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға бас тарту себептерін көрсете отырып электронды нысанда жіберіледі.

      Прокурор келісуден бас тартқан тексеру туралы шешімдер ҚСжАЕК органдарында тіркелуге жатпайды.

      32. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдарда ТСОБТ жүйесіне не электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, прокурордың тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту туралы жауабы қағаз жеткізгіште ұсынылады.

      33. Тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) тексерудің заңдылығы мен негізділігі;

      2) тексеру жүргізудің экономикалық орындылығы (тексеру қорытындылары бойынша кәсіпорынның жабылу, оның қызметін тоқтата тұру тәуекелі жағдайында мемлекетке келтірілген залалды және елдің (өңірдің) экономикасы үшін болашақ шығындарды, сондай-ақ елдің (өңірдің) экономикасы үшін де, инвестор үшін де басқа да салдарларды салыстыру);

      3) инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асырудан халықтың өмірі мен денсаулығы үшін жағымсыз салдарлар тәуекелдерінің болуы/ болмауы;

      4) инвесторға әсер етудің баламалы шараларының болуы/болмауы;

      5) тексеру жүргізбестен инвестордың заңдылықты бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы/болмауы;

      6) мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тексеруге дейін жүргізілген профилактикалық шаралардың толықтығы мен уақтылығы мән-жайларын ескереді.

      34. Прокурордың тексеру туралы шешімді келісуден бас тартуы мынадай:

      1) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      2) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) тағайындалатын тексерудің заңдылығына объективті баға беруге мүмкіндік бермейтін ұсынылған құжаттардың (оның ішінде тексеруді тағайындау үшін негіз болған) толық болмауы;

      4) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың тексеру туралы шешімдері сот талқылауының мәні болып табылатын жағдайларда;

      5) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың тексеру туралы шешімдері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәні болып табылатын жағдайларда;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тексеруді тағайындау үшін құқықтық негіздердің болмау;

      7) инвесторға қатысты баламалы әсер ету шараларының не тексеру жүргізбей бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы;

      8) тексеру қорытындылары бойынша болжанатын салдарлар ауырлығының инвестор жол берген бұзушылықтарға сәйкес келмеуі не олардың маңызды болмауы;

      9) тексеру жүргізудің өңір не ел үшін экономикалық тиімсіздігі (инвестордың қызметінен және инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса) негіздері бойынша шығарылады.

      35. Тексеру туралы шешімді келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) тексеру туралы шешім шығарған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген мәртебесі;

      5) осы Қағидалардың 34-тармағына сәйкес тексеру туралы шешімді келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі.

4-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік органдардың талап қоюларын прокурормен келісу тәртібі

      36. Мемлекеттік органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты талап қоюлары прокурормен келісуге жатады.

      АПК-нің 8-бабының 7-бөлігіне сәйкес дауды сотқа дейінгі реттеудің бұл тәртібі мемлекеттік органның инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын талап қоюмен сотқа жүгіну құқығын іске асыру үшін міндетті болып табылады және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      37. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыздары, сондай-ақ ерекше іс жүргізу тәртібімен сот қарайтын істер бойынша арыздар прокурормен келісілуге жатпайды.

      38. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюлары заңнамада белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін кемінде бір ай бұрын прокурорға электрондық нысанда ҰЦИП-ті пайдалана отырып келісуге жіберіледі.

      39. Облыстық және аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік органдардың талап қоюлары аумақтылығы бойынша әскери және көлік прокуратура органдарына, облыстардың прокуратураларына және оларға теңестірілген прокуратураларға (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратураларға жіберіледі.

      Мұндай талап қоюларды келісуді немесе келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.

      40. Орталық мемлекеттік органдардың талап қоюлары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына келісуге жіберіледі.

      Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуді не келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      41. Прокурорға жіберілетін арыздар АПК-нің 136, 148-баптарының ережелеріне сәйкес келуі және мыналарды:

      1) жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің не мемлекеттік органның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу немесе бұзу қаупінің мәні;

      2) талап қою талаптарының негіздемелері, сондай-ақ осы талаптарды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;

      3) қолданылатын заңдарға сілтемелерді қамтуы тиіс.

      42. Сотқа мыналар:

      1) мемлекеттік орган инвесторға өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;

      2) инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері;

      3) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар;

      4) инвестордың ел (өңір) экономикасына қосқан үлесі туралы мәліметтер мен құжаттар, сондай-ақ елдің (өңірдің) аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезеңіндегі салық аударымдары бойынша деректер қоса беріледі.

      Прокурордың талабы бойынша талап қоюға растайтын қосымша мәліметтер мен материалдар қоса беріледі.

      43. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын зерделеу нәтижелері бойынша прокурор оларды алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде оларды келіседі не келісуден бас тартады.

      44. Қосымша материалдарды талап ету не зерделеу, мемлекеттік органның не инвестордың ұстанымын тыңдау қажет болған кезде прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын олар келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      45. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюлары жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері келіп түскен кезде оларды қабылдау және тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      46. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын қарау нәтижелері бойынша прокурор оны келіседі не келісуден бас тартады.

      47. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) талап қою талаптарының заңдылығы мен негізділігі;

      2) даулы құқықтық қатынастардың туындау себептері;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаларды іске асыруға, міндеттемелерді орындауға теріс әсер ететін салдарлар немесе мемлекетке, инвестициялық тартымдылыққа және ел экономикасына нұқсан келтіру қаупі;

      4) инвестордың қызметінен адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекетке зиян келтіру қаупінің болу мән-жайларын ескереді.

      48. Прокурордың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуден бас тартуы мынадай:

      1) инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларының осы Қағидалардың 41 және 42-тармақтарында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеуі;

      2) заңнамада белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткеннен кейін талап қою арызын жіберу;

      3) талап қою үшін құқықтық негіздердің болмауы;

      4) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      5) инвестордың мемлекеттік органның сотқа талап қоюмен жүгінбей-ақ бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы;

      6) соттың заңды күшіне енген шешімінің немесе соттың АПК-да көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарымының, сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған шешімінің болуы;

      7) "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының, төреліктің сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және негіздер бойынша шығарылған шешімінің болуы;

      8) сол тараптар арасында, сол мәселе және сол негіздер бойынша жасалған атқарушылық жазбаның болуы;

      9) инвестор үшін ол жіберген бұзушылықтардың мемлекеттік орган қойған талаптар салдарының ауырлығына сәйкес келмеуі негіздері бойынша шығарылады.

      49. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуді не келісуден бас тартуды прокурор ҰЦИП немесе прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, электрондық нысанда жүзеге асырады.

      50. Мемлекеттік органдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісу не келісуден бас тарту қағаз жеткізгіште жүзеге асырылады.

      51. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) талап қоюға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген мәртебесі;

      5) осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуден бас тарту негіздемесі туралы деректер көрсетіледі.

5-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурормен келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау тәртібі

      52. Мемлекеттік органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдері прокурормен келісуге жатады.

      53. Уәкілетті лауазымды адамдардың мынадай шешімдері прокурормен келісуге жатпайды:

      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін, іс бойынша іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны орындау сатысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және автоматты режимде жұмыс істейтін аспаптармен тіркелген жағдайда айыппұл төлеу қажеттілігі жөніндегі нұсқамалар.

      54. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдерді келісу не прокурордың келісуден бас тартуы ӘҚБтК-нің 759-бабында және осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      55. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім қабылдауға уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) мұндай шешімді прокурорға оған қол қойылғанға дейін ӘІБТ-ны пайдалана отырып жібереді.

      Мұндай шешімдерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы хаттамалардың, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалардың, хабарламалардың (хабархаттардың) жобалары және инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдердің өзге де жобалары жатады.

      56. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіздердің болуын растайтын материалдары бар инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі анықталған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ӘІБТ-ні пайдалана отырып, прокурорға жіберіледі.

      57. Прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны келіседі не келісуден бас тартады.

      Қосымша материалдарды талап ету және зерделеу, уәкілетті лауазымды адамның не инвестордың түсініктемелерін алу қажет болған жағдайда прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келіседі не ол келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде оны келісуден бас тартады.

      58. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу түріндегі қамтамасыз ету шаралары қабылданған жағдайларда инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуді не келісуден бас тартуды прокурор олар келіп түскен кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде жүзеге асырады.

      Егер уәкілетті лауазымды адам эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, қызметін немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу түрінде қамтамасыз ету шараларын қабылдаған болса, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту олар келіп түскен сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырылады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері осы тармақта көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдерді қабылдауды прокуратураның жедел кезекшісі жүзеге асырады.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      59. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім келіп түскен кезде оларды қабылдау және тіркеу осы Қағидалардың 58-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      60. Мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамына инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту нәтижелері бойынша бар болған жағдайда бас тарту себептері көрсетілген прокурордың жауабы электрондық нысанда жіберіледі.

      61. Мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамында электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурордың келісуі не келісуден бас тартуы қағаз жеткізгіште ұсынылады.

      62. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаудың заңдылығы мен негізділігі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын не ӘҚБтК-нің 741 және 742-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың болуы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың нақты мән-жайлары, оның ішінде құқық бұзушының жеке басы, сондай-ақ қол сұғушылық объектісі, ал зиян болған кезде – оның мөлшері;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға теріс әсер ететін не мемлекетке залал келтіруі мүмкін ықтимал салдарлардың болуы;

      4) инвестордың қызметінен адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру қаупінің болуы;

      5) инвестор жасаған құқық бұзушылық және салынатын әкімшілік жаза салдарлары ауырлығының сәйкес келмеуі туралы мән-жайларды ескереді.

      63. Прокурордың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуы осы Қағидалардың 62-тармағында аталған мән-жайлар ескеріле отырып, мынадай:

      1) ӘҚБтК-нің 741-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын оқиғаның, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының және өзге де мән-жайлардың болмауы;

      2) адам өміріне, денсаулығына зиян келтіру қаупі болмаған жағдайда инвестор жасаған құқық бұзушылықтың және тағайындалатын әкімшілік жаза салдарлары ауырлығының сәйкес келмеуі;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға теріс әсер ететін не инвестордың қызметін тоқтату қаупі бар ықтимал салдарлардың болу;

      4) ӘҚБтК-нің 802-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін себептер мен негіздердің болмауы;

      5) ӘҚБтК-нің 742-бабында көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың болу негіздері бойынша шығарылады.

      64. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді шығаруға бастамашы болған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің мәртебесі "келісілді" не "келісуден бас тартылды";

      5) осы Қағидалардың 63-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі;

      65. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурор келіскен жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті адам осы туралы прокурордың жауабы келіп түскен сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде инвесторға хабарлайды.

      66. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуді не келісуден бас тартуды аумақтық қағидат бойынша прокурор жүзеге асырады.

      67. Облыстық және аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының шешімдері аумақтылығы бойынша әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың тиісті органдарына жіберіледі.

      Мұндай шешімдерді келісуді немесе келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.

      68. Орталық мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының шешімдері Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына келісуге жіберіледі.

      Мұндай шешімдерді келісуді не келісуден бас тартуды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын бөлімшесі жүзеге асырады.

      69. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 25-бабында және осы Қағидаларда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      70. Жоғары тұрған прокурор мұндай шағымды прокуратура органдарына келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      71. Шағымды қарау нәтижелері инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты прокурордың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағымдану үшін негіз болып табылады.

      72. Жоғары тұрған прокурор не сот шағым бойынша шешім қабылдағанға дейін инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім прокурормен келісілмеген деп танылады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады