Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 2 маусымдағы № 272/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 2 маусымда № 38871 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 241-11-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрі
2026 жылғы 2 маусымдағы
№ 272/НҚ
бұйрығына қосымша

Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 241-11-бабының сәйкес әзірленді және ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры (бұдан әрі – Қор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;

      2) инновациялық даму саласындағы ақпарат (бұдан әрі – ақпарат) – инновациялық қызметті қолдау туралы, оның ішінде мониторинг субъектілері жүзеге асыратын мемлекеттік қолдау шаралары мен инновациялар туралы мәліметтерді, жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) цифрландыру жобаларын қаржыландыру саласындағы міндеттемелерін орындау процестері мен нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат;

      3) мониторинг субъектілері – инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, көмірсутектер, уран өндіру, пайдалы қатты қазбалар, өнеркәсіп пен ғылымды мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органдар;

      4) ұлттық инновациялық жүйенің "Бірыңғай терезесі" (бұдан әрі – ҰИЖ БТ) – инновациялық қызметті қолдау туралы, оның ішінде бірыңғай портал арқылы мемлекеттік қолдау шаралары мен инновациялар туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйе;

      5) цифрландыру саласындағы уәкілетті орган – цифрландыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингін қамтамасыз ету тәртібі

      3. Ұлттық инновациялық жүйенің даму мониторингі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, көмірсутектер, уран өндіру, пайдалы қатты қазбалар, өнеркәсіп пен ғылымды мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органдардан ҰИЖ БТ пайдаланушыларына инновациялық қызметті қолдау туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін ақпарат жинау жолымен жүзеге асырылады.

      4. Қор цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен және мониторинг субъектісімен келісу бойынша ҰИЖ БТ-мен интеграциялауға жататын цифрлық жүйелерді айқындайды. Интеграция деректермен автоматтандырылған алмасу арқылы бағдарламалық интерфейстерді (API), жүйеаралық өзара іс-қимыл сервистерін және мәліметтерді қайта қолмен енгізу қажеттілігінсіз беруді қамтамасыз ететін өзге де технологиялық тетіктерді пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      Цифрлық жүйелерді ҰИЖ БТ-мен интеграциялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Мониторинг субъектілері ҰИЖ БТ-де ақпаратты орналастыруға және өзектендіруге жауапты қызметкерлерді тіркеуді, орналастырылатын ақпараттың, оның ішінде логин мен пароль деректерінің құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді.

      6. Мониторинг субъектілері ақпаратты ҰИЖ БТ-ге нақты уақыт режимінде ҰИЖ БТ-ні мониторинг субъектілерінің цифрлық жүйелерімен интеграциялау арқылы ұсынады.

      Мониторинг субъектілерін интеграциялау үшін техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда ақпаратты пайдаланушының жеке кабинетінде енгізу және өзектендіру арқылы ұсынады.

      7. Ақпаратты беру мониторинг субъектілерінің цифрлық жүйелерінде тиісті деректердің пайда болуына, жаңартылуына немесе өзгеруіне қарай жүзеге асырылады.

      Мониторинг субъектілері жаңа деректерді және (немесе) тиісті өзгерістер туралы ақпаратты алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей ҰИЖ БТ-де ақпараттың өзектендірілуін қамтамасыз етеді.

      Бұл ретте мониторинг субъектілері осы бұйрық қолданысқа енгізілген күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде ақпаратты бастапқы енгізуді қамтамасыз етеді.

      8. Мониторинг субъектілері болып табылмайтын мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік субъектілер және жеке тұлғалар ҰИЖ БТ-ге ақпаратты пайдаланушының жеке кабинетін құру арқылы ерікті түрде ұсына алады.

      9. Қор ҰИЖ БТ-де пайдаланушыны тіркеу кезінде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын алушылардан заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім алуды қамтамасыз етеді.

      10. Қор цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мониторинг субъектілерінің толтыруы үшін ҰИЖ БТ-де нысандарды айқындайды және өзектендіреді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады