"Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 207 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 24 маусымдағы № 268 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 25 маусымда № 39079 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 207 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32737 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың 1-қосымшасымен бекітілген Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық тіркелгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
А. Ертаев

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2026 жылғы 24 маусымдағы
№ 268 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2023 жылғы 7 маусымдағы
№ 207 бұйрығына
1-қосымша

Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының квоталау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 107-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      2) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) жұмыс орындарының квотасы (бұдан әрі – квота) – жұмыс беруші еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыруға міндетті жұмыс орындарының ең аз саны;

      4) жұмыс орындарын квоталау – жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын беруі;

      5) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының аудандарда, астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалада оның функцияларын орындауды жүзеге асыратын филиалы;

      6) мүгедектігі бар адам – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

      7) уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) Электрондық еңбек биржасы – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс іздеуді және персоналды іріктеуге жәрдемдесуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын білдіретін цифрлық объектісі.

      3. Жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыскерлердің тізімдік саны 50 адам және одан жоғары жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде квота белгілейді.

      4. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлердің жылдық орташа санының жиырма пайызынан астамын құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.

2-тарау. Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібі

      5. Квота "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінде:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі еңбек нарығында мүгедектігі бар адамдар санынан жұмыс күшіне ағымдағы сұраныс пен ұсынысты талдаудың, болжаудың;

      2) аудандардағы, астанадағы, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы белсенді жұмыс берушілердің санының;

      3) аудандардағы, астанадағы, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы жұмыс берушілердің жұмыскерлерінің тізімдік санының;

      4) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушінің бар жұмыс орындарының саны туралы мәліметтерді талдаудың;

      5) квотадан тыс жұмыс берушілер мен мүгедектігі бар адамдар арасында жасалған қолданыстағы еңбек шарттарының саны туралы мәліметтерді талдаудың;

      6) мансап орталығында тіркелген мүгедектігі бар жұмыссыз адамдардың санының негізінде автоматты түрде қалыптастырады.

      6. Квота мынадай жұмыскерлердің тізімдік саны бар жұмыс берушілерге:

      елуден жүз адамға дейін – екі пайызы мөлшерінде;

      жүз бірден екі жүз елу адамға дейін – үш пайызы мөлшерінде;

      екі жүз елу бірден артық адам – төрт пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      7. Квота мөлшері еңбек шарттарының бірыңғай есепке алу жүйесінде тіркелген еңбек шарттарының және "Төлемдерді өңдеу ұйымы" цифрлық жүйесінің деректеріне сәйкес Әлеуметтік кодекс пен "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыскерлер үшін квота белгіленген күннің алдындағы соңғы 12 ай үшін жүргізілген әлеуметтік төлемдердің негізіндегі жұмыс берушінің жұмыскерлерінің тізімдік санына қарай белгіленеді.

      8. Заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші – жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайда квотаны түзету уәкілетті органның цифрлық жүйесіне тиісті мәліметтер енгізілген күннен бастап жүзеге асырылады.

      9. Осы Қағидалардың 5, 6 тармақтарына сәйкес қалыптастырылған жұмыс берушілердің тізбесі мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квоталар белгіленген жұмыс берушілердің тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) бекіту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органға "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінде квота белгілеудің алдындағы жылдың 1 желтоқсанына қарай қолжетімді.

      10. Квота белгіленетін жылдың 1 қаңтарына дейін жергілікті атқарушы орган жұмыс берушінің атауын және белгіленген квотаның мөлшерін көрсете отырып, Тізбені бекітеді.

      11. Тізбеге енгізілген кезде жұмыс берушінің Электрондық еңбек биржадағы жеке кабинетіне осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасы туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жіберіледі.

      12. Жергілікті атқарушы орган квота белгіленетін жылдың 10 қаңтарына дейін Электрондық еңбек биржасында Тізбеге енген жұмыс берушілердің тізімін жариялайды.

      13. Жұмыс беруші хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде Электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинеті арқылы белгіленген квота шеңберінде жұмыс орындарының санын, кәсібін, еңбек жағдайларын және бір айдағы еңбекақы мөлшерін көрсете отырып, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындары туралы ақпаратты осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мансап орталығына жібереді.

      14. Квотаны орындау еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген негізгі жұмыс орны бойынша еңбек шартының болуымен расталған жұмыс берушінің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруы және әлеуметтік төлемдердің аударылуы негізінде мүгедектігі бар адамдардың нақты жұмыспен қамтылуы болып табылады.

      Мүгедектігі бар адамдардың іс жүзінде жұмыспен қамтылуы күнтізбелік жыл ішінде мүгедектігі бар адамның жұмыс берушіде жұмыспен қамтылу айларының қосындысы ретінде айқындалады.

      Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын орындау үшін жұмыс орындарының саны туралы мәліметтер "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 5-күніне автоматты түрде қалыптастырылады.

  Мүгедектігі бар
адамдар үшін жұмыс
орындарын квоталау
қағидаларына
1-қосымша

Мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасы туралы хабарлама

      Құрметті _________________________________________!

      (жұмыс берушінің атауы)

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 207 бұйрығымен бекітілген Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сіздің ұйымыңыз үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін __ бірлік квота белгіленгені туралы хабардар етеді.

      Ынтымақтастық үшін рахмет!

  Мүгедектігі бар
адамдар үшін жұмыс
орындарын квоталау
қағидаларына
2-қосымша

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квоталанатын жұмыс орындары туралы ақпарат

      1. Жалпы ақпарат (мемлекеттік цифрлық жүйелерден автоматты түрде толтырылады)

      Жұмыс берушінің атауы ________________________________________

      БСН/ЖСН ____________________________________________________

      Облыс, аудан, қала _____________________________________________

      Жұмыскерлердің тізімдік саны ___________________________________

      Белгіленген жұмыс орындарының квотасы _________________________

      Толтыруға арналған жұмыс орындарының саны _____________________

      2. Квоталанатын жұмыс орындарының тізбесі

Жұмыс орнының атауы

Орындар саны







      3. Квоталанатын жұмыс орнының карточкасы (әрбір бос квоталанатын жұмыс орны үшін толтырылады)

      Лауазымның атауы ______________________________________________

      Құрылымдық бөлімше ___________________________________________

      Негізгі еңбек функциялары ________________________________________

      Жұмыс орындарының саны ________________________________________

      Жұмыс орнының нақты мекенжайы __ ______________________________

      3.1. Еңбек жағдайлары

      Жұмыс түрі ______________________________________________________

      Жұмыс режимі ____________________________________________________

      Қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі ________________________________

      3.2 Дене жүктемесі

      Дене жүктемесі деңгейі ______________________________________________

      Ұзақ мерзімді жай-күйі қажет _________________________________________

      Ауырлықты жылжыту (көтеру) қажет ___________________________________

      3.3 Жұмыс орнының қолжетімділігі

      Жұмыс орны мынадай адамдар үшін қол жетімді

      Есту қабілеті бұзылған __________________________________________

      Көру қабілеті бұзылған ______________________________

      Тірек-қимыл аппараты бұзылған __________________________________

      3.4 Жұмыс орнын бейімдеу

      Жұмыс орны мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналастыруға дайын ____________________

      Бейімделу қажет ______________________________________________

      Бейімделу түрі ______________________________________________________

      Мансап орталығының кеңесі қажет ______________________________________

      3.5 жоспарланған жалақы

      Еңбекақы мөлшері ____________________________________________________

      4. Жұмыс орындарын толтыру мерзімі

      Жұмыскерді бірден қабылдауға дайын болу ______________________________

      5. Байланыс тұлғасы ______________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) __________________________

      Телефон __ _______ ____________________________________________

      Email ___________________________________________________________

      Жұмыс берушінің эдектрондық цифрлық қолтаңбасы

      Күні: 20__ жылғы "___" _________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады