ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бірлескен қаулы 01.05.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
"Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының екінші бөлігінің 9) тармақшасына және 6-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтер Сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсынуы қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы бірлескен қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бірлескен қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында орналастыру;
3) осы бірлескен қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсыну.
3. Осы бірлескен қаулының орындалуын бақылау жетекшілерге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасарына және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бірлескен қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
________М. Абылкасымова |
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
________Т. Сулейменов |
Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Цифрлық активтер туралы заң) 4-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 9) тармақшасына және 6-бабының 6-тармағы екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және онда мыналар айқындалады:
1) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне (бұдан әрі – орталық депозитарий) ұсыну тәртібі;
2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін жүргізу тәртібі, цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде есепке алуға және сақтауға жататын өзге де мәліметтер тізбесі;
3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитариймен өзара іс-қимылының өзге де мәселелері.
2. Қағидаларда Цифрлық активтер туралы заңда, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұғымдар пайдаланылады.
2-тарау. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді орталық депозитарийге ұсыну тәртібі
3. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы орталық депозитарийге тіркеу нөмірін, цифрлық қаржы активтерінің саны мен түрін, цифрлық қаржы активтері шығарылымының көлемін және орталық депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленген өзге де мәліметтерді қамтитын цифрлық қаржы активтерінің шығарылымы туралы мәліметтерді ұсынады.
4. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы орталық депозитарийге цифрлық қаржы активтерінің атауын (ол болған жағдайда), тіркеу нөмірін, саны мен түрін, жарияланған және орналастырылған цифрлық қаржы активтерінің саны, сондай-ақ орталық депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленген өзге де мәліметтерді көрсете отырып, цифрлық қаржы активін ұстаушының тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі қамтылатын цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар туралы мәліметтерді ұсынады.
5. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы Қағидалардың 3-тармағында көзделген мәліметтерді цифрлық қаржы активтерінің шығарылымы тіркелген күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
6. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы Қағидалардың 3-тармағында көзделген мәліметтерді Астана қаласының уақытымен сағат 00:00-дегі жағдай бойынша күніне 1 (бір) реттен сиретпей ұсынады.
Мәліметтерді беру тәсілі және цифрлық қаржы активтері платформасының операторы мен цифрлық активтердің сауда платформасы операторының орталық депозитариймен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қағидаларда және орталық депозитарийдің қағидалар жинағымен айқындалады.
7. Орталық депозитарий цифрлық қаржы активтері платформасының операторларынан және цифрлық активтердің сауда платформасының операторларынан алынатын мәліметтерді цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың тізілімдер жүйесін қалыптастыру және жүргізу үшін пайдаланады.
8. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторынан және цифрлық активтердің сауда платформасының операторынан мәліметтер алған кезде орталық депозитарий шығару кезінде тіркелген (өтелгендерді шегергенде) цифрлық қаржы активтерінің жалпы көлемі мен цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары пайдаланушыларының, цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің цифрлық активтерінің әмияндарындағы және цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының меншікті әмияндарындағы цифрлық қаржы активтерінің жиынтық саны арасындағы мәліметтерді салыстырып тексереді.
Цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың балансындағы цифрлық қаржы активтерінің саны цифрлық қаржы активтері шығарылымының жалпы көлемінен артқаны анықталған жағдайда, орталық депозитарий арту анықталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осындай саны артқаны туралы:
Цифрлық активтер туралы заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтері бойынша – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органды;
цифрлық қаржы активтері платформасының операторларын;
цифрлық активтердің сауда платформасының операторларын хабардар етеді.
9. Орталық депозитарий қажет болған кезде цифрлық қаржы активтері платформасының операторынан, цифрлық активтердің сауда платформасының операторынан цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар тізілімдерінің жаңартылған жүйесін қалыптастыру үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратады.
Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы хабарламаны алған кезден бастап 3 (үш) жұмыс сағаты ішінде орталық депозитарийге сұратылған мәліметтерді жібереді.
10. Орталық депозитарийдің сұратуы бойынша цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы іріктеп салыстырып тексеруді жүргізу немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың сұратуларын орындау мақсатында 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сұратылатын кезең үшін цифрлық қаржы активін белгілі бір ұстаушының операциялары бойынша мәліметтерді (үзінді-көшірмені) ұсынады.
11. Мәліметтер беруде техникалық іркіліс болған жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы осындай іркіліс анықталған кезден бастап 5 (бес) сағат ішінде, бірақ мәліметтерді ұсыну мерзімінен кешіктірмей орталық депозитарийді хабардар етеді.
12. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы берілетін мәліметтердің толықтығы мен дәйектілігі үшін жауапты болады.
13. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы орталық депозитарийге мәліметтерді беру кезінде "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтай отырып, мәліметтердің жасырындылығын қамтамасыз етеді.
3-тарау. Цифрлық қаржы активтерінің платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін жүргізу тәртібі, цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде есепке алуға және сақтауға жататын өзге де мәліметтердің тізбесі
14. Цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде мынадай:
1) цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және оларға тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы;
2) цифрлық қаржы активтерінің эмитенті туралы, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым (ол бар болса) және эмитенттің цифрлық қаржы активтерінің шығарылымдары туралы;
3) цифрлық қаржы активтері бойынша айналысқа немесе құқықтарды іске асыруға тіркелген шектеулер (ауыртпалықтар) туралы;
4) цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың цифрлық активтері әмияндарының мекенжайлары туралы;
5) цифрлық активтердің әмияндарында есепке алынатын цифрлық қаржы активтерінің түрі, саны туралы;
6) эмитенттің цифрлық қаржы активтері бойынша міндеттемелері бойынша талап ету құқықтары туралы;
7) цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде жүргізілетін операциялар және оларды жүргізу негіздері туралы;
8) цифрлық қаржы активтері платформасының операторы цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың цифрлық активтерінің әмияндарынан (әмияндарына) цифрлық қаржы активтерін (эмитенттің цифрлық қаржы активтері бойынша міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын) есептен шығаруға (есепке жатқызуға) арналған бұйрықты орындаған жағдайда мәміле сомасы туралы мәліметтер қамтылады.
15. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы онлайн режимде цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесіндегі ақпараттың жаңартылуын қамтамасыз етеді.
16. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының орталық депозитарийге цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу мақсатында барлық қажетті ақпаратты беруі үшін цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесіндегі мәліметтер жеткілікті болуға тиіс.
4-тарау. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитариймен өзара іс-қимылының өзге де мәселелері
17. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторының орталық депозитариймен өзара іс-қимыл тәртібі, оның ішінде берілген мәліметтер мен ақпарат алмасу тарихын сақтау тәртібі шартта орталық депозитарийдің қағидалар жинағымен айқындалады.
18. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы орталық депозитариймен өзара іс-қимыл жасау кезінде берілетін мәліметтердің өзгермейтіндігін қамтамасыз етеді және мәліметтерді рұқсатсыз алуға жол бермейді.
19. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы және (немесе) орталық депозитарий берілетін мәліметтердің форматтарына өзгерістерді шартта белгіленген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей енгізеді.
20. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы және орталық депозитарий өзара үздіксіз іс-қимылды қамтамасыз ету үшін техникалық қолдауға және ақпарат алмасуға жауапты қызметкерлерді тағайындайды.
21. Орталық депозитарийдің цифрлық қаржы активтері платформасының операторымен, цифрлық активтердің сауда платформасының операторымен өзара іс-қимылының техникалық регламенттері орталық депозитарий қағидаларының жинағында белгіленеді.