ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары А.Қ. Қыдырбаеваны, Б.М. Нұрмұхановты және Е.Ә. Оңғарбаевты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына және жекелеген шет елдер заңнамасының нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Парламенті 2026 жылғы 27 наурызда "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын (бұдан әрі – Конституциялық заң) қабылдап, 2026 жылғы 31 наурызда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Конституциялық заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтінішін жолдады.
Конституциялық заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын және "Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы" 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығын іске асыру шеңберінде 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 61-бабының 1-тармағына және 66-бабының 3) тармақшасына сәйкес заң шығару бастамасы тәртібімен Конституциялық заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізді.
Үкіметтің Конституциялық заңға бастама жасауына елімізде жаңа іскерлік белсенділік, инвестициялар және инновациялар орталығын – ерекше мәртебесі мен "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимі бар Алатау қаласын құру мақсаты негіз болды. Жалпыұлттық маңызы бар осы ауқымды жобаны іске асыру алғашқы цифрлық және азаматтардың өмір сүруіне жайлы өңірлік қала құруға бағытталған, бұл Қазақстан экономикасының сапасын арттыруға ықпал ететін болады.
Бұл стратегиялық міндет Қазақстан халқының әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуға деген ұмтылысы туралы Конституция кіріспесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, Республика қызметінің түбегейлі принциптері, атап айтқанда бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму туралы (Негізгі Заңның 1-бабы) конституциялық нормаларға сәйкес келеді. Конституциялық Сот бұған дейін аталған конституциялық бағдарлар мемлекеттен қоғамның дамуына, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына үнемі қамқорлық жасауды, әділеттілікті орнатуды талап етеді деп атап өткен болатын (2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулы).
Парламент Конституциялық заңды Парламент Палаталарының бірлескен отырысында екі оқылымда қарау қорытындысы бойынша Конституцияның 53-бабының 1-1) және 7) тармақшаларында, 56-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында, 57-бабының 3) тармақшасында, 62-бабының 4 және 6-тармақтарында белгіленген тәртіп пен рәсімдерге сәйкес қабылдады.
Конституциялық заңның регламенттеу нысанасы Конституцияның 61-бабының 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығару жөніндегі Парламент өкілеттігінің шегінен шықпайды.
Конституциялық заң нормалары Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимінің мазмұнын, мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын, осыған қатысты заңнама құрамын, мемлекеттік басқару органдарының жүйесін, олардың құрылу тәртібі мен өкілеттіктерін, аталған қаладағы қызмет түрлерінің құқықтық режимін айқындайды, сондай-ақ өтпелі кезеңде жекелеген мәселелерді реттейтін арнайы ережелерді қамтиды.
Негізгі Заңның 62-бабының 4-тармағында конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады деп бекітілген. Бұған дейін конституциялық бақылау органы бірнеше рет атап өткендей, аталған норма Конституция мәтінінде конституциялық деп аталған заңдар түбегейлі анықталды дегенді білдірмейді (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) 2000 жылғы 3 шілдедегі № 16/2 және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 10 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулылары).
Осыған байланысты жаңа инновациялық кластер құруға байланысты қоғамдық қатынастарды конституциялық заң деңгейінде реттеу оның экономиканы жаңғыртудағы ерекше маңыздылығы ескеріле отырып жүзеге асырылып отыр және осындай заңнамалық акт нысанындағы мақсаттарға сәйкес келеді.
2. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі мәселелерін Конституциялық заң арқылы нормативтік регламенттеу елімізде жүргізілген кең ауқымды конституциялық реформа аясында іске асырылды.
Конституциялық іс жүргізу барысында Конституциялық заң нормаларының басым көпшілігі кезең-кезеңімен – 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Конституциясымен (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы) бір мезгілде немесе ол күшіне енгеннен кейін қолданысқа енгізіледі деп белгіленген, аталған Негізгі Заң осы Конституциялық заңда көзделген жаңашылдықтар үшін құқықтық негіздерді (5-баптың 1, 3 және 6-тармақтары және басқалар) қамтиды.
Конституциялық заңның 90-бабына сәйкес оның негізгі ережелерін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу мерзімдері – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап және 2027 жылғы 1 шілдеден бастап деп айқындалған.
Конституциялық Кеңес бұған дейін Конституцияның 62-бабының 2 және 8-тармақтарында қолданылған "күшіне енеді" және "күшіне енгізу" терминдері әртүрлі мағыналық жүктеме арқалайды және бірдей емес ұғымдарды білдіреді деп түсіндірген болатын. Заңдар, оның ішінде конституциялық заңдар оларға Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Заңның заңдық күшке ие болу фактісі әлі қоғамдық қатынастарды реттеудің басталғанын білдірмейді, сондықтан күтіліп отырған құқықтық салдарға алып келмейді. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін ғана құқықтық қатынастарды реттеп, белгілі бір заңдық салдарды туындата бастайды (1999 жылғы 29 қазандағы № 20/2 және 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылар).
Конституциялық Сот Конституциялық заңның 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғаннан кейін және мемлекеттік органдардың оны іске асыру жөніндегі норма шығару жұмысы шеңберінде қабылданғанына ерекше назар аударады. Бұл заң жобасының мазмұнына өз әсерін тигізді.
Конституциялық заңның ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-бабында былай деп жазылған: "Алатау қаласы осы Конституциялық заңға сәйкес қоғамдық қатынастарды, оның ішінде мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу ерекшеліктерін белгілеуді көздейтін "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимінде Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде әрекет етеді және дамиды".
Осылайша, Алатау қаласының жұмыс істеуін және дамуын құқықтық реттеу негізінен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Конституциялық Сот Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру – Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары деп, адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп, Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленіп, мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерінің көзделу мүмкіндігі (3-бап, 5-баптың 6-тармағы) және басқа да құқықтық нормалар бекітілген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы осы Конституциялық заңның негізгі ережелерінің іргетасы болып табылады деп баса атап өтеді.
Жоғары заңдық күші бар және еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылатын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелері Алатау қаласы органдарының норма шығару және құқық қолдану қызметінде, сондай-ақ өздеріне жүктелген өкілеттік шеңберінде басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде және аталған қаланың арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманы одан әрі қалыптастыру және іске асыру процесінде мызғымас бағдар болуға және мүлтіксіз сақталуға тиіс. Демек, осы заңнамалық жаңашылдықтардың конституциялық-құқықтық негізділігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес айқындалуға тиіс.
Конституциялық заңның бірінші кезеңде қолданысқа енгізілетін 81-бабының 1-тармағы және 86-бабының 2-тармағы (90-баптың 1) тармақшасы) Алатау қаласының аумағы және оның қала маңындағы аймағы бойынша бұған дейін жасалған инвестициялық шарттар мен келісімшарттар, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар бойынша өтпелі ережелерге қатысты және тиісті құқықтық қатынастар субъектілері үшін құқықтық айқындылықты, сондай-ақ олар жүзеге асыратын қызметтің және іске асырылатын жобалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өтпелі тәртіпті бұлайша айқындау қолданыстағы конституциялық ережелерге қайшы келмейді. Парламент қалыптасқан мән-жайлар мен тиімділік қағидатын негізге алып, жаңа заң нормаларын белгілеуге құқылы (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 нормативтік қаулысы).
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. 2026 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған және 2026 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
|
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |