ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Алатау қаласын дамытудың, кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес құрамда Алатау қаласының кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.";
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес Кеңес туралы ереже бекітілсін.";
жоғарыда аталған Жарлықтың қосымшасы осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын.
2. Осы Жарлық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Алатау қаласының кеңесі туралы ереженің 4-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 8 шілдедегі № 1352 Жарлығына 1-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығына 1-ҚОСЫМША |
Алатау қаласы кеңесінің
ҚҰРАМЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Төраға
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өңірлік саясат мәселелерін үйлестіретін орынбасары, Төрағаның орынбасары
Вонг Хен Файн, төрағаның орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Алматы облысының әкімі
Алматы қаласының әкімі
"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы
Доббс Гарри Уильям (келісім бойынша)
Жәмішев Болат Бидахметұлы (келісім бойынша)
Ким Вячеслав Константинович (келісім бойынша)
Цхай Юрий Андреевич (келісім бойынша)
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 8 шілдедегі № 1352 Жарлығына 2-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығына 2-ҚОСЫМША |
Алатау қаласының кеңесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Алатау қаласының кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын Алатау қаласы әкімшілігінің (бұдан әрі - әкімшілік) тұрақты жұмыс істейтін жоғары алқалы басқару органы.
2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын (бұдан әрі - Конституциялық заң), әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін, әкімшілік туралы ережені және осы Ережені басшылыққа алады.
2-таpay. Кеңестің міндеттері
3. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) Алатау қаласының стратегиялық даму бағыттарын айқындау;
2) "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимінің (бұдан әрі - арнаулы құқықтық режим) мақсатына қол жеткізуге және міндеттерін орындауға саяси, әкімшілік, қаржылық және инвестициялық жағынан жәрдемдесу;
3) арнаулы құқықтық режимнің қағидаттарына сәйкес Алатау қаласын мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруға жәрдемдесу;
4) Алатау қаласын дамытуды мемлекеттік-жекешелік қаржыландыруды қамтамасыз ету.
3-тарау. Кеңестің құзыреті
4. Өз міндеттерін орындау үшін Кеңес:
1) әкімшіліктің ережелерін, қызмет режимін, басқару тәртібін, әкімшілік органдарын қалыптастыру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін, оның ішінде өздеріне иеленуге, пайдалануға және билік етуге берілген мемлекеттік мүлікке қатысты мүліктік құқықтарды әкімшілік пен әкімшілік органдарының жүзеге асыруының өзге де ерекшеліктерін айқындайды;
2) Алатау қаласының мәслихатымен келісу бойынша Алатау қаласының әкімін тағайындайды;
3) Алатау қаласының әкімін Конституциялық заңда көзделген тәртіппен қызметтен босатады;
4) әкімдіктің және оның құрамындағы жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құрамы мен құрылымын және олардың ережелерін айқындайды;
5) әкімшіліктің бас атқарушы директорын, оның орынбасарларын тағайындайды;
6) әкімшілік бюджетін бекітеді;
7) Алатау қаласының дизайн-кодын бекітеді;
8) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын бекітеді;
9) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын әзірлеу, түзету және іске асыру тиімділігін бағалау әдіснамасын айқындайды;
10) Конституциялық заңмен оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша реттеушілік ережелер түріндегі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін бекітеді;
11) блоктық бюджеттеу қағидаларын бекітеді;
12) резервтерді әкімшілік бюджетінің өзге қаражатынан міндетті түрде бөлек есепке алуды және резервтерді айрықша Алатау қаласын дамыту мақсаттарында пайдалануға қойылатын шектеулерді ескере отырып, әкімшілік бюджетінің резервтерін қалыптастыру, есепке алу, толықтыру және пайдалану тәртібін бекітеді;
13) әкімшілікке жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын және олармен байланысты құзыреті мен өкілеттіктерін береді;
14) оның ішінде әкімшілік бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қамтитын Алатау қаласының дамуы туралы жылдық есепті бекітеді;
15) Алатау қаласы мәслихаты төрағасының ұсынуы бойынша шығыстар мөлшерін, мәслихат аппаратын ұйымдастыруды және тұрақты немесе босатылған негізде жұмыс істейтін депутаттар санын айқындауды қоса алғанда, Алатау қаласы мәслихатының қызметін қамтамасыз ету нормаларын белгілейді;
16) әкімшіліктің қаржылық есептілігіне, оның қызметінің және әкімшіліктің қарамағындағы қаржы қаражатын пайдаланудың тиімділігіне сыртқы аудитті жүзеге асыратын халықаралық аудиторлық ұйымды айқындайды;
17) әкімшіліктің өзге де басқару органдарын құру, олардың құрылымын, құзыреті мен өкілеттіктерін айқындау, әкімшіліктің өкілдіктерін құру, оның коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдарын, сондай-ақ өкілдіктерін құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
18) әкімшіліктің өзге заңды тұлғаларға қатысуы немесе өзге заңды тұлғалардың қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуы туралы шешім қабылдайды;
19) әкімшіліктің бас атқарушы директорының ұсынуы бойынша әкімшілік пен әкімшілік органдарының ұйымдық құрылымы мен штат санының лимитін бекітеді;
20) Алатау қаласындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, оларды басқару, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту мәселелерін қоса алғанда, Алатау қаласындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері бойынша шешім қабылдайды;
21) реттеушілік комиссия мүшелерінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, сайлау (қайта сайлау) және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды;
22) реттеушілік комиссия мүшелеріне сыйақы төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау, сондай-ақ осындай мүшелерге реттеушілік комиссияның жұмысына қатысуына тікелей байланысты шығыстарын өтеу туралы шешім қабылдайды;
23) реттеушілік комиссияның төрағасын тағайындау туралы шешім қабылдайды;
24) Кеңес хатшысын тағайындау және қызметтен босату, еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру мөлшері мен шарттарын айқындау туралы шешім қабылдайды;
25) Кеңеске есеп беретін қызметкерлерді тағайындау, оларға еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру мөлшері мен шарттарын айқындау туралы шешім қабылдайды;
26) әкімшіліктің басқару органдары туралы ережелерді бекітеді;
27) Конституциялық заңда және (немесе) осы Ережеде көзделген өзге де мәселелерді қарайды.
4-тарау. Кеңестің құқықтары
5. Өз міндеттеріне сәйкес Кеңес өз құзыреті шегінде құқылы:
1) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және Конституциялық заңда, осы ережеде және Әкімшіліктің өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шегінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, өзге де мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдауға;
2) инвестициялар тарту, Алатау қаласының іскерлік белсенділігі мен инновацияларын дамыту мәселелері, сондай-ақ оның арнаулы құқықтық режиміне байланысты өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға;
3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп оларды дайындау мен іске асыруға қатысуға;
4) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға, олардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға, қажетті материалдарды сұратуға және алуға, Алатау қаласын дамытуға байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткізуге;
5) қаралатын мәселелер бойынша консультациялар өткізу үшін кәсіпкерлерді, ғалымдарды, мамандарды, сарапшылар мен консультанттарды тартуға;
6) әкімшілікте және (немесе) әкімшілік органдарында шетелдік және қазақстандық мамандар мен сарапшылар қатарынан консультативтік-кеңесші алқалы органдар құруға;
7) әкімшіліктің Кеңестің міндеттері мен функцияларынан туындайтын ішкі құжаттарын бекітуге және келісуге;
8) әкімшіліктің ішкі қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауға қабылдауға, сондай-ақ әкімшіліктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша әкімшілік басқару органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға;
9) Конституциялық заңға, осы Ережеге және (немесе) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
6. Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді жедел шешу мақсатында Кеңес реттеушілік комиссияға әкімшілік қабылдайтын барлық немесе жекелеген реттеушілік ережелерді бекіту бойынша өз өкілеттіктерін беруге құқылы.
5-тарау. Кеңестің комитеттері
7. Кеңес осы комитеттерге Кеңестің кейбір өкілеттіктерін, соның ішінде реттеушілік ережелерді әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерді бере отырып, Кеңес мүшелерінің қатарынан Кеңестің комитеттерін құруға құқылы.
8. Кеңестің комитеттері нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби білімі, құзыреті мен дағдылары бар Кеңес мүшелерінен тұрады.
9. Кеңес комитеті мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауға, олардың қырық пайызы тәуелсіз болуға тиіс.
10. Кеңестің комитеті өзіне берілген мәселелер бойынша қабылдаған шешімдер Кеңестің отырысында бөлек бекітуді талап етпейді, міндетті күші болады және Кеңес қабылдаған шешімдер деп есептеледі.
Кеңестің комитеттеріне 4-тармақтың 2), 3), 5), 13), 14), 17), 19), 21) және 22) тармақшаларында көзделген өкілеттіктер, сондай-ақ стратегиялық сипаттағы өзге де мәселелер мен Кеңестің шешімдері бойынша өкілеттіктер берілуі мүмкін емес.
11. Кеңес комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс тәртібі, олардың өкілеттіктері, комитеттердің сандық құрамы, Кеңеске берілген өкілеттіктер Кеңестің шешімдерімен және (немесе) әкімшіліктің Кеңес бекітетін ішкі құжаттарымен айқындалады.
12. Егер олардың ережелерінде өзгеше көзделмесе, Кеңес комитеттерінің отырыстары Кеңестің отырыстары өткізілетін тәртіппен өткізіледі.
6-тарау. Кеңестің мүшелері
13. Кеңес кемінде жеті мүшеден тұрады. Кеңестің тәуелсіз мүшелерінің саны Кеңестің барлық мүшелері санының кемінде қырық пайызын құрауы тиіс.
14. Некеде тұрған немесе жақын туыстық қатынастардағы адамдар Кеңес мүшелері бола алмайды.
15. Кеңестің тәуелсіз мүшелері өз функцияларын әкімшілікпен жасалған азаматтық-құқықтық шарттар негізінде жүзеге асырады.
16. Кеңес өз міндеттерін тиісінше орындамаған Кеңестің тәуелсіз мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынуға құқылы.
17. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңестің Төрағасы болып табылады.
18. Кеңес Төрағасы немесе оның орынбасарлары:
1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыруға;
2) Кеңес отырыстарына төрағалық етуге;
3) Кеңес шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асыруға;
4) осы Ережеде көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
19. Кеңес Төрағасының екі орынбасары болады, олардың бірі Кеңестің тәуелсіз мүшесі болып табылады. Кеңес Төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын Кеңес Төрағасы айқындаған оның орынбасарларының бірі жүзеге асырады.
20. Кеңес Төрағасы мен оның орынбасарлары Кеңес мүшелерінің талқыланатын мәселелер бойынша өз көзқарастарын еркін білдіру қағидатын ұстанады, келісілген шешімді іздеуге, Кеңес мүшелерінің консенсусқа қол жеткізуіне, арнаулы құқықтық режимнің мақсаттарына толықтай жауап беретін шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.
21. Кеңес мүшелері:
1) Кеңес отырысының ұсынылатын күн тәртібі қамтылған жазбаша хабарламаны Кеңес Төрағасына немесе оның орынбасарына жіберу арқылы Кеңес отырыстарына бастама жасауға;
2) Кеңес отырысының күн тәртібін қалыптастыру кезінде отырыстың күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) Кеңес отырыстарына материалдарды және олардың шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға;
4) әкімшіліктен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен Кеңестің өкілеттіктеріне және Алатау қаласын дамыту мәселелеріне тікелей қатысы бар ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
5) Кеңес Төрағасына немесе оның орынбасарына жазбаша өтініш жіберу арқылы өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға;
6) Конституциялық заңға, осы Ережеге және (немесе) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
22. Кеңестің тәуелсіз мүшелері:
1) Алатау қаласын дамытуға инвестициялар тарту мақсатында Алатау қаласын ілгерілетуге ықпал етеді және шетелдік инвесторлармен, технологиялық компаниялармен, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым- қатынастарды дамытады;
2) арнаулы құқықтық режимнің мақсаттарына қол жеткізу мақсатында Алатау қаласын дамыту мәселелерін қарау кезінде сараптамалық үлес қосады, білімін, тәжірибесін және өзінің кәсіби пайымын ортаға салады, талқылауға қатысады және тиісті ұсынымдар мен ескертулер енгізеді.
Кеңестің тәуелсіз мүшелері өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін сыйақы алуға және Кеңес жұмысына қатысуымен тікелей байланысты шығыстарына өтем алуға құқылы.
23. Кеңес мүшелері:
1) әкімшіліктің мүлкін осы Ережеге, Кеңестің шешімдеріне қайшы, сондай-ақ жеке мақсаттарда пайдалануға және пайдалануға жол беруге;
2) өзінің дауыс беру құқығын басқа тұлғаға, оның ішінде Кеңестің басқа мүшесіне беруге;
3) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында өздеріне қолжетімді болған қолжетімділігі шектеулі ақпаратты жеке мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ оны жария етуге құқылы емес.
24. Кеңестің мүшелері:
1) Кеңестің, Кеңес комитеттерінің және өздері мүшелері болып табылатын өзге де жұмысшы және сарапшылық топтардың отырыстарына қатысуға;
2) Кеңес отырысына қатысуы мүмкін еместігі туралы отырыс басталғанға дейін алдын ала Кеңес Төрағасына және (немесе) оның орынбасарларына, Кеңес хатшысына өзінің болмау себептерін көрсете отырып хабарлауға;
3) Кеңестің сырттай отырысына қатыспау себебін Кеңес хатшысына ұсынуға;
4) әкімшіліктің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуге және арнаулы құқықтық режимнің, әкімшіліктің, Алатау қаласының және олардың мақсаттарының мүдделері үшін барынша тиімді әрекет етуге;
5) Кеңес мүшелерінің жеке, корпоративтік немесе ведомстволық мүдделілігі олардың Кеңес мүшесінің міндеттерін тиісінше орындауына әсер етуі мүмкін және/немесе олардың мүдделері (немесе олармен аффилирленген тұлғалардың мүдделері) мен әкімшілік мүдделері арасындағы қайшылыққа алып келуі мүмкін әрекеттерден тартынуға және жағдайларға жол бермеуге міндетті. Мұндай мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Кеңес мүшесі Кеңес бекітетін мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу саясатының қағидаларына сәйкес мүдделер қақтығысының бар екендігі туралы Кеңесті дереу хабардар етуге міндетті;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының, әкімшілік туралы ереженің және (немесе) Кеңес бекітетін әкімшіліктің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес өзге де міндеттерді атқаруға міндетті.
25. Кеңес мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру кезінде:
1) арнаулы құқықтық режимде Алатау қаласын дамытудың мүдделері үшін барынша тиімді әрекет етеді;
2) жеке, корпоративтік немесе ведомстволық сипаттағы мүдделер қақтығысының туындауына жол бермейді.
7-тарау. Кеңестің отырыстарын ұйымдастыру
26. Кеңестің отырыстары тиісті күнтізбелік жылдың жартыжылдығында кемінде 1 (бір) рет Кеңес Төрағасының немесе оның орынбасарларының бірінің өз бастамасы бойынша немесе Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша өткізіледі.
27. Кеңестің бірінші отырысының, сондай-ақ мәселелерді кейінге қалдырмай қарау қажеттілігіне, оның ішінде жедел шешімдер қабылдауды талап ететін мән-жайлар туындаған кезде, әкімшіліктің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындауға байланысты басқа да отырыстардың күні мен уақытын Кеңес Төрағасы немесе оның орынбасары осы Ережеде айқындалған мерзімдерден қысқа мерзімде айқындайды.
Кеңестің бірінші отырысында Кеңес хатшысы тағайындалады.
Осы тармақта көзделген жағдайларда Кеңес отырысының күн тәртібі және оған материалдар Кеңес мүшелеріне дайын болуына қарай жіберіледі.
28. Кеңес отырыстары Кеңес мүшелерінің отырысқа жеке қатысуы арқылы да, сондай-ақ олардың отырысқа аудио- және бейнеконференция арқылы қатысуы арқылы да бетпе-бет өткізілуі мүмкін.
29. Кеңестің отырыстары Кеңес мүшелерінің ұсынылған күн тәртібіндегі мәселелерді қарауы және олар бойынша дауыс беруі арқылы сырттай өткізілуі мүмкін. Сырттай дауыс беру мерзімі дауыс беру үшін материалдар мен күн тәртібін таратқан күннен бастап 10 (он) сағаттан кем болмауға және 2 (екі) жұмыс күнінен аспауға тиіс. Кеңес мүшелері дауыс беру нәтижелерін Кеңес хатшысына күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық пошта арқылы Кеңес хатшысы күн тәртібіндегі мәселелерді таратқан кезде көрсетілген мерзім ішінде жібереді.
Көрсетілген мерзімде жауап болмаған жағдайда, Кеңес мүшесі дауыс беруден қалыс қалды деп есептеледі.
30. Кеңес отырысын шақыру кезінде Кеңес отырысын өткізудің нысаны, күні, орны мен уақыты айқындалады.
Кеңес хатшысы барлық Кеңес мүшелерін электрондық пошта арқылы, қолма-қол немесе хабарламаны алғанын растайтын өзге де тәсілмен, қалыптастырылған күн тәртібін және өзге де қажетті материалдарды, алдағы Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер туралы ақпаратты қоса бере отырып хабардар етеді.
31. Егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, Кеңес отырысының күні мен уақыты отырыс өткізілгенге дейін 2 (екі) аптадан кешіктірілмей айқындалуға тиіс.
32. Кеңес отырысының нысаны, орны, күні немесе уақыты өзгергені туралы барлық Кеңес мүшелерін Кеңес хатшысы алдын ала хабардар етуге тиіс.
Кеңес отырысының орны, күні немесе уақыты өзгергені туралы хабарлама Кеңес мүшелеріне Кеңес мүшесінің хабарламаны алуына кепілдік беретін кез келген нысанда жіберіледі.
33. Кеңес мүшелері Кеңес отырысы туралы хабарламаны алғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде күн тәртібіне қаралуға жататын қосымша мәселелерді енгізуге құқылы.
34. Егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, Кеңес отырысының түпкілікті күн тәртібін Кеңес хатшысы қалыптастырады, ол Төрағамен (Төрағаның орынбасарымен) келісіледі және отырыс күніне дейін 1 (бір) аптадан кешіктірілмей қажетті материалдармен бірге Кеңес мүшелеріне таратылуға тиіс.
35. Кеңес отырысында Кеңес төрағасы, ал отырысты Төрағаның орынбасары шақырған жағдайда - тиісті орынбасар төрағалық етеді.
Кеңес отырысында Кеңес Төрағасы болмаған жағдайда, Кеңес Төрағасы айқындаған оның орынбасарларының бірі төрағалық етеді. Кеңес отырысында
36. Кеңестің шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Кеңес отырысында төрағалық еткен адам қол қояды және оны хатшы дайындайды.
Кеңестің шешімі бетпе-бет отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы қабылданады.
Кеңестің сырттай отырысы болған жағдайда, хатшы хаттаманы дайындау кезінде сырттай дауыс берудің қорытындыларын ескереді.
37. Бетпе-бет, сондай-ақ сырттай тәртіппен өткізілетін Кеңес отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады. Кворум болмаған кезде Кеңес Төрағасы немесе оның орынбасары отырысты кейінге қалдыратыны туралы жариялайды және оны өткізудің жаңа күнін айқындайды.
38. Кеңес шешімдері оның Кеңеске қатысып отырған мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болады.
39. Кеңес мүшелері отырыстарға жеке өздері және өкілеттік беру құқығынсыз қатысады.
40. Отырысқа қатысушы Кеңес мүшелері отырыстың күн тәртібіндегі мәселені қарау кезінде жеке, корпоративтік немесе ведомстволық сипаттағы мүдделер қақтығысының бар екені туралы мәлімдеуге міндетті.
Мұндай қақтығыс болған жағдайда ол Кеңес бекітетін мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу саясатының қағидаларына сәйкес реттелуге тиіс.
8-таpay. Кеңес отырыстарын қамтамасыз ету, Кеңес хатшысы
41. Кеңес отырыстарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оның ішінде қажетті орынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ бетпе-бет отырыс өткізілген жағдайда Кеңестің тәуелсіз мүшелерінің ұшу және тұру шығыстарын өтеу әкімшілік есебінен жүзеге асырылады.
42. Хатшы Кеңестің мүшесі болып табылмайды.
43. Кеңес хатшысы:
1) Кеңестің және Кеңес комитеттерінің отырыстарын өткізуді ұйымдастырады;
2) Кеңестің және Кеңес комитеттерінің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсынылған материалдарды жинауды жүзеге асырады;
3) Кеңестің және Кеңес комитеттерінің мүшелерін күн тәртібі, Кеңес пен Кеңес комитеттері отырысының өтетін күні, уақыты мен орны туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
4) Кеңес пен Кеңес комитеттері отырыстарының хаттамаларын жүргізеді, хаттамалардың, Кеңес және Кеңес комитеттері отырыстары материалдарының сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Кеңес отырысының күн тәртібінің жобасын және түпкілікті күн тәртібін қалыптастырады;
6) Кеңес немесе Кеңес комитеті қабылдаған шешімдер туралы ақпаратты жауапты және мүдделі тұлғалардың назарына жеткізеді;
7) отырыстардың хаттамаларынан және Кеңес пен Кеңес комитеттерінің шешімдерінен үзінді көшірмелер қалыптастырады;
8) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ өзге де ұйымдарға Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды ұсыну туралы Кеңестің және оның мүшелерінің сұрау салуларын жібереді;
9) Кеңес шешімдерінің орындалуына мониторинг жүргізеді және жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олардың нәтижелері туралы Кеңес мүшелерін хабардар етеді;
10) Кеңестің жаңадан тағайындалған мүшелерін олардың өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратпен және әкімшіліктің ішкі құжаттарымен қамтамасыз етеді;
11) әкімшілік туралы ережеге және (немесе) әкімшіліктің ішкі құжаттарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
