Кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 147-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 1 маусымда № 38854 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 68-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қағидалардың 14-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "Бағдарламаны келісу үшін Ұйым Уәкілетті органға мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық нысанда "Е-Otinish" цифрлық жүйесі арқылы мынадай құжаттарды жолдайды:

      1) Ұйым айқындайтын нысан бойынша өтініш;

      2) Бағдарлама жобасы;

      3) осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес хаттамалық шешімнің көшірмесі;

      4) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес бұйрықтың көшірмесі;

      5) жария талқылауға орналастырылған Бағдарлама жобасына сілтеме.

      Құжаттар оларды оқуға және құжат мазмұнын сақтауға мүмкіндік беретін форматтарда жолданады және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес Ұйым басшысының не уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.".

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Ж. Сулейменова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Туризм және спорт министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және ақпарат министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2026 жылғы 29 мамырдағы
№ 147-НҚ Бұйрығымен
бекітілген

Кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 "Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 68-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру бағдарламаларын (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін айқындайды, сондай-ақ олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды (бұдан әрі – Талаптар) белгілейді.

      2. Бағдарламаны меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру бағдарламаларын іске асыратын балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы (бұдан әрі – Ұйым) әзірлейді.

      3. Бағдарлама бала тұлғасының кешенді дамуын қамтамасыз ету, олардың физикалық және психоэмоционалдық денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім беру, әлеуметтік және тұлғалық құзыреттіліктерін дамыту мақсатында әзірленеді.

      4. Бағдарлама білім беру саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – Уәкілетті орган) келісімі бойынша Ұйыммен бекітіледі.

2-тарау. Бағдарламаларды әзірлеу тәртібі

      5. Бағдарламаны әзірлеу үшін Ұйым:

      Қазақстан Республикасының білім беру, тәрбиелеу, балаларды сауықтыру және демалысын ұйымдастыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы заңнамасына талдау жүргізеді;

      кәмелетке толмағандардың және олардың заңды өкілдерінің қажеттіліктерін талдау сапалық және (немесе) сандық зерттеу әдістері арқылы, соның ішінде сауалнама, сұрау жүргізу, сұхбат алу тәсілдерін пайдалана отырып, балалардың жас, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады;

      Ұйымның жұмыс істеу жағдайларын талдау, оның ішінде мыналарды бағалау:

      1) қызмет режимін (жыл бойғы немесе маусымдық);

      2) ауысымдардың ұзақтығын, бір ауысымдағы күнтізбелік күндер санын және оларды өткізу кезеңділігін;

      3) материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын;

      4) кадрлық қамтамасыз етілуін;

      5) тұру және тамақтану жағдайларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін;

      6) аумақтың климаттық, табиғи және географиялық ерекшеліктерін;

      7) ауысым барысында күн тәртібін сақтау, білім беру және сауықтыру қызметінің кезектесу мүмкіндіктерін;

      8) балаларға арналған қосымша білім беру бағыттары бойынша ауысымдардың бейінін бағалайды.

      6. Жүргізілген талдау нәтижелері Бағдарламаның мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, іске асыру нысандары мен мерзімдерін айқындау үшін пайдаланылады. Талдау нәтижелері талдау жүргізген тұлғалар және Ұйым басшысы қол қоятын хаттамалық шешіммен ресімделеді.

      7. Хаттамалық шешім негізінде Ұйым Бағдарламаның атауын, кәмелетке толмағандардың жас санатын, Бағдарламаны іске асыру ұзақтығын, оны іске асыру нысандары мен шарттарын көрсете отырып бұйрық шығарады.

      8. Бағдарлама:

      1) "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, тиісті типтердегі және түрлердегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) сәйкес әзірленеді;

      2) "Білім беру ұйымдарында балаларды сауықтыруды және олардың демалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 7 қазандағы № 237 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37091 болып тіркелген);

      3) "Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29092 болып тіркелген);

      4) "Дене шынықтыру және спорт сабақтарын өткізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 68 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9923 болып тіркелген).

      9. Бағдарламаның құрылымы мен мазмұны осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген Талаптарға сәйкес болуы тиіс. Бағдарлама осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген талаптарға сәйкес ресімделеді.

      10. Бағдарлама жобасы Уәкілетті органға келісуге жіберілгенге дейін жеке және заңды тұлғалардан ескертулер мен ұсыныстар қабылдау үшін кері байланыс функционалын көздейтін Ұйымның интернет-ресурсында және (немесе) білім беруді басқару органының интернет-ресурсында жария талқылауға орналастырылады.

      Бағдарламаны жария талқылау мерзімі Ұйымның интернет-ресурсында және (немесе) білім беруді басқару органының интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап кемінде 10 (он) жұмыс күнін құрайды.

      11. Жария талқылау қорытындысы бойынша Ұйым келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді қабылдау немесе қабылдамау туралы негізделген жауап ұсынады. Бағдарлама жобасын жария талқылау барысында жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен ескертулер және (немесе) ұсыныстар Ұйымның міндетті қарауына жатады.

      12. Бекітілген Бағдарламаның мазмұны үш жылда 1 рет жаңартылып отырады.

      13. Бекітілген Бағдарламаны жаңарту үшін Ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына, Бағдарламаның тиімділігіне жүргізілген мониторинг нәтижелеріне талдау жүргізеді және оларды хаттамамен рәсімдейді.

      Жаңартылған Бағдарлама осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес келісіледі және бекітіледі.

3-тарау. Бағдарламаларды келісу және бекіту тәртібі

      14. Бағдарламаны келісу үшін Ұйым Уәкілетті органға мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық нысанда "Е-Otinish" ақпараттық жүйесі арқылы мынадай құжаттарды жолдайды:

      1) Ұйым айқындайтын нысан бойынша өтініш;

      2) Бағдарлама жобасы;

      3) осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес хаттамалық шешімнің көшірмесі;

      4) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес бұйрықтың көшірмесі;

      5) жария талқылау үшін орналастырылған Бағдарлама жобасына сілтеме.

      Құжаттар оларды оқуға және құжат мазмұнын сақтауға мүмкіндік беретін форматтарда жолданады және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес Ұйым басшысының не уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.

      15. Бағдарлама жобасын келісу үшін Уәкілетті орган үш жыл мерзімге консультативтік-кеңесші орган құрады.

      16. Консультативтік-кеңесші органның дербес құрамы және ол туралы ереже Уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Консультативтік-кеңесші органның құрамына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі және балаларға қосымша білім беру, балалардың демалысы мен сауықтыруы саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілі бар білім беру, тәрбие, балалар демалысы мен сауықтыру, денсаулық сақтау, психология, дене шынықтыру және спорт салаларының мамандары енгізіледі.

      17. Консультативтік-кеңесші органның сандық құрамы кемінде 9 (тоғыз) мүшеден тұрады және тақ сан болып қалыптастырылады.

      18. Консультативтік-кеңесші органның отырысы, егер оған оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      Отырыстар күндізгі, сырттай және (немесе) қашықтан өткізіледі.

      Шешімдер қатысып отырған мүшелер санының жай көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      19. Консультативтік-кеңесші органның мүшелері мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу шараларын қабылдайды. Мүдделер қақтығысы болған жағдайда консультативтік-кеңесші органның мүшесі өзін-өзі шеттету туралы мәлімдеуге міндетті және тиісті Бағдарлама жобасын қарауға және ол бойынша шешім қабылдауға қатыспайды.

      20. Консультативтік-кеңесші органды төраға басқарады, ол оның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, отырыстардың өткізілетін күні мен күн тәртібін айқындайды және отырыстарда төрағалық етеді.

      21. Консультативтік-кеңесші органның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі, бірақ осы Қағидалардың 25-тармағында белгіленген қарау мерзімі шегінде әрбір Бағдарлама жобасы бойынша кемінде бір отырыс өткізіледі.

      22. Консультативтік-кеңесші органның қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді хатшы жүзеге асырады, ол отырысқа материалдарды дайындауды және хаттаманы жүргізуді қамтамасыз етеді, консультативтік-кеңесші органның мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығына ие емес.

      23. Консультативтік-кеңесші орган отырысының хаттамасына өткізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде төраға мен хатшы қол қояды.

      Консультативтік-кеңесші органның сараптамалық қорытындысы отырыс хаттамасына қол қойылған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде Уәкілетті органға жолданады.

      24. Уәкілетті орган құжаттар тіркелген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде Бағдарлама жобасын консультативтік-кеңесші органның қарауына жібереді.

      Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өтініш тіркелуге жатпайды. Уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініштің тіркелмегені туралы себептерін және жетіспейтін құжаттардың тізбесін көрсете отырып, Ұйымды хабардар етеді. Көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін Ұйым осы Қағидаларда көзделген тәртіппен құжаттарды қайта жіберуге құқылы.

      25. Бағдарлама жобасын консультативтік-кеңесші органның қарау мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.

      Бағдарлама жобасын қарау қорытындысы бойынша консультативтік-кеңесші орган мынадай шешімдердің бірін қабылдай отырып, қорытынды жібереді:

      1) Бағдарлама жобасын келісуге ұсыну;

      2) Бағдарлама жобасын келісуге ұсынбау.

      Бағдарлама жобасын келісуден бас тартуға мынадай негіздер болып табылады:

      1) Бағдарлама жобасының Қазақстан Республикасының білім беру, кәмелетке толмағандарды сауықтыру және демалысын ұйымдастыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі;

      2) Бағдарламаның құрылымы мен мазмұнының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген хаттамалық шешім көшірмесінің болмауы;

      4) осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген бұйрық көшірмесінің болмауы;

      5) Бағдарлама жобасын жария талқылау нәтижелерінің ескерілмеуі.

      26. Консультативтік-кеңесші органның Бағдарлама жобасын келісуге ұсыну не ұсынбау туралы шешімді қабылдауы мынадай өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) Бағдарлама жобасының білім беру және кәмелетке толмағандарды сауықтыру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі;

      2) Бағдарлама құрылымы мен мазмұнының осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға сәйкестігі;

      3) Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері мен күтілетін нәтижелерінің негізділігі, олардың өлшенетіндігі және қолжетімділігі, сондай-ақ Бағдарлама жобасын жария талқылау нәтижелерін ескеру және олар бойынша қабылданған шешімдердің негізділігі;

      4) кәмелетке толмағандардың жас, психофизиологиялық ерекшеліктерін және Бағдарламаны іске асыру жағдайларын ескере отырып, білім беру және сауықтыру жүктемесінің теңгерімін қамтамасыз ету.

      Бағдарлама жобасын келісуге ұсынбау туралы шешім осы тармақта көрсетілген өлшемшарттардың біреуіне немесе бірнешеуіне Бағдарлама жобасының сәйкес келмеуі жағдайында ғана қабылданады, бұл ретте сараптамалық қорытындыда нақты негіздер мен Бағдарлама жобасын пысықтау бойынша ұсынымдар міндетті түрде көрсетіледі.

      27. Қорытындыда консультативтік-кеңесші орган отырысы хаттамасының күні мен нөмірі көрсетіледі.

      28. Уәкілетті орган консультативтік-кеңесші органның сараптамалық қорытындысы негізінде, ол келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Бағдарлама жобасын келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды және Ұйымға консультативтік-кеңесші органның сараптамалық қорытындысының көшірмесін қоса бере отырып тиісті хабарлама жолдайды.

      Бағдарлама жобасын келісуден бас тартылған жағдайда, сараптамалық қорытындыда Бағдарлама жобасын пысықтау және анықталған ескертулерді жою жөніндегі ұсынымдар көрсетіледі.

      29. Уәкілетті орган Бағдарлама жобасы бойынша Бағдарламаны келісуден бас тарту не өтініш берушінің жағдайын нашарлататын ескертулер енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес тыңдауды өткізуді қамтамасыз етеді.

      30. Ұйым Бағдарлама жобасын келісуден дәлелді бас тартуды алғаннан кейін осы Қағидаларда көзделген тәртіппен Бағдарлама жобасын Уәкілетті органға қайта енгізуге құқылы.

      31. Уәкілетті органмен келісілген Бағдарлама жобасы Уәкілетті орган электрондық нысанда жүргізетін білім беру-сауықтыру бағдарламаларының тізіліміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізіледі.

      Тізілімге Бағдарламаның атауы, әзірлеуші Ұйым, келісу күні және Бағдарламаны іске асыру мерзімі туралы мәліметтер енгізіледі.

      Тізілімге мәліметтерді енгізу Бағдарлама жобасы келісілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Тізілімдегі мәліметтерді өзгерту келісілген Бағдарламаға өзгерістер енгізу туралы Ұйымның өтініші негізінде жүзеге асырылады.

      Бағдарламаны Тізілімнен алып тастау мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) Бағдарламаны іске асырудың тоқтатылуы;

      2) жаңартылған Бағдарламаны келісуден бас тарту;

      3) Бағдарламаның қолданылуын тоқтату туралы Ұйымның өтініші.

      4) жаңартылған Бағдарламаның осы Қағидаларда көзделген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылмауы.

      32. Тізілімде Уәкілетті органмен келісілген Бағдарламалардың атауы, әзірлеуші Ұйымның атауы, келісілген күні және Бағдарламаны іске асыру мерзімі қамтылады. Тізілім Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      33. Бағдарлама Уәкілетті органның келісімін алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Ұйымның бұйрығымен бекітіледі.

      34. Қабылданған шешім құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін Ұйым Уәкілетті органның және (немесе) консультативтік-кеңесші органның әкімшілік актісіне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

4-тарау. Бағдарламаның құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар

      35. Бағдарламаның құрылымы логикалық бірізділікті, тұтастықты және аяқталғандықты қамтамасыз етеді және мынадай бөлімдерді қамтиды:

      1) жалпы ережелер;

      2) глоссарий;

      3) бағыттылығы мен тақырыбы.

      4) мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижелері;

      5) құрылымы және мазмұны екі модуль бойынша: білім беру және сауықтыру;

      6) іске асыру шарттары;

      7) кадрлық және әдістемелік қамтамасыз ету;

      8) іске асыру нәтижелерін мониторингтеу және бағалау;

      9) негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі.

      36. Бағдарламаның мазмұны кәмелетке толмағандардың жас, психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін, ауысымның ұзақтығын, балаларға арналған қосымша білім беру бағыттары бойынша ауысымның бейіндік бағыттылығын және Ұйымның жұмыс режимін (жыл бойғы немесе маусымдық) ескере отырып қалыптастырылады.

      37. "Жалпы ережелер" бөлімінде мыналар көрсетіледі:

      1) Бағдарламаның атауы;

      2) Бағдарламаны іске асыратын Ұйым туралы мәліметтер;

      3) Бағдарламаны әзірлеудің құқықтық негізі;

      4) Бағдарламаның ұзақтығы;

      5) кәмелетке толмағандардың жас санаты.

      38. "Глоссарий" бөлімінде Бағдарламада пайдаланылатын терминдер мен ұғымдардың тізбесі және олардың нормативтік анықтамалары не Бағдарлама шеңберінде қолданылатын анықтамалары көрсетіледі.

      39. "Бағыттылығы мен тақырыбы" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) балаларға арналған қосымша білім беру бағыттары бойынша Бағдарламаның бейіндік бағыттылығын көрсету;

      2) Бағдарламаның тақырыптық мазмұнын сипаттау;

      3) таңдалған бағыттылықтың өзектілігін негіздеу;

      4) мақсатты аудиторияның сипаттамасы;

      5) Бағдарламаның жаңашылдығын немесе ұқсас бағдарламалармен салыстырғандағы ерекшеліктерін сипаттау.

      40. "Мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижелері" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) кәмелетке толмағандарға кешенді білім беру, тәрбиелік және сауықтыру әсерін көрсететін Бағдарламаның мақсатын тұжырымдау;

      2) білім беру және сауықтыру модульдері бойынша топтастырылған Бағдарлама міндеттерінің тізбесі;

      3) Бағдарламаны іске асырудың күтілетін нәтижелерін, оның ішінде білімдік, сауықтыру, тұлғалық және әлеуметтік нәтижелерін сипаттау;

      4) ауысым қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелердің өлшенетіндігін және тексерілетіндігін көрсету.

      41. "Құрылымы және мазмұны" бөлімі білім беру және сауықтыру модульдерінің сипаттамасын қамтиды және осы Қағидалардың 42–51-тармақтарында көзделген талаптарды қамтиды.

      42. Білім беру модулінің мазмұны балаларға арналған қосымша білім беру оқу процесінің сабақтастығын қамтамасыз ету және білім беру процесінің дамытушы компонентін іске асыру мақсатында оқу үдерісі кезеңінде жүзеге асырылатын білім беру іс-шараларының жиынтығы мен тұтастығын білдіреді.

      43. Жыл бойы жұмыс істейтін Ұйымның Бағдарламасының білім беру модулі мыналарды қамтиды:

      1) STEM-зертханалар базасында STEM-тәсілін қолдана отырып, іргелі пәндер (алгебра, геометрия, физика, химия, биология) бойынша балаларға арналған қосымша білім берудің практикаға бағдарланған сабақтары (күніне кемінде 2 сабақ);

      2) қызығушылықтар бойынша үйірмелер мен секциялар арқылы дамытушы сабақтарды, жобалық, зерттеу және шығармашылық қызметті, мастер-кластарды, тренингтерді, зертханалық және практикалық жұмыстарды (күніне кемінде 2 сабақ);

      3) тәрбие іс-шараларын (күніне кемінде 2 іс-шара).

      44. Маусымдық әрекет ететін Ұйым Бағдарламасының білім беру модулінің мазмұны білім беру іс-шараларының жиынтығын білдіреді және мыналарды қамтиды:

      1) қызығушылықтар бойынша үйірмелер мен секциялар арқылы дамытушы сабақтарды, жобалық, зерттеу және шығармашылық қызметті (күніне кемінде 2 сабақ);

      2) мастер-кластар, тренингтер, зертханалық және практикалық жұмыстар арқылы практикаға бағдарланған сабақтарды (күніне кемінде 2 сабақ);

      3) тәрбие іс-шаралары мен жобалары (күніне кемінде 2 іс-шара).

      45. Білім беру қызметінің көлемі, мазмұны және қарқындылығы тиісті жастағы білім алушыларға рұқсат етілген жүктемені ескере отырып айқындалады және білім беру мен сауықтыру қызметінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, ауысым күндері бойынша бөлінеді.

      46. Жыл бойы және маусымдық әрекет ететін Ұйымдардың Бағдарламасының білім беру модулінің тәрбиелік іс-шаралары мен жобалары балалардың жас және психологиялық ерекшеліктерін, ауысымның бейіндік бағытын, Қазақстан Республикасының ұлттық құндылықтарын ескере отырып өткізіледі.

      47. Жыл бойы және маусымдық әрекет ететін Ұйымдардың Бағдарламасының білім беру модулінің тәрбиелік іс-шаралары мен жобалары мынаған бағытталған:

      1) азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді және мәдени мұраға құрметті қалыптастыруға;

      2) қарым-қатынас жасау, ынтымақтастық және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға;

      3) шығармашылық, көшбасшылық және тұлғалық қабілеттерін дамытуға;

      4) экологиялық мәдениетті және әлеуметтік белсенділікті қалыптастыруға;

      5) жағымды мінез-құлық пен қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталады.

      48. Бағдарламаның сауықтыру модулінің мазмұны сауықтыру іс-шараларының жиынтығын білдіреді және кәмелетке толмағандардың физикалық және психоэмоциялық денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, медициналық көрсетілімдерге және балалардың жас ерекшеліктеріне, сондай-ақ жергілікті аумақтың климаттық және табиғи жағдайларына сәйкес салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

      49. Сауықтыру модулі мыналарды қамтиды:

      1) дене белсенділігі бойынша іс-шаралар (гимнастика, спорттық ойындар, дене шынықтыру сабақтары);

      2) балаларды шынықтыру іс-шаралары;

      3) аурулардың алдын алу іс-шаралары;

      4) дұрыс тамақтану мен ауызсу режимін сақтау бойынша іс-шаралар;

      5) оңтайлы күн тәртібі мен демалысты қамтамасыз ету;

      6) балаларды психологиялық сүйемелдеу және эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар.

      50. Сауықтыру модулінің ұзақтығы күніне 3 академиялық сағаттан аспайды. Сауықтыру іс-шараларының көлемі мен қарқындылығы білім беру жүктемесіне сәйкес келеді және ауысым бойына біркелкі бөлінеді.

      51. Бағдарлама білім беру және сауықтыру жүктемесінің теңгерімін қамтамасыз етеді.

      52. "Іске асыру шарттары" бөлімі мыналардың сипаттамасын қамтиды:

      1) материалдық-техникалық жағдайлар (үй-жайлар, жабдықтар, инфрақұрылым);

      2) санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тұру жағдайлары;

      3) күн тәртібін, тамақтануды және демалысты ұйымдастыру;

      4) медициналық сүйемелдеу және профилактикалық іс-шаралар;

      5) кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздік;

      6) аумақтың климаттық және табиғи ерекшеліктерін ескеру;

      7) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін (олар қатысқан жағдайда) ортаның қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

      53. "Кадрлық және әдістемелік қамтамасыз ету" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) Бағдарламаны іске асыруға қатысатын педагогикалық, медициналық және өзге де қызметкерлердің құрамы туралы мәліметтер;

      2) үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар;

      3) Бағдарламаны іске асыруға қатысушылар арасында функционалдық міндеттерді бөлу;

      4) қолданылатын әдістемелердің, білім беру технологияларының және жұмыс нысандарының сипаттамасы;

      5) оқу-әдістемелік және дидактикалық материалдардың тізбесі.

      54. "Мониторинг және іске асыру нәтижелерін бағалау" бөлімінде мыналар көрсетіледі:

      1) Бағдарламаның іске асырылуына ағымдағы және қорытынды мониторинг жүргізу нысандары;

      2) күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді бағалау көрсеткіштері мен өлшемшарттары;

      3) ақпаратты жинау және талдау әдістері (бақылау, анкета жүргізу, қатысуды талдау және басқалар);

      4) Бағдарламаны түзету кезінде мониторинг нәтижелерін ескеру тәртібі.

      55. "Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі" бөлімінде мыналардың тізбесі көрсетіледі:

      1) оқу-әдістемелік материалдардың;

      2) ғылыми, әдістемелік және анықтамалық басылымдардың;

      3) электрондық ресурстар мен ресми интернет-дереккөздердің (болған жағдайда);

      4) соңғы 5 жылдағы өзекті дереккөздердің, қазақстандық және шетелдік дереккөздердің.

      56. Қазақстан Республикасының заңнамасы, Бағдарламаны іске асыру жағдайлары (материалдық-техникалық, кадрлық, санитариялық-эпидемиологиялық және қаржылық жағдайлар) өзгерген жағдайда, сондай-ақ осы Қағидалардың 55-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын оны іске асыру тиімділігінің мониторингі нәтижелері бойынша Бағдарлама қайта қаралуға жатады.

  Кәмелетке толмағандарға
арналған білім беру-сауықтыру
бағдарламаларын әзірлеу, келісу
және бекіту қағидаларына,
сондай-ақ олардың
құрылымы мен мазмұнына
қойылатын талаптарға
қосымша

Бағдарламаны ресімдеуге қойылатын талаптар

      Мәтін *.docx форматында мынадай параметрлерді сақтай отырып ұсынылады:

      1) парақ форматы – А4;

      2) қаріп – "Times New Roman", өлшемі 14;

      3) жоларалық интервал – бірлік;

      4) абзацтық шегініс (бірінші жол) – 1,25 см;

      5) жиектер: сол жақ – 2,5 см, оң жақ – 1,5 см, колонтитулдар – 2,5 см;

      6) Бағдарламаның атауы, бөлімдері мен тараулары қалың қаріппен белгіленеді.

      Титулдық парақта:

      1) Бағдарламаның атауы;

      2) Әзірленген орны мен жылы көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады