Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесін мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 12 тамыздағы № 297 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 12 тамызда № 36606 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесін мониторингтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2025 жылғы 12 тамыздағы
№ 297 Бұйрықпен
бекітілген

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесін мониторингілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесін мониторингілеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-42) тармақшасына сәйкес әзірленген және Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесінің мониторингі тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларды іске асыру шеңберінде техникалық оператордың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырманы орналастыру арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны - Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес конкурстық рәсімдерді жүргізу және "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар жасасу үшін жобалау алдындағы кезеңде айқындалатын объектілер құрылысының құны;

      2) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны сатып алудың электрондық платформасы (бұдан әрі - электрондық платформа) - энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде электрондық сатып алуды жүргізуді қамтамасыз ететін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін қолжетімділік нүктесін қамтамасыз ету, "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарт жасасу, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жобаларды іріктеу және мониторингілеу жөніндегі электрондық қызметтерді ұсынатын ақпараттық жүйе;

      3) өтінім – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және салуға қатысатын жобалар бойынша табиғи монополиялар субъектісінің және жергілікті атқарушы органдардың алдын ала өтінімі;

      4) жоба – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу жобасы;

      5) техникалық оператор – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық операторы ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;

      6) қаржы операторы – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы;

      7) тарифтік реттеуші – табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті орган;

      8) Ұлттық жоба – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба;

      9) ұсынылатын тарифтер деңгейлерінің кестесі – қаржы операторы айқындаған қаржыландыру тетігі шеңберінде алынған қаражатты қайтару бойынша табиғи монополия субъектісінің міндеттемелерін орындаудың бүкіл кезеңіне жылдар бойынша ұсынылатын тарифтер деңгейлерінің кестесі;

      10) қаржы институттары – банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлғалар, ұйымдар.

2-тарау. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, салу және (немесе) пайдалану процесін мониторингілеу тәртібі

1-параграф. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау

      4. Ұлттық жобаға қатысу үшін табиғи монополия субъектісі электрондық платформа арқылы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес қажетті құжаттарды қоса бере отырып, жоба бойынша өтінім береді.

      5. Егер өтінім беру сәтінде электрондық платформа іске қосылмаған немесе уақытша жұмыс істемей тұрса, өтінім беру техникалық оператордың қолданыстағы электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      6. Өтінімге табиғи монополия субъектісінің бірінші басшысы және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың әкімі немесе оның коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жобалауға арналған тапсырмамен бірге қол қояды.

      7. 2026 жылы іске асыру жоспарланған жобалар бойынша өтінімдер 2025 жылғы 31 қаңтардан кешіктірілмей беріледі.

      Келесі күнтізбелік жылда іске асыру жоспарланған жобалар бойынша өтінімдер жыл сайын алдыңғы жылдың 1 наурызынан кешіктірілмей беріледі.

      8. Өтінімге Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес құжаттар қоса беріледі, оның ішінде:

      1) ҚР ҚН 1.02-03-2022 "Құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы" және жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы техника-технологиялық шешімдер бөлігіндегі нормативтік-техникалық талаптарға, оның ішінде сәулет, қала құрылысы, құрылыс және объектілердегі жұмыстарды жүргізу салаларындағы талаптарға сәйкес табиғи монополия субъектісі әзірлеген жобалау тапсырмасы;

      2) табиғи монополия субъектісінің жоба бойынша өтінімінің нысанына 1-қосымшаға сәйкес жобаға түсіндірме жазба;

      3) "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны не өтінім берілген сәтте ескірмеген болып саналатын, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға немесе техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес көрсетілген құны;

      4) табиғи монополия субъектісінің жоба бойынша өтінімінің нысанына 2-қосымшаға сәйкес тарифтердің ұсынылатын деңгейлерінің кестесі.

      9. Жоба бойынша ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен өтінім беру сәтінде ескірген болып табылмайтын бекітілген жобалау-сметалық құжаттама немесе техникалық-экономикалық негіздеме болған кезде табиғи монополия субъектісі өтінімге бұрын бекітілген жобалауға арналған тапсырманы қоса береді.

2-параграф. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды іріктеу

      10. Өтінімді 5 (бес) жұмыс күніне дейінгі мерзімде техникалық оператор, қаржы операторы және тарифтік реттеуші қоса берілген құжаттардың дұрыс толтырылуын мен толықтығын, бір мезгілде тексереді.

      Осы тармақта көрсетілген мерзім шеңберінде өтінім алдын ала:

      жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау желілерін және жылумен жабдықтау көздерін жаңғырту мен салу жобалары бойынша — электр энергетикасы және жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті органмен;

      сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жаңғырту және құрылыс жобалары бойынша — тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.

      Уәкілетті органдар тиісті саладағы уәкілетті органдар іске асыратын мемлекеттік саясатқа жоба сәйкес келмеген жағдайда өтінімді алдын ала келісуден бас тартады.

      11. Өтінім техникалық оператордың немесе қаржы операторының немесе тарифтік реттеушінің ескертулері бойынша мынадай жағдайларда себептерін көрсете отырып, пысықтауға қайтарылады:

      1) өтінім нысанын дұрыс толтырмау;

      2) ұсынылған құжаттардың толық болмауы.

      12. Ескертулер жойылғаннан кейін пысықталған өтінім қайталап жіберіледі.

      13. Қоса берілген құжаттардың дұрыс толтырылуын және толықтығын тексеру, сондай-ақ Қағидалардың 10-тармағына сәйкес алдын ала келісу қорытындылары бойынша өтінім жұмысқа қабылданады.

      14. Жұмысқа қабылданған өтінім бойынша техникалық оператор электрондық платформада жобалау тапсырмасының мынадай өлшемдерге сәйкестігін қарайды:

      1) техникалық-экономикалық параметрлердің жоспарланған техникалық-технологиялық шешімдердің негізділігі;

      2) елді мекеннің бас жоспарын, инженерлік инфрақұрылымды дамытуды жоспарлау құжаттарын, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудын кешенді жоспарын қоса алғанда, аумақтық және әлеуметтік-экономикалық жоспарлаудың бекітілген құжаттарына сәйкестігі;

      3) қазақстандық өндірістің тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін қамтамасыз ету, тұрақты дамуға және экологиялық жүктемені төмендетуге бағдарланған энергия тиімді технологияларды, жабдықтар мен шешімдерді енгізу жөніндегі талаптардың болуы;

      4) белгіленген жобалық параметрлердің Ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі;

      5) жобада жылумен-, электрмен-, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі технологиялық процестерді автоматтандыруға және цифрландыруға бағытталған ко мпоненттердің (функционалдық қажеттілік болған жағдайда) болуы.

      15. Жобалауға арналған тапсырма Қағидалардың 14-тармағына сәйкес келмеген жағдайда, техникалық оператор өтінімді табиғи монополия субъектісіне пысықтауға қайтарады. Ескертулер жойылғаннан кейін жобалауға пысықталған тапсырма техникалық операторға қайта қарауға беріледі.

      16. Техникалық оператор жұмысқа қабылданған өтінімді қарастырып, Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жобаға кешенді балдық бағалауды жүзеге асырады:

      1) орындылығы –,көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруды, оларды үздіксіз көрсетуді қамтамасыз етуді, тұтынушыларды қамтуды кеңейтуді, сондай-ақ халықтың өмір сүру жағдайларының қолайлылығын арттыруды қоса алғанда жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы,;

      2) негізділік - су және энергетикалық ресурстарды кешенді есепке алуды, басқаруды және мониторингін қамтамасыз ете отырып және жоба құнының оңтайлы параметрлерін айқындай отырып, жобаланатын учаскедегі қолданыстағы инфрақұрылымның пайдалану, техникалық және технологиялық сипаттамаларын жақсарту;

      3) басымдылық – жабдықтың және (немесе) желілердің физикалық тозу дәрежесі, апаттар, істен шығулар мен технологиялық бұзушылықтардың саны мен жиілігі, сондай-ақ объектілерді пайдалану мерзімі.

      17. Кешенді баллдық бағалау қорытындысы бойынша 50 баллға қол жеткізілмеген жағдайда жоба одан әрі іске асырылуға жатпайды. Бұл жағдайда техникалық оператор келісім беруден бас тартады және табиғи монополия субъектісіне ескертулерді көрсете отырып, дәлелді қорытынды ұсынады.

      18. Кешенді балдық бағалау қорытындысы бойынша 50 балға қол жеткізілген жағдайда, техникалық оператор тиісті табиғи монополия субъектісін және жергілікті атқарушы органды электрондық платформа арқылы өтінімді келісу туралы хабардар етеді.

      19. Қағидалардың 14 және 16-тармақтарына сәйкес өтінімді қарау оны жұмысқа қабылдаған күннен бастап 14 (он төрт) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      20. Жобалауға арналған келісілген тапсырмаға өзгерістер енгізілген жағдайда, жобалауға арнлаған өзгертілген тапсырма Қағидалардың 19-тармағында белгіленген тәртіппен техникалық оператормен қайта келісілуге жатады.

      21.Жоба бойынша өтінімді техникалық оператор келіскеннен кейін, тарифтік реттеуші 7 (жеті) жұмыс күні ішінде өтінімді қарайды және, электрондық платформада тиісті қорытындыны бере отырып, тарифтің алдын ала деңгейін айқындайды.

      Жоба бойынша тарифті одан әрі бекіту Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген) бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі үшін қаржыландыру бөлінгенге дейін Қағиданың 36-тармағына сәйкес , жүзеге асырылады.

      22. Қаржы операторына өтінім оны техникалық оператор мен тарифтік реттеуші келіскеннен кейін электрондық платформа арқылы түседі.

      Қаржы операторының өтінімді қарауы "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 33-1) тармақшасында көзделген тәртіппен 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Жобаны қаржыландырудың одан әрі рәсімдері қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін қаржы операторы айқындаған қаржыландыру және (немесе) субсидиялау тетігіне байланысты Қағидалардың 35 және 38-тармақтарына сәйкес, іске асырылады.

      23. электрондық платформа арқылы өтінімге алынған техникалық оператордың, тарифтік реттеушінің және қаржы операторының қорытындылары негізінде жоба автоматты түрде Ұлттық жоба аясында іске асырылатын жобалар тізбесіне енгізіледі.

3-параграф. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды келісу

      24. Ұлттық жоба шеңберінде іске асырылуға жататын жобалар тізбесіне енгізілген іріктелген жобаны одан әрі іске асыру мақсатында табиғи монополия субъектісі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-12-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу арқылы құрылыс жобасын "толық бітіріп берілетін" іске асыруды жүзеге асырады.

      25. Бұрын әзірленген жобалау-сметалық құжаттаманы одан әрі пайдалану немесе түзету туралы шешімді мердігерді немесе консорциумды іріктеу жө ніндегі конкурстың жеңімпазы қабылдайды.

      Тапсырыс берушімен келісілген техникалық-технологиялық шешімдерге сараптама жүргізілгеннен кейін бұрын әзірленген жобалау-сметалық құжаттаманы пайдалануға жол беріледі.

      26. Тапсырыс беруші, жобаны әзірлеуші және бас инженер әзірлеген және қол қойған жобалау-сметалық құжаттаманы ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткенге дейін табиғи монополия субъектісі электрондық платформа арқылы техникалық операторға жобаның техникалық-технологиялық шешімдеріне сараптаманы жүзеге асыруға жібереді.

      27. Жобаның техникалық-технологиялық шешімдеріне сараптаманы техникалық оператор жобалау-сметалық құжаттаманы алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады, нәтижелері бойынша техникалық-технологиялық шешімдер сараптамасының қорытындысы қалыптастырылады.

      28. Техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) техникалық-технологиялық шешімдердің жоба бойынша келісілген өтінімге және жобалауға бекітілген тапсырмаға сәйкестігі;

      2) жобалық шешімдердің негізділігін растайтын инвестициялар мен техникалық-экономикалық көрсеткіштердің тиімділігі;

      3) қазақстандық тауар өндірушілер өнімінің басымдылығымен материалдарды, жабдықтар мен технологияларды ұтымды іріктеу;

      4) деректерді қашықтан беру функциясы бар энергия тиімді шешімдерді, автоматтандырылған басқару жүйелерін және есепке алу аспаптарын енгізу;

      5) Ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі.

      29. Техникалық-технологиялық шешімдерге сараптама қорытындысы мына бөлімдерді қамтиды:

      1) табиғи монополия субъектісі туралы мәліметтер;

      2) жобаның жалпы сипаттамасы;

      3) Қазақстандық тауар өндірушілерді көрсетумен қолданылатын негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары және жабдықтарының тізімі;

      4) қолданылатын техникалық-технологиялық шешімдердің сипаттамасын қамтитын техникалық бөлім; 5) жалпы қорытындылар.

      30. Жобаның техникалық-технологиялық шешімдеріне сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, тиісті хабарлама электрондық платформа арқылы тиісті табиғи монополия субъектісіне және жергілікті атқарушы органға автоматты түрде жіберіледі.

      31. Осы ағидалардың 28-тармағында жазылған бағыттар бойынша келмеген жағдайда, жобалау-сметалық құжаттаманы техникалық оператор пысықтауға жібереді, пысықталған жобалау-сметалық құжаттама қайта қарауға енгізіледі.

      32. Техникалық-технологиялық шешімдер сараптамасының қорытындысын алғаннан кейін, табиғи монополиялар субъектісі жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы бар материалдарды бір мезгілде қаржыландырудың белгілі бір тетігіне байланысты ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге және тиісті қаржы институтына жібереді.

      33. Табиғи монополия субъектісі ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүргізуге жобалау-сметалық құжаттаманы жібереді және "Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларымен (нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен жобаны одан әрі бекітуді жүзеге асырады.

      34. Жобалау-сметалық құжаттамаға кейінгі барлық өзгерістер техникалық оператормен келісім бойынша енгізіледі. Өзгерістерді келісу мақсатында табиғи монополия субъектісі тиісті құжаттарды қоса бере отырып, жоспарланған өзгерістердің негіздемесімен электрондық платформа арқылы техникалық операторға жүгінеді. Техникалық оператор құжаттар келіп түскен сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде өзгерістерді қарайды және келіседі не қарау нәтижесін дәлелді бас тарту түрінде ресімдейді және табиғи монополия субъектісіне электрондық платформа арқылы жібереді.

      35. Қаржы институты материалдарды қарайды және Қағидалардың 32-тармағына сәйкес қаржыландырудың алдын ала шарттарын айқындайды және табиғи монополия субъектісін қарау қорытындылары туралы хабардар етеді.

      36. Жобалау-сметалық құжаттамаға техникалық-технологиялық шешімдер сараптамасының және ведомстводан тыс кешенді сараптаманың, сондай-ақ қаржыландырудың алдын ала шарттарының оң қорытындыларын, алғаннан кейін тарифтік реттеуші Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына (нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген) сәйкес тарифті бекітеді.

      37. Тарифтік реттеушінің тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны бекіту және (немесе) оған өзгерістер енгізу туралы шешімі оны қабылданған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық платформада орналастырылуға тиіс.

      38. Жобаны одан әрі қаржыландыруды тиісті қаржы институты тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны бекіткеннен және (немесе) оған өзгерістер енгізгеннен және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысынан кейін жүзеге асырады.

4-параграф. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобалау, құрылыс және (немесе) пайдалану процесін мониторингілеу

      39. Ұлттық жоба шеңберінде техникалық оператор жабдықтар, материалдар сапасының мониторингін, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауды және қазақстандық тауар өндірушілердің жобаларға қатысуын қоса алғанда, объектілерді жобалау, салу, реконструкциялау, жаңғырту және пайдалану процестеріне мониторинг жүргізеді.

      40. Мониторинг электрондық платформада жобаның тапсырыс берушісі ұсынатын деректер және техникалық оператордың жобаларды іске асырудың нақты барысын тексере отырып, нысандарды көзбен шолып тексеру, материалдар мен жабдықтардың сапасын бақылау негізінде жүзеге асырылады.

      41. Жобалау процесінің мониторингі осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен жүргізілетін техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау арқылы жүзеге асырылады.

      42. Құрылыс мониторингі мыналарды қамтиды:

      1) жобаларды іске асыру барысының мониторингі;

      2) Қазақстандық тауар өндірушілердің өнімін қолдану мониторингі;

      3) қолданылатын материалдардың, жабдықтар мен технологиялардың мониторингі.

      43. Ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы деректерді беру мақсатында жергілікті атқарушы органдар ай сайынғы негізде Қағидаларға 3-қосымшада бекітілген нысандарға сәйкес ақпарат беруді қамтамасыз етеді. Мониторинг рәсімдерін іске асыру шеңберінде техникалық оператор электрондық платформа арқылы ұсынылатын деректердің сапасын, дәйектілігін және уақтылығын бақылауды жүзеге асырады.

      44. Мониторинг барысында бұзушылықтар, ауытқулар анықталған, сондай-ақ сапасыз немесе жобаға сәйкес келмейтін материалдар мен жабдықтар қолданылған жағдайда, техникалық оператор анықталған фактілер туралы есеп жасайды.

      Есеп хабарламамен бірге табиғи монополия субъектісіне, жергілікті атқарушы органға, қаржы операторына, техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымға, тиісті салаларда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органдарға жіберіледі, сондай-ақ электрондық платформада орналастырылады.

      Объектіге қол жеткізуге табиғи монополия субъектісі кедергі келтірген немесе мониторинг барысында сұратылған ақпаратты ұсынбаған жағдайда, техникалық оператор бұл туралы жергілікті атқарушы органды хабардар етеді.

      45. Пайдалану мониторингі объектіні кепілдік пайдалану мерзімі ішінде оның мәлімделген параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.

      46. Олардың шеңберінде, мердігер ұйымдармен жасалған шарттарда объектілерді жобалау, салу және кейіннен пайдалану кезеңдері көзделетін жобалар бойынша техникалық оператор тиісті шарттарда белгіленген түйінді нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізу мониторингін қосымша жүзеге асырады.

      47. Жобаның тапсырыс берушісі ай сайынғы негізде техникалық операторға Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес, жобаның іске асырылу барысы туралы есеп нысанында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымның деректері негізінде дайындалған жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту барысы туралы ақпаратты ұсынады.

      48. Жобаның іске асырылу барысы туралы ақпаратты жобаның тапсырыс берушісі ай сайын және жыл қорытындысы бойынша электрондық форматта немесе қағаз жеткізгіште мынадай мерзімдерде:

      есептік ай үшін – есептік айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей;

      есептік жыл үшін - есептік жылдан кейінгі жылдың 10 ақпанынан кешіктірмей ұсынады.

      49. Техникалық оператор жобаның іске асырылу барысы туралы тапсырыс беруші ұсынған ақпаратты өңдеуді, жинақтауды және талдауды жүзеге асырады. Жүргізілген талдау қорытындылары бойынша Техникалық оператор жобаның іске асырылу барысы туралы жиынтық есепті мынадай мерзімдерде қалыптастырады:

      есептік ай үшін – есептік айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;

      есептік жыл үшін – есептік қаржы жылдан кейінгі жылдың 20 ақпанынан кешіктірмей.

      50. Техникалық оператор тоқсан сайын кемінде бір рет объектілерге көзбен шолып тексеру және жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру мақсатында объектілерге шығуды жүзеге асырады.

      51. Объектілерді көзбен шолып тексеру және жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру фото және бейне тіркеу құралдарын және өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      52. Объектілерді көзбен шолып тексеру және жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру қорытындылары бойынша Техникалық оператор 5 жұмыс күні ішінде растайтын фото және бейнематериалдарды қоса бере отырып, объектіні көзбен шолып тексеру туралы есеп жасайды.

      53. Жобаларды іске асыру мониторингі барысында мердігер ұйым тарапынан ықтимал бұзушылықты көрсететін фактілер анықталған жағдайда, техникалық оператор объектіге көзбен шолып тексеру жүргізу және жобаларды іске асырудың нақты барысын тексеру мақсатында объектілерге жоспардан тыс баруды жүзеге асырады.

      54. Жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту объектілеріне шығу кезінде жобаның тапсырыс берушісі техникалық операторға объектіге қол жеткізуді және сұратылған құжаттаманы ұсынады.

      55. Техникалық оператор қаржы операторына және тиісті табиғи монополия субъектісіне, жергілікті атқарушы органға жібереді, сондай-ақ жобаның іске асырылу барысы туралы жиынтық есепті және 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша объектіні нақты көзбен шолып тексеру есепті электрондық платформада орналастырады.

      56. Қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдану мәселелерінің мониторингі электрондық платформада орналастырылатын деректерді, сондай-ақ мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей қазақстандық тауарлардың шығарылған жері мен өндірісін растайтын құжаттарды талдау негізінде жүзеге асырылады, оның ішінде мыналар:

      1) шикізат базасының болуын немесе шикізатты сатып алу фактісін растайтын құжаттар (егер өтініш беруші мәлімделген шикізатты өндіруші болып табылмаған жағдайда), оның ішінде электрондық шот-фактуралар, жүкқұжаттар, инвойстар, кедендік жүк декларациялары, шикізат өндірушілермен жасалған шарттар, сондай-ақ шикізаттың болуы туралы анықтамалар;

      2) техникалық паспортты немесе жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтаманы қоса алғанда, өндірістік базаның болуын растайтын құжаттар, технологиялық операциялардың (өндірістің технологиялық процесінің) сипаттамасы, пайдаланылатын жабдықтардың тізбесі, өндірістік үй-жайларға арналған құжаттар, лауазымдары және (немесе) кәсіптері көрсетілген қызметкерлердің тізімі, оларға сәйкес тауар өндірілетін нормативтік-техникалық құжаттардың тізбесі, сондай-ақ сынау хаттамалары бар сапа сертификаты (қажет болған жағдайда);

      3)қойманың мекенжайын көрсете отырып, қоймада тауардың бар-жоғы және саны туралы қойма анықтамасы немесе сериялық өндірілген тауарды шығарудың жоспарланған жылдық көлемі туралы анықтама.

      Мониторинг нәтижелерін техникалық оператор жобаның іске асырылу барысы туралы жиынтық есепте көрсетеді.

      57. Қолданылатын материалдардың, жабдықтар және технологиялардың мониторингі жобаларда сапасыз өнімдерді мен тиімсіз технологияларды пайдалануға жол бермеу мақсатында жүзеге асырылады.

      58. Қолданылатын материалдардың, жабдықтар мен технологиялардың мониторингі мынадай жағдайларда жүргізіледі:

      1) Қолданылатын материалдардың немесе жабдықтардың және орындалатын жұмыстардың, оның ішінде объектіні көзбен шолып тексеру, жоспардан тыс шығу немесе өнімнің шыққан жерін растайтын құжаттар негізінде сәйкес келмейтін сапа белгілерін, анықтау;

      2) жабдықты жинау, сақтау, монтаждау және іске қосу-реттеу кезеңдерінде сапаны іріктеп тексеру.

      59. Қолданылатын материалдардың, жабдықтар мен технологиялардың мониторингі келесі талдауды қамтиды:

      1) мәлімделген стандарттар мен құрамға сәйкестігіне тәуелсіз зертханалық сынақтар жүргізуді қоса алғанда, қолданылатын материалдардың, шикізаттың сапасы және оларды сақтау шарттары;

      2) қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес, оның ішінде құрылыс климатологиясы саласындағы материалдар мен жабдықтарды сақтау шарттарын сақтау;

      3) сынақ хаттамалары түрінде нәтижелерді ресімдей отырып, объектіде орындалатын жұмыстардың сапасы;

      4) материалдар мен жабдықтардың техникалық жағдайын, пайдаланудағы ақауларды, зақымдануларды және әлеуетті тәуекелдерді қамтиды.

  Энергетикалық және
коммуналдық секторларды
жаңғырту жөніндегі ұлттық
жоба шеңберінде тұрғын үй
қатынастары мен тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы
саласындағы жобаларды
жоспарлау, іріктеу, келісу,
жобалау, салу және (немесе)
пайдалану процестерін
мониторингілеу қағидаларына
1-қосымша

Инвестициялық жоба бойынша Табиғи монополиялар субъектісінің (бұдан әрі-ТМС) өтінім формасы

Кесте – 1.1 "Жалпы ақпарат"

Баған атауы

Ескерту

1

ТМС ұйымының
атауы



2

БСН



3

Заңды тұлғаның тіркелген күні



4

Заңды мекенжайы



5

Нақты мекенжайы



6

ТМС меншік формасы


Бірыңғай меншік нысандарының классификаторына сәйкес көрсетіледі

7

Байланыс тұлғалары


Өтінімге жауапты қызметкерлер көрсетіледі

8

Жетекшілік ететін ведомство, холдинг немесе бас компания, мемлекеттік орган


Егер ТМС холдинг құрамына кірсе немесе мемлекеттік органға бағынышты болса – көрсету қажет

9

Акционерлер немесе құрылтайшылар (қатысушылар)


Түпкілікті бенефициарға дейін меншіктің құрылымын көрсету қажет

10

Бірінші басшы


ТАӘ, лауазымы, байланыс ақпараты

11

ТМС бас бухгалтері / қаржы директоры


ТАӘ, лауазымы, байланыс ақпараты

12

Компаниялар тобы, ТМС-нің аффилирленуі


Өзге компаниялармен байланысы көрсетіледі (нарық, технологиялар, меншік бойынша)

13

Негізгі қызмет түрлері, менеджменттің жұмыс тәжірибесі


Жарғы мен мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке сәйкес ТМС қызметінің негізгі бағыттары көрсетіледі. Басқарушы менеджерлердің кәсіби тәжірибесі сипатталады

14

Қызметкерлер /штат саны (қазіргі)


Нақты, штаттық және орташа тізімдік саны растайтын құжаттармен қоса көрсетіледі

15

ТМС қызметтеріне арналған қолданыстағы тариф және тариф құрылымы


Тарифті бекіту туралы бұйрық көшірмесі қоса беріледі

16

Тарифтік смета жобасы


Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген) бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес есеп пен негіздеуші материалдар қоса беріледі

17

Инвестициялық бағдарлама жобасы


Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген) бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес есеп пен негіздеуші материалдар қоса беріледі

18

Соңғы үш жылдағы қаржылық көрсеткіштер (бар болса, аудит қорытындысымен расталған)


Сатудан түскен табыс, жалпы пайда, EBITDA, таза пайда (шығын), негізгі құралдар, ағымдағы активтер, ұзақ мерзімді активтер, ағымдағы міндеттемелер, қаржылық міндеттемелер, дебиторлық берешек, кредиторлық берешек, меншікті капитал, бөлінбеген пайда (шығын), активтердің жалпы сомасы (баланс валютасы) растайтын құжаттармен бірге

19

Валюта мен өлшем бірлігі көрсетілген өтінім берілген күнгі кредиттік тарих


Несие және (немесе) төленбей қалған несие қарызы, сондай-ақ өтініш берілген кезге дейінгі кредиттер мен басқа қаржылық міндеттемелер бойынша қарыздар, растайтын құжаттар қосымша берілуі тиіс

20

"Жеке инвестициялар арқылы қаржыландыру" белгісі


Егер жобаға жеке инвестор қатысса – белгі қойып, қысқаша сипаттама беру қажет

21

Қазақстан Республикасының бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер (соңғы үш жыл)


Салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме негізінде

22

Табыс бөлігін құрайтын ТМС (тұтынушылар) абоненттік базасының қамтуы мен деңгейі сандық түрде (адам саны)


Абоненттер санаттары, санаттар бойынша абоненттер саны, елді мекендегі жалпы халық саны, растайтын құжаттар қоса берілген абоненттік база

23

Тұтыну көлемдері (жалпы және абоненттер санаттары бойынша) заттық және құндық мәнде, соңғы үш жылда


Өткен жылдың тұтыну, абоненттер санаттары бойынша тұтыну көлемі, растайтын құжаттар қоса беріледі

24

Көрсетілетін қызмет бойынша нақты шығындар деңгейі заттық және құндық мәнде


Көрсеткіш өндірілген қызметтердің көлемі мен шарттар бойынша өткізілген қызметтердің көлемі арасындағы айырма ретінде есептеледі (нормативтік шығындарды, рұқсатсыз тұтынуды және есепке алу қателіктерін ескере отырып), шығындардың себептері түсіндіріліп, растайтын құжаттар қоса беріледі

25

ЕА қамтамасыз етілу деңгейі, оның ішінде деректерді қашықтан беруді қамтамасыз ететін құралдар


Растайтын құжаттарды қоса бере отырып ағымдағы деңгейді аспаптандыруды көрсету

26

Кәсіпорынның өндірістік процестерін автоматтандыру деңгейі


Кәсіпорындағы автоматтандыру деңгейін сипаттау, растайтын құжаттармен (сумен және энергетикалық ресурстарды есепке алу, басқару және мониторинг жүргізу бойынша зияткерлік ақпараттық жүйелерді пайдалануға беру актілері) қоса

27

Қала құрылысы құжаттамасы (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, өнеркәсіптік аймақты жоспарлау жобалары, құрылыс жобалары, өзге де жоспарлау жобалары)


Бекітілген құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеу

28

Белгіленген тәртіппен бекітілген елді мекеннің өзектендірілген салалық схемалары


Құжаттар қосымшасы:
Сумен жабдықтау және су бұру үшін — кемінде 10 жыл мерзімге арналған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспары;
Жылумен жабдықтау үшін — аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту схемасы;
Электр энергетикасы үшін — өңірдің электр желілерін дамытуға арналған перспективалық жоспарлар.

29

Тиісті облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары


Бекітілген құжаттардың көшірмелерін қоса беру

30

Өзге құжаттар


Жобаның негізділігі мен мақсатқа сай екенін растау үшін табиғи монополия субъектісі қажет деп санайтын өзге де құжаттар

Таблица – 1.2 "Жоба туралы ақпарат"

Баған атауы

Толтыру әдісі

Ескерту

1

Жобаның атауы


Жобаның толық атауы көрсетіледі

2

Жобаның мақсаты


Жобаның негізгі мақсатын қысқаша тұжырымдау

3

Жобаның қысқаша сипаттамасы


Жобаның мазмұны: жұмыс түрі, ауқымы, техникалық көлемі, негізгі құрамдас бөліктері еркін түрде сипатталады

4

Сала


Бір сала көрсетіледі: сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау

5

Сектор


Жоба бағыты нақты сала шеңберінде нақтыланады

6

Кіші сектор


Нысанның нақты түрі көрсетіледі

7

Жобаның алдын ала құны


"Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны объектілердің қуат көрсеткішінің өлшем бірлігіне құрылыс құнының ірілендірілген көрсеткіштерін, желілік құрылыстың ұзақтығын немесе басқа да техникалық сипаттамаларды пайдалана отырып не қолданыстағы жобалау-сметалық құжаттама немесе техникалық-экономикалық негіздеме негізінде айқындалады

8

Қаражат тарту мақсаты


Жобаның мақсаттарын көрсету:
Жаңа объекті салу
Қолданыстағы объектілерді кеңейту,
қолданыстағы объектілерді жаңғырту, оның ішінде аспаптандыру және өндірістік процестерді автоматтандыру.

9

Жобаны іске асыру қажеттілігінің негіздемесі


Жобаның қажеттілігін айқындайтын себептер көрсетіледі

10

Іске асыру орны


Елді мекен, әкімшілік бірлік, аудан, координаттар және (немесе) кадастрлық нөмірлер көрсетіледі

11

"Агломерация" белгісі


Егер жоба агломерация шегінде іске асырылса — белгі қойылады

12

Жобаны іске асыру мерзімдері


Жобаны іске асырудың жоспарланған күнтізбелік кезеңі (басталу және аяқталу) көрсетіледі

13

Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы туралы ақпарат


Жобаның халыққа, бизнеске, бюджеттік ұйымдарға ықпалы; әлеуметтік және экономикалық күтілетін әсерлер тұжырымдалады

14

Негізгі техникалық және технологиялық сипаттамалары


Қуат, желі ұзындығы, қосылатын нысандар саны, жабдық түрлері және басқа да негізгі параметрлер көрсетіледі

15

Инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілермен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат


Инженерлік жүйелерге, көлік инфрақұрылымына және т.б. қосылу мүмкіндігі көрсетіледі

16

Жер учаскесіне арналған актілер


Жер пайдалану/меншік құқығына мемлекеттік актіні немесе тіркеу нөмірі мен күнін қоса көрсетілген кадастрлық үзіндіні қоса ұсыну

17

Ретроспектива


Объектінің пайдалану тарихын сипаттау: пайдалануға енгізілген күні, жаңғырту, қайта құру, техникалық тексеру жұмыстарының жүргізілген мерзімдері

18

Объектінің жалпы қазіргі жағдайының сипаттамасы


Ағымдағы техникалық жағдай, тозу (бухгалтерлік және физикалық), апаттар, ақаулар, технологиялық бұзушылықтар және т.б. сипатталады; растайтын құжаттар қоса беріледі

19

Жоспарланып отырған учаскенің қазіргі жағдайының сипаттамасы


Ағымдағы жағдайдың сипаттамасы: тозу деңгейі (бухгалтерлік және физикалық), орын алған апаттар, технологиялық бұзушылықтар және т.б. (растайтын құжаттарды қоса ұсыну)

20

Техникалық тексеру қорытындысы


Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық тексеру қорытындысы және (немесе) орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне техникалық аудиттің қорытындысы қоса беріледі

21

Жобаланған учаскедегі автоматтандырылған басқару жүйелері мен (немесе) қашықтықтан деректерді беретін есептеу аспаптарының элементтерінің сипаттамасы


Жобаланған учаскедегі автоматтандырылған басқару жүйелері мен (немесе) қашықтықтан деректерді беретін есептеу аспаптарының элементтерінің сипаттамасы (растайтын құжаттар қоса беріледі)

22

Қала құрылысы жоспарлау тапсырмасының (ҚЖТ) және жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) болуы


ҚЖТ және ЖСҚ бар екенін көрсету; бар болған жағдайда – күні мен нөмірін көрсету, құжаттарды қоса ұсыну

23

Ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысының қолданылу мерзімі


Қоса берілген қорытындыға сәйкес келетін нақты күні көрсетіледі

24

Кешенді ведомстволық сараптаманың қорытындысын қолдану мерзімі


Нормативке сәйкес қолданылу мерзімі көрсетіледі

25

ТМС меншігінің, жер учаскесінің болуы


Жер учаскесінің меншіктілік формасын көрсету: мемлекеттік меншік, жалға алу, жеке меншік. Меншік құқығын растайтын құжаттарды қоса ұсыну

26

Жобаның міндеттемелерінің болуы (бұрын орындалған қызметтер мен (немесе) жоспарланған жобаға қатысты жұмыстар бойынша)


ТЭН, ЖСҚ әзірлеу және ҚМЖ орындау бойынша бұрын жасалған келісімшарттар мен міндеттемелерді көрсету; мердігерлер мен мерзімдерін нақты көрсету.

27

Кепілдік қамтамасыз ету сипаттамасы


Жобаның қамтамасыз етілуі туралы сипаттама қолмен енгізіледі. Максималды ұзындығы – 1000 таңба

      Осы өтінім формасында келесі қысқартулар пайдаланылады:

      БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      ҚЖТ-қала құрылысын жоспарлау тапсырмасы;

      ТАӘ – тегі, аты, әкесінің аты;

      ЖСҚ – жобалық-сметалық құжаттама;

      ЕА-есепке алу аспабы (аспаптары);

      ТМС – табиғи монополия субъектісі;

      ҚМЖ – құрылыс-монтаж жұмыстары;

      EBITDA – пайыздарды, салықтарды және амортизацияны шегеруге дейінгі пайда (Earnings Before Interest, Taxes, Depreciation and Amortization).

  Табиғи монополия
субъектісінің жоба
бойынша өтінімінің
нысанына
1-қосымша

Түсіндірме жазбаның мазмұны

      1) Инженерлік инфрақұрылымға болжамды жүктемелерді қоса алғанда, аумақтың перспективалық дамуы мен халық санын ескере отырып орындалған жобаланатын объектілердің параметрлерін немесе өнімділігін алдын ала есептеуді қоса алғанда, жоба бойынша алдын ала есептік деректер;

      2) Физикалық тозу, техникалық ысыраптар деңгейін қоса алғанда, ғимараттар мен жабдықтардың ағымдағы техникалық жай-күйі туралы мәліметтер, авариялар, істен шығулар және технологиялық бұзушылықтар туралы ақпарат;

      3) Жоба шеңберінде қамтамасыз етілетін халықты жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұрумен қамту көрсеткіштері;

      4) Жоба шеңберінде жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосуға жоспарланған өндірістік кәсіпорындар, бюджеттік ұйымдар және басқа да объектілер туралы мәліметтер;

      5) Жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру процестерін есепке алудың, мониторингілеудің және басқарудың қолданыстағы жүйесінің деректері мен параметрлері.

  Табиғи монополия субъектісінің
жоба бойынша өтінімінің
нысанына
2-қосымша

Ұсынылатын тариф деңгейлері кестесі*

Жылдар:

1 жыл

2 жыл

3 жыл

4 жыл

5 жыл

6 жыл

Тарифтер:








      * Кесте табиғи монополия субъектісі қаржы операторы айқындаған қаржыландыру механизмі шеңберінде алынған қаражатты қайтару жөніндегі барлық міндеттемелерін орындау кезеңіне толтырылады

  Энергетикалық және
коммуналдық секторларды
жаңғырту жөніндегі ұлттық
жоба шеңберінде тұрғын үй
қатынастары мен тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы
саласындағы жобаларды
жоспарлау, іріктеу, келісу,
жобалау, салу және (немесе)
пайдалану процестерін
мониторингілеу қағидаларына
2-қосымша

Инвестициялық жобаның кешенді баллдық бағалауы

Көрсеткіштің атауы

Бағалау

Баллдар

Ескерту

1

Жалпы инфрақұрылымның (жабдықтың/желінің) тозуы

81%-дан астам

10

Техникалық тексеру туралы есеп, техникалық аудит

61%-дан 80%-ға дейін

5

60%-ға дейін

0

2

Жобаланған учаскедегі жабдықтардың / желілердің тозуы

76%-дан астам

20

Техникалық тексеру туралы есеп, техникалық аудит,
ақау актісі

51%-дан 75%-ға дейін

10

50 %- ға дейін

0

3

Технологиялық бұзушылықтардың болуы

Соңғы бір жыл ішінде бір тәуліктен астам коммуналдық қызметтердің өшуіне әкелген 10-нан көп апаттар, ақаулар немесе технологиялық бұзушылықтар

20

Аппатық жағдайларды тіркеу журналының көшірмесі

Соңғы бір жыл ішінде бір тәуліктен ұзаққа созылған 10-нан кем апаттар, ақаулар немесе технологиялық бұзушылықтар

10

Соңғы бір жыл ішінде бір тәуліктен астам коммуналдық қызметтердің өшуіне әкелген апаттар, ақаулар немесе технологиялық бұзушылықтар

0

4

Нақты пайдалану мерзімі

26 жылдан астам

10

Объектілердің (жабдықтардың) паспорты, ТМС анықтамасы

15 жылдан 25 жылға дейін

5

15 жылға дейін

0

5

Әлеуметтік объектілер мен үздіксіз циклі бар өндіріс объектілерінің болуы (жоба бойынша абоненттік база)

Жоба бойынша қарастырылған

5

Жобалау объектісінің абоненттік базасы туралы анықтама

Жоба бойынша қарастырылмаған

0

6

Абоненттік базаны кеңейту

Жоба бойынша қарастырылған

5

Жобалау объектісінің абоненттік базасын кеңейту туралы анықтама

Жоба бойынша қарастырылмаған

0

7

Пайдалануда үлкен қаржылық және энергия шығындарын талап ететін технологиялық ескірген жабдықтарды / желілерді ауыстыру мәселесін шешу

Жоба бойынша қарастырылған

10

Негізгі техникалық және технологиялық сипаттамалар туралы анықтама

Жоба бойынша қарастырылмаған

0

8

Жобада автоматтандырылған басқару жүйелерінің элементтерінің болуы

Өтінім берілген кезде кәсіпорында автоматтандыру болмаған жағдайда бар

10

Өндірістік процестерді автоматтандыру бойынша қазіргі жағдай туралы анықтама

Өтінім берілген кезде кәсіпорында автоматтандыру элементтері болған жағдайда бар

5

Жоқ

0

9

Қашықтан беру функциясы бар есептегіш құрал орнату

Жобада қашықтан беру функциясы бар есептегіш құралды орнату автоматтандырылған жүйемен интеграциялаумен қарастырылған

10

Қашықтан беру функциясы бар есептегіш құралды орнату бойынша қазіргі жағдай туралы анықтама

Жобада қашықтан беру функциясы бар есептегіш құралды орнату автоматтандырылған жүйемен интеграциялаусыз қарастырылған

5

Жобада қарастырылмаған

0

  Энергетикалық және
коммуналдық секторларды
жаңғырту жөніндегі
ұлттық жоба шеңберінде тұрғын
үй қатынастары мен тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы
саласындағы жобаларды
жоспарлау, іріктеу, келісу,
жобалау, салу және (немесе)
пайдалану процестерін
мониторингтеу қағидаларына
3-қосымша

"Жобаларды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат" формасы

      1. ТМС атауы:

      2. Жобаның атауы:

      3. Есептік кезең: " " __________ 20__ ж. - " " __________ 20__ ж.

      4. Жобаны іске асырудың басталу күні:

      5. Жобаны аяқтаудың жоспарланған күні:

      6. Құрылыстың сметалық құны, мың теңге:

      7. Есептік күнге дейін игерілген сома, мың теңге:

      8. Орындаушы (ТАӘ, лауазымы, байланыс ақпараты):

      9. Есепті жасау күні:

Жоба компоненттері бойынша жұмыстардың орындалуын мониторингтеу кестесі

Жоба компонентінің атауы

Компоненттің сметалық құны, мың тг

Жұмыстар көлемі (натуралды түрде)

Жұмыстың басталу мерзімі

Жұмыстың аяқталу мерзімі

Қолданылған материалдар, жабдықтар мен технологиялардың қысқаша сипаттамасы

Орындалған жұмыстардың сипаттамасы, ауытқулардың себептері (бар болса)

ЖСҚ бойынша жоспар

Нақты (жиынтық)

ҚМЖ кестесі бойынша

Факт

ҚМЖ кестесі бойынша

Нақты

ҚР өндірісі

Импорттық

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

      Осы өтінім формасында келесі қысқартулар пайдаланылады:

      ТАӘ – тегі, аты, әкесінің аты;

      ЖСҚ – жобалық-сметалық құжаттама;

      ТМС – табиғи монополия субъектісі;

      ҚМЖ – құрылыс-монтаж жұмыстары.

"Жобаларды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат" формасын толтыру бойынша түсіндірме

      1. Осы нысан энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында енгізілген жобалар бойынша ақпаратты жүйелі түрде жинау мен ұсынуға арналған

      2. Кестені толтыру тәртібі:

      1- бағанда "№" - реттік нөмірмен көрсетіледі. Келесі ақпарат реттік нөмірлеуді бұзбауы тиіс;

      2-бағанда "Жоба компонентінің атауы" – нақты компоненттің атауы, ЖСҚ-да көрсетілген атауға сәйкес;

      3-бағанда "Компоненттің сметалық құны, мың тг" – ЖСҚ бойынша жабдықтар мен материалдарды қоса алғанда, компоненттің сметалық құны;

      4-бағанда "Жұмыстар көлемі (натуралды түрде). ЖСҚ бойынша жоспар " – ЖСҚ бойынша жұмыстың көлемі (км, м³, дана, м² және т.б.);

      5-бағанда "Жұмыстар көлемі (натуралды түрде). Нақты (жиынтық)" – есептік күнге орындалған нақты жұмыс көлемі, орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес;

      6-бағанда "Жұмыстың басталу мерзімі. ҚМЖ кестесі бойынша" – осы компонент бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары кестесіне сәйкес жұмыс басталатын күн көрсетіледі;

      7-бағанда "Жұмыстың басталу мерзімі. Нақты" – жұмыстың нақты басталған күні көрсетіледі.

      8-бағанда "Жұмыстың аяқталу мерзімі. ҚМЖ кестесі бойынша" – ҚМЖ кестесінде көзделген жұмыстардың аяқталу күні көрсетіледі;

      9-бағанда "Жұмыстың аяқталу мерзімі. Нақты" – жұмыстардың нақты аяқталған күні немесе "жүргізілуде" деген белгі қойылады;

      10-бағанда "Қолданылған материалдар, жабдықтар мен технологиялардың қысқаша сипаттамасы. ҚР өндірісі" – отандық өндірістегі пайдаланылған материалдар мен жабдықтардың атауы мен көлемі, олардың техникалық сипаттамалары (мысалы, өнімділік, диаметр, қуат), өндірушінің атауы және бірлік құны көрсетіледі;

      11-бағанда "Қолданылған материалдар, жабдықтар мен технологиялардың қысқаша сипаттамасы. Импорттық" – импорттық шығу тегі бар материалдар, жабдықтар мен технологиялар бойынша ұқсас ақпарат беріледі. Мәліметтер жоба компоненттері бойынша нақты бөліністе көрсетілуі тиіс және ЖСҚ спецификацияларына әрі нақты жеткізілімдерге сәйкес келуі қажет;

      12-бағанда "Орындалған жұмыстардың сипаттамасы, ауытқулардың себептері (бар болса)" – есепті кезең ішінде орындалған жұмыстардың көлемі мен сипаты сипатталады, барлық маңызды оқиғалар мен проблемалық мәселелер міндетті түрде көрсетіледі. Ауытқулар туындаған жағдайда олардың себептері (сот даулары, жобалық шешімдерді келіспеу, сатып алуларды қайта өткізу, ҚМЖ кестесінен кейін қалу, мердігердің объектіге келмеуі және басқа да мән-жайлар) көрсетіледі. Сондай-ақ осы бағанда тапсырыс беруші қабылдаған түзету шаралары сипатталады.

      3. Фото және бейне тіркеу – есептіліктің міндетті элементі болып табылады. Әрбір есептік нысанға объектінің ағымдағы жай-күйін бейнелейтін кемінде үш фотосурет (мысалы, жұмыстардың басталуы, аралық кезең, ағымдағы прогресс) және ұзақтығы екі минуттан аспайтын жұмыс учаскесінің нақты жағдайын көрсететін бейнежазба қоса беріледі. Әрбір фото және бейнематериалда түсірілген күні, орны және қысқаша сипаттамасы көрсетілуі тиіс.

      4. Ұсынылған барлық ақпарат құжат түрінде расталуы тиіс: орындалған жұмыстар актілерімен, ҚМЖ кестелерімен, тапсырыс беруші немесе мердігер ұсынған анықтамалармен, жабдықты жеткізу актілерімен, ведомостілермен және басқа да тиісті материалдармен.

      5. Нысан электрондық форматта (Excel немесе Word) ұсынылады, оған ілеспе файлдар (фото/бейне — JPG, PNG, MP4 форматтарында) қоса беріледі, қажет болған жағдайда — қолтаңба және мөр қойылған қағаз нұсқада да ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады