БҰЙЫРАМЫН:
1. "Суаратын суды пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 29 мамырдағы № 101-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36208 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Суаратын суды пайдалану қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер қолданылады:
1) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – иеленушілер арасында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу шегі;
2) қосалқы тұтынушы – су тұтынушының инженерлік желілеріне тікелей қосылған тұтынушы;
3) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу шегі. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;
4) суды пайдалану жоспары – суармалы егіс алқаптарының құрылымын, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін және ирригациялық желілердің техникалық сипаттамаларын ескере отырып, су тұтынушыларға суармалы су беру көлемін, тәртібі мен мерзімдерін белгілейтін құжат;
5) суды есепке алу аспабы – реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынуды коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
6) су пайдаланушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су пайдалану құқығын иеленетін және оны іске асыратын жеке немесе заңды тұлға;
7) суаратын суды беру қызметтері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтер) – суды сутартқыштар (каналдар, құбыржолдар) арқылы тасымалдау мен бөлу және оны су пайдаланушыларға, оның ішінде суару үшін беру;
8) су бөлу орны – су пайдаланушыдан су тұтынушыға су ресурстарын беру орны;
9) суды есепке алу торабы – суды есепке алуды қамтамасыз ететін аспаптар (су есептегіш, шығын өлшегіш, манометр) және құрылғылар жүйесі (бекіту арматурасы, өлшеу құралына дейін және одан кейінгі құбырлардың тікелей учаскелері, деректерді қашықтан беру құралы, қысым реттегіші және құрылғылардың басқа да түрлері);
10) су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары (бұдан әрі – бассейндік су инспекциялары) – Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзырет шеңберінде су шаруашылығы бассейндері шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының өңіраралық бөлімшелері;
11) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – су қорын қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
12) су тұтынушы – су беру бойынша су шаруашылығы ұйымдарының немесе су пайдаланушылардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын не ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінен су тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
13) су тұтынудың үлестік нормасы – өндірілетін өнімнің бірлігіне тұтынылатын судың белгіленген мөлшері (орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің белгілі бір көлеміне);
14) тариф – реттелетін қызмет құнының ақшалай көрінісі;
15) төлем құжаты – қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, соның негізінде немесе көмегімен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын құжат;
16) шаруашылықішілік суару жүйелері – бір суару каналынан немесе оның су бөлу орнынан сумен қамтамасыз етілетін екі және одан да көп жер пайдаланушылардың немесе жер учаскелері меншік иелерінің ауыл шаруашылығы учаскелерін суару үшін су ресурстарын пайдалануды реттеуге арналған су шаруашылығы құрылысжайлары.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де анықтамалар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес қолданылады.";
4, 5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Су тұтынушылар жоспарларды құру кезінде Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес әзірленетін ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестіру (ротациялау) схемаларын ескереді.
Су тұтынушы су пайдаланушымен шарт жасасқанға дейін жоспарларды астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органымен келіседі, ол өз келісімін Кодекстің 65-бабы 4-тармағының шеңберінде бассейндік кеңестердің ұсынымдарын ескере отырып береді.
Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну Кодекстің 115-бабы 1-тармағына сәйкес су пайдаланудың жоспарлары мен рұқсат етілген көлемдерінің негізінде жүзеге асырылады.
5. Су пайдаланушылар түзетілген жоспар негізінде бассейндік су инспекцияларына су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін алуға жыл сайынғы өтінімдер береді. Бассейндік су инспекциялары Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жасайтын жылдың сулы болу болжамын Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы № 115-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36244 болып тіркелген) Су объектілері мен су ресурстарына мемлекеттік мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес және Кодекстің 40-бабының ережелерін, сондай-ақ су пайдаланушының су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын ескере отырып, су пайдаланушыға тиісті жылға су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін белгілейді.
Су ресурстарына қажеттілікті су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде бассейндік су инспекцияларымен жыл сайын қалыптастырылады.
Бассейндік су инспекциялары су аз болған жылы және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде су пайдаланудың жедел лимиттерін түзетеді және арнаулы су пайдалануға рұқсаттарда айқындалған су пайдалану көлемдерін азайтады.
Бассейндік су инспекциялары жедел лимитке жүргізілген түзету қорытындылары бойынша су пайдаланушыларға он жұмыс күні ішінде арнаулы су пайдалану құқығын шектеу туралы хабарлама жібереді.
6. Су пайдаланушыға Кодексте көзделген негіздер бойынша белгіленген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі өзгерген жағдайда, жоспарлар түзетіледі және су пайдаланудың жаңадан белгіленген рұқсат етілген көлемдеріне сәйкес келтіріледі.
Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар түзетілген жоспар негізінде, су тұтынушылардың су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын орындауына байланысты шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
7. Су тұтыну Кодекстің 17-бабы 5-тармағына сәйкес су тұтынушы мен су пайдаланушының арасында шарт жасалған күннен бастап туындайды.
Шарт су тұтынушылармен жеке тәртіппен жасалады.
Шарт жасаспай көрсетілетін қызметтерді көрсетуге жол берілмейді.
Су тұтынушы қызметті бірнеше каналдарда (учаскелерде) бір су пайдаланушыдан алған жағдайда, бір шарт жасалады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Шарт жасасу үшін қажетті құжаттар тізбесі:
1) заңды тұлғалар үшін:
осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініш және жоспарлар;
су тұтынушының тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және бұрын қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін объектіні қосуға, бұрын қосылмаған объектіні желілерге қосуға, сыртқы жабдықтау схемасын өзгертуге арналған техникалық шарттар (жаңа суарау алаңдары немесе жаңа су тұтынушы үшін);
құқық белгілейтін құжаттар – көшірмелер (салыстыру үшін түпнұсқалар):
тіркелген құқықтар туралы мәліметтер немесе құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама, пайдалану, несие, мүлікті сенімгерлік басқару шарты);
заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;
басшыны тағайындау (лауазымға кірісу) туралы бұйрықтың көшірмесі;
жарғы немесе құрылтай құжаттарына соңғы енгізілген өзгерістер туралы мәліметтердің көшірмесі;
заңды тұлғаның басшысының немесе заңды тұлғаның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат және сенімхат;
жеке деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісім;
банктік деректемелері;
алдыңғы шарт (бар болса) бойынша қызметтердің құнын толық төлеу туралы төлем құжаттары.
2) жеке тұлғалар үшін:
осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтініш және жоспарлар;
су тұтынушының тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және бұрын қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін объектіні қосуға, бұрын қосылмаған объектіні желілерге қосуға, сыртқы жабдықтау схемасын өзгертуге арналған техникалық шарттар (жаңа суарау алаңдары немесе жаңа су тұтынушы үшін);
құқық белгілейтін құжаттар – көшірмелер (түпнұсқалар салыстыру үшін):
тіркелген құқықтар туралы мәліметтер немесе құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама, пайдалану, несие, мүлікті сенімгерлік басқару шарты);
дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарламаның көшірмесі (бар болса);
жеке тұлғаның немесе жеке тұлғаның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат және сенімхат;
жеке деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісім;
алдыңғы шарт (бар болса) бойынша қызметтердің құнын толық төлеу туралы төлем құжаттары.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерге қызмет көрсетеді және өздерінің пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары немесе баланстық тиесілілікті бөлу шекаралары шегінде олардың қалыпты техникалық жай-күйін қамтамасыз етеді, олар мынадай талаптарды қамтиды:
1) жыл ішінде жоспарлы-алдын алу жұмыстарын жүргізу;
2) вегетациялық, жазғы және қысқы кезеңге дайындау жөніндегі іс-шаралар;
3) жөндеу және профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу және тұтастықта, тиісті техникалық жағдайда ұстауды қамтамасыз ету;
4) аварияларды жою;
5) апаттылықты, судың техникалық және тікелей ысыраптарын, сондай-ақ оны ұтымсыз пайдалануды азайту жөніндегі іс-шаралар;
6) жүргізілген жұмыстардан кейін бұзылған абаттандыруды қалпына келтіру.";
17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Алдыңғы су тұтынушы суармалы жерлердің жаңа су тұтынушысы өзгерген (берген) күніне есепке алу аспаптарының, суды есепке алу торабтарының көрсеткіштері бойынша не су тұтынудың үлестік нормалары бойынша айқындалған суармалы судың тұтынылған көлемі үшін түпкілікті есеп жүргізеді.
Иесі өзгерген, меншік иесі өзгерген кезде бұрын берілген техникалық шарттарды қайта ресімдеу жүргізілмейді.
18. Су пайдаланушының реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қосылуға техникалық шарттар беру Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 84-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 36054 болып тіркелген) Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Ауызсудың, қоршаған ортаның ластануына, жасанды құрылысжайлардың, каналдардың жұмысының бұзылуына және халықтың денсаулығына нұқсан келтіруіне әкеп соғуы мүмкін пайдаланылатын магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары немесе баланстық тиесілілікті бөлу шекаралары шегінде барлық зақымданулар немесе ақаулар туралы су тұтынушы су пайдаланушыға хабарлайды.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Жіберілген көрсетілген қызметтің санын өлшеу бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген су пайдаланушының, не су тұтынушының суды есепке алу аспаптарының, суды есепке алу торабтарының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде айқындалады.
Су ресурстарының санын (көлемін) объективті есепке алу мақсатында су тұтынушы бөлу нүктесінде "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өлшеу құралдарының үлгісін бекітуден немесе метрологиялық аттестаттаудан өткен су ресурстарын есепке алу аспаптарын орнатады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Суды есепке алу аспаптары, суды есепке алу торабтары болмаған кезде жіберілген суармалы судың мөлшері су тұтынудың үлестік нормаларын ескере отырып, есептік жолмен айқындалады.
Бұл ретте, шаруашылықішілік каналдар бойынша су ысырабының көлемі су тұтынушылар арасында олардың суармалы жер учаскелерінің аудандарына пропорционалды түрде бөлінеді.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Су тұтынушының суаратын суды өз бетінше пайдалануына жол берілмейді. Су тұтынушы өз бетінше су тұтыну кезінде нақты дақылға егіс алаңы мен су тұтынудың үлестік нормалары бойынша көлемін ескере және бекітілген тариф бойынша – 2 коэффициентін қолдана отырып, есептелген соманы төлейді.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Су пайдаланушы есептік айдан кейінгі күнтізбелік айдың 15 (он бес) күніне дейінгі мерзімде тараптар қол қоятын орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін (бұдан әрі – Акт) ұсынады.
Су пайдаланушы жіберген актіге су тұтынушы жіберілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қол қояды, ал қол қойылған актіні не көрсетілген мерзім ішінде дәлелді жазбаша қарсылықтар ұсынылмаған жағдайда, акт келісілген болып есептеледі.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Су тұтынушының меншігіндегі ирригациялық желілерде (каналдарда) суармалы судың нормативтен тыс ысырабын су пайдаланушы айқындайды және су тұтынушының қатысуымен актіде тіркеледі. Су тұтынушы актімен келіспеген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, даулы мәселелер сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотта шешіледі.";
36 және 37-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Көрсетілетін қызметті көрсетуді тоқтата тұру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) авариялық жағдайда не азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп-қатер төнгенде;
2) өз бетінше су тұтынғанда және су пайдаланушының жүйелеріне өз бетінше қосылғанда;
3) қарыз өтелгенге дейін есепті кезеңнен кейінгі бір ай немесе одан да көп ай ішінде қызметтер үшін ақы төленбегенде;
4) су пайдаланушы өкілдерін өлшеу құралдарына, суды есепке алу аспаптарына және суды есепке алу тораптарына жібермегенде;
5) магистральдық, шаруашылықаралық және шаруашылықішілік ирригациялық жүйелерде анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша су пайдаланушының жазбаша талаптары орындалмағанда;
6) су пайдаланушымен келісілмеген артық егіс алқаптары мен ауыл шаруашылығы дақылдары түрінің өзгертілгені анықталғанда;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда.
37. Осы Қағидалардың 36-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, көрсетілетін қызметті беру тоқтатылғанға дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын су тұтынушы хабарлама (электрондық пошта, факс, пошта жөнелтілімі, қысқа мәтіндік хабарлама, мультимедиялық хабарлама, қолданыстағы мессенджерлер) жолдау арқылы хабарландырылады.
Осы Қағидалардың 36-тармағының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, көрсетілетін қызметтерді беруді қалпына келтіру туындаған бұзушылықтар жойылғаннан және (немесе) жойғаннан кейін жүргізіледі.
Осы Қағидалардың 36-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, су тұтынушыны қосу техникалық мүмкіндік, бос қуаттар мен су көлемі болған жағдайда, су пайдаланушы жүйелеріне қосылуға техникалық шарттарды алғаннан және орындағаннан, шарт жасасқаннан және су пайдаланушының жүйелеріне өз бетінше қосылғаны үшін қайта есептеу сомасын төлегеннен кейін жүргізіледі.
Осы Қағидалардың 36-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген жағдайда су тұтынушыны қосу бос қуаттар мен су көлемі болған жағдайда, су пайдаланушы жүйелеріне қосылуға қосымша су көлеміне техникалық шарттарды алғаннан және орындағаннан, қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізілгеннен және ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру түрінің және егіс алаңының өзгерістері үшін қайта есептеулер сомасын төлегеннен кейін жүргізіледі.
Осы Қағидалардың 36-тармағының 3) тармақшасында көзделген бұзушылықтар үшін су тұтынушыға көрсетілетін қызмет көрсету тоқтатыла тұрған жағдайда, қосу берешек өтелгеннен және қосу үшін төлем енгізгеннен кейін күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде жүргізіледі.
Қайта есептеу бойынша төлем мерзімінде төленбеген немесе толық төленбеген не төлеуден бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.
Өз бетінше су тұтыну және өз бетінше су пайдаланушы жүйелеріне қосылу деп осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес берілген техникалық шарттарды алмай және орындамай жүйелерге қосылу болып табылады.".
2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Тарифтік саясатты реттеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы |
Н. Алдамжаров |
