Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 269 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 мамырда № 38834 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 24-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бекіту:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар);

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      5. Қағидалардың 29 тармағын 2028 жылғы 1 шілдеден бастап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "29. Кешенді қала құрылысы сараптамасы аяқталғаннан кейін құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобасының қағаз түріндегі түпкілікті редакциясы тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, сертификат нөмірі және оның берілген күні көрсетіле отырып, сарапшының мөрімен куәландырылады.".

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 29 мамырдағы
№ 269 Бұйрыққа 1-қосымша

Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 24-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) қала құрылысы жобалары – аумақтар мен елді мекендерді немесе олардың бөліктерін ұйымдастыруды, дамуды және құрылыс салуды кешенді қала құрылысын жоспарлау шешімдерін қамтитын жобалар (Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, аумақтарды қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары (елді мекендердің даму және құрылыс салу схемалары), егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);

      2) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және жобаларды сараптау жөніндегі мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректерін жинауды, есепке алуды, тіркеуді, енгізуді (толтыруды), өңдеуді, сақтауды, қол жеткізуді, ақпарат және (немесе) мәліметтер беруді, бейнелеуді және таратуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесі.

      3. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын мемлекеттік сараптама ұйымы жүргізеді.

      4. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасына мыналар тапсырыс беруші болып табылады:

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган – жалпымемлекеттік маңызы бар жобалар бойынша;

      жергілікті атқарушы органдар – өңірлік маңызы бар жобалар және елді мекендердің даму және құрылыс салу жобалары бойынша.

      Қала құрылысы жобаларының тапсырыс берушісі осы өкілеттіктерді үшінші тұлғаларға бермей, осы қала құрылысы жобасы бойынша қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасының тапсырыс берушісі болып табылады.

      5. Кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтпеген және оның оң қорытындысын алмаған қала құрылысы жобалары бекітілмейді және әрі қарай іске асырылмайды.

      6. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалауға арналған бастапқы материалдардың шарттарына сәйкестігін (сәйкессіздігін) анықтау, оның ішінде бастапқы материалдар құрамында жүргізілген қоғамдық және жария тыңдаулар мен қала құрылысы жобасын қоғаммен талқылау хаттамасының болуын, сондай-ақ жобалау шешімдері мен есеп-қисаптарда қала құрылысы және техникалық регламенттер, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің сақталуын тексеру арқылы қала құрылысы жобаларының сапасына талдау мен бағалау жүргізу болып табылады.

      7. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде мемлекеттік сараптама ұйымы мыналарды анықтамайды:

      тапсырыс беруші ұсынған жобалау ұйымы және қала құрылысы жобасын әзірлеуге тартылған басқа да жеке немесе заңды тұлғалар туралы ақпараттың дұрыстығын;

      жобалау ұйымдары арасында қала құрылысы актісін әзірлеуге немесе түзетуге құқықтарды берудің заңдылығын.

2-тарау. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібі

1-параграф. Қала құрылысы жобаларын кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге ұсыну және қабылдау

      8. Кешенді қала құрылысы сараптамасына ұсынылатын қала құрылысы жобасын оның бастапқы материалдарымен бірге тапсырыс беруші осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген қала құрылысы жобаларын қоспағанда, "бір терезе" қағидаты бойынша жобалардың әзірленуі мен сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал арқылы жібереді (бұдан әрі - Портал).

      Кешенді қала құрылысы сараптамасына ұсынылатын қала құрылысы жобасын оның бастапқы материалдарымен бірге тапсырыс беруші, осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген қала құрылысы жобаларын қоспағанда, "бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптамадан өткізуді ұйымдастыру порталы (бұдан әрі - Портал) арқылы жібереді.

      9. Құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобаларын тапсырыс беруші мынадай тәртіппен береді:

      өтінімді ұсыну – қағаз тасымалдағышта;

      қала құрылысы жобаларын оның бастапқы материалдарымен бірге ұсыну – электрондық тасымалдағышта.

      10. Ұсынылған қала құрылысы жобасының, сондай-ақ кешенді қала құрылысы сараптамасына ұсынылатын бастапқы материалдардың жинақтылығы мен құрамы мыналар бойынша айқындалады:

      1) елді мекендердің бас жоспарлары, елді мекендердің даму және құрлылыс салу схемалары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша – осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес;

      2) жалпымемлекеттік және өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобалары бойынша – осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес;

      11. Ұсынылған қала құрылысы жобасының, сондай-ақ бастапқы материалдардың жиынтықтылығы мен құрамын мемлекеттік сараптама ұйымы өтінім түскеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың ережелеріне сәйкестігін тексереді.

      12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін, қала құрылысы жобасы жиынтықталмаған не оның құрамы бойынша белгіленген ережелерге сәйкес келмеген жағдайда, тапсырыс берушіге қала құрылысы жобасын кешенді қала құрылысы сараптамасына қабылдаудан бас тарту және жетіспейтін бастапқы материалдарды және (немесе) жобалық шешімдерді көрсете отырып, оны қараусыз қайтару туралы ресми хабарлама жіберіледі.

      Қала құрылысы жобасының талап етілетін жинақтылығы мен құрамы расталған жағдайда, тапсырыс берушімен қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге шарт жасасу рәсімдері жүзеге асырылады.

      13. Қала құрылысы жобаларына кешенді сараптама жүргізу шығындарын қарастырылып отырған жобаны әзірлеу құнына жатқыза отырып, тапсырыс берушілердің мемлекеттік сараптама ұйымымен жасасқан шарты негізінде жүзеге асырылады.

      14. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптама жұмыстарының құны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 10 сәуірдегі №163 бұйрығымен бекітілген Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама, сондай-ақ қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларына (бұдан әрі - Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидалары) (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №38415 болып тіркелген) сәйкес белгіленеді.

      15. Қала құрылысы жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған шарт Портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбалармен қол қойылатын электрондық шартты ресімдеу арқылы электрондық нысанда жасалады.

      Құпиялылық таңбасы бар немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған шарттар қағаз тасығышта жасалады.

      Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалады.

      Құпиялылық таңбасы бар немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған шарттарды қоспағанда, қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған шарт жария болып табылады.

      16. Мемлекеттік сараптама ұйымы кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген қала құрылысы жобаларын қоспағанда, барлық рәсімдер мен операцияларды Портал арқылы жүзеге асырады.

      17. Тапсырыс беруші шартқа оны алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей қол қояды.

      Көрсетілген мерзім өткеннен кейін шартқа қол қойылмаған жағдайда тапсырыс берушіге хабарлама-ескерту жіберіледі және 5 (бес) жұмыс күні қосымша мерзім беріледі, ол өткеннен кейін тапсырыс беруші шартқа қол қоймаған жағдайда құрылыс жобасы қараусыз қайтарылады.

      18. Қазынашылық органдарында тіркелуге жататын қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шартты тапсырыс беруші оны тараптар қол қойған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей қазынашылық органға тіркеуге жібереді. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін тапсырыс беруші қазынашылық органдарына тіркеуге жібермеген шарт күшін жояды және қала құрылысы жобасы тапсырыс берушіге қараусыз қайтарылады.

      19. Жобаланатын аумақтың шекаралары жеке меншік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы осы Қағидалардың 4-тармағында айқындалған тапсырыс берушілердің қаражаты және (немесе) тапсырыс беруші айқындаған өзге де көздер есебінен жүргізіледі.

      20. Мемлекеттік сараптама ұйымы қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құрады, сондай-ақ мамандарды немесе мамандандырылған, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тартады.

      21. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу барысында сараптама комиссиясының (сараптама топтарының) мүшелері:

      1) тапсырыс берушілерден олар сарапшы белгілеген мерзімде ұсынатын қажетті материалдар мен ақпаратты сұратады және алады;

      2) осы Қағидалардың 24, 25 және 26-тармақтарында көзделген тәртіппен оларды жою мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының, қала құрылысы және техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың тармақтарына, баптарына сілтеме жасай отырып, дәлелді және негізделген ескертулер береді.

2-параграф. Кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу мерзімдері

      22. Кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу мерзімдері мемлекеттік сараптама ұйымы қала құрылысы жобасын қабылдау және оның жинақтылығын тексеру сатысында белгіленеді, бірақ мынадай мерзімдерден аспайды:

      1) 45 (қырық бес) жұмыс күні:

      елдi мекендердiң бас жоспарлары немесе тұрғындардың есептiк саны жүз мыңға дейiнгi елдi мекендердiң даму және құрылыс салу схемасы бойынша;

      егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша;

      2) 60 (алпыс) жұмыс күні – тұрғындардың есептік саны жүз мыңнан асатын қалалардың бас жоспарлары бойынша;

      3) 75 (жетпіс бес) жұмыс күні – жалпы мемлекеттік және өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобалары бойынша.

      23. Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде 45 (қырық бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде:

      1) сараптамалық жұмыстар басталған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде сарапшылар қала құрылысы жобасының барлық бөлімдерін қарайды және қолданыстағы заңнаманың және нормативтік-техникалық құжаттардың тармақтарына, баптарына сілтеме жасай отырып, тапсырыс берушіге негізделген және дәлелді ескертулер жібереді;

      2) тапсырыс беруші сарапшылардан ескертулерді алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды Порталға жүктеу арқылы толық көлемде жауаптардың берілуін қамтамасыз етеді;

      3) ескертулерді жою мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сарапшылар ескертулерге берілген жауаптарды, толықтырылған материалдарды және қала құрылысы жобасының түзетілген нұсқасын қарайды және талдайды;

      4) қалған 5 (бес) жұмыс күні ішінде қала құрылысы жобасы бойынша сараптамалық қорытындыны дайындау, ресімдеу және оған қол қою жүзеге асырылады.

      Қала құрылысы жобасын қарауды жүзеге асыратын сарапшы тапсырыс берушіге жоспарлау құрылымына, функционалдық аймақтандыруға және қала құрылысы шешімдеріне әсер етпейтін бастапқы материалдарды қосымша жүктеу үшін Порталға 40 (қырық) жұмыс күнінен кешіктірмей қолжетімділік береді.

      24. Қала құрылысы жобаларына кешенді сараптама 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізілгенде:

      1) сараптамалық жұмыстар басталған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде сарапшылар қала құрылысы жобасының барлық бөлімдерін қарайды және қолданыстағы заңнаманың және нормативтік-техникалық құжаттардың тармақтарына, баптарына сілтеме жасай отырып, тапсырыс берушіге негізделген және дәлелді ескертулер жібереді;

      2) тапсырыс беруші сарапшылардан ескертулерді алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды Порталға жүктеу арқылы толық көлемде жауаптардың берілуін қамтамасыз етеді;

      3) в ескертулерді жою мерзімі аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сарапшылар ескертулерге берілген жауаптарды, толықтырылған материалдарды және қала құрылысы жобасының түзетілген нұсқасын қарайды және талдайды;

      4) қалған 5 (бес) жұмыс күні ішінде қала құрылысы жобасы бойынша сараптамалық қорытындыны дайындау, ресімдеу және оған қол қою жүзеге асырылады.

      Қала құрылысы жобасын қарауды жүзеге асыратын сарапшы тапсырыс берушіге жоспарлау құрылымына, функционалдық аймақтандыруға және қала құрылысы шешімдеріне әсер етпейтін бастапқы материалдарды қосымша жүктеу үшін Порталға 55 (елу бес) жұмыс күнінен кешіктірмей қолжетімділік береді.

      25. Қала құрылысы жобаларына кешенді сараптама 75 (жетпіс бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізілгенде:

      1) сараптамалық жұмыстар басталған күннен бастап 35 (отыз бес) жұмыс күні ішінде сарапшылар қала құрылысы жобасының барлық бөлімдерін қарайды және қолданыстағы заңнаманың және нормативтік-техникалық құжаттардың тармақтарына, баптарына сілтеме жасай отырып, тапсырыс берушіге негізделген және дәлелді ескертулер жібереді;

      2) тапсырыс беруші сарапшылардан ескертулерді алған күннен бастап 25 (жиырма бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды Порталға жүктеу арқылы толық көлемде жауаптардың берілуін қамтамасыз етеді;

      3) ескертулерді жою мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сарапшылар ескертулерге берілген жауаптарды, толықтырылған материалдарды және қала құрылысы жобасының түзетілген нұсқасын қарайды және талдайды;

      4) қалған 5 (бес) жұмыс күні ішінде қала құрылысы жобасы бойынша сараптамалық қорытындыны дайындау, ресімдеу және оған қол қою жүзеге асырылады.

      Қала құрылысы жобасын қарауды жүзеге асыратын сарапшы тапсырыс берушіге жоспарлау құрылымына, функционалдық аймақтандыруға және қала құрылысы шешімдеріне әсер етпейтін бастапқы материалдарды қосымша жүктеу үшін Порталға 70 (жетпіс) жұмыс күнінен кешіктірмей қолжетімділік береді.

3-параграф. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы бойынша сараптамалық қорытындылар беру

      26. Қала құрылысы жобаларына жүргізілген кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындылары, сараптамалық қорытындылары қағаз тасығышта берілетін, құпиялық таңбасы бар немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобаларын қоспағанда, тапсырыс берушіге Портал арқылы беріледі.

      27. Жүргізілген қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасының нәтижелері бойынша мемлекеттік сараптама ұйымы мыналарды береді:

      1) қаралған қала құрылысы жобасын бекітуге ұсынуы бар оң сараптамалық қорытынды;

      2) қала құрылысы жобасының мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес келмеуі туралы, сондай-ақ қала құрылысы жобасының бастапқы материалдармен белгіленген ережелерге, шарттарға немесе шектеулерге сәйкес келмеуі жойылмаған жағдайда теріс сараптамалық қорытынды.

      28. Құпиялылық таңбасы бар немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобаларын қоспағанда, түпкілікті редакциядағы қала құрылысы жобасы жиынтығының электрондық нұсқасы Порталда кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысы берілгенге дейін қала құрылысы жобасының тиісті бөлімдері немесе бөліктері үшін жауапты сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбаларымен куәландыру арқылы қалыптастырылады.

      29. Кешенді қала құрылысы сараптамасы аяқталғаннан кейін құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобасының қағаз түріндегі түпкілікті редакциясы тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, сертификат (аттестат) нөмірі және оның берілген күні көрсетіле отырып, сарапшының мөрімен куәландырылады.

      30. Тапсырыс берушіге кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысы берілгеннен кейін, құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар, берілуі электрондық жеткізгіште жүзеге асырылатын қала құрылысы жобаларын қоспағанда, қала құрылысы жобасының түпкілікті редакциясы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне жіберіледі.

      31. Кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындысын алған және қала құрылысы жобасының тиісті бөлімдері немесе бөліктері үшін жауапты сарапшылардың мөрімен куәландырылған, олардың түпкілікті редакциясындағы құпиялылық таңбасы немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі бар қала құрылысы жобасы жиынтығының электрондық және қағаз нұсқасы тапсырыс берушіде және әзірлеушіде (жобалау ұйымында) архивтік дана ретінде сақталады.

      32. Кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындысы жаңа қала құрылысы жобасына немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қала құрылысы жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындысы алынғанға дейін қолданылады.

      33. Бұрын кері қайтарып алынған қала құрылысы жобалары бойынша қала құрылысы сараптамасы осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес жаңадан әзірленген қала құрылысы жобалары үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      Түзетілген қала құрылысы жобалары бойынша теріс қорытынды алынғаннан кейін қайталама кешенді қала құрылысы сараптамасы қала құрылысы құжаттамасының тек пысықталған бөлімдері бойынша жүргізіледі, бұл ретте қала құрылысы жобасының бұрын келісілген бөлімдері өзгеріссіз ұсынылады.

      Егер қала құрылысы жобасының бұрын келісілген бөлімдеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, онда қала құрылысы жобасы толық көлемде қаралады.

      34. Мемлекеттік сараптама ұйымы бақылау-қадағалау іс-шараларын жүргізу мақсатында құқық қорғау органдарына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органына, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарына қала құрылысы жобасының түпкілікті нұсқасына, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға қала құрылысы жобалары бойынша берілген теріс қорытындылар туралы ақпаратқа Портал арқылы қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

4-параграф. Сараптамалық қорытындыларды кері қайтарып алу және сараптамалық жұмыстарды тоқтату

      35. Мемлекеттік сараптама ұйымы осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен бұрын берілген сараптамалық қорытындыны мынадай жағдайларда кері қайтарып алады:

      1) тапсырыс берушінің кері қайтарып алынатын сараптамалық қорытындының қорытындыларында көрсетілген шарттарды орындамауы;

      2) сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың актілерін, сондай-ақ келесілерді растайтын сот актілерін алған кезде:

      қала құрылысы жобасын әзірлеу немесе қала құрылысы жобасына сараптама жүргізу кезеңінде қала құрылысы жобасын немесе оның негізінде бастапқы материалдар берілген мемлекеттік органның актісін әзірлеу үшін негіз болған бастапқы материалдарды өзгерту немесе жою;

      құрылыс жобасын әзірлеу үшін негіз болған бастапқы құжаттардың дәйексіздігі (бұрмалау, жалғандық, қолдан жасау және басқа да).

      3) жоспарлау құрылымына, функционалдық аймақтарға бөлуге әсер ететін және қала құрылысы регламенттері мен шектеулерін бұзатын сапасыз жүргізілген кешенді қала құрылысы сараптамасы фактілерін анықтау.

      36. Осы Қағидалардың 36-тармағында көрсетілген негіздер болған кезде мемлекеттік сараптама ұйымы негіз туындаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Портал арқылы тапсырыс берушілерге, қала құрылысы жобасын әзірлеген жобалау ұйымына және қала құрылысы жобасын іске асыру орны бойынша сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға сараптама қорытындысын кері қайтарып алу туралы хабарлама жібереді.

      37. Сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері, сондай-ақ осы Қағидалардың 35-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген сот актілері алынған жағдайда, қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу барысында сараптама жұмыстары осы актілер алынған күннен бастап тоқтатылады және мемлекеттік сараптама ұйымы Портал арқылы 3 (үш) жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге құны Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларына сәйкес айқындалатын орындалған жұмыстар актісін қоса бере отырып, кешенді қала құрылысы сараптамасы шартын орындаудан біржақты бас тартуды (шарттан бас тартуды) жібереді.

      Кешенді қала құрылысы сараптамасы шартының қолданылуы мемлекеттік сараптама ұйымы шартты орындаудан біржақты бас тарту (шарттан бас тарту) жіберген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні өткен соң тоқтатылады.

      38. Тапсырыс беруші шартты бұзу қажет деп шешкен жағдайда, сараптаманы тоқтату қажеттігі туралы ресми өтінішті мемлекеттік сараптама ұйымына жолдайды.

      39. Осы Қағидалардың 38-тармағында көрсетілген тапсырыс берушінің өтініші бойынша сараптама жұмыстары тоқтатылған жағдайларда, мемлекеттік сараптама ұйымы мен қала құрылысы жобасының тапсырыс берушісі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен, құны Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларына сәйкес айқындалатын орындалған жұмыстар актісін жасай отырып, кешенді қала құрылысы сараптамасы шартын бұзуды ресімдейді.

      40. Егер қала құрылысы жобасының кешенді қала құрылысы сараптамасы тапсырыс берушісінің кешенді қала құрылысы сараптамасын тоқтату қажеттігі туралы ресми өтініші осы Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қала құрылысы жобалары үшін 40 (қырық) жұмыс күнінен (қоса алғанда), осы Қағидалардың 22-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген қала құрылысы жобалары үшін 55 (елу бес) жұмыс күнінен (қоса алғанда), осы Қағидалардың 22-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қала құрылысы жобалары үшін 70 (жетпіс) жұмыс күнінен (қоса алғанда) кешіктіріліп ұсынылған жағдайда, онда кешенді қала құрылысы сараптамасы шарты бұзылмайды және мемлекеттік сараптама ұйымы сараптама жұмыстарын жүргізуді аяқтайды.

      41. Қала құрылысы жобаларының сараптамалық қорытындысында техникалық қателер (арифметикалық, грамматикалық, әріп қателері, қате жазулар) анықталған кезде мемлекеттік сараптама ұйымы сараптамалық қорытындыға толықтыруды ресімдейді.

      Сараптамалық қорытындыға толықтыру оның құрамдас және ажырамас бөлігі болып табылады, түзетілген техникалық қателердің (арифметикалық, грамматикалық, әріп қателерінің, қате жазулардың) сипаттамасын қамтиды.

  Қала құрылысы жобаларына
кешенді қала құрылысы
сараптамасын жүргізу
қағидаларына 1-қосымша

Елді мекендердің бас жоспарлары, елді мекендердің даму және құрылыс салу схемалары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасына ұсынылатын бастапқы материалдардың тізбесі

      Елді мекендердің бас жоспарлары (бұдан әрі - Бас жоспар), елді мекендерді дамыту және құрылыс салу схемалары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (бұдан әрі - ЕТЖЖ) бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге тапсырыс берушінің өтініміне (оның деректемелері көрсетілген) мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1. Қала құрылысы жобаларын әзірлеуге негіз болатын бастапқы материалдар:

      1) тапсырыс беруші бекіткен қала құрылысы жобасының жобалау тапсырмасы;

      2) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандарда (аймақтарда) сейсмикалық микроаймақтандыру карталары, сондай-ақ олар болған кезде сел, көшкін және қар көшкіні қаупі мен тәуекелдерінің карталары;

      3) тарихи құрылыс және ескерткіштерді қорғау аймағының тарих-сәулет сүйеніш жоспары мен жобасы (Бас жоспар ұсынылған кезде);

      4) қала құрылысы жобалары бойынша қоғамдық және жария тыңдаулар мен қоғаммен талқылаулардың бекітілген хаттамалары;

      5) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу;

      6) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қала құрылысы жобасының (бас жоспары ұсынылған жағдайда) аумақтық-көліктік жоспарлануы мен жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныс хаты;

      7) стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу қажеттілігінің жоқтығы туралы тұжырымы бар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның әсерлер скринингі нәтижелері туралы қорытындысы немесе стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасы қанағаттанарлық деп танылғаны туралы қорытынды;

      8) мәслихатпен келісілген республикалық маңызы бар қалаларды, астананы, облыс орталықтарын дамыту тұжырымдамасы (бас жоспары) (бар болса);

      9) бар болған жағдайда бекітілген дизайн-код;

      10) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер базасында тіркелген топографиялық түсірілім;

      11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қайшы келетін, тарихи қалыптасқан құрылыс аумағында орналасқан, тіршілік ету ортасы мен адам денсаулығына әсер ететін қолданыстағы өндірістік кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймақтары және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың жер асты және жер үсті көздерінің санитариялық күзет аймақтары бойынша жергілікті атқарушы органның шешімдері;

      12) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзететін режимдік аумақтардың (объектілердің) іргелес аймақта орналастырылуы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің келісімі;

      13) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық органының хаты:

      жобаланатын аумақтан 1000 м радиуста топырақта сібір жарасы ошақтарының (сібір жарасы көмілген жерлердің) болмауы туралы;

      қашықтықта зираттардың жоқтығы туралы:

      тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, спорттық-сауықтыру және санаторийлік-курорттық аймақтардан 300 м кем (қолданыстағы зираттар үшін), 100 м кем (жабық зираттар үшін);

      халықты ауыз сумен жабдықтау көзінен 1000 м кем, қашықтықтың жеткіліктілігін су көзінің санитарлық қорғау аймақтарының және сүзілу уақытының есептерімен растау қажет.

      2. Сараптамаға ұсынылған қала құрылысы жобасын әзірлеуге тартылған тапсырыс беруші және жобалау ұйымы және өзге де жеке немесе заңды тұлғалар туралы ақпарат:

      1) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, салықтар және басқа да міндетті төлемдер туралы заңнамада көзделген тапсырыс берушінің құжаттарының көшірмелері (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік (бар болса);

      2) тапсырыс берушінің банктік деректемелері;

      3) заңды тұлғаның - жобалау ұйымының және қала құрылысы жобасын әзірлеуге тартылған өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың жобалау қызметінің осы түріне құқық беретін лицензиаттың санаты көрсетіле отырып, оған қосымшалары бар лицензиясы;

      4) қала құрылысы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың құны есебі.

      Жобалау ұйымы және құрылыс жобасын әзірлеуге тартылған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар туралы ақпараттың дұрыстығы үшін тапсырыс беруші жауапты болады.

      3. Геоақпараттық жүйелерді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы жоспарлауы мен кадастры саласындағы заңнамасында көзделген ережелерді қолдана отырып әзірленген электрондық (векторлық) түрдегі қала құрылысы құжаттамасы мен қала құрылысы жобасының схемалары.

      4. Қала құрылысы жобасы түзетілген жағдайда, оның бұрын қабылданған жобалық шешімдеріне енгізілетін өзгерістерді негіздейтін салыстырмалы кесте.

  Қала құрылысы жобаларына
кешенді қала құрылысы
сараптамасын жүргізу
қағидаларына 2-қосымша

Жалпымемлекеттік және өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасына ұсынылатын бастапқы материалдар тізбесі

      Тапсырыс берушінің (оның деректемелерін көрсете отырып) жалпымемлекеттік және өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған өтініміне келесі құжаттар қоса беріледі:

      1. Жалпымемлекеттік және өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобаларын әзірлеу үшін негіз болып табылатын бастапқы материалдар:

      1) Тапсырыс беруші бекіткен қала құрылысы жобасын жобалауға арналған тапсырма;

      2) жалпы сейсмикалық аудандастыру карталары, сондай-ақ олар болған жағдайда сел, сырғыма және қар көшкіні қаупі мен қатерлерінің карталары (аудандар аумағын қала құрылысы тұрғысынан жоспарлаудың кешенді схемалары үшін);

      3) Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымдар немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган келісуі (облыс немесе аудан аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы ұсынылған жағдайда);

      4) аудандар аумақтарын қала құрылыстық жоспарлаудың кешенді схемалары үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қала құрылысы жобасын аумақтық-көліктік жоспарлау және жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныс хаты;

      5) салалық уәкілетті органдардың Қазақстан Республикасының салалық мемлекеттік бағдарламаларына сәйкестігін келісу (өңірлік маңызы бар қала құрылысы жобалары үшін);

      6) әзірленген жобаның сәйкестігі туралы тапсырыс берушіні хабардар ету:

      облыс аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы тиісті өңірлерді аумақтық дамытудың бекітілген Өңіраралық схемасы жобасының жобалық шешімдерге сәйкестігіне;

      аудан аумағын қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы тиісті облыстардың аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың бекітілген кешенді схемасының жобалық шешімдерге сәйкестігіне.

      2. Сараптамаға ұсынылған қала құрылысы жобасын әзірлеуге жұмылдырылған тапсырыс беруші мен жобалау ұйымы және өзге де жеке немесе заңды тұлғалар туралы ақпарат:

      1) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, салықтар және басқа да міндетті төлемдер туралы заңнамада көзделген Тапсырыс берушінің құжаттарының көшірмелері (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік (бар болса));

      2) Тапсырыс берушінің банктік деректемелері;

      3) заңды тұлғаның лицензиясы – әзірленуі үшін заңды тұлғаның лицензиясы талап етілмейтін жалпымемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларын қоспағанда, оған қосымшаларымен және жобалау қызметінің осы түріне құқық беретін лицензиат санатын көрсете отырып, қала құрылысы жобасын әзірлеуге жұмылдырылған жобалау ұйымының және өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың лицензиялары;

      4) қала құрылысы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың құнын есептеу.

      Жобалау ұйымы және құрылыс жобасын әзірлеуге жұмылдырылған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар туралы ақпараттың дұрыстығына Тапсырыс беруші жауапты болады.

      3. Геоақпараттық жүйелерді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы жоспарлауы мен кадастры саласындағы заңнамасында көзделген ережелерді қолдана отырып әзірленген электрондық (векторлық) түрдегі қала құрылысы құжаттамасы мен қала құрылысы жобасының схемалары.

      4. Қала құрылысы жобасы түзетілген жағдайда, бұрын қабылданған қала құрылысы жобасының жобалық шешімдеріне енгізілетін өзгерістерді негіздей отырып, салыстырмалы кесте.

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 29 мамырдағы
№ 269 Бұйрыққа 2-қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12414 тіркелген).

      2. "Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 26 сәуірдегі № 239 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15160 тіркелген).

      3. "Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 513 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33101 тіркелген).

      4. "Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2024 жылғы 12 шілдедегі № 264 бұйрығыбұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34737 тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады