ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14158 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 101) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 101) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мекенжай блогы – астана, облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың шегіндегі ортақ екі таңбалы сандық кодпен біріктірілген жылжымайтын мүлік объектілерінің жиынтығы;
2) мекенжайдың тіркеу коды (бұдан әрі – МТК) – "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесімен бірігетін жылжымайтын мүлік объектісі мекенжайының бірегей коды;
3) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
4) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
5) Ұлттық пошта операторы – Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы.
2-тарау. Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібі
3. Пошта индексі жеті таңбадан тұрады және ол мынадай түрде қалыптастырылады:
1 (бірінші) таңба (латын әріпі) – астана, облыс немесе республикалық маңызы бар қала коды;
2 (екінші) және 3 (үшінші) таңба (араб цифрлары) – мекенжай блок коды;
4 (төртінші) таңба (латын әріпі), 5 (бесінші) таңба (араб цифры), 6 (алтыншы) таңба (латын әріпі), 7 (жетінші) таңба (араб цифры) – мекенжай блок шегіндегі жылжымайтын мүлік объектісінің коды.
4. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.
5. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
6. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.
7. Пошта индекстерін беру мақсатында Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесімен интеграцияланады. "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесіне қол жеткізу Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 83-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру мынадай түрде жүзеге асырылады:
1) "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесінде жылжымайтын мүлік объект тіркелгенде Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесіне МТК түседі;
2) Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі МТК анықтайды және автоматты түрде жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.
9. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.
10. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерінің бірыңғай базасының цифрлық жүйесі жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізуді бақылауды жүзеге асырады.
11. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерін уәкілетті органның интернет-ресурсында және https://open.post.kz веб-сайтында орналастыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға ақысыз негізде Қазақстан Республикасының пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.
12. Ұлттық пошта операторы жергілікті атқарушы органдарға Интернет желісі арқылы пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.
