Құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау бойынша конкурсты өткізу қағидалары және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 14 сәуірдегі № 172 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 сәуірде № 38459 тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 42-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау бойынша конкурсты өткізу қағидалары және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс жетекшілік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Жасанды интеллект және

      цифрлық даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 14 сәуірдегі
№ 172 бұйрығымен бекітілген

Құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидалары және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 42-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібін және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты (бұдан әрі – Ұлттық институт) - мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеу және жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға Кодексте белгіленген тәртіппен айқындалған заңды тұлға;

      2) техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитет – уәкілетті органның ведомствосы айқындаған, бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы техникалық нормалау жөніндегі міндеттерді орындау үшін құрылатын мамандар бірлестігі;

      3) уәкілетті органның ведомствосы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреті шегінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органның ведомствосы.

      3. Ұлттық институттың жұмыс істеуі Кодекстің 42-бабының 3-тармағында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін көзделеді.

      4. Ұлттық институт ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсты қойылған міндеттерді іске асыру үшін қажетті материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу базасы мен кадр ресурстары бар ұйымды таңдау мақсатында уәкілетті органның ведомствосы өткізеді.

2-тарау. Құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібі

      5. Конкурстық өтінімдерді қарау және бағалау үшін конкурстық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады, оның құрамы уәкілетті орган ведомствосы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      Комиссия құрамына кемінде 5 (бес) адамнан тұратын уәкілетті орган ведомствосының қызметкерлері енгізіледі.

      6. Уәкілетті органның ведомствосы конкурстық өтінімдері салынған конверттерді ашу күніне дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын өзінің интернет-ресурсында конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялайды, онда мыналар қамтылуға тиіс:

      1) өтінім беру мерзімі мен орны;

      2) ұсынылатын құжаттардың тізбесі;

      3) қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары;

      4) бағалау критерийлері және жеңімпазды анықтау тәртібі.

      7. Конкурсқа қатысу үшін қатысушы уәкілетті органның ведомствосына мыналарды қамтитын конкурстық өтінімді ұсынады:

      - қатысуға өтініш еркін нысанда жасалады;

      - біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;

      - Ұлттық институттың функцияларын іске асыру бойынша техникалық ұсыныс.

      8. Комиссия өтінімдерді қарауды екі кезеңде жүзеге асырады:

      бірінші кезең: ұсынылған құжаттардың толықтығын және біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру.

      Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін қатысушылар қабылданбайды.

      екінші кезең: Ұлттық институттың функцияларын іске асыру бойынша техникалық ұсыныстарды қарау.

      9. Өтінімдерді бағалауды конкурстық комиссия жүргізеді. Конкурстық комиссияның конкурс жеңімпазын айқындау туралы шешімі біліктілік талаптары мен техникалық ұсыныстарға сәйкестігін растайтын құжаттарды қарау нәтижелері бойынша қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Конкурстың жеңімпазы деп айқындалған ұйымға уәкілетті органның ведомствосымен келісім жасасу арқылы Ұлттық институт мәртебесі беріледі.

      10. Келісім Ұлттық институттың Кодекстің 42-бабында санамаланған функцияларынан басқа, мемлекеттік нормативтерді жетілдіру жөніндегі жұмыстардың тікелей және түпкілікті нәтижелерін қамтиды.

      11. Ұлттық институттың өкілеттік мерзімі жұмысқа наразылықтар болмаған және біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде сол мерзімге ұзарту мүмкіндігімен 5 (бес) жыл. Ұзарту қосымша келісім жасасу жолымен жүргізіледі.

      12. Ұлттық институт ретінде айқындалған ұйым туралы ақпарат уәкілетті орган ведомствосының интернет-ресурсында жарияланады.

      13. Егер Ұлттық институт айқындаған ұйым өзіне жүктелген функцияларды толық көлемде орындамаған жағдайда, біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, сондай-ақ оның қызметінде бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті органның ведомствосы Ұлттық институт мәртебесін тағайындау туралы келісімді мерзімінен бұрын бұзу жөнінде шешім қабылдайды.

      Мұндай бұзушылықтарға: қаржылық ашықтықтың болмауы және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау жатады.

      14. Ұлттық институттың функцияларын іске асыру жөніндегі техникалық ұсыныстар толықтығына, техникалық негізділігіне және іске асырылуына бағаланады.

      15. Конкурсқа қатысушылар техникалық ұсыныста құрылыс саласының ағымдағы нормативтік базасының қысқаша талдауын, Ұлттық институт жұмысының құрылуының жалпы пайымын, уәкілетті органның ведомствосымен, бейінді техникалық комитеттермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды, негізгі бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, мемлекеттік нормативтерді жетілдіру процесін жақсарту жөніндегі ұсыныстарды келтіреді.

      16. Қарау қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген өлшемшарттарды ескере отырып, неғұрлым тартымды техникалық ұсыныс берген конкурсқа қатысушы конкурс жеңімпазы болып танылады.

      17. Екі және одан да көп қатысушылардың техникалық ұсыныстары барлық өлшемдерге сәйкес келген және негіздеуші материалдармен бекітілген жағдайда, нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу бойынша (соңғы 10 жылда әзірленген құжаттар санында) жұмыс тәжірибесі мол конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады.

3-тарау. Құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары

      18. Конкурсқа қатысуға мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғалар жіберіледі:

      1) құқық қабілеттілігіне ие болуға;

      2) қаржылық тұрғыдан тұрақты болуға және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң алты еселенген мөлшерiнен асатын салық берешегi болмауға;

      3) банкроттық не тарату рәсіміне жатпауға;

      4) қаржы ресурстарына ие болуға, сондай-ақ қызметкерлер алдында жалақы төлеу бойынша мерзімі өткен берешегі болмауға;

      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу және қайта өңдеу бойынша кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

      6) осы Қағидалар қосымшаға сәйкес материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу базасына, кадр құрамына қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.

  Құрылыстағы ұлттық
  техникалық нормалаудың
институты ретінде ұйымды
айқындау жөніндегі конкурсты
өткізу қағидаларына және
конкурсқа қатысушыларға
қойылатын біліктілік
талаптарына қосымша

Құрылыстағы техникалық нормалаудың ұлттық институты ретінде ұйымды айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушылардың материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу базасына, кадр құрамына қойылатын талаптар

№ р/с

Біліктілік талаптары

Талаптың мазмұны

Растайтын құжат

1. Ғылыми және норма шығармашылығы құзыреті

1.1

Құрылымдық бөлімше

Штатта негізгі функциясы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды жетілдіру болып табылатын құрылымдық бөлімшенің болуы

Штат кестесі, құрылымдық бөлімше туралы ереже

1.2

Ғылыми аккредиттеу

"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеудің болуы.

Аккредиттеу туралы куәліктің көшірмесі

1.3

Нормашығармашылық қызмет тәжірибесі

Соңғы 10 жылдағы сәулет және/ немесе құрылыс саласындағы кемінде 10 (он) мемлекеттік нормативті әзірлеудің/техникалық түзетудің расталған тәжірибесі.

Әзірленген құжаттардың титулдық парақтарының көшірмелері

1.4

Ғылыми дәрежесі бар кадрлар

Штатта негізгі жұмыс орны бойынша доктор не техникалық ғылымдар кандидаты немесе PhD (техникалық нормалау саласы үшін бейінді) ғылыми дәрежесі бар кемінде 6 (алты) қызметкердің болуы.

Ғылыми дәреже беру туралы еңбек шарттары мен дипломдардың көшірмелері

1.5

Бейінді техникалық комитеттер (БТК)

Ұйымдастыру-техникалық қолдау көрсетуді қоса алғанда, Құрылыс кодексінің 43-бабына сәйкес техникалық нормалау саласындағы бейінді техникалық комитеттерді құру және олардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жазбаша міндеттеме

Қатысушының жазбаша міндеттемесі

1.6

Құзыреттерді растау

Соңғы 10 жылда нормативтік реттеу немесе талаптарды жетілдіру тақырыбы бойынша қатысушы ұйым қызметкерлерінің "Ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын басылымдар тізбесі" журналда (бюллетеньде, жаршыда) авторлығының кемінде үш басылымының болуы

Мақалалардың көшірмелері

2 Инфрақұрылым және орналасқан жері (кеңсе жағдайлары)

2.1

Конференц-залдар (үлкен)

Сыйымдылығы 60 орындық, проекциялық жабдықпен жарақтандырылған кемінде 1 (бір) конференц-зал.

Объектінің техникалық паспорты / үй-жайларды жалдау шартының көшірмесі.

2.2

Конференц-залдар (кіші)

Әрқайсысының сыйымдылығы 20 адамнан тұратын, проекциялық жабдықтармен жарақтандырылған кемінде 2 (екі) конференц-зал.

Объектінің техникалық паспорты / үй-жайларды жалдау шартының көшірмесі.

2.3

Оқыту инфрақұрылымы

Компьютерлік оқу сыныбының болуы.

Объектінің техникалық паспорты / үй-жайларды жалдау шартының көшірмесі.

2.4

Нормативтік құжаттар қоры

Нормативтік техникалық құжаттар қорын қалыптастыру және сақтау үшін жабдықталған үй-жайдың (мұрағаттың) болуы.

Мұрағатты техникалық тексеру актісі.

2.5

Сынақ орталығы немесе зертхана

Сынақ орталығының немесе зертхананың қолданыстағы аккредиттеу аттестатының болуы

Аккредиттеу аттестатының көшірмесі


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады