Шымкент қаласының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасын бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы № 31/281-VIII шешiмi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-15-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шымкент қаласының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы осы шешімге қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласы
      мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов

  Шымкент қаласы мәслихатының
2025 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 31/281-VIII шешіміне
қосымша

Шымкент қаласының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы

      1. Бағдарлама паспорты

      2. Кіріспе

      3. Ағымдағы ахуалды талдау

      4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және оны жүзеге асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      5. Бағдарламаны іске асыру тетіктері мен критерийлері

1-бөлім. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның атауы

Шымкент қаласының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіз

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-9-тармағының 5) тармақшасы

Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

"Шымкент қаласының құрылыс басқармасы" мемлекеттік мекемесі

Бағдарламаның мақсаты

Шымкент қаласының тұрғын үй қорын жаңарту

2-бөлім. Кіріспе

      1. Шымкент қаласының тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы (әрі қарай – Бағдарлама) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-9-тармақтарының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Бағдарламада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) реновациялау – адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс объектілерінің пайдаланылу жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ осындай объектілерді реконструкциялау (күрделі жөндеу), реставрациялау немесе ескірген және (немесе) авариялық құрылыс объектілерін бұза отырып, жаңа құрылыс объектілерін салу, тұрғызу арқылы елді мекеннің сәулеттік келбетіне сәйкес келтіруге бағытталған құрылыс объектілерін, оның ішінде ескірген және (немесе) авариялық құрылыс объектілерін жаңарту жөніндегі шаралардың кешені;

      2) авариялық көппәтерлі тұрғын үй – негізгі тіреуіш конструкциялары (іргетастары, бағаналары, тіреуіш қабырғалары, арқалықтары, жабындылары) тіреуіш қабілетін жоғалтқан және одан әрі пайдалану тұратын (болатын) адамдардың өміріне қауіп төндіретін, ғимараттар мен құрылыс жайлардың беріктігін және орнықтылығын техникалық қадағалауды және техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыруға аккредиттелген заңды тұлғаның қорытындысымен қалпына келтіруге жатпайды деп танылған көппәтерлі тұрғын үй;

      3) тұрғын үйдің табиғи тозуы – табиғи, климаттық және өзге де факторлар әсерінің нәтижесінде бастапқы техникалық-пайдаланушылық қасиеттерін (төзімділігін, орнықтылығын, беріктігін және басқаларды) жоғалту;

      4) үйлер мен ғимараттардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау – сараптама жұмыстарының нәтижесінде үйлер мен ғимараттардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі, үйлер мен ғимараттардың сенімділігі және орнықтылығы, оларды кейіннен пайдалану мүмкіндігі, объектідегі күрделі жөндеу жұмыстарының құрамы мен көлемін, оларды жаңғырту және реконструкциялауды, сондай-ақ нысаналы мақсатындағы өзгерісті анықтау үшін уақытында болатын өзгерістерді ескере отырып, конструкциялар сапасының нақты көрсеткіштерінің сандық бағалауын алу айқындалатын сараптама жұмыстарының түрі;

      5) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестицияларды, сондай-ақ өте маңызды объектілерге немесе жалпыелдік маңызы бар жобаларға бағытталған инвестицияларды көздейтiн iс-шаралар кешенi;

      6) бұзу – бөлшектеу немесе қирату жолымен құрылыстарды немесе құрылыс элементтерін толық немесе ішінара жою;

      7) тұрғын үй қоры – Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық меншік нысанындағы тұрғынжайлар;

      8) тұрғын үй қоныс аудару қоры – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымға және/немесе инвесторға (құрылыс салушыға) тиесілі, реновациялауға жататын тұрғын үй иелерін қоныстандыруға арналған тұрғын үй-жайлар жиынтығы.

      3. Бағдарлама апатты (ескі) тұрғын үйлерді бұзу және олардан Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіппен азаматтарды көшіру жолымен Шымкент қаласындағы "ескі" кварталдарды кешенді реконструкциялауды көздейді.

      4. Бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі – 2030 жылға дейін, нәтижесінде Шымкент қаласында апатты (ескі) тұрғын үйлер санын азайтуға жоспарлануда.

      5. Реновациялауға жататын объектілердің тізбесі, мерзімдері мен кезектілігі жергілікті атқарушы органмен (әрі қарай – ЖАО) айқындалады.

      6. Бағдарлама жобаларын жүзеге асыру және қаржыландыру үшін ЖАО әкімшіні, уәкілетті ұйымды тағайындайды.

3-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау

      7. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Шымкент қаласының тұрғын үй қоры 2 595 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды, оның ішінде:

Жалпы саны

1930-1960 жж.

1961-1991 жж.

1992-2000 жж.

2001-2025 жж.

2 595

339

1 296

219

741


Жалпы саны

Монолит

Кірпіш

Панель

Каркас

2 595

592

961

1 018

24

4-бөлім. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері көрсеткіштері

      8. Бағдарламаның мақсаты реновациялау объектілерінің моральдық және физикалық тозуын азайту, апатты (ескі) тұрғын үйлерді жою болып табылады, бұл өз кезегінде азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін жақсартуға және экономикалық, әлеуметтік және басқа да қоғамдық мүдделерді ескере отырып аумақтың тұрақты дамуына, өмір сүру үшін қолайлы орта құруға және аумақты абаттандыруға, сондай-ақ, Шымкент қаласының жаңа, заманауи бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді.

      9. Бағдарламаның міндеттері:

      1) тозу деңгейін ескере отырып Шымкент қаласының аумағындағы апатты (ескі) тұрғын үйлерді реновациялау;

      2) энергия тиімді көппәтерлі тұрғын үйлер салу, олардың пайдалану шығындарын төмендету;

      3) құрылысқа бюджеттен тыс қаражат тарту механизмдерін дамыту;

      4) бастапқы алаңдарды құру арқылы инвесторларды тартуға қолайлы жағдай жасау;

      5) реновациялауды талап етілетін аумақтарда жер учаскелерін кешенді құрылыс салу жұмыстарын үйлестіру;

      6) тұрғын үй құрылысы және аумақтық даму саласында қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру.

      10. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелерінің көрсеткіштері:

      1) апатты (ескі) тұрғын үйлерді бұзу;

      2) бұзылған апатты (ескі) үйлердің орнына жаңа көппәтерлі тұрғын үйлер салу;

      3) қаланың сәулеттік келбетін жақсарту;

      4) инженерлік желілер мен коммуникацияларды жаңғырту және дамыту;

      5) реновациялау объектілердің аумақтарың абаттандыру және көгалдандыру арқылы аудандардың экологиялылық деңгейін жоғарлату;

      6) жұмыс орындарын көбейту және салық түсімдерінің көлемің ұлғайту.

5-бөлім. Бағдарламаны іске асыру тетіктері мен критерийлері

      11. Бағдарламаны іске асыру әкімшісі "Шымкент қаласының құрылыс басқармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Әкімші) болып табылады. Уәкілетті ұйым "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы (әрі қарай – Уәкілетті ұйым) болып табылады.

      12. Бағдарламаның жобаларын қаржыландыру жеке инвестицияларды тарту, оның ішінде мемлекеттік-жеке серіктестік механизмдері арқылы, қаржы институттарының қарыздарын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттарын тарту, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен, сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында тұрғын және тұрғын емес бөлмелерді сатудан түскен кірістер арқылы жүзеге асырылады.

      13. Реновациялауға жататын объектілердің тізбесін (әрі қарай – объектілердің тізбесі) ЖАО тұрғын үй қорының құрылыс конструкцияларының тозуын, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ сараптамалық ұйымның қорытындысы негізіндегі тұрғын үй-жай иелерінің пікірін ескере отырып айқындайды. Бағдарлама жобаларын іске асыру жұмысын Әкімші үйлестіреді.

      14. Бағдарламаға қосылу үшін авариялық (ескі) жағдайдағы жеке тұрғын үйлердің иелері сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып ЖАО-ға жүгінеді.

      15. Бағдарламаның жобаларын қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін, көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес бөлмелердің иелері жиналыс барысында көпқабатты тұрғын үйді ренавациялау бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға байланысты жұмыстарды жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      Жиналыс Шымкент қаласындағы аудан әкімінің аппараты, Әкімшінің және/немесе Уәкілетті ұйымның бастамасымен шақырылады.

      16. Пәтерлер мен тұрғын емес бөлмелер иелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқанда жиналыс шешім қабылдауға құқылы. Жиналыстың шешімі, егер оны пәтерлер мен тұрғын емес бөлмелердің қатысып отырған тұрғын үй иелерінің үштен екісі қабылдаса, заңды болып табылады.

      Егер бұрын келу тәртібімен жарияланған жиналыс кворумның болмауына байланысты өтпесе, жиналыс жазбаша сауалнама арқылы өткізіледі. Жазбаша сауалнаманы өткізу және оның мерзімдері туралы шешімім үй кеңесімен қабылданады.

      Үй кеңесі жазбаша сауалнама арқылы пәтерлер мен тұрғын емес бөлмелер иелерінің арасынан жиналысты ұйымдастыру үшін бастамашылық тобын анықтауға құқылы.

      17. Реновациялау нысанының тұрғын және тұрғын емес бөлмелер иелерінің келісімі болмаған жағдайда (бағдарламаға қатысуға, ықтимал инвестормен жұмыс істеуге) инвестициялық жобаның іске асырылуы тоқтатылады.

      18. Объектіні, ғимаратты (үй-жайды), тұрғын үйді Бағдарламаға енгізу туралы шешім қабылданғанға дейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар (әрі қарай – атқарушы органдар), Уәкілетті ұйыммен бірлесіп, реновациялауға жататын әрбір нысан бойынша ақпарат пен мәліметтер жинақтайды.

      Атқарушы органдар, Шымкент қаласындағы аудан әкімдерінің аппараттары (әрі қарай – аудан әкімдерінің аппараттары), орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері және "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорация" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы (әрі қарай – Мемлекеттік корпорация) Бағдарлама жобаларын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдайды, сонымен қатар, Әкімші немесе Уәкілетті ұйымның сұраулары негізінде, Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген мерзімдерде қажетті ақпаратты ұсынады, оның ішінде:

      1) аудан әкімдерінің аппараттары – тұрғын үйді реновациялауға қатысты тұрғындардың шешімін көрсететін тұрғындар жалпы жиналысының хаттамасын ұсынады;

      2) Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы инвестормен бірлесе әзірленген және келісілген жоспарланған тұрғын үйдің эскиздік жобасын ұсынады;

      3) жер ресурстарын басқару саласындағы орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі жаңа тұрғын үйді абаттандыруға қажетті жапсарлас жер учаскелерді көрсете отырып жер кадастрынан үзіндіні ұсынады;

      4) Мемлекеттік корпорация – көпқабатты тұрғын үйдің техникалық сипаттамалары (үйдің (пәтерлердің) және жер учаскесінің жалпы алаңы, меншік иелерінің саны, ауыртпалықтар туралы мәлімет) туралы ақпарат;

      5) Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы:

      коммуникацияларды жүргізу үшін техникалық шарттарды беру, инфрақұрылымды тарту және жобаланатын тұрғын үй үшін қажетті қуатты арттыру бойынша шаралар қабылдайды;

      Шымкент қаласының Бас жоспарына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы мен қала құрылыстық регламенттері нормативтерінің талаптарына сәйкес магистральды инженерлік коммуникацияларды дамытуды қарастырады;

      тұрғын үйдің қолданыстағы инфрақұрылымы және оның қуатын арттыру мүмкіндіктері туралы ақпаратты, су, газ, электр, кәріз және басқа да жүйелеріне жақын қосылу нүктелері туралы мәлімет ұсынады;

      6) тиісті атқарушы органдар, аудан әкімдерінің аппараттары Бағдарлама жобаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес рұқсат құжаттарды алуға ықпал етеді.

      19. Қажетті ақпарат жинақталғаннан кейін, Уәкілетті ұйым реновациялау объектілері бойынша ақпараттық құжат (досье) дайындайды.

      Ақпараттық құжат (досье) Шымкент қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында (әрі қарай – интернет-ресурс) орналастырылады.

      Ықтимал инвесторларды тарту үшін ақпарат интернет-ресурста орналастырылған ақпарат тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      20. Инвестор интернет-ресурста орналастырылған ақпараттан басқа, жазбаша түрде нысан бойынша қосымша қажетті ақпаратты сұрата алады.

      21. Жеке инвестицияларды тарту Уәкілетті ұйым мен басқа да атқарушы органдардың басымды міндеті болып табылады.

      22. Мүдделілік білдірген жағдайда инвестор ынтымақтастық туралы меморандум (келісім) жасау үшін Әкімшіге немесе Уәкілетті ұйымға өтінім береді.

      23. Ынтымақтастық туралы меморандум (келісім) барлық жауапты атқарушы органдармен келісілген, нысанды реновациялау бойынша қажетті іс-шаралар көрсетілген егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарын қамтиды.

      24. Ынтымақтастық туралы меморандум (келісім) жасалғаннан кейін 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде инвестор ұсынған шарттармен таныстыру үшін Уәкілетті ұйым инвестор және аудан әкімі аппаратының өкілдерімен бірлесіп авариялық (ескі) тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес бөлмелері иелерімен жалпы жиналыс ұйымдастырады. Бұл ретте, пәтерлер, тұрғын емес бөлмелер иелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқанда жиналыс шешім қабылдауға құқылы.

      25. Ынтымақтастық туралы меморандумның (келісімнің) барлық міндеттемелері орындалғаннан кейін және тұрғын үй иелерінің Бағдарламаға қатысу туралы мақұлдауын алғаннан кейін, Уәкілетті ұйым жобаны іске асыру бойынша инвестормен бірлескен қызмет туралы шарт (әрі қарай – Шарт) жасасады.

      26. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі тараптардың міндеттері

      Уәкілетті ұйым:

      1) инвесторға реновациялау объектілері туралы ақпарат ұсынады;

      2) реновациялау объектілері иелерімен өтетін түсіндіру жиналыстарына қатысады;

      3) инвесторды ЖАО-мен жұмысында алып жүреді;

      4) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті техникалық шарттарды алуға ықпал етеді;

      5) коммуникацияларды жүргізу, инфрақұрылымды тарту және жобаны іске асыруға қажетті қуаттылықтарды арттыру үшін техникалық шарттарды ықпал жасайды;

      6) қажет болған жағдайда, жобаға қаржыландыру, сондай-ақ, тұрғын үй қоныс аудару қоры ретінде активтер ұсыну арқылы қатысады.

      Инвестор:

      1) тұрғын үй құрылысы, сонымен қатар тұрғындарды авариялық (ескі) үйлерден салынып жатқан үйлерге көшіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу кестесін ұсынады;

      2) Әкімші және Уәкілетті ұйыммен бірлесіп, авариялық (ескі) үйлердің тұрғындарымен жұмыс жүргізеді, атап айтқанда: ақпараттандыру, жиналыстар өткізу, көшіру, қабатын және пәтерлерді анықтау, қоныстану мерзімдерін келісу;

      3) реновацияға жататын авариялық (ескі) үйлерді бұзу;

      4) жоспарланған тұрғын үйдің эскиздік жобасын әзірлейді және келіседі;

      5) құрылыс уақытына инвестор есебінен уақытша баспана немесе тұрғын үй құрылысы аяқталғанша уақытша пәтерді жалға алу үшін ай сайынғы ақшалай өтемақы ұсынады;

      6) Шартпен қарастырылған Бағдарламаны іске асыру кестесіне сәйкес тұрғын үйлер мен іргелес аумақтардың құрылысын жүргізеді және оларды тапсырады;

      7) тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін, ұсынылған құжаттардың негізінде әр тұрғын үй иесімен нотариалды куәландырылған айырбастау, меншік құқығына шартқа қол қойылуын қамтамасыз етеді;

      8) тұрғын үй және тұрғын емес үй-жайларды алаңы бойынша тең көлемде, бірақ кемінде бір бөлмелі пәтерлермен айырбастауды жүзеге асырады және қоныстануды қамтамасыз етеді;

      9) жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге кірме автомобиль жолдарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлейді және құрылыс салу схемасына сәйкес құрылысты жүзеге асырады;

      10) жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді және құрылыс кезеңдеріне сәйкес жүзеге асырады;

      11) үйлердің астындағы жер учаскелерін иеліктен шығармай, реновациялау аумағына егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлейді.

      27. Жасасқан Шарт негізінде Уәкілетті ұйым инвестормен бірлесіп әр тұрғын үй және тұрғын емес үй-жай иесімен үш жақты келісім жасасады, онда инвестордың жаңа тұрғын үй және құрылыс кезеңіне уақытша баспана ұсыну міндеттемелері мен кепілдіктері бекітіледі.

      28. Бағдарлама жобаларын қаржыландыру жеке инвестицияларды тарту, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы, қаржы институттарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздары, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар, Бағдарламаны іске асыру барысында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түскен кірістер арқылы жүзеге асырылады.

      29. Әкімші тұрғын үй иелерімен мыналарды көздейтін жұмыстарды жүргізеді: ақпараттандыру, жиналыстар өткізу, көшіру, қабаттардың биіктілігі мен пәтерлерді анықтау, қоныстану мерзімдерін келісу.

      30. Бағдарлама жобаларын іске асыру шеңберінде Әкімші жобаны қайта инвестициялау немесе ескірген тұрғын үйді реновациялау мақсатында нарықта өткізу үшін коммерциялық үй-жайлары мен паркингтері бар шағын габаритті тұрғын үй және жайлылығы І-IV класты тұрғын үй салуы мүмкін.

      31. Тұрғын үй жалпы ауданының құрылыс құны тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамасына кешенді ведомстволық емес сараптаманың оң қорытындысы негізінде айқындалады.

      Тұрғын үйдің жалпы ауданының 1 шаршы метрін сату құны салынып жатқан тұрғын үйдің жайлылық деңгейімен және іске асыру кезіндегі жылжымайтын мүлік нарығының қалыптасқан конъюнктурасымен айқындалатын болады, бірақ құрылыс құнынан төмен емес.

      32. Ішкі және халықаралық қаржы нарықтары қаражатын тарту барысында "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ) еншілес ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бағдарлама жобаларына Әкімшімен бірге қатыса алады.

      33. Бағдарлама мақсатына қол жеткізу үшін Уәкілетті ұйым өзінің меншігіндегі пәтерлерді реновациялауға жататын объектілердегі пәтерлерге осы Бағдарлама талаптарын сақтай отырып айырбастауы мүмкін.

      34. Уәкілетті ұйым реновациялау объектісінің тұрғын үй иелеріне реновациялауға жататын объекті пәтерінің ауданына тең мөлшерінде, таза әрлеудегі пәтерлерді ұсынады.

      Егер Уәкілетті ұйымның балансында ауданы тең мөлшеріндегі, таза әрлеудегі пәтерлер болмаған жағдайда, Уәкілетті ұйым, меншік иесі аудандар мөлшерлеріндегі айырма құнын өтеу (қосымша төлеу) шартымен айырбастау үшін ауданы үлкен пәтер ұсына алады.

      Айырбастау Уәкілетті ұйымның балансындағы пәтердің баланстық құны бойынша жүзеге асырылады.

      35. Пәтерлерді таратуды реновациялау объектісі туралы деректер мен Уәкілетті ұйым ұсынған Уәкілетті ұйымның балансындағы пәтерлер тізімі негізінде Әкімші жүзеге асырады.

      36. Бағдарламаға енгізілген реновациялау объектілері тұрғын үй-жайларының иелеріне ауданы жағынан шамалас, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес жаңа пәтерлер беріледі. Тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне оның құны өтеледі.

      37. Тұрғын емес үй-жайдың иесі төленетін құнымен келіспеген жағдайда өткізілетін мүлік үшін өтемақы салынып жатқан объектілердегі ауданы жағынан шамалас тұрғын емес үй-жайлар беру арқылы қарастырылады.

      38. Тұрғын және тұрғын емес үй жайлардың мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құрылыс нормаларына сай, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілермен белгіленген талаптарға сәйкес жақсартылған әрлеуде болуы;

      2) мүгедектігі бар адамдардың және жүріп-тұруы шектеулі азаматтар топтарының қажеттілігін ескере отырып көппәтерлі үйлерде, сонымен қатар, пәтерлердің ішінде жайлы орта құру.

      39. Авариялық (ескі) көппәтерлі үйлер тұрғындарының тұрғын жағдайларын жақсарту мақсатында, айырма құнын өтеу (қосымша төлеу) шартымен олар ұсынған авариялық (ескі) үйлердегі пәтерлерге қарағанда бөлмелері көп жаңа пәтерлерге көшуге рұқсат етіледі.

      40. Жаңа көппәтерлі үйлер салу үшін жер телімі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қала құрылысы жобалау нормативтері және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен айқындалған басқа талаптарға сәйкес авариялық (ескі) көппәтерлі тұрғын үйдің бұзу алаңы коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуі тиіс.

      41. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында азаматтардың жайлы тұру ортасын құру, оның ішінде аумақты абаттандыруға қосымша талаптар қою, көше-жол желісін, автотұрақ орындарын, фасад аймағындағы тротуарларды қалыптастыру, аулаішілік және кварталішілік жасыл аймақтарды ұйымдастыру секілді шараларды Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамалық нормаларына сәйкес жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      42. Бағдарламаға енген тұрғын үй иелеріне құрылыс кезеңінде инвестордың қаражаты есебінен уақытша тұрғын үй беріледі немесе тұрғын үй аяқталғанға дейін уақытша тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы ақшалай өтемақы төленеді.

      Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған жағдайда, уақытша тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы төленбейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады