ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 24-бабының 58) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Министр | Е. Нағаспаев |
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 20 мамырдағы № 251 бұйрығымен бекітілген |
Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 24-бабының 58) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосының (бұдан әрі – уәкілетті орган) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) қызметіне бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
3. Уәкілетті орган ЖАО қызметіне бақылау мен қадағалауды мынадай жолдармен жүзеге асырады:
1) жоспарлы тексеру – уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін жылдық тексерулер жоспары негізінде уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосы тағайындайтын, тексерілетін мемлекеттік органдарға бару арқылы тексеру;
2) жоспардан тыс тексеру – тексерілетін мемлекеттік органдарға (сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан құрылыс объектісіне) бару арқылы Кодекстің 49-бабының 3-тармағына сәйкес жүргізілетін тексеру;
3) қашықтан бақылау – мемлекеттік цифрлық жүйелерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған деректерді, тексерілетін мемлекеттік орган ұсынған есептілікті және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да құжаттарды, сондай-ақ қашықтықтан бақылау нысанасына қатысты қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды мониторингілеу, талдау және салыстыру арқылы бармай жүзеге асырылатын бақылау,.
4. Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – тексерілетін мемлекеттік органдар) қызметіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының мақсаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елді мекендерді дамыту және салудың қала құрылысы жобаларын әзірлеуді және түзетуді, сапалы құрылысты, құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды беруді, сол сияқты қолданыстағы құрылыс объектілерін өзгертуді, эскизді (эскиздік жобаны) келісуді, рұқсаттарды, аккредиттеуді, сондай-ақ адамның мекендеу және тіршілік ету ортасының қолайлы, қауіпсіз және басқа да қажетті жағдайларын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес өзге де міндетті талаптарды орындауды қамтамасыз ету болып табылады.
5. Уәкілетті орган тексеру жүргізу кезінде құрылыс объектісіне баруды ЖАО-ның Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындауын белгілеу үшін жүзеге асырады.
6. ЖАО қызметіне бақылау мен қадағалауды уәкілетті органның лауазымды тұлғасы (лауазымды тұлғалары) – мемлекеттік құрылыс инспекторы (мемлекеттік құрылыс инспекторлары) жүргізеді.
2-тарау. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу тәртібі
7. осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісі (бұдан әрі – тексеруді тағайындау туралы акті) жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді (бұдан әрі – тексерулер) жүргізу үшін негіз болып табылады.
8. Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген тұлғаның (тұлғалардың) тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
4) тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар туралы мәліметтер;
5) тексерілетін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері;
6) бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыс объектісінің атауы және орналасқан жері (барған жағдайда);
7) тағайындалған тексерудің негізі мен нысанасы;
8) тексеру түрі;
9) тексеру жүргізу мерзімі;
10) тексерілетін кезең;
11) Кодекстің 49-бабында көзделген тексерілетін мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері;
12) актілерге қол қоюға уәкілетті тұлғаның қолы.
9. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін жылдық тексеру жоспары жоспарлы тексеруге негіз болып табылады.
Тексеру жоспары тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган жылдық жоспарды тексеру жүргізілетін жылдың алдыңғы жылының 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін цифрлық жүйеде орналастырады.
Жоспарлы тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Кодекстің 49-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Тексерілетін мемлекеттік органдарды жоспардан тыс тексеруге негіздер:
1) растайтын дәлелдемелер болған кезде, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасы талаптарының бұзылуы бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
2) прокурордың адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қаупі туралы талабы;
3) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың өтініштері;
4) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының тапсырмасы;
5) қашықтан бақылау шеңберінде анықталған Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын өрескел бұзушылықтар туралы мәліметтер болып табылады.;
Бұл ретте, өрескел бұзушылықтар:
аумақта құрылыс салу, құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), реставрациялау және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, облыстық маңызы бар құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;
халықтың қозғалысы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндетті түрде ескере отырып, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерінің есебін жүргізу;
мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру, құрылыс объектілерінде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген шарттар мен шектеулерді бқзуға және олардан ауытқуға жол берілуіне байланысты бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
қаланың бекітілген бас жоспарын дамыту үшін әзірленетін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіту және іске асыру;
дүлей зілзалаларға (су тасқынына, жер сілкінісіне, селге, көшкінге және қар көшкініне) ұшырауын ескере отырып, аумақта құрылыс салу, құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), реставрациялау және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;
халықтың қозғалысы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндетті түрде ескере отырып, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерінің есебін жүргізу;
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда және астанада жер учаскесіне құқық беру мүмкіндігін (мүмкін еместігін) айқындау;
құрылыс, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, аудандық маңызы бар құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;
кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, халқының саны бес мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалаларды дамыту мен оларда құрылыс салудың қала құрылысы жобаларын, ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын, халқының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен оларда құрылыс салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспар) әзірлеуді және аудандық мәслихатқа бекітуге ұсынуды ұйымдастыру;
кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуді және бекітуді ұйымдастыру;
қала құрылысы жобаларын іске асыру кезіндегі бұзушылықтар жатады.
6) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының немесе оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің немесе оның орынбасарларының тапсырмалары, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұзу жөніндегі өтініштері.
Жоспардан тыс тексеру жасырын өтініштер болған жағдайда жүргізілмейді.
Нақты тексерілетін мемлекеттік органдарға қатысты анықталған және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.
11. Тексерілетін мемлекеттік органға тексеруді тағайындау туралы актінің тапсырылған күні тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
12. Тексеру мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және мыналардан:
1) жоспардан тыс тексеру үшін – жиырма жұмыс күнінен; 2) жоспарлы тексеру үшін – отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру мерзімін ұзарту, тоқтата тұру және қайта бастау Кодекстің 49-бабына сәйкес жүзеге асырылады және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.
13. Тексеру нәтижелері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіге, олар болған кезде өнімнің үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеу туралы актілер, жүргізілген зерттеулер (сынақтар) мен сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
14. ЖАО-ға тексеру нәтижелері туралы актіні ұсыну күні тексеруді тағайындау туралы актіде (олар болған кезде мерзімді ұзарту, тоқтата тұру, қайта жаңарту туралы қосымша акті,) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру мерзімінің аяқталуы болып табылады.
15. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде, тексерілетін мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шаралар қабылданады.
3-тарау. Қашықтан бақылау жүргізу тәртібі
16. Қашықтан бақылау ЖАО-ға бармай мынадай жолдармен жүргізіледі:
1) мемлекеттік цифрлық жүйелерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған деректерді, тексерілетін мемлекеттік орган ұсынған есептілікті және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да құжаттарды мониторингілеу, талдау және салыстыру;
2) қашықтықтан бақылау мәніне қатысты қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау салу..
Сұратылған ақпаратты мерзімінде ұсынбау не толық емес ақпарат ұсыну кезінде "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 462-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болып табылады. .
17. Қашықтан бақылау жүргізу нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай электрондық құжат айналымы арқылы осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша бұзушылық анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тексерілетін мемлекеттік органға жолданатын қашықтықтан бақылау нәтижелері туралы акт жасалады.
18. Қашықтан бақылау актісінде көрсетілген бұзушылықтарды жою мерзімі электрондық құжат айналымы арқылы қашықтықтан бақылау нәтижелері туралы актіні тапсырған күннен бастап кемінде он жұмыс күнін құрайды.
19. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексерілетін мемлекеттік орган сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жою фактісін растайтын материалдарды (фото және бейнематериалдар, құжаттар және т.б.) қоса бере отырып, ақпарат беруге міндетті.
20. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылмаған жағдайда, сол сияқты осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес белгіленген мерзімде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылмаған жағдайда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторлары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
21. Қашықтан бақылау жүргізу барысында Кодекстің 49-бабында көрсетілген өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда, қашықтықтан бақылау тоқтатылады және Кодекстің 49-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалады.
4-тарау. Бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша ден қою шаралары
22. Тексеру және (немесе) қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде, ЖАО орындау үшін міндетті бұзушылықтарды жою туралы талаптар береді.
23. Тексеру және (немесе) қашықтықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар орындалмаған жағдайда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган тексерілетін мемлекеттік органды тексеру және (немесе) қашықтықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарды орындауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
24. Тексерілетін мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген талаптарды жүйелі түрде орындамау немесе тиісінше орындамау фактілері анықталған кезде, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың әкіміне заңдылықтың, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізеді.
5-тарау. Уәкілетті органның лауазымды тұлғасының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
25. Тексерілетін мемлекеттік органның құқықтары мен заңды мүдделері тексеру және (немесе) қашықтықтан бақылауды жүзеге асыру кезінде бұзылған жағдайда, тексерілетін мемлекеттік орган сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторларының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
26. Уәкілетті органның лауазымды тұлғасының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды тұлғаға) беріледі.
27. Шағым беру тексеру және (немесе) қашықтықтан бақылау нәтижелері туралы актінің орындалуын тоқтатпайды.
| Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларына 1-Қосымша |
Жоспарлы / жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы акт "____"________20____жылғы №______
1. Мемлекеттік органның атауы
2. Тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (тұлғалардың) тегі, аты, әкесінің аты
(ол болған кезде)және лауазымы
___________________________________________________________________
3. Профилактикалық бақылау, тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар,
консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер
_______________________________________________________________
4. Тексерілетін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері, бизнес-
сәйкестендіру нөмірі
____________________________________________________________________
5. Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыс объектісінің атауы және
орналасқан жері (барған жағдайда)
_______________________________________________________________
6. Тағайындалған тексерудің негізі мен мәні
____________________________________________________________________
7. Тексеру түрі __________________________
8. Тексеру жүргізу мерзімі 20__жылғы "_"___ баастап 20__жыл "__"____ дейін
9. Тексерілетін кезең 20_жылғы "__"_____ бастап 20___жылғы "_"______ дейін
10. Тексерілетін мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері:
Тексерілетін мемлекеттік орган тексеруді жұзеге асыру кезінде құқылы:
1) тексеру жүргізу үшін келген сәулет қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторлары мына жағдайларда тексеруге жіберілмейді:
тексеруді тағайындау туралы актіде (ол болған кезде мерзімді ұзарту, тоқтата тұру, қайта жаңарту туралы қосымша актіде) көрсетілген мерзімдер осы бапта белгіленген сәйкес келмейтін мерзімдерден асып кеткен не өткен;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бұрын сол бір мәселе бойынша және сол бір кезеңде тексеру жүргізілгенге қатысты тексерілетін мемлекеттік органға тексеру тағайындаған;
тиісті өкілеттігі жоқ адамдарға тексеруді жүргізу тапсырмалары;
2) егер олар жүргізілетін тексерудің нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпаса, құжаттар мен мәліметтерді ұсынбауға;
3) тексеру нәтижелері туралы актіге, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Тексерілетін мемлекеттік орган:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторларының тексерілетін мемлекеттік органның аумағы мен үй-жайларына, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан құрылыс объектісіне (барған жағдайда) кедергісіз қолжеткізуін қамтамасыз етуге;
2) заңмен қорғалатын құпияның талаптарын сақтай отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторларына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ тексеру мәніне сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
4) тексеру жүргізу үшін келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
11. Актіге қол қоюға уәкілетті тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) және қолтаңбасы
___________________________________________________________________
12. Тексерілетін мемлекеттік орган басшысының немесе оның уәкілетті тұлғасының
тексеру тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолы
____________________________________________________________________

| Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларына 2-қосымша |
Тексеру мерзімдерін ұзарту / тоқтата тұру/қайта бастау туралы қосымша акт 20____жылғы "____"______ №____
1. Мемлекеттік органның атауы
_______________________________________________________________
2. Тексеру жүргізуге уәкілетті тұлғаның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты
(ол болған кезде) және лауазымы
_______________________________________________________________
3. Тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар
туралы мәліметтер
_______________________________________________________________
4. Тексерілетін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері, бизнес-
сәйкестендіру нөмірі
_______________________________________________________________
_______________________________________________________________
6. Тексеру жүргізу мерзімі 20_ жылғы "_" ____бастап 20_жылғы "_" ____ дейін
7. Тексеру 20___ жылғы "__" __________ бастап 20____жылғы "__" ___________
дейін тоқтатыла тұрады (тексеруді тоқтатыла тұрған кезде толтырылады).
8. Тексеру 20_____ жылғы "__"___ бастап 20___ жылғы "___" _____ дейін ұзартылды
/ жаңартылды
9. Актіге қол қоюға уәкілетті тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және қолы

| Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларына 3-Қосымша |
Тексеру/қашықтан бақылау нәтижелері туралы акт
20 __ жылғы "____"___________ | №_____ | |||
_____________________ | уақыт _____ | |||
акт жасау орны | ||||
1. Бақылау және қадағалау органының атауы
____________________________________________________________________
1. Тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі
(тексеру жүргізу кезінде толтырылады)
_______________________________________________________________
3. Тексеру/бақылау жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты
(бар болса) және лауазымы
______________________________________________________________
4. Тексерілетін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері
__________________________________________________________________
5. Қашықтықтан бақылау жүргізудің негізі мен мәні (қашықтықтан бақылау жүргізу
кезінде толтырылады)
6. Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан құрылыс объектісінің атауы
және орналасқан жері (барған жағдайда) ___________
7. Тексеру / бақылау жүргізу күні, орны және кезеңі
8. Тексеру/бақылау нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар
туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер:
№ | Анықталған бұзушылықтар, бұзушылықтардың сипаты | Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою туралы нұсқаулар |
1. | ||
2. |
9. Тексеру/қашықтықтан бақылау жүргізген (жүргізген) лауазымды адамның
(адамдардың) қолы
_______________________________________________________________
