Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 17 шiлдедегi № 213-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

      1) 14-1-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасындағы ", жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді" және "өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің өнеркәсіптік-инновациялық жобалары, инвестициялық басым жобаларды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес іске асыру," деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақтың 10-1) тармақшасындағы "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына" деген сөздер "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 16-баптың 2-тармағының 4-1) тармақшасындағы "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына" деген сөздер "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 32-баптың 3-тармағының екінші бөлігі "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" деген сөздерден кейін ", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 36-баптың 1-тармағының алтыншы абзацы "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" деген сөздерден кейін ", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 66-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Осы баптың талаптарына сәйкес жер учаскесіне құқықты қайта ресімдеу орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.";

      6) 84-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" деген сөздерден кейін ", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 94-баптың 5-тармағында:

      бірінші бөліктегі "жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi" деген сөздер ", сондай-ақ жер учаскесінің бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға осы жер учаскесін сатып алуға жұмсаған шығыстарының төлемі бюджет кірісіне есепке жатқызылады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бір жыл ішінде кемінде үш сауда-саттық (аукцион) өткізілгеннен кейін мұндай жер учаскесін өткізу немесе оған жер пайдалану құқығын іске асыру мүмкін болмаған кезде:

      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрамындағы жер учаскесі соттың шешімі бойынша арнаулы жер қорына алынады;

      елді мекендер жерлерінің құрамындағы жер учаскесі соттың шешімі бойынша елді мекенді аумақтық дамытуға және жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған қала құрылысы қызметіне тартылмаған жерлердің құрамына алынады.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұрын арнаулы жер қорына алынған, елді мекендер жерлерінің құрамындағы жер учаскелері елді мекенді аумақтық дамытуға және жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған қала құрылысы қызметіне тартылмаған жерлердің құрамына алынуға жатады.";

      8) 96-1-баптың 4-тармағы "заңды тұлғаларға" деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасының аумағында" деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 126-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Рекреациялық мақсаттағы жерлер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерлерге астананың қала маңындағы жасыл аймағының және санитариялық-қорғау жасыл аймағының жерлерi де жатады.".

      2. 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Орман кодексіне:

      102-2-баптың 1-тармағындағы "уәкілетті органмен келісілген" деген сөздер "сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесімен және уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен келісілген" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 47-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған, оның ішінде анасының жеке басын куәландыратын құжаттар және Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорда мәліметтер болмаған жағдайда, оның туу фактісін растайтын туу туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеуші орган анықтайды. Туу туралы медициналық куәлік болмаған жағдайда, баланың туу фактісі сот тәртібімен белгіленеді.";

      2) 187-баптың 1-тармағында:

      екінші бөлікте:

      ", оның ішінде үйде" деген сөздер алып тасталсын;

      "босанғаннан кейін" деген сөздерден кейін "бес тәулік ішінде" деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші бөліктегі "болмаған жағдайда" деген сөздер "болмаған кезде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші және жетінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Медициналық ұйымнан тыс жерде туған және анасының жеке басын куәландыратын құжаттар, оның ішінде Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорда құжаттары жоқ баланың тууын тіркеу үшін анасы босанғаннан кейін бес тәулік ішінде жүгінген босандыру ұйымы беретін, анасы туралы мәліметтер оның сөзінен жазылғаны туралы белгісі бар туу туралы медициналық куәлік негіз болып табылады.";

      "Ата-аналары анықталмаған жағдайда баланың тууын тіркеу осы Кодекстің 196-бабына сәйкес жүргізіледі.".

      4. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 83-баптың 6-тармағының 3) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 83-1-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган талаптар тізілімін қалыптастыру және жүргізу кезінде нормативтік құқықтық актінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптар қамтылатын өзге де құжаттың, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісі жобасының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаты жобасының немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптар қамтылатын өзге де құжат жобасының осы Кодекстің 9, 11, 80, 81-1 және 82-баптарының талаптарына сәйкестігін растауды қамтамасыз етеді.";

      3) 85-баптың 2-тармағында:

      1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік және іске асыру функцияларын жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 1-2) және 13-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;";

      "13-5) осы Кодекстің мақсаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;";

      4) 99-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік және іске асыру функцияларын жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;";

      2-5) тармақша алып тасталсын;

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) осы Кодекстің мақсаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейді және бекітеді;";

      5) 124-6-бапта:

      9) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 10-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "10-3) осы Кодекстің мақсаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;";

      6) 192-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасындағы "төмен болған;" деген сөздер "төмен болған жағдайларда кәсіпкерлік қызметке қатысады." деген сөздермен ауыстырылып, 5) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар, оның ішінде қызметін осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асыратын тұлғалар кәсіпкерлік қызметті осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген қызмет түрлерінің тізбесі негізінде жүзеге асырады.".

      5. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне:

      112-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацындағы "Үкіметі" деген сөз "Әділет министрлігі" деген сөздермен ауыстырылсын.

      6. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      1) 16-баптың 12) тармақшасындағы "облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде жасалған", "және өңірлік" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 18-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;";

      3) 151-баптың 2 және 3-тармақтары алып тасталсын.

      7. "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 2-баптың 2-тармағының 14) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) кеден органдарында ұтқыр топтарды құру, олардың қызметі, жарақтандырылуы, оның ішінде көлік құралдарымен жарақтандырылуы тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      2) 12-баптың 2-тармағының 17) тармақшасы "өзге де орындарда" деген сөздерден кейін ", оның ішінде кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарларды жеткізу орындарында" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 18-бапта:

      тақырып "тоқтату және" деген сөздерден кейін "(немесе)" деген сөзбен толықтырылсын;

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кеден органдары көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеден органының рұқсатынсыз шығып кеткен су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы.

      Кеден органдары автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймақтарында және кедендік бақылау аймақтарынан тыс жерлерде тоқтатуға құқылы.

      Автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтатқан жағдайда, кедендік бақылау жүргізу уақыты осындай тоқтату кезінен бастап екі сағаттан аспауға тиіс.

      Кедендік бақылау аймақтарынан тыс жерлерде автомобиль көлік құралдарын, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралдарын тоқтату тәртібі осы бапта және осы Кодекстің 18-1-бабында айқындалады.";

      4) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:

      "18-1-бап. Автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтату

      1. Автомобиль көлік құралын, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралын тоқтатуды кеден органдарының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асырады.

      Кеден органының лауазымды адамдары автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде көлік құралын басқаратын адамға автомобиль көлік құралын тоқтату туралы талапты табыс етеді.

      Көлік құралын тоқтату туралы талаптың нысанын уәкілетті орган белгілейді.

      Автомобиль көлік құралын тоқтатуға мыналар негіз болып табылады:

      1) тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері;

      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы куәландыратын ақпарат;

      3) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған мәліметтерді талдау нәтижесінде алынған, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы куәландыратын деректер;

      4) Қазақстан Республикасының, Еуразиялық экономикалық одақтың немесе шет мемлекеттердің мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру қажеттігі;

      5) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарынан, Еуразиялық экономикалық одақтан немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде халықаралық шарттар және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары жасалған шет мемлекеттерден түскен тапсырма және (немесе) өтініш (сұрау салу);

      6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы ақпарат қамтылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы.

      Автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде кеден органының лауазымды адамы:

      1) өзін таныстыруға және автомобиль көлік құралын басқаратын адамның талабы бойынша танысу үшін қызметтік куәлігін немесе сәйкестендіру картасын көрсетуге;

      2) көлік құралын тоқтату негіздерін түсіндіруге;

      3) автомобиль көлік құралын тоқтату туралы талапты табыс етуге;

      4) автомобиль көлік құралын басқаратын адамның кедендік бақылау жүргізу үшін ондағы тауарлар мен оларға арналған құжаттарды ұсынуын сұрауға міндетті.

      2. Автомобиль көлік құралын басқаратын адам автомобиль көлік құралын тоқтатуға, кедендік бақылау жүргізу үшін оған және ондағы тауарларға қолжетімділік беруге, кеден органының лауазымды адамына оларға арналған құжаттарды көрсетуге міндетті.

      3. Автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде кеден органының лауазымды адамы кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) осы бапта, осы Кодекстің 46, 47 және 48-тарауларында көзделген тәртіппен кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолданады.

      Кедендік бақылау аяқталғанға дейін автомобиль көлік құралын басқаратын адам тоқтаған жерінен кетпеуге, сондай-ақ автомобиль көлік құралы мен ондағы тауарлардың автомобиль көлік құралы тоқтаған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Автомобиль көлік құралын басқаратын адамға осы тармақта көзделген автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіні табыс ету кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында кедендік бақылау жүргізілгенін куәландырады.

      Автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіні толтыру тәртібін және оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      4. Кедендік бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу белгілері анықталған және (немесе) расталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы сақтау орнында кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      Осы бапты қолдану мақсатында сақтау орны деп осы Кодекстің 404-бабында көзделген автомобиль көлік құралы тоқтаған жерге жақын орналасқан кедендік бақылаудың тұрақты немесе уақытша аймақтары түсініледі.

      Автомобиль көлігін басқаратын адам кеден органының лауазымды адамының талабы бойынша автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды сақтау орнына жеткізуге міндетті.

      Осы тармақта көзделген автомобиль көлік құралын жеткізу туралы талаптың нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      Бұл ретте мұндай талап, сондай-ақ осы Кодекстің 412 және 413-баптарында көзделген кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізу орны мен уақытын белгілеу туралы хабарламаның көшірмесі автомобиль көлік құралын басқаратын адамға табыс етіледі.

      5. Автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды сақтау орнына жеткізуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кеден органдарының лауазымды адамдарының сүйемелдеуімен автомобиль көлік құралын басқаратын адам жүзеге асырады.

      6. Автомобиль көлік құралын басқаратын адам осы баптың 4-тармағында көзделген талапты орындаудан бас тартқан не ол мұндай талапты орындамаған кезде автомобиль көлік құралы мен ондағы тауарлар осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес ұсталуға жатады.

      Бұл ретте ұсталған автомобиль көлік құралдарын және ондағы тауарларды сақтау орнына тасу (тасымалдау) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      7. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзушылықтар анықталмаған кезде автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіге тиісті жазба енгізіледі.

      8. Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде кеден органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау тәртібін кеден саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.";

      5) 402-баптың 9-тармағы "өткізу орындарында" деген сөздерден кейін ", оның ішінде кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарларды жеткізу орындарында" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 411-бапта:

      1-тармақта:

      "тауарлар шығарылғанға дейін басталған және тауарлар шығарылғаннан кейін аяқталатын, сондай-ақ" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап) жіберілген адамның уәжді өтініші негізінде, оның ішінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзартылуы мүмкін. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну ұзартылатын мерзім сұрау салу (талап) жіберілген адамның өтініші негізге алына отырып айқындалады, бірақ құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.";

      2-тармақта:

      бірінші бөлік "шығарылғаннан кейін" деген сөздерден кейін "не өзге де жағдайларда" деген сөздермен толықтырылсын;

      екінші бөліктегі "Осы тармақта" деген сөздер "Осы бапта" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайды.

      Құжаттарды, мәліметтерді және (немесе) жауапты, кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама бойынша алдын ала шешімді кеден органының бөлімшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да кеден органдарына, жоғары тұрған және басқа да мемлекеттік органдарына және (немесе) ұйымдарына, екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, өзге де ұйымдарға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарына сұрау салуларды (талаптарды), кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімді ұсыну жөніндегі сұрау салу (талап) жіберілген күн мен құжаттарды және (немесе) мәліметтерді және (немесе) сұрау салуларға жауаптарды, кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама бойынша алдын ала шешімге жазбаша қарсылықты алған күн арасындағы уақыт кезеңі көрсетілген мерзімге қосылмайды.

      4. Адам осы Кодекстің 21-бабына сәйкес осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде осындай хабарламаға шағым жасауға құқылы.

      Бұл ретте тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламамен келіспеген жағдайда, адам осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде осы Кодекстің 47-тарауына сәйкес кеден органына кедендік тексеру жүргізу жөнінде өтініш жасауға құқылы. Адамның кеден органына кедендік тексеру жүргізу жөнінде өтініш жасауы өтінішті қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе кедендік тексеру аяқталғанға дейін осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаның орындалуын тоқтата тұрады.

      Кедендік тексеру нәтижелері бойынша шығарылған, тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаны орындау осы Кодекстің 55-тарауына сәйкес шағым бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады.";

      7) 416-1-баптың 2-тармағы:

      мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "осы Кодекстің 418-бабының 1-тармағында белгіленген тексерілетін тұлғаның объектісіне және (немесе) объектілеріне іс жүзінде бармай басталған көшпелі кедендік тексеруді жүргізу. Тексерілетін тұлғаның объектісіне (немесе) объектілеріне іс жүзінде баруды еркін нысандағы бару актісімен және (немесе) өзге де құжаттармен және тәсілдермен тіркеп-белгілеу осындай баруды растау болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте кеден органдарының лауазымды адамдарының тексерілетін тұлғаның объектісіне және (немесе) объектілеріне іс жүзінде баруды мұндай тексеруді жүргізу мерзімінен аз мерзімдерде жүзеге асыруы, сондай-ақ мыналарға:

      тексерілетін тұлға объектісінің және (немесе) объектілерінің тұрғын үй-жайларда болуына және (немесе) тіркелуіне;

      тексерілетін тұлғаның объектісінде және (немесе) объектілерінде тексерілетін тұлғаның болмауына;

      көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін кеден органының лауазымды адамдарына тексерілетін тұлғаның объектісіне және (немесе) объектілеріне кіруден негізсіз бас тартылған өзге де жағдайларға байланысты тексерілетін тұлғаның объектісіне және (немесе) объектілеріне іс жүзінде бару мүмкін болмаған жағдайлар өрескел бұзушылық болып табылмайды.";

      8) 453-баптың 1-тармағы "осы Кодекстің" деген сөздерден кейін "18-1-бабының 6-тармағында," деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 480-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Хабарламаны кеден органы жібереді немесе қолын қойғызып табыс етеді.

      Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:

      1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген хабарлама – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасында белгі қойылған күннен бастап;

      2) электрондық тәсілмен жіберілген хабарлама – құжат веб-қосымшаға жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

      Көрсетілген тәсіл:

      уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланушы ретінде тіркелген;

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген;

      пайдаланушының "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне құжат жеткізілген күннен бастап төлеушіге қолданылады.

      Көрсетілген тәсіл "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген салық төлеушіге қолданылады.".

      8. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 7-баптың 19) және 97) тармақшалары алып тасталсын;

      2) 8-баптың 19) тармақшасы алып тасталсын;

      3) 12-бапта:

      тақырыптағы "және астананың" деген сөздер ", астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың 12) тармақшасындағы "уәкілетті органмен келісу бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жас мамандарды әлеуметтік қолдау және қалдыру шараларын қоса алғанда, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.";

      4) 13-бап мынадай мазмұндағы 8-1), 8-2), 8-3), 8-4) және 8-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8-1) денсаулық сақтау саласындағы мониторингті жүзеге асырады;

      8-2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік заңды тұлғаларда корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі қызметті үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады;

      8-3) үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және нәтижелерін бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      8-4) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды кәсіби құзыреттілікке аттестаттауды жүргізеді;

      8-5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның іске асырылуына мониторинг және көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына азаматтардың қанағаттануы бойынша нәтижелерді бағалауды жүргізеді;";

      5) 26-бапта:

      3-тармақта:

      "облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын және олардың орынбасарларын," деген сөздер алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды жүргізеді.";

      4-тармақ "басшыларын" деген сөзден кейін ", олардың орынбасарларын" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 246-баптың 3-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:

      178-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Бұзушылықтардың жолын кесу қажет болған жағдайда, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың өкілеттіктерін іске асыру жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.".

      10. 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне::

      1) 11-баптың 16) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 12-бапта:

      4) тармақшаның бесінші абзацы алып тасталсын;

      5) тармақшаның отыз алтыншы абзацындағы "әзірлейді және бекітеді" деген сөздер алып тасталып, мынадай мазмұндағы отыз жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін бағалау тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      3) 13-баптың 3) тармақшасы алып тасталсын;

      4) 18-бап мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) мыналарды:

      денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы бақылауды;

      денсаулық сақтау саласында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен, уәкілетті мемлекеттік органмен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;".

      11. 2025 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      1) 30-баптың 1-тармағында:

      10) тармақша мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық жобалар шеңберінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;";

      13) тармақша мынадай мазмұндағы оныншы абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау;";

      2) 31-баптың 1-тармағында:

      10) тармақша мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық жобалар шеңберінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;";

      13) тармақша мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау;";

      3) 32-баптың 1-тармағында:

      10) тармақша мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық жобалар шеңберінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;";

      13) тармақша мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау;";

      4) 33-баптың 1-тармағында:

      8) тармақша мынадай мазмұндағы он бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық жобалар шеңберінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;";

      9) тармақша мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық жобалар шеңберінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;";

      12) тармақша мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау;";

      5) 40-баптың 7-тармағының он бірінші абзацындағы "есепті жариялауды қамтамасыз етеді." деген сөздер "есепті;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы он екінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді жариялауды қамтамасыз етеді.";

      6) 41-бапта:

      4-тармақта:

      "төмен тұрған бюджеттерге тиісті өтеусіз қосымша шығыстар жүктелгені" деген сөздер "тиісті жергілікті бюджет комиссиясы қорытындысының болмауы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "қорытындыларының немесе төмен тұрған бюджеттерге тиісті өтеусіз қосымша шығыстар жүктеуді көздейтін қорытындылардың" деген сөздер "немесе тиісті жергілікті бюджет комиссиясының қорытындысы жоқ қорытындылардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      19-тармақ "мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша" деген сөздерден кейін ", "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы жобалар бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 45-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы он бірінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді мониторингтеу.";

      8) 49-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелер.";

      9) 53-баптың 3-тармағының екінші абзацы "мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары" деген сөздерден кейін ", "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары" деген сөздермен толықтырылсын;

      10) 59-баптың 3-тармағында:

      бірінші бөліктің бесінші абзацындағы "республикалық" деген сөз "ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын қарыздарды субсидиялауға бағытталатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, республикалық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктердегі "әл-ауқат қорының" деген сөздерден кейін "және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің" деген сөздермен толықтырылсын;

      11) 61-баптың 1-тармағындағы "148-бабының 8-тармағына сәйкес" деген сөздер "148-бабы 8-тармағының жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктеріне сәйкес айқындалатын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      12) 80-баптың 4-тармағының екінші бөлігі "мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары" деген сөздерден кейін ", "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары" деген сөздермен толықтырылсын;

      13) 86-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтармен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиті;

      жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиті;";

      14) 87-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиті;";

      15) 95-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысын ескере отырып, бес жұмыс күні ішінде нақтыланған республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.";

      16) 96-баптың 5-тармағының үшінші бөлігі алып тасталсын;

      17) 109-баптың 4-тармағында:

      үшінші бөліктегі "жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы" деген сөздер "мынадай құжаттардың бірі: жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы, техникалық-экономикалық негіздеме бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы немесе "толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Лизинг қызметтері бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер лизингтік төлемдерді өтеу графигіне сәйкес мемлекеттік қазынашылық органдарында тіркелуге жатады.";

      18) 28-тарау мынадай мазмұндағы 147-1-баппен толықтырылсын:

      "147-1-бап. "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер

      1. "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер – "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы жасалған шарттар бойынша тапсырыс беруші қабылдаған және орындамаған қаржылық міндеттемелердің белгілі бір күніне тапсырыс берушінің және өнім берушінің бюджеттен бөлінген сома бойынша, Республикалық бюджет комиссиясы немесе жергілікті атқарушы органның бюджет комиссиясы мақұлдаған құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша қабылдайтын мемлекеттік міндеттемелердің көлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің және тиісті жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттерімен шектеледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді.

      3. "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау Республикалық бюджет комиссиясы немесе жергілікті атқарушы органның бюджет комиссиясы мақұлдаған "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттарға қол қою арқылы жүзеге асырылады.

      "Толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік қазынашылық немесе мемлекеттік қазынашылық органдары оларды тіркегеннен кейін күшіне енеді.

      "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер "толық бітіріп берілетін" әрбір жеке құрылыс жобасы бойынша шартта белгіленген сомалар мен мерзімдер шегінде ғана тіркелуге жатады және олар тиісті бюджет комиссиясының шешіміне немесе мәслихаттың шешіміне сәйкес мемлекет міндеттемелерін ұлғайту жағына қарай қайта қаралмайды.

      "Толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарт сомасы мемлекеттің міндеттемелерін ұлғайту жағына қарай қайта қаралмайды.

      4. Мемлекеттік қазынашылық бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын есепке алуды жүзеге асырады.

      5. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің мониторингін жүзеге асырады.

      6. Мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдары "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер туралы есептерді қалыптастырады және оларды осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялауды жүзеге асыратын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелері "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы жасалған шарттар бойынша "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер толық төленген кезде орындалған болып есептеледі.";

      19) 148-бапта:

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары.";

      5-тармақ мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қаржыландыру және орындау.";

      7-тармақтың бірінші бөлігі "заңнамасында" деген сөзден кейін ", сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы ережелерде" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 12-тармақпен толықтырылсын:

      "12. "Толық бітіріп берілетін" құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.";

      20) 149-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай мазмұндағы алтыншы абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар тізбесіне құрылыс жобасын жатқызу жағдайын қоспағанда, "толық бітіріп берілетін" құрылыс жобасы бойынша инвестициялық ұсыныс және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді. Қажет болған кезде тапсырыс беруші техникалық-экономикалық негіздеменің орнына техникалық тапсырма әзірлейді және "толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құнын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Техникалық жағынан күрделі емес, құрылысы үлгілік жобалар, үлгілік жобалық шешімдер және қайта қолдану жобалары бойынша болжанатын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу талап етілмейді.

      Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді талап етпейтін жобалардың тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      1-2. "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес конкурстық рәсімдерді өткізу және "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар жасасу үшін жобалау алдындағы кезеңде айқындалатын құрылыс жобасын іске асыру құны. "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны ғимараттар мен құрылысжайларды салу құнының объектілердің қуат көрсеткішінің өлшем бірлігіне шаққандағы ірілендірілген көрсеткіштері, желілік құрылысжайдың ұзақтығы және ғимараттың, құрылысжайдың функционалдық мақсаты ескерілетін басқа да техникалық сипаттамалар пайдаланылып айқындалады. Қажет болған кезде ғимараттардың (құрылысжайлардың) конструкциялық элементтері мен жұмыс түрлері (кешендері) құнының ірілендірілген көрсеткіштері (оның ішінде ұқсас объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасы негізінде құнның ірілендірілген көрсеткіштері) қолданылады.";

      5-тармақтың төртінші абзацындағы "мемлекеттік" деген сөз "егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы ережелерде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік" деген сөздермен ауыстырылсын;

      21) 172-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы "96-баптың 5-тармағының үшінші бөлігін," деген сөздер алып тасталсын.

      12. "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      13-бапта:

      сегізінші бөліктегі "Қазақстан Республикасы Үкiмет қаулыларымен," деген сөздер алып тасталсын;

      тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңдарында, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімдерінде адамдардың жекелеген санаттары үшін тегін жол жүру құқығын қоса алғанда, көлік қызметтеріне жеңілдіктер белгіленген кезде жергілікті өкілді және атқарушы органдар қаржыландыру көзін айқындайды, бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тасымалдаушылармен шарт жасасады.".

      13. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 1-тармағы 6) тармақшасындағы "ерекшеліктеріне байланысты қатынастарды реттейді." деген сөздер "ерекшеліктеріне;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға байланысты қатынастарды реттейді.";

      2) 2-бап мынадай мазмұндағы 1-8), 1-9), 48-1) және 48-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-8) бірыңғай есеп айырысу орталығы – уәкілетті орган айқындайтын жұмыс істеу талаптары мен тәртібіне сәйкес келетін, бірыңғай төлем құжатын қалыптастыруды жүзеге асыратын және ақпараттық жүйелер негізінде коммуналдық көрсетілетін қызметтерді берушілер мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін заңды тұлғалар;

      1-9) бірыңғай төлем құжаты – қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, оның негізінде немесе оның көмегімен төлем және (немесе) ақша аудару жүзеге асырылатын, коммуналдық және қосымша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді жүзеге асыру үшін жасалған құжат;";

      "48-1) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның электрондық сатып алу платформасы (бұдан әрі – электрондық платформа) – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде электрондық сатып алуды жүргізуді қамтамасыз ететін, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарт жасасу, сондай-ақ жобаларды іріктеу және мониторингтеу үшін қолжетімділік нүктесін қамтамасыз ету жөніндегі электрондық қызметтерді ұсынатын ақпараттық жүйе;

      48-2) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық операторы (бұдан әрі – техникалық оператор) – мемлекет жарғылық капиталына жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;";

      3) 10-1-бап мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:

      "8) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық операторын айқындайды.";

      4) 10-2-бапта:

      10-15) тармақша "көрсетілетін қызметтер тізбесін" деген сөздерден кейін ", бірыңғай төлем құжатына қойылатын талаптарды" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 10-41), 10-42), 10-43) және 10-44) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-41) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу жобаларының үлгілік конкурстық құжаттамасын әзірлейді және бекітеді;

      10-42) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процестерін мониторингтеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10-43) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін белгілейді;

      10-44) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің салалық орталығын айқындайды;";

      5) 10-6-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Тұтынушыларды қоспағанда, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру субъектілері (қатысушылары) бірыңғай есеп айырысу орталығы қалыптастырған деректерді қоса алғанда, деректерді техникалық операторға береді.";

      6) 1-1-тарау мынадай мазмұндағы 10-10, 10-11, 10-12 және 10-13-баптармен толықтырылсын:

      "10-10-бап. Техникалық оператордың құзыреті

      1. Техникалық оператор:

      1) тиісті салаларда мемлекеттік реттеуді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және салуға қатысатын табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін бірлесіп қалыптастырады;

      2) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және салуға қатысатын жобалар бойынша табиғи монополиялар субъектілері мен жергілікті атқарушы органдардың жобалауға арналған алдын ала өтінімдері мен тапсырмаларын қарайды;

      3) сумен жабдықтау және су бұру, жылу және электр энергиясын өндіру, беру жүйесінің энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуға бағытталған техникалық-технологиялық шешімдердің сараптамасын жүзеге асырады;

      4) жобаларды энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жобалау, салу және (немесе) пайдалану, оның ішінде энергия үнемдеу кезеңдерінде іске асыруды мониторингтеуді жүзеге асырады;

      5) энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдану және жаңа өндірістерді орналастыру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мәселелерін мониторингтеу мен үйлестіруді жүзеге асырады;

      6) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес деректерді "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасына береді;

      7) бірыңғай төлем құжатын қолдануды ұйымдастырады;

      8) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы алынған электрондық ақпараттық ресурстар мен деректерді орталықтандырылған жинауды, талдауды, сақтауды, олардың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      9) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, оның ішінде сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында ақпараттық жүйелерді құруды және қолдап отыруды ұйымдастырады.

      10-11-бап. Электрондық платформа әкімшісі

      1. Электрондық платформа әкімшісі:

      1) электрондық платформаны дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      2) электрондық платформаның жұмыс істеуі мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;

      3) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      4) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      5) уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінімдерді қамтамасыз етуді енгізу және қайтару процесін операциялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді;

      6)  жоспарланатын және іске асырылатын жобаларды ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, жобалар мен өнім берушілерді іріктеу, шарттар жасасу, қазақстандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен электрондық платформаның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық платформада жүзеге асырылады.

      3. Электрондық платформа әкімшісін уәкілетті орган айқындайды.

      10-12-бап. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жобаларды жоспарлау мен іске асырудың негізгі ережелері, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, жобалар мен өнім берушілерді іріктеу, шарттар жасасу, қазақстандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу қағидаттары

      1. Табиғи монополиялар субъектісі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жобаларды іске асыруды уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, жобалар мен өнім берушілерді іріктеу, шарттар жасасу қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру:

      1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны, оның ішінде сатып алынатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасының арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу процесінің ашықтығы мен бүкпесіздігі;

      3) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясат туралы заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қазақстандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу жағдайларынан басқа, әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңдік конкурс негізінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      4) қазақстандық тауарлар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге қолдау көрсету;

      5) "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарт жасаса отырып, екі кезеңдік конкурстың міндеттілігі қағидаттарына негізделеді.

      3. Әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, электрондық платформа әкімшісі, техникалық оператор, даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, уәкілетті орган, қазақстандық тауар өндірушілер сатып алу субъектілері болып табылады

      4. Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу жобалары үшін мердігерлерді іріктеу, конкурстық құжаттаманы бекітудің тәртібі мен өлшемшарттары бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, жобалар мен өнім берушілерді іріктеу, шарттар жасасу қағидаларында айқындалады.

      5. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу қағидаларын өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      10-13-бап. Сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі

      1. Орталықтандырылған және жергілікті сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде сумен жабдықтауды, сондай-ақ сарқынды суларды бұруды қамтамасыз ету процесінде қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар сумен жабдықтаудың және су бұрудың сапасы мен көлемі, жабдықтың, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, су ысырабын азайту жөніндегі шаралар туралы ақпаратты сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы береді.

      2. Суды өндіру, беру және сумен жабдықтау процесіне қатысатын сумен жабдықтау және су бұру объектілерін есепке алу аспаптарымен жарақтандыру, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде суды есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің міндеттері мыналар болып табылады:

      1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласының жай-күйі мен оны дамытудың болжамы туралы ақпаратты жинау, өңдеу;

      2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласын дамытудың болжамын қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      3) сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

      4. Уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін ұйымдастыру, қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларында мыналар:

      1) деректерді жинау, өңдеу, мониторингтеу және талдау тәртібі;

      2) ақпараттандыру объектілеріне қойылатын талаптар;

      3) су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қойылатын талаптар;

      4) технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне қойылатын талаптар;

      5) автоматтандырылған есепке алу жүйесінің жұмыс істеуі үшін серверлік жабдыққа және операциялық жүйеге қойылатын техникалық талаптар;

      6) су ресурстарын есепке алудың ақпараттық жүйесінде ақпаратты беру технологиясына қойылатын талаптар;

      7) суды есепке алуды жүзеге асыратын және есепке алу аспаптарын қосу мүмкіндігін қамтамасыз ететін өлшеу құралдарына, өзге де жабдықтарға және материалдық емес активтерге қойылатын талаптар да айқындалады.

      5. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы субъектілер өздерінің суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қолжетімділік беруге және оларды сумен жабдықтауды және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесімен интеграциялауға міндетті.".

      14. "Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-баптың 18) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 7-1-бап мынадай мазмұндағы 9-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-2) қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге арналған техникалық құжаттаманың, сондай-ақ жоғары тәуекел объектілеріне, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне және ұлттық игілік болып табылатын объектілерге арналған жобалау құжаттамасының сақтандыру қорын жасау, сақтау және пайдалану тәртібін айқындайды;".

      15. "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" 1998 жылғы 1 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-1-бапта:

      тақырыптағы "нышаны" деген сөз "өңірлік рәміздемесі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтағы "өз елтаңбасы" деген сөздер "өз өңірлік рәміздемесі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтағы "Алматы қаласы елтаңбасының сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін және оның бейнесiн" деген сөздер "Алматы қаласының өңірлік рәміздемесінің сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 4-бапта:

      9) тармақшадағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 9-44) және 9-45) тармақшалармен толықтырылсын:

      "9-44) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасына сәйкес Алматы қаласында жол жүрісін ұйымдастыру үшін жауап беретін, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаны айқындайды;

      9-45) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алматы қаласының аумағында орынтұрақ кеңістіктерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаны айқындайды;".

      16. "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 1999 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      4-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

      17. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:

      "16) стационарлық емес объект – егер "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, қызметтер көрсету үшін және (немесе) өзге де мақсаттар үшін пайдаланылатын, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық қосылуының) болуына немесе болмауына қарамастан, жерге берік орнатылмаған уақытша құрылысжай немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;";

      2) 6-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 4-6) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-6) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу;";

      мынадай мазмұндағы 2-15 және 6-1-тармақтармен толықтырылсын:

      "2-15. Республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының құзыретіне:

      1) қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын;

      2) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекіту жатады.";

      "6-1. Алматы қаласын қоспағанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын және коммуналдық меншіктегі арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда ұсталған автомобиль көлік құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені жеткізу (эвакуациялау), есепке алуды және уақытша сақтауды ұйымдастыру қағидаларын бекітеді.";

      3) 27-бапта:

      1-15) тармақшадағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-6-тармақтағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-8 және 1-9-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі:

      1) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау қағидаларын, олардың орнатылу, жұмыс істеу және бөлшектелу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      2) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында халықтың экологиялық қауіпсіздігін және табиғи экологиялық жүйелердің элементтерін қалпына келтіруді қамтамасыз етеді;

      3) "жасыл экономика" саласында жаңа технологияларды ынталандыру шараларын айқындайды.

      1-9. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі:

      1) Астана және Алматы қалаларын қоспағанда, тұрғын секторда қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар және басқа да қоршаулар) орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді;

      3) жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды өткізу үшін қажетті жағдайлар жасайды;

      4) республикалық маңызы бар қалаларды, астананы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      5) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын әзірлейді;

      6) республикалық маңызы бар қаланың, астананың ерекшеліктері ескерілетін қосымша талаптарды ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидалары негізінде әзірленген республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағын абаттандыру қағидаларын әзірлейді және республикалық маңызы бар қаланың, астананың өкілді органына бекітуге ұсынады;

      7) жылумен, энергиямен, сумен және газбен жабдықтау, кәріз және су бұру жүйелерінің, жол қызметінің, қалалық көлік пен байланыстың барлық түрлерінің тиімді жұмыс істеуі, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, санитариялық тазарту, сондай-ақ тұрғын үй қорын инженерлік қамтамасыз ету, пайдалану және жөндеу саласындағы қызметті үйлестіреді;

      8) мүдделі орталық уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша жеке және заңды тұлғалардың республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сауда, ойын-сауық, қонақүй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді.";

      4) 31-баптың 1-тармағының 31) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 35-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 12-11) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-11) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен әкімшілік жазаға тартылған адамдардың қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастырады;".

      18. "Қазақстанның Даму Банкі туралы" 2001 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-бапта:

      тақырыптағы "мақсаттары" деген сөз "негізгі мақсаттары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтағы "мақсаттары" деген сөз "негізгі мақсаттары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтағы "міндеттері" деген сөз "негізгі міндеттері" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Даму Банкі қызметінің негізгі қағидаттары

      Даму Банкі қызметінің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділік, жүйелілік және жеделдік;

      2) Даму Банкінің қызметін жүзеге асырудың ашықтығы;

      3) адалдық және кәсібилік.".

      19. "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 11-баптың 8), 20-22) және 20-23) тармақшалары алып тасталсын;

      2) 12-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 11-1), 13-15) және 13-16) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11-1) Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";

      "13-15) әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялайды;

      13-16) тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу бойынша кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтейді;";

      3) 28-1-бапта:

      3-тармақтағы "уәкілетті орган" және "уәкілетті органның" деген сөздер тиісінше "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы" және "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақтағы "уәкілетті органға" деген сөздер "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына" деген сөздермен ауыстырылсын.

      20. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      7-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1) дизайн-код – елді мекендердің стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған, оның ішінде абаттандыру элементтерін, ақпараттық конструкцияларды (маңдайшаларды, қалалық навигацияны), жарнама конструкцияларын, стационарлық емес объектілерді орналастыруға, көгалдандыруға, жарықтандыруға, қасбеттерге, қоршауларға қатысты талаптар;";

      мынадай мазмұндағы 7-2) және 59-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-2) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тыс жерде орналасқан аумақтардың жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары үшін әзірленетін қала құрылысы құжаттамасы;";

      "59-1) "толық бітіріп берілетін" құрылыс – жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтіру, күрделі жөндеу) және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ жобалар мен техникалық қадағалаудың көрсетілетін қызметтеріне ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді қоспағанда, көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарларды жеткізуді және қызметтер көрсетуді қамтитын объектіні салу және оны пайдалануға беру жөніндегі кешенді жұмыстар;";

      2) 16-бап мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың ерекшелiгi қаржыландыру, жоспарлау, iздестірулер, негiздемелер, жобалау, салу және оған iлеспе көрсетілетін қызметтер, басқару, пайдалану, қызмет көрсету, тараптардың бiрiнiң балансына беру жөнiндегi шарттарды қамту мүмкiндiгiнен көрiнетiн кешендi сипат болып табылады.

      Құрылысқа мемлекеттік инвестицияларды қамтитын жобалар бойынша "толық бітіріп берілетін" құрылысты жоспарлау, қаржыландыру және іске асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.";

      3) 22-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын бекіту;

      1-3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларын бекіту;";

      4) 25-бап мынадай мазмұндағы 1-3 және 1-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-3. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын әзірлейді.

      1-4. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларын әзірлейді.";

      5) 64-1-бапта:

      11-тармақтың екінші бөлігіндегі "Тапсырыс беруші" деген сөздер "Егер осы баптың 11-1-тармағында өзгеше көзделмесе,  тапсырыс беруші" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Мемлекеттік сараптама ұйымы жүргізілген объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындылары бойынша сараптаманың теріс қорытындысын берген жағдайда, берілген теріс сараптамалық қорытынды апелляциялық комиссияға қарау үшін жіберіледі.

      Апелляциялық комиссия мемлекеттік сараптама ұйымының жүргізілген объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындылары бойынша теріс сараптамалық қорытындыларды қарау үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның жанынан тұрақты негізде құрылады.

      Апелляциялық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді. Апелляциялық комиссияның құрамына міндетті түрде сараптамалық ұйымдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер арасынан сарапшылар тартылады. Апелляциялық комиссияны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасары басқарады.

      Апелляциялық комиссия мемлекеттік сараптама ұйымының теріс сараптамалық қорытындысын қарау қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) теріс сараптамалық қорытындыны өзгеріссіз қалдыру;

      2) теріс сараптамалық қорытындының күшін толық немесе бір бөлігінде жою.

      Мемлекеттік сараптама ұйымының теріс сараптамалық қорытындысын қарау аяқталған соң сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган апелляциялық комиссияның шешімін ескере отырып, уәжді шешім шығарады.";

      6) 68-1-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер осы жолданым Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені қолданған кезде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілерге өтеусіз қолжетімділік беруге міндетті.".

      21. "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 17-8) тармақшамен толықтырылсын:

      "17-8) эпизоотиялық мониторинг жүргізу;";

      1-1-тармақ мынадай мазмұндағы 32-7) тармақшамен толықтырылсын:

      "32-7) эпизоотиялық мониторинг жүргізу;".

      22. "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" 2002 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-баптың 3) тармақшасындағы ", әлеуметтiк қызметкерлерге әдiстемелiк көмек көрсетедi" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 8-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) әлеуметтік қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсетеді;".

      23. "Автомобиль көлігі туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 13-бапта:

      23-8) тармақшадағы "автомобиль" деген сөз "республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, автомобиль" деген сөздермен ауыстырылсын;

      23-16) тармақшадағы "әлеуметтік" деген сөз "республикалық маңызы бар қалаларды, астананы және олардың агломерацияларын қоспағанда, әлеуметтік" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 14-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) қалалық қоғамдық көлікте қолданылатын тарифтік саясатты әзірлейді және бекітеді;

      2) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және олардың агломерацияларының аумағында жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді.".

      24. "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-бап мынадай мазмұндағы 5-2-тармақпен толықтырылсын:

      "5-2. Жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардан (ғимараттардан, құрылысжайлардан және олардың кешендерінен) тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде дыбыстық ақпарат арқылы таратуға тыйым салынады.";

      2) 11-бапта:

      1-2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Елді мекендердің автомобиль жолдары мен көшелерінің жүріс бөлігінің, жаяу жүргіншілер тротуарларының және велосипед жолдарының, отырғызу алаңдарының, аялдама пункттерінің жабынына жарнамалық бейнелер және (немесе) ақпарат салу арқылы сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салынады.";

      7-тармақта:

      үшінші бөлікте:

      "Ғимараттардың" деген сөздер "Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі осы Заңның талаптарына сәйкес келмеген, сондай-ақ ғимараттардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      "немесе сыртқы (көрнекi) жарнама объектісінің меншiк иесі белгісіз болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ғимараттардың (құрылысжайлардың) меншiк иелеріне немесе ғимараттарға (құрылысжайларға) өзге заттай құқықтары бар тұлғаларға" деген сөздер "жағдайда, жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнама объектісінің меншік иесіне, ал егер меншік иесі белгісіз болса, ғимараттардың (құрылысжайлардың) меншiк иелеріне немесе ғимараттарға (құрылысжайларға) өзге заттай құқықтары бар тұлғаларға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      төртінші бөліктегі "Сыртқы" деген сөз "Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісінің меншік иесі, сыртқы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 12-бап мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Жарнаманы жеке тұрған тіркемелерде және жартылай тіркемелерде (автомобильге тіркелмеген күйіндегі), сондай-ақ көлік құралдарының макеттерінде орналастыру көлік құралдарында жарнама орналастыру болып табылмайды. Мұндай жарнаманы орналастыру осы Заңның 11-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Көлік құралдарының азайтылған, ұлғайтылған не заттай шамадағы модельдері осы Заңның мақсаттары үшін көлік құралдарының макеттері деп танылады.";

      4) 17-1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) осы Заңның мақсаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарнама саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;";

      5) 17-2-баптың 4-тармағындағы "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңдарында" деген сөздермен ауыстырылсын.

      25. "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" 2003 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      16-1-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі "Үкіметі" деген сөз "Бас Прокуроры" деген сөздермен ауыстырылсын.

      26. "Туристі мiндеттi сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 1-тармағындағы "туристік қызмет саласындағы уәкілетті орган" деген сөздер "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      27. "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 32) тармақшасы "стационарлық емес сауда объектісі – " деген сөздерден кейін "сауда қызметі және (немесе) қоғамдық тамақтандыру үшін пайдаланылатын," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 7-баптың 7) тармақшасы алып тасталсын;

      3) 8-бапта:

      бірінші бөліктің 4) тармақшасы алып тасталсын;

      екінші бөлік 2) тармақшасындағы "мөлшерін бекітеді." деген сөздер "мөлшерін;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) халықтың сауда алаңымен қамтамасыз етілуінің ең төмен нормативтерін бекітеді.";

      4) 14-1-баптың 2-тармағындағы "уәкілетті орган" деген сөздер "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 14-2-баптың 1-тармағындағы "Уәкілетті орган бекіткен халықты" деген сөздер "Халықты" деген сөзбен ауыстырылсын.

      28. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 20-4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "20-4) отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі – уәкілетті органның ақпараттық жүйесі) – жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы электр энергетикасы саласындағы деректерді жинауға, өңдеуге, мониторингтеуге және талдауға арналған уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;";

      2) 5-бапта:

      6-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1) отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыру, жүргізу және оның жұмыс істеуі қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 6-2), 6-3) және 6-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "6-2) отын-энергетика кешені саласындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын айқындайды;

      6-3) отын-энергетика кешені саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәртіпті белгілейді;

      6-4) отын-энергетика кешені саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің салалық орталығын айқындайды;";

      3) мынадай мазмұндағы 10-4-баппен толықтырылсын:

      "10-4-бап. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесі

      1. Электр энергиясын өндіру, беру және электр энергиясымен жабдықтау процесінде қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы электрмен жабдықтаудың сапасы мен көлемі, электр энергиясын тұтыну режимдері, қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын жабдықтың, электр желілерінің және өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және электр энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты береді.

      2. Электр энергиясын өндіру, беру, тұтыну және электр энергиясымен жабдықтау процесіне қатысатын электр энергетикасы объектілерін электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің аспаптарымен жарақтандыру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету уәкілетті орган бекітетін электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі қағидаларында айқындалады.

      3. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесінің міндеттері мыналар болып табылады:

      1) электр энергетикасының жай-күйі және даму болжамы туралы ақпаратты жинау, өңдеу;

      2) электр энергетикасының даму болжамын қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      3) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

      4. Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыру, жүргізу және оның жұмыс істеуі қағидаларында мыналар:

      1) деректерді жинау, өңдеу, мониторингтеу және талдау тәртібі;

      2) электр энергетикасын ақпараттандыру объектілеріне қойылатын талаптар;

      3) энергетикалық ресурстарды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қойылатын талаптар;

      4) технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне қойылатын талаптар;

      5) коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі үшін серверлік жабдыққа және операциялық жүйеге қойылатын техникалық талаптар;

      6) электр энергетикасын есепке алудың интеллектуалдық жүйесінде ақпаратты беру технологиясына қойылатын талаптар;

      7) электр энергетикасын есепке алуды жүзеге асыратын және есепке алу аспаптарын қосу мүмкіндігін қамтамасыз ететін өлшеу құралдарына, өзге де жабдықтарға және материалдық емес активтерге қойылатын талаптар да айқындалады.

      5. Электр энергиясын өндіру, беру және электр энергиясымен жабдықтау процесінде қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздерінің электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қолжетімділік беруге және оларды уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялауға міндетті.".

      29. "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 1-2) және 2-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) балықтың қырылу қаупі бар су айдындарында және (немесе) учаскелерінде аулауды жүзеге асырады және (немесе) ұйымдастырады;";

      "2-1) аңшылық алқаптардың резервтік қорындағы жануарлар дүниесінің өсімін молайтуды, сондай-ақ оны мемлекеттік есепке алуды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;".

      30. "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      7-бапта:

      2-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 1-8), 1-9), 2-2), 2-3) және 2-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-8) мыналарға:

      агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына;

      азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу;

      1-9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте агроөнеркәсіптік кешенді ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;";

      "2-2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ветеринария, өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині жөніндегі мемлекеттік іс-шараларды ұйымдастыру;

      2-3) нормативтік құқықтық базаны, баға, техникалық, кедендік, салықтық, кредиттік, сақтандыру қызметін жетілдіру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы техникалық реттеу және мемлекеттің саясаты мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

      2-4) агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін тауарлық ілгерілету жүйесін ұйымдастыру;";

      12-2) тармақша алып тасталсын;

      12-5) тармақшадағы ", мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) салуды, күтіп-ұстау мен реконструкциялауды" деген сөздер алып тасталсын;

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1), 7-2) және 7-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-1) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) салу, күтіп-ұстау және реконструкциялау;";

      "7-2) азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің бағалары мен нарықтарына мониторинг жүргізу;

      7-3) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе мен тәртіпке сәйкес зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз ету;".

      31. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) мемлекеттік ұлттық табиғи парктер инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарларын әзірлеуге қатысады;".

      32. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-баптың 1-2) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 7-баптың 3-4) тармақшасындағы "әзірлейді" деген сөз "әзірлейді және бекітеді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 8-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) отандастармен мәдени байланыстарды дамытуға жәрдемдеседі;";

      10-1) тармақшадағы "уәкілетті органмен келісу бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      4) 9-бап мынадай мазмұндағы 8-1), 8-2), 8-3), 8-4) және 8-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8-1) бюджет қаражатының көлемі шегінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерін қаржыландыруға арналған мемлекеттік шығармашылық тапсырысты бекітеді;

      8-2) мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың көрсетілетін қызметтерін берушілердің меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерінде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруды қамтамасыз етеді;

      8-3) мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастырудың, оның сапасын бақылаудың және нысаналы игерілуінің барлық кезеңдері мен рәсімдерінің электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда орындалуын қамтамасыз етеді;

      8-4) тиісті аумақта орналасқан мәдениет ұйымдарының қызметіне мониторингті жүзеге асырады және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына ақпаратты, сондай-ақ белгіленген нысандағы статистикалық есептерді ұсынады;

      8-5) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дамытуға жәрдемдеседі;";

      5) 15-баптың 2-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын.

      33. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-бапта:

      тақырып пен бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Астананың өңірлік рәміздемесі

      Астананың өз өңірлік рәміздемесі бар.";

      екінші бөліктегі "Рәміздердің" деген сөз "Өңірлік рәміздеменің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 8-баптың 3) тармақшасы алтыншы абзацындағы "регламентін бекітеді" деген сөздер "регламентін" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы жетінші және сегізінші абзацтармен толықтырылсын:

      "астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағын басқару және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимі қағидаларын;

      астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін бекітеді;";

      3) 9-бапта:

      19-1), 19-2), 19-3), 19-4), 19-5) және 19-14) тармақшалар "келбет беруге" деген сөздерден кейін "және оның дизайн-кодын сақтауға" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 19-15) және 32-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "19-15) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, астанада арнаулы трассаларды және автомобиль жолдарының оларға іргелес жатқан жекелеген учаскелерін, көшелерді және көше-жол желісін жинау және санитариялық тазарту жөніндегі заңды тұлғаны айқындайды;";

      "32-1) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, астанада жол жүрісін ұйымдастыруға, орынтұрақ кеңістігін басқаруға жауап беретін заңды тұлғаны (бұдан әрі – жол жүрісін ұйымдастыру орталығы) айқындайды;";

      37) тармақшадағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 43), 44), 45), 46) және 47) тармақшалармен толықтырылсын:

      "43) астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағын күтіп-ұстау және дамыту үшін жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаны айқындайды;

      44) астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағын басқару және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимі қағидаларын әзірлейді;

      45) астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін әзірлейді;

      46) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 16-бабы 2-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес жер учаскелерін береді;

      47) астанада ұлттық қолөнерді және оның инфрақұрылымын құру және дамыту жөніндегі қызметті үйлестіреді.";

      4) мынадай мазмұндағы 9-3-баппен толықтырылсын:

      "9-3-бап. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы

      1. Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы:

      1) көше, шеткері және коммуналдық автомобиль тұрақтарын (орынтұрақтар, паркингтер), арнаулы (күзетілетін) үй-жайларды, алаңдар мен орынтұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру мен басқаруды;

      2) паркингтердің және орынтұрақтардың пайдаланылуын мониторингтеуді;

      3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдар мен тұрақтарға жеткізуге (эвакуациялауға), оларды уақытша сақтауға, жеткізу (эвакуациялау) және сақтау құнының ақысын төлеуге, әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде көлік құралдарын, тасталған немесе иесіз көлік құралын, заттай дәлелдемелер деп танылған көлік құралдарын, сондай-ақ тыйым салу қолданылған көлік құралдарын арнаулы (күзетілетін) үй-жайларда, алаңдар мен тұрақтарда қайтаруға байланысты қызметті ұйымдастыруды;

      4) бағдаршамдарды басқаруды;

      5) жол жүрісін ұйымдастыру жобалары мен схемаларын әзірлеуді;

      6) көлік ағындарын талдауды, болжауды және басқаруды;

      7) интеллектуалдық көлік жүйелерінің жұмыс істеуін ұйымдастыруды;

      8) көлік инфрақұрылымы объектілерін басқаруды;

      9) жол жүрісін ұйымдастыру және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды;

      10) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша есептер дайындауды;

      11) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлеуді;

      12) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды;

      13) қала құрылысы құжаттамасының аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру бөліміне ұсынымдар әзірлеуді;

      14) жол-көлік оқиғаларынан болған шығындарды және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалған бюджеттік шығындарды, сондай-ақ жолдардағы авариялылық деңгейін төмендетуге қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингтеуге қатысуды;

      15) мыналар:

      жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемаларын және көлік жүйесін кешенді дамыту бағдарламаларын әзірлеу;

      қалалардағы жол жүрісін ақпараттық қамтамасыз ету арқылы елді мекендерге көлік жүктемесін төмендету бойынша шараларды орындауды;

      16) ауыр салмақты және ірі габаритті жүк көлігінің жүруін ұйымдастыруды, оның ішінде оның көше-жол желісі бойынша жүруін әкімшілендіруді;

      17) бұқаралық мәдени, спорттық және өзге де іс-шараларға көліктік қызмет көрсету схемаларын келісуді;

      18) қоғамдық көлік қозғалысының маршруттары мен параметрлерін және аялдама пункттерінің орналасуын келісуді жүзеге асырады.

      2. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын жеткізуді (эвакуациялауды), сақтауды жол жүрісін ұйымдастыру орталығы жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлігінде Астана, Алматы қалаларында жол жүрісін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес ақылы негізде жүзеге асырады.";

      5) 12-бапта:

      1-тармақтағы "(мемлекеттік нормативтік құжаттарға)" деген сөздер "(мемлекеттік нормативтік құжаттарға), астананың бірыңғай сәулеттік келбетіне, дизайн-кодына қойылатын талаптарға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақ "сәулеттік келбет беру", "сәулеттік келбет беруге" деген сөздерден кейін тиісінше "және оның дизайн-кодын сақтауды қамтамасыз ету", "және оның дизайн-кодын сақтауды қамтамасыз етуге" деген сөздермен толықтырылсын;

      6) мынадай мазмұндағы 12-1 және 12-2-баптармен толықтырылсын:

      "12-1-бап. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-коды

      1. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптар дизайн-код объектілеріне қолданылады, оларға астананың ғимараттары мен құрылысжайлары, инженерлік және көлік коммуникациялары, стационарлық емес объектілері, инфрақұрылым объектілері, астананың тұрғын, қоғамдық, өнеркәсіптік, рекреациялық және басқа да функционалдық аймақтарындағы олардың кешендері, аяқталмаған құрылыс объектілері, көше-жол желісі, сондай-ақ сыртқы безендіру, жарықтандыру және иллюминация объектілері, жарнама объектілері, маңдайшалар мен нұсқағыштар да жатады.

      2. Астана аумағын дамыту мен құрылысын салуды ұйымдастыру, қала құрылысын жоспарлау астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      3. Дизайн-код объектілерін салу, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, жөндеу, консервациялау және кейіннен кәдеге жарату, уақытша немесе тұрақты орналастыру, сондай-ақ осы жұмыс түрлерін ұйымдастыру, аумақты инженерлік тұрғыдан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және сыртқы безендіру астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптарға сәйкес астананың дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына қойылатын талаптардың сақталуын бағалауды астананың дизайн-кодын қалыптастыру мен әкімшілендіруге жауапты ұйым жүзеге асырады.

      5. Қалалық инфрақұрылымды ұйымдастыру кезінде жол жүрісіне қатысушыларды, мүгедектігі бар адамдарды, кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлерді қоса алғанда, азаматтардың барлық санаттарының оған жайлы қол жеткізуін қамтамасыз ететін астананың жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымының тиісті жай-күйінен көрінетін қолжетімді орта қамтамасыз етілуге тиіс.

      12-2-бап. Астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағында орналасқан табиғи объектілерді ерекше қорғау режимінің ерекшеліктері

      1. Астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағы деп астана аумағы шегіндегі қорғау, мәдени-сауықтыру, рекреациялық және туристік функцияларды орындайтын аймақ түсініледі.

      2. Астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағының шекарасын өзгерту туралы шешімді астананың жергілікті атқарушы органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      3. Астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағы айналасындағы және оның шекарасындағы жерлерде қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету үшін осы аумақтардың экологиялық жүйелерінің жай-күйіне және қалпына келтірілуіне теріс әсер ететін кез келген қызметке, оның ішінде мал жаюға, үй жануарларын айдауға, қоқысты жинақтауға, топырақ қабатын бұзуға, аң аулауға, жануарларды аулау мен жоюға, олардың тіршілік ету ортасы мен жағдайларын бұзуға, қорғалатын ландшафттардың табиғи келбетінің өзгеруіне немесе экологиялық жүйелер тұрақтылығының бұзылуына әкелуі мүмкін өзге де қызметке тыйым салынады.

      4. Астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағының табиғи ресурстарын пайдалану және қорғау астананың санитариялық-қорғау жасыл аймағын басқару және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимі қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.".

      34. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-бапта:

      2-тармақтың 22) тармақшасындағы "білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      3-тармақтың 25) тармақшасындағы "білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 6-1-баптың 2-тармағындағы "білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      3) 44-бапта:

      3-тармақтың бірінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мәдениет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақтың екінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды" деген сөздер "ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мәдениет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындайды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 65-баптың 4-тармағының екінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасы Үкіметінің" деген сөздер "білім беру саласындағы уәкілетті органның" деген сөздермен ауыстырылсын.

      35. "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      7-бапта:

      тақырып "және астананың" деген сөздерден кейін "және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың)" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу үшін жер учаскелерін резервке қояды және береді.".

      36. "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2010 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-2) және 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-2) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінде заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді ендіреді және іске асырады, сондай-ақ бағдарламалар мен әдістемелерді іске асырудың, сондай-ақ зерттеу қорытындыларының сапасын қамтамасыз ете отырып, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің құқықтық сауаттылығы мен қорғалу деңгейіне зерттеулер жүргізеді;

      4-3) мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері арасында құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі іс-шараларды өткізеді;";

      2) 11-бапта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінде заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ оларды іске асыру мониторингін және білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің құқықтық сауаттылығы мен қорғалу деңгейіне зерттеулер жүргізу мониторингін жүзеге асырады;";

      3) тармақша алып тасталсын.

      37. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      139-баптың 7-тармағында:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік кәсіпорынға жұмысқа қабылдайды және оның қызметкерлерімен еңбек шартын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және егер осы Заңда және кәсіпорынның жарғысында өзгеше көзделмесе, оларға жаза қолданады.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік кәсіпорынның жұмыскерлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін олармен жасалған еңбек шарты тараптардың өзара келісімі бойынша, жалпы негіздердегі конкурс арқылы мерзімді жыл сайын бір жылға ұзарту құқығымен бұзылады.".

      38. "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) көшіп келушіні тіркеу – Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының көшіп келушінің уақытша болатын жері мен мерзімі туралы мәліметтерді ақпараттық жүйеде белгілеуі;";

      2) 6-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Қазақстан Республикасына күнтізбелік отыз күннен артық мерзімге келетін көшіп келушілер, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткеннен кейін күнтізбелік отызыншы күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті.

      Көшіп келушіні тіркеу кезінде мәлімделген мекенжай өзгерген кезде көшіп келуші бес жұмыс күні ішінде жаңа болатын мекенжайы бойынша тіркелуге міндетті.";

      3) 6-1-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте көшіп келушіге уақытша тұруға рұқсатты немесе визаны ресімдеу кезінде қабылдаушы тарап көрсеткен уақытша болатын (тұратын) жерінен басқа жерде, сондай-ақ көшіп келушіні тіркеу кезінде мәлімделген жерден басқа жерде тұруға тыйым салынады.";

      4) 9-бапта:

      4-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1) шетелдіктердің Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдейді, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдайды және келіседі, сондай-ақ осы Заңның 48-бабында көзделген бас тарту үшін негіздер болған кезде шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруге шақырулар беруден бас тартады;";

      мынадай мазмұндағы 6-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-4) көшіп келушілерді тіркеу тәртібін айқындайды;";

      15) тармақша "шығаруды" деген сөзден кейін ", оның ішінде "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес астананың жергілікті өкілді органы бекітетін астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін ескере отырып, астанада уақытша болатын (тұратын) жерге келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді, сондай-ақ есепке қоюды" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 19-2-бапта:

      "немесе ұзартуға" деген сөздер алып тасталсын;

      "астананың" деген сөзден кейін "халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі" деген сөздермен толықтырылсын;

      ", оның құрамына мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді" деген сөздер алып тасталсын;

      6) 20-баптағы "және ұзартудан" деген сөздер алып тасталсын;

      7) 51-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес астананың жергілікті өкілді органы бекітетін астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Тұрғынжай меншік иесінің жұбайын (зайыбын), жекжаттарын, жақын туыстарын, олардың жұбайлары (зайыптары) мен балаларын, өзінің қамқорлығындағы немесе қамқоршылығындағы адамдарды, сондай-ақ астанада күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерді тіркейтін жағдайларды қоспағанда, осы тұрғынжайда тіркелген, жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын адамдар болмаған жағдайда, астананың аумағында белгіленген нормативтерден асырып тіркеуге жол берілмейді;".

      39. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау іс-шараларын жүзеге асырады;".

      40. "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-бапта:

      3) тармақшада:

      "схемасын" деген сөзден кейін "және өңірлік схемаларын" деген сөздермен толықтырылсын;

      "әзірлейді" деген сөзден кейін "және бекітеді" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) тармақшадағы "іске асырылуын бақылауды" деген сөздер "іске асырылуын мониторингтеуді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 7-баптың 5-тармағында:

      1-6) тармақша "тізілімін," деген сөзден кейін "сұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) тармақша "қатысады," деген сөзден кейін "сондай-ақ Қазақстан Республикасын газдандырудың өңірлік схемасының іске асырылуын мониторингтеуді жүзеге асырады" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасын газдандырудың өңірлік схемасын әзірлейді және бекітеді;";

      3) 10-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары сұйытылған мұнай газын өндірушілерді есепке алуды жүргізеді және олардың тізбесін өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.".

      41. "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) деректерді қашықтан беретін есепке алу аспаптары – деректерді автоматты режимде беретін, энергетикалық ресурстарды және суды тұтынуды есепке алуға арналған техникалық құрылғылар;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым;";

      14-1) және 14-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:  

      "14-1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе (бұдан әрі – бірыңғай ақпараттық жүйе) – Қазақстан Республикасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі ақпаратты қамтитын, уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;

      14-2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы менеджмент (бұдан әрі – энергия менеджменті) – объектінің энергетикалық ресурстарын ұтымды тұтынуды қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған әкімшілік іс-қимылдар кешені;";

      мынадай мазмұндағы 14-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "14-3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы сәйкестік сертификаты – сәйкестікті растау жөніндегі орган беретін, энергия аудиторының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жұмыстарды орындау құзыреттілігін куәландыратын құжат;";

      2) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:

      "8-1-бап. Бірыңғай ақпараттық жүйе

      1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша ақпарат қалыптастыру және алмасу, жеке және заңды тұлғалардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ақпаратты орналастыруы, сондай-ақ басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдарды энергетикалық ресурстар мен суды тұтынуды мониторингтеу және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласында болжау үшін толық және анық ақпаратпен қамтамасыз ету бірыңғай ақпараттық жүйені жүргізудің мақсаттары болып табылады.

      2. Бірыңғай ақпараттық жүйені әзірлеуді, оның жұмыс істеуін, оны қолдап отыруды және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялауды энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады.";

      3) 9-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыру, сондай-ақ экономика салаларының энергия сыйымдылығын, жалпы ішкі өнімді және Қазақстан Республикасында энергетикалық ресурстар мен суды пайдалану тиімділігін талдау және болжау үшін ақпарат көздері мыналар болып табылады:

      1) ақпараттық жүйелер, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің ресурстарын жоспарлау жүйелері, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергетикалық ресурстар мен су тұтынуды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелері;

      2) деректерді қашықтан беретін есепке алу аспаптарынан, энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың және сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдардың энергетикалық ресурстар мен суды есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінен, байланыс операторларынан (телекоммуникациялар желісі иелерінен) алынған деректер, оның ішінде отын-энергетикалық кешенді басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінен алынған ақпарат;

      3) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес өзге де ақпарат көздері.";

      4) 20-бап мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) осы Заңда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.".

      42. "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 11-баптың 62) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 12-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 81-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "81-1) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларын бекітеді;";

      3) 58-баптың жетінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер "сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган" деген сөздермен ауыстырылсын.

      43. "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      44-1) және 44-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "44-1) орынтұрақ кеңістігі – көлік құралының аялдауы және (немесе) тоқтап тұруы үшін, оның ішінде автомобиль жолдарынан тыс жерде арнайы бөлінген аумақ немесе орын;

      44-2) өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің паспорты – жұмыс көлемі елу текше сантиметрден жоғары іштен жану қозғалтқышы немесе ең жоғары (жиынтық) қуаты төрт киловаттан асатын электрлі қозғалтқышы (электрлі қозғалтқыштары) бар тракторларға, өздігінен жүретін жол-құрылыс, коммуналдық, ауыл шаруашылығы машиналары мен жер үстінде рельссіз жүретін басқа да механикалық көлік құралдарына (жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жол жүруге арналған, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын автомотокөлік құралдарын қоспағанда) және олардың тіркемелеріне берілетін паспорт;";

      мынадай мазмұндағы 44-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "44-3) өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорты – өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінде ресімделген өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің паспорты;";

      2) 17-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1 және 3-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Астана және Алматы қалаларының жергілікті өкілді органдары:

      1) мыналарды:

      көлік құралдарының аялдау немесе тоқтап тұру, оның ішінде орынтұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі қағидаларын;

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес ұсталған көлік құралдарын арнаулы алаңдар мен тұрақтарға жеткізуді (эвакуациялауды), оларды уақытша сақтауды, көлік құралдарын жеткізу (эвакуациялау) және сақтау, қайтару құнын төлеуді;

      Астана және Алматы қалаларында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар және басқа да қоршаулар) орнатуды қоса алғанда, жол жүрісі қағидаларында реттелмеген бөлікте Астана және Алматы қалаларында жол жүрісін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      2) коммуналдық меншіктегі арнаулы алаңдарға, тұрақтарға көлік құралдарын жеткізгені (эвакуациялағаны) және уақытша сақтағаны үшін төлемақы мөлшерін айқындайды.";

      "3. Республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

      1) ақылы тұрақтарды (орынтұрақтарды) ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) ақылы тұрақтарды (орынтұрақтарды) ұйымдастырады.".

      44. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      11-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру;";

      мынадай мазмұндағы 1-2) және 12-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалар туралы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;";

      "12-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;".

      45. "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      8-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларының тізілімін жүргізеді;";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 14-5), 14-6), 14-7) және 14-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "14-5) халық үшін спорт секцияларының жұмысын қамтамасыз ету және спорттық іс-шараларды өткізу мақсатында білім беру ұйымдарының спорт құрылысжайларын сабақтан тыс және кешкі уақытта пайдалану жөнінде шаралар қабылдайды;

      14-6) бюджет қаражатының көлемдері шегінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын қаржыландыруға мемлекеттік спорттық тапсырысты бекітеді;

      14-7) мемлекеттік спорттық тапсырыстың көрсетілетін қызметтерін берушілердің меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыруды қамтамасыз етеді;

      14-8) мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастырудың, оның сапасын бақылаудың және мақсатты игерілуінің барлық кезеңі мен рәсімдерінің электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда орындалуын қамтамасыз етеді;".

      46. "Мемлекеттiк жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      19-баптың 2-тармағы:

      мынадай мазмұндағы 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-2) спорт түрлері, оның ішінде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері, бұқаралық спорт бойынша жастардың қатысуымен жарыстар өткізеді;

      2-3) дене шынықтыру және спорт саласындағы білім мен жетістіктерді, саламатты өмір салты қағидаттарын, оның ішінде жастар арасынан шыққан жоғары сыныпты спортшылардың қатысуымен насихаттауды жүзеге асырады;";

      6-1) тармақша "мәдениет," деген сөзден кейін "дене шынықтыру, спорт," деген сөздермен толықтырылсын.

      47. "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      14-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) ауыл шаруашылығы кооперациясы үшін кадрлар даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға және ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі;".

      48. "Өзін-өзі реттеу туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      6-бапта:

      1)-тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік және іске асыру функцияларын жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзін-өзі реттеу туралы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;";

      "4-2) осы Заңның мақсаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзін-өзі реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;".

      49. "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-бапта:

      1-тармақ "есепке алу бойынша көрсету" деген сөздерден кейін "және (немесе) азайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақтың 4) тармақшасы "есепке алу бойынша көрсету" деген сөздерден кейін "және (немесе) азайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 7-бапта:

      2-тармақта:

      бірінші абзацтағы "бұзушылықтардың мынадай түрлерін" деген сөздер "мыналарды да" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші абзацтағы "негізсіз жұмсауға" деген сөздер "негізсіз және (немесе) мақсатсыз пайдалануға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3-тармақ "есепке алу бойынша көрсету" деген сөздерден кейін "және (немесе) қаржыландыру жоспарын азайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 12-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) бюджеттен тыс қорлардың;";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) бюджеттен тыс қорларға;";

      4) 21-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "бюджеттің атқарылуы туралы есептерді дайындау" деген сөздер "бюджет жобасын алдын ала бағалау, кейіннен бағалау қорытындылары бойынша қорытындылар және бюджеттің атқарылуын ағымдағы бағалау бойынша есепті ақпарат дайындау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 27-бапта:

      1-тармақтағы ", нақтыланған республикалық бюджет жобасын" деген сөздер алып тасталсын:

      3-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      6) 30-баптың 5-тармағы "есепке алу бойынша көрсету" деген сөздерден кейін "және (немесе) азайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 37-бапта:

      2-тармақтың 6-1) тармақшасындағы "мүдделерін мемлекеттік аудиттің аудиторлық іс-шаралары қозғаған кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де тұлғалардың анықталған қаржылық бұзушылықтары" деген сөздер "аудиторлық есепті алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мүдделерін мемлекеттік аудиттің аудиторлық іс-шаралары қозғаған кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де тұлғалардың анықталған бұзушылықтары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3.  Мүдделері аудиторлық іс-шаралармен қозғалған кәсіпкерлік субъектілері және өзге де тұлғалар анықталған бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өз ұстанымын (қарсылықтарын) мемлекеттік аудит объектісіне жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұлғалардың ұстанымын (қарсылықтарын) мемлекеттік аудит объектісі осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мерзім шегінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына жібереді және ол мемлекеттік аудит объектісінің қарсылықтарымен бірге қаралады.";

      8) 39-баптың 2-тармағындағы "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен бір өкіл, Қазақстан Республикасының Үкіметінен бір өкіл, Жоғары аудиторлық палатадан бес өкіл, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органнан бес өкіл" деген сөздер "Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Жоғары аудиторлық палатаның, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның өкілдері" деген сөздермен ауыстырылсын.

      50. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      27-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Конкурс Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасына сәйкес әңгімелесу кезеңі алдында конкурсқа қатысушыларды келісудің қосымша кезеңін қамтиды.".

      51. "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      3-баптың 1-тармағы "және құрылыс" деген сөздер "және (немесе) құрылыс" деген сөзбен ауыстырылсын.

      52. "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 8-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Бағалау туралы есеп бағалау жүргізуге арналған шартты орындау нәтижесі болып табылады.";

      2) 19-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) бағалаушы бағалаушылар палатасының жарғысын, бағалаушының іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін бұзған жағдайда тоқтатылады.

      Бұл ретте бағалаушыға бағалаушылар палатасынан бағалаушыны шығару туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде басқа бағалаушылар палатасына кіруге тыйым салынады;";

      3) 20-бапта:

      2-тармақтың екінші бөлігінің 8) тармақшасы алып тасталсын;

      4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерден айыру туралы мәселені қарау;";

      4) 23-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі "жоғары білімі" деген сөздер ""Бағалау" мамандығы бойынша жоғары білімі және (немесе) жоғары техникалық немесе экономикалық білімі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 25-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:

      1) бағалаушының қызметін бақылау нәтижелері бойынша немесе жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау қорытындылары бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бағалаушылар палатасының бастамасымен;

      2) азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде сот актісі заңды күшіне енгенде жүзеге асырылады.

      "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру кезеңі "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру мерзімінің кезеңінде оқу курсынан өте отырып, алты айды құрайды.";

      4-тармақта:

      бірінші абзацтағы "Бағалаушылар палатасы", "айыруды" деген сөздер тиісінше "Бағалаушылардың алқалы басқару органының шешімімен", "айыру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші және бесінші абзацтардағы "бірнеше рет бұзған", "жүзеге асырады" деген сөздер тиісінше "екі реттен артық бұзған", "жүзеге асырылады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7-тармақтың 1) тармақшасындағы "бірнеше рет бұзған" деген сөздер "екі реттен артық бұзған" деген сөздермен ауыстырылсын.

      53. "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары, міндеттері және қағидаттары

      1. Осы Заңның негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу;

      2) табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындау.

      2. Осы Заңның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      2) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;

      3) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру.

      3. Осы Заңның негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) тарифтің негізділігі;

      2) табиғи монополиялар және табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтер көрсетуі салаларындағы мемлекеттік реттеудің жариялылығы мен ашықтығы.";

      2) 4-баптың 16) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "топырақтың жылуын, жерасты суларын, өзендерді, су айдындарын, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылысжайларының сарқынды суларын пайдалана отырып өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде ысырапты өтеу үшін электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру, сондай-ақ жылу энергиясын өндіру, беру және тарату және өткізу салаларындағы табиғи монополиялар субъектiлерi үшiн – электр қуатының жүктеме көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтер ескерілген электр энергиясы;";

      3) 8-бап мынадай мазмұндағы 33-1) және 33-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "33-1) энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу жобалары бойынша қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін қаржыландыру және (немесе) субсидиялау тетігін айқындау үшін табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      33-2) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен, жылу энергетикасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен және электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісу бойынша энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын жобалар бойынша табиғи монополиялар субъектілері алатын қарыздар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      3) 10-бап мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен, жылу энергетикасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен және электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен, осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 3), 4) және 14) тармақшаларында көзделген салалардағы табиғи монополиялар субъектілерімен және энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен салу жөніндегі инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын айқындай отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін қалыптастырады;";

      4) 15-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 3), 4) және 14) тармақшаларында көзделген салалардағы табиғи монополия субъектісінің энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде елді мекендерде бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, қолдау және жаңа активтер құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған қарыз қаражатын қайтаруын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган тарифті бекітудің алдағы кезеңіне және табиғи монополия субъектісі борышты өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындағанға дейін тарифті бекітудің кейінгі кезеңдеріне арналған шығындарды тарифке енгізуді қамтамасыз етеді.

      Бұл ретте, қарыз шартының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің тартылған қарыздары бойынша бекітілген тарифтегі шығындар көлемі өзгертілуге жатпайды.

      Табиғи монополия субъектісі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бекітілген инвестициялық бағдарлама мен тарифтік сметаның іс-шаралары орындалған кезде қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға міндетті.";

      22-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алуға, орнатуға, салыстырып тексеруге және ағымдағы пайдалануға арналған шығындарды жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және іске асыру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің тарифіне ендіру тәртібі;";

      5) 21-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Уәкілетті органның және (немесе) тиісті салаларда мемлекеттік реттеуді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың табиғи монополия субъектісінің энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтінішін қарау тәртібі мен мерзімдері тарифті қалыптастыру қағидаларында белгіленеді.";

      6) 22-бапта:

      1-тармақта:

      4) тармақша "инвестициялық бағдарламаның" деген сөздерден кейін "және (немесе) шығындары бекітілген инвестициялық бағдарламада көзделген жасалған қарыз шарты талаптарының" деген сөздермен толықтырылсын;

      9-2) тармақшадағы "9-3) тармақшасында" деген сөздер "9-3) және 9-4) тармақшаларында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 9-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-4) жыл статистикасының деректері бойынша қалыптасқан өңірдегі (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша бір жұмыскердің номиналдық жалақысы республика бойынша экономикалық қызмет түрлері бойынша бір жұмыскердің номиналдық жалақысының деңгейіне жетпеген жағдайда, бекітілген тарифтік сметада Қазақстан Республикасы бойынша экономикалық қызмет түрлері бойынша тиісті деңгейге жеткенге дейін бір жұмыскердің жалақысы деңгейін жылына жиырма пайыздан асырмай ұлғайту есеп-қисабы қолданылады;";

      2-тармақтағы "және 10)" деген сөздер ", 9-4) және 10)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Уәкілетті орган бекіткен тарифті бекітілген энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген оның қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту негізі бойынша табиғи монополия субъектісі уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге өтінім беру жөнінде қосымша бастамамен бір жыл ішінде жүгінуге құқылы.";

      4-тармақтың 1) тармақшасындағы "және 9-3)" деген сөздер "9-3) және 9-4)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 23-бап мынадай мазмұндағы 2-2 және 2-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "2-2. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, жобалар мен өнім берушілерді іріктеу, шарттар жасасу, қазақстандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның электрондық сатып алу платформасында жүзеге асырылады.

      2-3. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға байланысты құқықтық қатынастардың ерекшеліктері мен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында айқындалады, оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды және энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аяқталғанға дейін қолданылады.

      Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-12-бабына сәйкес белгіленеді.";

      8) 26-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 3-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-2) құрылыс объектілерін қабылдау және пайдалануға беру жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алу, орнату, салыстырып тексеру және пайдалану шығындарын тарифке енгізуге;";

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 30-1) және 30-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "30-1) құрылыс объектілерін қабылдау және пайдалануға беру жағдайларын қоспағанда, бұрын пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үйлердің осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес үйге ортақ жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алуға, орнатуға, оларға салыстырып тексеру жүргізуге және ағымдағы пайдалануға;

      30-2) көппәтерлі тұрғын үйдің үйге ортақ жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспабы пайдалануға берілгеннен кейін оны өтеусіз негізде өз балансына қабылдауға;".

      54. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 3) тармақшасындағы "мемлекеттік" деген сөз "республикалық" деген сөзбен ауыстырылсын.

      55. "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      9-бапта:

      1-тармақтың 2), 3) және 6) тармақшалары алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында:

      1) үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды;

      2) жануарларға арналған панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды жаңа иелеріне беруге, адасып қалған жануарлардың иелерін іздеуге, үй жануарларын стерилизациялау қажеттілігі туралы хабарлауға бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастырады;

      3) қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастырады.

      1-2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:

      1) үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды;

      2) жануарларға арналған панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды жаңа иелеріне беруге, адасып қалған жануарлардың иелерін іздеуге, үй жануарларын стерилизациялау қажеттілігі туралы хабарлауға бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастырады;

      3) қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастырады.".

      56. "Агломерацияларды дамыту туралы" 2023 жылғы 1 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      6-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік және іске асыру функцияларын жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) және 8-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес агломерацияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;";

      "8-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес агломерацияларды дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;".

      57. "Жылу энергетикасы туралы" 2024 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 36) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "36) отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі – уәкілетті органның ақпараттық жүйесі) – жылумен жабдықтау субъектілерінің уәкілетті органмен және өзге де мемлекеттік органдармен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы жылу энергетикасы саласындағы отын-энергетика кешенінің деректерін жинауға, өңдеуге, мониторингтеуге және талдауға арналған уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;";

      2) мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:

      "21-1-бап. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесі

      1. Жылу энергиясын өндіру, беру және жылу энергиясымен жабдықтау процесінде қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жылумен жабдықтаудың сапасы мен көлемдері, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жабдықтардың, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпарат береді.

      2. Жылу энергиясын өндіру, беру және жылу энергиясымен жабдықтау процесіне қатысатын жылу энергетикасы объектілерін жылу энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің аспаптарымен жарақтандыру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету уәкілетті орган бекітетін жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларында айқындалады.

      3. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесінің міндеттері мыналар болып табылады:

      1) жылу энергетикасының жай-күйі мен даму болжамы туралы ақпаратты жинау, өңдеу;

      2) жылу энергетикасының даму болжамын қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      3) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

      4. Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыру, жүргізу және оның жұмыс істеуі қағидаларында мыналар:

      1) деректерді жинау, өңдеу, мониторингтеу және талдау тәртібі;

      2) жылу энергетикасын ақпараттандыру объектілеріне қойылатын талаптар;

      3) энергетикалық ресурстарды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қойылатын талаптар;

      4) технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне қойылатын талаптар;

      5) коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі үшін серверлік жабдыққа және операциялық жүйеге қойылатын техникалық талаптар;

      6) жылу энергетикасын есепке алудың интеллектуалдық жүйесінде ақпарат беру технологиясына қойылатын талаптар;

      7) жылу энергиясын есепке алуды жүзеге асыратын, есепке алу аспаптарын қосу мүмкіндігін қамтамасыз ететін өлшеу құралдарына, өзге де жабдықтарға және материалдық емес активтерге қойылатын талаптар да айқындалады.

      5. Жылу энергетикасы саласындағы отын-энергетика кешенінің субъектілері өздерінің жылу энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қолжетімділік беруге және оларды уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграциялауға міндетті.".

      58. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы" 2025 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 35-тармағының 11) тармақшасында:

      үшінші абзацтағы ", нақтыланған облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің жобаларын" деген сөздер алып тасталсын;

      алтыншы абзац алып тасталсын.

      2-бап. Осы Заң:

      1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2, 6 және 8-тармақтарын, 10-тармағының 3) және 4) тармақшаларын, 17-тармағының 2) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 19, 21, 22 және 26-тармақтарын, 27-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларын, 30 және 31-тармақтарын, 32-тармағының 3) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын және 4) тармақшасын, 35, 36, 39, 40, 45, 46, 47, 54 және 55-тармақтарын;

      2) 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 17-тармағының 5) тармақшасын;

      3) 2025 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 9) тармақшасын, 33-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацын, 3) тармақшасының сегізінші және тоғызыншы абзацтарын және 6) тармақшасының сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші және он екінші абзацтарын;

      4) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 29-тармағын;

      5) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 20-тармағының 5) және 6) тармақшаларын және 37-тармағын;

      6) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілетін 1-баптың 42-тармағының 1) және 2) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады