Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 77-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары қызметінің тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр генерал-майор | Ш. Әрінов |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 15 тамыздағы № 329 бұйрығымен бекітілген |
Азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары қызметінің тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 77-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссияларының тәртібін айқындайды.
2. Азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары (бұдан әрі – тұрғын үй комиссия) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органда (бұдан әрі – ТЖМ), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарында, сондай-ақ ТЖМ-нің қарамағындағы мемлекеттік мекемелерінде (бұдан әрі – мемлекеттік мекемелер) құрылатын, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері мен жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, тұрақты негізде жұмыс істейтін алқалық орган болып табылады.
3. Тұрғын үй комиссиясының құрамы мемлекеттік мекемелердің бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.
4. Тұрғын үй комиссиясы кемінде бес адамнан тұратын тақ саннан қалыптастырылады.
5. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үй комиссиясының төрағасынан, тұрғын үй комиссиясының мүшелері мен хатшысынан тұрады.
Тұрғын үй комиссиясының құрамына:
тұрғын үй комиссиясының төрағасы;
заң қызметінің басшысы (өкілі);
қаржы қызметінің басшысы (өкілі);
кадр қызметінің басшысы (өкілі);
мемлекеттік мекеменің өкілдері кіреді.
Тұрғын үй комиссиясының төрағасы және мүшелері уақытша болмаған жағдайда, оларды ауыстыру қағидаты бойынша лауазымдық нұсқаулықтар мен міндеттерді бөлуге сәйкес басқа қызметкерлермен алмастыруға жол беріледі.
6. Тұрғын үй комиссиясының төрағасы:
1) ТЖМ-де – ТЖМ аппаратының басшысы;
2) аумақтық органдарда – аумақтық орган басшысының бірінші орынбасары;
3) мемлекеттік мекемелерде – мемлекеттік мекеме басшысы (әскери бөлімдер үшін – әскери бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары, ТЖМ арнайы оқу орны үшін – ТЖМ арнайы оқу орны бастығының саптық, тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары) болып табылады.
7. Тұрғын үй комиссиясының хатшысынан басқа, тұрғын үй комиссиясының барлық мүшелері дауыс беруге құқылы.
8. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы – тұрғын үй комиссиясының отырысына материалдарды дайындауды қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме бөлімшесінің қызметкері немесе әскери қызметшісі немесе жұмыскері қатарынан тағайындалады және дауыс беруге құқығы жоқ.
2-тарау. Тұрғын үй комиссиясының міндеттері мен функциялары
9. Тұрғын үй комиссиясының негізгі міндеті мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілеріне және жұмыскерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үй беру, жекешелендіру не айырбастау туралы, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру мен қайта бастау және азаматтық қорғау органдарының әскери қызметшілеріне ақшалай өтемақыны жүзеге асыру туралы заңды шешім қабылдау болып табылады.
10. Тұрғын үй комиссиясының функциялары:
1) тұрғын үйге мұқтаж деп тану, мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің балансындағы қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру немесе айырбастау туралы өтінішпен жүгінген қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, азаматтық қорғау органдары жұмыскерлерінің (бұдан әрі – үміткерлер) және олардың отбасы мүшелерінің өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз ету;
2) тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін, тағайындалуын, қайта есептелуін, жүзеге асырылуын, тоқтатылуын, тоқтатылуын және қайта басталуын есептеу және ақшалай өтемақыны жүзеге асыру жөніндегі өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз ету;
3) ұсынылған құжаттарды тексеру және қарау;
4) өтініштерді қанағаттандыру туралы не дәлелді бас тарту туралы шешім шығару;
5) тұрғынжайды жалдау (қосымша жалдау) шартының жасасу мәселесін қарау;
6) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан үміткерлер және олардың жылжымайтын мүлкі туралы ақпарат алу;
7) істерді (материалдарды) сақтау және жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгіленген өзге де мәселелер болып табылады.
3-тарау. Тұрғын үй комиссиясы қызметінің тәртібі
11. Тұрғын үй комиссиясы қажеттілікке қарай, бірақ айына кемінде бір рет.
12. Тұрғын үй комиссиясының шешіміне дауыс беру құқығы бар тұрғын үй комиссиясының мүшелері қол қояды.
Дауыс беруге құқығы бар тұрғын үй комиссиясының мүшелері тұрғын үй комиссиясының шешімінде көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жауап береді.
Шешім әрбір үміткер бойынша жеке қабылданады.
13. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) еркін нысанда жүргізеді. Хаттамаға тұрғын үй комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.
14. Дауыс беруге құқығы бар тұрғын үй комиссиясының мүшелері өздерінің ерекше пікірін жазбаша баяндап, оны хаттамаға қоса тіркей алады, бұл туралы соңғысында белгі қойылады.
15. Тұрғын үй комиссиясының шешімдері көпшілік дауыспен дауыс беру арқылы қабылданады.
16. Тұрғын үй комиссиясының шешімі оның отырысына қатысқан мүшелерінің үштен екісі дауыс берген жағдайда заңды болып саналады.
Дауыстар тең болған жағдайда тұрғын үй комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
17. Тұрғын үй комиссиясы мемлекеттік мекеме таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде өз қызметін тоқтатады.