Коммуналдық қалдықтарды игеру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 30 қыкүйектегі № 247-Ө бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 365-бабы 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу бойынша жергілікті атқарушы органдарға арналған әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 154 - ө бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Коммуналдық қалдықтарды игеру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі әдістеме бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр Ә. Қуантыров

  Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрінің
2026 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 247 бұйрығына
қосымша

Коммуналдық қалдықтарды игеру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі әдістеме

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Коммуналдық қалдықтарды игеру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 365-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірлеуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында әзірленді және оның күші астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына қолданылады.

      2. Осы Әдістемеде Кодексте, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ұғымдар қолданылады.

2-тарау. Бағдарламаны әзірлеу тәртібі және оның мазмұны

      3. Жергілікті атқарушы органдар Кодекстің 365-бабының 4-тармағына сәйкес Бағдарламаны әзірлеуді ұйымдастырады, жергілікті өкілді органдардың бекітуіне енгізеді және орындалуын қамтамасыз етеді.

      4. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаны әзірлеу барысында оны жария талқылауды ұйымдастыру арқылы жұртшылықтың, кәсіпкерлік субьектілерінің және салалық бірлестіктердің қатысуын қамтамасыз етеді.

      5. Бағдарлама ұлттық стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, аумақтарды дамыту жоспарларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмалары ескеріле отырып әзірленеді.

      6. Бағдарлама Кодекске сәйкес, оның ішінде Кодекстің 329-бабында белгіленген қалдықтарды басқару иерархиясы қағидаты негізінде әзірленеді.

      7. Бағдарлама жоспарлы кезеңге, кемінде бес жыл мерзімге әзірленеді.

      8. Бағдарлама астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің сипаттамасын қамтиды.

      Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің сипаттамасы мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) коммуналдық қалдықтардың пайда болуының нақты және болжамды көлемдері, олардың морфологиялық құрамы, пайда болу көздері, жинақталу кезеңділігі, жіктелуі және пайда болуының маусымдық ерекшеліктері туралы;

      2) коммуналдық қалдықтардың қолданыстағы қозғалыс ағындары, оларды жинақтау, жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру, залалсыздандыру және жою тәсілдері, сондай-ақ тиісті операцияларға бағытталатын қалдықтардың үлесі туралы;

      3) халықтың коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі көрсетілетін қызметтермен қамтылуы туралы;

      4) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қолданыстағы инфрақұрылым туралы, оның ішінде объектілердің саны, олардың жобалық қуаттылығы, жүктелу деңгейі, техникалық жай-күйі, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі және тиісті аумақтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткіліктілігі туралы;

      5) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі туралы, оның ішінде қалдықтармен жұмыс істеу объектілері, контейнерлік парк, арнайы техника, сұрыптау желілері, қайта өңдеу қуаттары және қалдықтарды көму объектілері туралы.

      Жаңа инфрақұрылымды құру қажеттілігі кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы және жоспарланып отырған қуаттарын, олардың нақты жүктеме деңгейін, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды шарттық негізде пайдалану мүмкіндігін ескере отырып айқындалады.

      Кодекстің 365 бабына сәйкес коммуналдық қалдықтар деп мынадай тұтыну қалдықтары түсініледі: өзгелермен қатар қағаз бен картонды, шыныны, металдарды, пластмассаны, органикалық қалдықтарды, сүректі, тоқыманы, қаптаманы, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтарды, батареялар мен аккумуляторларды қоса алғанда, үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары; егер аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса, осындай қалдықтар.

      Бағдарламада халықтан тұрғын үйлерде түзілетін, табиғи қалдықтар, тұрғын үйлерде халық пешпен жылытуды пайдаланған кезде түзілетін күл, ірі көлемді, құрылыс және медициналық қалдықтар коммуналдық қалдықтармен бірдей есепке алынады.

      Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің сипаттамасы ресми статистикалық деректер, коммуналдық қалдықтарды түгендеу нәтижелері, жергілікті атқарушы органдардың және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілердің мәліметтері негізінде қалыптастырылады және Бағдарламаның мақсаттарын, міндеттерін, нысаналы индикаторларын және іс-шараларын, сондай-ақ тиісті аумақта коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту қажеттілігін айқындау үшін негіз болып табылады.

      9. Бағдарламаға мыналар енгізіледі:

      1) қамтылатын аумақтың географиялық ерекшеліктері туралы ақпарат;

      2) коммуналдық қалдықтарды басқару инфрақұрылымы, атап айтқанда коммуналдық қалдықтарды көму орындары, оларды жабу және (немесе) рекультивациялау жөніндегі шаралар, сондай-ақ сұрыптауға және қайта өңдеуге әлеуетті жарамды көмілген қалдықтардың үлесін бағалау, қалдықтардың рұқсатсыз жинақталу орындары туралы ақпарат;

      3) халықтан құрылыс, ірі габаритті, тамақ, медициналық қалдықтарды, пайдаланылған электрлік және электрондық жабдықтарды және Кодекстің 351-бабында көзделген өзге де қалдықтарды жинау және әкету бойынша қалыптасқан жағдай, осы қалдық түрлерін басқару инфрақұрылымы және оларды қалпына келтіру жүйесін дамыту жөніндегі қолданыстағы шаралар туралы ақпарат.

      Құрылыс қалдықтары бойынша олардың түзілу көлемін (құрылыс және бұзу қалдықтары), оларды жинауға, сұрыптауға және қайта өңдеуге арналған қолданыстағы инфрақұрылымды, сондай-ақ алынған материалдарды қайта пайдалану мүмкіндігін бағалау көзделеді;

      4) халық саны және оның өсу серпіні туралы ақпарат;

      5) коммуналдық қалдықтарды басқаруға байланысты ұйымдастырушылық мәселелер, оның ішінде қалдықтардың түзілуінің алдын алу және оларды азайту, қалдықтарды бөлек жинауды (құрғақ, ылғалды, қауіпті, құрылыс және т.б.), тасымалдауды, сұрыптауды, қалпына келтіруді және (немесе) жоюды ұйымдастыру тәртібі; коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік және жеке субъектілер арасындағы жауапкершілікті бөлу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері үшін қажетті инфрақұрылымды құру мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ақпарат;

      6) қалдықтардың түзілуінің алдын алу, оларды азайту, коммуналдық қалдықтарды қайта пайдалану мен қайта өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан жұмыстар туралы халықты хабардар ету мақсатында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және ақпаратты көпшілікке немесе қалдық түзушілердің жекелеген топтарына жеткізу тәсілдері.

      7) қалдықтардың пайда болуын болдырмау және оларды азайту, коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпараттандыру мақсатында қалың жұртшылыққа немесе қалдықтарды түзушілердің нақты бір тобына бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және ақпарат ұсыну тәсілдері.

      10. Бағдарламаны мынадай бөлімдердерді қамтиды:

      1) Кіріспе – өңір туралы жалпы мәліметтерді, оның ішінде елді мекендердің санын және халық саны туралы деректерді; қолданыстағы ұлттық стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда, аумақтарды дамыту жоспарларында және өзге де ұқсас құжаттарда көзделген коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі іс-шаралардың сипаттамасын; сондай-ақ жоспарлы кезеңге арналған Бағдарламаны әзірлеу қажеттілігінің негіздемесін қамтиды.

      2) Коммуналдық қалдықтарды басқарудың ағымдағы жай-күйін талдау бөлімі мыналарды қамтиды:

      2.1) өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқарудың қазіргі жай-күйін бағалауды, коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымның жай-күйі туралы жалпы мәліметтерді (қалдықтарды бөлек жинау, қалдықтарды тасымалдауға арналған мамандандырылған техника, сұрыптау және қайта өңдеу қуаттары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және т.б.), коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамын;

      2.2) соңғы үш жылдағы динамикада қалдықтардың түзілуі, жинақталуы, қалпына келтірілуі және жойылуы бойынша сандық және сапалық көрсеткіштерді;

      2.3) коммуналдық қалдықтарды жинақтау, жинау, тасымалдау, сұрыптау, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері бойынша соңғы үш жылдағы басқару жүйесіне талдау жасауды, негізгі проблемаларды, үрдістерді және күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді алдын ала талдау негізінде қалыптасқан алғышарттарды;

      2.4) коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуына қатысты қолданыстағы нормативтік базаны, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін, коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру және қолдау жөніндегі қолданыстағы шараларды, сондай-ақ өзге де қажетті мәліметтерді;

      2.5) соңғы үш жылдағы динамикада бөлінген қаражатқа (жергілікті бюджет, республикалық бюджет және бюджеттен тыс қаражат) сипаттама мен талдауды.

      3) Мақсаттар, міндеттер және нысаналы көрсеткіштер бөлімі мыналарды қамтиды:

      3.1) коммуналдық қалдықтардың түзілу көлемін кезең-кезеңімен қысқартуға, коммуналдық қалдықтарды қалпына келтіру үлесін және полигондарды рекультивациялау көлемін ұлғайтуға бағытталған белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге арналған Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін;

      3.2) қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің неғұрлым тиімді және экономикалық негізделген жолдарын;

      3.3) сандық (сандық мәнде көрсетілетін) немесе сапалық мәндер түрінде айқындалатын Бағдарламаның нысаналы көрсеткіштерін.

      Нысаналы көрсеткіштерді жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарын, аумақтарды дамыту жоспарларын ескере отырып айқындайды.

      Бағдарламада белгіленетін нысаналы көрсеткіштер аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, республикалық маңызы бар қалалар және астана деңгейінде коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдірудің жылдар бөлінісіндегі оң нәтижесін қамтамасыз етуге тиіс. Осы бөлімде қалдықтарды басқарудың ағымдағы жай-күйін сипаттайтын базалық көрсеткіштер де көрсетіледі. Базалық көрсеткіштер соңғы үш жылдың орташа мәні ретінде айқындалады.

      Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері және көрсеткіштері негізделген, бақыланатын, тексерілетін және бағаланатын болуы тиіс.

      4) Негізгі бағыттар, қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жолдары бөлімі:

      Қойылған мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді шешу жолдарын, сондай-ақ белгіленген нысаналы көрсеткіштерге толық көлемде және белгіленген мерзімде қол жеткізуді қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесін қамтиды.

      Қол жеткізу жолдары мен іс-шаралар жүйесі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық, технологиялық және экономикалық шараларды қамтиды.

      Сонымен қатар өңірдің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарында және өзге де ұқсас құжаттарда көзделген коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі іс-шаралар осы бөлімге енгізілуі қажет.

      Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару саласының анықталған проблемалары мен даму мүмкіндіктері негізінде айқындалады және мыналарды қамтыйды:

      - коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету;

      - экономикалық негізделген тарифтерді белгілеу, оларды тұрақты қайта қарау, тендерлер өткізудің және қызмет көрсетушілерді таңдаудың ашықтығын қамтамасыз ету;

      - қалдықтардың түзілу көзінде бөлек жиналуын енгізу (құрғақ, ылғалды және қауіпту құрамдас қалдықтар, ірі габаритті қалдықтар, электрлік және электрондық жабдықтардың қалдықтары, құрамында сынабы бар қалдықтар, медициналық, құрылыс қалдықтары және Кодекстің 351-бабында көзделген өзге де қалдықтар);

      - қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді және (немесе) кәдеге жаратуды жүзеге асыратын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту және жетілдіру, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жүйесін дамыту жаңа контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер сатып алу, сұрыптау кешендерін және қайта өңделетін шикізатты қабылдау пунктін салу;

      - коммуналдық қалдықтарды басқару обьектілерін салуға және (немесе) орналастыруға жер учаскелерін бөлу;

      - қосымша сұрыптауды енгізу, қалдықтарды (оның ішінде органикалық, тағам және құрылыс қалдықтарын) қайта өңдеу мен кәдеге жарату жүйесін жетілдіру және дамыту;

      - полигондарды экологиялық тұрғыдан ұтымды басқару: ескі полигондарды жабу және рекультивациялау, жаңа инженерлік қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын, сондай-ақ шалғайдағы елді мекендер үшін қалдықтарды тиеп-жөнелту пункттерін салу;

      - коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілердің қызметіне мониторинг жүргізу;

      - барлық мүдделі тараптармен: халықпен, коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен, қалдық түзуші заңды тұлғалармен және басқа да тараптармен өзара іс-қимылды күшейту.

      5) Қажетті ресурстар бөлімі Бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаржылық-экономикалық, материалдық-техникалық және еңбек ресурстарына деген қажеттілікті, сондай-ақ оларды қаржыландыру көздерін қамтиды.

      Бағдарламаны қаржыландыру көздері жергілікті бюджет, оның ішінде Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 29-бабына сәйкес бөлінетін қаражат, тікелей отандық және шетелдік инвестициялар, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері жөніндегі оператордың қаражаты (Кодекстің 388-бабы 1-тармағының 15) және 17) тармақшаларына сәйкес өндірушілер мен импорттаушылар төлеген кәдеге жарату төлемдері есебінен), отандық және халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың немесе донор елдердің гранттары, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер болуы мүмкін.

      Егер қаржыландыру көзі ретінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері жөніндегі оператордың қаражаты көзделсе, Бағдарлама жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады.

      6) Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бөлімі Бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылады және Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған іс-шаралардың жиынтығын қамтиды. Онда әрбір іс-шара бойынша нәтижелердің көрсеткіштері, орындау мерзімдері, жауапты орындаушылар, аяқталу нысаны, қаржыландыру көздері және Бағдарламаны іске асыруға қажетті шығындар көрсетіледі.

      Іс-шаралар жоспары ұйымдастырушылық, экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де іс-шараларды қамтуға тиіс. Оларды іске асыру нәтижесінде түзілетін қалдықтар көлемінің өсуі қысқарады, жинақталған қалдықтардың көлемі кезең-кезеңімен азаяды, коммуналдық қалдықтарды қалпына келтіру үлесі артады және қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсері төмендейді.

      11. Әзірленген Бағдарлама мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) қоршаған ортаның ластануының алдын алу мақсатында әзірленеді;

      2) қалдықтарды тиімді басқаруды қамтамасыз ететін, мерзімдері, ресурстары және орындаушылары бойынша өзара келісілген мақсаттарды, міндеттерді, нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды қамтиды;

      3) қаржылық, еңбек және материалдық ресурстардың және оларды қамтамасыз ету көздерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуді;

      4) қысқа, нақты және тезистік түрде баяндалады.

      12. Осы Әдістеменің 9 және 10-тармақтарында көзделген ережелерді жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаны әзірлеу барысында өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес толықтыруы мүмкін.

3-тарау. Бағдарламаны іске асыру және мониторингілеу

      13. Бағдарламаны іске асыру оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау арқылы жүзеге асырылады.

      14. Халықты және жұртшылықты ақпараттандыру мақсатында жергілікті атқарушы орган өзінің интернет-ресурсында Бағдарламаның іске асырылуы туралы аралық есептерді жарты жылда бір рет 15 тамызға дейін, ағымдағы есепті кезең үшін есепті және жылдық есепті – есепті кезенңнен кейінгі 30 қантарға дейінгі орналастырады. Жылдық есеп өткен жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырады.

      Есепте іске асырылған іс-шаралардың сипаттамасы, қол жеткізілген нәтижелер, Бағдарламаны іске асыруға жұмсалған қаржы қаражатының нақты көлемі, сондай-ақ есепті кезеңге жоспарланған іс-шаралардың орындалмау себептері және (немесе) күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеу себептері көрсетіледі.

      15. Жылдық есептің қорытындылары бойынша қойылған мақсаттарға, міндеттерге және нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар:

      1) Бағдарламаның белгіленген мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін жоспарланған іс-шараларды іске асыру тиімділігін арттыруға;

      2) анықталған проблемалық мәселелерді шешу жөнінде қажетті шаралар қабылдауға міндетті;

      3) жергілікті атқарушы орган Бағдарламаның іске асырылуы туралы есепті жыл сайын 31 желтоқсандағы жағдай бойынша келесі жылдың 1 наурызына дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жолдайды.

      16. Бағдарлама және оны іске асыру туралы есептер жұртшылық үшін қолжетімді болуға тиіс және жергілікті атқарушы органның жалпыға қолжетімді интернет-ресурсында орналастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады