Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 27 сәуірдегі № 284-VIII ҚРЗ

      2024 жылғы 13 қарашада Бакуде жасалған Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯНЫ ӨНДІРУ ЖӘНЕ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

      Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)

      өздерінің арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарына сүйене отырып және халықаралық қатынастардағы өзара түсіністікті, диалогты, сенімді, тілектестікті және ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін растай отырып,

      бір-бірінің егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық деңгейде танылған мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын құрметтей отырып,

      энергетика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға және оны ортақ қызығушылық тудыратын жаңа салалардағы қатынастарды кеңейту арқылы сапалы жаңа деңгейге көтеруге ниет білдіре отырып,

      Еуропада, Орталық Азия мен Каспий өңірінде энергия тасымалдаушылар жеткізілімдері мен транзиттік маршруттарды әртараптандыруға ықпал ететін энергетикалық инфрақұрылым саласындағы жаңа бастамаларды бірлесіп іске асырудың маңыздылығын түсіне отырып,

      үшжақты экономикалық ынтымақтастықтың басымдығы ретінде энергетикалық қауіпсіздіктің, Еуропаға және басқа да өңірлерге энергия тасымалдаушылар жеткізілімдері мен транзиттік маршруттарды әртараптандырудың стратегиялық бағыты болып табылатын жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап көрсете отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына сәйкес 2015 жылы қабылданған Париж келісімі шеңберінде нысаналы көрсеткіштерді ескере отырып, белгіленген парниктік газдар шығарындыларын қысқарту ниеті туралы мәлімдей отырып,

      парниктік газдар шығарындыларын "жасыл" инвестициялар арқылы, әсіресе жаңартылатын энергия өндіретін қуатта тез, терең және тұрақты қысқартуға ұмтыла отырып, осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу және оның толық орындалуын қамтамасыз ету үшін төмен көміртекті дамудың ұзақ мерзімді стратегияларын әзірлеуде ынтымақтасуға ниет білдіре отырып,

      Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы, Еуропа және басқа да өңірлер арасында жаңартылатын энергия көздерінің қолда бар әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану және экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамыту мақсатында Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытуда табандылық таныта отырып, жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіруде өзінің шешуші рөлін арттыруға және жасыл энергияның орнықты экспорты мен ауқымды стратегиялық энергетикалық экспансия мақсатында Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы энергия жүйелерінің өзара байланысын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      2024 жылғы 1 мамырда Ташкентте қол қойылған Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерін назарға ала отырып,

      өзара пайда негізінде өздерінің заңнамалары шеңберінде және халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес жаңартылатын, экологиялық таза энергиями, экологиялық таза сутегіні және экологиялық таза аммиакты өндіру, тасымалдау және саудалау; электр энергиясын транзиттік беру және жеткізу; энергия тиімділігі және көміртексіздендіру саласында қажетті шараларды жүзеге асыруға, Тараптар қажет деп санайтын жасыл энергетикаға көшудің осы және басқа салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ олардың энергетикалық қауіпсіздігі мен орнықты экономикалық өсуіне ықпал ететін энергетикалық инфрақұрылымның жаңа жобаларын іске асыруды қолдауға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Ынтымақтастық салалары

      1. Осы Келісімге сәйкес Тараптар құқықтық теңдік және өзара мүдде негізінде:

      экологиялық таза энергия көздеріне баса назар аудара отырып, таза және жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігін қоса алғанда, энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайтуда;

      жаңартылатын энергия көздөрінен өндірілген электр энергиясын беру және онымен жабдықтау саласында;

      экологиялық таза сутегі мен экологиялық таза аммиакты өндіру, тасымалдау және саудалау бойынша жобаларды айқындауда;

      электр энергиясының қауіпсіз, сенімді және үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды, әкімшілік қағидаларды және басқа да ұйымдастырушылық талаптарды айқындауда өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы Келісім энергетика секторында үшжақты ынтымақтастықты ғана қамтиды және Тараптар арасындағы қолданыстағы екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдер мен қызмет түрлерін қозғамайды.

2-бап

Жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі және сутегі

      1. Климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық іс-қимылда жасыл және экологиялық таза энергияның маңыздылығын атап көрсете отырып, Тараптар энергетикалық жүйелердің қауіпсіздігі деңгейі мен жеткізілім тұрақтылығын арттыру мақсатында жаңартылатын энергия, энергия тиімділігі, экологиялық таза сутегі мен экологиялық таза аммиак саласындағы өзара ынтымақтастықты көтермелейді.

