Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының 2026 жылғы 5 қазандағы № 102-н/қ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 6 қазанда № 40107 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 174-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 3 мамырдан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі
агенттігінің төрағасы
2026 жылғы 5 қазандағы
№ 102-н/қ бұйрықпен
бекітілген

Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 174-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және уран саласындағы уәкілетті органның уранды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану талаптарын бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Кодексте, жобалық құжаттарда, уран кен орнын игеруді талдауда және Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда көзделген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу құжатпен расталған, сондай-ақ осындай бұзушылық пен уран ысыраптары арасындағы себеп-салдарлық байланыс болған кезде, залалдың мөлшерін уран саласындағы уәкілетті орган осы Қағидаларға және осы Қағидаларының қосымшасына сәйкес жүргізілген есептеу негізінде белгілейді.

      3. Осы Қағидалар Кодексте, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, жобалық құжаттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттері шегінде, уран өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша операторларға және сенімгерлік басқарушыларға қолданылады.

      4. Осы Қағидалар экологиялық залалды, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды, үшінші тұлғалардың мүлкіне келтірілген залалды белгілеу тәртібін, сондай-ақ әкімшілік, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауаптылықты қолдану тәртібін реттемейді.

      5. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады::

      1) залал – уранның нормаланған ысыраптарынан асатын нақты ысырап көлемін негізге ала отырып, айқындалатын мемлекет шеккен залал;

      2) уранның нормаланған ысыраптары – деңгейі жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттарындағы техникалық-экономикалық есептеулермен негізделген уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу жүйелерімен және қабылданған тәсілдерімен технологиялық жағынан байланысты уранның ысыраптары;

      3) нақты ысыраптар – залалды есептеу сәтіндегі айқындалған ысырыптар;

      4) уранның нормадан тыс ысыраптары – есеп айырысу (есепті) кезеңі үшін, сондай-ақ кен орнын толық қазып алған, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде және (немесе) есеп айырысу кезеңі үшін айқындалатын уранның нақты шығындарының уранның нормаланған шығындарынан асып кетуі.

      6. Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Кодексте, Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленген мағыналарда қолданылады.

      7. Ысыраптардың құжатпен расталған көлемі болмаған немесе бұзушылық пен осындай ысыраптар арасында себеп-салдарлық байланыс болмаған кезде залалдың мөлшерін белгілеуге жол берілмейді.

      8. Кодексте көзделген жағдайларда уран саласындағы уәкілетті органның уран өндіру көлемдерін біржақты қысқарту туралы шешімін орындау салдарынан жер қойнауын пайдаланушы өндірмеген уран көлемдері нормадан тыс ысыраптар деп танылмайды және залал мөлшерін есептеу кезінде ескерілмейді.

      9. Залалдың мөлшерін айқындауға байланысты туындайтын даулар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 9-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 9-бабына сәйкес шешіледі.

2 - тарау. Уранды өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін белгілеу тәртібі

      10. Уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшері уранның нормаланған ысыраптарынан асатын нақты ысырабының көлемін негізге ала отырып айқындалады және есептік кезең үшін ресми баға белгіленімдеріне сәйкес орташа құны бойынша.

      Залал мөлшерін есептеу үшін уран бірлігінің құны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 12 шілдедегі № 757 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33067 болып тіркелген) (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген нарықтық бағалар туралы ақпараттың ресми танылған көздерінің тізбесіне сәйкес ресми баға белгіленімдері негізінде айқындалады және мынадай жағдайларда қолданылады:

      егер бұзушылық жасалған нақты кезең белгілі болса: нормаланған ысыраптардың нақты асып кетуіне жол берілген сол есеп айырысу (есепті) кезеңі (ай, тоқсан, жыл) үшін уранның орташа нарықтық бағасы қолданылады;

      егер бұзушылық жасалған нақты кезеңді белгілеу мүмкін болмаса (жинақталған шығындар) немесе бұзушылық созылмалы сипатта болса: уранның нарықтық бағасы осы залалды бақылау барысында уран саласындағы уәкілетті орган құжатпен анықтаған (тіркеген) күнтізбелік айдағы бағаның орташа мәні бойынша ескеріледі.

      11. Уранның нақты ысырабының нормаланған ысыраптардан асып түсуі (бұдан әрі – нормадан тыс ысыраптар) мынадай көлемдерден туындайды:

      кен орнын игеру кезіндегі белгіленген нормаланған ысыраптардан асатын уранның теңгерімдік қорларының ысырабы;

      жер қойнауын ұтымды пайдалануды ескере отырып, уран кен орнын экономикалық жағынан тиімді игеруді көздейтін жобалық құжатты немесе игеруді талдауды бұзудың және осы бұзушылықтардан туындаған авариялардың нәтижесінде туындаған уранның теңгерімдік қорларының ысырабы;

      жобалау құжатында немесе игеруді талдауда көзделген кен орындарын игерудің технологиялық режимін сақтамау салдарынан Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен алынатын уран қорларының ысырабы;

      жобалық көрсеткіштермен салыстырғанда қайта өңделетін шикізат сапасының өзгеруіне және ауытқуына және қайта өңдеудің технологиялық тәртібін бұзушылықтарға байланысты, жобалық құжаттағы немесе игеруді талдаудағы нормаланған ысыраптардан асатын бастапқы қайта өңдеу кезіндегі уран, аралық өнімдердің (жартылай фабрикаттар), байыту қалдықтарының, шламдардың, шлактардың ысырабы.

      12. Бастапқы қайта өңдеу (дайындау) процесінде жол берілген уранның нормадан тыс ысыраптарының сандық мәні уранның тиісті типі (сұрпы) үшін технологияда белгіленген алу шамасы мен оны тауарлық өнімге алудың нақты қол жеткізілген шамасы арасындағы айырма бойынша айқындалады.

      13. Уран бойынша залалдың мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі:

      З = V × Б,

      мұнда:

      З –залалдың мөлшері, теңге;

      V – есеп айырысу кезеңі үшін залалдың мөлшерін белгілеу кезінде ескерілетін уран көлемі, кейіннен бірыңғай өлшем бірлігіне келтіріле отырып, жобалау және есепке алу құжаттарында қолданылатын уран килограмы немесе өзге де өлшем бірлігі;

      Б – осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес айқындалатын уран бірлігінің құны, уран килограмы немесе кейіннен бірыңғай өлшем бірлігіне келтіріле отырып, жобалау және есепке алу құжаттарында қолданылатын өзге де салыстырмалы өлшем бірлігі үшін теңгемен.

      14. Нормадан тыс ысыраптар бойынша залалдың мөлшерін белгілеу кезінде ескерілетін уран көлемі мынадай формула бойынша айқындалады:

      V = Ынқ – Ын,

      мұнда:

      Ынқ – есеп айырысу кезеңі үшін уранның нақты ысыраптары;

      Ын – есеп айырысу кезеңі үшін уранның нормаланған ысыраптары.

      15. Ысыраптарды уран килограмымен есепке алу және уран шала тотығы-тотығының бір фунты үшін құнымен көрсетілген баға белгіленімдерін пайдалану кезінде, егер жобалау құжаттарында, есепке алу деректерінде немесе баға белгіленімінің ресми көзінде өзгеше көзделмесе, 2,20462/0,848 қайта есептеу коэффициенті қолданылады.

      16. Егер жобалау құжаттарында, есептілікте және бастапқы құжаттарда ысыраптарды есепке алу әртүрлі өлшем бірліктерінде жүргізілсе, барлық көрсеткіштер бірыңғай өлшем бірлігіне келтіріледі.

  Жер қойнауын ұтымды және
кешенді пайдалану жөніндегі
талаптарды бұзу салдарынан
келтірілген залалдың мөлшерін
белгілеу қағидаларына
қосымша
Жер қойнауын ұтымды және
кешенді пайдалану жөніндегі
талаптарды бұзу салдарынан
келтірілген залалдың мөлшерін
есептеу нысаны

№

Көрсеткіш

Мәні / деректер көзі

1

Жер қойнауын пайдаланушының атауы


2

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт


3

Есеп айырысу кезеңі


4

Анықталған жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзушылықтың сипаттамасы


5

Уранның нормалық ысыраптары (Ын)


6

Уранның нақты ысыраптары (Ынқ)


7

Залалдың мөлшерін белгілеу кезінде ескерілетін уран көлемі (V)


8

Уран концентратына ресми баға белгіленімі


9

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы


10

Уран бойынша залалдың мөлшері (З = V × Б)


11

Бұзушылықты және себеп-салдарлық байланысты растайтын құжаттар


      Есепті жасаған лауазымды адам:____________ / Т.А.Ә., қолы

      Есеп жасалған күн: 20__ жылғы "_" ________.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады