Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 тамызда № 14158 болып тіркелді.

      "Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 101) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 19.06.2026 № 333/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (В. Ярошенко):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар


министрі

Д.Абаев


  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 29 шілдедегі
№ 66 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалары

      Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 19.06.2026 № 333/НҚ (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 101) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мекенжай блогы – астана, облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың шегіндегі ортақ екі таңбалы сандық кодпен біріктірілген жылжымайтын мүлік объектілерінің жиынтығы;

      2) мекенжайдың тіркеу коды (бұдан әрі – МТК) – "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесімен бірігетін жылжымайтын мүлік объектісі мекенжайының бірегей коды;

      3) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;

      4) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      5) Ұлттық пошта операторы – Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы.

2-тарау. Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібі

      3. Пошта индексі жеті таңбадан тұрады және ол мынадай түрде қалыптастырылады:

      1 (бірінші) таңба (латын әріпі) – астана, облыс немесе республикалық маңызы бар қала коды;

      2 (екінші) және 3 (үшінші) таңба (араб цифрлары) – мекенжай блок коды;

      4 (төртінші) таңба (латын әріпі), 5 (бесінші) таңба (араб цифры), 6 (алтыншы) таңба (латын әріпі), 7 (жетінші) таңба (араб цифры) – мекенжай блок шегіндегі жылжымайтын мүлік объектісінің коды.

      4. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.

      5. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      6. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.

      7. Пошта индекстерін беру мақсатында Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесімен интеграцияланады. "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесіне қол жеткізу Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 83-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индексін беру мынадай түрде жүзеге асырылады:

      1) "Мекенжай тіркелімі" цифрлық жүйесінде жылжымайтын мүлік объект тіркелгенде Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесіне МТК түседі;

      2) Ұлттық пошта операторының цифрлық жүйесі МТК анықтайды және автоматты түрде жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.

      9. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.

      10. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерінің бірыңғай базасының цифрлық жүйесі жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізуді бақылауды жүзеге асырады.

      11. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерін уәкілетті органның интернет-ресурсында және https://open.post.kz веб-сайтында орналастыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға ақысыз негізде Қазақстан Республикасының пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.

      12. Ұлттық пошта операторы жергілікті атқарушы органдарға Интернет желісі арқылы пошта индекстерінің бірыңғай базасына қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады