Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 386 бабы 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Майларды, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндірушілердің оларды өндіру үшін Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызын пайдалануын растау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
Министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
| 2026 жылғы 6 қазандағы № 253 бұйрығына қосымша |
Майларды, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндірушілердің оларды өндіру үшін Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызын пайдалануын растау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы майларды, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндірушілердің оларды өндіру үшін Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызын пайдалануын растау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 386-бабы 6-пунктінің 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және майларды, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндірушілердің оларды өндіру үшін тиісінше Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілген пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтардың, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызын пайдалануын растау тәртібін, сондай-ақ Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының растайтын құжаттарды ұсыну және қарау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – қоршаған ортаны қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) өндірушілер – Өндірілуі өзінен кейін мұндай өнімдердің (тауардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына жеке және заңды тұлғалар әкелетін жекелеген өнім (тауар) түрлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы № 689 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30484 болып тіркелген) сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдердің (тауарлардың) жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
3) өтініш беруші – осы Қағидаларда көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызын дербес пайдаланғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып өтініш жіберген өндіруші;
4) өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы (бұдан әрі – Оператор) – өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
5) тауар өндірушілер тізілімі – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясат саласындағы заңнамасында көзделген, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган қалыптастыратын, қазақстандық тауар өндірушілер және олар өндіретін қазақстандық тектегі тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі;
Осы Қағидаларда пайдаланылған ұғымдар мен анықтамалар Кодекске сәйкес қолданылады.
3. Екінші реттік шикізаттың кемінде отыз пайызын пайдалануды растау өнімнің (тауарлардың) әрбір түрі мен қалдықтардың тиісті түрі бойынша бөлек жүзеге асырылады:
1) майлар үшін – пайдаланылған май қалдықтары бойынша;
2) полимерлік қаптама үшін – пластмасса қалдықтары бойынша;
3) әйнек қаптама үшін – әйнек қалдықтары бойынша;
4) қағаз және (немесе) картон қаптама үшін – қағаз және картон қалдықтары бойынша;
5) аккумуляторлық батареялар үшін – пайдаланылған аккумуляторлық батареялар бойынша.
2-тарау. Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған майлардың, полимерлі, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамалардың, аккумуляторлық батареялардың өндірушілерінің құжаттарды ұсыну тәртібі
4. Өтініш беруші жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Операторға электрондық нысанда осы пунктте көзделген құжаттарды қоса бере отырып өтініш ұсынады. Ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың шынайылығы, толықтығы мен өзектілігі үшін жауаптылықты өтініш беруші арқалайды. Өтініш беруші мыналарды ұсынады:
1) тиісті екінші реттік шикізаттың кемінде отыз пайызын пайдалана отырып, тиісті өнімді (тауарларды) өндіру кезінде пайдаланылған майларды, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарын, пайдаланылған аккумуляторлық батареяларды пайдалану шарттары туралы мәліметтерді қамтитын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және (немесе) экологиялық рұқсатты және (немесе) "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін;
2) Кодекстің 337 және 336-баптарына сәйкес қызметтің тиісті кіші түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілгені туралы мәліметтерді және (немесе) қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге арналған лицензияны;
3) өтініш берушінің өндірілетін өнімнің (тауардың) тиісті түрі бойынша тауар өндірушілер тізіліміне енгізілгенін растайтын құжатты;
4) өндірушінің технологиялық регламенті. Технологиялық регламент деп пайдаланылатын бастапқы және екінші реттік шикізаттың (қалдықтардың) түрлерін, шикізаттың шығыс нормаларын, қалдықтарды өндіріске есептен шығару тәртібін, дайын өнімнің (тауардың) әрбір партия және (немесе) бірлігін алуды, сондай-ақ қалдықтарды өндірушінің жүзеге асырған кезде оларды қайта өңдеу бойынша операцияларды қоса алғанда, өнімді (тауардың) өндірудің технологиялық процесін сипаттайтын өндірушінің ішкі құжаты түсініледі;
5) қалдықтарды қайта өңдеуді жүзеге асыру үшін қажетті "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) бекітілген нысандарға сәйкес рәсімделген өндірушінің ұзақ мерзімді активтерінің түгендеу тізімдемесін;
6) қалдықтардың жиналғанын растайтын құжаттар:
- қабылдау-беру күні мен кіріске алынған қалдықтардың массасы туралы ақпаратты қамтитын қалдықтарды қабылдау-беру актілері;
- келіп түсуді растайтын құжаттар (электрондық шот-фактуралар, қалдықтар бөлігіндегі материалдық ведомость);
- өлшенген таразы жабдығы туралы деректер (өлшеу құралдарының атауы, типі мен сериялық нөмірі, шығарылған жылы) көрсетіле отырып, салыстырып тексерілген таразы жабдығында өлшеу нәтижелері туралы актілер;
- есепті кезеңде қолданыста болған, "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген таразы жабдығын салыстырып тексеру сертификаттары;
- бірінші басшы (уәкілетті тұлға) не оны алмастыратын тұлға қол қойған, кіріске алу күні, ЖҚО нөмірі және кіріске алынған қалдықтардың массасы туралы ақпаратты қамтитын жиналатын екінші реттік шикізатқа босалқыларды қабылдау ордерлері (бұдан әрі – ЖҚО) туралы бухгалтерлік есептің электрондық базасынан жиынтық ақпарат;
7) қалдықтарды тасымалдауды растайтын құжаттар:
- тауар-көлік жүкқұжаттары және (немесе) жол парақтары және (немесе) теміржол жүкқұжаттары;
8) қалдықтарды қайта өңдеуді растайтын құжаттар:
- бірінші басшы (уәкілетті тұлға) немесе оның орнындағы тұлға қол қойған, есептен шығару күні, актінің нөмірі, есептен шығарылған бастапқы шикізат қалдықтарының және бар болса, қосымша компоненттердің массасы мен атауы туралы ақпаратты қамтитын, өндіріске босатылған босалқыларды есептен шығару актілері (талап-жүкқұжаттар) бойынша бухгалтерлік есептің электрондық базасынан жиынтық ақпарат;
- бірінші басшы (уәкілетті тұлға) немесе оның орнындағы тұлға қол қойған, кіріске алу күні, КӨА (кіріске өнім алу) нөмірі, кіріске алынған дайын өнімнің (тауардың) атауы мен массасы туралы ақпаратты қамтитын, қалдықтарды қайта өңдеу нәтижесінде алынған дайын өнімге КӨА бойынша бухгалтерлік есептің электрондық базасынан жиынтық ақпарат;
- бірінші басшы (уәкілетті тұлға) немесе оның орнындағы тұлға қол қойған, бухгалтерлік есептің электрондық базасынан алынған, қалдықтар мен дайын өнім бөлігіндегі тоннамен берілген есепті кезеңдегі материалдық ведомость;
9) пайдаланылған майларды, пластмасса, әйнек қалдықтарын, қағаз бен картонды, пайдаланылған аккумуляторлық батареяларды пайдалана отырып өндірілген дайын өнімді (тауарларды) өткізуді растайтын құжаттар мен мәліметтер;
- бірінші басшы (уәкілетті тұлға) немесе оның орнындағы тұлға қол қойған, сатып алушылар туралы деректері және өткізілген өнімнің массасы бар, тоннамен берілген бухгалтерлік есептің электрондық базасынан дайын өнімді (тауарларды) өткізу туралы есеп;
- өткізілген дайын өнімге (тауарларға) жазылған электрондық шот-фактуралар.
Осы тармақта көрсетілген мерзімдерден кейін ұсынылған өтініштер мен құжаттар қарауға жатпайды.
5. Оператор өтініш берушіден түскен құжаттарды мынадай тәртіппен қарайды:
1) құжаттар алынған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде өтініш беруші ұсынған құжаттарды тексереді және осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген қандай да бір құжаттар болмаған және (немесе) құжаттарды оқу мүмкін болмаған жағдайда, Оператор өтініш берушіге ұсынылған құжаттардың жоқтығы және (немесе) оларды оқу мүмкін еместігі туралы хабарлайды;
2) өтініш беруші Оператордың хабарламасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жетіспейтін, түзетілген және (немесе) оқылатын құжаттарды ұсынады.
Өтініш беруші тиісті құжаттар пакетін осы тармақта белгіленген мерзімде ұсынбаған кезде Оператор өтінішті және оған қоса берілген құжаттар пакетін қарауды тоқтатады және осы тармақта көрсетілген мерзім өткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге майлар, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамалар, аккумуляторлық батареялар қалдықтарының кемінде отыз пайызы пайдаланылғаны расталмағаны туралы хат жібереді.
Оператор құжаттарды растауды мемлекеттік цифрлық жүйелерді пайдалану құжаттарын талдау, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық жүйелердегі деректер мен ұсынылған құжаттар арасындағы мәліметтерді салыстыру арқылы жүзеге асырады.
6. Өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімдер шегінде тиісті құжаттар пакетін ұсынған кезде Оператор 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің өндіріс үшін майлар, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамалар, аккумуляторлық батареялар қалдықтарының кемінде отыз пайызы пайдаланылғанын растау жөніндегі құжаттарын қарайды.
7. Осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ұсынылатын құжаттар қатаң хронологиялық тәртіппен жүргізілуге және ресімделуге тиіс. Құжаттардың жасалған күндері қалдықтармен операцияларды жүзеге асырудың нақты және логикалық кезектілігіне сәйкес келеді. Ұсынылатын құжаттарды ресімдеудің хронологиялық және логикалық кезектілігінің бұзылуына жол берілмейді. Құжаттар майлар, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамалар, аккумуляторлық батареялар қалдықтарының жинаудан бастап дайын өнімді (тауарды) өндіру кезінде пайдаланылғанға дейінгі қозғалысын бақылауды қамтамасыз етеді.
Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мерзімдерден кейін ұсынылған құжаттар қарауға жатпайды.
8. Майлар, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндіру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызы пайдаланылғаны расталмауына мыналар негіз болып табылады:
1) осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ұсынылатын құжаттардың, оның ішінде өтініш берушіге ұсынылған құжаттардың толық жиынтықты еместігі және (немесе) оларды оқу мүмкін еместігі туралы хабарланғаннан кейін де жоқ болуы;
2) өтініш берілген күнге өтініш берушінің тауар өндірушілер тізілімінде болмауы;
3) өнімді (тауарды) өндіру кезінде тиісті қалдықтардың кемінде отыз пайызын пайдалану шарттары туралы мәліметтерді қамтитын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарының және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының және (немесе) экологиялық рұқсаттың және (немесе) "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімінің жоқ болуы;
4) осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес келмеуі;
5) өтініш берушінің технологиялық регламентіне сәйкес келмеуі;
6) тиісті өнімді (тауарды) өндіру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген тиісті пайдаланылған майлардың, пластмасса, әйнек, қағаз және картон қалдықтарының, пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың кемінде отыз пайызы пайдаланылуына қол жеткізілмеуі және (немесе) бұл деректің осы Қағидаларға сәйкес расталмауы;
7) қайталама шикізаттың кемінде отыз пайызын пайдалану бөлігінде осы Қағидалардың талаптарын орындамау және (немесе) тиісінше орындамау;
8) ұсынылған құжаттардың мемлекеттік цифрлық жүйелерден алынған мәліметтерге сәйкес келмеуін анықтау.
9. Толық құжаттар пакеті ұсынылған, сондай-ақ майлар, полимерлік, әйнек, қағаз және (немесе) картон қаптамаларды, аккумуляторлық батареяларды өндіру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген майлар, пластмасса, әйнек, қағаз бен картон, аккумуляторлық батареялар қалдықтарының отыз пайызы пайдаланылуына қол жеткізілген және (немесе) расталған кезде Оператор 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тиісті өнімді (тауарды) өндіру кезінде қайталама шикізаттың пайдаланылғаны расталғаны туралы хат жібереді.
Тиісті қайталама шикізаттың кемінде отыз пайызы пайдаланылғаны расталмаған жағдайда Оператор өтініш берушіге осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген нақты негіздерді көрсете отырып, дәлелді бас тарту хатын жібереді.
10. Өтініш беруші келіспеген жағдайда, Оператордың түпкілікті шешіміне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-тарауына сәйкес шағым жасауға құқылы.
11. Тыңдау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес жүргізіледі.