ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 122 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22644 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастыру мыналарды қамтиды:
1) мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу;
2) шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі.
Оператор мемлекеттік тапсырысты орналастыруды "Ұлттық білім беру дерекқоры" цифрлық жүйесімен (бұдан әрі – ҰБДҚ) интеграцияланған цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырады.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру оператордың тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражат көлемінде өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.
Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының жобасын күнтізбелік жылдың толық көлемінде жасайды және жыл сайын жоспарланатын жылдың алдыңғы жылының 31 қазаннан кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың бекітілген жоспарын ол бекітілгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында жыл сайын орналастырады.
Оператор жыл сайын қаржы жылының бірінші жұмыс күні мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға бекітілген көлемін алдыңғы қаржы жылының мемлекеттік тапсырысын қаржыландыруды жалғастыруға көзделген қаражат көлемін шегере отырып, цифрлық жүйеде орналастырады.
Оператордың бюджетінен мемлекеттік тапсырысты іске асыруға қосымша қаражат бөлінген кезде, бекітілген қосымша қаржыландыру көлемі ол бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей цифрлық жүйеде орналастырылады.
Балалар контингентін жинақтауды оператор баланың заңды өкілдерінің белгілі бір өнім берушіге берген электрондық өтініштері негізінде автоматты түрде цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырады. Балалар контингентін жинақтау кезінде цифрлық жүйе осы Қағидалардың 11 және 12–тармақтарында көзделген кезектілікті басшылыққа ала отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге (бұдан әрі -шығармашылық үйірмелер) орындар бөледі.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру, балалар контингентін жинақтау, сондай-ақ өнім берушінің, оператордың және баланың заңды өкілінің осы процестерге байланысты өзге де ілеспе функционалдық операциялары баланың заңды өкілі үшін өтеусіз жүзеге асырылады.
Осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында, 5-тармағында және 24-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды жинау мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерімен интеграциялау арқылы цифрлық жүйемен жүзеге асырылады.
Цифрлық жүйенің мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграциялау арқылы цифрлық құжатты алу мүмкін болмаған жағдайда құжаттың қағаздағы көшірмесі қоса беріледі;
3) мемлекеттік тапсырысты орналастырудың, оның сапасы мен нысаналы игерілуінің барлық кезеңдері мен рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз ету электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда жүзеге асырылады.";
4-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу үшін өнім беруші цифрлық жүйе арқылы операторға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мынадай құжаттарды қоса бере отырып өтініш береді:";
5-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қызметкерлер бойынша деректер, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, оқу бағдарламасы, сондай – ақ осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көзделген құжаттар мен мәліметтер (бұдан әрі-деректер) өзгерген кезде өнім беруші деректерді түзетеді және растаушы құжаттарды қоса бере отырып, цифрлық жүйе арқылы қарау үшін операторға жібереді.";
6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Өтініш беру цифрлық жүйеде орналастырылатын және мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын тараптардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін оператордың жария офертасына өнім берушінің акцептімен сүйемелденеді.";
9,10,11,12 және 13 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Шығармашылық үйірмелердегі орындар босатылған кезде өнім беруші 3 (үш) жұмыс күні ішінде олар туралы тиісті мәліметтерді цифрлық жүйеге енгізеді. Цифрлық жүйе енгізілген мәліметтерді автоматты түрде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 123 бұйрығымен бекітілген Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22643 болып тіркелген) көзделген мемлекеттік қаржыландыру көлемдерін бөлу кезінде ескереді.
Цифрлық жүйе босаған орындарды балалар арасында олардың кезектілігіне сәйкес бөліне отырып, баланың заңды өкіліне шығармашылық үйірмеге қабылдауға арналған электрондық ваучер береді.
10. Шығармашылық үйірмеге қабылдауға ваучер алу үшін баланың заңды өкілі кезекке қою үшін электрондық өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді.
Ваучер, цифрлық жүйе оны алған бала туралы ақпаратты тіркейтін, бала қабылданатын өнім берушінің шығармашылық үйірмесі және балаға бөлінетін қаржыландыру көлемін көрсететін бірегей нөмір болып табылады. Берілген ваучер туралы ақпарат электрондық хабарлама арқылы баланың заңды өкіліне жіберіледі.
Баланың заңды өкілінің өтініш беруін оның өзі жүзеге асырады. Осы талаптың бұзылуы анықталған кезде цифрлық жүйе кезектегі өтініштің және ол бойынша берілген ваучердің күшін жояды.
Мемлекеттік спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары шеңберінде ел ауқымында бір балаға спорт секцияларының немесе шығармашылық үйірмелердің қызметтеріне кезекте баланың заңды өкілінің бірден көп емес өтінішінің болуына жол беріледі.
Шығармашылық үйірмені ауыстырған кезде баланың заңды өкілі өнім берушіге кезекке қоюға бұрын берілген өтінішті кері қайтарып алу туралы өтініш жібереді және кезекке қоюға қайта өтініш береді.
11. Шығармашылық үйірмеге қабылдау кезегі цифрлық жүйеде автоматты режимде жүргізіледі және баланың және заңды өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), шығармашылық үйірменің түрі, өтініштің нөмірі мен уақыты, секундтың үлесіне дейін дәлме-дәл, кезектегі реттік нөмірін қамтиды, сондай-ақ цифрлық жүйе ұсынған мәліметтер негізінде бөлуге арналған орындардың тізімін қамтиды.
Кезек балалардың заңды өкілдерінің берген өтініштері бойынша баланың жас шектеулері ескеріле отырып, өнім берушінің әрбір шығармашылық үйірмесі бойынша жеке құрылады.
Ішкі істер органдарында есепте тұрған девиантты мінез-құлықты балалар басым тәртіппен цифрлық жүйеде тіркеледі.
Кезектегі позиция заңды өкілдердің өтінішті қайтарып алуына байланысты немесе ваучерді алу себебінен балалардың кезектен шығу себебінен кему жағына қарай және осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес ваучерлерін өнім беруші кері қайтарып алған балалардың кезекке оралу себебі бойынша өсу жағына қарай жылжиды.
Кезекте орын ауыстыруға жол берілмейді.
12. Орындарды бөлу және ваучерлерді беру күн сайын сағат 18:00-де цифрлық жүйе автоматты режимде жүзеге асырылады.
Ваучерлер тізімге енгізілген өнім берушілердегі шығармашылық үйірмелердің бос орындарына кезек тәртібімен беріледі. Ваучер берілгеннен кейін баланың заңды өкілінің өтініші кезектен алынады.
Ваучердің қолданылу мерзімі 10 (он) жұмыс күнін құрайды, осы уақыт ішінде баланың заңды өкілі шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін қажетті құжаттарды жинауды және өнім берушімен шарт жасасуды жүзеге асырады.
Ваучер атаулы болып табылады және айырбастауға жатпайды. Ваучердің қолданылу мерзімі ұзартылмайды, қолданылу мерзімі өткен ваучер автоматты түрде жойылады. Баланың заңды өкілі қажет болған жағдайда қайта өтініш бере алады.
Өнім берушілерден өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап 30 қарашасына дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
1 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін цифрлық жүйемен өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру келесі жылдың бірінші жұмыс күніне дейін тоқтатылады.
Өнім берушілерден өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру мынадай кездерде цифрлық жүйемен уақытша тоқтатылады:
1) оператордың бюджетінде тиісті жылға көзделген мемлекеттік тапсырыс үшін қаражат көлемі толық игерілген кезде;
2) мемлекет тарапынан өнім берушілердің амалсыз тұрып қалуына әкеп соғатын, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан балалардың шығармашылық үйірмеге қатысу мүмкіндігі болмайтын шектеу шаралары белгіленген кезде.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы негізінде шығармашылық үйірмелерде қашықтықтан сабақтар өткізуге жол беріледі.
13. Жыл сайын 1-31 тамыз және 1-28 ақпан аралығында цифрлық жүйе бұрын кезекке қоюға өтініш берген, кезекте тұру мерзімі үш айдан асатын және баланы шығармашылық үйірмелерге қабылдау үшін ваучерлер алынбаған балалардың заңды өкілдерінің кезекті электрондық растау рәсімін жүзеге асырады.
Баланың заңды өкілі электрондық түрде кезекте тұруға одан әрі мүдделілігін растайды немесе баланың заңды өкілінің растауы болмаған жағдайда цифрлық жүйе өтінішті кезектен алып тастайды.
Қажет болған жағдайда баланың заңды өкілі кезекке қоюға қайта өтініш беруді жүзеге асырады.";
15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Цифрлық жүйе автоматты режимде төмендегі ақпаратты өзектендіреді және ресми интернет-ресурста орналастырады:";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Оператор мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін орындау барысында жинақталатын мәліметтерді цифрлық жүйенің серверлерінде және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай көлік ортасы периметрінің ішінде нақты орналасқан ақпарат жеткізгіштерде сақтауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік тапсырыс міндеттерін жүзеге асыратын цифрлық жүйенің компоненттері:
1) цифрлық үкіметтің сыртқы шлюзі арқылы интернет желісін пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасайды;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы екінші деңгейден төмен емес цифрлық объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкестігіне киберқауіпсіздікке жүргізілген сынақтардың сәтті нәтижесі туралы акт алады;
3) мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыстар алған білім алушылар бойынша ақпарат алмасуды және ақпаратты салыстыруды, сондай-ақ білім беру ұйымдары, білім алушының қорғаншылары мен қамқоршылары (болған жағдайда) туралы мәліметтерді жүзеге асыру үшін ҰБДҚ-мен интеграцияланады;
4) цифрландыру саласындағы "Қазақстан Республикасының мобильді азаматтар базасы" цифрлық жүйесімен интеграциаланады;
5) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымнан 027/е нысаны бойынша берілген анықтаманы электрондық нысанда алу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйелерімен интеграцияланады;
6) "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорымен интеграцияланады;
7) "Заңды тұлғалар" мемлекеттік деректер қорымен интеграцияланады;
8) жеке кәсіпкер мәртебесін растау үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланады;
9) "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталымен интеграцияланады;
10) баланың туу туралы куәлігінің деректерін алу үшін "Азаматтық хал актілерінің жазбасы" цифрлық жүйесімен интеграцияланады;
11) "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры" цифрлық жүйесімен интеграцияланады;
12) жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) және/немесе техникалық және кәсіптік білім туралы ақпарат алу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органдардың цифрлық жүйелерімен интеграцияланады;
13) істен шығу жағдайында жұмысқа қабілеттілікті тез қалпына келтіру мүмкіндігі үшін жинақталған деректерді резервтейді.
"Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін интеграциялау "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушы 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасы | |
|
Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі