Уранды барлауға арналған үлгілік келісімшартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының м.а. 2026 жылғы 14 қазандағы № 114-н/қ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 15 қазанда № 40173 болып тіркелді

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 36-бабы 1-1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Уранды барлауға арналған үлгілік келісімшарт бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің
төрағасының міндетін атқарушы
Т. Жантикин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология және табиғи ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі
агенттігінің төрағасының
міндетін атқарушы
2026 жылғы 14 қазандағы
№ 114-н/қ бұйрығымен
бекітілген

УРАНДЫ БАРЛАУҒА АРНАЛҒАН ҮЛГІЛІК КЕЛІСІМШАРТ

      Бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын, құзыретті орган ретінде Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін

      ____________________________________________________________________

      (мемлекеттік органның атауы)

      және

      ____________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы, егер Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар екі және одан да көп тұлға болса, онда әр заңды тұлғаның атауы және осындай тұлғалардың әрқайсысына тиесілі жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесінің мөлшері көрсетіледі)

      (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) арасындағы уранды барлауға арналған келісімшарт.

      Осы уранды барлауға арналған келісімшартқа Тараптар

      __________________________________________________________________

      (келісімшарт жасасуға негіз болып табылатын уран саласындағы ұлттық компаниямен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы Құзыретті органның шешіміне) сәйкес 20___ жылғы "____" ____________ қол қойды.

Мазмұны

      Кіріспе

      1-тарау. Келісімшарттың мәні

      2-тарау. Келісімшарттың қолданылу мерзімі

      3-тарау. Жер қойнауы учаскесінің шекаралары

      4-тарау. Құзыретті органның құқықтары

      5-тарау. Құзыретті органның міндеттері

      6-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      7-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері

      8-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары

      1-параграф. Жалпы талаптар

      2-параграф. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану

      3-параграф. Салық салу

      4-параграф. Жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою

      5-параграф. Есепке алу және есептілік

      6-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы және оларға салынатын ауыртпалық

      7-параграф. Мүлікке және ақпаратқа меншік құқығы

      8-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі және мүлік

      9-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылау

      10-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығы

      11-тарау. Еңсерілмейтін күш

      12-тарау. Құпиялылық

      13-тарау. Дауларды шешу тәртібі

      14-тарау. Келісімшартты өзгерту және оның қолданысын тоқтату

      15-тарау. Қорытынды ережелер

      Уранды барлауға арналған келісімшартқа қосымшалар:

      1-қосымша – Барлау кезеңінде Келісімшарт бойынша жұмыстардың ең аз көлемі мен түрлері

      2-қосымша – Жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары

Кіріспе

      Мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы 8-бабының 3-тармағына сәйкес жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін;

      2) Қазақстан Республикасы жер қойнауы учаскесін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген негіздермен, талаптармен және шекте пайдалануға беретіндігін;

      3) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесінде уранды ұтымды және тиімді барлауды жүргізу ниеті, қаржылық және техникалық мүмкіндіктерінің болуын;

      4) Қазақстан Республикасы Үкіметі құзыретті органды белгілегендігін және оған Келісімшартты жасасу және орындау құқығын бергендігін;

      5) жер қойнауын пайдалану Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатындығын;

      6) Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мазмұны, жасалу, орындалу және тоқтатылу тәртібі Кодекске сәйкес айқындалатын шарт болғандықтан;

      7) Қазақстан Республикасы атынан Құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарт уранды барлау кезінде олардың өзара құқықтары мен міндеттерін реттейтіні туралы уағдаласқандығын назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасы атынан Құзыретті орган мен Жер қойнауын пайдаланушы төмендегілер туралы уағдаласады:

1-тарау. Келісімшарттың мәні

      1. Құзыретті орган Қазақстан Республикасы атынан жер қойнауын пайдаланушыға Келісімшартта белгіленген мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын береді, ал жер қойнауын пайдаланушы өз есебінен және тәуекелімен Келісімшарттың талаптарына және Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға міндеттенеді.

      2. Жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы Келісімшарт күшіне енген күннен бастап туындайды.

      3. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ережелерді және Келісімшарттың ережелерін сақтаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде уранды барлауды жүзеге асыруға құқылы.

2-тарау. Келісімшарттың қолданылу мерзімі

      4. Келісімшарт _____ жылға тең мерзімге жасалған және ____ жылғы "___" _______________ дейін қолданылады.

      Ескертпе: Келісімшартты жасасу кезінде уран саласындағы ұлттық компаниямен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы Құзыретті органның хабарламасы негізінде барлау кезеңінің бастапқы ұзақтығы көрсетіледі.

      Кейінгі ұзартулар кезінде Келісімшарттың 4-тармағында Келісімшарттың қолданылу мерзімінен басқа, ұзартылатын барлау кезеңінің ұзақтығы көрсетіледі.

      Келісімшарттың қолданылу мерзімінің аяқталу күнін Құзыретті орган Келісімшартты (Келісімшартқа толықтыруды) тіркеу кезінде енгізеді.

      5. Келісімшарттың 4-тармағында көрсетілген Келісімшарттың қолданылу мерзімі барлау кезеңі ұзартылған жағдайда Келісімшартқа толықтыру жасалған күнге Кодексте белгіленген жағдайларда, тәртіпте және шарттарда Тараптардың Келісімшартқа толықтырулар жасасуы арқылы ұзартылуы мүмкін.

      6. Келісімшарт құзыретті органда тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

      7. Ұзарту мерзімі, егер тараптар өзге мерзімді келіспесе, тиісті қосымша тіркелген күннен бастап есептеледі.

3-тарау. Жер қойнауы учаскесінің шекаралары

      8. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшартқа сәйкес уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы болатын жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары Келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылатын № 1 қосымшада белгіленеді.

      Аталған қосымшаны дайындау мақсаттары үшін:

      1) уранды барлауға арналған келісімшарт бойынша уранды барлау учаскесінің бастапқы кеңістікті шекаралары мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына сәйкес айқындалады;

      2) уранды барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауының бастапқы учаскесін ұлғайту мақсатында сұралатын жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органмен келісу (сұралатын жер қойнауы учаскесінің жер қойнауын пайдаланудан бос болуы тұрғысынан) бойынша жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжанатын контурын белгілейтін тиісті базалық жобалау құжатына толықтыруға сәйкес айқындалады;

      3) Кодекстің 170-бабына сәйкес мемлекетке қайтару арқылы жер қойнауы учаскесі азайтылғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыда қалатын уранды барлау учаскесінің кеңістікті шекараларын жер қойнауын пайдаланушы айқындайды.

      9. Жер қойнауы учаскесін түрлендіру Келісімшартқа толықтыру жасасу арқылы Кодекстің 169 және 170-баптарында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша жүргізіледі.

      10. Жер қойнауы учаскесін немесе оның бөлігін қайтару Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

4-тарау. Құзыретті органның құқықтары

      11. Құзыретті орган:

      1) Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен Келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға;

      2) Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен Келісімшарт шарттарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге;

      3) Кодекстің 66-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      12. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және Келісімшартта көзделген ережелерді сақтаған жағдайда, Құзыретті орган Келісімшартқа тиісті толықтыру жасасу күніне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда, тәртіппен және талаптармен:

      1) барлау кезеңі ұзартылған жағдайларда Келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзартуға;

      2) жер қойнауы учаскесін түрлендіруді жүзеге асыруға құқылы.

5-тарау. Құзыретті органның міндеттері

      13. Құзыретті орган:

      1) мұндай ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға беру жағдайларын қоспағанда, Келісімшартты орындау шеңберінде жер қойнауын пайдаланушыдан алынған құпия ақпаратты (соның ішінде геологиялық, коммерциялық және технологиялық ақпаратты) қорғауды және жария етпеуді қамтамасыз етуге;

      2) мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру жағдайларын, сондай-ақ авариялардың алдын алуға, ұлттық қауіпсіздікке, халықтың өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға төнетін қатерді жоюға байланысты жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізген кезде оның ағымдағы операциялық және қаржы-шаруашылық қызметіне араласпауға міндетті.

6-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      14. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және Келісімшартта көзделген ережелерді сақтаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы:

      1) кәсіпкерлік мақсатта бөлінген жер қойнауы учаскесі шегінде жер қойнауын өтеулі негізде пайдалануға;

      2) жер қойнауы учаскесінің аумағында, ал қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушыға белгіленген тәртіппен ұсынылған басқа жер учаскелерінде жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік және әлеуметтік сала объектілерін салуға, сондай-ақ шарттардың негізінде жер қойнауы учаскесінің аумағындағы әрі оның шегінен тыс жердегі баршаға ортақ объектілерді және коммуникацияларды пайдалануға;

      3) Келісімшарт бойынша операторды тағайындауға;

      4) Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттардан барлаудың бүкіл учаскесін қайтару арқылы барлау кезеңін мерзімінен бұрын тоқтатуға;

      5) барлау кезеңі ішінде және Кодексте белгіленген шектеулерді ескере отырып, аумақта уран кен орындарын барлау (іздеу және бағалау) жөніндегі жұмыстардың кез келген түрлерін жүргізуге;

      6) барлау кезеңін ұзартуға өтініштер беруге;

      7) жер қойнауы учаскесін түрлендіруге өтініштер беруге;

      8) Кодекстің 28-1-бабына сәйкес жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған уран саласындағы кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді ерікті негізде жасасуға құқылы.

      15. Жер қойнауын пайдаланушы тиісті хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде Келісімшарттың қолданысын Құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығымен сотта келіспеуге құқылы.

7-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері

      16. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесін Келісімшартта көзделген мақсаттарда ғана пайдалануға міндетті.

      17. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарт тіркелген күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын жасайды.

      Барлау жұмыстарының жобасы ол жасалғаннан кейін Кодекстің 183-1-бабына сәйкес уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жасалуға тиіс.

      18. Келісімшарттың 4-тармағында белгіленген Келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталған кезде, барлау салдарын консервациялауға немесе жоюға байланысты операцияларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі кез келген операцияларды тоқтатуға міндетті.

      19. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде жұмыстарды дереу тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.

      20. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшартқа № 2 қосымшаға сәйкес барлау кезеңінде жұмыстарды жұмыс бағдарламасында көрсетілген мерзімде орындауға міндетті.

      21. Уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жер қойнауын пайдаланушы және оның мердігерлері (Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларды, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі жер қойнауын пайдалану құқығы бар заңды тұлғаларды қоспағанда) Кодекстің 179-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

      22. Жер қойнауын пайдаланушы уран саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 179-бабының 6-тармағына сәйкес белгіленген нысандар бойынша және тәртіппен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына арналған) және орта мерзімді (бес қаржы жылына арналған) бағдарламаларын, сондай-ақ оператордың, егер ол тартылған жағдайда, ақылы көрсетілетін қызметтерін жоспарлы сатып алуы туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

      23. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың 49-тармағында көзделген есептерді ұсынуға міндетті.

      24. Барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті. Кадрлардағы елішілік құндылықтың ең аз үлесі басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша _%, құрылымдық бөлімшелер басшылары бойынша _%, мамандар бойынша _% және білікті жұмысшылар бойынша _% құрауға тиіс.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылардың, менеджерлердің және мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлердің және мамандардың жалпы санының елу пайызынан аспауға тиіс. Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу Кодекстің 28-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілген Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Жер қойнауын пайдаланушы тартылған шетелдік персоналға қатысты тең еңбек жағдайларын, оның ішінде қазақстандық персонал үшін еңбекақы төлеуді қамтамасыз етуге міндетті..

      Жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті ұйым жариялайтын инфляция деңгейінен төмен емес қазақстандық персонал үшін жыл сайынғы жалақыны индекстеуді қамтамасыз етуге міндетті.

      26. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алынатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесі күнтізбелік бір жыл ішінде сатып алынған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің кемінде ____ пайызын құрауға тиіс.

      Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алынатын тауарлардағы елішілік құндылық үлесі күнтізбелік жыл ішінде сатып алынған тауарлардың жалпы көлемінің ___ пайызынан кем болмауға тиіс.

      Тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін есептеу Кодекстің 28-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде елішілік құндылықты есептеудің бірыңғай әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      27. Жер қойнауын пайдаланушы осындай жер қойнауын пайдалану құқығын берген мемлекеттік органды жер қойнауын пайдаланушының қызметін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдар құрамының өзгергені туралы осындай өзгеріс болған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде хабардар етуге міндетті.

      28. Жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператордың өкілеттіктерінің тоқтатылғандығы туралы дереу хабарлауға міндетті.

      29. Кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) ашқан кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға табуды растау туралы өтініш жібереді.

      30. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растаған күннен бастап бір айдың ішінде бұл туралы құзыретті органды жазбаша түрде хабардар етуге және бағалау бойынша жұмыстарды жүргізуді көздейтін барлау жұмыстары жобасына толықтыру әзірлеуді бастауға міндетті.

      31. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінің аумағындағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды теңгерімге қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.

      32. Жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 177-бабының 1-тармағына және Келісімшарттың 8-тарауының 4-параграфына сәйкесбелгіленген жағдайларда және тәртіппен жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.

      Келісімшарттың қолданылу мерзімінің тоқтатылуы жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерінің тоқтатылуына әкелмейді.

      33. Жер қойнауын пайдаланушы жою бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуға міндетті. Уран барлау салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі. Мұндай қамтамасыз етуді ұсыну жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындаудан босатпайды.

      34. Егер жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қамтамасыз ету онымен байланысты болмайтын себептермен Кодекстің талаптарына сәйкес келмей қалса немесе тоқтатылса, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік алпыс күннің ішінде мұндай қамтамасыз етуді ауыстыруға міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушы осындай ауыстыруды жүргізбеген болса, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тез арада тоқтата тұруға міндетті. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға қамтамасыз етуді қалпына келтіргеннен немесе ауыстырғаннан кейін ғана жол беріледі.

8-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары

1-параграф. Жалпы талаптар

      35. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік және экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілуге тиіс.

      36. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған барлау жұмыстарының жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.

      37. Жобалау құжаттарында көзделмеген, сондай-ақ жобалау құжаттары болмаған кезде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.

      38. Жобалау құжаттарында көзделген уранды барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізу әдістері мен тәсілдері жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне сәйкес болуы тиіс.

      39. Барлауды жүзеге асыру кезінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне негізделген жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізудің анағұрлым тиімді әдістері мен технологияларын таңдауға тиіс.

      40. Мемлекеттің Қазақстан Республикасы заңдарының немесе шарттың негізінде басым құқықтарға ие тұлғаларды және ұйымдарды қоса алғанда, кез келген тұлғалар мен ұйымдар алдында стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланудың иеліктен шығарылатын құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді, сондай-ақ ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығарылатын, стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға арналған басым құқығы болады.

      41. Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган геологиялық есептер мен өзге де құжаттамада қамтылған, мемлекеттік органдар Кодекске сәйкес алған геологиялық ақпаратты жариялау немесе оған ашық қолжетімділікті ұсыну арқылы ашуға құқығы бар.

      42. Кодекстің 24-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде басқа адамдарға жер қойнауы учаскесінің аумағы шегінде еркін жүріп-тұруға, егер қауіпсіздіктің ерекше жағдайларына байланысты болмаса және мұндай қызмет жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізуге кедергі келтірмесе, жалпы пайдаланудағы объектілерді және коммуникацияларды пайдалануға кедергі келтірмеуге міндеттенеді.

2-параграф. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану

      43. Уранды барлауды жүргізудің міндетті шарттары:

      1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;

      2) жоғары технологияларды және жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесі негізінде жер қойнауын ұтымды әрі экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану;

      3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау болып табылады.

3-параграф. Салық салу

      44. Келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу оларды төлеу бойынша міндеттеме туындаған сәтіне қолданыста болатын салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасында Келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салықтық міндеттеме туындаған күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемесін орындаудан босатпайды.

      45. Келiсiмшарт жасалғанға дейін 20__ жылғы "___" __________ №___ банктік тапсырмасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы төлеген қол қойылатын бонустың мөлшері _____ (соманы теңгемен көрсету қажет) құрайды.

4-параграф. Жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою

      46. Жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою:

      1) Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;

      2) жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 170-бабында көзделген тәртіппен мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде);

      3) Келісімшарттың 14-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жер қойнауы учаскесінің барлығы қайтарылған жағдайда жер қойнауы учаскесінде жүргізіледі.

      47. Жер қойнауын пайдаланушылардың уранды барлау салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауы банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.

      48. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру кепілге қойылған банк салымы бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.

5-параграф. Есепке алу және есептілік

      49. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды есепке алуды жүргізуге және мынадай есептерді:

      1) келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы туралы есепі;

      2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ олардағы елішілік құндылық көлемі туралы есепті;

      3) кадрлардағы елішілік құндылық туралы есепті;

      4) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамы туралы есепті;

      5) геологиялық есепті ұсынуға міндеттенеді.

      Осы Келісімшарт тармағының 1) – 4) тармақшасында көзделген есептерді Кодекстің 180-бабына сәйкес Құзыретті органға ұсынылады.

      Осы Келісімшарт тармағының 5) тармақшасында көзделген есеп Кодекстің 180-бабына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

      50. Жер қойнауын пайдаланушы:

      1) Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік міндеттерді орындаған кезде қажетті құжаттарды, ақпаратты беруге және жұмыс орындарына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

      2) құзыретті органның жазбаша сұрауы бойынша мұндай сұрауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға;

      3) құзыретті органға Кодекстің 76-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілген нысан бойынша Өндіруші салалар ашықтығының бастамалары стандартында көзделген және "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті ұсынуға міндеттенеді.

6-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы және оларға салынатын ауыртпалық

      51. Тікелей келіссөздер негізінде уран саласындағы ұлттық компанияға берілген, ашық (карьерлік) немесе жерасты (шахталық) тәсілмен өңдеуге жарамды жер қойнауы учаскелерінде барлауға арналған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде уран саласындағы ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.

      Кез келген кейінгі беру кезінде мұндай заңды тұлға алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде уран саласындағы ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.

      52. Келісімшарт негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы Кодексте белгіленген тәртіппен құзыретті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

      53. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы Келісімшартқа өзгерістер енгізу арқылы жүргізіледі.

      54. Қазақстан Республикасының заңдарында сенімгерлік басқаруға беру туралы талап белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға беруге тыйым салынады.

      55. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) ауыртпалық салу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) Кодексте тыйым салынбаған ауыртпалық салу Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен берілетін Құзыретті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

7-параграф. Мүлікке және ақпаратқа меншік құқығы

      56. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алған мүлкі жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.

      57. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде мүлікке меншік құқығының ауысу жағдайлары мен тәртібі, сондай-ақ жер қойнауы учаскесінің аумағынан мүлікті шығару жөніндегі құқықтар мен міндеттер Кодексте белгіленеді.

      58. Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жеке геологиялық ақпарат).

      Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылған жеке геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.

      59. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың және оның жеткізгіштерінің бар болуын, оны есепке алу мен сақтауды, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің зерттеу немесе тексеру үшін оған кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      60. Жер қойнауын пайдаланушының Кодекстің 75-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Келісімшарттың қолданылуы кезеңінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруға құқылы емес.

      61. Жер қойнауын пайдаланушы керндер, жыныстар мен минералдардың үлгілері, сынамалар, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге Кодекстің 75-бабында белгіленген тәртіппен зерттеу және талдау мақсатында ғана шығаруға құқылы.

      62. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық ақпараттың сынамалар түріндегі табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруы және (немесе) оның сынамаларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығаруы Кодексте белгіленген тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

      63. Жер қойнауын пайдаланушы өзіне тиесілі керндерді иеліктен шығаруды немесе жоюды жүргізуге ниеттенген жағдайда, ол осындай ниеті туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға бір айдан кешіктірмей жазбаша хабарлауға міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан көрсетілген керндерді талапта көзделген мерзімде өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл мерзім бір айдан кем болмауға тиіс.

      64. Жер қойнауының тиісті учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың болжамды аяқталуына дейін үш ай бұрын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өзінде бар далалық бақылау, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық қадағалауларды тіркеу журналдары, геологиялық ақпараттың бастапқы далалық деректерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері немесе бұрғылау ұңғымаларының керндері туралы жазбаша хабарлауға міндетті.

      Осындай хабарламаны алғаннан кейін бір айдың ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан аталған геологиялық ақпарат жеткізгіштерін оның меншігіне тегін беруді жазбаша түрде талап етуге құқылы. Осы талап оны алған күннен бастап бір айдың ішінде орындалуы тиіс.

8-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі және мүлік

      65. Уранды барлауға арналған Келісімшарттың қолданылуы тоқтатылған кезде Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға мынадай шешімдердің бірі:

      1) мұндай жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою;

      2) жер қойнауы учаскесін уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабарлайды.

      Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:

      1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қатерімен байланысты болатын операцияларды қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;

      2) осы Кодексте көзделген жою жобасы сараптамаларының оң қорытындылары бекітілгеннен және алынғаннан кейін осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмысты дереу бастауға міндетті;

      3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде өзінің меншігі болып табылатын жабдық пен өзге де мүлікті шығаруға құқылы. Көрсетілген мерзімде шығарылмаған жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға жатады.

      66. Құзыретті органның уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына жер қойнауы учаскесін беру шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:

      1) хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзімде жабдық пен өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлікті бергенге дейінгі мерзімге уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.

      Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол мүлікті уран саласындағы ұлттық компанияға беруден бас тартқан жағдайда, құзыретті орган осындай мүлікке қатысты оның сенім білдірген өкілі ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы көрсетуді көздейтін тізбесі бар акті бойынша оны уран саласындағы ұлттық компанияға береді;

      2) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын жабдық пен өзге де мүлікті шығаруға құқылы.

9-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылау

      67. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылауды Кодекстің 66-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен Құзыретті орган жүзеге асырады.

      68. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауына мониторингті Құзыретті орган Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.

10-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығы

      69. Кодекске сәйкес Келісімшарттың 8-тарауында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттарының, сондай-ақ өзге де Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп келеді.

      70. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың 7-тарауында көзделген міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:

      1) "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісті жылдың 1 қаңтарына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) белгіліленген мөлшеріне;

      есепті кезеңде орындалмаған міндеттемелер сомасының пайыздарына;

      бұзушылық сомасының пайыздарына сәйкес келетін мөлшердегі тұрақсыздық айыбы;

      2) Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын құзыретті органның бір жақты тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуы.

      Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемені орындаудан босатпайды.

      71. Құзыретті орган Келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы, сондай-ақ белгіленген мерзімде оның тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттері туралы мынадай:

      1) Келісімшарттың 49-тармағында көзделген есептілікті ұсынбаған не көрінеу расталмаған есептілікті ұсынған;

      2) Келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушы есепті жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;

      3) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес не графикті бұза отырып, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз етуді ұсынбай жер бетінің тұтастығын бұзумен байланысты уран бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген;

      4) жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың 7-тарауында белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша түрде хабардар етеді.

      72. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша Келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі жазбаша хабарлама алынған күннен бастап – алты айдан, Келісімшарттың 71-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген міндеттемелер бойынша – үш айдан, Келісімшарттың 7-тарауында көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.

      73. Жер қойнауын пайдаланушы жасаған бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы Құзыретті органға жойды растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

      74. Жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органға міндеттемелерді бұзуды жою мерзімін ұзартудың себептерін негіздей отырып, Келісімшартта көзделген осындай ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Жасаған бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша Құзыретті орган оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісетіні туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.

      75. Келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылықтарын Келісімшарттың 72-тармағында айқындалған мерзімде жоюдың мүмкін еместігі анық болған жағдайда, Құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.

      76. Жер қойнауын пайдаланушы өзі қабылдаған төмендегі міндеттемелерді орындамағаны, тиісінше орындамағаны үшін:

      1) тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін есепті кезеңде орындалмаған міндеттемелер сомасының 10% мөлшерінде;

      2) тиісті жылдың кез келген есепті тоқсанында кадрлардағы елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін – 10 000 АЕК мөлшерінде, әр тоқсан үшін;

      3) Келісімшартта көзделген қаржылық міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін есепті кезеңде орындалмаған міндеттеме сомасының 10% мөлшерінде;

      4) жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібін сақтау жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін – мынадай түрде жасалған бұзушылық сомасының 10% мөлшерінде:

      уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінде көзделмеген тәсілдермен, яғни сатып алу тәсілін таңдау тәртібінің талаптарын бұза отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      конкурстық құжаттаманы уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып жасау;

      әлеуетті жеткізушілерге уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінде көзделмеген талаптарды қою;

      әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін негізсіз түрде қабылдамау және/немесе негізсіз түрде қатыстыру;

      уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып шарт жасасу;

      уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып, бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Ескертпе: акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін заңды тұлғалармен, , сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарт жасасқан кезде осы тармақша қолданылмайды;

      5) Келісімшарттың 22 және 49-тармақтарына сәйкес бағдарламаларды, ақпаратты және есептерді ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін – 2 000 АЕК мөлшерінде;

      6) төмендегі тармақтарға сәйкес хабарламаларды жолдамағаны немесе уақтылы жолдамағаны үшін:

      Келісімшарттың 27 және 29-тармақтарына сәйкес – 5 000 АЕК мөлшерінде;

      Келісімшарттың 19 және 28-тармақтарына сәйкес – 2 000 АЕК мөлшерінде;

      Келісімшарттың 30-тармағына сәйкес – 10 000 АЕК мөлшерінде тұрақсыздық төлемі ретінде жауап береді.

      77. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша Келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      78. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша Келісімшарт талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.

      79. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзу Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығына алып келеді.

11-тарау. Еңсерілмейтін күш

      80. Келісімшарт бойынша қандай да болмасын міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, егер бұл орындамаушылық немесе тиісінше орындамаушылық еңсерілмейтін күшке байланысты болса, Тараптардың ешқайсысы ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

      81. Еңсерілмейтін күштің мән-жайларына мынадай мән-жайдың жағдайлары кезіндегі төтенше және күтпеген жағдайлар жатады, мысалы: әскери жанжалдар, табиғи апаттар, табиғи зілзалалар (өрт және т.б.). Келтірілген тізбе толық болып табылмайды.

      82. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған жағдайда, одан зардап шегуші Тарап бұл туралы еңсерілмейтін күш мән-жайлары басталған күнін және сипаттамасын нақтылайтын жазбаша хабарламаны тапсыру немесе поштамен жіберу арқылы екінші Тарапқа дереу хабарлайды.

      83. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде Тараптар қалыптасқан жағдайдан шығудың шешімін іздеу үшін дереу кеңес өткізеді және мұндай мән-жайлардың салдарын барынша азайту үшін барлық мүмкін болатын құралдарды пайдаланады.

      84. Егер жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңсерілмейтін күш мән-жайларының дәлелдерін ұсынса, құзыретті орган Келісімшарттың қолданылу мерзімін еңсерілмейтін күш мән-жайларының мерзіміне ұзартады.

12-тарау. Құпиялылық

      85. Келісімшартты орындау процесінде Тараптар алған немесе иеленген ақпарат құпия болып табылады және Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қорғалуға тиіс. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті есептерді жасау үшін құпия ақпаратты пайдалана алады.

      86. Тараптардың екінші тараптың келісімінсіз мынадай:

      1) егер бұл ақпарат сот талқылауын жүргізу барысында пайдаланылған жағдайды;

      2) жер қойнауын пайдаланушыға қызмет көрсететін үшінші тұлға құпия ақпаратты құпия ретінде қарауға және оны Тараптар белгілеген мақсаттарда ғана және Тараптар белгіленген мерзімде қолдануға міндеттеме алған жағдайда, бұл ақпарат осындай үшінші тұлғаларға ұсынылған жағдайды;

      3) ақпарат жер қойнауын пайдаланушы қаржылық қаражат алатын банкке немесе басқа қаржылық ұйымға, мұндай банк немесе басқа қаржылық ұйым бұл ақпаратты құпия деп қарап және оны тек көрсетілген мақсаттарға ғана пайдалануға міндеттеме алу шартымен берілген жағдайды;

      4) ақпарат Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына олардың қызметтік міндеттерін орындауы барысында берілген жағдайды;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ.

      87. Егер Кодексте немесе Тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, осы тарауда көзделген құпиялылық туралы ережелер Келісімшарттың 4-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қолданылады.

      88. Елішілік құндылық бөлігінде келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына қатысты жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және өткізуі туралы ақпарат құпия болып танылмайды.

13-тарау. Дауларды шешу тәртібі

      89. Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыруға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар келіссөздер жүргізу жолымен (дауларды сотқа дейін реттеу) шешіледі.

      90. Кодекске және Келісімшартқа сәйкес Құзыретті орган жіберетін хабарламалар дауларды сотқа дейін реттеу болып танылады.

      91. Егер Келісімшартты жүзеге асырумен, өзгертумен немесе тоқтатумен байланысты даулар келіссөздер жүргізу арқылы алты ай ішінде шешілмейтін болса, онда осындай даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.

14-тарау. Келісімшартты өзгерту және оның қолданысын тоқтату

      92. Келісімшартқа енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Кодекстің 37-бабында белгіленген тәртіппен және шарттармен жасалатын Келісімшартқа толықтырумен ресімделеді.

      Мұндай толықтыру Келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Келісімшартқа толықтырулар құзыретті органда тіркелуге тиіс.

      93. Өз қолданысын Тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін сақтайтын Келісімшарттың 32, 65 және 66-тармақтарында көзделген ережелерді қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы Келісімшартты жасасу күніне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылады.

      94. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      95. Келісімшарттың қолданылуы тоқтатылған күннен бастап жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылады, ал Келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.

15-тарау. Қорытынды ережелер

      96. Келісімшарт бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының құқығы болып табылады.

      97. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы бойынша мәмілелерге Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.

      98. Келісімшарт мемлекеттік және орыс тілдерінде тараптардың әрқайсысы үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде бір-бір данадан жасалған. Барлық даналары бірдей.

      99. Тараптардың келісімі бойынша Келісімшарт мәтіні басқа тілге аударылуы мүмкін.

      100. Тараптар мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінің қарым-қатынас тілдері ретінде қолданылатындығы туралы уағдаласады.

      101. Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге қатысты техникалық құжаттама мен ақпарат мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жасалады.

      102. Тараптар жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыру арқылы хабардар етіледі.

      103. Келісімшарт бойынша пошталық мекенжай өзгерген кезде Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа жеті күнтізбелік күннің ішінде жазбаша хабарлама ұсынуға міндетті. Осы тармақта көзделген талапты орындамаған Тарап басқа Тараптан хабарламаларды алмағандығына сілтеу құқығынан айырылады.

      104. Келісімшартқа жасалған барлық қосымшалар оның ажырамас бөліктері ретінде қарастырылады. Қосымшалардың ережелері мен Келісімшарттың арасында қандай да бір ауытқушылықтар болған жағдайда, Келісімшарттың ережелері басым күшке ие болады.

      105. Келісімшартта пайдаланылатын анықтамалар мен терминдер олар үшін Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған мағыналарға ие.

      106. Келісімшартта реттелмеген Тараптардың қарым-қатынастары, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      107. Осы Келісімшартты 20___ жылғы "____" _______________ қаласында Тараптардың уәкілетті өкілдері жасасты.

      108. Тараптардың заңды мекенжайлары мен қолдары:

  Уранды барлауға арналған
үлгілік келісімшартқа
№ 1 қосымша

      Жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары

      Өңір атауы.

      Жер қойнауы учаскесінің атауы.

      Жер қойнауы учаскесінің бұрыштық координаттары (блоктардың атауы).

  Уранды барлауға арналған
үлгілік келісімшартқа
№ 2-қосымша

Барлау кезеңіндегі жұмыс бағдарламасы

Атауы

Сипаттамасы

Іске асыру мерзімдері

Құны теңгемен






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады