"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 20-27) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушыларының қызметі қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне орындалуы туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі |
Е. Мырзабосынов |
| Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі 2026 жылғы 15 шілдедегі № 128 бұйрығымен бекітілген |
Гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушыларының қызметі қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушыларының қызметі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 20-27) тармақшасына сәйкес әзірленді және гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушыларының қызметі тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) гид – Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, туристерге ақпараттық және (немесе) ұйымдастырушылық қызметтер көрсету үшін кәсіптік даярланған жеке тұлға;
2) туризм нұсқаушысы – тиісті біліктілігі және туристік маршруттармен жүріп өту тәжірибесі бар, Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, кәсіптік даярланған жеке тұлға;
3) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімі – туристік маршруттар мен соқпақтарды есепке алу құжаты;
4) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті барлық қажетті туристік көрсетілетін қызметтер кешені;
5) экскурсия жүргізуші – Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын, туристерге уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік көрікті жерлермен таныстыру жөнінде экскурсия жүргізу үшін кәсіптік даярланған жеке тұлға.
2-тарау. Гидтердің, экскурсия жүргізушілердің және туризм нұсқаушылары қызметінің тәртібі
3. Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтығы болған жағдайда және қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберген кезде қызметін жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасында гид, экскурсия жүргізуші, туризм нұсқаушысы қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Гид, экскурсия жүргізуші, туризм нұсқаушысы қызметін жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама www.elicense.kz интернет-ресурста Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 249 бұйрығымен бекітілген турагенттік қызметтің, Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаға қоса беру үшін мәліметтердің нысандарына сәйкес беріледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11209 болып тіркелген).
5. Туристік қызмет саласындағы уәкілетті орган "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес гид, экскурсия жүргізуші және туризм нұсқаушысы қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама берген адамдардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді.
Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушыларының тізілімі туристік қызмет саласындағы уәкілетті органның және ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйымның ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
6. Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары туристік қызметтерді тараптардың келісімі бойынша, гид, экскурсия жүргізуші, туризм нұсқаушысы және турист арасында жасалатын шарт негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетеді.
Шарт жасасу үшін турист гидке, экскурсия жүргізушіге, туризм нұсқаушысына өзі туралы және осындай шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті көлемде шарт жасалатын тұлғалар туралы ақпаратты ұсынады.
7. Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары туристерге саяхат басталудан 3 (үш) күнтізбелік күн бұрын жазбаша нысанда уақытша болатын елге (жерге) келу, уақытша болған елде (жерде) болу ережелері туралы, заңнамасы туралы, жергілікті халықтың салт-дәстүрлері туралы, діни әдет-ғұрпы, қасиетті орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштер және туристерге көрсетілетін, ерекше қорғаудағы басқа да объектілер, қоршаған ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ саяхаттаған кезде тап болуы мүмкін қауіптер туралы қажетті және дұрыс ақпаратты қамтитын саяхаттың ерекшеліктері туралы мәліметтер береді және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асырады.
8. Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары 1 (бір) жұмыс күні ішінде туристік қызмет саласындағы уәкілетті органды және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органды, сондай-ақ туристің отбасын саяхат кезінде туристпен болған төтенше жағдай туралы білген немесе білуге тиіс болған сәттен бастап дереу хабардар етеді.
Егер төтенше жағдай Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік туристермен орын алса, гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары дипломатиялық қызмет органдарында хабардар етеді.
9. Қазақстан Республикасы шегінде туристің өмірі мен денсаулығына қатер туғызатын маршруттардан өту кезінде гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары туристен туристің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы туристік маршрутта өмірі үшін ықтимал тәуекел туралы хабардар етілгені және келісетіні туралы жазбаша келісім алады.
Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.
10. Гидтер, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары қызметін жүзеге асыру кезінде туристерге шынайы ақпарат береді, фактілердің бұрмалануына және Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларын және туристердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге тиіс.
11. Гидтер мен туризм нұсқаушылары өз қызметінде туристерге туристік өнімді қалыптастырмай, жылжытпай және сатпай, оның басқа қызметтермен өзара іс-қимылын үйлестіруге бағытталған дайындық іс-шараларын жүзеге асыру және туристі жүру бағыты бойынша сүйемелдеу бойынша ұйымдастырушылық қызметтерді көрсетеді.
12. Экскурсия жүргізушілері өз қызметінде уақытша болатын елде (жерде) туристік ресурстарға танымдық мақсатта келуді ұйымдастыру бойынша экскурсиялық қызметтер көрсетеді, олар туристерді орналастыру (түнету) жөніндегі қызметтерді көздемейді және жиырма төрт сағаттан аспайтын кезеңді қамтиды.
