ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Нотариаттық іс-әрекеттерді және өзге де қызметтерді жасағаны, сондай-ақ нотариаттық куәландырылған құжаттардың көшірмелерін (телнұсқаларын) бергені және жекеше нотариустардың консультация бергені үшін қоса беріліп отырған төлем мөлшерлемелері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
Е. Сәрсембаев |
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2025 жылғы 27 қыркүйектегі № 533 бұйрығына қосымша |
Жекеше нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасағаны және өзге де көрсетілетін қызметтері үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi және консультация беруді жүзеге асырғаны үшiн мөлшерлемелер мөлшері
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Жекеше нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасағаны және өзге де көрсетілетін қызметтері үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi және консультация беруді жүзеге асырғаны үшiн мөлшерлемелер мөлшері "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 30-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Заң).
2-бөлім. Нотариаттық іс-әрекеттер үшін төлем мөлшерлемелері
2. Жекеше нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасағаны және өзге де көрсетілетін қызметтері үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi және консультация беруді жүзеге асырғаны үшiн мөлшерлемелер мөлшері мынадай:
1) қалалық жерлердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 17 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК);
құны 30 АЕК-ке дейiн:
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне – 3 АЕК;
басқа да адамдарға – 8 АЕК;
құны 30 АЕК-тен жоғары:
балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi және апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне – 7 АЕК;
басқа да адамдарға – 12 АЕК;
2) ауылдық жерлердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 3 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-аналарына, туған аға-інілері мен апа-қарындастарына, сіңлілеріне, немерелеріне – 1,5 АЕК;
басқа да адамдарға – 2,7 АЕК;
3) автомобиль көлiгiн, тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды иеліктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшін:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 12 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-аналарына, туған аға-інілері мен апа-қарындастарына, сіңлілеріне, немерелеріне – 4 АЕК;
басқа да адамдарға – 10 АЕК;
4) жалдау, қарыз, (ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттарын қоспағанда), кепiлақы, лизинг, мердiгерлiк шарттарын, неке келiсiмшарттарын, ортақ меншiктегi мүлiкті бөлу, мұрагерлiк мүлiктi бөлу шарттарын, алименттердi төлеу жөнiндегi келiсiмдердi, құрылтай шарттарын куәландырғаны үшiн – 10 АЕК;
5) кепілгерлік пен кепілдік шарттарын куәландырған кезде – 1,5 АЕК;
6) ипотекалық тұрғын үй заемдары шарттарын куәландырғаны үшiн – 4 АЕК;
7) ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша жылжымайтын мүліктің кепіл шарттарын куәландырған кезде – 4 АЕК;
8) басқа кепіл шарттарын куәландырғаны үшін – 10 АЕК;
9) өсиеттерді куәландырған кезде – 3 АЕК;
10) мұрагерлікке құқық туралы куәлікті бергені үшін – 4 АЕК әрбір берілген куәлік үшін;
11) ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске және бірлескен ортақ меншік құқығында мүлкі бар өзге де адамдардың меншік құқығы туралы куәлікті берген кезде – 5 АЕК;
12) мұрагерлік мүлiктi қорғау жөнiнде шаралар қолданғаны үшiн – 8 АЕК;
13) автомобиль көлiгiн, тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды сату құқығынсыз пайдалану және басқару құқығына сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн – 4 АЕК;
14) мүлікті пайдалану және иелік ету құқығына сенімхаттарды куәландырған кезде – 2,5 АЕК;
15) өзге де сенімхаттарды куәландырғаны үшін:
жеке тұлғалар үшін – 1,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін – 2,5 АЕК;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында міндетті нотариаттық куәландыру көзделген келісулерді куәландырғаны үшін – 1,5 АЕК;
17) теңіздік наразылығын жасағаны үшін – 5,5 АЕК;
18) құжаттардың көшірмелері мен құжаттардың үзінді көшірмелерін куәландырған кезде (әр беті үшін):
жеке тұлғалар үшін – 0,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін – 0,17 АЕК;
19) құжаттарда қойылған қолдың, сондай-ақ құжаттардың бір тілден екінші тілге аудармасының дұрыстығын куәландырған кезде (әрбір құжат үшін):
жеке тұлғалар үшін – 0,53 АЕК;
заңды тұлғалар үшін – 1,1 АЕК;
20) нотариус дайындаған электрондық құжаттың қағаз жеткізгіштегі құжатпен бірдейлігін куәландырған кезде (бір бет үшін):
жеке тұлғалар үшін – 0,3 АЕК;
заңды тұлғалар үшін – 0,4 АЕК;
21) нотариус дайындаған қағаз жеткізгіштегі құжаттың электрондық құжатпен бірдейлігін куәландырған кезде (бір бет үшін):
жеке тұлғалар үшін – 0,3 АЕК;
заңды тұлғалар үшін – 0,4 АЕК;
22) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа да жеке және заңды тұлғаларға берген кезде – 0,7 АЕК;
23) құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін берген кезде – 0,7 АЕК;
24) телнұсқаны берген кезде – 3 АЕК;
25) вексель наразылығын жасаған кезде және чектің төленбегенін куәландырған кезде – 1,5 АЕК;
26) атқарушылық жазба жасағаны үшін:
жеке тұлғалар үшін – өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 0,2 пайызы, бірақ 1 АЕК-тен кем емес және 50 АЕК-тен артық емес;
заңды тұлғалар үшін – өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 1 пайызы, бірақ 1,5 АЕК-тен кем емес және 100 АЕК-тен артық емес;
27) құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтаған кезде – әр айға 0,6 АЕК;
28) құпия өсиеті бар конвертті ашқан және құпия өсиетті жария еткен кезде – 1,2 АЕК;
29) құпия өсиетті қабылдау туралы куәлікті берген кезде – 1,2 АЕК;
30) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде – 7,2 АЕК;
31) консультация беруді жүзеге асырған кезде – 1 АЕК мөлшерлемелерінде белгіленеді.
