Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 24 тамыздағы № 134 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 26 тамызда № 39687 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін (бұдан әрі – Тізбе).

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оның Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
С. Жумангарин

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Ұлттық
экономика министрі
2026 жылғы 24 тамыздағы
№ 134 бұйрығымен бекітілген

Өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10111 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында:

      2-тармақта:

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, сенімгерлік басқару шарттары бойынша цифрлық дерекқорға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін беретін интернет-ресурс;";

      17) және 18) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) электрондық құжат – анықтығын, тиесілілігін және өзгермейтіндігін растау электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қамтамасыз етілген цифрлық жазба;

      18) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы);";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Объектіні сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді құрылтайшы қабылдайды, ол туралы мәліметтерді құрылтайшы шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сенімгерлік басқару шарттары бойынша цифрлық дерекқорға енгізеді.

      Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту сенімгерлік басқарушы шарттың талаптарын тиісінше орындаған кезде жүзеге асырылады.

      Сенімгерлік басқарушы шарт аяқталғанға дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей құрылтайшыға шарттың бүкіл кезеңі үшін мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет туралы есепті қоса бере отырып шарттың қолданылу мерзімін ұзарту ниеті туралы өтінішті жазбаша жібереді.

      Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту негізгі шартқа қосымша келісім жасасу арқылы жүзеге асырылады. Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі қосымша келісім негізгі шарттың мерзімінен аспайтын жаңа мерзімге жасалады.

      Шарттың қосымша келісімі тізілімнің веб-порталында цифрлық форматта жасалады және құрылтайшы, баланс ұстаушы немесе басқару органы және сенімгерлік басқарушы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ЭЦҚ пайдалана отырып қол қояды.";

      1-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы мынадай редакцияда жазылсын:

  "Мемлекеттік мүлікті
сенімгерлік басқаруға беру
қағидаларына қосымша";

      1-қосымшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартында:

      қосымшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      2. "Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудың (жалға берудің) үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 211 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10479 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудың (жалға берудің) үлгілік шартында:

      10-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) осы шарттың аяқталу мерзіміне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей тізілімнің веб-порталында цифрлық нысанда шарттың қолданылу мерзімін ұзартуға өтініш береді. Мұндай өтініштің болмауы жалға берушіге объектіні өзге заңды немесе жеке тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға алуға) негіз болады;";

      11-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Жалға берушінің талабы бойынша мынадай:

      1) егер жалға берушінің жасаған жазбаша ескертуіне қарамастан, жалға алушы объектіні шарттың талаптарын немесе объектінің мақсатын елеулі бұза отырып пайдаланған;

      2) егер жалға алушы шарт бойынша берілген объектіні нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған;

      3) егер жалға алушы қасақана немесе байқаусызда объектіні елеулі нашарлатқан;

      4) егер жалға алушы шартта белгіленген төлем мерзімі өткеннен кейін объектіні пайдаланғаны үшін ай сайынғы жалдау ақысын екі рет қатарынан төлемесе;

      5) егер жалға алушы шартта белгіленген мерзімдерде, ал олар шартта болмаған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарына немесе шартқа сәйкес күрделі жөндеу міндеттемесі жалға алушыға жүктелген жағдайларда ақылға қонымды мерзімдерде объектіге күрделі жөндеу жүргізбесе, жалға беруші жалға алушыға өз міндеттемелерін ақылға қонымды мерзімде орындау мүмкіндігін бергеннен кейін ғана шартты мерзімнен бұрын жоюды талап етуге құқылы;

      6) жалға алушыға басқа объектіні оның жазбаша келісімінен кейін берген;

      7) жалға беруші объектіні алып қою туралы шешім қабылдаған;

      8) жалға берушінің атына баланс ұстаушы жазбаша өтініш жазған жағдайларда шарт бұзылуы және объект баланс ұстаушыға қайтарылуы мүмкін.

      Шарт жалға алушының талабы бойынша мерзімінен бұрын мынадай:

      1) баланс ұстаушы шарттың талаптарына немесе объектінің мәніне сәйкес жалға алушының пайдалануына объектіні бермеген не объектіні пайдалануға кедергі жасаған;

      2) объектінің баланс ұстаушысы шартпен белгіленген мерзімде, ал олар шартта болмаған жағдайда – ақылға қонымды мерзімдерде оған салынған объектіні күрделі жөндеу міндеттемелерін орындамаған;

      3) жалға алушыға берілген объектілердің оны пайдалануға кедергі жасайтын, олар шарт жасасқан кезде жалға берушімен келісілмеген ақаулары болған және шартты жасасқан кезде объектіні қараған және оның жұмыс істейтінін тексеру уақытында анықталуы мүмкін болмаған;

      4) егер объекті жалға алушының жауап беруі мүмкін емес жағдаяттар салдарынан пайдалануға жарамай қалған жағдайларда бұзылды.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Егер жалға алушы өз қаражаты есебінен және баланс ұстаушының келісімімен және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органдардың) жазбаша рұқсатымен объекті үшін зиянсыз ажырамас жақсартулар жүргізген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жалға алушы шарт тоқтатылғаннан кейін осы жақсартулардың құнын баланс ұстаушы арқылы өтеуге құқығы бар. Жалға алушы жүргізген объектінің ажырайтын жақсартулары оның меншігі болып табылады. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жалға беруші мен баланс ұстаушының келісімінсіз жалға алушы жасаған ажырамас жақсартулардың құны өтеуге жатпайды.";

      24-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-3. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде Тараптардың кез келгені күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарапты осындай мән-жайлардың туындағаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      Хабарлама мынадай тәсілдердің бірімен жіберіледі: қабылданғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен, телефонограмма немесе жеделхат арқылы, "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген абоненттің ұялы телефон нөміріне қысқа мәтіндік хабарлама жібере отырып, "цифрлық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне, ұялы телефон нөмірі немесе электрондық пошта мекенжайы арқылы мәтіндік хабарламамен.

      Жалға беруші немесе жалға алушы (тараптар) шартта өздері көрсеткен тұрғылықты (орналасқан жері), жұмыс орнының мекенжайлары, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, электрондық пошта мекенжайының анық екенін, ал көрсетілген контактілерге (мекен-жайына) жіберілген хабарлама (хабарландыру) тиісті және жеткілікті болып саналатынымен танысқандығын өз қолтаңбасымен растайды.".

      3. "Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10467 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 74-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітілген жер учаскелерін, тұрғын үй қорын және мүлікті, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери мүлкін және пайдаланылмайтын әскери мүлкін, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын, тарих және мәдениет ескерткіштері мен су шаруашылығы құрылысжайларын беруге байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды.";

      2-тармақта:

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті және мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі;";

      15) және 16) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) электрондық құжат – анықтығын, тиесілілігін және өзгермейтіндігін растау электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қамтамасыз етілген цифрлық жазба;

      16) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мемлекеттік тұрғын емес қор объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде жылдық жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес базалық мөлшерлемелер мен объектілердің функционалдық мақсаты, коммерциялық жылжымайтын мүліктің ауқымы мен қызмет түрлері, тұрғын емес үй-жайдың түрі, жайлылық дәрежесі, аумақтық орналасуы, жалдаушының қызмет түрі, жалдаушының ұйымдық-құқықтық нысаны ескеріліп қолданылатын коэффициенттер мөлшері негізінде айқындалады және мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Жа = Бме х S х Кфм х Ктеүт х Кжд х Ко х Кқт х Кұқн,

      мұнда:

      Жа – мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мемлекеттік тұрғын емес қор объектілерін бір жылға жалдау ақысының мөлшерлемесі;

      Бме – 1 шаршы метр үшін жалдау ақысының базалық мөлшерлемесі, бір жылға теңгемен;

      S – жалға алынатын алаң, шаршы метр;

      Кфм – объектілердің функционалдық мақсаты, коммерциялық жылжымайтын мүліктің ауқымы мен қызмет түрлері ескерілетін коэффициент;

      Ктеүт – тұрғын емес үй-жайдың түрі ескерілетін коэффициент;

      Кжд – жайлылық деңгейі ескерілетін коэффициент;

      Ко – аумақтық орналасуы ескерілетін коэффициент;

      Кқт – жалдаушы қызметінің түрі ескерілетін коэффициент;

      Кұқн – жалдаушының ұйымдық-құқықтық нысаны ескерілетін коэффициент.

      Жабдықтарды, автокөлік құралдарын және басқа да тұтынылмайтын заттарды мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде жылдық жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Жа = Қ х Nam/100 х Кт,

      мұнда:

      Жа – жабдықтар, көлік құралдары және басқа да тұтынылмайтын заттар үшін бір жылға жалдау ақысының мөлшерлемесі;

      Қ – бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша жабдықтың қалдық құны.

      Тозуы 100 (жүз) пайыз есептелген жабдықты, көлік құралдарын және басқа да тұтынылмайтын заттарды мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде қалдық құны бастапқы (қалпына келтіру) құнынан 10 (он) пайыз мөлшерінде қабылданады;

      Nam – Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 280-бабына сәйкес амортизацияның шекті нормалары;

      Кт – төмендету коэффициенті (жабдықтар, көлік құралдары және басқа да тұтынылмайтын заттар алпыс пайыздан аса тозған кезде – 0,8 мөлшерінде, сауда-сатып алу (делдалдық) қызметін қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшін беру кезінде – 0,5 мөлшерінде қолданылады).

      Мемлекеттік тұрғын емес қор объектілерін, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы жабдықтарды, автокөлік құралдарын және басқа да тұтынылмайтын заттарды сағатына есептеп мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде жалдау ақысын есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      Жс=Жа/12 /К/24,

      мұнда:

      Жс – мемлекеттік тұрғын емес қор объектілері, мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы жабдықтар, көлік құралдары және басқа да тұтынылмайтын заттар үшін бір сағатқа жалдау ақысының мөлшерлемесі;

      Жа –мемлекеттік тұрғын емес қор объектілері, мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы жабдықтар, көлік құралдары және басқа да тұтынылмайтын заттар үшін бір жылға жалдау ақысының мөлшерлемесі;

      К – объектілерді мүліктік жалдауға беру жүзеге асырылатын айдағы күндер саны.

      Ғимараттағы үй-жайлардың бір бөлігінің жалдау ақысын есептеу кезінде жалға алушының мүліктік жалдауға (жалға) берілетін алаңның 25 (жиырма бес) пайыз мөлшерінде осы алаңдардың жалпы пайдаланымдағыорындарға қол жеткізуі ескерілуі қажет.

      Мемлекеттік заңды тұлғалардың түскі ас залдары бар қоғамдық тамақтандыру пункттерін мүліктік жалдауға (жалға) беру кезінде жалдау есептемесіне ас блогының алаңы және қосалқы үй-жайлар қосылады, себебі түскі ас залдарының алаңы мүліктік жалдауға берілмейді.

      Жалдаушы мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында және техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарында қоғамдық тамақтандыруды (асхана, буфет) ұйымдастыру жөніндегі қызметтер көрсеткен кезде мүліктік жалдауға (жалға) берілетін үй-жайлардың жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу бір оқу жылы үшін жүргізіледі.

      Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларға тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарт жасасқан өнім беруші жазбаша өтініш берген кезде, мүліктік жалдауға (жалға) берілетін мемлекеттік орта білім беру заңды тұлғаларындағы үй-жайлардың жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу оқу жылы үшін жүргізіледі.";

      1-қосымшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      3-қосымшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      4. "Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып жатқан жер учаскелерін кейіннен меншікке өтеусіз бере отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 16 маусымдағы № 115 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32833 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып жатқан жер учаскелерін кейіннен меншікке өтеусіз бере отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында:

      2-тармақтың 9) және 10) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) электрондық құжат – анықтығын, тиесілілігін және өзгермейтіндігін растау электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қамтамасыз етілген цифрлық жазба;

      10) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).";

      қосымшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      5. "Байқау кеңесін құру және тарату тәртібін, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 20 тамыздағы № 80 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36660 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Байқау кеңесін құру және тарату тәртібі, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар,

      сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібінде:

      2-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;".

      6. "Ұлттық әл-ауқат қорын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалардың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 87 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36761 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық әл-ауқат қорын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына тәуелсіз директорларды (тәуелсіз мүшелерді) іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарында:

      2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық әл-ауқат қорын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) тәуелсіз директорларының (тәуелсіз мүшелерінің) тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларында:

      2-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы.";

      Ұлттық әл-ауқат қорын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) директорлар кеңесінің (байқау кеңестерінің) мүшелеріне сыйақы төлеу және шығыстарын өтеу деңгейін айқындаудың үлгілік қағидаларында:

      1 және 2-қосымшалардың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады