"Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі туралы регламентті бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 15 шiлдедегi № 173-НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 2026 жылғы 16 шiлдедегi № 218-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 шiлдеде № 39332 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі туралы регламентті бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 15 шiлдедегi № 173-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36459 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі туралы регламентте:

      1-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "1. Осы Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі туралы регламент (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 70-бабы 2-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленген және гидротехникалық құрылысжайлардың (бұдан әрі – ГТҚ) қауіптілігі ықтимал нысандарға жататын түрлерін, сондай-ақ оларды жобалау, салу, пайдалану, реконструкциялау, консервациялау немесе жою кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын айқындайды.";

      2-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "2. Осы Регламентте мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1)авариялық жағдай – жоба бойынша қарастырылмаған сыртқы әсерлердің нәтижесінде, құрылысжай материалдарының және оның іргетас топырағы қасиеттерінің өзгеруі не болмаса гидромеханикалық жабдықтың сенімділігінің төмендеуі нәтижесінде құрылысжайдың немесе оның іргетасының жұмысқа жарамдылығының төмендеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша да, құрылысжайлардың тұстамасынан төмендегі суағарлардың рұқсат етілген су режимі шарттарымен байланысты шектеулерге байланысты да су жіберетін құрылысжайлардың өткізу қабілетінің төмендеуі нәтижесінде ГТҚ авариясының туындау қаупі;

      2) бөгет – судың деңгейін көтеру және (немесе) су қоймасын жасау үшін ағын судағы тежеуiш ГТҚ;

      3) ГТҚ авариясы – ГТҚ-ның толық немесе ішінара бұзылуы, жабдықтың істен шығуы, соның салдарынан құрылысжай жұмысқа жарамсыз болып қалуы және төтенше жағдайдың туындауы мүмкін;

      4) ГТҚ-ны зерттеп қарау – осы құрылысжайлардың сенімділігі мен қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша ГТҚ техникалық жай-күйі және жұмысқа жарамдылығын бағалау бойынша, және де қажетті жұмыстар тізбесін анықтайтын іс-шаралар кешені;

      5) ГТҚ қауіпсіздігі туралы декларация – ГТҚ-ның қауіпсіздігі негізделетін, оның қауіпсіздік өлшемшарттарына сәйкестігі анықталатын және ГТҚ қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар тізбесі айқындалатын негізгі құжат;

      6) ГТҚ класы – гидротехникалық құрылысжайларды жобалау нормалары мен ережелеріне сәйкес белгіленетін, оған байланысты ГТҚ сенімділігіне қойылатын талаптар анықталатын көрсеткіш;

      7) ГТҚ-ны консервациялау – су режимін реттемей, су қоймасындағы судың деңгейін тиісті түрде төмендете отырып, транзиттік ағындарды өткізу жағдайында ГТҚ-ны уақытша сақтау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орындалатын жобалық және құрылыс жұмыстар кешені;

      8) жою – су тасқынын өткізуге кедергі келтірмейтін, табиғи су режимі мен суағардың арнасын қалпына келтіру және ГТҚ-ны толық бұзу мақсатында орындалатын жобалық және құрылыс жұмыстарының кешені;

      9) К – ГТҚ-ның техникалық жай-күйін мониторингтеу процесінде өлшенген өлшемшарттардың техникалық көрсеткіштерінің диагностикалық мәні;

      10) К1 – ГТҚ және оның негіздерінің орнықтылығы, механикалық және сүзгілік беріктігі, сондай-ақ су ағызу және су өткізу құрылысжайларының өткізу қабілеті қалыпты пайдалану шарттарына сәйкес келетін өлшемшарттық мәннің бақыланатын деңгейі;

      11) К2 – жобалық режимдерде ГТҚ пайдалану артық болған кезде жол берілмейтін өлшемшарттық мәннің бақыланатын деңгейі.";

      2-тараудың атауы келесі мазмұнда жазылсын:

      "2-тарау. Қауіптілігі ықтимал деп танылған гидротехникалық құрылысжайлардың түрлері";

      4, 5, 6 және 7-тармақтар келесі редакцияда жазылсын:

      "4. I сыныптағы ГТҚ-ға:

      1) биіктігі отыз метрден асатын және (немесе) су қоймасының көлемі жүз миллион текше метрден асатын бөгеттер;

      2) өткізу қабілеті секундына жүз текше метрден асатын гидротораптар немесе су тастау құрылысжайлары.

      5. II сыныптағы ГТҚ-ға:

      1) биіктігі жиырма метрден асатын және (немесе) су қоймасының көлемі елу миллион текше метрден асатын бөгеттер;

      2) өткізу қабілеті секундына елу текше метрден асатын гидротораптар немесе су тастау құрылысжайлары.

      6. III сыныптағы ГТҚ-ға:

      1) биіктігі он метрден асатын және (немесе) су қоймасының көлемі жиырма миллион текше метрден асатын бөгеттер;

      2) өткізу қабілеті секундына жиырма текше метрден асатын су тораптары немесе су тастау құрылысжайлары жатады.

      7. IV сыныптағы ГТҚ-ға:

      1) биіктігі бес метрден асатын және (немесе) су қоймасының көлемі он миллион текше метрден асатын бөгеттер;

      2) өткізу қабілеті секундына он текше метрге дейінгі гидротораптар немесе су тастау құрылысжайлары..";

      келесі мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жоғары қауіптілік тудыратын, сондай-ақ қауіптілігі ықтимал болып табылатын ГТҚ-ға I, II және III сыныптағы ГТҚ-лар, сондай-ақ олардың бұзылуы адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру, жеке және заңды тұлғаларға материалдық залал келтіруге әкеп соғуы мүмкін IV сыныптағы ГТҚ-лар жатады.";

      3-тараудың атауы келесі мазмұнда жазылсын:

      "3-тарау. Қауіптілігі ықтимал деп танылған гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар";

      16-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "16. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жоғары қауіптілік тудыратын, сондай-ақ қауіптілігі ықтимал болып табылатын ГТҚ-дың қауіпсіз жай-күйін пайдалану барысында қамтамасыз ету меншік иесімен (иеленушісімен) Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы № 156-НҚ бұйрығымен бекітілген Гидротехникалық құрылысжайларға көпфакторлы зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36350 болып тіркелген) сәйкес көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Су
ресурстары және ирригация министрінің
      міндетін атқарушысы Н. Алдамжаров

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады