"Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 473, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 12 шілдедегі № 135 және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 11 шілдедегі № 223 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2026 жылғы 25 маусымдағы № 603 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 29 маусымдағы № 93 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 маусымда № 39141 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. "Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 473, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 12 шілдедегі № 135 және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 11 шілдедегі № 223 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33104 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларында:

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сараптама комиссиясы – ғылыми сараптама жүргізу мақсатында құрылған құрамында кемінде 2 (екі) сарапшы бар топ;";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Нормативтік құқықтық актілер жобаларына ғылыми сараптама "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) көрсетілген мақсаттарда жүргізіледі.

      Халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының ғылыми сараптамасы "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мақсаттарда жүргізіледі.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі – Үкімет) заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген және Қазақстан Республикасы Құрылтайының (бұдан әрі – Құрылтай) қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ғылыми құқықтық, ғылыми лингвистикалық, ғылыми экономикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және басқа да сараптамалар жүргізіледі.

      Ғылыми сараптама жүргізбеуге болатын Қазақстан Республикасы Президентінің (бұдан әрі – Президент) заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заңнамалық актілердің жобалары енгізілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олар реттейтін қоғамдық қатынастарға қарай ғылыми сараптама жүргізу міндетті.

      Халықаралық шарттың соңғы нұсқасына олармен реттелетін қоғамдық қатыстарға қарай ғылыми (құқықтық, лингвистикалық және тағы да басқа) сараптама жүргізіледі.";

      11-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қайта ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасына тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде және (немесе) бастапқы ғылыми сараптаманың нәтижелері бойынша ғылыми сараптаманың қорытындысы негізсіз болған жағдайларда жүргізіледі.";

      12-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Құрылтай депутаттарының бастамасы бойынша;";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) Құрылтай депутаттарының бастамасы бойынша.";

      13-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте Құрылтай депутаттарының және Қазақстан Халық Кеңесінің заңнамалық бастамасы тәртібімен әзірленетін заң жобалары олардың шешімі бойынша ғылыми сараптама жүргізуге жіберіледі.";

      13-2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-2. Құрылтай депутаттарының және Қазақстан Халық Кеңесінің заңнамалық бастамасы тәртібімен әзірленетін заң жобалары мынадай материалдарды қоса бере отырып, электрондық құжат айналымы арқылы ғылыми сараптамалар жүргізуге электрондық түрде жіберіледі:";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) заң жобасын әзірлеуге бастамашы болған Құрылтай депутаты/депутаттары немесе Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі/мүшелері қол қойған заң жобасының (қазақ және орыс тілдерінде) қолданысының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі паспорт;";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Ғылыми сараптама қорытындысына уәкілетті ұйымның бірінші басшысы немесе ғылыми сараптама қорытындыларына қол қоюға уәкілетті адам және ғылыми сараптама жүргізген сарапшылар, ал ғылыми экономикалық сараптама бойынша - ғылыми ұйымның басшысы не оның міндетін атқарушы адам мен сарапшылар қол қояды.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 17-бабының талаптарына сәйкес Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесі, Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар олармен келісу бойынша заң жобаларын әзірлеушілер болып табылады.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Заң жобалары бойынша ғылыми құқықтық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылар екі топқа бөлінеді.

      Бірінші топтың сарапшысына қойылатын талаптар:

      1) "Құқық" мамандықтар тобы бойынша жоғары заңгерлік білім, ғылыми дәрежесі не философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі;

      2) заңгер мамандығы бойынша кемінде 5 (бес) жыл жалпы жұмыс өтілі.

      Екінші топтың сарапшысына қойылатын талаптар:

      1) "Құқық" мамандықтар тобы бойынша жоғары заңгерлік білім/академиялық дәрежесі;

      2) заңгер мамандығы бойынша кемінде 10 (он) жыл жалпы жұмыс өтілі.

      Бірінші және екінші топтардың сарапшылары заңнамаға сәйкес құқықтар мен міндеттерге ие болады және тең құқықтық негізде ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге тартылады.";

      29-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Уәкілетті ұйым тізілімге енгізу туралы, сарапшыларға кандидатты (бұдан әрі – кандидат) немесе сарапшыны енгізуден бас тарту туралы не одан шығару туралы шешімді Комиссия қорытындысының негізінде қабылдайды.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама заң жобасын әзірлеудің мынадай сатыларында:

      1) ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталда оларды жария талқылау үшін орналастырған кезде;

      2) заң жобасына Президент Әкімшілігінің немесе Үкімет Аппаратының ескертулері бойынша пысықтау нәтижесінде оған тұжырымдамалық өзгерістер енгізілген жағдайда жүргізіледі.

      Көрсетілген талаптар Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесі бастама жасаған заң жобаларына қолданылмайды.";

      46-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өз қызметінде шағым кеңесі Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидаларды және шағым Кеңесінің құрылу тәртібі, өкілеттіктері мен жұмыс регламенті айқындалатын уәкілетті ұйымның басшысы бекітетін шағым кеңесі туралы Ережені басшылыққа алады.";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Халықаралық шарттардың немесе халықаралық шарттар жобаларының ғылыми құқықтық сараптамасын сарапшылар тізілімінде тұрған сарапшы немесе сараптама комиссиясы жүзеге асырады.

      Оның құрамына мынадай:

      1) жоғары заң білімі;

      2) ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша немесе "Құқық" мамандықтар тобы бойынша доктор дәрежесі ("Халықаралық құқық" мамандығы басым болып табылады);

      3) заң мамандығы бойынша жалпы еңбек өтілі кемінде 3 (үш) жыл жалпы өтілінің болуы талаптарына сәйкес келуге тиіс сарапшылар кіреді.

      Ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге:

      1) "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша немесе "Құқық" мамандықтар тобы бойынша ("Халықаралық құқық" мамандығы басым болып табылады) жоғары заңгерлік білімі және магистр академиялық дәрежесі және заңгер мамандығы бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      2) "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша немесе "Құқық" мамандықтар тобы бойынша ("Халықаралық құқық" мамандығы басым болып табылады) жоғары заңгерлік білімі/бакалавр академиялық дәрежесі және заңгер мамандығы бойынша кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесі бар сарапшы да тартылады.";

      52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "52. Кандидатты сарапшылар тізіліміне енгізу туралы, сарапшыны енгізуден бас тарту не сарапшылар тізілімінен шығару туралы шешім осы Қағидалардың 29 және 30-тармақтарына сәйкес қабылданады.";

      56-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сарапшы халықаралық шартты немесе халықаралық шарттың жобасын және қоса беріліп отырған материалдарды зерделейді және сарапшының ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге қатысуын болдырмайтын мән-жайлар болмаған жағдайда оларды қарауға қабылдайды.";

      67-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) заң жобалары бойынша Президент Әкімшілігімен, Үкімет Аппаратымен келісілгеннен кейін олар Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін;";

      69-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Халықаралық шарттарды немесе халықаралық шарттардың жобаларын, сондай-ақ оларға материалдарды ғылыми лингвистикалық сараптамаға уәкілетті ұйымның әзірлеушісі (әзірлеуші органы) электрондық құжат айналымы арқылы және қағаз жеткізгіштерде жібереді. Бұл ретте электрондық нұсқалар қағаз жеткізгіштегі құжаттармен бірдей болуы және бір мезгілде ұсынылуы тиіс.";

      72-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "72. Құрылтай депутаттарының және Қазақстан Халық Кеңесінің бастама жасаған заңдардың жобаларына ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу үшін Әділет министрлігіне және (немесе) уәкілетті ұйымға электрондық құжат айналымы арқылы:";

      73-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "73. Әділет министрлігі Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесі бастама жасаған заң жобаларын алғаннан кейін оларды ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу үшін электрондық құжат айналымы арқылы уәкілетті ұйымға жібереді.";

      83-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер жобаны әзірлеушіде (әзірлеуші органда) ғылыми лингвистикалық сараптаманың қорытындысына қатысты сұрақтар туындаса, ол тиісті түсініктемелер алу үшін уәкілетті ұйымға жүгіне алады. Уәкілетті ұйым осындай түсіндірмелерді өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынады.";

      99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "99. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама Президенттің заңнамалық бастамасы тәртібімен заң жобаларын енгізу жағдайларын қоспағанда, Құрылтайдың қарауына енгізілетін заңдардың жобалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілмеуі мүмкін жағдайларды және осы Қағидалардың 100-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша жүргізіледі.";

      100-тармақта:

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құрылтайдың нормативтік қаулылары;";

      сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құрылтайдың қарауына заң жобаларын және Президенттің қарауына Президент жарлықтарының жобаларын енгізуді көздейтін Үкімет қаулыларының;";

      он алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "республикалық және облыстық бюджеттер, астана, Республикалық маңызы бар қалалар бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы нормативтік құқықтық актілер;";

      106-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сарапшы ретінде әрекет етуді көздейтін қызмет саласында кемінде 5 (бес) жыл немесе ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD докторы немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі / дәрежесі болған жағдайда, ол бойынша сарапшы ретінде әрекет етуді көздейтін қызмет саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі сарапшы;";

      128 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "128. Әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын қарайды және мынадай әрекеттердің бірін қабылдайды:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысының ұсынымдарымен келіскен жағдайда нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді. Бұл ретте, қорытындыны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті ақпаратты ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады;

      2) егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысында әзірлеушінің құзыретіне жатпайтын ұсынымдар қамтылған жағдайда, әзірлеуші қорытынды келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды құзыретіне сараптамалық қорытындыда қозғалатын мәселелерді қарау кіретін мемлекеттік органдарға тиісті ақпаратты пысықтау және ұсыну үшін нормативтік құқықтық актінің жобасымен бірге жібереді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын және әзірлеушіден нормативтік құқықтық актінің жобасын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде құзыретіне сараптамалық қорытындыда қозғалатын мәселелерді қарау кіретін мемлекеттік органдар осы ұсынымдарды қарауға және әзірлеушіге тиісті ақпаратты ұсынуға міндетті. Әзірлеуші мемлекеттік органдардан ақпарат алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей оны ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады;

      3) ұсынымдармен келіспеген жағдайда, әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей келіспеудің негізделген себептерін көрсете отырып, мемлекеттік органдардың ұстанымын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады.";

      137-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, бірақ кемінде 5 (бес) адам.";

      174-тармақ алып тасталсын;

      ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларына 1-қосымша осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларына 2-қосымшада:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Уәкілетті ұйым мен сарапшы арасында жасалатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге арналған үлгілік шарт";

      4-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын қазақ немесе орыс тілінде қолма-қол, электрондық пошта арқылы не Цифрлық жүйе арқылы (ол болған кезде) беруді жүзеге асыру.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бірлескен бұйрықтың 1-тармағының алпыс алтыншы және алпыс жетінші абзацтарын қоспағанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
– Ұлттық экономика министрі
__________С. Жумангарин
      Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің м.а.
__________Б. Жакселекова

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
2026 жылғы 29 маусымдағы
№ 93 мен
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің м.а.
2026 жылғы 25 маусымдағы
№ 603 бірлескен
бұйрығымен бекітілген
  Ғылыми сараптаманы
ұйымдастыру мен жүргізу,
сондай-ақ ғылыми
сарапшыларды іріктеу
қағидаларына 1- қосымша

Ғылыми экономикалық сараптамаға ұсыну үшін Қазақстан Республикасының қабылданатын заң жобалары қолданысыныңәлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі паспорт

      *Паспорттың бөлімдерін толтыруға толық нұсқаулық қабылданатын заң жобалары қолданысының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарда берілген

1. Жалпы ақпарат

Әзірлеуші орган


Заң жобасының атауы


Әзірлеуші – орындаушының байланыс ақпараты

Т.А.Ә. (болған жағдайда):
Лауазымы:
Тел.:
Электрондық пошта мекенжайы:

Заңнама саласы


Құқықтық реттеу мәні


2. Заң жобасын әзірлеудің негізділігі және уақтылылығы

2.1 Заң жобасы шешуге бағытталған проблема
(Проблема айқындалуға және барынша нақты тұжырымдалуға тиіс. Шектен тыс кең көлемде не нақты емес тұжырымдаудан аулақ болған дұрыс)
Проблеманы тұжырымдау:
Проблеманың сапалық және сандық сипаттамасы:
(проблеманың мәнін және ауқымын: аумақтық және салалық қырларда сапалы ашу, сондай-ақ проблеманың дамуының қарқыны туралы ақпарат беру: уақыт өте келе проблеманың ұлғаюы, азаюы немесе маңыздылығының өзгермеуі)
Проблеманың болуына байланысты туындайтын теріс әсерлер:
(зиян келтірілгені, оның ақшалай мәндегі мөлшері туралы мәліметтерді; азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен мүдделерін бұзу туралы сандық мәліметтерді; реттеудің болмауы салдарынан әрекеттерді, функцияларды не көрсетілетін қызметтерді алудың мүмкін еместігі туралы мәліметтерді (деректер және залалды, жіберіп алған пайданы бағалау және басқалар); азаматтар мен ұйымдардың өтініштері, шағымдары туралы деректерді және т.б. ұсына отырып, проблеманың болу салдары болып табылатын теріс әсерді сипаттау)
Өзіне қатысты проблема қозғалатын тұлғалар:
(нысаналы топтар қозғаған проблеманы сипаттау: азаматтар, кәсіпорындар, ұйымдар, мемлекет)
Проблемаға әкеп соғатын себептер:

2.2 Проблемалық саладағы ағымдағы жағдайды талдау және мемлекеттік реттеу (реттелетін саланы, экономика секторын дамытудың негізгі өлшемдері, статистикалық деректердің және халықаралық рейтингтік бағалаулардың талдауын пайдалана отырып, бәсекеге қабілеттілікті бағалау, қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама, бағдарламалық құжаттар шеңберінде проблемаларды шешу үшін қолданылатын шаралар, қол жеткізілген нәтижелер)

2.3 Заң жобасының мақсаты мен міндеттері
(заң жобасын енгізуден қажет етілетін нәтиже)

Мақсаты

(қол жеткізу үшін заң жобасы әзірленетін ұзақ мерзімді әлеуметтік және (немесе) экономикалық мақсаттарды белгілеу)

Міндеттері (мақсатқа қол жеткізілуін тексеруді жүзеге асыру үшін істердің болашақ жай-күйін айқындауға тиіс)

Міндеттерді шешу нәтижелерінің сандық өлшемдік көрсеткіштері (міндеттерді шешу дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштер (редакциялық түзетулерді қамтитын және құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған нормаларға қолданылмайды)

1.

1.

2.

3.

2.

1.

2.

3.

….



2.4 Заң жобасы мақсаттарының мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына сәйкестігі (құжаттардың нақты ережелері мен олардың атауларын көрсете отырып, ұсынылып отырған реттеу мақсатының ҚР Президентінің жыл сайынғы жолдауларының, "Қазақстан-2050" стратегиясының, стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың мақсаттарымен келісілгендігін көрсету)

Мемлекеттің стратегиялық мақсаттары

Заң жобасы мақсатының мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына сәйкестігін сипаттау

"… ."


"…"





2.5 Реттеудің ұқсас проблемаларын шешудің халықаралық тәжірибесі (әртүрлі елдерде реттеудің белгіленген проблемасын шешу мысалдарын сипаттау)

2.6 Заң жобасын әзірлеу кезеңінде қаралған проблеманы шешудің барлық нұсқаларын сипаттау және таңдалған нұсқаны негіздеу (проблеманы шешудің әртүрлі нұсқаларының механизмдерін, артықшылықтарын, кемшіліктерін, іске асыру тәуекелдерін сипаттау, сондай-ақ басқа нұсқаларды қабылдамау себебін сипаттай отырып, проблеманы шешудің ұсынылған тәсілін таңдауды негіздеу)

3. Нысаналы топтар үшін пайданы және шығасыларды талдау әдісін қолдана отырып, әлеуметтік-экономикалық салдарды талдау
(ұсынып отырған заң жобасы тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін нысаналы топтарды айқындау, оларға сапалық және сандық сипаттама беру, сондай-ақ олар үшін барлық күтілетін салдарды (оң және теріс) талдау)

I. Халық

Нысаналы топты сипаттау

Нысаналы топты сандық бағалау

Пайданы сапалық және сандық сипаттау

Шығасыларды сапалық және сандық сипаттау













II. Кәсіпкерлік субъектілері

Нысаналы топты сипаттау

Нысаналы топты сандық бағалау

Пайданы сапалық және сандық сипаттау

Шығасыларды сапалық және сандық сипаттау













III. Мемлекет

Нысаналы топты сипаттау

Нысаналы топты сандық бағалау

Пайданы сапалық және сандық сипаттау

Шығасыларды сапалық және сандық сипаттау

















* осы бөлімдерге арналған ықтимал есептердің мысалдары әдістемелік ұсынымдардың 3-бөлімінде бар

4. Іске асыру тәуекелдері (заң жобасын іске асыру кезінде оның мақсаттарына қол жеткізуге кедергі жасайтын теріс салдар, әлеуетті күрделіліктер, мән-жайлар)

5. Заң жобасының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу құралдары (қол жеткізу құралдары және бекітілген бюджеттік бағдарламалар шеңберінде болжамды сома, бекітілген сомадан артық қосымша қаржыландыру немесе басқа да көздерден бөлінген қаражат көрсетіледі. Бұл ретте қаржыландыру көздері: республикалық, жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор және өзге де көздер, сондай-ақ салық мөлшерлемелерінің және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің күші жойылған немесе төмендетілген жағдайда бюджет шығыны, салық жеңілдіктерін енгізу, шегерімдер және басқалары көрсетіледі)


Республикалық бюджет

Жергілікті бюджет

Ұлттық қор

Өзге де көздер (көздердің атауы)

Жоспарланған бюджет бағдарламасы шеңберіндегі сома (атауы)





Бюджеттен қосымша бөлінген қаражат сомасы





Басқа да көздерден бөлінген сома





Бюджет шығыны






6. Заң жобасын қоғамдық талқылау нәтижелері

7. Қосымша (талдау нәтижелерін суреттермен безендіруге арналған қосымша материалдар)

      Т.А.Ә. (болған жағдайда)________________________________________________________
(заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ететін
орынбасарының/заң жобасын әзірлеуге бастама жасаған Парламент
депутатының/депутаттарының, Қазақстан Халық Кеңесі мүшесінің/мүшелерінің қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады