Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 18 тамыздағы № 639 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 18 тамыздағы
№ 639 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтық мақсаттағы радиоқызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті

      байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып, 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      радиобайланыс, телевизия және радио хабарын тарату қызметтеріне сұраныс қарқынын ескере отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің радиоқызметтеріне зиянды өзара кедергілер болдырмау үшін 29,7 МГц және одан жоғары радиожиіліктер белдеуінде радиожиілік иеленімдерін үйлестіруді жүзеге асыру қажет деп есептей отырып,

      Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентiне сәйкес әрекет ете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім мақсатында төмендегі терминдер мыналарды білдіреді:

      "Байланыс әкімшілігі" – Халықаралық электр байланысы одағының 1992 жылғы 22 желтоқсандағы Жарғысы бойынша міндеттемелерді орындауға жауапты Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары;

      "шекара маңындағы үйлестіру аймағы" (бұдан әрі – шекара маңы аймағы) – Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын Радиожиілік иеленімдерін үйлестірудің техникалық негіздеріне, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының және Байланыс саласындағы өңірлік достастықтың құжаттарында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес екінші Тараптың міндетті түрде үйлестіруін талап ететін Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аймақтарының аумағы;

      "радиожиілік иеленімдерін үйлестіру" – Тараптардың бірінің екінші Тарап мемлекетінің радиоэлектрондық құралдарын осы радиоэлектрондық құралдардың радиожиілік иеленімдерінің сипаттамаларына сәйкес орнатуға және пайдалануға келісімін алу рәсімі;

      "Техникалық негіздер" – осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын радиоқызметтер радиожиілік иеленімдерін үйлестіру немесе радиожиіліктердің жеке белдеулерін пайдалану туралы келісім.

2-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің байланыс әкімшіліктері (бұдан әрі – Тараптардың уәкілетті органдары), осы Келісімнің іске асырылуын бақылауды және іс-қимылды үйлестіруді жүзеге асыруға:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      Қырғыз тарапынан – Қырғыз Республикасының Цифрлық даму және инновациялық технологиялар министрлігі жауапты болады.

      Тараптардың уәкілетті органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары берілген жағдайда, Тараптар бұл жөнінде дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

      2. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары:

      осы Келісім шеңберінде рәсімдік тетіктерді айқындайды;

      Тараптардың уәкілетті органдары тиісті келісімге қол қою арқылы қабылданатын техникалық негіздерді әзірлейді;

      күтпеген зиянды кедергілер туындаған жағдайда, оларды шешу әдістерін айқындайды және шаралар қабылдайды;

      ұлттық деректер базасынан радиожиіліктік спектрді басқару және пайдалану бойынша тиісті деректер алмасуды жүзеге асырады;

      осы Келісімді іске асыру бойынша басқа да іс-қимылды жүзеге асырады.

3-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аймақтарында жерүсті радиоқызмет станцияларының 29,7 МГц және одан жоғары радиожиілік иеленімдер белдеуінде радиожиіліктерді үйлестіру мәселелерінде ынтымақтасады.

4-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес Тараптар азаматтық мақсаттағы жерүсті радиоқызмет станцияларының радиожиіліктерін алуды үйлестіруді жүзеге асырады.

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың уәкілетті органдарының юрисдикциялары қолданылмайтын жерүсті радиоқызметтердің қызметін реттемейді.

      2. Осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген радиожиіліктер белдеуінде шекара маңы аймақтарында орналасқан станциялардың, сондай-ақ шектес Тарап мемлекетінің шекара маңы аймағында орналасқан станцияларға Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерде айқындалған өріс кернеуі рұқсат етілген деңгейден асатын зиянды кедергі жасайтын болса, шекара маңынан тыс аймақтардағы жекелеген станциялардың радиожиіліктері үйлестіруге жатады.

      Радиобайланыс қызметінің жұмыс сапасының нашарлауын туындататын немесе Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерде айқындалатын өріс кернеуінің барынша рұқсат етілген деңгейінен асуына байланысты осы қызметтің жұмыс істеуін бірнеше мәрте үзетін немесе тоқтататын кез келген сәуле шығару зиянды кедергі деп танылады.

      3. Тараптар шекара маңы аймақтардағы қабылдау станцияларының радиожиілік иеленімдерін үйлестіруді де, егер оларды кедергілерден қорғау қажет болса, жүзеге асырады.

5-бап

      1. Тараптар мынадай радиожиіліктер санаттарын анықтайды:

      1) кез келген Тараптың уәкілетті органы айрықша немесе артықшылық негізде екінші Тараппен алдын ала үйлестірмей тағайындалатын (иеленетін) басымдық берілетін радиожиіліктер. Бұл ретте станциялардың Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерде айқындалған сипаттамаларына қолдау жасалуы тиіс. Басымдық берілетін радиожиіліктер Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аймағындағы кез келген нүктеде орналасқан радиостанцияларға тағайындалады (иеленеді);

      2) екі Тарап бірлесіп пайдаланатын және Тараптардың уәкілетті органдары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметтердің азаматтық мақсаттағы арналары (кеден, ұлттық қауіпсіздік, төтенше жағдайлар органдарының бірлескен байланыс арналары) ретінде алдын ала үйлестірілмей тағайындалатын бірлескен жиіліктер, бұл ретте Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерде айқындалатын станциялардың сипаттамаларына қолдау жасалады;

      3) Тараптардың уәкілетті органдары арасында алдын ала ойдағыдай үйлестірілгеннен кейін ғана тағайындалуы (иеленуі) мүмкін үйлестірілген радиожиіліктер;

      4) байланыс желілерін (ұялы байланыс, радио хабарларын тарату, радиорелейлі және т.б. сияқты желілер) дамыту үшін Тараптардың уәкілетті органдары арасында үйлестірілуі тиіс, көп капитал салуды талап етуі мүмкін, пайдалануға енгізу мерзімі ұзақ болса да, үйлестірілген және бекітілген жиілік-аумақтық жоспарлар нәтижесінде ғана құрылуы мүмкін жоспарланған байланыс желілеріне арналған радиожиіліктер.

      Үйлестірілген радиожиіліктерді және жоспарланған байланыс желісі үшін радиожиілікті тағайындау (иелену) Тараптардың уәкілетті органдары арасында алдын ала жүргізілген үйлестіру жағдайында жүзеге асырылады.

      2. Станцияларға, жекелеген станциялар үшін де және жоспарланған байланыс желісі үшін де басымдық берілетін, бірлескен, үйлестірілген санаттағы радиожиілік иеленімдеріне Тараптардың уәкілетті органдары өзара келісім негізінде жүзеге асырылғандай қарайды.

      Тараптардың әрқайсысының:

      1) Халықаралық анықтамалық жиілік тіркелімінде тіркелген және Халықаралық электр байланысы одағының апталық циркулярының екінші бөлігінде жарияланған;

      2) бұрынғы КСРО кезеңіндегі орталықтандырылып тағайындалған;

      3) екі Тараптың да байланыс әкімшіліктері осы Келісім күшіне енгенге дейін үйлестірген;

      4) Тараптардың Халықаралық электр байланысы одағының Дүниежүзілік электр байланысы жөніндегі конференцияларында бекітілген жоспарларына енгізілген радиожиілік иеленімдері барлық жиілік иеленімдері үйлестірілген деп есептеледі.

      Келісімге қол қойылған кезде Халықаралық электр байланысы одағының апталық циркулярының бірінші бөлігінде жарияланған Тараптардың жиілік иеленімдеріне арналған өтінімдері осы Келісімнің ережелеріне сәйкес үйлестірілуге жатады.

      3. Тараптардың әрқайсысында осы баптың 1-тармағында көрсетілген санаттардағы радиожиілік иеленімдердің/станцияларының тізімі болуы тиіс және жүргізілген үйлестіру негізінде оларды өзекті етуі тиіс.

      Тараптар келісілген нысан бойынша үйлестірілген (радиожиіліктер) станциялар тізімдерін алмасады. Тізімдер шекара маңы аймақтарындағы радиожиілік иеленімдердің/станциялардың немесе осы аймақтарда кедергілер тудыратын радиожиілік иеленімдердің/станциялардың сипаттамаларын қамтиды.

      Тараптардың үйлестірілген радиожиілік иеленімдері/станцияларының тізімі Тараптардың уәкілетті органдары сарапшыларының кеңестерінде нақтылануы тиіс.

      4. Тараптар осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген радиожиілік белдеулеріндегі жұмыс істеп тұрған станциялар арасындағы болуы мүмкін кедергілерді қарайды және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды.

6-бап

      1. Әрбір нақты жағдайда ақпарат беру Тараптардың уәкілетті органдарының шешімі бойынша (пошта және/немесе электрондық пошта арқылы) жүзеге асырылады.

      2. Тараптар осы Келісімнің 5-бабының 3-тармағында көрсетілген радиожиілік тізімдерін, сондай-ақ үйлестіру мәселелері бойынша хат алмасуды және екінші Тараптың радиожиілік иеленімдері жөніндегі ақпаратты оның жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа жария етпеуге және бермеуге міндеттенеді.

      3. Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді. Ақпаратты қорғау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.

7-бап

      1. Тараптар радиожиілік иеленімдерін үйлестіру кезінде Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерді пайдаланады.

      Осы Келісімнің қолданылу аясына жататын станцияларды басқа да радиобайланыс қызметтерінің сәуле шығаруынан қорғау мақсатында өзара кедергілер есептеулері қабылданған стандарттарға, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың келісімдері мен ұсыныстарына негізделуі тиіс.

      2. Радиожиілікті иемдену кезінде әрбір Тарап радиожиілік спектрді ұтымды және тиімді пайдалануға ұмтылуы және олардың мақсатына қарай ұсынылатын байланыс қызметтерінің қанағаттанарлық сапасын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыруы тиіс.

      3. Тараптар радиобайланыс технологияларының тұрақты дамуын ескере отырып, Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын техникалық негіздерді өзекті ету мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары сарапшыларының үйлестіру кездесулерін өткізеді.

8-бап

      1. Радиожиілік иеленімдерін пайдалануды бастамас бұрын, сондай-ақ үйлестірілген радиожиілік иеленімдері/станциялардың техникалық параметрлеріне өзгерістер енгізу ниеті болған жағдайда, Тараптар осы Келісімге және Халықаралық электр байланысы одағы Радиобайланыс регламентінің талаптарына сәйкес үйлестіру жүргізулері тиіс.

      2. Тараптардың уәкілетті органдары осы баптың 1-тармағына сәйкес үйлестіру рәсімін жүргізгеннен кейін Халықаралық анықтамалық жиілік тіркеліміне тіркеу үшін радиожиілік иеленімдерді жібереді.

      3. Үйлестіруге жазбаша сұрау салу жіберілген Тараптың уәкілетті органы күнтізбелік он төрт күн ішінде оны алғанын растауы, содан кейін жерүсті радиоқызметтері үшін күнтізбелік алпыс күн ішінде және ғарыштық радиоқызметтері үшін күнтізбелік тоқсан күн ішінде жүргізілген үйлестіру нәтижелері туралы жазбаша жауап жіберуі тиіс. Тараптың уәкілетті органы мәлімделген радиожиілік иеленімдерін пайдалана отырып келіспеген жағдайда, ол үйлестіру мәселелері бойынша келісілген шешімге қол жеткізу үшін қажетті ұсыныстарды жібереді.

      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін сұрау салуға жауап болмаған жағдайда, сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы Тараптың сұрау салынатын уәкілетті органына жауаптың жоқтығы туралы ескертуі бар хат жолдайды. Егер Тараптың сұрау салынатын уәкілетті органы жауаптың жоқтығы туралы осындай ескерту жіберілген күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң жауап бермесе, жиілікті беру үйлестірілген болып есептеледі. Бұл ретте сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы мұндай радиожиілік иеленімдерінің үйлестірілген радиожиіліктер тізіміне енгізеді, бұл туралы екінші Тараптың сұрау салынған уәкілетті органына хабарлайды.

      5. Жекелеген қажетті жағдайларда Тараптардың, станциялар уақытша пайдалану (күнтізбелік 30 күнге дейін) үшін тиімді сәуле шығару қуаты 13 дБ Вт-дан аспайтын радиожиілік иеленуге құқығы бар. Бұл ретте Тараптар осындай пайдалану фактісі туралы бір-бірін хабардар етеді және болуы мүмкін кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдайды.

      6. Егер Тараптардың бірінің уәкілетті органы үйлестіру жүргізуді талап етпейтін үйлестірілген радиожиілік иеленімдерінің тізіміне, оның ішінде үйлестірілген станцияны пайдалану тоқтатылған кезде өзгерістер енгізсе, онда ол екінші Тараптың уәкілетті органын осы өзгерістер туралы хабардар етеді.

9-бап

      1. Зиянды кедергілерді көріп отырған станция тиесілі Тарап бұл жөнінде екінші Тарапты хабардар етеді. Зиянды кедергілер туралы хабарлама Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентінің 10-қосымшасына сәйкес жіберіледі.

      2. Тараптар кедергілерге қатысты мәселелерді реттеу үшін өзара түсіністік пен ынтымақтастық негізінде мүмкін болатын шаралар қабылдайды.

10-бап

      1. Осы Келісімде көзделмеген жағдайларда, Тараптар Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентінің ережелерін және ұсыныстарын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың өзге де келісімдері мен ұсынымдарын басшылыққа алады.

      2. Осы Келісім Тараптардың өздерінің мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен міндеттемелерін шектемейді.

11-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндірген немесе қолданған кезде Тараптар арасында туындайтын барлық дау мен келіспеушілік келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

      2. Сарапшылар кездесулерін өткізуді Тараптар алдын ала келіседі, мұндай кездесулерді дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді мемлекет аумағында кездесу өткізілетін Тарап шешеді. Сарапшыларды қаржыландыруды Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат есебінен әрбір Тарап дербес жүзеге асырады.

12-бап

      Осы Келісімге сәйкес Тараптардың өзара іс-қимылы кезінде орыс тілі пайдаланылады.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Халықаралық электр байланысы одағын осы Келісімнің жасалғаны туралы хабардар етеді.

15-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі ағымдағы кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарлама жібергенге дейін келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған жағдайда, Тараптар алты ай ішінде берілген ақпаратты пайдалану тәртібі бойынша өзара консультациялар жүргізеді. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптарды оның қолданысы тоқтатылғанға дейін алынған ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерден, сондай-ақ оны жоғалтқаны немесе жария еткені үшін жауапкершіліктен босатпайды.

      20__ жылғы "__" ______, _________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі дана жасалды, бұл ретте барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз РеспубликасыныңМинистрлер Кабинеті үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады