"Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау қағидалары"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 226/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 4 мамырда № 38648 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 13-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 226/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 13-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль;

      2) дербес деректерді қамтитын база (бұдан әрі – база) – ретке келтірілген дербес деректердің жиынтығы;

      3) көрсетілетін қызметті алушы – мемлекеттік немесе əлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алуға өтініш беруге құқығы жəне (немесе) ниеті бар немесе мемлекеттік немесе əлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алатын не өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру үшін оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер бере отырып, мемлекеттік немесе əлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті көрсету нəтижесін алған жеке жəне заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      4) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;

      5) логин – порталдағы пайдаланушының есептік жазбаларының аты (сәйкестендіруші);

      6) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;

      7) цифрлық аутентификациялау (бұдан әрі – аутентификациялау) – Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келісімінде көзделген жағдайларда цифрлық ортадағы көрсетілетін қызметтер мен объектілерге қол жеткізу кезінде жеке тұлғаның жеке басын немесе заңды тұлғаның құқық қабілеттілігін растау рәсімі;

      8) цифрландыру саласындағы уəкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – цифрландыру саласында басшылықты жəне салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) "цифрлық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік жəне өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің "бірыңғай терезесі" болып табылатын цифрлық объект;

      10) "цифрлық үкіметтің" мобильдік қосымшасы (бұдан әрі – мобильдік қосымша) – ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған, іске қосылған және ұялы байланыс пен интернет арқылы электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге және өзге де қызметтерге қол жеткізуге болатын бағдарламалық өнім;

      11) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).

2-тарау. Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптау тәртібі

      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органмен жүзеге асырылады.

      4. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда сыныптау мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген өлшемшарттар бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда бөлу;

      2) осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес әрбір өлшемшартты бағалау;

      3) жиынтық балды есептеу;

      4) көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау.

      5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда сыныптау мынадай өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) зиян келтіру тәуекелі;

      2) базада деректер өзгерістерінің болуы;

      3) электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі;

      4) электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ақылығы.

      6. Өлшемшарттарды бағалау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) зиян келтіру тәуекелі мынадай факторлар бойынша бағаланады:

      үшінші тұлғалардың электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесіне қол жеткізу мүмкіндігі;

      электрондық нысанда қызметтерді көрсету нәтижесінде дербес деректердің болуы;

      көрсетілетін қызметті алушы үшін ықтимал құқықтық, мүліктік немесе өзге де салдарлардың болуы;

      электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижесі бойынша көрсетілетін қызметті алушының құқықтық мәртебесінің, құқықтары мен міндеттерінің өзгеру мүмкіндігі.

      Бұл ретте:

      Зиян келтірудің елеулі тәуекелі туралы куәландыратын факторлардың кемінде біреуі болған жағдайда, 2 балл белгіленеді;

      көрсетілген факторлар болмаған жағдайда, 1 балл белгіленеді.

      2) базада деректер өзгерістерінің болуы:

      өзгерістер болған жағдайда – 2 балл;

      болмаған жағдайда – 0 балл;

      3) электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі:

      30 минуттан астам – 1 балл;

      30 минутқа дейін қоса алғанда – 0 балл;

      4) электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ақылығы:

      ақылы – 1 балл;

      тегін – 0 балл.

      7. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда сыныптаудың жиынтық балы қосымша коэффициенттерді, түзетулерді немесе мәндерді өзгерту тәсілдерін қолданбай, әрбір өлшемшарт бойынша берілген балдарды арифметикалық қосу арқылы ғана мынадай формула бойынша айқындалады:

      S = R + D + T + P,

      мұнда:

      S — жиынтық балл;

      R — зиян келтіру тәуекелінің өлшемшарттары бойынша балл;

      D — ақпараттық жүйелердегі деректерге өзгерістер енгізу өлшемшарттары бойынша балл;

      T — мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің өлшемшарттары бойынша балл;

      P — мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ақылығының өлшемшарттары бойынша балл.

      8. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда сыныптаудың жиынтық балына байланысты көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілі айқындалады:

      0–1 балл – логин/пароль;

      2–3 балл – логин/пароль + бір реттік пароль;

      4–6 балл – логин/пароль + ЭЦҚ.

      9. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау және көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау қорытындылары бойынша көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды ресімдейді.

      10. Мемлекеттік органдар әрбір мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша аутентификациялау тәсілін айқындаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қорытындыны порталда және "цифрлық үкіметтің" мобильді қосымшасында техникалық іске асыру үшін уәкілетті органға жібереді.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 226/НҚ Көрсетілетін қызметті
алушыны аутентификациялау
тәсілін айқындау үшін
мемлекеттік көрсетілетін
қызметтерді электрондық
нысанда сыныптау
қағидаларына қосымша
  Нысан

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті сыныптау және көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілін айқындау нәтижелері бойынша қорытынды

      1. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы:_____________________

      2. Көрсетілетін қызметті беруші: _________________________________

      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда сыныптау жүргізілген

      күні: "___" __________ 20__ жыл

      4. Өлшемшарттарды бағалау нәтижелері:

Өлшемшарт

Балл

1

Зиян келтіру тәуекелі


2

Базада деректер өзгерістерінің болуы


3

Мемлекеттік қызметті электрондық нысанда көрсету мерзімі


4

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ақылығы


      5. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда сыныптаудың жиынтық

      балы: ________

      6. Көрсетілетін қызметті алушыны аутентификациялау тәсілі айқындалды: ______

      7. Қорытынды: _________________________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) __________________________

      (уәкілетті лауазымды тұлғаның қолы)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 226/НҚ бұйрыққа қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Көрсетілетін қызметті алушыны сәйкестендіру тәсілін айқындау үшін электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 10 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13191 болып тіркелген).

      2. "Көрсетілетін қызметті алушыны сәйкестендіру тәсілін айқындау үшін электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 10 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 17 қазандағы № 372 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16126 болып тіркелген).

      3. "Кейбір нормативтік құқықтық бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2019 жылғы 9 қаңтардағы № 3 бұйрығымен бекітілген тізбесінің 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18201 болып тіркелген).

      4. "Көрсетілетін қызметті алушыны сәйкестендіру тәсілін айқындау үшін электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сыныптау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 10 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 6 қыркүйектегі № 545/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35074 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады