Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қою қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 7 қазандағы № 257 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 8 қазанда № 40130 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 16.02.2027 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қою қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2027 жылғы 16 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрі
А. Куантыров

  2026 жылғы 7 қазандағы
№ 257 бұйрығымен
бекітілген

Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қою қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесін пайдаланушылардың бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қою тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аңшы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аң аулауға құқық алған жеке тұлға;

      2) аңшылық шаруашылығы субъектісі – бекітіліп берілген аңшылық алқаптарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аңшылық шаруашылығын жүргізетін жеке немесе заңды тұлға;

      3) жануарлар дүниесі объектілерін алу – жануарларды ғылыми-зерттеу мақсатында ен салу, сақиналау және сынамалар алу үшін аулап, оларды кейіннен мекендеу ортасына шығаруды қоспағанда, тіршілік циклінің барлық сатысында табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін жануарларды, сондай-ақ олардың бөліктері мен дериваттарын мекендеу ортасынан жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсаттың немесе балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға арналған рұқсаттың негізінде алу (ұстап алу, аулау, атып алу, жинау, соғып алу);

      4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қоспағанда, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсат – жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесін (балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қоспағанда) пайдалануға, сондай-ақ жануарлар дүниесінің (балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қоспағанда) ұстап алынған объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде аңшылық олжаларын әкетуге және өткізуге құқық беретін, белгіленген нысандағы құжат;

      6) жануарлар дүниесін пайдаланушылар – заңға сәйкес жануарлар дүниесін пайдалану құқығы берілген жеке және заңды тұлғалар;

      7) жолдама – бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында және (немесе) балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне жануарлар дүниесі объектілерін ұстап алу мақсатында бару үшін жеке тұлғаға берілетін құжат (біржолғы немесе маусымдық).

2-тарау. Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алу тәртібі

      3. Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алуы (балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қоспағанда), Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 18-03/271а бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11005 болып тіркелген) бекітілген жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормативтер шегінде жүзеге асырылады.

      4. Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алуы мынадай шарттар сақталған жағдайда жүзеге асырылады:

      1) "Аңшы және қорықшы куәліктерінің нысанын және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 27 наурыздағы № 58 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38248 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша аңшы куәлігінің болуы;

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 18-04/675 бұйрығымен бекітілген Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10168 болып тіркелген)

      1-қосымшада көзделген нысан бойынша жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алуы (балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қоспағанда), немесе "Жолдаманың үлгілік нысанын, сондай-ақ оны беру қағидаларын бекіту туралы"

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/145 бұйрығына 1-қосымшада көзделген нысан бойынша аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы аңщылық шаруашылықтары объектілері (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10702 болып тіркелген);

      3) жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 629-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Уәкілетті орган бекітетін аң аулау объектілері болып табылатын лимиттелетін жануарлар түрлерінің тізбесіне енгізілген лимиттелмейтін жануарлар түрлері алып қоюға жатады.

      6. Аңшылық шаруашылығының субъектісі өзіне бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында аңшылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алып қоюын осы Қағидаларға, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығымен бекітілген Аң аулау қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11091 болып тіркелген) (бұдан әрі – Аң аулау қағидалары) және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

      7. Бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың лимиттелмейтін жануарлар түрлерін алуы Аң аулау қағидаларында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады