Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген 902. Мәслихаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты осы нормативтік қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Жоғары аудиторлық палата аппаратының Талдау және бюджетті бағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы нормативтік қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы |
А. Смаилов |
902. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының жергілікті бюджеттің атқарылуын кейіннен бағалауды жүзеге асыруы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жергілікті бюджеттің атқарылуын кейіннен бағалауды жүзеге асыру бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты (бұдан әрі – Рәсімдік стандарт) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттарына ұсынылатын есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепке жыл сайынғы қорытындыны (бұдан әрі – Қорытынды) қалыптастыруына тәсілдерді айқындайды.
2. Рәсімдік стандарттың негізгі қағидаттарына мыналар жатады:
1) сенімділік – Тексеру комиссиясының мәслихатқа ұсынатын Қорытындыдағы ақпараттың анықтығы және негізділігі;
2) толықтық және ашықтық – Қорытындыда мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары материалдарының көрсетілуі және оларды баяндаудың айқындығы;
3) сәйкестік – Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасы ережелерінің сақталуы;
4) жариялылық – құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның қамтамасыз етілуімен Қорытындының Тексеру комиссиясының ресми интернет-ресурсында жариялануы.
3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалау объектілері болып табылады.
4. Қорытындыны қалыптастыру үшін:
1) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 124, 126 және 127-баптарына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның және астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігінің Тексеру комиссиясына ұсынатын есепті қаржы жылындағы тиісті жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебі;
2) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері, сондай-ақ алдын ала және ағымдағы бағалау қорытындылары;
3) жергілікті атқарушы органдардың және басқа да уәкілетті органдардың цифрлық жүйелерінің деректері;
4) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептері;
5) елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесінің деректері;
6) халық қатысатын бюджеттің іске асырылуы туралы есеп;
7) агломерация аумағында жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің іске асырылуы туралы есеп;
8) астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының іске асырылуы туралы есеп, есепті қаржы жылында бюджет қаражаты бөлінген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларының немесе іс-шаралар жоспарларының іске асырылуы туралы есептер;
9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (бұдан әрі – өңір) әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы статистикалық деректер;
10) өңірдің ақша-кредит саясатының және төлем балансының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның есепті кезеңдегі борышының көрсеткіштері;
11) жалпы сипаттағы нысаналы трансферттерді, дамуға арналған шығындарды, жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңда белгіленген қаржыландырудың ең аз көлемдерін мониторингтеу нәтижелері;
12) Тексеру комиссиясының сұрау салуы бойынша ұсынылған ақпарат негіз болып табылады.
2-тарау. Қорытындының құрылымы мен мазмұны
5. Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар бюджетінің атқарылуы туралы қорытынды осы Рәсімдік стандартқа 1-қосымшаға сәйкес үлгілік құрылым бойынша жасалады.
Аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы Қорытындының құрылымы мен мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар Тексеру комиссиясының шешімімен енгізіледі.
6. Қорытынды:
титулдық парақтан;
мазмұнынан;
негізгі мәтіннен;
қосымшалардан тұрады.
Қорытындыда, оның ішінде кестедегі материалдарда сомалар бірінші ондық белгіге дейінгі дәлдікпен миллион теңгемен көрсетіледі.
7. Қорытындының мәтіндік форматы мынадай талаптарға сәйкес ресімделеді:
қаріп – Times New Roman;
қаріптің мөлшері – 14, кестедегі материалдарда – 12;
жоларалық интервал – 1,0 немесе таңдау бойынша – 1,5;
бет жиектері: сол, жоғарғы және төменгі жағы – 2,5 см., оң жағы – 1,5 см.;
абзац шегінісі - 1,27 см.;
сөздер тасымалданбайды;
беттердің нөмірленуі – жоғарғы жағынан ортасында, бірінші бетте нөмір көрсетілмейді.
Қорытынды мемлекеттік және орыс тілдерінде қалыптастырылады.
8. Қорытындыны қалыптастыру шеңберінде:
1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бағаланады, ағымдағы жағдай талданады, сондай-ақ анықталған әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларының бюджет параметрлеріне ықпал етуі бағаланады;
2) жергілікті бюджетке түсетін кірістер түсімдерінің болжамында көзделген көрсеткіштердің орындалуын ескере отырып, сондай-ақ есепті кезеңнің алдындағы жылмен салыстырғанда түсімдерді сыныптау бойынша жергілікті бюджет кірістерінің болжануы;
3) өңірдің салықтық әкімшілендіру тиімділігі;
4) іс-шараларды, жобаларды және шығыстар сомасын көрсете отырып, арнайы түсімдердің пайдаланылуы;
5) мәслихаттың есепті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешіміне сәйкес құрылымы және оның функционалдық сыныпталуы бойынша жергілікті бюджет шығыстары;
6) жергілікті бюджетті түзету немесе нақтылау себептерін көрсете отырып, жергілікті бюджеттің, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобалардың шығыстарын жоспарлау сапасы;
7) жергілікті бюджет қаражатының, оның ішінде кредиттердің, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландырудың, сондай-ақ мемлекет кепілгерліктері мен активтерінің пайдаланылуы;
8) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары және олардың бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттарға бөлінген жергілікті бюджет қаражатын пайдалануы;
9) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде бюджет қаражатының игерілмеу және жергілікті бюджет қаражаты қалдықтарының пайда болу себептері;
10) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын, оның ішінде кредиторлық және дебиторлық берешектер көлемінің төмендеуі (ұлғаюы) бойынша басқару сапасы;
11) мәслихаттың есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджет туралы шешімінің көрсеткіштерін жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің орындауы;
12) жергілікті бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылу және өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асырылу тиімділігі;
13) жергілікті бюджет тапшылығын қаржыландыру және оны қаржыландыру көздері;
14) мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша қабылдаған шешімдері;
15) бюджет қаражатының бөлінуіне халық қатысқан бюджеттің іске асырылуы;
16) бюджет қаражатын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды басқару тиімділігі бағаланады.
Қорытындыда сондай-ақ:
1) жер қойнауын пайдаланушылар орындаған жұмыстар мен көрсеткен қызметтер туралы мәліметтерді қоса алғанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда көзделген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында жасалған меморандумдарға сәйкес жүзеге асырылған шығыстар көлемін көрсете отырып, іс-шаралар туралы;
2) жергілікті атқарушы орган резерві қаражатының пайдаланылуы туралы;
3) байланысты гранттардың, бюджеттік инвестициялардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздардың, сондай-ақ мемлекет активтерінің пайдаланылуы туралы;
4) жергілікті бюджетті жоспарлау және атқару кезінде анықталған бұзушылық фактілерін қоса алғанда, мәслихаттың есепті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған жергілікті бюджет туралы шешімінің орындалуының Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы;
5) мемлекеттік мекемелердің бюджеттік бағдарламаларда көзделген түпкілікті нәтижелерге және әлеуметтік-экономикалық әсерге қол жеткізуінің тиімділігін, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың, субсидиялар берудің, жарғылық капиталды ұлғайтудың және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де құжаттарын (астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарлары, ұлттық жобалар және басқалар) іске асырудың нәтижелілігін бағалау туралы;
6) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізудің тиімділігі бөлігінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы жүргізетін операциялық бағалау нәтижелері туралы;
7) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігінің анықтығы туралы, сондай-ақ олардың дұрыс жүргізілуі туралы ақпарат ашып көрсетіледі.
9. Қорытынды бөлік әрбір бағаланған бағыттар бөлінісінде жергілікті бюджетті атқару кезінде анықталған проблемаларды, оның ішінде:
1) есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептің Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкестігі (жергілікті бюджеттің ақшалай және материалдық құралдарын басқарудың заңдылығы, дұрыстығы, тиімділігі және үнемділігі туралы);
2) жылдық есепте көрсетілген жасалған операциялар бойынша ақпараттың анықтығы мен толықтығы және бұзушылықтардың бар-жоғы;
3) жергілікті бюджеттің атқарылу тиімділігін арттыру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуы;
4) қаржылық есептілікті анық және толық ұсынуға қатысты жауаптылықты қамтамасыз ететін қаржылық тәртіпті нығайту жөніндегі шаралар;
5) Тексеру комиссиясының тиісті қаржы жылдарындағы алдын ала және кейіннен бағалау қорытындылары бойынша жіберілген ұсынымдарының орындалуы туралы сипаттай және жүйеге келтіре отырып, тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтиды.
10. Қорытындыға қосымшада:
1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген 1000. Жоғары аудиторлық палатаға астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының өз жұмысы туралы ақпарат ұсынуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) 1-қосымшаға сәйкес Тексеру комиссиясы қызметінің өткен жылмен салыстырғандағы негізгі көрсеткіштері;
2) басқа да талдамалық кестелер көрсетіледі.
3-тарау. Қорытындыны қалыптастыру және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттарына ұсыну тәртібі
11. Қорытындыны дайындау жөніндегі жұмысты үйлестіру Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілетін Тексеру комиссиясының мүшелері арасында міндеттердің бөлінуіне сәйкес Тексеру комиссиясының мүшесіне жүктеледі.
12. Қорытындыны қалыптастыруды Тексеру комиссиясының талдауға және есептілікке жауапты құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – Құрылымдық бөлімше) және/немесе жауапты лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Тексеру комиссиясының жауапты лауазымды адамдары және басқа да құрылымдық бөлімшелер жетекшілік ететін бағыттар бойынша Қорытындының бөлімдерін (кіші бөлімдерін) әзірлеуге қатысады.
13. Құрылымдық бөлімше және/немесе Тексеру комиссиясының жауапты лауазымды адамдары қажет болған жағдайда осы Рәсімдік стандарттың 3-тармағына сәйкес жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалау объектілеріне Тексеру комиссиясының Қорытындыны дайындау жөніндегі жұмысты үйлестіруге жауапты мүшесінің қолы қойылған, осы Рәсімдік стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпаратты, мәліметтерді, құжаттаманы және материалдарды (дәлелдемелерді) ұсыну туралы талапты жібереді.
14. Бағалау объектілері талаптарды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚтК) 804-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқығы бар Тексеру комиссиясының уәкілетті лауазымды адамдары ӘҚтК-нің 803-бабына сәйкес 462-баптың үшінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы ӘҚтК-де белгіленген мерзімдер шегінде жасайды.
15. Тиісті қаржы жылындағы астана, облыс, республикалық маңызы бар қала бюджетінің атқарылуы туралы қорытынды ағымдағы жылдың 14 мамырынан кешіктірілмей қалыптастырылады және Тексеру комиссиясының отырысына ағымдағы жылдың 16 мамырына дейін шығарылады.
16. Тиісті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент немесе ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы қорытынды ағымдағы жылдың 14 сәуірінен кешіктірілмей қалыптастырылады және Тексеру комиссиясының отырысына ағымдағы жылдың 16 сәуіріне дейін шығарылады.
17. Тексеру комиссиясы:
1) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихатына есепті қаржы жылындағы астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар бюджетінің атқарылуы туралы есепке қорытындыны қарау үшін ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін;
2) тиісті облысқа кіретін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы туралы есепке қорытындыны қарау үшін ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейін ұсынады.
18. Тексеру комиссиясы Қорытындыны тиісті мәслихат қарағаннан кейін жиырма жұмыс күні ішінде астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есепке берілген ұсынымдарды орындау жөніндегі жол картасын (бұдан әрі – Жол картасы) әзірлейді және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 121-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Тексеру комиссиясының ұсынымдарын орындау үшін жібереді.
19. Осы Рәсімдік стандарттың 18-тармағында көзделген Жол картасы іс-шараларының орындалуын мониторингтеуді Тексеру комиссиясының құрылымдық бөлімшесі және/немесе жауапты лауазымды адамы жүзеге асырады.
20. Қорытынды тиісті мәслихат қарағаннан кейін он жұмыс күні ішінде Тексеру комиссиясының интернет-ресурсына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып орналастырылады.
Есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепке Тексеру комиссиясы қорытындысының үлгілік құрылымы:
КІРІСПЕ
I БӨЛІМ. ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫНЫҢ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫ
1.1. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерінің орындалуын бағалау
1.2. Өңірдің Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалау
II БӨЛІМ. ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТІҢ НЕГІЗГІ ПАРАМЕТРЛЕРІНІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҒАЛАУ
2.1. Жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің жоспарлануын және атқарылуын бағалау
2.2. Жергілікті бюджеттің шығыс бөлігінің жоспарлануын және атқарылуын бағалау
2.3. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бағалау
2.4. Жергілікті бюджет тапшылығын және оны қаржыландыру көздерін бағалау
2.5. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылу тиімділігін бағалау
2.6. Мемлекеттік мүліктің және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылу тиімділігін бағалау
III БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖОСПАРЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ
3.1. Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қалаланың даму жоспарының іске асырылуын бағалау
3.2. Өңірде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де құжаттарының іске асырылуын бағалау
IV БӨЛІМ. ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТІҢ ШОҒЫРЛАНДЫРЫЛҒАН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІГІН БАҒАЛАУ
V БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІК
5.1. Тұжырымдар мен ұсынымдар
5.2. Тексеру комиссиясы ұсынымдарының орындалуы
ЕСЕПКЕ ҚОСЫМШАЛАР
1. Қосымша материалдар (кестелер, диаграммалар)
2. Тексеру комиссиясының есепті кезеңдегі жұмысы туралы ақпарат
Жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалау объектісінің ақпаратты, мәліметтерді, құжаттаманы және материалдарды (дәлелдемелерді) ұсынуы туралы талап
1. "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік аудит туралы заң) 21-бабына, 37-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалау объектісінің басшысы, лауазымды, жеке және заңды тұлғалар Тексеру комиссиясына жергілікті бюджеттің атқарылуын кейіннен бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті сұратылатын ақпаратты, мәліметтерді, құжаттаманы және материалдарды (дәлелдемелерді):
____________________________________________________________________
(бірінші басшының қолы қойылған қажетті ақпарат, мәліметтер, құжаттама мен материалдар (дәлелдемелер) тізбесін көрсету қажет) ______ жылғы _____________ дейінгі мерзімде (күнін белгілеу) ұсынуға міндетті;
2. Мемлекеттік аудит туралы заңның 21-бабы негізінде Тексеру комиссиясының заңды талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау уәкілетті лауазымды адамдардың ӘҚтК-нің 803 және 804-баптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауымен ӘҚтК-нің 462-бабының үшінші бөлігінде көзделген әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Тексеру комиссиясының мүшесі |
_________________ |
______ жылғы астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есепке берілген Тексеру комиссиясының ұсынымдарын орындау жөніндегі ЖОЛ КАРТАСЫ
№ | Бөлім | Тексеру комиссиясы ұсынымының атауы | Жауапты орындаушылар | Орындау мерзімі | Тексеру комиссиясының ұсынымын орындау туралы ақпарат | ||
қысқа мерзімді | орта мерзімді | ұзақ мерзімді | |||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |