"Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Заңды тұлғалардың есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруіне рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың (ТГК) құрғақ массадағы жол берілетін құрамы 0,3 %-ға дейінгі мөлшерде айқындалсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 797 қаулысымен бекітілген |
Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына қойылатын талаптар
1. Осы есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өндірістік мақсаттарда сора (каннабис) өсімдігін өсіру жағдайларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – талаптар) есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес, өндірістік мақсаттарда сораны (каннабис) өсіру жағдайларын белгілейді.
2. Осы талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бiрегей тұқымдар – ауыл шаруашылығы өсiмдiгi сортының авторы, ол уәкiлдiк берген адам немесе сорттың оригинаторы өсiрiп шығарған және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқым;
2) бiрiншi репродукция тұқымдары – элиталық немесе бірегей тұқымдардан алынған, тек тауарлық өнім алу мақсатында өсіруге арналған, белгіленген стандарттарға сәйкес сорттық және егістік сапалары бар және одан әрі көбейтуге пайдаланылмайтын тұқымдар;
3) қорғау аймағы – сора (каннабис) егістіктерін өзге объектілерден (елді мекендермен, автомобиль жолдарынан, басқа да дақылдардың егістіктерінен) айырып тұратын, айқас тозаңданудың, рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу және санитариялық нормаларды сақтау мақсатында белгіленген аумақ учаскесі;
4) Пайдалануға ұсынылатын селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) – өндiрiсте шаруашылық мақсатта Пайдалану үшiн ұсынылатын сортты, тұқымды қамтитын Қазақстан Республикасының пайдалануға ұсынылатын селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi;
5) сот сараптамасы органы – заңнамада белгіленген тәртіппен сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға;
6) сорттық сынақ – селекциялық жетістіктің патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылықта пайдалылығын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн сараптамадан және сынақтан өткізу;
7) тетрагидроканнабинол (бұдан әрі – ТГК) – каннабиноидтар тобына жататын, сора (каннабис) өсімдігінің негізгі психобелсенді компоненті болып табылатын, адамның орталық жүйке жүйесіне әсер ететін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақыланатын заттар тізбесіне енгізілген химиялық қосылыс;
8) тұқым сараптамасы – тұқымдардың сұрыптық және егістік сапаларының тұқым шаруашылығы саласындағы техникалық регламенттердiң және стандарттау жөнiндегi құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi iс-шаралар кешенi;
9) тұқымдар – сорттың өсімін молайту үшiн пайдаланылатын генеративтiк және вегетативтiк органдар: тұқымның өзi, жемiстері, күрделi жемiстердiң бөлiгi, қосалқы жемiс, масақтар, көшеттер, жуашық, түйнек, қалемшелер, түзушi ұлпалар және басқалар;
10) элиталық тұқымдар – ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң бiрегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сай келетiн тұқымдары.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.04.2026 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. "Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 22 қыркүйектегі № 780 қаулысымен бекітілген есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өндірістік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) сорттарының тізбесіне енгізілген сора (каннабис) сортының тұқымдарын өсіруге болады.
Сора (каннабис) себуге пайдаланылатын сорттар "Тұқым шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сорт сынағына берілуге және Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс.
Себу үшін "Тұқым шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген стандарттарға сәйкес келетін бірегей және элиталық тұқымдар қолданылады.
Екінші және одан кейінгі репродукция тұқымдарын себуге жол берілмейді.
4. Сора (каннабис) өсіру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 276 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20231 болып тіркелген) бекітілген Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес берілген лицензия негізінде жүзеге асырылады.
5. Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсірілетін сора (каннабис) өсімдігінің егістері елді мекендерден, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарынан және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының егістерінен кемінде 300 (үш жүз) метр қашықтықта, тұқым өндіру үшін өсірілетін сора (каннабис) өсімдігінің егістері кемінде 2 (екі) километр қашықтықта орналастырылуға тиіс және егіс алаңдарының шекаралары нақты айқындалған қорғау аймағымен қамтамасыз етіледі, учаскенің периметрі бойынша тор немесе тікенек сымды қоршау орнатылады, тәулік бойғы күзет қамтамасыз етіледі және кіріп-шығатын бір орын белгіленеді не санкциясыз кірудің алдын алуды қамтамасыз ететін күзет пен мониторингтің техникалық құралдары (бейнебақылау, пилотсыз ұшу аппараттары, сигнал беру жүйелері, GPS-бақылау) қолданылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2026 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Пайдаланар алдында сора (каннабис) өсімдігінің тұқымдары міндетті түрде зерттеліп, ТГК құрамының осы қаулының 2-тармағында белгіленген нормадан аспайтыны расталады.
Себуге дайын сора (каннабис) өсімдігінің тұқымдарын зерттеу егіс жұмыстары басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын жүргізіледі.
Сора (каннабис) өсімдігінде ТГК-ның болуына зерттеу жүргізу вегетациялық кезең ішінде міндетті болып табылады және мына мерзімдерде жүзеге асырылады:
1) белсенді өсу кезеңінде – сепкеннен кейін 40-45 күн ішінде;
2) орып-жинау алдындағы кезеңде – сепкеннен кейін 90-120 күн ішінде/өнім жинауды бастар алдында.
Сора (каннабис) тұқымдары мен өсімдігінде ТГК-ның болуын зерттеуді сот сараптамасы органы лицензия негізінде сора (каннабис) өсімдігін өсірумен айналысатын заңды тұлғалардың қаражаты есебінен шарттық негізде жүргізеді.
Зерттеу нәтижелері бойынша сот сараптамасы органы сора (каннабис) тұқымдарында немесе өсімдігінде ТГК-ның болуына қатысты маманның қорытындысын ресімдейді.
Зерттеу нәтижелері бойынша TГК-ның болуы белгіленген деңгейден асып кеткен жағдайда барлық егіс алаңы тексерілуге тиіс.
Бүкіл егіс алаңында ТГК болуының белгіленген деңгейден асып кеткені анықталған жағдайда сот сараптамасы органы тиісті ақпаратты үш жұмыс күні ішінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2026 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.7. Осы қаулының 2-тармағына сәйкес құрамындағы ТГК айқындалған деңгейден асатын мөлшерде болғанда сора (каннабис) өсімдіктері Заңға сәйкес жойылуға тиіс.
8. Зерттеу жүргізу үшін сот сараптамасы органына зерттеу нысандары – сора (каннабис) тұқымдары мен өсірілген өсімдіктері ұсынылады.
Ұсынылған нысандардың құрамының өсімдік тектес заттардың қасиеттеріне байланысты өзгеру мүмкіндігін (органикалық компоненттердің тотығуы, құрамның түрленуі, шіру өзгерістеріне бейімділігі) жоққа шығару үшін сора (каннабис) өсімдіктерінен іріктеліп алынған үлгілерді арнайы зерттеуге дереу ұсыну қажет.
Қаптама ретінде қағаз немесе талшықты материалды (қаптар, дорбалар және т.б.) пайдалану қажет, бұл объектілердің зақымдануын және тасымалдау мен сақтау шарттарында олардың өзгеруін болғызбау үшін жасалады. Қаптамалар нөмірленуге тиіс, өтініште жалпы егіс алаңы және осы нөмірленген объектілер алынған жерлер көрсетілуі қажет.
