Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "электрондық ақпараттық ресурстары", "мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистикалық жүйенің", "ақпараттық жүйелер", "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "электрондық ақпараттық ресурстарды", "ақпараттық жүйелердің", "ақпараттық-коммуникациялық технологияларды", "ақпараттық жүйелерінен", "ақпараттық жүйелерден", "электрондық ақпараттық ресурстардың", "электрондық ақпараттық ресурстармен", "ақпараттық жүйе" деген сөздер тиісінше "цифрлық ресурстары", "мемлекеттік цифрлық құқықтық статистикалық жүйенің", "цифрлық жүйелер", "цифрлық технологиялар", "цифрлық ресурстарды", "цифрлық жүйелердің", "цифрлық технологияларды", "цифрлық жүйелерінен", "цифрлық жүйелерден", "цифрлық ресурстардың", "цифрлық ресурстармен", "цифрлық жүйе" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың және арнайы есепке алуды жүргізудің құқықтық негіздері мен қағидаттарын, уәкілетті орган мен құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің өкілеттіктері мен функцияларын айқындайды.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік құқықтық статистика - қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық салалардағы ведомстволық есепкe алудың орталықтандырылған жүйесіне негізделген мемлекеттік статистика саласы;
2) мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистика жүйесі - уәкілетті органның және құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің біріккен статистикалық цифрлық ресурстары;
3) құқықтық статистикалық ақпарат - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері уәкілетті органға беретін құжатталған ақпарат;
4) құжатталған ақпарат - қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық салалардағы тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, мән-жайлар және басқа да құқықтық құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер;
5) ақпараттық есепке алу құжаты - өз негізінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу деректері құралатын, белгіленген үлгідегі құқықтық статистикалық ақпараттың материалдық (қағаз, магниттік, оптикалық, электрондық) жеткізушісі;
6) құқықтық статистикалық байқау - заңдылықтың, құқықтық тәртіптің, адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуының жалпы жай-күйіне әсер ететін құбылыстар мен процестер туралы статистикалық байқау;
7) азаматтық-құқықтық статистика - азаматтық-құқықтық саладағы азаматтық құқықтық қатынастардың, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізудің, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің жай-күйі туралы мемлекеттік құқықтық статистика саласы;
7-1) мемлекеттік цифрлық құқықтық статистикалық жүйенің географиялық ақпараттық карталары – мемлекеттік цифрлық құқықтық статистикалық жүйенің нақты уақыт режимінде елді мекендердің географиялық координаттарында құқықтық статистикалық ақпаратты визуализациялауды қамтамасыз ететін құрамдасы;
8) қылмыстық-құқықтық статистика – қылмыстық-құқықтық саладағы қылмыстық теріс қылық пен қылмыстылықтың, сотқа дейінгі іс жүргізуді тергеп-тексерудің, қылмыстық сот ісін жүргізудің, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің жай-күйі, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалғаны үшін жазалау және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының қолданылуы туралы мемлекеттік құқықтық статистика саласы;
9) әкімшілік-құқықтық статистика - әкімшілік құқық бұзушылықтың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізудің жай-күйі туралы мемлекеттік құқықтық статистика саласы;
10) ведомстволық есепке алу - жедел және арнайы есепке алумен байланысты емес, мемлекеттік органның ішкі ведомстволық қызметін қамтамасыз ету үшін тұлғалар, заттар және оқиғалар туралы мәліметтер жинау, тіркеу, жүйелеу, сыныптау және сақтау;
11) арнайы есепке алу - мемлекеттік құқықтық статистика саласындағы құжатталған ақпаратты мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз ету үшін жинау, тіркеу, өңдеу, жинақтау, жүйелеу, сыныптау, сақтау;
12) жедел есепке алу - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің жедел іздестіру қызметін қамтамасыз ету үшін тұлғалар туралы мәліметтерді жинау, тіркеу, жүйелеу, сыныптау, сақтау;
13) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері - мемлекеттік құқықтық статистика, арнайы есепке алу ісін жүргізу, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық салаларда қолданылатын құжатталған ақпаратты зерделеу және талдау мақсаттары үшін уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистикалық ақпарат беретін құқық қорғау, сот органдары және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ адамдар;
14) уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
15) есептік-тіркеу тәртібі – құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің уәкілетті орган белгілеген өлшемшарттарға, шектерге, параметрлерге, көлемдерге және мерзімдерге сәйкес құқықтық статистикалық ақпаратты беруі.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта, осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.3-бап. Мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың нысанасы
Бұқаралық құқықтық немесе басқа да заңи мәні бар құбылыстар мен процестердің нақты орын мен уақыт жағдайындағы сандық жағы олардың сапалық ерекшелігін, даму үрдісі мен заңдылығын ашу мақсатында мемлекеттік құқықтық статистиканың нысанасы болып табылады.
Статистикалық байқау жолымен бұқаралық құқықтық немесе басқа да заңи мәні бар құбылыстардың жиынтығын сипаттайтын құжатталған ақпарат арнайы есепке алу нысанасы болып табылады.
4-бап. Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы негізгі мақсат, міндеттер мен қағидаттар
Ескерту. 4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 12.02.2026 № 263-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың негізгі мақсаты мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды біртұтас статистикалық қағидаттар мен стандарттар негізінде мемлекеттегі заңдылықтың және құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы негізгі мақсатқа қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:
1) қоғамның, мемлекеттің және халықаралық қоғамдастықтың ресми құқықтық статистикалық ақпаратқа деген қажеттілігін қанағаттандыру;
2) мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистикалық жүйені жетілдіру мен дамыту;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттер.
2. Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу:
1) мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистика жүйесін басқарудың біртұтастығы;
2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығы, объективтілігі, жеткіліктілігі, тұрлаулылығы және салыстырымдылығы;
3) құқықтық статистикалық ақпараттың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде қолжетімділігі және ашықтығы;
4) адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің мүлтіксіз сақталуы принциптерінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.02.2026 № 263-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Құқықтық статистиканы қалыптастыру
Құқықтық статистиканы қалыптacтыpу тәртібін, белгілерін, өлшемдерін, көлемін және мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында уәкілетті орган:
1) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады;
2) жедел, ведомстволық есепке алуды және жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен құпия негізде ынтымақтасып жұмыс істейтін адамдарды есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргізеді;
3) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері беретін мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәліметтерінің тұтастығына, объективтілігіне, анықтығына, жеткіліктілігіне қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тіркеу, өңдеу, жинақтау, жиынтықтау және сақтау әдістемесін белгілейді;
4) құқықтық статистикалық байқаулар өткізеді;
5) құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласында ақпараттық-талдау қызметін жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеуді жүзеге асырады және (немесе) есепке алуды жүргізеді;
7) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
8) уәкілетті органның тапсырмаларын іске асыру шеңберінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды;
9) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
10) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
11) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық принциптер және стандарттар, әдістеме әзірлейді;
12) құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың барлық субъектілері үшін міндетті құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;
12-1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеуді және есепке алуды үйлестіреді;
12-2) кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар туралы мәліметтерді жариялайды;
12-3) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі цифрлық жүйелер, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі операторының:
цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
пайдалануды, қолдап отыруды, дамытуды, мониторингті жүзеге асыру;
іркіліссіз және тиісінше жұмыс істеуді, сондай-ақ қорғауды қамтамасыз ету;
цифрлық ресурстарды сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
анықталған кемшіліктерге жедел ден қоюды және оларды жою жөнінде шаралар қолдануды қамтамасыз ету бойынша функцияларын жүзеге асырады;
12-4) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі цифрлық жүйелердің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің жұмыс істеуі, оған әкімшілік ету, пайдалану үшін жауапты лауазымды адамдарды айқындайды;
12-5) мемлекеттік цифрлық құқықтық статистикалық жүйенің географиялық ақпараттық карталарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
12-6) тоқтатылған қылмыстық істерді қабылдауды, беруді, олармен танысуды, сақтауды және жоюды жүзеге асырады;
12-7) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген мемлекеттік бақылау актілерінің және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
12-8) реттеуші мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу тәртібін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
12-9) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеу және (немесе) есепке алу процестеріне цифрлық технологияларды ендіреді;
12-10) жолданымдарды қарау бойынша операциялық бағалау жүргізеді;
12-11) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетеді;
12-12) қылмыстық қатерлерді анықтау жөніндегі болжамды-талдамалық қызметті жүзеге асырады;
13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Ведомство аумақтық органдармен және оларға теңестірілген органдармен өз қызметін уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.02.2026 № 263-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.7-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері
Ескерту. 7-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Уәкілетті орган өз өкілеттіктері шегінде:
1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінен мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу мәселелері жөнінде құқықтық статистикалық ақпаратты, ведомстволық есептілікті, бастапқы есепке алу құжаттары мен нысандарын, сондай-ақ статистикалық ақпаратты және арнайы есепке алуды жүргізу үшін басқа да ақпаратты тегін алуға;
2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырумен және арнайы есепке алуды жүргізумен байланысты емес қызметіне араласпай, олар беретін құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығына, объективтілігіне, анықтығына және жеткіліктілігіне қадағалауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру, заңдылықтың жай-күйіне талдау, күшіне енген актілерге бағалау жүргізуге;
4) алып тасталды – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;5) уәкілетті органда тіркеуге жататын тексерулерді, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарын тағайындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғандығы анықталған жағдайларда, оларды тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тартуға;
5-1) құқықтық статистикалық ақпаратқа Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған тәсілдермен қолжетімділік беруге;
5-2) қылмыстық қатерлерді анықтау жөніндегі болжамды-талдамалық қызметті жүзеге асырудың нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлеуге және оларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілеріне жіберуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкілетті орган өз өкілеттіктері шегінде:
1) мемлекеттік құқықтық cтaтистика және арнайы есепке алу саласында ақпарат жинауды, өңдеуді, жинақтауды, жиынтықтауды және жаңартып отыруды;
2) жүргізілетін құқықтық статистикалық байқаулардың бағдарламасын мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісуді және бекітуді;
3) мемлекеттік органдарды құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуді;
4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шекте, көлемде және мерзімде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерін құқықтық статистикалық ақпаратпен, арнайы есепке алу мәліметтерімен өтеусіз негізде қамтамасыз етуді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджетке түсетін өз қаражаттары есебінен, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шекте, көлемде және мерзімде жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді;
6) мемлекеттік құпиялар мен дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, алынған мәліметтердің сақталуын;
7) ақпарат жүйелерін заңсыз қол сұғудан, құқықтық статистика және арнайы есепке алу объектілері туралы деректердің бүлінуінен немесе жойылуынан қорғауды;
8) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу кезінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын;
9) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өздерінің цифрлық жүйелерінен мәліметтер ұсынуды;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауды жүзеге асыруға міндетті.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.08.28 № 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.12.28 № 522-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.02.2026 № 263-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.8-бап. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің құқықтары мен міндеттері
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері өз өкілеттіктері шегінде:
1) мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды жетілдіру жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық құқықтық статистикалық байқаулар жүргізуге және жедел-іздестіру, қарсы барлау және қызметтік жұмысты қамтамасыз етуге арналған жедел, ведомстволық есепке алуды жүргізуге құқығы бар.
2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері:
1) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, шекте, көлемде және мерзімдерде ақпараттық есепке алу құжаттарын, өзге де қажетті материалдар мен мәліметтерді уәкілетті органға беруге;
2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығын, объективтілігін, анықтығын және жеткіліктілігін қамтамасыз етуге және өз өкілеттіктері шегінде құқықтық статистикалық ақпараттың көрсетілуінің толымдылығын және анықтығын бақылауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік құпияларды, дербес деректерді және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын алынатын мәліметтердің, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі цифрлық жүйелерден, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынған цифрлық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге;
4) уәкілетті органда тіркеуге жататын тексерулерді, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарын тағайындау туралы актілерді тіркеуге міндетті.
Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңдарымен.9-бап. Жеке және заңды тұлғалар құқықтарының кепілдіктері
1. Құқықтық статистикалық ақпаратты тіркеу, жинақтау, өңдеу, сақтау және беру барысында уәкілетті opгaн мемлекеттік құпияларды, дербес деректерді және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау жөнінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолданады.
2. Тергеу мен анықтау деректерін құрайтын нақты құбылыстар, процестер және тұлғалар туралы құқықтық статистикалық ақпарат жария етуге жатпайды. Егер тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтарының, бостандықтарының, заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына байланысты болмаса, бұл ақпарат тергеуші, анықтаушы, прокурор және сот мүмкін деп таныған көлемде, олардың рұқсатымен жария етілуі мүмкін.
3. Адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мақсатында уәкілетті органға берілген барлық бастапқы құқықтық статистикалық ақпараттың сақталуы қамтамасыз етіледі.
4. Уәкілетті орган әрбір азаматқа арнайы есепке алудағы оған қатысты, оның құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қозғайтын мәліметтермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
5. Ол туралы мәліметтердің арнайы есепке алуға заңсыз енгізілу фактісіне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға болады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.10-бап. Статистикалық жұмыстарды қаржыландыру
Уәкілетті орган орындайтын статистикалық жұмыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.11-бап. Құқықтық есептік тіркеу
Құқықтық есептік тіркеуді уәкілетті орган азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық құжатталған ақпаратты қабылдау, есепке алу және жүйелеу арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.12-бап. Арнайы есепке алуды тағайындау мен жүргізу
1. Арнайы есепке алу:
1) мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы заңдарын жетілдіру жөніндегі қызметін;
2) мемлекеттік органдардың құқық қолдану қызметін;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз етуге арналған.
2. Уәкілетті орган арнайы есепті жинауды, тіркеуді, өңдеуді, жинақтауды, жүйелеуді, сыныптауды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етеді.
3. Уәкілетті орган арнайы есепке алудың мынадай түрлерін:
1) қылмыстық жауаптылыққа тартылған және тартылатын, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды;
2) ұстап алынған, күзетпен ұсталатын және сотталған адамдарды дактилоскопиялық есепке алуды;
3) анықтаудан, тергеуден, соттан жасырынып жүрген іздеудегі адамдарды, сондай-ақ жазасын өтеуден немесе пробациялық бақылауды жүзеге асырудан жалтарып жүрген адамдарды;
4) хабарсыз жоғалып кеткен іздеудегі адамдарды;
5) жеке басы анықталмаған мәйіттерді;
6) әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарды;
6-1) алып тасталды – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;6-2) шетелде қылмыстық жауаптылыққа тартылған, сотталған және жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын;
7) сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдарды;
8) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айрылған адамдарды;
9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органда тіркелетін тексерулерді, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарын;
10-1) террористік іс-әрекетті жүзеге асырғаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды, сондай-ақ cот террористік деп таныған ұйымдарды және ақпараттық материалдарды;
11) экстремизмді жүзеге асырғаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды, сондай-ақ cот экстремистік деп таныған ұйымдарды және ақпараттық материалдарды;
11-1) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған адамдарды;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!12) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
12) мемлекеттік қызметтен жағымсыз себептермен босатылған адамдарды;
13) адамдардың қаза болуына немесе жаралануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын;
14) атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелерін орындамаған адамдарды, сондай-ақ әкімшілік айыппұл салу туралы қаулыны ерікті түрде орындамаған адамдарды;
15) атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер, мемлекеттің мүддесі үшін ұсынылған, сондай-ақ алименттер өндіріп алу туралы, асыраушының мертігуінен немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, қайтыс болуынан келген залалды өтеу туралы қуынымдар бойынша жауапкер болып табылатын іздеудегі адамдарды;
16) қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастырғаны (жылыстатқаны), терроризмді қаржыландырғаны және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырғаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды;
16-1) кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдарды;
16-2) туысқандарымен байланысты жоғалтқан іздеудегі адамдарды;
16-3) өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ адамдарды;
17) қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты тәркіленген мүлік сомаларын, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған, Қазақстан Республикасына қайтарылуға жататын және қайтарылған сомаларды;
18) қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты өзара құқықтық көмек пен өзге халықаралық сұрау салуларды арнайы есепке алуды жүзеге асырады.
19) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);20) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
4. Жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларын уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.02.23 № 33, 2009.08.28 № 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 № 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 522-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.11.2014 № 244-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 325-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.13-бап. Арнайы есепке алу объектілері
1. Шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, азаматтығына, дінге көзқарасына, сенім-нанымына, қоғамдық бірлестіктерге мүшелігіне, тұратын жеріне немесе кез келген өзге жағдайларға қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлға, сондай-ақ заңды тұлға арнайы есепке алу объектісі болуы мүмкін.
2. Егер, заңда өзгеше көзделмесе, өзі туралы мәліметтерді уәкілетті органның арнайы есепке алу жүйесіне енгізу үшін есепке алынған объектінің келісімі талап етілмейді.
3. Егер, заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік орган өзінің құзыретіне кіретін міндеттерді шешу кезінде есепке алынған объект туралы мәліметтерді пайдалануға оның келісімі талап етілмейді.
4. Адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, туған жері, сондай-ақ осы деректерді сол адамның өзгерту фактісі, бұрынғы деректер сияқты, жеке немесе отбасылық құпия болып табылмайды. Адам заңды жолмен алынған осы, сондай-ақ өзге де мәліметтерді арнайы есепкe алу ісіне енгізуге тыйым салуға нeмece рұқсат етуге құқылы емес.
14-бап. Арнайы есепке алуды түзу
1. Әртүрлі мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне кіретін міндеттерді шешу кезінде мәліметтері пайдаланылуы мүмкін арнайы есепке алу уәкілетті органда ғана жүргізілуге тиіс.
2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері арнайы есепке алуды түзу үшін ақпараттық есеп құжаттарын және өзге де қажетті материалдар мен мәліметтерді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, шектерде, көлемде және мерзімдерде береді.
15-бап. Ведомстволық есепке алуды тағайындау және жүргізу
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері ведомстволық есепке алуды өздерінің құзыретіне кіретін міндеттерді шешу мақсатында жүзеге асырады.
2. Ведомстволық есепке алуды қалыптастыру тәртібі ведомстволық нұсқаулықтармен айқындалады.
3. Ведомстволық есепке алуда бар мәліметтер тек қана мемлекеттік органның құзыретіне кіретін міндеттерді шешу шегінде пайдаланылуы мүмкін.
16-бап. Құқықтық статистикалық ақпаратты пайдалану мен сақтау тәртібі
1. Уәкілетті орган Қазақстан Pecпубликасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында статистикалық ақпаратты жариялауға, статистикалық жинақтар шығаруға және құқықтық статистикалық ақпаратты практикалық және ғылыми-зерттеу мақсаттарында өзгедей пайдалануға құқылы.
2. Құқықтық статистикалық ақпарат ақпараттық есепке алу құжаттары және есептілік нысандары түрінде уәкілетті орган анықтайтын талаптарға сәйкес оның сақталуы қамтамасыз етілетін жағдайларда сақталады.
3. Құқықтық статистикалық ақпаратты сақтау мерзімін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.16-1-бап. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі
1. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың қызметкерлеріне және (немесе) жұмыскерлеріне мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдардың цифрлық жүйелерінен цифрлық ресурстарды беруге арналған, цифрлық ресурстарды тек қана олардың осы Заңға сәйкес өз қызметін жүзеге асыру шеңберіндегі сұрау салулары бойынша алуына мүмкіндік беретін құпия цифрлық жүйе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі болып табылады.
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланатын интернет-ресурстар мен цифрлық жүйелердің тізбесін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
Өзге де органдардың құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен өздеріне жүктелген міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты алу тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және өзге де органдардың бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
2. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің жұмыс істеуін құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы және Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесін пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.07.2025 № 213-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.16-2-бап. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен цифрлық ресурстарды алу тәртібі мен негіздері
1. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен цифрлық ресурстарды алуды жүйеде тіркелген пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы және байланыстың қорғалған арналары арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасының талаптарына сәйкес келетін электрондық құжат нысанындағы сұрау салудың қағаз жеткізгіштегі құжатпен мәні бірдей болады.
3. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің, іздестіру істері мен атқарушылық іс жүргізудің шеңберінде ақпарат алу үшін сұрау салуда ақпаратты талап етіп алдыруға негіз болған мән-жайлар көрсетіледі.
Сұрау салудың негізділігі құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі операторының дерекқорларда пайдаланушының іс жүргізуінде сұрау салуға бастама жасау үшін негіз болған материалдардың бар-жоғын салыстырып-тексеру арқылы тексеруіне жатады.
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен цифрлық ресурстарды алу тексерудің оң нәтижесі болған жағдайда ғана мүмкін болады.
Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен жария емес тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру қызметін жүргізу үшін, сондай-ақ өздеріне жүктелген өзге де міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты алу тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының бірінші басшыларының бірлескен нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
4. Соттарға ақпарат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес және осы баптың 3-тармағының талаптары сақтала отырып, қаралатын қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер шеңберінде беріледі.
5. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл үшін қажет ақпаратты алу тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Ескерту. Заң 16-2-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.16-3-бап. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынған цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша шектеулер
1. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесін пайдаланушылар сұрау салудың негізділігін, алынған ақпараттың тек қана сұрау салуда мәлімделген мақсаттарда пайдалануын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасының және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Алынған ақпарат өзін сұратуға негіз болған материалдарда сақталады. Мұндай ақпараттың көшірмесін жасауға, оны алып қоюға, кейіннен беруге, таратуға тыйым салынады.
3. Ақпаратты сақтау мерзімдері, шарттары негізгі материалдың мазмұнына сүйене отырып айқындалады. Ақпарат тиісті материалдармен бірге жойылуға жатады.
4. Сұрау салулардың негізділігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынған цифрлық ресурстармен жұмысты ұйымдастыруға және оларды пайдалануға жауапты лауазымды адамдарды осы органдардың басшылары айқындайды.
5. Лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасының және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Ескерту. Заң 16-3-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.17-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
| Қазақстан Республикасының |
| Президенті |
