"Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 151 қаулысының 5-тармағының 1) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы", "Күзет қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидалары осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аппаратының) және оның аумақтық органдарының аумағы мен ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департамент (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 6001-18-7-6/121 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 265 бірлескен бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16799 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Ішкі қауіпсіздік бөлімі:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Сот әкімшілігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Сот әкімшілігі басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі | __________Е. Саденов |
|
Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің басшысы |
__________Н. АХМЕТЗАКИРОВ |
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі 2026 жылғы 10 тамыздағы № 568 мен Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің басшысы 2026 жылғы 30 шілдедегі № 5 Бірлескен бұйрыққа қосымша |
Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) судьяларды, сот жүйесі қызметкерлерін, келушілерді, сот процесіне қатысушыларды және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарына және оларға іргелес аумақтарға өткізу және олардың болу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы", "Күзет қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, "Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысына сәйкес әзірленді.
3. Қағидаларға қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) бақылау-өткізу пункті (бұдан әрі – БӨП) адамдар мен көлік құралдарын бақылауды, өткізуді және қарап-тексеруді жүзеге асыруға арналған, арнайы жабдықталған орын;
2) жете тексеру жүйелері мен құралдары – бұл осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіргізуге (әкелуге) тыйым салынған нәрселер мен заттардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) көрсетілген нәрселер мен заттарды рұқсатсыз кіргізуді (шығаруды) немесе әкелуді (әкетуді) ерте анықтауға арналған техникалық бақылау құралдарының жиынтығы;
3) келуші – ашық сот отырысына қатысу, жеке қабылдауда болу, құжаттарды тапсыру және (немесе) алу үшін не сот жүйесі құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша әкімшілік ғимаратта уақытша болатын, сот процесіне қатысушылар не сот процесіне қатысатын өзге де адамдар болып саналмайтын Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы, азаматтығы жоқ адам немесе қандас;
4) кіруді бақылау және басқару жүйесі (бұдан әрі – КББЖ) – техникалық, ақпараттық, бағдарламалық үйлесімді және адамдардың және көліктің кіруін бақылауға және басқаруға арналған, өзара байланысты техникалық бақылау және басқару құралдарының жиынтығы (механикалық, электрмеханикалық, электр, электрондық құрылғылар, конструкциялар мен бағдарламалық құралдар);
5) көпшілік кіретін үй-жайлар – фронт-офистер, медиация кабинеттері, балалар бөлмелері, келушілерді жеке қабылдауға арналған үй-жайлар, хат-хабарды қабылдайтын және беретін үй-жайлар, әкімшілік ғимараттың бақылау-өткізу пунктінде күтуге арналған үй-жайлар;
6) күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) – ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелерінің әкімшілік ғимаратты және оған іргелес аумақты күзетуді, сондай-ақ өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз етуді жүзеге асыратын қызметкерлері немесе жеке күзет ұйымының жұмыскерлері;
7) Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттары (бұдан әрі ‒ әкімшілік ғимараттар) – міндетті күзетілуге және қорғалуға жататын мемлекеттік объектілер;
8) қызметтік үй-жайлар – судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің қызметтік кабинеттері, сот отырыстарының залдары, архивтер және көпшілік кіретін үй-жайларға жатпайтын режимдік үй-жайларды қоса алғанда, өзге де үй-жайлар;
9) объектішілік режим – судьялардың, сот жүйесі қызметкерлері мен келушілердің, сот процесіне қатысушылардың және сот процесіне қатысатын өзге де адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік құпиялардың сақталуын және өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығымен қамтамасыз етілетін, әкімшілік ғимараттың шегінде белгіленген тәртіп;
10) өткізу режимі – адамдардың бақылаусыз кіру (шығу), көлік құралдарының кіру (шығу), күзетілетін объектіге және күзетілетін объектіден мүлікті кіргізу (шығару), әкелу (әкету) мүмкіндігін болғызбайтын, әкімшілік ғимарат пен оған іргелес аумақ шегінде белгіленген тәртіп;
11) режимдік үй-жайлар – мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің (бұдан әрі – МҚҚБ) үй-жайлары, үкіметтік байланыс желісі абоненттерінің кабинеттері, сондай-ақ әкімшілік ғимараттың құпия жұмыстар жүргізілетін, құпия ақпарат таралатын, құпия құжаттар мен бұйымдар сақталатын, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер пайдаланылып кеңестер (сот процестері) өткізілетін басқа да үй-жайлар;
12) сот жүйесі қызметкерлері – әкімшілік мемлекеттік қызметшілер және еңбек шарты бойынша Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің (бұдан әрі – Сот әкімшілігі), оның астанадағы, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі – Департамент) қызметкерлері;
13) сот процесіне қатысатын өзге де адамдар – сот процесіне қатысушылар болып саналмайтын, процестік заңдарда көзделген тәртіппен және жағдайларда сот процесіне қатысу үшін шақырылған адамдар;
14) сот процесіне қатысушылар – процестік заңдарға сәйкес сот процесіне қатысатын адамдар;
15) электрондық карта – атқаратын лауазымы және әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіру (өткізу) деңгейі көрсетіле отырып, оның иесі туралы деректер қамтылатын электрондық коды бар сәйкестендіру картасы (смарт-карта).
4. Әкімшілік ғимаратта және оған іргелес аумақта өткізу және объектішілік режимдерді ұйымдастыруды тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің Ішкі қауіпсіздік бөлімдері (бұдан әрі ‒ ІҚБ) жүзеге асырады.
5. Әкімшілік ғимаратта және (немесе) оған іргелес аумақта өткізу және объектішілік режимдер талаптарын бұзудың әрбір анықталған фактісі бойынша тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ қызметтік тергеп-тексеру жүргізеді.
6. Әкімшілік ғимараттарға және оларға іргелес аумақтарға келушілердің барлығы келу мақсатына қарамастан, жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық нормаларын, осы Қағидаларда белгіленген өткізу және объектішілік режимдердің талаптарын сақтауға тиіс.
Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіру, сотқа құрметтемеушілік білдіру, сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында қоғамдық тәртіпті бұзу, сот жүйесі қызметкерлерінің, күзет қызметкерлерінің (жұмыскерлерінің) және сот приставтарының заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
7. Күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) мен сот приставтары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен атыс және электр қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдануға құқылы.
8. Келушілердің, сот процесіне қатысушылардың және сот процесіне қатысатын өзге де адамдардың күзет қызметкерлерінің (жұмыскерлерінің), сот приставтарының және сот жүйесінің өзге де қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз етумен байланысты әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқығы бар.
2-тарау. Өткізу режимін қамтамасыз ету тәртібі
9. Өткізу режимін қамтамасыз етуді мыналар жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) әкімшілік ғимаратында және оған іргелес аумақта – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Күзет қызметін бақылау комитетінің Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен Сот әкімшілігінің штатындағы сот приставтары;
2) кассациялық, облыстық және оларға теңестірілген соттардың, Қазақстан Республикасы Әскери сотының әкімшілік ғимараттарында және оларға іргелес аумақта – ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері және Департаменттің штатындағы сот приставтары;
3) мамандандырылған соттардың, сондай-ақ аудандық және оларға теңестірілген соттардың әкімшілік ғимараттарында және оларға іргелес аумақта – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күзет қызметтерін көрсетуді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жеке күзет ұйымы және Департаменттің штатындағы сот приставтары.
10. Әкімшілік ғимаратқа кіру уақыты:
1) судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері үшін:
жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін;
демалыс және мереке күндері, сондай-ақ жұмыс уақытынан тыс уақытта әкімшілік ғимараттарға және оған іргелес аумаққа кіруге тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілері келіскен тізімдер бойынша сот жүйесі қызметкерлеріне рұқсат етіледі.
2) электр желісінде, су құбырында, кәрізде, жылу және ауаны баптау жүйелерінде авария болған (бүлінген), кешкі, түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс және мереке күндері басқа да шұғыл авариялық жұмыстарды жүргізу қажет болған жағдайларда авариялық қызметтердің және жанама ұйымдардың жұмыскерлерін әкімшілік ғимаратқа кіргізу тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ-мен және (немесе) Департаменттің ІІБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілерімен келісу бойынша сот жүйесінің жауапты қызметкері ілесіп жүріп жүзеге асырылады.
Бұл ретте күзет қызметкері (жұмыскері) авариялық қызметтер мен жанама ұйымдардың жұмыскерлерін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес Келушілерді есепке алу журналында (бұдан әрі – Келушілерді есепке алу журналы) тіркеп-белгілеуді қамтамасыз етеді.
11. Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіргізу мынадай құжаттардың бірімен жүзеге асырылады:
1) электрондық карта (смарт-карталар);
2) КББЖ істен шыққан жағдайда, қызметтік куәлік;
3) электрондық карта (смарт-карта), алғаш рет келген кезде (бұдан әрі электрондық карта беріледi) судьяның қызметтік куәлігі болған кезде іссапарға жіберілген судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері үшін осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес өтінім.
12. Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері үшін өткізу режимі әкімшілік ғимараттардың кіреберіс топтарында орнатылған КББЖ арқылы жүзеге асырылады. Электрондық карта (смарт-карта) арқылы кіретін судьялардың, сот жүйесі қызметкерлерінің фотобейнелері бар есептік деректер КББЖ дерекқорына енгізіледі.
13. Күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) КББЖ мониторында көрсетілетін фотобейне негізінде кіретін судьяны және сот жүйесі қызметкерін сәйкестендіруді жүргізеді. Фотобейне кіретін адамның жеке басына сәйкес келмеген жағдайда, күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) электрондық картаны (смарт-картаны) жеке басын куәландыратын құжатпен салыстырып тексеру арқылы кіретін адамның жеке басын анықтау жөнінде қосымша іс-шаралар жүргізеді.
КББЖ істен шыққан, сондай-ақ кіретін судьяда және сот жүйесі қызметкерінде осы Қағидалардың 11-тармағында келтірілген құжаттардың бірі болмаған кезде кіру тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілерімен келісу бойынша жүзеге асырылады.
14. Тиісінше қызметтік куәлігінің және (немесе) электрондық картасының қолданылу мерзімі өткен судьяларға, сот жүйесі қызметкерлеріне Сот әкімшілігінің, тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің Персоналды басқару бөлімі (кадр қызметі), сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілері аталған адамдардың жеке басын растағаннан кейін ғана әкімшілік ғимаратқа кіруге рұқсат беріледі.
15. Қызметтік куәлігін көрсеткен кезде отставкадағы судьяны әкімшілік ғимаратқа кіргізу тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ-мен және (немесе) Департаменттің ІҚБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілерімен жазбаша келісу бойынша сот жүйесі қызметкерлері ілесіп жүріп, Келушілерді есепке алу журналына тіркеп жүзеге асырылады.
16. Әкімшілік ғимаратқа кірер кезде мыналар жете тексеруден өтпейді:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшада аталған адамдар;
2) Қазақстан Республикасының судьялары;
3) Сот әкімшілігінің басшысы мен оның орынбасарлары;
4) Сот әкімшілігі бөлімдерінің меңгерушілері;
5) жете тексеру жүйелері мен құралдарын қолдануға медициналық тұрғыдан құжатпен расталған қарсы көрсетілімдері бар адамдар тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ қызметкерлерімен жазбаша келісу бойынша, олардың қол жүгін қоспағанда.
17. Мамандандырылған ауданаралық тергеу соттарының, әкімшілік соттардың, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың судьялары және олардың хатшылары, сондай-ақ МҚҚБ (тергеу соттарының) қызметкерлері және тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ қызметкерлері (сот приставтарын қоспағанда) қызметтік міндеттерін атқару кезінде электрондық картасын көрсетіп, тәуліктің кез келген уақытында әкімшілік ғимараттарға (режимдік үй-жайларды қоспағанда) кедергісіз кіруге және әкімшілік ғимараттарға іргелес аумаққа қызметтік (жеке) автокөлік құралымен (бекітілген тізім бойынша) кіруге құқылы.
18. Әкімшілік ғимаратқа кірген кезде cот жүйесі қызметкерлерін, келушілерді, сот процесіне қатысушыларды және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды жете тексеру жүйелері мен құралдары арқылы, оның ішінде осы Қағидаларға 5-қосымшада келтірілген қолға ұстайтын металл детектормен адамды жете тексеру әдістемесіне сәйкес бақылау жүзеге асырылады.
Бұл ретте қол жүгі және жеке заттары (сөмкелер, портфельдер, рюкзактар, пакеттер, барсеткалар және өзге де нәрселер) жете тексеру жүйелері мен құралдары арқылы сканерленуге жатады.
Жете тексеру жүйелері мен құралдары белгі берген жағдайда, күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) жоғарыда аталған адамдарға заттарды көзбен шолып қарап-тексеру үшін көрсетуді ұсынады.
Жете тексеру жүйелері мен құралдарының уақытша істен шығуы себебінен оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайларда, қол жүгі (сөмкелер, портфельдер, рюкзактар, пакеттер, барсеткалар және өзге де нәрселер) күзет қызметкеріне (жұмыскеріне) ашық түрде көзбен шолып қарап-тексеру үшін көрсетіледі.
Әкімшілік ғимараттардағы техникалық жүйелерге кешкі және түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері жоспарлы жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізу тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ-мен және (немесе) Департаменттің ІҚБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілерімен келісіледі.
Бұл ретте жұмыстарды жүргізуге жауапты сот жүйесі қызметкері бөгде ұйымдардың мамандарын соттардың ғимаратына кірген кезден бастап ғимараттан шыққанға дейін ілесіп жүруді қамтамасыз етеді және олар үшін жауаптылықта болады.
19. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үкіметтік байланыс қызметінің үкіметтік байланысқа қызмет көрсету мен жөндеу жүргізетін қызметкерлері әкімшілік ғимараттарға қызметтік куәлігін көрсеткен кезде және МҚҚБ жұмыскерлері ілесіп жүргенде қызметкерлердің ұсынылған тізіміне сәйкес тәуліктің күндізгі уақытында кіреді.
20. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Үкіметтік байланыс қызметінің қызметкерлері әкелетін және әкететін, арнайы мөр басылған қол жүгін (шифрлау құралдарын) жете тексеруде жете тексеру жүйелері мен қарап-тексеру құралдары пайдаланылмайды. Бұл ретте күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) оларды Келушілерді есепке алу журналына тіркеуді жүзеге асырады.
21. Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әкімшілік ғимараттарға және оған іргелес аумаққа әкелетін (әкететін) арнайы мөр басылған жабық қаптамаларды (орамаларды, пакеттерді, портфельдерді, қаптарды, қораптарды, чемодандарды және басқаны) жете тексеруде жете тексеру жүйелері мен құралдары пайдаланылмайды.
22. Өрт сөндіруге келген өрт сөндіру бригадасын жете тексеру жүргізілмейді, ал әкімшілік ғимаратта күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) немесе сот жүйесінің жауапты қызметкерлері онымен ілесіп жүреді (қажет болған кезде).
23. Жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылған жағдайда жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырған сот жүйесі қызметкерлері әкімшілік ғимаратта қарсы алу, ілесіп жүру және осы Қағидалардың талаптарын сақтау үшін жауапты болады.
24. Әкімшілік ғимараттарға кіру мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен ішінара немесе толық шектелуі мүмкін.
25. Әкімшілік ғимаратқа іргелес аумаққа кіру (шығу) уақыты БӨБ арқылы белгіленеді:
1) қызметтік көлік құралдары үшін:
жұмыс күндері – сағат 08.30-дан сағат 21:00-ге дейін;
демалыс және мереке күндері қызметтік қажеттілік болған кезде;
2) судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің жеке көліктері үшін тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ басшысы, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілері бекітетін тізім бойынша:
жұмыс күндері – сағат 08.00-дан сағат 21:00-ге дейін;
демалыс және мереке күндері кіруге болмайды;
3) мемлекеттік органдар және өзге де бөгде ұйымдар, шетелдік өкілдіктер өкілдерінің көлік құралдары үшін, оның ішінде пошта және өзге де хат-хабарды, тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізетін, коммуналдық қалдықтарды немесе құрылыс қалдықтарын әкететін ұйымдар үшін тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ басшысы, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілері бекітетін тізімге сәйкес:
жұмыс күндері – іс-шара басталардан кемінде күнтізбелік бір күн бұрын берілген өтінімдерге сәйкес сағат 09.00-ден сағат 18.30-ға дейін;
демалыс және мереке күндері кіруге болмайды;
4) алдын ала берілген өтінімдерге сәйкес конвойларға арналған арнайы көлік құралдары үшін:
жұмыс күндері – сағат 08.00-ден сағат 21.00-ге дейін;
демалыс және мереке күндері – қызметтік қажеттілік болған кезде;
5) автокөлікті ғимараттың паркингіне кіргізу Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ басшысы бекіткен тізімдер бойынша жүзеге асырылады, онда мыналар көрсетілген:
- автокөліктің маркасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі;
- автокөлік құралы бекітілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), лауазымы;
- жүргізушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде);
6) ғимараттың паркингіне кірген кезде күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) автокөлікті арнайы техникалық жете тексеру құралдарымен техникалық бақылауды жүргізеді.
Бұл ретте ғимараттың паркингіне кірген (паркінгінен шыққан) кезде автокөлік құралындағы (кабина, жүк) нәрселер үшін жауаптылық автокөлік құралының жүргізушісіне жүктеледі.
Автокөлік құралының жүргізушісі ғимараттың паркингіне кірген кезде қызметкерге (жұмыскерге) тізімде көрсетілген мәліметтермен салыстырып тексеру үшін жеке басын куәландыратын құжатын көрсетедi;
7) жүргізушінің техникалық бақылаудан өтуден бас тартуы сот ғимаратының паркингіне кіргізуден (жүруден) бас тартуға негіз болады;
8) жүргізушілер сот ғимаратының аумағында және паркингінде белгіленген орынтұрақ таңбаларына (орындарына) және жол белгілеріне сәйкес тұруға тиіс;
9) авариялық жағдайларды жоюға қатысатын автокөлік құралдары сот жүйесі объектісінің аумағына тәуліктің кез келген уақытында күзет қызметкері (жұмыскері) немесе сот жүйесі қызметкері ілесіп жүріп кіреді.
10) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты іс-шараларды жүргізу кезінде мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері автокөлік құралдарының жүріп-тұруына, аялдауына, тоқтап тұруына қосымша уақытша шектеулер енгізеді.
26. Адамдардың әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа:
1) мас күйінде;
2) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес жете тексеруден немесе көзбен қарап-тексеруден өтуден бас тартқанда;
3) қоғамдық тәртіпті бұзса;
4) егер олар сот процесіне қатысушы немесе сот процесіне қатысатын өзге де адам болып саналмаса, 16 жасқа толмаса;
5) жануарлармен;
6) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген нәрселермен және заттармен кіруіне рұқсат етілмейді.
3-тарау. Өткізу режимін ұйымдастыру
27. Әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіру уақыты:
1) келушілер, сот процесіне қатысушылар және сот процесіне қатысатын өзге де адамдар үшін:
жұмыс күндері сағат 09.00-ден сағат 13.00-ге дейін және сағат 14.30-дан сағат 18.30-ға дейін;
жұмыстан тыс уақытта, демалыс және мереке күндері оларды сотқа шақыру туралы хабардар еткен жағдайларды қоспағанда, кіруге рұқсат етілмейді.
28. Әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіру келушілер, сот процесіне қатысушылар және сот процесіне қатысатын өзге де адамдар үшін осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімге сәйкес қалыптастырылған тізім негізінде, оның ішінде сотқа шақыру туралы хабарлау негізінде мынадай құжаттармен жүзеге асырылады.
1) жеке және заңды тұлғалар цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланатын және ұсынатын Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттар саласындағы заңнамасында айқындалған жағдайлардан басқа, қағаз жеткізгіштегі құжатқа тең;
2) шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар немесе қандастар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттар;
3) адвокаттың, прокурордың немесе заң консультантының қызметтік куәлігі.
Келушілер, сот процесіне қатысушылар және сот процесіне қатысатын өзге де адамдар сот жүйесі қызметкерлері ілесіп жүрмесе, ғимараттарға жіберілмейді.
Шақырылған шетел азаматтарының тізімі бойынша әкімшілік ғимаратқа кіруге өтінім жеке басын куәландыратын құжаттарын қоса бере отырып, кемінде күнтізбелік бір күн бұрын МҚҚБ-ға және БӨБ-ға ұсынылуға тиіс.
Шақыртқан адам немесе келушіні қабылдауға жауапты адам келушіге (келушілерге) әкімшілік ғимаратта шақырудың мақсатымен байланысты емес мәселелермен жүріп-тұруына тыйым салынатындығы туралы ескертеді, сондай-ақ осы Қағидалардың негізгі ережелерін түсіндіреді.
Күзет қызметкері (жұмыскері) келушінің, сот процесіне қатысушының және сот процесіне қатысатын өзге адамның әкімшілік ғимаратта және (немесе) оған іргелес аумақта ілесіп жүретін адамсыз жүргенін анықтаған жағдайда, мән-жайларды анықтау үшін Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ басшысына бұл туралы дереу хабарланады.
29. Келушілер, сот ісін процесіне қатысушылар және сот процесіне қатысатын өзге де адамдар әкімшілік ғимараттарда:
- сот отырысы кезінде соттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызмет тәртібін, осы Қағидалардың талаптарын, сондай-ақ жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық нормаларын сақтайды;
- сот жүйесі қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындауына кедергі келтірмейді;
- сот процесі не жеке қабылдау аяқталғаннан кейін әкімшілік ғимараттан және оған іргелес аумақтан шығып кетеді;
- белгіленген жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін көпшілік кіретін үй-жайлардан шығып кетеді;
- судьялардың, сот жүйесі қызметкерлерінің, сондай-ақ күзет қызметкерлерінің (жұмыскерлерінің) заңды талаптары мен өкімдерін орындайды;
- басқа келушілерге, судьяларға, сот жүйесі қызметкерлеріне, сондай-ақ күзет қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) құрметпен қарайды;
- әкімшілік ғимараттағы мүлікке ұқыпты қарайды, тазалық, тыныштық пен қоғамдық тәртіпті сақтайды;
- төтенше жағдайлар туындаған жағдайда сот жүйесі қызметкерлері мен күзет қызметкерлерінің (жұмыскерлерінің) нұсқауларын бұлжытпай орындайды.
Мыналарға:
- осы Қағидалардың 30, 36 және 38-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік ғимаратта бейне-, кино- және фототүсірілім жасауға, сондай-ақ болып жатқан оқиғаны телевидение арқылы немесе Интернет желісімен трансляциялауға;
- арнайы бөлінбеген орындарда темекі шегуге;
- сот отырысы залында ұялы телефонмен сөйлесуге;
- күзетпен ұсталатын адамдарды ұстауға арналған үй-жайларға тікелей жақын жерде болуға;
- әкімшілік ғимараттағы мүлікті шығаруға, бүлдіруге не құртуға;
- ақпараттық стендтерден құжаттарды алып қоюға, сондай-ақ оларға жеке не жарнамалық сипаттағы хабарландырулар орналастыруға;
- әкімшілік ғимаратта және оған іргелес аумақта жеке заттар мен құжаттарды қараусыз қалдыруға;
- рұқсат етілмеген сауда жасауға, сондай-ақ баспа және өзге де жарнамалық сипаттағы өнімді таратуға;
- келушілерді, сот процесіне қатысушыларды және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген тізбе (бұдан әрі – Тізбе) бойынша нәрселермен өткізуге жол берілмейді.
Өздерінің физикалық, химиялық және өзге де қасиеттеріне орай айналадағылардың өміріне, денсаулығы мен мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін нәрселер, сондай-ақ көлемді және ірі нәрселер сақтауға қабылданбайды.
Келушілерден, сот процесіне қатысушылардан және сот процесіне қатысатын өзге де адамдардан Тізбенің 1), 2), 3), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында санамаланған нәрселер табылған жағдайда, күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) ішкі істер органдарына дереу хабарлауға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етуге міндетті.
30. Ашық сот процестерін жүргізу кезінде сот залдарында бейне-, кино- және фототүсірілім жүргізу, сондай-ақ сот отырыстарын Интернет желісі арқылы тікелей трансляциялау мәселесін төрағалық етуші судья Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шешеді.
31. Осы Қағидалардың 29-тармағында келтірілген заңды талаптарды орындаудан бас тартқан келушілерді, сот процесіне қатысушыларды және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды әкімшілік ғимараттан сот приставы не күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) шығарып жібереді.
32. Әкімшілік ғимараттардағы мүлікті және материалдық-техникалық құндылықтарды қасақана құртып жіберу не бүлдіру келушілердің заңдарда белгіленген жауаптылығына алып келеді.
33. Ашық сот отырысына қатысқысы келетін келушілерге, сот процесіне қатысушыларға және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарға, оның ішінде адвокаттар мен прокурорларға қызметтік (сот отырыстары залдарын қоспағанда) және режимдік үй-жайларға кіруге тыйым салынады.
34. Келушілерді, сот процесіне қатысушыларды және сот процесіне қатысатын өзге де адамдарды есепке алуды күзет қызметкері (жұмыскері) сот приставтарымен бірлесіп, мәліметтерді Келушілерді есепке алу журналында тіркеп-белгілеу арқылы жүзеге асырады.
35. Жеке басты куәландыратын құжаттарда құжаттың төлнұсқалығына күмән келтіретін қолдан жасау, бүліну және дақ белгілері болған жағдайда, күзет қызметкері (жұмыскері) тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ және (немесе) Департаменттің Соттар әкімшісіне бұл туралы дереу хабарлауға және осы фактіні тіркеп-белгілеу шараларын қолданып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етуге міндетті.
Тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ қызметкері, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілері ішкі істер органдарына анықталған бұзушылық туралы дереу хабарлауға міндетті.
36. Бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі – БАҚ) өкілдеріне әкімшілік ғимараттарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың кәсіптік қызметіне байланысты Тізбенің 15), 16), 17), 19), 20) және 21) тармақшаларында көрсетілген нәрселермен кіруіне рұқсат етіледі.
Бұл ретте оларды сот отырысы залында қолдану туралы мәселені төрағалық етуші судья Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шешеді.
37. БАҚ өкілдері алдын ала шақырылады. Бұл ретте баспасөз қызметі әкімшілік ғимаратта бақылаусыз болу, сондай-ақ аудио-, фото-, бейнеаппаратуралар мен ақпарат беретін техникалық құралдарды нақты уақыт режимінде рұқсатсыз пайдалану жағдайларын болғызбау мақсатында оларды қарсы алуды және олармен ілесіп жүруді міндетті тәртіппен жүзеге асырады.
Масс-медиа өкілдерінің өтінімдерін беру және бекіту рәсімдері тағайындалған сапарға дейін бір тәуліктен кешіктірілмей аяқталуға тиіс.
38. Адвокаттарға әкімшілік ғимараттарға "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өздерінің кәсіптік қызметіне байланысты Тізбенің 16), 17), 19), 20) және 21) тармақшаларында көрсетілген нәрселермен кіруіне рұқсат етіледі.
Бұл ретте оларды сот отырысы залында қолдану туралы мәселені төрағалық етуші судья Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шешеді.
39. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде тергеу әрекеттерін жүргізуге қызметтік куәлігін және тиісті процестік құжаттарын көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлерін әкімшілік ғимаратқа өткізу тиісінше Сот әкімшілігінің ІҚБ-мен және (немесе) Департаменттің ІҚБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшісімен жазбаша келісу бойынша сот жүйесі қызметкерлері ілесіп жүрген кезде, мәліметтерді Келушілерді есепке алу журналында тіркеп-белгілей отырып жүзеге асырылады.
40. Қызметтік электрондық рұқсаттаманың, қызметтік куәлік және уақытша рұқсаттама бланкілерінің нысанын сот жүйесінің кадр қызметі белгілейді. Қызметтік куәліктер және уақытша рұқсаттама бланкілерінің үлгілерін, сондай-ақ оларды ресімдеу кезінде пайдаланылатын лауазымды адамдардың қолтаңбалары мен мөрлерінің үлгілерін кадр қызметі БӨП-ге береді.
4-тарау. Объектішілік режим
41. Барлық қызметтік үй-жайларда жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін терезелер жабылады, жарық, компьютер техникасы мен өзге де электр құралдары сөндіріледі, ал есіктер кілтпен жабылып, мөрленеді.
Күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) тәуліктің түнгі уақытында аумақты және әкімшілік ғимаратты сағат сайын аралайды.
Күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) объектішілік режимді бұзу фактілерін анықтаған жағдайларда, Сот әкімшілігінің ІҚБ және (немесе) Департаменттің ІҚБ, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшісіне тиісті акт жасай отырып, дереу хабарлайды.
42. Жұмыс күнінің соңында режимдік үй-жайлардың кіреберіс есіктері жабылып, мөрленеді. Кілттер тубусқа (пеналға) салынады, ол мөр бедерімен бекітіліп, БӨБ-ге тапсырылады. Режимдік үй-жайларды МҚҚБ қызметкерлері күзет сигнализациясына тапсырады және жауапты қызметкерлер осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес режимдік үй-жайларды күзетуге қабылдау (тапсыру) журналына тиісті жазбалар енгізеді.
43. МҚҚБ жұмыскерлері, сондай-ақ режимдік үй-жайларға жауапты жұмыскерлер жұмыс күнінің басында күзет бекетінен кілттер бар мөр басылған тубусты (пеналды) алады, тубуста (пеналда) және кіреберіс есіктерде мөр бедерінің бүтіндігін тексереді, режимдік кабинеттердің кілттері бар тубустарды (пеналдарды) қабылдау-тапсыру журналына тиісті жазба енгізеді.
5-тарау. Әкімшілік ғимараттарға қару-жарақпен, оқ-дәрілермен және арнаулы құралдармен кіруді қамтамасыз ету тәртібі
44. Әкімшілік ғимараттарға қару-жарақпен, оқ-дәрілермен және арнаулы құралдармен кіруге:
1) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне олар күзетілетін адамдармен ілесіп жүрген кезде;
2) күзет қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) қызмет өткеру кезеңінде;
3) ұстап алынғандарды, күзетпен қамауға алынғандарды әкімшілік ғимараттарға жеткізетін конвой қызметінің қызметкерлеріне;
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Үкіметтік байланыс қызметінің қызметкерлеріне өздерінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау жөніндегі қызметтік міндеттерін орындаған кезде рұқсат етіледі.
Осы тармақтың 4) тармақшасында аталған адамдардың тізімі БӨБ-ға күзет қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) алдын ала берілуге тиіс және тоқсанына бір реттен сиретпей кезең-кезеңімен жаңартылуға жатады.
6-тарау. Материалдық құндылықтарды әкімшілік ғимаратқа кіргізуді (шығаруды), әкелуді (әкетуді) қамтамасыз ету тәртібі
45. Материалдық құндылықтарды әкімшілік ғимараттарға және оларға іргелес аумаққа кіргізу (шығару), әкелу (әкету) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес ресімделген, тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ-мен, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшісімен келісілген материалдық рұқсаттаманы көрсеткен кезде жүргізіледі.
Бұл ретте материалдық құндылықтарды ауызша өкіммен кіргізуге (шығаруға), әкелуге (әкетуге) жол берілмейді.
46. Күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) материалдық рұқсаттаманы осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес материалдық құндылықтарды кіргізуді (шығаруды), әкелуді (әкетуді) есепке алу журналында тіркейді.
Қолданылу мерзімі өткен материалдық рұқсаттарды (өтінімдерді) күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) алып қояды және материалдық жауапты адамға береді.
47. Әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа материалдық құндылықтарды кіргізетін (шығаратын), әкелетін (әкететін) адамдарды, сондай-ақ материалдық құндылықтарды күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) жете тексеру жүйелері мен құралдары арқылы бақылайды.
48. Материалдық рұқсаттамада көрсетілген материалдық құндылықтардың атауы және (немесе) саны сәйкес келмеген кезде оларды кіргізуді (шығаруды), әкелуді (әкетуді) күзет қызметкерлері (жұмыскерлері) мән-жай анықталғанға дейін тоқтата тұрады, осы факт туралы материалдық жауапты тұлғаға, тиісінше Сот әкімшілігінің және (немесе) Департаменттің ІҚБ-ге, сондай-ақ Департаменттің Соттар әкімшілігіне дереу хабардар етеді.
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 1-қосымша |
Әкімшілік ғимаратқа және оған іргелес аумаққа кіргізуге (әкелуге) тыйым салынған нәрселер мен заттардың ТІЗБЕСІ
1) Атыс қаруы мен олардың оқ-дәрілері;
2) Травматикалық, газ және пневматикалық қару мен олардың оқ-дәрілері;
3) Суық қару (пышақтар, балталар және тесетін, кесетін қасиеттері бар басқа да нәрселер);
4) Қару-жарақ пен оқ-дәрілердің имитаторлары мен муляждары;
5) Электршокерлер;
6) Газ баллондары мен аэрозольді бүріккіштер;
7) Жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылар;
8) Тез тұтанатын сұйықтықтар мен заттар;
9) Уландыратын, улы және күшті әсер ететін улы заттар;
10) Бактериологиялық, биологиялық және химиялық заттар;
11) Радиоактивті материалдар;
12) Есірткі, психотроптық заттар және сол тектестер;
13) Алкогольді ішімдіктер;
14) Көлемді және ірі заттар;
15) Бейне-, кино- және фотоаппаратура;
16) Процеске қатысушыларды қоспағанда, компьютерлер, ноутбуктер және өзге де есептеу техникасы құралдары;
17) Процеске қатысушыларды қоспағанда, аудиожазу құрылғылары;
18) Радиотехникалық аппаратура (адам ағзасына емдік немесе профилактикалық әсер етуді ұстап тұруға не органдар мен ағза жүйелерінің функцияларын ауыстыруға немесе түзетуге арналған медициналық аппараттар мен жабдықты қоспағанда);
19) Процеске қатысушыларды қоспағанда, қоңырау шалу (СМС) функциялары бар телефондарды қоспағанда, мобильді құрылғылар (телефондар, смартфондар, смарт сағаттар, интернет-модульдері бар планшеттер);
20) Ақпаратты машинамен жеткізгіштер (flash-жинақтағыштар, алынып-салынатын қатты дискілер және т.с.с.);
21) Деректерді беру, сондай-ақ халықаралық жаһандық желілер мен Интернет желісіне шығуға мүмкіндігі бар техникалық құрылғылар, оның ішінде сымсыз құрылғылар (Wi-Fi, Bluetooth, 3G, 4G, 5G);
22) Қазақстан Республикасында еркін айналымына тыйым салулар немесе шектеулер белгіленген не айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да нәрселер, заттар мен құралдар.
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 2-қосымша |
|
| Нысан |
Келушілерді есепке алу журналы
Р/с | Кірген уақыты | Келушінің Т.А.Ә. | Келушінің ЖСН | Келушіні қабылдайтын қызметкердің Т.А.Ә. | Шыққан уақыты |
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 3-қосымша |
Әкімшілік ғимараттарға қызметтік куәлікпен кіруге құқығы бар лауазымды адамдардың ТІЗБЕСІ
1. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Премьер-Министрінің орынбасарлары және Үкіметі Аппаратының Басшысы, оның орынбасарлары;
2. Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы, оның орынбасарлары;
3. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, оның орынбасарлары;
4. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы;
5. Конституциялық Соттың Төрағасы, оның орынбасары және судьялары;
6. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары, судьялары;
7. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, оның орынбасарлары, хатшысы мен мүшелері;
8. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, оның орынбасарлары;
9. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы мен мүшелері;
10. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары;
11. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, оның орынбасарлары;
12. Қазақстан Республикасы агенттіктерінің төрағалары, олардың орынбасарлары;
13. Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы;
14. Қазақстан Республикасы Президентінің Iс Басқарушысы, оның орынбасарлары;
15. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері;
16. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілері;
17. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, оның орынбасарлары;
18. Қазақстан Республикасының министрлері, олардың орынбасарлары (вице-министрлер);
19. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері;
20. Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары;
21. Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшілері;
22. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл;
23. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, оның орынбасарлары
Өтінім
Қызметтік қажеттілікке байланысты Сізден _______ мына адамдарына 202___ жылғы "____" ________ бастап кезеңге әкімшілік ғимаратқа және (немесе) оған іргелес аумаққа кіруге рұқсат беруіңізді сұраймын:
1)________ ;
2) ________;
3) ________;
Лауазымы Т.А.Ә.
"КЕЛІСІЛДІ"
мөртабан
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 5-қосымша |
қолға ұстайтын металл детектормен адамды жете тексеру ӘДІСТЕМЕСІ


| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 6-қосымша |
Материалдық рұқсат
Материалдық жауапты адам _____________________________________
Қайдан: ____________________________ Қайда: __________________________
Р/с | Материалдық құндылықтардың атауы | Саны | Маркасы және моделі (болған кезде) | Зауыт нөмірі және (немесе) сериялық нөмірі | Мүккамал нөмірі |
(жұмыскердің ТАӘ (болған кезде)
Құрылымдық бөлімшенің басшысы ТАӘ
"КЕЛІСІЛДІ"
мөртабан
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 7-қосымша |
Материалдық құндылықтарды кіргізуді (шығаруды), әкелуді (әкетуді) есепке алу журналы
Материалдық рұқсаттаманың нөмірі | Уақыты | Материалдық құндылықтардың атауы (мүккәмал немесе сериялық нөмірі) | Саны (цифрмен, жазумен) | Материалдық құндылықтарды кіргізуге (шығаруға), әкелуге (әкетуге) жауапты қызметкердің ТАӘ |
Кіргізуді (шығаруды) бақылауды жүзеге асыратын күзет қызметкерінің (қызметкерінің) | |
кіргізу | шығару | |||||
| Қазақстан Республикасы сот жүйесінің әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларына 8-қосымша |
Режимдік үй-жайларды күзетуге қабылдау (беру) журналы
Р/с | Күзетке тапсыру күні мен уақыты | Үй-жайдың, қойманың атауы (кабинет нөмірі) | Үй-жайға, қоймаға мөр басылған металл мөрдің нөмірі | Күзетке тапсырған қызметкердің тегі және қолтаңбасы | Сигнализацияның қосылғаны туралы белгі | Күзетке қабылдап алған қызметкердің тегі және қолтаңбасы | Қызметкердің тегі және қолтаңбасы, үй-жайдың, қойманың ашылған күні мен уақыты, кілттерді алу | Сигнализацияны өшіру туралы белгі |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
