ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 68) тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Бекітілсін:
1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы беру қағидалары;
2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 15 мамырдағы № 238 Бұйрыққа 1-қосымша |
Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 24-бабы 68-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар келесілерді анықтайды:
құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу тәртібі;
байластыру үшін мемлекеттік банктен үлгілік жобаларды және жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну тәртібі.
3. Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) пайдаланушы – мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс жүргізетін тұлғалар;
2) Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі (бұдан әрі – Мемлекеттік банк) - құрылыс жобаларына жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жаңа құрылыс объектілерін салуға арналған үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы қамтитын цифрлық ресурс;
3) каталог – Мемлекеттік банкте орналастырылған үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттамалардың тізбесі;
4) Мемлекеттік банк операторы – құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ құрылыс жобаларын мемлекеттік банкпен байластыру үшін үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік сараптама ұйымы. Үлгілік жобаларды және жобалау-сметалық құжаттаманы өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
4. Мемлекеттік банкті қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты байластыру үшін пайдаланушыларға Мемлекеттік банкте келесілер болып табылады:
каталогты қалыптастыру, жүргізу және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
үлгілік жобалар және жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну.
6. Мемлекеттік банк "бір терезе" қағидаты бойынша жобаларды әзірлеуді және сараптауды ұйымдастыруға арналған порталдың (бұдан әрі – Портал) бір бөлігі болып табылады.
7. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу үшін, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну үшін қолданылатын мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет, қала құрылысы туындыларына автордың (авторлардың) мүліктік құқықтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі болады.
2-тарау. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну тәртібі
8. Мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген жаңа құрылыс объектілерін салудың үлгілік жобалары мен жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік банкте орналастырылуға жатады.
9. Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысын регламенттеуді талап ететін жекелеген объектілердің құрылысына жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеудің және келісудің жеке жоспары бойынша әзірленген және келісілген жобалау-сметалық құжаттаманың түпкілікті нұсқасы соңғы кезең бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін Мемлекеттік банкке орналастырылуы тиіс.
10. Мемлекеттік банкте келесілер орналастырылмайды:
1) Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын алған үлгілік жобалар немесе жобалау-сметалық құжаттама;
2) Мемлекеттік емес инвестициялар есебінен іске асырылуы көзделген жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттама;
3) құпиялылық белгісі бар немесе "қызметтік пайдалану үшін" деген белгісі бар үлгілік жобалар немесе жобалау-сметалық құжаттама;
4) инженерлік және (немесе) көлік инфрақұрылымының желілік құрылысжайларының жобалары:
5) азаматтық қорғаныс жобалары;
6) ғарыш инфрақұрылымы жобалары;
7) банктердің жобалары;
8) келесілерді қамтитын құрылыс жобалары:
құрылыс объектілерін күрделі жөндеу немесе ғимараттар мен құрылысжайларды қалпына келтіру;
құрылыс объектілерін реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту немесе техникалық қайта жарақтандыру;
апатты құрылыс объектілерін бұзуды қоспағанда, құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату;
құрылысы тоқтатылған аяқталмаған құрылыс объектілерін консервациялау (консервациядан шығару).
11. Үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін мұндай үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік банк операторы 3 (үш) жұмыс күні ішінде олардың осы Қағидалардың 8 және 10-тармақтарына сәйкестігі мәніне тексереді, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік банк операторы олардың түпкілікті нұсқаларын Порталда орналастыруды жүзеге асырады.
12. Мемлекеттік банкке енгізілген үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттама бойынша жоба туралы мынадай мәліметтерді: атауы, тапсырыс беруші, жобалау ұйымы, жобаның ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысының нөмірі мен күні, техникалық-экономикалық параметрлерді қамтитын үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманың каталогы қалыптастырылады.
13. Мемлекеттік банктің каталогына қол жеткізу үшін пайдаланушы Порталда тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы үлгілік жобалармен және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамамен жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге қол қоюы қажет.
14. Мемлекеттік Банктің каталогында орналастырылған байластыруға арналған үлгілік жобаны немесе жобалау-сметалық құжаттаманы алу үшін пайдаланушы Порталда электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылатын үлгілік жобаны немесе жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.
15. Мемлекеттік банкте орналастырылған байластыруға арналған үлгілік жобаны немесе жобалау-сметалық құжаттаманы беру Порталдағы Пайдаланушының жеке кабинеті арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Пайдаланушыға жобаның тиісті бөлімдеріне (бөлігіне) жауапты сарапшылардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған үлгілік жоба жиынтығының немесе жобалау-сметалық құжаттаманың түпкілікті редакциясындағы электрондық нұсқасы жіберіледі.
16. Үлгілік жобаны немесе жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік банктен пайдаланушыларға байластыру үшін беруді мемлекеттік сараптама ұйымы өтеусіз негізде жүзеге асырады.
17. Мемлекеттік банктен алынған үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттама өзектендірілуге және тапсырыс беруші қолданыстағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес келтіруі тиіс.
18. Жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындылары Мемлекеттік банкте кемінде үш жыл мерзімге орналастырылады.
Үлгілік жобалар Мемлекеттік банкте орналастырылады және тұрақты сақталады.
19. Бұрын берілген қорытындылар Кодекстің 115-бабында көзделген негіздемелермен кері қайтарып алынған үлгілік жобалар немесе жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік банктен алып тасталуы тиіс.
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 15 мамырдағы № 238 Бұйрыққа 2-қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде№ 12422 болып тіркелген).
2. "Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысына жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Бірыңғай мемлекеттік электрондық банкін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 678 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21948 болып тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 11 қарашадағы № 625 бұйрығы 1-тармағының 2) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30589 болып тіркелген).