      2. Тараптар экологиялық таза энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Еуропаға және басқа да өңірлерге беру жене жеткізу саласында бірлесіп ынтымақтасады.

      3. Тараптар жаңа технологияларды қолдану жене энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты қолдайды.

      4. Тараптар экологиялық таза энергия көздерін өндіру, тасымалдау және саудалау саласындағы қызмет үшін мүмкіндіктерді айқындайды.

      5. Тараптар өз үкіметтері мен инвесторларын осы салалардағы жобаларды қолдау және дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге көтермелейді.

3-бап

Энергетикалық инфрақұрылым

      1. Экологиялық таза энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Еуропаға және басқа өңірлерге саудалауды кеңейту және беру үшін Тараптар қолданыстағы ішкі инфрақұрылымды кеңейтуді, сондай-ақ Тараптар арасындағы жаңа байланыс желілерін дамытуды қолдайды.

      2. Тараптар Қара теңіз суасты электр беру желісіне қосылуға байланысты техникалық және қаржылық мәселелерді зерделеу бойынша бірлескен жұмысқа қызығушылық білдіреді.

      3. Тараптар экологиялық таза сутегі мен экологиялық таза аммиакты транзиттеу үшін өздерінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалану немесе жаңаларын құру мүмкіндіктерін зерттейді.

4-бап

Басқарушы комитет және жұмыс тобы

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін паритеттік негізде басқарушы комитет құрады, ол шешімдерін Тараптардың өзара келісуі бойынша қабылдайды.

      2. Басқарушы комитет жылына кемінде екі рет жиналады, Тараптардың құзыретті органдарының өтініші бойынша кезектен тыс отырыстар шақыра алады. Басқарушы комитеттің отырыстары ротация негізінде Тараптардың әрқайсысының аумағында өткізіледі. Қабылдаушы Тарап отырыста төрағалық етеді, отырыстың күн тәртібін ол басталғанға дейін екі апта бұрын ұсынады. Отырыс Тараптардың әрқайсысының делегациясы басшылары қол қойған хаттамамен аяқталады.

      3. Тараптар өздерінің құзыретті органдары мен тиісті мекемелерінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрады.

      4. Жұмыс тобы тиісті саладағы қызметті айқындауға, ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша жыл сайынғы ынтымақтастық жоспарларын әзірлейді және басқарушы комитетке бекіту үшін ұсынады.

5-бап

Құпия ақпарат

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықтан туындайтын құпия ақпарат немесе мәліметтер Тараптардың жазбаша келісімінсіз ашылмайды.

      2. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанына қарамастан, егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше келіспесе, Тараптар осы бапта жазылған ережелер мен міндеттемелерді орындауды жалғастырады.

6-бап

Басқа халықаралық келісімдерден туындайтын міндеттемелер

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерін қозғайтындай түсіндіріле алмайды және басқа мемлекеттердің мүддесіне, қауіпсіздігіне немесе аумақтық тұтастығына қарсы пайдаланыла алмайды.

7-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы шешіледі.

8-бап

Өзгерістер

      Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша кез келген өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын жекелеген хаттамалар түрінде ресімделеді жене осы Келісімнің 10-бабында көзделген төртіппен күшіне енеді.

9-бап

Депозитарий

      Өзербайжан Республикасы осы Келісімнің 8-бабында аталған хаттамаларды қоса алғанда, осы Келісімнің депозитарийі болып табылады. Депозитарий осы Келісімнің куәландырылған көшірмелерін барлық Тараптарға жібереді.

10-бап

Күшіне енуі, одан шығу жене қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады жене депозитарий барлық Тараптың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы басқа Тараптарға хабарлаган күннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Бұл жағдайда осы Келісім депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң осы Тарап үшін күшін жояды. Депозитарий кез келген Тараптың осы Келісімнен шығу ниеті туралы және осы Tapaп үшін осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күні туралы басқа Тараптарға хабарлайды.

      3. Тараптар осы Келісімді өзара жазбаша келісу бойынша бұза алады. Мұндай бұзу Тараптардың өздерінің осындай бұзу үшін қажетті ішкі рәсімдерінің аяқталғаны туралы соңғы хабарламасын депозитарий алған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.

      4. Егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше келіспесе, Тараптардың осы Келісімнен шығуы және оның қолданысын тоқтатуы осы Келісім шеңберінде қандай да бір ағымдағы бағдарламаларды және (немесе) жобаларды іске асыруға әсер етпейді.

      2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында әзербайжан, қазақ, өзбек және ағылшын тілдерінде жалғыз данада жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Түсіндіруде қандай да бір алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.

      Әзербайжан Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады