ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабы 31) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізу қағидалары;
2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркəсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 21 мамырдағы № 253 бұйрығына 1-қосымша |
"Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізу қағидалары Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабы 31) тармақшасына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған портал жүргізу тәртібін (бұдан әрі - Қағида) айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) жобалар сараптамасы – жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалауға арналған бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігін (сәйкессіздігін), сондай-ақ жобалау шешімдері мен есеп-қисаптарда қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттер талаптарының, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің сақталуын анықтау арқылы құрылыс жобаларына, қала құрылысы жобаларына талдау және олардың сапасын бағалауды жүргізуді білдіретін сараптама қызметі;
2) қала құрылысы жобалары – аумақтар мен елді мекендерді немесе олардың бөліктерін ұйымдастыруды, дамытуды және оларда құрылыс салуды кешенді қала құрылысына жоспарлау шешімдерін қамтитын жобалар (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары (елді мекендерді дамыту және оларда құрылыс салу схемалары), егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);
3) құрылыс жобасы – осы Кодекстің тиісті талаптарын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру және жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру үшін сметалық есеп-қисаптарды қамтитын жобалау-сметалық құжаттама. Құрылыс жобаларына құрылыс объектілерін консервациялау және кейіннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
4) құрылыс объектісінің бірегей нөмірі – құрылыс объектісінің пайдаланылу циклін мониторингтеу мақсатында құрылыс жобаларын әзірлеуге, реконструкциялауға (қайта жоспарлауға және қайта жабдықтауға) бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алудан бастап оны пайдалануға қабылдап алуға және беруге дейінгі құрылыс объектісі туралы ақпаратты (мәліметтерді) жинау үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылатын он сегіз таңбалы сәйкестендіру нөмірі;
5) жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған портал (бұдан әрі – Портал) – "бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптау процестерін ұйымдастыру үшін, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелеріне орталықтандырылған қол жеткізу үшін бірыңғай алаң ұсынатын цифрлық жүйе;
6) Порталды пайдаланушы – Порталда тіркелген және оның компоненттерін жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыру үшін, сондай-ақ "бір терезе" қағидаты бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелеріне қол жеткізу үшін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
7) Secure Sockets Layer сертификаты (бұдан әрі – SSL-сертификаты) – аутентификация рәсімдерін қамтамасыз ету үшін цифрлық ресурс немесе цифрлық жүйені пайдалануға арналған тіркеу куәлігі;
8) Virtual Private Network (бұдан әрі – VPN) – екі түйіннің ақпарат алмасуына арналған Виртуалды жеке желі.
3. Портал мемлекеттік шифрлау құралдарын немесе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың өзге де құралдарын қолдана отырып жүзеге асырылатын, қорғалған орындаудағы ақпараттық жүйелерге жатпайды.
4. Құпиялылық белгілері немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгілері бар жобаларды әзірлеу және сараптамау Порталда жүзеге асырылмайды.
2-тарау. "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу және олардың сараптамасын ұйымдастыруға арналған порталды жүргізу тәртібі
1-параграф. Портал операторы және Портал пайдаланушылары
5. Порталды жүргізу жөніндегі функцияларды оның операторы ретінде мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.
6. Портал операторы келесі іс-шараларды орындайды:
Порталға техникалық қызмет көрсетуді, сүйемелдеуді және дамытуды қамтамасыз етеді;
Порталда ақпараттық-анықтамалық материалдарды орналастырады;
Портал пайдаланушыларына техникалық қолдау көрсетеді;
Порталдың өзге де цифрлық жүйелермен интеграциясын қамтамасыз етеді.
7. Портал пайдаланушылары:
1) қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобаларына тапсырыс берушілер;
2) инженерлік ізденістер жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындайтын жеке және заңды тұлғалар;
3) қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобаларын әзірлеушілер;
4) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінің пайдаланушылары;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
6) қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобаларын келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе ұйымдар (бұдан әрі – Келісуші инстанциялар).
8. Порталда тіркелу және оның функционалын пайдалану үшін жеке және заңды тұлғалар тіркеу нысанын толтырады және пайдаланушы келісімінің талаптарын қабылдайды.
Заңды тұлғалардың тіркеу нысанын толтыруы мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграциялық өзара іс-әрекет жасау жолымен автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады.
9. Жеке тұлғалар тіркеу нысанын толтыру кезінде банк деректемелерін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса ұсынады.
Портал операторы осы тармақта көрсетілген құжаттарды ұсынған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде тіркеуді растайды не тіркеуден бас тартады.
10. Құрылыс жобалары мемлекеттік банкінің каталогына қол жеткізу үшін құрылысты мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асыратын тұлғалар қосымша пайдалану келісімінің талаптарын қабылдайды.
11. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның, сондай-ақ Келісуші органдардың жұмыскерлері ретінде тіркелетін тұлғалар Портал операторының өтінімі бойынша ұсынылатын уәкілетті органның немесе Келісуші органның өкілеттіктері мен құзыреттерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Портал операторы құжаттар ұсынылған сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде тіркеуді растайды, не тіркеуден бас тартады.
Тіркеу нысанында ұсынылған құжаттарға сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілсе, бұл тіркеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
12. Заңды тұлға тарапынан бірінші болып тіркеуден өткен пайдаланушы заңды тұлға профилінің әкімшісі болып табылады.
Заңды тұлға профилінің әкімшісі:
осы заңды тұлғаның Порталын пайдаланушылардың құрылымын құрады;
осы заңды тұлға Порталының басқа пайдаланушыларының қолжетімділігі мен өкілеттіктерін басқаруды жүзеге асырады.
2-параграф. "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаны әзірлеу процесін ұйымдастыру
13. Порталда қала құрылысы жобасы мен құрылыс жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамасында, сондай-ақ мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
14. Порталда әзірлеу процесін ұйымдастыру мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленетін қала құрылысы жобалары және құрылыс жобалары бойынша жүзеге асырылады.
15. Порталда құрылыс жобасын әзірлеу процесі келесі іс-шараларды қамтиды:
1) құрылыс объектісі бойынша инженерлік ізденістер жүргізу;
2) жобалау үшін бастапқы материалдарды және (немесе) рұқсат құжаттарын алу;
3) Тапсырыс беруші мен инженерлік ізденістерді жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындаушы немесе құрылыс жобасын әзірлеуші арасындағы құжаттаманы келісу;
4) Портал арқылы Келісуші органдардан құрылыс жобасын келісулерді алу.
16. Порталда қала құрылысы жобасын әзірлеу процесі осы Қағидалардың 15-тармағы 1) және 2) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылады.
17. Құрылыс жобасын әзірлеу процесін ұйымдастыру үшін тапсырыс беруші Портал арқылы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде (бұдан әрі – МҚК АЦЖ) жобалау үшін бастапқы материалдар мен рұқсат құжаттарын алады.
Жобалау үшін бастапқы материалдар мен рұқсат құжаттары құрылыс объектісінің бірегей нөмірі бойынша интеграциялық өзара іс-әрекеттер жолымен МҚК АЦЖ-ден Порталға автоматтандырылған режимде беріледі.
МҚК АЦЖ-де тиісті деректер болмаған кезде тапсырыс беруші Порталға жобалау үшін қолда бар бастапқы материалдар мен рұқсат құжаттарын дербес енгізеді.
18. Тапсырыс беруші Порталға құрылыс объектісінің сипаттамаларын, сондай-ақ бастапқы материалдарда және МҚҚ АЦЖ-да берілген рұқсат құжаттарында құрылыс объектісінің бірегей нөмірі болған жағдайда, оны енгізеді.
19. Тапсырыс беруші Порталға құрылыс жобасы бойынша деректерді тиісті құрылыс объектісіне байланыстыра отырып, қала құрылысы жобасы бойынша деректерді – Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігіне байланыстыра отырып енгізеді.
20. Тапсырыс беруші Порталда инженерлік ізденістерді жүргізу жөніндегі жұмыстарды тапсырыс беруші мен орындаушы немесе жобаны әзірлеуші (бұдан әрі – жұмыстарды орындаушы) тарапынан бақылауды және келісуді жүзеге асыратын барлық тұлғалар үшін қала құрылысы жобасына немесе құрылыс жобасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
21. Тапсырыс беруші мен жұмыстарды орындаушы Порталда құрылыс жобасын әзірлеу кезінде құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы қолданылған жағдайда, қала құрылысы жобасын немесе құрылыс жобасын әзірлеуге арналған шартты, тапсырманы, жұмыстарды орындаудың күнтізбелік кестесін, сондай-ақ Тапсырыс берушінің ақпараттық талаптарын құрады.
Құжаттарды қалыптастыру кезінде Портал пайдаланушылары Порталда бар шаблондарды пайдаланады және Тапсырыс беруші мен жұмысты орындаушы жауапты тұлғаларының құжаттарды келісуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталында жасалған тиісті жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт болған кезде тапсырыс беруші Порталда осы Шарттың нөмірі мен күні туралы ақпаратты енгізеді.
22. Жұмыстарды орындаушы тапсырыс берушімен келісілген күнтізбелік кестеге сәйкес Порталдағы тиісті бөлімдерге қала құрылысы жобасы немесе құрылыс жобасы бойынша құжаттаманы енгізеді.
23. Порталдағы электрондық түрде қала құрылысы жобалары бойынша құжаттардың форматы Кодекстің 24-бабы 39) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларында белгіленеді.
Порталға жүктелген кезде электрондық түрде құрылыс жобалары бойынша құжаттардың форматы мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.
Құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясын қолдана отырып әзірленген құрылыс жобалары бойынша электрондық модельдердің форматы мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.
24. Порталда автоматтандырылған режимде Порталға енгізілетін құжаттар форматының сәйкестігін тексеру жүзеге асырылады.
25. Тапсырыс берушінің және жұмыстарды орындаушының жауапты тұлғалары Порталда қала құрылысы жобасы немесе құрылыс жобасы бойынша құжаттаманы келісуді жүзеге асырады.
26. Тапсырыс берушінің немесе әзірлеушінің бастамасы бойынша құрылыс жобасы жобалау саласында консультациялық қызметтер көрсету үшін Портал арқылы мемлекеттік сараптама ұйымына немесе сараптама ұйымына жолданады.
Консультациялық қызметтер көрсету процесі Кодекстің 24-бабы 37) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Жобалау саласында консультациялық қызметтер көрсету тәртібі мен құнын айқындайтын қағидаларға сәйкес Порталда іске асырылады.
27. Порталдың жалпыға қолжетімді бөлімінде қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобалары туралы келесі мәліметтер автоматты түрде жарияланады:
жобаның атауы;
тапсырыс беруші;
жобаны әзірлеуші;
объектінің орналасқан жері;
құрылыс объектісінің жауапкершілік деңгейі;
жоба сараптамасы қорытындысының нөмірі мен күні;
құпия ақпаратты немесе қызметтік (коммерциялық) құпияны қамтымайтын өзге де деректер.
3-параграф. "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаны келісу процесін ұйымдастыру
28. Қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобаларын келісуші органдармен келісу процестерін ұйымдастыру Портал арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
29. Меншікті цифрлық жүйелер болған кезде келісуші органдар Портал операторымен бірлесіп меншікті цифрлық жүйелерді Порталмен интеграциялауды жүзеге асырады.
30. "Бір терезе" қағидаты бойынша келісу үшін тапсырыс беруші Портал арқылы қала құрылысы жобасы немесе құрылыс жобасы бойынша құжаттаманы Порталда тіркелген келісуші органдардың қарастыруына жолдайды.
31. Келісуші органның лауазымды тұлғасы ұсынылған құжаттаманы электрондық нысанда келісу туралы құжатты Порталға енгізеді және оны электрондық-цифрлық қолтаңбаны (бұдан әрі – ЭЦҚ) қолдана отырып куәландырады.
Келісуші органның жеке цифрлық жүйесінің Порталмен интеграциясы болған жағдайда құжаттаманы келісу туралы құжат интеграция арқылы ұсынылады.
4-параграф. "Бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды сараптауды жүргізу процесін ұйымдастыру
32. Тапсырыс беруші Портал арқылы қала құрылысы жобасын немесе құрылыс жобасын (бұдан әрі – Жоба) тиісті сараптама жүргізуге жолдайды.
33. Қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасы процесі Кодекстің 24-бабы 12) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіпке сәйкес Порталда іске асырылады.
34. Құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптама процесі Кодекстің 24-бабы 10) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істер жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Жаңа ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіпке сәйкес порталда іске асырылады.
35. Тапсырыс беруші құрылыс жобасы туралы енгізген деректердің негізінде Портал мемлекеттік сараптама ұйымы мен сараптама ұйымдары арасында ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге өтінімдерді бөлуді жүзеге асырады.
36. Сараптама жүргізуге өтінімдер Порталда тіркеу нөмірі мен тіркеу күнін беру арқылы автоматты түрде тіркеледі.
37. Сараптама ұйымының қарастыруына жататын құрылыс жобасы бойынша тіркелген өтінім мен құжаттама келіп түскен күні сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесіне Портал арқылы жолданады.
38. Мемлекеттік монополияға жатқызылған кешенді қала құрылысы сараптамасын және ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүргізу жөніндегі рәсімдер мен операцияларды мемлекеттік сараптама ұйымы Порталда жүзеге асырады.
Мемлекеттік монополияға жатқызылмаған ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу жөніндегі рәсімдер мен операцияларды сараптама ұйымдары Порталмен интеграцияланған сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесінде жүргізеді.
39. Порталда әзірленген қала құрылысы жобалары мен құрылыс жобалары бойынша сараптама жүргізу үшін тапсырыс берушілер жоба құрамында осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
40. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген үлгілік жобалар мен жаңа құрылыс объектілері құрылысының жобалары құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінің каталогында орналастырылады.
Құрылыс жобаларының мемлекеттік Банкі Порталдың цифрлық ресурсы болып табылады және Кодекстің 24-бабы 68) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну қағидаларына сәйкес Порталда жұмыс істейді.
41. Порталда жобаны түзетуді Тапсырыс беруші әзірлеушімен бірлесіп жаңадан әзірленетін жобалар үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
42. Мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын құрылыс жобалары бойынша тапсырыс беруші сараптама аяқталғаннан кейін жобаны бекіту туралы құжатты Порталға енгізеді және оны ЭЦҚ қолдана отырып куәландырады.
43. Өтінім бойынша Портал операторы құқық қорғау органдарына, прокуратура органдарына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органына, сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға қала құрылысы жобаларының соңғы нұсқасына, жобалау-сметалық құжаттамаға және Порталдағы сараптама қорытындыларына қолжетімділікті ұйымдастырады.
44. Қала құрылысы жобалары және құрылыс жобалары бойынша ақпарат, оның ішінде осы жобалар бойынша құжаттар Порталда кемінде бес жыл сақталады және оларды Порталда сақтау мерзімі ішінде жоюға жатпайды.
5-параграф. Сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйелері
45. Ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін, сондай-ақ консультациялық қызметтер көрсету үшін сараптама ұйымдары Порталмен интеграцияланған сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесін қолданады.
46. "Бір терезе" қағидаты шеңберінде сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйелері келесілерді қамтамасыз етеді:
ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге, сондай-ақ құрылыс жобалары бойынша консультациялық қызметтер көрсетуге өтінімдер бойынша деректер алмасу үшін Порталмен интеграция;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес құрылыс жобалары бойынша жобалау саласында жүргізілетін ведомстводан тыс кешенді сараптама және консультациялық қызметтер бойынша сараптама ұйымдарының рәсімдері мен операцияларын автоматтандыру;
Жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижелері бойынша деректер мен құжаттарды Порталға беру.
47. Сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйелерін жүргізу жөніндегі функцияларды Сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес Цифрлық жүйесінің Операторлары жүзеге асырады.
48. Сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесінің операторы келесілерді қамтамасыз етеді:
цифрлық заңнамаға және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйеге техникалық қызмет көрсету, сүйемелдеу және дамыту;
сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесін пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсету;
қолданыстағы аккредиттеу болған жағдайда сараптама ұйымдарын сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесіне тіркеу және рұқсат беру;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесінде құрылыс жобасының түпкілікті редакциясына қол жеткізуі;
сараптама ұйымдарының мемлекеттік емес цифрлық жүйесін Порталмен интеграциялау;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.
6-параграф. Портал интеграциясы
49. Интеграция шеңберінде Портал мемлекеттік функцияларды іске асыру немесе мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелерімен (бұдан әрі - салалық цифрлық жүйелер), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық жүйелерімен деректер алмасуды қамтамасыз етеді.
50. Порталдан стандартты деректер жиынтығын алу үшін интеграция Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы №123 бұйрығымен бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 тіркелген).
51. Стандартты деректер жинағының құрамында Портал жоба бойынша құжаттаманы, оның ішінде кешенді қала құрылысы сараптамасының немесе ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысын ұсынады.
52. Порталдың интеграциялық сервистері Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасында белгіленген тәртіппен веб-порталдың "цифрлық үкімет" сервистерінің тізілімінде орналастырылады.
53. Порталмен стандартты жинаққа енбейтін деректердің жекелеген түрін алу үшін интеграция қажет болған жағдайда, бұл интеграция осы Қағидалардың 54-тармағында белгіленген тәртіппен орындалады.
54. Стандартты жинаққа енгізілмеген деректердің жекелеген түрлерін алу үшін цифрлық жүйелерді Порталмен интеграциялау үшін келесі іс-шаралар орындалады:
1) интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы Порталмен интеграцияға рұқсат алу үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға жүгінеді;
2) интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы Портал операторына келесілерді қосымша ұсына отырып порталмен интеграцияға өтінім жолдайды:
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган берген интеграцияға рұқсаттар;
Порталмен интеграцияға арналған келісім жобасы;
Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы (беру актісі) берген SSL сертификаты (цифрлық жүйенің ашық кілті);
VPN туннелін құруға арналған VPN-нысандар (тестілік немесе өнеркәсіптік орта көрсетіледі);
цифрлық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау туралы акті;
киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар хаттама;
3) интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы Портал операторымен бірлесіп, келісілген мерзімде интеграцияны тестілеуді жүргізеді;
4) цифрлық жүйенің Порталмен интеграциясын сәтті тестілеу кезінде интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы мен Портал операторы арасында интеграцияны сәтті тестілеу туралы акт жасалады;
5) интеграция сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган, интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы және Портал операторы порталмен интеграцияға арналған келісімге және интеграцияны қолданысқа енгізу актісіне қол қойғаннан кейін орнатылған болып есептеледі.
55. Әдепкі бойынша интеграцияланған цифрлық жүйелермен деректер алмасу құрылыс объектісінің бірегей нөмірі бойынша жүзеге асырылады.
56. Салалық цифрлық жүйелер Портал алаңында "бір терезе" қағидаты бойынша интеграциялануға және жұмыс істеуге жатады.
"Бір терезе" қағидаты шеңберінде Портал операторы салалық цифрлық жүйелердің операторларымен бірлесіп, интеграция арқылы Портал пайдаланушыларының салалық цифрлық жүйелерге орталықтандырылған қол жеткізуін ұйымдастырады.
Осы интеграция мақсатында Портал операторы салалық цифрлық жүйелер операторларымен бірлесіп, Порталды және салалық цифрлық жүйелерді авторизациялаудың бірыңғай сервистеріне қосуды, сондай-ақ Портал алаңында салалық цифрлық жүйелердің сервистері мен автоматтандырылған қызметтерін орналастыруды қамтамасыз етеді.
57. Деректерді Порталға беру кезінде олардың ақпараттық өзара іс-әрекеттері процесінде қателер анықталған кезде Портал операторы интеграцияланатын цифрлық жүйе операторының электрондық поштасына хабарлама жолдайды.
Цифрлық жүйе операторы хабарлама жіберілген сәттен бастап бір ай ішінде түзету іс-шараларын жүргізбеген жағдайда Портал операторы ақпараттық өзара іс-әрекеттерді тоқтата тұрады.
58. Деректерді Порталға беру барысында олардың ақпараттық өзара іс-әрекеті процесінде киберқауіпсіздік жайттары анықталған жағдайда Портал операторы тиісті интеграцияланатын цифрлық жүйе операторының электрондық поштасына хабарлама жолдайды.
Хабарлама жіберілген сәттен бастап Портал операторы тиісті цифрлық жүйемен ақпараттық өзара іс-әрекетті интеграцияланатын цифрлық жүйе операторы киберқауіпсіздік жайттарын толық жойғанға дейін дереу тоқтатады.
Ақпараттық өзара іс-қимылды жаңарту Портал операторы интеграцияланатын цифрлық жүйе операторынан түзету іс-шараларын сәтті жүргізу немесе киберқауіпсіздік жайттарын толық жою туралы хабарлама алғаннан кейін жүргізіледі.
59. Байланыс арналарының ақауы немесе байланыс операторларының байланыс желілерінде жұмыс жүргізуі барысында байланысты қалпына келтіру мерзімі байланыс операторының регламентімен айқындалады.
7-параграф. Портал пайдаланушыларын техникалық қолдау
60. Порталды пайдаланушыларды техникалық қолдау Портал операторының жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
61. Техникалық қолдау мәселелері бойынша өтініштерді қабылдау телефон байланысы, электрондық пошта хабарламалары, ресми хаттар және Портал операторының атына өтінімдер арқылы жүзеге асырылады.
Жазбаша өтініштерді қабылдау Порталда көрсетілген қолдау қызметінің электрондық поштасы арқылы жүзеге асырылады.
62. Порталды пайдаланушылар қолдау қызметінің өтінімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Портал операторының атына ресми жазбаша өтініштер (хаттар немесе өтінімдер) ұсынады.
63. Порталмен интеграцияланған цифрлық жүйелердің функционалдылығына байланысты Порталды пайдаланушылардың өтініштерін Портал операторы тиісті интеграцияланатын цифрлық жүйелердің операторларына қайта жолдайды.
64. Порталды пайдаланушыларға техникалық қолдауды ұйымдастыру үшін Портал операторы және Порталмен интеграцияланған салалық цифрлық жүйелердің операторлары өтініштерді қабылдау және өңдеу бірыңғай телефон желісі мен жүйесін пайдаланады.
65. Портал операторының өтінімі бойынша Порталмен интеграцияланған салалық цифрлық жүйелердің операторлары өтінім келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Портал пайдаланушысының жазбаша өтінішіне жауап беру үшін қажетті мәліметтер мен материалдарды ұсынады.
66. Портал жұмысында техникалық ақаулар туындауы туралы Портал пайдаланушыларынан өтініштер келіп түскен кезде, Портал операторы ақаудың пайда болу себептеріне талдау жүргізеді.
Істен шығу расталған жағдайда Портал операторы Портал пайдаланушысының өтінімдерін беру және қарастыру мерзімдерін Порталда істен шығу уақытына (күндермен) ұзарту бойынша рәсімдерді жүргізеді.
67. Төтенше немесе күтпеген оқиғалар кезінде Портал операторы өтінімдерді беруге немесе қарастыруға байланысты рәсімдерді осы оқиғалар созылған уақытқа (күндерге) ұзарту туралы шешім қабылдайды.
68. Портал операторы Портал функционалына қатысы жоқ және Портал операторына байланысты емес техникалық ақаулардың туындауы туралы Портал пайдаланушыларының өтініштерін қарастырмайды, атап айтқанда келесі ақаулар барысында:
Портал пайдаланушылары Порталға қосылу үшін пайдаланатын деректерді беру желілерінің немесе электр энергиясының кепілдендірілген жұмыс қабілеттілігінің болмауы немесе бұзылуы салдарынан;
Портал пайдаланушысының компьютер техникасындағы бағдарламалық-техникалық шектеулер мен параметрлердің болуына, сондай-ақ Портал пайдаланушысына Порталмен толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін қажетті бағдарламалық-техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты;
Портал пайдаланушысының компьютер техникасының зиянды бағдарламалық қамтамасыз етумен зақымдануы салдарынан;
Портал пайдаланушысының Порталмен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықтарды тиісінше сақтамауы салдарынан;
ЭЦҚ кілтін сақтау ережелерін сақтамау, Портал пайдаланушысының ЭЦҚ кілтін тиісті өкілеттігі жоқ үшінші тұлғаларға беру салдарынан.
8-параграф. Порталға техникалық қызмет көрсету
69. Портал операторы техникалық және профилактикалық іс-шараларды (оның ішінде жоспардан тыс), техникалық ақауларды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуге арналған үзілістерді, сондай-ақ еңсерілмейтін күш жайттарының туындауына байланысты үзілістерді қоспағанда, Порталдың тұрақты жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
70. Порталда жоспарлы техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізу алдында Портал операторы Порталда тиісті ақпаратты жариялау арқылы жоспарлы техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізгенге дейін күнтізбелік 2 күн бұрын Портал пайдаланушылары мен операторларын, интеграцияланған цифрлық жүйелерді хабардар етеді.
Порталдың жұмыс қабілетін қалпына келтіруге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жоспардан тыс техникалық және профилактикалық жұмыстар Портал пайдаланушыларын алдын ала хабардар етпестен жүргізіледі.
71. Порталмен интеграцияланған цифрлық жүйеде профилактикалық және техникалық жұмыстарды жүргізу барысында осы цифрлық жүйенің операторы электрондық пошта арқылы 3 күнтізбелік күн бұрын Портал операторын хабардар етеді.
Портал операторы Портал пайдаланушыларына Порталда тиісті ақпаратты жариялау арқылы Порталмен интеграцияланған цифрлық жүйенің мүмкін болатын қолжетімсіздігі туралы хабарлайды.
72. Жоспарлы техникалық және профилактикалық жұмыстар түнгі уақытта сағат 21:00-ден 6:00-ге дейін, сондай-ақ демалыс және мереке күндері жүргізіледі.
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 21 мамырдағы № 253 бұйрығына 2-қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 670 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17533 тіркелген);
2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 16 тамыздағы № 648 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19283 тіркелген);
3. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 670 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 8 тамыздағы № 568 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33265 тіркелген).