Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 19 маусымдағы № 318 бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 20 мамырдағы №251 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларында:

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Тексерілетін мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген талаптарды жүйелі түрде орындамау немесе тиісінше орындамау фактілері анықталған кезде, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың әкіміне заңдылықтың, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізеді.".

      2. "Құрылысы аяқталмаған объектілердің мемлекеттік тізілімін, оған енгізілетін мәліметтердің құрамын, осындай мәліметтерді ұсыну тәртібін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы №258 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Құрылысы аяқталмаған объектілердің мемлекеттік тізілімін, оған енгізілетін мәліметтердің құрамын, осындай мәліметтерді ұсыну тәртібін қалыптастыру және жүргізу қағидаларында:

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын, астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын алқалы атқарушы орган;".

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Республикалық маңызы бар объектілер туралы мәліметтерді астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға тоқсанның соңғы айынан кейінгі 10-күніне дейін тоқсан сайын беріледі.".

      3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нағаспаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады