ЗҚАИ ескертпесі!
Қолданыска енгізулу тәртібін 4 тармақтан қараныз.
Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексі 24-бабының 48) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама, сондай-ақ қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптамалық қорытындыларды ресімдеу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында оның ресми жарияланғанынан кейін орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
5. 2028 жылғы 1 шілдеден бастап мыналар белгіленсін:
Қағиданың 6-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады:
"2) бөлімнің атауы, сертификаттың нөмірін (бар болса) көрсете отырып, сараптама комиссия (сараптама топтары) мүшесінің тегі, аты, әкесінің атын (бар болса) және бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалау үшін бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігі (сәйкессіздігі) туралы ақпаратты, сондай-ақ жобалау шешімдері мен есептерінде қала құрылысы және техникалық регламенттерінің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін сақтауды қамтитын қабылданған жобалық шешімдерді бағалау туралы;";
Қағиданың 7-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады:
"4) қарастырылып жатқан құрылыс жобасының әр бөліміне (бөліктеріне) қатысты олардың мамандығына сәйкес сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелері.
Құпиялылық белгісі қойылған немесе "қызметтік пайдалану үшін" деген белгісі бар құрылыс жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар қағаз жеткізгіште ресімделеді, Қағидалардың осы тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген тәртіппен қол қойылады және сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелерімен олардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), лауазымы, сертификатының нөмірі мен берілген күні көрсетілген мөрлерімен куәландырылады.";
Қағиданың 12-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады:
"2) бөлімнің атауы, сертификаттың нөмірін (бар болса) көрсете отырып, сараптама комиссия (сараптама топтары) мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалау үшін бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігі (сәйкессіздігі), сондай-ақ жобалау шешімдері мен есептерінде қала құрылысы регламенттерінің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін сақтау туралы ақпарат;".
Қағиданың 14-тармағы мынадай редакцияда қолданылады:
"14. Құпиялылық белгісі қойылған немесе "қызметтік бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қала құрылысы жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар қағаз жеткізгіште ресімделеді, осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген тәртіппен қол қойылады және сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелерімен олардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), лауазымы, сертификатының нөмірі және оның берілген күні көрсетілген мөрлерімен куәландырылады.".
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 5 мамырдағы № 225 Бұйрыққа 1-қосымша |
Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 24-бабының 48) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар құрылыс жобасына ведомстводан тыс кешенді сараптама немесе қала құрылысы жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізілген жобалау құжаттамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу тәртібін айқындайды.
3. Жобалау құжаттамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу және беру құпиялылық белгісі немесе "қызметтік бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар жобалау құжаттамасын қоспағанда, "бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және сараптауды ұйымдастыру үшін портал (бұдан әрі – Портал) арқылы жүзеге асырылады.
4. Осы Қағидаларда жобаларға сараптама жүргізу барысында мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және жобаларға сараптама жүргізу бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) сараптама ұйымы – Кодексте белгіленген тәртіппен аккредиттелген, Қазақстан Республикасының заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
3) сараптама қорытындысы – мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымының қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын және құрылыс жобасына кешенді ведомстводан тыс сараптаманы жүргізу нәтижесі болып табылатын құжат;
4) бастапқы материалдар – жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін қажетті материалдар;
5) қала құрылысы жобалары – аумақтар мен елді мекендерді немесе олардың бөліктерін ұйымдастыру, дамыту және салуды кешенді қала құрылысын жоспарлау шешімдерін қамтитын жобалар (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, аумақтарды қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары (елді мекендерді дамыту және салу схемалары), егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);
6) құрылыс жобасы – осы Кодекстің тиісті талаптарын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру және жүргізу, аумақты инженерлік даярлау, абаттандыру үшін сметалық есептемелерді қамтитын жобалау-сметалық құжаттама. Құрылыс жобаларына құрылыс объектілерін консервациялау және кейіннен кәдеге жарату жобалары да кіреді.
2-тарау. Құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама, сондай-ақ қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу тәртібі
1-параграф. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу тәртібі
5. Мемлекеттік сараптама ұйымы мен сараптама ұйымдары өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатын ескере отырып, құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама бойынша сараптама қорытындыларын ресімдейді.
6. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама бойынша сараптама қорытындылары келесі минималды деректерді қамтиды:
1) жобаның атауын, тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), қосалқы мердігерлер туралы мәліметтерді, құрылыс жобасына қоса берілетін бастапқы материалдарды және тапсырыс беруші құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін ұсынған рұқсат беру құжаттарын қамтитын құрылыс жобасы бойынша негізгі деректерді;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!2) тармақшаның 01.07.2028 бастап қолданысқа енгізілетін редакциясын осы бұйрықтың 5-т. қараңыз.
2) бөлімнің атауы, сертификаттың (аттестаттың) нөмірін (бар болса) көрсете отырып, сараптама комиссия (эксперттік топтары) мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалау үшін бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігі (сәйкессіздігі) туралы ақпаратты, сондай-ақ жобалау шешімдері мен есептерінде қала құрылысы және техникалық регламенттерінің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін сақтауды қамтитын қабылданған жобалық шешімдерді бағалау туралы;
3) алдын ала (есептік) санитариялық-қорғау аймағының (СҚА) көрсетілген жауапкершілік деңгейі мен параметрлерін (қашықтық, қауіптілік класы) қамтитын қорытындылар мен негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерді (ТЭК) көрсете отырып, құрылыс жобасына жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың нәтижелері.
Оң сараптама қорытындысы берілген жағдайда құрылыс жобасының соңғы нұсқасына сілтеме жасай отырып, QR-код беріледі.
7. Мемлекеттік сараптама ұйымы құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште береді.
Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларының электрондық нысаны келесі тұлғалардың электрондық-цифрлық қолтаңбалармен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады:
1) Қағидалардың осы тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік сараптама ұйымының бірінші басшысы не лауазымдық қызметтеріне құрылыс жобасына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру кіретін оның орынбасары немесе оны алмастыратын тұлға;
2) мемлекеттік сараптама ұйымының аумақтық бөлімшесінде жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптама құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындыларды аумақтық бөлімше басшысы немесе оның орнындағы тұлға куәландырады;
3) құрылымдық бөлімшелердің басшыларын, қарастырылған құрылыс жобасы бойынша басшылық функцияларды орындайтын мамандар;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!4) тармақшаның 01.07.2028 бастап қолданысқа енгізілетін редакциясын осы бұйрықтың 5-т. қараңыз.
4) қаралған құрылыс жобасы бөлімдерінің (бөліктерінің) әрқайсысы бойынша олардың мамандануына сәйкес сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелері;
Құпиялық белгісі қойылған немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар құрылыс жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар қағаз жеткізгіште ресімделеді, Қағидалардың осы тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген тәртіппен қол қойылады және сараптама комиссиясының (сараптамалық топтардың) мүшелерімен олардың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), лауазымы, сертификатының (аттестаттың) нөмірі және оны берген күні көрсетілген мөрлермен куәландырылады.
8. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама бойынша сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылары электрондық нысанда беріледі және ЭЦҚ-мен куәландырылады:
осы сараптама ұйымының басшысы немесе оны алмастыратын тұлға;
жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы құрылыс жобасы бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандар;
қаралған құрылыс жобасының бөлімдерінің (бөліктерінің) әрқайсысы бойынша олардың мамандануына сәйкес сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелері.
9. Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысын регламенттеуді талап ететін сараптамасы жекелеген объектілердің құрылыс жобаларын кезең-кезеңімен әзірлеудің және келісудің жеке жоспарларын әзірлеу және келісу тәртібімен жүргізілетін құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындылары келесі нысанда жасалады:
1) жобаның осы бөлігін оң бағалау кезінде бекітуге ұсына отырып, кезеңдердің әрқайсысы бойынша сараптама қорытындылары;
2) Осы құрылыс жобасы бойынша тұтастай ведомстводан тыс кешенді сараптаманың соңғы кезеңі бойынша сараптама қорытындысы.
10. Құрылыс жобалары бойынша теріс сараптамалық қорытындылар құпиялылық белгісі бар немесе "қызметтік пайдалану үшін" деп белгіленген жобаларды қоспағанда, Порталда ресімделеді және беріледі.
Теріс сараптамалық қорытындыда, Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне, қала құрылысы және техникалық регламенттердің талаптарына, мемлекеттік және мемлекеттер аралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сілтеме жасай отырып анықталған бұзушылықтар көрсетіледі.
2-параграф. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу тәртібі
11. Мемлекеттік сараптама ұйымы қала құрылысы жобасының деңгейін ескере отырып, қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларын ресімдейді.
12. Кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындысы келесілерді қамтиды:
1) қала құрылысы жобасы бойынша негізгі деректерді, атап айтқанда: қала құрылысы жобасының, тапсырыс берушінің, қосалқы мердігердің атауын, сондай-ақ Тапсырыс беруші сараптамаға ұсынған жобаға қоса берілетін бастапқы материалдарды көрсете отырып, қала құрылысы жобасының деңгейі туралы ақпаратты көрсету;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!2) тармақшаның 01.07.2028 бастап қолданысқа енгізілетін редакциясын осы бұйрықтың 5-т. қараңыз.
2) бөлімнің атауы, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалау үшін бастапқы материалдардың талаптарына сертификаттың (аттестаттың) (бар болса) нөмірін және бөлімнің сәйкестігі (сәйкессіздігі) туралы ақпаратты көрсете отырып, сараптама комиссия (сараптама топтары) мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), сондай-ақ жобалау шешімдерінде және қала құрылысы талаптарының есептерінде мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың регламенттерін, нормалары мен ережелерінің сақталуы;
3) қала құрылысы жобасының сапасын бағалау және (немесе) кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде алынған өзге де тұжырымдармен қала құрылысы жобасына жүргізілген кешенді қала құрылысы сараптамасының нәтижелері.
Оң сараптама қорытындысы берілген жағдайда, құпиялылық белгісі немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қала құрылысы жобалары бойынша сараптама қорытындыларын қоспағанда, қала құрылысы жобасының түпкілікті нұсқасына сілтемесі бар QR-код беріледі.
13. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындылары электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште беріледі.
Қала құрылысы жобасының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама қорытындыларының электрондық нысаны келесі электрондық-цифрлық қолтаңбалармен ЭЦҚ куәландырылады:
мемлекеттік сараптама ұйымының бірінші басшысының немесе оның орынбасарының не лауазымдық қызметтеріне Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамасында көзделген тәртіпке сәйкес қала құрылысы жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру кіретін тұлғаның;
кешенді қала құрылысы сараптамасын жүзеге асырған мемлекеттік сараптама ұйымының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
қаралған қала құрылысы жобасы бөлімдерінің (бөліктерінің) әрқайсысы бойынша олардың мамандануына сәйкес сараптама тобының мүшелері.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!14-тармақтың 01.07.2028 бастап қолданысқа енгізілетін редакциясын осы бұйрықтың 5-т. қараңыз.
14. Құпиялық белгісі қойылған немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қала құрылысы жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар қағаз жеткізгіште ресімделеді, осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген тәртіппен қол қойылады және сараптама комиссиясының (сараптамалық топтардың) мүшелерімен олардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), лауазымы, сертификатының (аттестатының) нөмірі және оны берген күні көрсетілген мөрлермен куәландырылады.
15. Қала құрылыс жобалары бойынша теріс сараптамалық қорытындылар құпиялылық белгісі бар немесе "қызметтік пайдалану үшін" деп белгіленген жобаларды қоспағанда, Порталда ресімделеді және беріледі.
Теріс сараптамалық қорытындыда, Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне, қала құрылысы және техникалық регламенттердің талаптарына, мемлекеттік және мемлекеттер аралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сілтеме жасай отырып анықталған бұзушылықтар көрсетіледі.
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 5 мамырдағы № 225 Бұйрыққа 2 - қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10636 болып тіркелген);
2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 751 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 3 - тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12694 болып тіркелген);
3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 477 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 2 - тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15385 болып тіркелген);
4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2018 жылғы 4 тамыздағы № 557 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 2 - тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17512 болып тіркелген);
5. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 16 тамыздағы № 648 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 2 - тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19283 болып тіркелген);
6. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі № 179 бұйрығының 1 – тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27422 болып тіркелген);
7. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 25 шiлдедегi № 541 бұйрығының 1- тармағының 1) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33167 болып тіркелген);
8. "Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 122 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35974 болып тіркелген).