"Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 171 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушысының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 264 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2026 жылғы 11 тамыздағы № 154 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 13 тамыздағы № 331 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 18 тамызда № 39609 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. "Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 171 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушысының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 264 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36798 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталы – www.e-Qazyna.kz электрондық мекенжайы бойынша интернет желісінде орналасқан, мемлекеттік мүлік тізілімнің деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;

      2) уәкілетті орган – қарамағында мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдары болатын дене шынықтыру және спорт саласындағы орталық атқарушы орган, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органы;

      3) "цифрлық үкіметтің" сыртқы шлюзі – мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасындағы цифрлық объектілердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс орналасқан цифрлық объектілермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған "цифрлық үкіметтің" сыртқы шлюзінің кіші жүйесі;

      4) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Конкурстық комиссияның құрамы кемінде 5 (бес) адамнан тұратын мүшелердің тақ санынан қалыптастырылып, оның ішінде конкурстық комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұрады.

      Конкурстық комиссияның құрамына уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, спорт федерациясының өкілдері кіреді.

      Комиссияның қызметін тиімді ұйымдастыру мақсатында хатшы тағайындалады. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы жоқ.";

      6, 7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Конкурс өткізу туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде конкурс өткізу туралы шешім қабылданған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымы бойынша – мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында;

      мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымы бойынша – уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды.

      Конкурсқа қатысуға үміткер тұлғалар үшін құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      7. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) конкурстың өткізілетін күні мен орнын;

      2) орналасқан орнын, пошталық мекенжайын, телефонын көрсете отырып, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының атауын, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасын;

      3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптарды;

      4) конкурсқа қатысу туралы өтініштерді ұсыну мерзімін;

      5) конкурсқа қатысуға үміткер адамдардан құжаттар қабылдау басталатын күн тізілімнің мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталында және уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап айқындалады.

      8. Конкурсқа қатысуға үміткер тұлға қазақ және орыс тілдерінде мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға арналған конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде:

      мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанында – еркін нысанда ресімделген түйіндемені қоса бере отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында ресімделген электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған конкурсқа қатысу туралы өтініш, білім туралы диплом;

      мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында – еркін нысанда ресімделген түйіндемені қоса бере отырып, уәкілетті органның электрондық поштасына еркін нысандағы конкурсқа қатысу туралы өтініш, білім туралы диплом ұсынады.

      Мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталы конкурсқа қатысу туралы өтінішке "цифрлық үкіметтің" сыртқы шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелер мен дерекқорлардан конкурсқа қатысуға үміткер адамның жеке басын куәландыратын, білімі, зейнетақы аударымдары және еңбек қызметі туралы құжаттардың мәліметтерін автоматты түрде тіркейді.

      Тиісті мемлекеттік цифрлық жүйеде еңбек қызметі туралы мәліметтер болмаған жағдайда конкурсқа қатысуға үміткер тұлға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірін өтінішке тіркейді.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ тұлғаның Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес болған кезде конкурстық комиссия құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде құжаттарды берген тұлғаны әңгімелесуге қатысуға жіберу туралы шешім қабылдайды.";

      11-тармақ алып тасталсын;

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Конкурстың екінші кезеңіне жіберілген тұлғалардың тізімі және әңгімелесу өткізу кестесі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында конкурстық комиссия шешім қабылдаған күннен кейінгі жұмыс күні аяқталғанға дейін қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Конкурстық комиссияның шешімі әңгімелесу өткен күні ашық дауыс беру арқылы конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Конкурстық комиссияның отырысы аудио- және бейнежазбамен сүйемелденеді.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Бірінші басшыларды қызметтен босату мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:

      1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;

      2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы;

      3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      4) жұмыскердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты;

      5) жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      6) жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын лауазымға тағайындалуы;

      8) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы болып табылады;

      9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын немесе өзге де қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

      10) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар.".

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларын орындағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне орындау туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
__________А. Ертаев
      Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
__________Е. Мырзабосынов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады