"Aстана Хаб" дербес кластерлік қоры қызметінің қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 703/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 5 қаңтарда № 37807 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры қызметінің қағидалары бекітілсін (бұдан әрі – Қағидалар).

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 7-тармағының 8), 9) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
– Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп
және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2025 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 703/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

"Aстана Хаб" дербес кластерлік қоры қызметінің қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры (бұдан әрі – Қор) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Қор өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағидаларды, сондай-ақ Қордың жарғысын және өзге де ішкі құжаттарын басшылыққа алады.

      3. Қор "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабында көзделген функцияларды жүзеге асырады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген Қордың функцияларын орындау ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуды ынталандыру мақсаты үшін Қор әзірлейтін бағдарламаларды іске асыру арқылы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау курстары, семинарлар мен тренингтер түрінде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мақсатында жоғары, кәсіптік және техникалық білім беру бағдарламаларын іске асыруды жүзеге асыратын ұйымдармен білім беру консорциумдарын құру;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде Қор қызметіне байланысты салаларда, оның ішінде әріптестік бағдарламалар мен жобаларды құру және іске асыру, ұйым қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, оларды бейімдеудің жаңа әдістерін игеру және ұйымның қызметі шеңберінде қолдану мақсатында жұмыс істейтін мемлекеттік органдармен, қоғамдық және өзге де ұйымдармен қарым-қатынас орнату және қолдап отыру;

      3) даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, оның ішінде семинарлар, тренингтер және басқару мен өндірістік-техникалық пәндердің кең ауқымы бойынша өзге команда қалыптастырушы корпоративтік іс-шаралар түрінде оқыту іс-шаралары мен курстарын ұйымдастыру және өткізу;

      4) әдістемелік материалдарды, оқу құралдарын, оның ішінде электрондық түрде, қашықтықтан оқыту курстарын, модульдік және мультимедиялық бағдарламалар әзірлеу;

      5) көрмелер, форумдар, конкурстар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, олимпиадалар және заңмен тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      6) Қордың қызметіне байланысты мәселелер бойынша басқа ұйымдар, мемлекеттік органдар, қоғамдық шетелдік қорлар ұйымдастыратын іс-шараларды дайындауға және өткізуге қатысу;

      7) инновациялық білім беру және ғылыми бағдарламалар мен технологияларды ендіру және іске асыру;

      8) жаңа технологиялардың эксперименттік және тәжірибелік үлгілерін жасау және оларды сынақтан өткізу;

      9) инфокоммуникациялық технологиялар саласында талдамалық зерттеулерді ұйымдастыру және өткізу;

      10) АКТ саласындағы технологиялық бизнес-инкубациялау;

      11) акселерация;

      12) АКТ саласындағы отандық және шетелдік сарапшыларды тарту;

      13) зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қолдау.

      5. "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабының 5-3) және 5-10) тармақшаларында көзделген АКТ саласында білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер көрсетуді Қор осы Қағидалардың 6-тарауына және Қордың ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

      6. Инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеу мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:

      1) отандық және шетелдік инвесторларды тарту;

      2) инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      3) айрықша (мүліктік) құқықтарды беру немесе ұсыну туралы шарт бойынша АКТ саласындағы отандық әзірлемелер бойынша зияткерлік меншікті коммерциялық іске асыру және (немесе) беру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу;

      4) Қор қызметінің маркетингін ілгерілету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты байланыс орнату және қолдап отыру;

      5) Қордың қызметі үшін қажетті шетелдік заңды және жеке тұлғалармен шарттық қатынастар орнату;

      6) АКТ саласындағы отандық іс-шараларды және жобалар (көрмелер, форумдар мен конференциялар) өткізуге жәрдемдесу және шетелдік іс-шараларға, оның ішінде қаржы ресурстарын бөлу арқылы қатысу тәсілдерімен жүзеге асырылады.

2-тарау. "Астана Хаб" қатысушыларын тіркеу және тиісті растайтын құжаттар беру тәртібі

      7. "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелу үшін өтініш беруші мынадай талаптарға сәйкес келуі қажет:

      1) заңды тұлға болу;

      2) "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелуге өтініш берген сәтте филиалдарының болмауы;

      3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес инвестициялық басым жобаны, сондай-ақ 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшарттар бойынша инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдарға жатпау;

      4) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға немесе олардың еншілес ұйымдарына тиесілі заңды тұлға болмау;

      5) жер қойнауын пайдаланушы немесе арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болмау;

      6) Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 535-бабына сәйкес акциздер төлеуші болып табылмау;

      7) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 20 қазандағы № 521/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37182 болып тіркелген) бекітілген АКТ саласындағы қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес (бұдан әрі – АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі) бір және (немесе) бірнеше басым қызмет түрлерін жүзеге асыру, сондай-ақ қызметтің бір басым түрі шеңберінде онда көзделген бір және (немесе) бірнеше жұмыстарды жүзеге асыру.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      8) тармақша осы бұйрықтың 5-тармағына сәйкес 01.01.2029 бастап қолданысқа енгізіледі.

      8) негізінен тауарлардың, жұмыстардың және (немесе) қызметтердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспортына басымдықпен қызметті жүзеге асыру;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9) тармақша осы бұйрықтың 5-тармағына сәйкес 01.01.2029 бастап қолданысқа енгізіледі.

      9) заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен шарттар бойынша алынған табыстарының үлесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық табыстың (50) елу пайызынан аспау.

      8. "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелу үшін өтініш беруші осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса ұсынып, Қордың интернет-ресурсында толтырылатын "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелуге арналған электрондық өтінішті жолдайды (бұдан әрі – қатысуға арналған өтініш).

      "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелу үшін өтінішті ұсыну, оны Қордың одан әрі қарауы, өтініш мәртебесінің өзгеруі туралы хабарлау Қордың интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылады.

      9. Қатысуға арналған өтініште мынадай мәліметтер қоса ұсынылады:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген қажетті мәліметтерді қамтитын жобаның бизнес-жоспары;

      2) есепке алу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен аспайтын салық органдарында жүргізілетін, қатысуға өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 10 (он) күннен ерте емес берілген берешектің болмауы (болуы) туралы мәліметтер;

      3) өтініш берушінің қызметті жүзеге асыруды жоспарлаған жерін растайтын мәліметтер. Мекенжайы өзгерген кезде өтініш беруші жедел түрде ол туралы Қорды хабардар етеді.

      10. Қатысуға арналған өтініште және оған қоса берілген құжаттар қазақ немесе орыс не ағылшын тілдерінде жіберіледі. Ақпараттарды ағылшын тілінде толтырған кезде Қор олардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын қамтамасыз етеді.

      11. Өтініш беруші ұсынылған құжаттардың, қатысуға арналған өтініште қамтылған бастапқы деректердің, есептеулердің, негіздемелердің толықтығы мен дәйектілігін қамтамасыз етеді.

      12. Қор қатысуға арналған өтініш, сондай-ақ осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мәліметтер жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығын, сондай-ақ осы Қағидаларда көрсетілген талаптарға сәйкестігін қарайды.

      13. Қатысуға арналған өтініште және осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дәйектілігі, сондай-ақ осы Қағидаларда көрсетілген талаптарға сәйкестігі жағдайында Қор қатысуға арналған өтінішті "Астана Хаб" қатысушыларын іріктеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына жібереді. Комиссияның ережесі мен құрамын Қор айқындайды.

      Комиссия тиісті біліктілігі бар мемлекеттік органдардың өкілдерінен және (немесе) АКТ саласындағы мамандардан тұрады, сондай-ақ Комиссия құрамына халықаралық сарапшылар тартылуы мүмкін.

      14. Қатысуға арналған өтініште қамтылған мәліметтердің толық еместігі және (немесе) дәйексіздігі және (немесе) сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Қор қатысуға арналған өтінішті жіберген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей ескертулерді көрсете отырып, өтініш берушіге хабарлама жібереді.

      15. Ескертулер жойылған сәттен бастап Қор қатысуға арналған өтінішті Комиссияға қарау үшін жібереді.

      Комиссия 10 (он) жұмыс күні ішінде қарайды және өтініш берушіні "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      16. Комиссия өтініш берушіні "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркеуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

      бизнес-жоспардың осы Қағидалардың 1-қосымшасында көзделген мәліметтерге сәйкес келмеуі;

      өтініш берушінің жобасы АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің бір немесе бірнеше бағытына, сондай-ақ қызметтің бір басым түрі шеңберінде АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес онда көзделген бір және (немесе) бірнеше жұмысты жүзеге асыруға сәйкес келмеуі.

      17. Қор өтініш берушіге осындай шешімді қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "Астана Хаб" қатысушысы ретінде тіркелгені немесе мұндай тіркеуден дәлелді бас тарту туралы хабарламаны жібереді.

      Өтінішті қабылдамау өтінішті қабылдамауға негіз болған себептер жойылған кезде өтініш берушінің қайта өтініш беруіне кедергі келтірмейді.

      18. "Астана Хаб" қатысушысына "Астана Хаб" қатысушысының қызметі шарттарының үлгілік шартына қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Астана Хаб" қатысушысын тіркеу туралы куәлік беріледі.

      19. "Астана Хаб" қатысушысы туралы мәліметтер, "Астана Хаб" қатысушысы қызметінің шарттары туралы үлгілік шартқа қол қойылған кейін, 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қордың интернет-ресурсында орналастырылған "Астана Хаб" қатысушыларының тізбесіне енгізіледі.

      20. АКТ саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесі шеңберінде "Астана Хаб" қатысушы жүзеге асыратын қызмет түрі өзгерген және (немесе) толықтырылған жағдайда, Қордың интернет-ресурсында толтырылатын бизнес-жоспарды қоса бере отырып, "Астана Хаб" қатысушы қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы электрондық нысандағы өтінішті жібереді. Қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы шешімді Қорға қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы өтініш түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде Комиссия қабылдайды.

3-тарау. Қордың қатысушылармен олардың қызметін ұйымдастыру бойынша өзара іс-қимыл тәртібі

1-параграф. Қатысушылардың Қорға төлемдер енгізу тәртібі

      21. "Астана Хаб" қатысушысы қызметін жүзеге асыру кезінде алдыңғы тоқсан үшін алынған табысынан Қорға мүшелік жарналарды өткен тоқсаннан кейінгі айдың 25-сы күнінен кешіктермей енгізеді.

      22. "Астана Хаб" қатысушының мүшелік жарналары мен төлемдері Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктегі Қордың ағымдағы шотына жіберіледі.

      23. Мүшелік жарналардың мөлшері Қордың ішкі нормативтік құжатымен айқындалады.

2-параграф. "Астана Хабқа" қатысудың мерзімі және аяқталуы

      24. "Астана Хабқа" қатысу мерзімін Қор айқындайды және ол 1 (бір) жыл болуы мүмкін емес.

      25. Қатысу мерзімін ұзартуға өтініш Қорға қатысу мерзімі аяқталғанға дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

      Қатысу мерзімін ұзартуға өтініш беру мерзімі сақталмаған жағдайда өтініш беруші осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес тіркеуден өтеді.

      Қор осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысу мерзімін ұзарту туралы куәлік береді.

      26. "Астана Хабқа" қатысу жоспарлы түрде немесе мерзімінен бұрын аяқталады.

      27. Жоспарлы аяқтау деп "Астана Хаб" қатысушысының куәлігінде көрсетілген кезеңнің өтуі түсініледі.

      28. "Астана Хабқа" қатысуды мерзімінен бұрын тоқтату мынадай:

      1) Қордың осы тараудың 4-параграфына сәйкес жүргізілетін мониторинг нәтижелері бойынша жобаны одан әрі іске асырудың орынсыздығын анықтауы;

      2) жоспарланған нәтижелерге қол жеткізген жағдайда;

      3) қатысушының Қор бағдарламалары шеңберінде жобаны одан әрі іске асырудан бас тартуы;

      4) осы Қағидалардың 37, 38 және 39-тармақтарында көзделген мәліметтер мен есептер ұсынылмаған жағдайда;

      5) қатысушы заңды тұлға таратылған жағдайда;

      6) осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес мүшелік жарналарды төлемеу;

      7) қатысушының қызмет шарттары туралы үлгілік шартта көзделген міндеттемелерді орындамауы жағдайларында жүзеге асырылады.

      29. "Астана Хаб" қатысушысы Қордың бағдарламалары шеңберінде жобаны одан әрі іске асырудан бас тарту туралы шешім қабылданғанға дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын бұл туралы Қорды хабардар етеді.

      30. Осы Қағидалардың 28-тармағының 1), 2), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда Қор "Астана Хаб" қатысушысының мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені Комиссияның қарауына шығарады.

      Комиссия осы Қағидалардың 28-тармағының 1), 2) және 7) тармақшаларында көзделген негіздемелер болған кезде "Астана Хабқа" қатысуды және мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

3-параграф. "Астана Хаб" қатысушыларының қарсы міндеттемелері

      31. "Астана Хаб" қатысушысы осы Қағидаларда, Қордың ішкі нормативтік құжаттарында және "Астана Хаб" қатысушысының қызметінің талаптары туралы үлгілік шарттың талаптарында айқындалған қарсы міндеттемелерді орындауды қатысу кезеңінде өзіне қабылдайды.

      32. "Астана Хаб" қатысушысы Қордың сұрау салуы түскен күнен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Қорға салықтық есепке алу мақсатында қажетті мәліметтерді, сондай-ақ бухгалтерлік (қаржылық) есептілік бойынша мәліметтерді ұсынады.

      Қордың сұранысын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қатысушы мемлекеттік статистикалық есептіліктің көшірмесін, өзі төлеуші болып табылатын салықтар, алымдар (баж) бойынша салық декларацияларын (есептеулер), сондай-ақ жылдық бухгалтерлік (қаржылық) есептіліктің дәйектілігі туралы аудиторлық қорытындыны береді.

      33. Жылдық кірісі 100 000 000 (жүз миллион) теңгеден асатын "Астана Хаб" қатысушылары жыл сайын, 1 шілдеге дейін, өз қызметінің АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне және кіріс құрылымына сәйкестігін растайтын аудит жүргізеді және аудиттің қорытындысын Қорға ұсынады. "Астана Хаб" қатысушысы Қордың сұрауы бойынша 10 (он) жұмыс күні ішінде аудиторлық есепті ұсынады.

      34. "Астана Хаб" қатысушы заңды тұлға мемлекеттік қайта тіркелген және таратылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып, тиісті оқиға туралы Қорды хабардар етеді.

      35. Қатысушы немесе Қор тиісті қатысушының қызметіне байланысты ұсынған техникалық, экономикалық және коммерциялық сипаттағы ақпарат құпия болып табылады және қатысушының немесе Қордың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға жария етуге жатпайды.

4-параграф. "Астана Хаб" қатысушылары қызметінің мониторингі және жобаларының іске асырылуы

      36. Қор бағдарламалары шеңберінде жобаларды іске асыру мониторингінің мақсаты қатысушының жобасын іске асырудың нақты барысын көрсету болып табылады.

      37. Жобаларды іске асыру мониторингі "Астана Хаб" қатысушылары ұсынатын мынадай ақпарат құрамындағы мәліметтерді есепке алуды қамтиды:

      1) қол жеткізілген нәтижелерді талдай отырып, жобалардың қызметі мен іске асырылу барысы туралы тоқсан сайынғы есеп;

      2) мониторинг шеңберінде Қор сұрататын қосымша ақпаратты қамтиды.

      38. Қатысушы Қорға осындай сұрау салуды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қызметтің мониторингі және олардың жобасын іске асыру шеңберінде алынған сұрау салуға сәйкес қажетті құжаттарды ұсынады.

      39. Қатысушы есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20 (жиырмасыншы) күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзі жүзеге асыратын қызмет туралы тоқсан сайынғы есепті Қорға ұсынады. Күнтізбелік тоқсан тоқсандық есептерді жасау үшін есепті кезең болып табылады. Есептің нысаны мен мазмұны Қордың ішкі нормативтік құжатымен айқындалады.

      40. "Астана Хаб" қатысушыларының қызметін мониторингілеу және бағалау нәтижелері бойынша Қор "Астана Хабқа" қатысу аясында жобаны одан әрі іске асырудың мақсатқа сәйкестігі немесе мақсатқа сай еместігі туралы қорытынды дайындайды.

      Мониторинг кезеңі аяқталғаннан кейін жобаны одан әрі іске асырудың мақсатқа сай еместігі туралы қорытынды шығарылған жағдайда, "Астана Хаб" қатысушысына тиісті хабарлама жіберіледі.

      41. Қор тоқсан сайын ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңнен кейінгі күнтізбелік ай ішінде жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша қатысушылардың жобаларын іске асырудың орындылығы туралы талдамалық ақпарат дайындайды.

4-тарау. Қорға қатысу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденттері мен резиденттерін тарту тәртібі және Қордың қызметтерін көрсету мен олардың құнын анықтау тәртібі

      42. Резиденттерді тарту шектеусіз жүзеге асырылады. Бейрезиденттер тартылған жағдайда, қатысушы тоқсан сайынғы есептерді ұсынған кезде, тартылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар туралы мынадай мәліметтерді көрсетеді:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), оның ішінде латын әріптерімен;

      туған күні;

      азаматтығы (тұрақты тұратын ел);

      паспорттың (жеке басын куәландыратын құжаттың) нөмірі, күні және паспортты берген орган;

      Қазақстан Республикасының аумағында болжамды болу мерзімі (айы, жылы);

      біліктілік туралы мәліметтер;

      визаның қолданыс мерзімін ұзарту туралы мәліметтер (бар болған жағдайда);

      Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсаты;

      бейрезиденттердің отбасы мүшелері туралы мәліметтер:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), оның ішінде латын әріптерімен;

      туған күні;

      отбасы мүшелері болып табылатын Қор тартқан адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), оның ішінде латын әріптерімен;

      туыстық дәрежесі және туыстығын растайтын құжаттар туралы мәліметтер (неке туралы, туу туралы куәлік немесе туыстығы туралы мәліметтерді растайтын өзге де құжаттар);

      паспорттың (жеке басын куәландыратын құжаттың) нөмірі, күні және беру органы;

      визаның қолданыс мерзімін ұзарту туралы мәліметтер (бар болса);

      Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсаты.

      43. Қор Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін тарту бойынша функциялар шеңберінде Қордың актілеріне сәйкес "Астана Хаб" қатысушыларына, Қордың қатысушылары болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – Қызмет алушы) Қор бағдарламаларында көзделген қызметтерді көрсетеді.

      44. Акселерация инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын дамыту бағдарламасын көздейді, онда бағдарлама қатысушыларына білім беру курстарына, трекерлерден (тәлімгерлерден) сабақ алуға, сарапшылардан кеңестер алуға мүмкіндік беріледі.

      Технологиялық бизнес-инкубациялау "Астана Хаб" қатысушыларының инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын олардың жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде қолдау бағдарламасын көздейді, оған үй-жайларды, жабдықтарды (Қорда осындай орындар болған жағдайда) ұсыну, бухгалтерлік және заң мәселелері бойынша консультациялар беру, сондай-ақ инвестициялар және өзге де ақпараттық қызметтер тартуда қолдау көрсету жатады.

      45. Қор өнімнің бәсекеге қабілеттілігін бағалауға және оны нарыққа жылжытуға байланысты маркетингтік және өзге де іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша консультациялар береді.

      46. Білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер шеңберінде Қор отандық және шетелдік жаттықтырушыларды, оқытушыларды, сарапшыларды тартады.

      47. Көрсетілетін қызметтерді алу үшін көрсетілетін қызметтерді алушы өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін Қордың интернет - ресурсында толтырылатын көрсетілетін қызметтерді алуға арналған электрондық өтінішті (бұдан әрі – өтініш) Қорға жібереді.

      48. Қызметтерді алуға арналған электрондық өтінішке мынадай мәліметтер қоса беріледі:

      1) жобаның атауы, жобаның бағыты, жобадан күтілетін нәтижелер бар жобаның қысқаша сипаттамасы;

      2) өтініш берушінің байланыс деректері:

      телефон нөмірі;

      электрондық мекен-жайы;

      қала және елі;

      3) жобаның (өнімнің) дайындық кезеңі, қолданылатын технологиялар, өнім шешетін проблема, жобаның бизнес-моделі, жобаның өмір сүру мерзімі (тиісті қызмет бойынша);

      4) жобаға қатысушылардың саны, команданың жобаға тартылуы тиісті қызмет бойынша);

      5) жобаның тұсаукесеріне сілтеме (тиісті қызмет бойынша).

      49. Өтініш және оған қоса берілетін мәліметтер қазақ немесе орыс, не ағылшын тілдерінде беріледі. Құжаттар ағылшын тілінде ұсынылған кезде Қор оларды қазақ немесе орыс тілдеріне аударуды қамтамасыз етеді.

      59. Өтініш беруші ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, есептердің, өтініште қамтылған негіздемелердің толықтығы мен дәйектілігін қамтамасыз етеді.

      51. Қор осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкестік мәніне өтінішті қарайды және қызметтер көрсетуге шарт жасасу туралы шешім қабылдайды немесе осындай шарт жасасудан бас тартады. Өтініштерді қарау және шешім қабылдау рәсімі Қордың актілерімен реттеледі.

      52. Өтінішке қоса берілген құжаттар осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкес келмеген жағдайда, Қор өтініш берушіге ескертулерді көрсете отырып хабарлама жібереді.

      53. Өтінішке қоса берілген құжаттардың осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкес келмеуі, ескертулердің жойылмауы өтініш берушінің шарт жасасу талаптарына сәйкес келмеуі шарт жасасудан бас тарту үшін негіздер болып табылады.

      54. Шарт жасасудан бас тарту шарт жасасудан бас тартуға негіз болған себептер жойылған жағдайда өтініш берушінің қайта жүгінуіне кедергі болмайды.

      55. Шарт жасасу үшін талаптар Қордың интернет-ресурсында өтініштерді қабылдау басталған күнге дейін 1 (бір) айдан кешіктірілмей орналастырылады.

      Қызмет алушымен жасалатын шарттың жобасы Қордың қызмет көрсету талаптарын, сондай-ақ Қызмет алушының Қорға төлем тәртібі мен мөлшерін қамтиды.

      56. Қор қызметінің құны Қор әзірлейтін және бекітетін Қордың ішкі құжаттарымен айқындалады.

      Көрсетілетін қызметтердің ерекшелігіне қарай Қор қызметтерінің құны коммерциялық баға ұсыныстары негізінде айқындалатын үшінші тараптарды тарта алады.

5-тарау. Қорда акселерациядан өтетін тұлғаларға тұрғын үй беру және оларға жағдай жасау тәртібі

      57. Қор қатысушыларға осы Қағидаларға сәйкес инновациялық кластер қатысушыларының жобаларын жүзеге асыру үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.

      58. Қор орын-жайлар бар болса қатысушыға жобаны іске асыру үшін қажетті әкімшілік, өндірістік, қосалқы мақсаттағы орын-жайларды уақытша пайдалануға береді. Үйжайларды беру шарттары "Астана Хаб" қатысушысымен жасалатын шартта айқындалады.

      59. Қор осы Қағидаларға сәйкес акселерациядан өтетін, тиісті акселерациялық бағдарламаны іске асыру үшін айқындалған елді мекенде тұрғын үйі жоқ тұлғалар (бұдан әрі – тұлғалар) тұрғын үй беру және жағдай жасау қызметтерін көрсетеді.

      60. Тұлғалар жасалған шарт негізінде берілген тұрғын үйге орналастырылады және Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйдің және ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.

      61. Акселерациядан өтуден шығарылған тұлғалар тұрғын үйді босатады және екі жұмыс күні ішінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша Қорға тапсырады.

      62. Қор босатылған тұрғын үй бар болған жағдайда, оны осы Қағидалардың 59-тармағында көрсетілген басқа тұлғаларға береді.

6-тарау. АКТ саласында білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу тәртібі.

      63. Қор "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабының 5-3) және 5-10) тармақшаларына сәйкес АКТ саласында білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу жөніндегі қызметтерді жүзеге асырады.

      64. Қор АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш берушілерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан және Қордың интернет-ресурсы арқылы өтініштерді қабылдаудың басталғаны және аяқталғаны туралы хабарлайды.

      65. Өтініш беруші мынадай құжаттарды қоса бере отырып, АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысу үшін Қордың интернет-ресурсында электрондық нысанда өтініш жібереді:

      1) Өтініш берушінің бірінші басшысы бекіткен курстар силлабустары (курстардың атауы және олардың толық сипаттамасы: апталар мен академиялық сағаттар бойынша оқу жоспары, ұзақтығы, студенттерді іріктеу өлшемшарттары және курс құны);

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген франшиза құруды, франчайзер мен франчайзи арасында франшиза сатуды растайтын құжат (бар болса);

      3) шетелдік оқыту әдіснамасын пайдалану құқығын растайтын құжат (бар болса);

      4) құқық иеленушінің курсқа айрықша құқықтарды өтініш берушіге бергені туралы құжат (бар болса);

      5) АКТ саласындағы компанияларда түлектердің тағылымдамасын, жұмысқа орналасуын растайтын құжат (бар болса);

      6) Қазақстан Республикасының аумағында сабақ өткізуге жарамды үй-жайларды иелену, пайдалану, оларға билік ету құқығын растайтын құжат (бар болса).

      66. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш және оған қоса берілетін құжаттар мемлекеттік немесе орыс, не ағылшын тілдерінде жіберіледі. Құжаттар ағылшын тілінде ұсынылған кезде Қор оларды мемлекеттік немесе орыс тіліне аударуды қамтамасыз етеді.

      67. Өтініш беруші жеке тұлғаларды АКТ саласында оқытуға қатысуға өтініште қамтылған ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, есептердің, негіздемелердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      68. Қор АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оның мәліметтердің толықтығын қарайды.

      Қор өтініш берушіге:

      1) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салық берешегі және кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған;

      2) дәйексіз ақпарат ұсыну фактісі анықталған;

      3) өтініш берушінің банкроттық немесе тарату рәсіміне жататындығы фактісі анықталған;

      4) сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімдерінде есепке алу фактісі анықталған;

      5) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылған Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде есепке алу фактісі анықталған;

      6) АКТ саласындағы курстардың ұзақтығы алты айдан кем болған;

      7) АКТ саласындағы курстар бойынша егжей-тегжейлі оқу жоспары болмаған;

      8) "Астана Хаб" қатысушысы туралы ақпараты бар интернет-ресурсы болмаған кезде бас тартады.

      69. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште қамтылған толық мәліметтерді ұсынған кезде Қор оны Қор айқындайтын кандидаттарды іріктеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның (бұдан әрі – Тәуелсіз комиссия) қарауына жібереді. Тәуелсіз комиссия Қордың, мемлекеттік органдардың өкілдерінен және (немесе) тиісті біліктілігі бар акт және білім беру саласындағы мамандардан тұрады, сондай-ақ Тәуелсіз комиссияның құрамына халықаралық сарапшылар тартылады.

      70. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште қамтылған мәліметтерді толық ұсынбаған жағдайда, Қор АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш жіберілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей ескертулерді көрсете отырып, өтініш берушіге хабарлама жібереді.

      71. Ескертулерді жоюды өтініш беруші оларды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.

      72. Қор ескертулер жойылған сәттен бастап АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтінішті Тәуелсіз комиссияның қарауына жібереді.

      Тәуелсіз комиссия өтініш берушілердің таныстырылымдарын тыңдайды және жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға рұқсат беру және квоталар саны немесе қатысудан бас тарту туралы дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.

      73. Қор Тәуелсіз комиссияның одан әрі қарауы үшін АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқыту үшін "Астана Хаб" қатысушыларына квоталар санын айқындаудың есептік тетігін айқындайды және пайдаланады.

      74. Қор жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға жіберу туралы Тәуелсіз комиссияның шешімін немесе осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште көрсетілген байланыстар бойынша дәлелді бас тартуды өтініш берушіге жібереді.

      75. АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтінішті қарау қорытындылары бойынша Тәуелсіз комиссияның оң шешімі болған кезде Қор 10 (он) жұмыс күні ішінде өтініш берушімен Қор айқындайтын АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысу туралы шарт жасасады.

      76. АКТ саласында оқудан өтуге үміткер жеке тұлғалардың тізбесін өтініш беруші дербес айқындайды. Өтініш беруші жеке тұлғаларды оқытуды қамтамасыз етеді.

      77. "Астана Хаб" қатысушылары болып табылатын технологиялық компаниялардан АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініштерді қабылдау тәртібі және оларды АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысу үшін іріктеу өлшемшарттары Қордың ішкі құжаттарымен айқындалады.

  "Астана Хаб" дербес
кластерлік қоры
қызметінің қағидаларына
1-қосымша

Жобаның бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер

Р/с №

Жобаның (жобалардың) бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер тізбесі

1.

Сипаттамасы, мақсаттары мен міндеттері бар жобаның (жобалардың) атауы

2.

Жобаны (жобаларды) іске асырудың орны

3.

Ақпараттандыру объектісіне меншік құқығының туындау негізі.
Патенттік-лицензиялық қорғау, авторлық құқықтар, сауда белгілері және басқа да зияткерлік меншік объектілері туралы мәліметтер (бар болса).

4.

Команда туралы мәліметтер. Жобаны нақты жүзеге асыру үшін қажетті біліктілігі және (немесе) еңбек өтілі және (немесе) тәжірибесі, оның ішінде жобаны іске асыру үшін резидент пен бейрезиденттерді тарту жоспарланып отырғаны туралы көрсетілген қызметкерлердің штат саны.

5.

Жобаның (жобалардың) дайындық сатысы

6.

Жоба (жобалардың) тиімділігінің түйінді көрсеткіштері (KPI)

7.

Жобаның техникалық сипаттамасы (архитектура, құрылымы, қолданылатын шешімдер)

8.

"Астана Хабқа" қатысу кезеңіне жобаны (жобаларды) іске асыруға жоспарланған шығыстардың сметасы.

9.

Жоба (жобалар) шеңберінде ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, мүліктік құқықтардың түрлері.
Сату тәсілі және болжамды сатудың күтілетін жыл сайынғы көлемі, түсім (кіріс) ("Астана Хабқа" қатысу кезеңіне көрсетіледі).

10.

Клиенттер/әлеуетті клиенттер

11.

"Астана Хабқа" қатысу кезеңіне жобаны (жобаларды) іске асыру үшін қажетті іс-шаралар жоспары (жобаны іске асыру және дамыту үшін қажетті нақты іс-шараларды (қадамдарды) сипаттау).

      *Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің бірнеше басым түрлерін жүзеге асыру жоспарлағанда өтініш беруші бизнес-жоспарда әрбір қызмет түрі шеңберіндегі барлық жобаларды көрсетеді.

  "Астана Хаб" дербес
кластерлік қоры
қызметінің қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

"Астана Хаб" дербес кластерлік қорына қатысушыны тіркеу туралы КУӘЛІК

      берілді ______________________________________________________________
атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі ____________________________________________________________
мекенжайы
______________________________________________________________
қызмет түрі
Берілген күні: ________________
Қолданылу кезеңі: ____________
Тіркеу нөмірі: _______________
Мөр орны/ Электрондық цифрлық қолтаңба

  "Астана Хаб" дербес
кластерлік қорының
қызметінің қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

КУӘЛІК "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркінде қатысу мерзімін ұзарту туралы

      Берілді ______________________________________________________________
атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмер
______________________________________________________________
мекенжайы
______________________________________________________________
қызмет түрі
      Берілген күні: ________________
Қолданылу кезені: ____________
Тіркеу нөмірі: ________________
Мөр орны/ Электрондық цифрлық қолтаңба

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2025 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 703/НҚ Бұйрығына
қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17437 болып тіркелген).

      2. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 12 тамыздағы № 277/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23981 болып тіркелген).

      3. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 23 тамыздағы № 292/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29243 болып тіркелген).

      4. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы № 29/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31817 болып тіркелген).

      5. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 4 тамыздағы № 317/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33255 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады