Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына, ведомстволарына және мекемелеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азаматтар ішінен кандидаттарды іріктеу жөніндегі кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 16 сәуірдегі № 57 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2026 жылғы 5 мамырдағы № 74 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 5 мамырда № 38664 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына, ведомстволарына және мекемелеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азаматтар ішінен кандидаттарды іріктеу жөніндегі кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 16 сәуірдегі № 57 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11236 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдарына, ведомстволарына және мекемелеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азаматтар ішінен кандидаттарды кәсіби және психологиялық іріктеу бойынша іс-шараларды жүргізу, іріктеу комиссиясының құрылуы мен қызметінің қағидаларында:

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Отырыстың қорытындысы бойынша комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ұсыну және лауазымға тағайындау;

      2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін резервке енгізуге ұсыну;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 31-тармағына сәйкес келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруден бас тарту.

      Комиссия отырысының қорытындысы бойынша төраға қабылданған шешім туралы әрбір кандидатқа хабарлайды.".

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Прокуратура органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азаматтар ішінен кандидаттарды іріктеу әскери лауазымға сәйкес әскери-есептік мамандық бойынша бос орын пайда болуына қарай жылына кемінде бір рет өткізіледі және келесі тәртіпте іске асырылады:

      1) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін қажетті құжаттарды қабылдау;

      2) медициналық куәландырудан өту;

      3) дене шынықтыру даярлығының деңгейіне сәйкестікті анықтау;

      4) кәсіби даярлық деңгейін және әскери лауазымға тағайындау үшін қаралып отырған әскери-есептік мамандыққа (білімге) сәйкестікті анықтау;

      5) психологиялық жарамдылыққа тексерістен өту.".

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Кандидатты медициналық куәландыру Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 140-бабына сәйкес жүзеге асырылады.".

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Психологиялық іріктеу барысында кандидаттың интеллектуалдық даму деңгейі, әскери қызметтен өту үшін психологиялық жарамдылығы, ақыл-ойының орамдылығы мен шапшаңдығы, тіл тапқыштығы мен басқа қасиеттері бағаланады.".

      мынадай мазмұндағы 50-1 тармақпен толықтырылсын:

      "50-1. Тізбесін уәкілетті органның басшысы бекіткен лауазымдарға келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдарға қатысты уәкілетті органның басшысы айқындаған тәртіппен психологиялық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолданып тексеру жүргізіледі. Психологиялық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер жүргізуді құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген уәкілетті органдар ұйымдастырады.".

      51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "51. Психологиялық іріктеудің нәтижелері бойынша кандидаттың келісімшарт бойынша нақты әскери лауазымдарында әскери қызмет етуге жарамдылығы туралы төмендегі қорытындылардың біреуі жасалады:

      1) "ұсынылады";

      2) "ұсынылмайды".

      Прокуратура органдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін психологиялық жарамдылық деңгейін анықтаудың нәтижелері кандидаттың жеке ісіне тіркеледі.".

      2. Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас әскери прокуратураға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Бас Прокуроры Б. Асылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады