Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 171 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 264 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 5 қыркүйекте № 36798 болып тіркелді

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 65-19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрінің міндетін атқарушы
________А. Ертаев
      Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
_________Е. Мырзабосынов

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің міндетін
атқарушы
2025 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 264 мен Қазақстан
Республикасы туризм және
спорт министрі
2025 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 171 бірлескен бұйрықпен
бекітілген

Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 65-19) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталы – www.e-Qazyna.kz электрондық мекенжайы бойынша интернет желісінде орналасқан, мемлекеттік мүлік тізілімнің деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;

      2) уәкілетті орган – қарамағында мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдары болатын дене шынықтыру және спорт саласындағы орталық атқарушы орган, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың атқарушы органы;

      3) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзі – мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасында тұрған ақпараттық жүйелердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс тұрған ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған "электрондық үкімет" шлюзінің кіші жүйесі;

      4) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

2 тарау. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы лауазымына конкурс өткізу тәртібі

      3. Уәкілетті орган мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы бос лауазымы пайда болған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасуға конкурс (бұдан әрі – конкурс) өткізу туралы шешім қабылдайды және мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату жөніндегі конкурстық комиссия құру туралы бұйрық шығарады (бұдан әрі – конкурстық комиссия).

      Конкурсты уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жариялайды және өткізеді.

      4. Конкурстық комиссияның құрамы кемінде 5 (бес) адамнан тұратын мүшелердің тақ санынан қалыптастырылып, оның ішінде конкурстық комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұрады.

      Конкурстық комиссияның құрамына уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, спорт федерациясының өкілдері кіреді.

      Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның отырысын ұйымдастырады және оның мүшесі болып табылмайды.

      5. Конкурстық комиссияның қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда конкурстық комиссияның құрамы 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайта қаралады.

      6. Конкурс өткізу туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде конкурс өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымы бойынша – мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында;

      мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымы бойынша – уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

      Конкурсқа қатысуға үміткер тұлғалар үшін құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      7. Конкурсты өткізу туралы хабарландырудың мәтіні мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефоны, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы көрсетілген ұйымның атауы;

      2) кандидаттарға қойылатын талаптар.

      8. Конкурсқа қатысуға үміткер тұлға конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде:

      мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға арналған конкурсқа қатысу үшін – еркін нысанда ресімделген қазақ және орыс тілдеріндегі түйіндемені қоса бере отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық нысанда ресімделген конкурсқа қатысу туралы өтініш, білім туралы диплом ұсынады.

      Тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйеде еңбек қызметі туралы мәліметтер болмаған жағдайда конкурсқа қатысуға үміткер тұлға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірін өтінішке тіркейді.

      9. Конкурс 2 (екі) жүйелі кезеңдерден тұрады:

      1) "Дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшылары, мамандары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 191 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14052 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік біліктілік сипаттамалары) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін және тиісті бос лауазымға ұсынылатын кандидаттардың құжаттарын қарау;

      2) конкурстық комиссия өткізетін кандидаттармен әңгімелесу.

      10. Кандидаттардың үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкестігін қарауды конкурс жариялаған уәкілетті органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      11. Әңгімелесуге Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін тұлғалар жіберіледі.

      12. Соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе ұшыраушы (Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1) және 2) тармақшаларының негізінде қылмыстық қудалаушылығы тоқтатылған тұлғалардан басқа), бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыстар және/немесе адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халықтың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдауды болдырмау мақсатында білім беруді басқару органының, тиісті саладағы уәкілетті органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс және/немесе құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы қосымша сұрау жолдайды.

      13. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтер анықталған жағдайда, кандидат конкурсқа қатысудан шеттетіледі.

      14. Конкурстың екінші кезеңіне жіберілген тұлғалардың тізімі және әңгімелесу өткізу кестесі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында 3 (үш) жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.

      15. Конкурстың екінші кезеңіне жіберілген тұлғалардың тізімі бекітілгеннен кейін конкурстық комиссия мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында әңгімелесу өткізу кестесі орналастырылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу өткізеді.

      16. Конкурстық комиссияның отырысы отырысқа қатысқан төраға, комиссия мүшелері және хатшы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      17. Конкурстық комиссияның отырысы оның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткен болып есептеледі және оның шешімі заңды деп танылады.

      18. Конкурстық комиссияның шешімі әңгімелесу аяқталған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Конкурстық комиссияның отырысы аудио- және бейнежазбамен сүйемелденеді.

      19. Егер конкурсқа қатысуға осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін 2 (екі) кандидаттан кем конкурстық өтінімдер ұсынылса не конкурстық өтінімдер келіп түспесе немесе кері қайтарып алынса, онда конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеген деп таниды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.

      Егер әңгімелесу нәтижесінде конкурстық комиссия мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы лауазымына кандидатты анықтамаса, онда уәкілетті орган конкурсты өтпеді деп таниды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.

      20. Конкурстық комиссияның хаттамасы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурстық комиссия шешім қабылдаған күннен кейінгі жұмыс күні аяқталғанға дейін қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.

3-тарау. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау тәртібі

      21. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және уәкілетті орган тұлғасында жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.

      22. Конкурстық комиссияның хаттамасы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын жұмысқа қабылдау үшін негіз болып табылады.

      23. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысымен еңбек шартын жасасу үшін кандидат Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 32-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.

      24. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау тұлғаның тиісті бос лауазымға қойылатын және Үлгілік біліктілік сипаттамаларында айқындалған біліктілік талаптарына сәйкестігі болған жағдайда жүзеге асырылады.

      25. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын тағайындау туралы бұйрық кандидат Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 32-бабында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде шығарылады.

4-тарау. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын қызметінен босату тәртібі

      26. Бірінші басшыларды қызметтен босату мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:

      1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;

      2) еңбек шартының мерзімінің аяқталуы;

      3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      4) қызметкердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты;

      5) қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      6) қызметкердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе оны еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болдырмайтын лауазымға тағайындауы;

      8) еңбек шартын жасасу талаптарын бұзу;

      9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын немесе өзге де қылмыстық құқық бұзушылық жасау.

      27. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы лауазымынан босату Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      28. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысы лауазымынан босату уәкілетті органның бұйрығымен жүргізіледі.

      29. Уәкілетті органның мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшысын қызметтен босату туралы шешімімен келіспеген жағдайда, шешімге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады