""Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығының кейбір құрылымдық элементтерінің әрекеттерін тоқтата тұру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 339 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 15 сәуірде № 38433 болып тіркелді

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығымен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) 3-1, 12, 13, 20-1 - тармақтарының, 22-тармағының екінші абзацының қолданысы 2026 жылғы 30 қазанға дейін тоқтатыла тұрсын.

      2. 2026 жылғы 12 шілдеге дейін тоқтатыла тұру кезеңінде мыналар бекітілсін:

      Қағидалардың 3-1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады:

      "3-1. Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау "Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) арқылы жүзеге асырылады.";

      Қағидалардың 12 және 13-тармақтары мынадай редакцияда қолданылады:

      "12. Жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылауды аумақтық әділет органының лауазымды тұлғасы (-лары) жүргізеді.

      Қажет болған жағдайларда жоспарлы бақылауды уәкілетті орган басшылығының тапсырмасы бойынша уәкілетті органның қызметкері (лерінің) қатысуымен жүргізеді.

      13. Жеке сот орындаушыларының қызметін жоспарлы бақылаудың нысанасы атқарушылық іс жүргізуді ақпараттық жүйе арқылы зерделеу және тексеру болып табылады.";

      Қағидалардың 20-1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады:

      "20-1. Бақылау жүргізген тұлғалар осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін, бес жұмыс күні ішінде қорытындыда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың дұрыстығын ақпараттық жүйе арқылы салыстырады.";

      Қағидалардың 22-тармағының екінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады:

      "Қорытынды осы Қағидалардың 20-1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Республикалық немесе аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ақпараттық жүйеде жеке сот орындаушысына қатысты тәртіптік жаза туралы мәліметтерді оның қолданылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жариялайды.".

      3. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап тоқтатыла тұру кезеңінде мыналар бекітілсін:

      Қағидалардың 3-1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады:

      "3-1. Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау "Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі" цифрлық жүйесі (бұдан әрі – цифрлық жүйе) арқылы жүзеге асырылады.";

      Қағидалардың 12 және 13-тармақтары мынадай редакцияда қолданылады:

      "12. Жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылауды аумақтық әділет органының лауазымды тұлғасы (-лары) жүргізеді.

      Қажет болған жағдайда жоспарлы бақылауды уәкілетті орган басшылығының тапсырмасы бойынша уәкілетті органның қызметкері (лерінің) қатысуымен жүргізеді.

      13. Жеке сот орындаушыларының қызметін жоспарлы бақылаудың нысанасы атқарушылық іс жүргізуді цифрлық жүйе арқылы зерделеу және тексеру болып табылады.";

      Қағидалардың 20-1-тармағы мынадай редакцияда қолданылады:

      "20-1. Бақылау жүргізген тұлғалар осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін, бес жұмыс күні ішінде қорытындыда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың дұрыстығын цифрлық жүйе арқылы салыстырады.";

      Қағидалардың 22-тармағының екінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады:

      "Қорытынды осы Қағидалардың 20-1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Республикалық немесе аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы цифрлық жүйеде жеке сот орындаушысына қатысты тәртіптік жаза туралы мәліметтерді оның қолданылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жариялайды.".

      4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
Е. Сарсембаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады