Ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы № 323/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 маусымда № 38982 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі 17-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2026 жылғы 17 маусымдағы
№ 323/НҚ
Бұйрығымен бекітілген

Ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 17-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ашық деректер – машинамен оқылатын нысанда ұсынылған және еркін пайдалануға, өңдеуге, қайта жариялауға және таратуға арналған, ашық қолжетімділікте орналастырылған цифрлық деректер;

      2) ашық деректер интернет-порталы – ашық цифрлық деректерді орталықтандырылған орналастыруға, сипаттауға, сақтауға, іздеуге, оларға қол жеткізуге және қайта пайдалануға, сондай-ақ мұндай деректерге машиналық қол жеткізу үшін бағдарламалық интерфейстер ұсынуға арналған мемлекеттік цифрлық ресурс;

      3) ашық деректер интернет-порталының компоненттері – операциялық жүйелер, дерекқорларды басқару жүйелері, контентті басқару жүйелері, қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету, телекоммуникациялық жабдық, вирусқа қарсы қорғаныс құралдары және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері;

      4) ашық деректер интернет-порталындағы пайдаланушылар әрекеттерін журналдау (бұдан әрі – журналдау) – ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін цифрлық оқиғалар түрінде оқиғалар журналына жазу процесі;

      5) ашық деректер интернет-порталының пайдаланушысы (бұдан әрі – пайдаланушы) – ашық деректер интернет-порталына қол жеткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      6) бағдарламалық қамтамасыз ету – белгілі бір функциялардың орындалуын, цифрлық деректерді өңдеуді, сақтауды, жаңғыртуды және (немесе) беруді қамтамасыз ететін алгоритмдерді іске асыратын кодтардың пайдалануға дайын жиынтығын білдіретін цифрлық объект;

      7) дәл уақыт көзінің инфрақұрылымы – уақытты синхрондаудың желілік хаттамасын пайдаланатын, серверлердің, жұмыс станцияларының және телекоммуникациялық жабдықтың ішкі сағаттарын синхрондау міндетін орындайтын иерархиялық байланысқан серверлік жабдық;

      8) оқиғалар журналы – ашық деректер интернет-порталының цифрлық оқиғалары туралы ақпаратты қамтитын, оның жұмысын мониторингтеуге және іркілістер туындаған жағдайда олардың себептерін анықтауға пайдаланылатын файл;

      9) цифрлық оқиға – цифрлық орта субъектісінің әрекеттері немесе цифрлық объектінің жұмыс істеуі нәтижесінде туындаған және олардың цифрлық ортадағы өзара іс-қимылының параметрлерін көрсететін цифрлық нысанда тіркелген мән-жай;

      10) "цифрлық үкіметтің" операторы (бұдан әрі – оператор) – "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.

2-тарау. Ашық деректер интернет-порталы пайдаланушыларының әрекеттерін журналдау тәртібі

      3. Оператор техникалық сүйемелдеуді, киберқауіпсіздікті, үздіксіз қолжетімділікті, орналастырылған ашық деректердің өзектілігін, сондай-ақ журналдауды қамтамасыз етеді.

      4. Журналдау бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады (бұдан әрі – журналдау БҚ).

      5. Журналдауды қамтамасыз ету мақсатында оператор:

      киберқауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган "Киберқауіпсіздік туралы" Заңның 7-1-бабының 7) тармақшасына сәйкес бекітетін "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілері мен аса маңызды цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізу қағидаларында айқындалған журналдауға жататын цифрлық оқиғалардың тізбесі мен түрлеріне (бұдан әрі – Мониторинг қағидалары), сондай-ақ оператор қызметкерлерінің оқиғалар журналдарына қол жеткізу түрлеріне сәйкес, оларды жоюдан, өзгертуден және рұқсатсыз қараудан қорғауды қамтамасыз ете отырып, журналдау БҚ-ны баптауды жүзеге асырады;

      ашық деректер интернет-порталы серверлерін дәл уақыт көзі инфрақұрылымына қосу арқылы оқиғалар журналдарының уақытын синхрондауды қамтамасыз етеді.

      6. Журналдау БҚ-ның әрекеттер реттілігі:

      пайдаланушы ашық деректер интернет-порталының компонентінде әрекет жасаған сәтте цифрлық оқиғаны қалыптастыру;

      цифрлық оқиғаны Мониторинг қағидаларына сәйкес құрылымдалған нысанға түрлендіру;

      цифрлық оқиғаның журналдауға жататын оқиғалардың тізбесі мен түрлеріне сәйкестігін тексеру;

      цифрлық оқиға туралы жазба енгізілуге тиіс ашық деректер интернет-порталы компонентінің оқиғалар журналын айқындау;

      оқиғалар журналына жазбаны жүзеге асыру.

      7. Журналдау нәтижелері бойынша оператор:

      апта сайын оқиғалар журналдарын қарап шығуды және істен шығу оқиғаларын және (немесе) киберқауіпсіздік бұзушылықтарын сүзгілеу мен іздестіру мақсатында оларды талдауды жүзеге асырады;

      апта сайын оқиғалар журналдарының резервтік көшірмесін жасауды және архивтеуді жүргізеді;

      оқиғалар журналдарының физикалық сақталуын қамтамасыз етеді және оларды архивтелген түрде кемінде үш жыл, ал жедел қолжетімділік режимінде кемінде екі ай сақтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады