Суаратын суды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 2025 жылғы 29 мамырдағы № 101-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 4 маусымда № 36208 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 10.06.2025 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 38) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Суаратын суды пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Тарифтік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрінің м.а.
Е. Ибрайханов

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрінің м.а.
2025 жылғы 29 мамырдағы
№ 101-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Суаратын суды пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Суаратын суды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 38) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленді және суару суын пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер қолданылады:

      1) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – иеленушілер арасында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу шегі;

      2) қосалқы тұтынушы – су тұтынушының инженерлік желілеріне тікелей қосылған тұтынушы;

      3) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу шегі. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;

      4) суды пайдалану жоспары – суармалы егіс алқаптарының құрылымын, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін және ирригациялық желілердің техникалық сипаттамаларын ескере отырып, су тұтынушыларға суармалы су беру көлемін, тәртібі мен мерзімдерін белгілейтін құжат;

      5) суды есепке алу аспабы – реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынуды коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;

      6) су пайдаланушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су пайдалану құқығын иеленетін және оны іске асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      7) суаратын суды беру қызметтері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтер) – суды сутартқыштар (каналдар, құбыржолдар) арқылы тасымалдау мен бөлу және оны су пайдаланушыларға, оның ішінде суару үшін беру;

      8) су бөлу орны – су пайдаланушыдан су тұтынушыға су ресурстарын беру орны;

      9) суды есепке алу торабы – суды есепке алуды қамтамасыз ететін аспаптар (су есептегіш, шығын өлшегіш, манометр) және құрылғылар жүйесі (бекіту арматурасы, өлшеу құралына дейін және одан кейінгі құбырлардың тікелей учаскелері, деректерді қашықтан беру құралы, қысым реттегіші және құрылғылардың басқа да түрлері);

      10) су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары (бұдан әрі – бассейндік су инспекциялары) – Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзырет шеңберінде су шаруашылығы бассейндері шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының өңіраралық бөлімшелері;

      11) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – су қорын қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      12) су тұтынушы – су беру бойынша су шаруашылығы ұйымдарының немесе су пайдаланушылардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын не ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінен су тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

      13) су тұтынудың үлестік нормасы – өндірілетін өнімнің бірлігіне тұтынылатын судың белгіленген мөлшері (орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің белгілі бір көлеміне);

      14) тариф – реттелетін қызмет құнының ақшалай көрінісі;

      15) төлем құжаты – қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, соның негізінде немесе көмегімен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын құжат;

      16) шаруашылықішілік суару жүйелері – бір суару каналынан немесе оның су бөлу орнынан сумен қамтамасыз етілетін екі және одан да көп жер пайдаланушылардың немесе жер учаскелері меншік иелерінің ауыл шаруашылығы учаскелерін суару үшін су ресурстарын пайдалануды реттеуге арналған су шаруашылығы құрылысжайлары.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де анықтамалар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Суаратын суды пайдалану тәртібі

      3. Суармалы егіншілік үшін су беру жөніндегі қызметтерді көрсету Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, су тұтынушылар мен су пайдаланушылардың арасында жасалатын Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік шарттарымен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 59-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 35972 болып тіркелген), су пайдалану жоспарларын (бұдан әрі – жоспарлар) және су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін ескерумен жүзеге асырылады.

      4. Су тұтынушылар жоспарларды құру кезінде Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес әзірленетін ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестіру (ротациялау) схемаларын ескереді.

      Су тұтынушы су пайдаланушымен шарт жасасқанға дейін жоспарларды астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органымен келіседі, ол өз келісімін Кодекстің 65-бабы 4-тармағының шеңберінде бассейндік кеңестердің ұсынымдарын ескере отырып береді.

      Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну Кодекстің 115-бабы 1-тармағына сәйкес су пайдаланудың жоспарлары мен рұқсат етілген көлемдерінің негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Су пайдаланушылар түзетілген жоспар негізінде бассейндік су инспекцияларына су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін алуға жыл сайынғы өтінімдер береді. Бассейндік су инспекциялары Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жасайтын жылдың сулы болу болжамын Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы № 115-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36244 болып тіркелген) Су объектілері мен су ресурстарына мемлекеттік мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес және Кодекстің 40-бабының ережелерін, сондай-ақ су пайдаланушының су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын ескере отырып, су пайдаланушыға тиісті жылға су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін белгілейді.

      Су ресурстарына қажеттілікті су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде бассейндік су инспекцияларымен жыл сайын қалыптастырылады.

      Бассейндік су инспекциялары су аз болған жылы және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде су пайдаланудың жедел лимиттерін түзетеді және арнаулы су пайдалануға рұқсаттарда айқындалған су пайдалану көлемдерін азайтады.

      Бассейндік су инспекциялары жедел лимитке жүргізілген түзету қорытындылары бойынша су пайдаланушыларға он жұмыс күні ішінде арнаулы су пайдалану құқығын шектеу туралы хабарлама жібереді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Су пайдаланушыға Кодексте көзделген негіздер бойынша белгіленген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі өзгерген жағдайда, жоспарлар түзетіледі және су пайдаланудың жаңадан белгіленген рұқсат етілген көлемдеріне сәйкес келтіріледі.

      Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар түзетілген жоспар негізінде, су тұтынушылардың су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын орындауына байланысты шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Су тұтыну Кодекстің 17-бабы 5-тармағына сәйкес су тұтынушы мен су пайдаланушының арасында шарт жасалған күннен бастап туындайды.

      Шарт су тұтынушылармен жеке тәртіппен жасалады.

      Шарт жасаспай көрсетілетін қызметтерді көрсетуге жол берілмейді.

      Су тұтынушы қызметті бірнеше каналдарда (учаскелерде) бір су пайдаланушыдан алған жағдайда, бір шарт жасалады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Шарт жасасу үшін құжаттарды абоненттік (шарттық) бөлімдердің мекенжайлары мен олардың жұмыс режимін көрсете отырып, "бір терезе" қағидаты бойынша су пайдаланушының кеңсесі немесе шарттық бөлімі (өндірістік учаске немесе филиал) қабылдайды.

      9. Шарт жасасу үшін қажетті құжаттар тізбесі:

      1) заңды тұлғалар үшін:

      осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініш және жоспарлар;

      су тұтынушының тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және бұрын қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін объектіні қосуға, бұрын қосылмаған объектіні желілерге қосуға, сыртқы жабдықтау схемасын өзгертуге арналған техникалық шарттар (жаңа суарау алаңдары немесе жаңа су тұтынушы үшін);

      құқық белгілейтін құжаттар – көшірмелер (салыстыру үшін түпнұсқалар):

      тіркелген құқықтар туралы мәліметтер немесе құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама, пайдалану, несие, мүлікті сенімгерлік басқару шарты);

      заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;

      басшыны тағайындау (лауазымға кірісу) туралы бұйрықтың көшірмесі;

      жарғы немесе құрылтай құжаттарына соңғы енгізілген өзгерістер туралы мәліметтердің көшірмесі;

      заңды тұлғаның басшысының немесе заңды тұлғаның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат және сенімхат;

      жеке деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісім;

      банктік деректемелері;

      алдыңғы шарт (бар болса) бойынша қызметтердің құнын толық төлеу туралы төлем құжаттары.

      2) жеке тұлғалар үшін:

      осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініш және жоспарлар;

      су тұтынушының тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және бұрын қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін объектіні қосуға, бұрын қосылмаған объектіні желілерге қосуға, сыртқы жабдықтау схемасын өзгертуге арналған техникалық шарттар (жаңа суарау алаңдары немесе жаңа су тұтынушы үшін);

      құқық белгілейтін құжаттар – көшірмелер (түпнұсқалар салыстыру үшін):

      тіркелген құқықтар туралы мәліметтер немесе құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама, пайдалану, несие, мүлікті сенімгерлік басқару шарты);

      дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарламаның көшірмесі (бар болса);

      жеке тұлғаның немесе жеке тұлғаның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат және сенімхат;

      жеке деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісім;

      алдыңғы шарт (бар болса) бойынша қызметтердің құнын толық төлеу туралы төлем құжаттары.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Құжаттар толық болған жағдайда шарт жасалған және қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде су тұтынушыға беріледі.

      11. Су пайдаланушы реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың шарттарын тіркеу журналын жүргізеді, ол нөмірленеді және тігіледі.

      12. Шарт жасасу кезінде оған шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын мынадай қосымшалар жасалады:

      1) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекараларының актісі немесе екі тарап қол қоятын теңгерімдік тиесілікті бөлу актісі;

      2) су тұтынудың үлестік нормаларын ескере отырып, көрсетілетін қызметтер көлемін есептеуі.

      13. Пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы тараптардың келісімімен белгіленеді. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді.

      14. Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерге қызмет көрсетеді және өздерінің пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары немесе баланстық тиесілілікті бөлу шекаралары шегінде олардың қалыпты техникалық жай-күйін қамтамасыз етеді, олар мынадай талаптарды қамтиды:

      1) жыл ішінде жоспарлы-алдын алу жұмыстарын жүргізу;

      2) вегетациялық, жазғы және қысқы кезеңге дайындау жөніндегі іс-шаралар;

      3) жөндеу және профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу және тұтастықта, тиісті техникалық жағдайда ұстауды қамтамасыз ету;

      4) аварияларды жою;

      5) апаттылықты, судың техникалық және тікелей ысыраптарын, сондай-ақ оны ұтымсыз пайдалануды азайту жөніндегі іс-шаралар;

      6) жүргізілген жұмыстардан кейін бұзылған абаттандыруды қалпына келтіру.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Суармалы жерлер азаматтық нормаларына сәйкес жаңа су тұтынушыға берілген кезде жаңа су тұтынушы осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, пайдалану құқығы берілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде су пайдаланушыға шарт жасасуға өтініш жасайды.

      16. Су пайдаланушы шартпен бірге жаңа тұтынушыға пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары туралы жаңартылған актіні немесе баланстық меншікті бөлу туралы актіні және су тұтынудың үлестік нормаларын ескере отырып (оның ішінде егіс дақылын ауыстыру кезінде) қызметтер көлемін есептеуін береді.

      17. Алдыңғы су тұтынушы суармалы жерлердің жаңа су тұтынушысы өзгерген (берген) күніне есепке алу аспаптарының, суды есепке алу торабтарының көрсеткіштері бойынша не су тұтынудың үлестік нормалары бойынша айқындалған суармалы судың тұтынылған көлемі үшін түпкілікті есеп жүргізеді.

      Иесі өзгерген, меншік иесі өзгерген кезде бұрын берілген техникалық шарттарды қайта ресімдеу жүргізілмейді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Су пайдаланушының реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қосылуға техникалық шарттар беру Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 84-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 36054 болып тіркелген) Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Жүргізген іс-әрекеттер туралы және тексеру кезінде қызметтерді пайдалану тәртібін бұзу фактілері, суармалы судың негізсіз жоғалуы анықталғанда су пайдаланушымен су тұтынушылардың қатысуымен тараптар қол қоятын тиісті акт жасалады.

      20. Ауызсудың, қоршаған ортаның ластануына, жасанды құрылысжайлардың, каналдардың жұмысының бұзылуына және халықтың денсаулығына нұқсан келтіруіне әкеп соғуы мүмкін пайдаланылатын магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары немесе баланстық тиесілілікті бөлу шекаралары шегінде барлық зақымданулар немесе ақаулар туралы су тұтынушы су пайдаланушыға хабарлайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Қосалқы тұтынушылар су тұтынушының келісімімен тікелей су пайдаланушымен шарт жасасады.

      Су тұтынушы қосалқы тұтынушыны суармалы сумен қамтамасыз етудің техникалық мүмкіндігі болған кезде қосалқы тұтынушының шаруашылықішілік суару жүйелеріне, каналға қосылуына және қосалқы тұтынушының су пайдаланушымен шарт жасасуына кедергі келтірмейді.

      22. Су пайдаланушының техникалық талаптарын бұза отырып немесе олар болмаған кезде қосылған су тұтынушылардың су құбыры жүйесін (канал, құбыржолы), сондай-ақ шарт жасасу мерзімі өткеннен кейін көрсетілетін қызметтерге шартсыз пайдаланылатын су тұтынушы – заңды тұлғалардың су құбыры жүйесін (канал, құбыржолы) пайдалануға жол берілмейді.

      23. Жіберілген көрсетілген қызметтің санын өлшеу бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген су пайдаланушының, не су тұтынушының суды есепке алу аспаптарының, суды есепке алу торабтарының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде айқындалады.

      Су ресурстарының санын (көлемін) объективті есепке алу мақсатында су тұтынушы бөлу нүктесінде "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өлшеу құралдарының үлгісін бекітуден немесе метрологиялық аттестаттаудан өткен су ресурстарын есепке алу аспаптарын орнатады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Қызмет көрсетуді су пайдаланушының және су тұтынушының бірлескен бақылауымен тәуліктің келісілген мерзімінде, су пайдаланушының бақылау журналдарында тіркей отырып, үзіліссіз тәулік бойы режимінде жүргізіледі.

      25. Суды есепке алу аспаптары, суды есепке алу торабтары болмаған кезде жіберілген суармалы судың мөлшері су тұтынудың үлестік нормаларын ескере отырып, есептік жолмен айқындалады.

      Бұл ретте, шаруашылықішілік каналдар бойынша су ысырабының көлемі су тұтынушылар арасында олардың суармалы жер учаскелерінің аудандарына пропорционалды түрде бөлінеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Су тұтынушының кінәсінен емес есептің уақытша бұзылуы кезінде қызметтер үшін есеп алдыңғы есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығысы немесе су тұтынудың үлестік нормалары бойынша жүргізіледі.

      Мұндай жағдайда есепке алуды соңғы тексеру жүргізілген күннен бастап бұзушылық анықталған немесе жойылған сәтке дейінгі кезең есептік кезең болып есептеледі.

      27. Су тұтынушының суаратын суды өз бетінше пайдалануына жол берілмейді. Су тұтынушы өз бетінше су тұтыну кезінде нақты дақылға егіс алаңы мен су тұтынудың үлестік нормалары бойынша көлемін ескере және бекітілген тариф бойынша – 2 коэффициентін қолдана отырып, есептелген соманы төлейді.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Су тұтынушының кінәсінен көрсетілген қызмет көлемдерінің есебін бұзу фактілері анықталған жағдайда, су пайдаланушы соңғы тексеру жүргізілген күннен бастап анықталған күнге дейін, бірақ 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге, тәулігіне 24 (жиырма төрт) сағат ішінде әрекет еткен кезде каналдың есепке алу торабына дейінгі толық өткізу қабілеттілігі есебінен қызметті тұтыну көлемдерін қайта есептеуді жүргізеді.

      29. Су пайдаланушы есептік айдан кейінгі күнтізбелік айдың 15 (он бес) күніне дейінгі мерзімде тараптар қол қоятын орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін (бұдан әрі – Акт) ұсынады.

      Су пайдаланушы жіберген актіге су тұтынушы жіберілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қол қояды, ал қол қойылған актіні не көрсетілген мерзім ішінде дәлелді жазбаша қарсылықтар ұсынылмаған жағдайда, акт келісілген болып есептеледі.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30. Шартқа қол қойылғаннан кейін су пайдаланушының келісімінсіз ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру түрін өзгертуге жол берілмейді.

      Ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру түрі су пайдаланушының келісімінсіз бастапқы түрінен өзгерген жағдайда, нақты түрге келісілген су тұтынудың үлестік нормалары бойынша және – 1,5 коэффициентін қолдана отырып, белгіленген тариф бойынша көрсетілетін қызметтер көлемін қайта есептеу жүргізіледі.

      31. Егіс алаңы бойынша даулы мәселелер туындаған жағдайда тараптар бірлескен өлшем жүргізеді, оның қорытындысы бойынша өлшеу актісі жасалады және тараптар қол қояды.

      32. Су тұтынушының меншігіндегі ирригациялық желілерде (каналдарда) суармалы судың нормативтен тыс ысырабын су пайдаланушы айқындайды және су тұтынушының қатысуымен актіде тіркеледі. Су тұтынушы актімен келіспеген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, даулы мәселелер сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотта шешіледі.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      33. Егер тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, су тұтынушының ирригациялық желілеріндегі (каналдардағы) суармалы судың ысыраптары олар мен қосалқы тұтынушылар арасында олардың су тұтыну үлесі, желінің (каналдардың) ұзындығы мен техникалық сипаттамасы бойынша бөлінеді.

      34. Қызметтер көрсету бойынша су беру, сондай-ақ су беруді тоқтата тұру су тұтынушымен жасалған шартқа сәйкес жүргізіледі.

      35. Су беру қызметтері бойынша толық тоқтату шартты бұзу кезінде жүзеге асырылады.

      36. Көрсетілетін қызметті көрсетуді тоқтата тұру мынадай жағдайларда жүргізіледі:

      1) авариялық жағдайда не азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп-қатер төнгенде;

      2) өз бетінше су тұтынғанда және су пайдаланушының жүйелеріне өз бетінше қосылғанда;

      3) қарыз өтелгенге дейін есепті кезеңнен кейінгі бір ай немесе одан да көп ай ішінде қызметтер үшін ақы төленбегенде;

      4) су пайдаланушы өкілдерін өлшеу құралдарына, суды есепке алу аспаптарына және суды есепке алу тораптарына жібермегенде;

      5) магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерде анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша су пайдаланушының жазбаша талаптары орындалмағанда;

      6) су пайдаланушымен келісілмеген артық егіс алқаптары мен ауыл шаруашылығы дақылдары түрінің өзгертілгені анықталғанда;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      37. Осы Қағидалардың 36-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, көрсетілетін қызметті беру тоқтатылғанға дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын су тұтынушы хабарлама (электрондық пошта, факс, пошта жөнелтілімі, қысқа мәтіндік хабарлама, мультимедиялық хабарлама, қолданыстағы мессенджерлер) жолдау арқылы хабарландырылады.

      Осы Қағидалардың 36-тармағының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, көрсетілетін қызметтерді беруді қалпына келтіру туындаған бұзушылықтар жойылғаннан және (немесе) жойғаннан кейін жүргізіледі.

      Осы Қағидалардың 36-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, су тұтынушыны қосу техникалық мүмкіндік, бос қуаттар мен су көлемі болған жағдайда, су пайдаланушы жүйелеріне қосылуға техникалық шарттарды алғаннан және орындағаннан, шарт жасасқаннан және су пайдаланушының жүйелеріне өз бетінше қосылғаны үшін қайта есептеу сомасын төлегеннен кейін жүргізіледі.

      Осы Қағидалардың 36-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген жағдайда су тұтынушыны қосу бос қуаттар мен су көлемі болған жағдайда, су пайдаланушы жүйелеріне қосылуға қосымша су көлеміне техникалық шарттарды алғаннан және орындағаннан, қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізілгеннен және ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру түрінің және егіс алаңының өзгерістері үшін қайта есептеулер сомасын төлегеннен кейін жүргізіледі.

      Осы Қағидалардың 36-тармағының 3) тармақшасында көзделген бұзушылықтар үшін су тұтынушыға көрсетілетін қызмет көрсету тоқтатыла тұрған жағдайда, қосу берешек өтелгеннен және қосу үшін төлем енгізгеннен кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде жүргізіледі.

      Қайта есептеу бойынша төлем мерзімінде төленбеген немесе толық төленбеген не төлеуден бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.

      Өз бетінше су тұтыну және өз бетінше су пайдаланушы жүйелеріне қосылу деп осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес берілген техникалық шарттарды алмай және орындамай жүйелерге қосылу болып табылады.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 03.07.2026 № 199-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      38. Су тұтынушыға рұқсат етілмейді:

      1) су пайдаланушының келісімінсіз құрылысжайлар жүйелері мен есепке алу аспаптарын не өлшеу аспаптарын қайта жабдықтауға;

      2) қызметтерді есепке алудың қолда бар схемаларын бұзуға;

      3) су пайдаланушының келісімінсіз бастапқыда мәлімделген дақыл түрінің орналасу түрін өзгертуге;

      4) су пайдаланушының рұқсатынсыз каналдар мен ирригациялық жүйелерге қосылуға;

      5) мәлімделген көлемге және мерзімдерге сәйкес су қабылдамауға;

      6) суды өз бетінше алуға;

      7) қоршаған ортаны және су ресурстарын ластауға;

      8) көрсетілген қызмет көлемдерінің есебін бұзуға.

      39. Су пайдаланушыға рұқсат етілмейді:

      1) жосықсыз тұтынушылардың пайдаланған қызметтер көлеміне ақы төлемеуіне байланысты, адал тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудан бас тартуға;

      2) ұсынылған қызметтер үшін уәкілетті орган белгілеген төлемнен асатын төлем алуға;

      3) тиісті төлем құжаттарын ұсынбай су тұтынушыдан көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді талап етуге;

      4) мемлекеттік органдар өздерінің құзыреті шегінде белгілеген реттеліп көрсетілетін қызметтер сапасының талаптарына сай келмейтін, ұсынылған реттеліп көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді талап етуге тыйым салынады.

      40. Осы Қағидалардың 38 және 39-тармақтарында көрсетілген бұзушылықтар тиісті актілермен ресімделеді және тараптар қол қояды.

      41. Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің 22.08.2025 № 210-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Суаратын суды пайдалану
қағидаларына қосымша
  Су пайдаланушы
  _____________________
  тегі, аты, әкесінің аты
  (бар болған жағдайда)
  және лауазымы
  Су тұтынушы
  ___________________________
  жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің
аты (бар болған жағдайда)
немесе заңды тұлғаның атауы
Мекенжайы, телефоны, факс
және электрондық поштасы:
  ___________________________
  ___________________________
  20__ жылғы "____" ________

Шарт жасасуға өтініш

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің 22.08.2025 № 210-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Сізден _____________ каналының (каналдың атауы) километрінен/пикетінен, ___________су бөлу нүктесінен, мынадай ___________________ ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін _________ текше метр көлемінде, жалпы алаң _________ гектар суды каналдар арқылы беру, суару үшін су беру және тірек гидротехникалық құрылысжайларының көмегімен жерүсті ағынын реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтері бойынша шарт жасасуыңызды сұраймын.

      __________________ (күні)

      __________________(қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады