ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 20 маусымдағы № 206 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №34550 болып тіркелді) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
""Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы";
бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса берілген "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықтың 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде ақпаратты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
А. Ертаев |
"Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 79-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және халықты жұмыспен қамту саласындағы цифрлық жүйелердің арасындағы жұмыс, сүйемелдеу, қолжетімділікті ұсыну және ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) ақпарат – ақпарат иеленушілер жасаған немесе алған және олардың иелігіндегі, кез келген нысанда тіркелген адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер;
2) бос орын – жұмыс берушінің бос жұмыс орны (лауазымы);
3) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
4) еңбек ресурстарын дамыту орталығы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, еңбек нарығын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, жұмыспен қамту қызметтерін әдіснамалық қолдауды, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай цифрлық жүйесін дамытуды және сүйемелдеуді қамтамасыз ететін заңды тұлға;
5) есептік жазба (аккаунт) – бағдарламалық қамтамасыз етуде және (немесе) жұмыспен қамтудың цифрлық платформасы жүйесінде сақталатын, оған қол жеткізуді беру мақсатында пайдаланушыны сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын деректер жиынтығы;
6) кәсіптік біліктілікті тану орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидат – өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін ерікті түрде, өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жүгінген жеке тұлға;
8) киберқауіпсіздік жедел орталығы – электрондық цифрлық ресурстарды, цифрлық жүйелерді, телекоммуникациялар желілерін және цифрландырудың басқа да объектілерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
9) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асыратын филиалы;
10) пайдаланушы – цифрландыру объектілерін нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін пайдаланатын цифрлық орта субъектісі;
11) тіркелген адамдар – жұмыс іздеп жүрген адамдар және жұмыссыздар ретінде тіркелген азаматтар;
12) уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеу, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
3. Халықты жұмыспен қамту саласындағы цифрлық жүйелер:
1) "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – "Еңбек нарығы" АЦЖ);
2) "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы.
4. Халықты жұмыспен қамту саласындағы цифрлық жүйелерді дамыту жөніндегі сүйемелдеуді, жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (бұдан әрі – әкімші) жүзеге асырады.
2-тарау. "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс істеу, сүйемелдеу және қол жеткізуді ұсыну тәртібі
5. Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы) – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс іздеуді және персоналды іріктеуге жәрдемдесуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын білдіретін цифрлық объектісі.
6. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының ресми сайтының домендік атауын (мекенжайын) және интернеттің ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі домендік атаудағы орналасуын әкімші уәкілетті органмен келісім бойынша әкімшіден ұсыныс келіп түскен сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей айқындайды.
7. Бірыңғай цифрлық жұмыспен қамту платформасы мынадай порталдарды қамтиды:
1) enbek.kz домендік атауда орналасқан халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді электрондық және проактивті форматта ұсыну үшін қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға және іріктеуге жәрдемдесуге арналған портал (бұдан әрі – enbek.kz порталы);
2) skills.enbek.kz домендік атауда орналасқан халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру үшін онлайн режимде кәсіптік оқыту порталы (бұдан әрі – skills.enbek.kz порталы);
3) business.enbek.kz домендік атауда орналасқан бизнес-идеяны іске асыру үшін грант алуға өтініш беру үшін кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы (бұдан әрі – business.enbek.kz порталы);
4) hr.enbek.kz домендік атауда орналасқан еңбек шарттарын есепке алуды, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өзара іс-қимылын автоматтандыруға арналған портал (бұдан әрі – hr.enbek.kz порталы);
5) career.enbek.kz домендік атауда орналасқан ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылардың өзара іс-қимылын және Қазақстан Республикасының кәсіптік стандарттары туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге арналған кәсіптік біліктілік порталы (бұдан әрі – career.enbek.kz порталы);
6) migration.enbek.kz домендік атауда орналасқан көші-қон заңнамасы, көші-қон құжаттарын ресімдеу рәсімдері, шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасу және тұру мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, сондай-ақ пайдаланушыларға көші-қон саласындағы қызметтерді ұсыну мониторингіне арналған портал (бұдан әрі – migration.enbek.kz порталы).
8. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарының ақпараттық өзара іс-қимылы порталдардағы ақпаратты, мәліметтерді, деректерді алу және беру арқылы автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады.
9. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын пайдаланушылар:
1) уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмыскерлері;
2) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның жұмыскерлері;
3) еңбек мобильділігі орталығының және мансаптық орталықтың жұмыскерлері;
4) жұмыс берушілер;
5) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтар, қандастар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, қоныс аударушылар, босқындар;
6) жұмыс берушілермен еңбек қатынастарында тұрған және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын адамдар (бұдан әрі – жұмыскерлер).
7) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган;
8) кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидат.
10. Еnbek.kz порталында пайдаланушыларға мынадай сервистер қолжетімді:
жұмыс берушілер:
1) кәсіпорын туралы және бос орындары туралы ақпаратты орналастырады;
2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтармен, қандастармен, шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен, қоныс аударушылармен, босқындармен жұмысқа орналасу бөлігінде өзара іс-қимыл жасайды;
3) жұмыс берушінің қызметін тоқтатуға байланысты жұмыскерлердің алдағы босатылуы туралы мәліметтерді орналастырады;
4) субсидияланатын жұмыс орындарын, кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру бөлігінде еңбек мобильділігі орталықтарымен және мансап орталықтарымен өзара іс-қимыл жасайды;
азаматтар, оның ішінде тіркелген адамдар:
1) түйіндемені орналастырады;
2) еңбек мобильділігі орталығымен және мансап орталығымен жұмысқа орналастыру бөлігінде өзара іс-қимыл жасайды;
3) жұмысқа орналастыру бөлігінде жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасайды;
4) еңбек мобильділігі орталығымен жасалған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу жөніндегі шарттарға электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды;
еңбек мобильділігі орталығы:
еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтарының байланыстары туралы ақпаратты (пошталық мекенжайы, бөлімдердің немесе жауапты қызметкерлердің телефондары, ресми сайттар мен электрондық пошта мекенжайлары) орналастырады.
11. Skills.enbek.kz порталында пайдаланушыларға мынадай сервистер қолжетімді:
1) өтеусіз немесе ақылы негізде онлайн курстарға қол жеткізу, алған білімдерін бағалау үшін тестілеу, оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат алу;
2) оқу курстарын орналастыруға қол жеткізу.
12. Business.enbek.kz порталында пайдаланушыларға келесі сервистер қолжетімді:
1) "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына жазылу және оқыту шарттарына сәйкестігін тексеру;
2) жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алу өлшемшарттарына сәйкестігін тексеру;
3) грант алуға өтініш беру;
4) банктік шот туралы ақпарат беру;
5) еңбек мобильділігі орталығымен грант алу туралы шартқа қол қою;
6) грант қаражатын мақсатты пайдалану туралы есепті еңбек мобильділігі орталығына жіберу;
7) қаражатты ішінара немесе толық қайтаруға өтініш беру.
13. Hr.enbek.kz порталында пайдаланушыларға мынадай сервистер қолжетімді:
1) жұмыс берушілердің электрондық еңбек шарттарын тіркеуі;
2) жұмыскердің жеке ісін оның келісімімен автоматты түрде қалыптастыру;
3) жұмыскермен электрондық еңбек шартына қол қою;
4) жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруі (еңбек консультантының қызметі);
5) тіркелген еңбек шарттарын қарау үшін жұмыскерлерге қолжетімділік.
14. Career.enbek.kz порталында пайдаланушыларға мынадай сервистер қолжетімді:
Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган мынадай ақпаратты орналастырады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышы, ұлттық біліктілік шеңбері, салалық біліктілік шеңбері;
2) кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер тізілімі;
3) кәсіптік стандарттар;
4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімі;
5) кәсіптік біліктілікті танудың аккредиттелген орталықтарының тізбесі;
6) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен үміткер кандидаттардың өту қорытындысы жөніндегі мәліметтер;
кәсіптік біліктілікті тануға үміткер кандидат өтінішті кәсіптік біліктілікті тану орталығына жібереді.
15. Migration.enbek.kz порталында пайдаланушыларға мынадай қызметтер қолжетімді:
1) Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерінен солтүстік өңірлерге көшіру мәселелері бойынша консультация алу үшін өтініш беру;
2) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу үшін өтініш беру;
3) қандас мәртебесін алу үшін өтініш беру;
4) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу үшін өтініш беру;
5) "Ата жолы" картасын беру немесе ұзарту үшін өтініш беру;
6) пана іздеуші (босқын) мәртебесін алу үшін өтініш беру.
16. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасын пайдаланушылар жұмыспен қамтудың цифрлық платформасында орналастырылатын ақпараттың толықтығын, дұрыстығын және өзектілігін қамтамасыз етеді.
17. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы арқылы ақпарат орналастыратын немесе алатын пайдаланушылар қол жеткізу үшін тіркеу рәсімінен өтеді.
Жұмыспен қамтудың цифрлық платформасын пайдаланушыларды тіркеу passport.enbek.kz парақшасында жүргізіледі. Тіркелу кезінде пайдаланушы үшін жасалған есептік жазбаны (аккаунтты) ол жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының барлық порталдарында пайдаланады.
Пайдаланушының есептік жазбасында (аккаунтында) бірыңғай цифрлық жұмыспен қамту платформасының порталдарымен жұмыс істеу кезінде пайдаланушы пайдаланатын дербес бірегей идентификатор (логин) және құпия сөз болады. Логин ретінде пайдаланушы тіркелу кезінде электрондық пошта мекенжайын немесе ұялы телефон нөмірін көрсетеді.
18. Тіркеу кезінде пайдаланушы жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарын пайдалану және олардың жұмыс істеуі туралы пайдаланушы келісімінің шарттарымен келісімін білдіреді.
19. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының порталдарында орналастырылған ақпарат пайдаланушының профиліне (жеке бөліміне) және ізденушілердің дербес деректеріне enbek.kz порталындағы түйіндемеде қол жеткізу үшін парольді қоспағанда, жалпыға қолжетімді болып табылады.
20. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының әкімшісі:
1) технологиялық үзілістерді қоспағанда, мереке және демалыс күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жұмыс істеудің бірыңғай цифрлық платформасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарының жұмысындағы технологиялық үзілістер уәкілетті органмен келісіледі;
2) жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасында қамтылған ақпаратқа қол жеткізу, оны қорғау және қауіпсіз ұсыну;
3) ақпараттың сақталуы, қорғалуы, бұзылған немесе бүлінген жағдайда қалпына келтірілуі, резервтік көшіру және жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарында ақпараттың уақтылы өзектендірілуін бақылау;
4) жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарына түзетулер енгізу, бағдарламалық қамтылым ақауларын өзгерту және жою;
5) қосымша функционалдық талаптарды жаңғыртуды және іске асыруды жүргізбей және олардың тұтастығы сақталған жағдайда жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарындағы техникалық іркілістерді жою;
6) мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерімен және цифрландырудың басқа да объектілерімен өзара іс-қимыл жасау;
7) порталдардың жай-күйіне аудит жүргізу.
21. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасының порталдарын пайдалану бойынша мәселелер немесе проблемалар туындаған кезде, сондай-ақ есептік жазбаны (аккаунтты) жою бойынша пайдаланушы порталдарда орналастырылған кері байланыс нысаны арқылы әкімшінің техникалық қолдау қызметіне өтінім береді.
Өтінімде пайдаланушы мынадай мәліметтерді көрсетеді:
1) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
2) жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) байланыс деректері;
4) электрондық пошта мекенжайы;
5) өтініш тақырыбы;
6) мәселенің немесе проблеманың сипаттамасы;
7) тіркеме (файл).
Пайдаланушының өтінімін қарау 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
Өтінімді қарау мерзімі бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақауларды пысықтау немесе жою кезінде 10 (он) жұмыс күніне дейін ұлғайтылады.
22. Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарының жұмысында техникалық іркілістің туындауы туралы ақпарат көздері:
1) осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес әкімшінің техникалық қолдау қызметіне жіберілген пайдаланушының өтінімі;
2) жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарының жұмыс істеуіне мониторинг жүргізетін әкімші мамандарының хабарламасы;
3) жұмыс қабілеттілігін және функционалдың қолжетімділігін айқындау үшін пайдаланылатын, техникалық ақауды анықтаған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарындағы ақауларды мониторингтеу және анықтау жөніндегі бағдарламалық-аппараттық құралдар;
4) техникалық іркілістің туындағанын немесе туындау мүмкіндігін куәландыратын жазбалар тіркелетін жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы порталдарының жүйелік журналдары;
5) киберқауіпсіздік жедел орталығы.
3-тарау. "Еңбек нарығы" автоматтандырылған цифрлық жүйесінің жұмыс істеу, сүйемелдеу және оған қол жеткізу тәртібі
23. "Еңбек нарығы" АЦЖ пайдаланушылары:
1) уәкілетті орган;
2) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның жұмыскерлері;
3) еңбек мобильділігі орталығының және мансап орталығының жұмыскерлері.
24. "Еңбек нарығы" АЦЖ-да пайдаланушыларға қолжетімділік деңгейіне байланысты мынадай сервистер ұсынылады:
1) ізденушінің дербес ақпаратын жұмыспен қамтудың жеке картасына орналастыру (түйіндемені қалыптастыру);
2) өтініш білдірген адамдарды, оның ішінде жұмыс іздеп жүрген адамдарды және жұмыссыздарды тіркеу;
3) тіркелген адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жіберу;
4) тіркелген тұлғалар мен жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету;
5) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру бойынша жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасау;
6) уәкілетті органмен келісім бойынша қосымша сервистер.
25. Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансаптық орталықтар "Еңбек нарығы" АЦЖ-да орналастырылатын ақпараттың толықтығын, дұрыстығын және өзектілігін қамтамасыз етеді.
26. "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесінде орналастырылған ақпаратқа түзетулер енгізу үшін "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесінің мансап орталығы қате деректерді көрсететін және түзетуге ұсыныстарды қамтитын электрондық өтініш формасын жасайды.
Еңбек мобильділігі орталығы өтінім келіп түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінімді қарастырады, "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесінде жалған деректерді орналастырған жұмыскерге қолданылған шараларды және қателіктерді болдырмау үшін қабылданған шараларды көрсетеді және өтінішті уәкілетті органға жолдайды.
Уәкілетті орган өтінішті оның түскен күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды және "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесінде келісім туралы немесе негізделген бас тарту туралы шешімді енгізеді.
Әкімші келісілген шешім негізінде "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесінде орналастырылған ақпаратқа түзетулер енгізеді және өтініш берушіні хабардар етеді.
27. "Еңбек нарығы" АЦЖ-ға мемлекеттік органдардың және ұйымдардың цифрлық жүйелері арқылы цифрлық ресурстардан мәліметтер алу интеграция арқылы жүзеге асырылады.
28. "Еңбек нарығы" АЦЖ-да жұмыс істеу кезінде рұқсат етілмейді:
1) пайдаланушының интернетке шығатын дербес компьютер арқылы "Еңбек нарығы" АЦЖ пайдалануы;
2) пайдаланушының "Еңбек нарығы" АЦЖ-ға кіру үшін өзінің дербес бірегей сәйкестендіргішін (логинін) және паролін басқа тұлғаларға беруі;
3) қызмет көрсету барысында алынған дербес ақпаратты ізденушілер мен жұмыс берушілерге, басқа тұлғаларға беру.
29. Пайдаланушылардың "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесіне қолжетімділігі "Ақпараттық жүйелермен және дерекқорлармен жұмыс, оларды сүйемелдеу және оларға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы
26 желтоқсандағы № 419 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37713 болып тіркелген) бекітілген тәртіппен қамтамасыз етіледі.
4-тарау. "Электрондық еңбек биржасы" жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы мен "Еңбек нарығы автоматтандырылған цифрлық жүйесінің арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету
30. Еңбек саласындағы бірыңғай цифрлық платформа мен "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесі арасында ақпараттық өзара әрекеттестік интеграция арқылы қамтамасыз етіледі.
Бірыңғай цифрлық платформа мен "Еңбек нарығы" АЦЖ жүйесін интеграциялау Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
31. Ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде "Еңбек нарығы" АЦЖ-не enbek.kz порталында орналастырылған мынадай ақпаратты:
жұмыс беруші жеке кабинетінде:
1) бос орындары және жұмыс беруші туралы ақпарат (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, байланыстар, деректемелер);
2) жұмыс беруші – жеке тұлғаның қызметінің тоқтатылуына не жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты алдағы уақытта жұмыскерлердің жұмыстан босатылатыны туралы, босатылу оларға қатысты болуы ықтимал жұмыскерлердің саны мен санаттары туралы жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбегіне төленетін ақының мөлшерін және олар босатылатын мерзімдерді көрсете отырылған ақпарат;
3) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға арналған өтінім, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №275 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №32959 болып тіркелген) бекітілген Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларына сәйкес қалыптастырылады, сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың жұмыс орындарына баруы туралы мәліметтерді қамтиды;
азаматтар жеке кабинетінде:
1) түйіндеме;
2) жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге арналған мәліметтер нысанын беруді қамтамасыз етеді.
32. Ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде "Еңбек нарығы" АЦЖ–дан enbek.kz порталына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 214 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32850 болып тіркелген) бекітілген Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен жұмыс іздеп жүрген адамдар және жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдардың түйіндемелерін беру қамтамасыз етіледі.
33. Еңбек мобильділігі орталықтары тіркелген адамдарға лайықты жұмыс іздеуге немесе жұмыс берушілерге тіркелген бос орындарына жұмыскерлерді іріктеуге жәрдемдесу кезінде "Еңбек нарығы" АЦЖ-дан бос орындарына жауап беру туралы ақпарат жұмыс берушілердің жеке кабинеттеріне және азаматтардың enbek.kz порталындағы жеке кабинеттеріне (бар болса) беріледі.
Еnbek.kz порталындағы жұмыс берушінің жеке кабинетінен "Еңбек нарығы" АЦЖ-ға жұмыс беруші тіркелген адамды әңгімелесуге шақыру және оны тіркелген бос орынға жұмысқа орналастыру туралы ақпарат автоматты түрде беріледі.
34. Ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде жұмыс беруші hr.enbek.kz порталындағы жеке кабинетте орналастырған субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген қатысушылардың еңбек шарттары туралы ақпаратты "Еңбек нарығы" АЦЖ-ға беру қамтамасыз етіледі.
35. Ақпараттық өзара іс қимыл шеңберінде business.enbek.kz порталынан "Еңбек нарығы" АЦЖ-да азаматтардың жеке кабинетінде орналастырған ақпарат беру қамтамасыз етіледі:
1) жаңа бизнес-идеяларды және бизнес-жобаны іске асыру үшін грант алуға өтініштер;
2) банктік шот туралы ақпарат;
3) грант қаражатын мақсатты пайдалану туралы есептер;
4) грант қаражатын ішінара немесе толық қайтаруға өтініштер.
