ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Құрылыс Кодексі 24-бабының 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы |
Р. Исакулов |
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 162 Бұйрыққа 1-қосымша |
Мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс Кодексі 24-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тәртібін айқындайды.
2. Қағидалар жаңа құрылыс объектілерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салудың, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын құрылыс объектілерін (бұдан әрі - құрылыс объектілері) реконструкциялаудың (кеңейтудің, жаңғыртудың, техникалық қайта жарақтандырудың) немесе күрделі жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасын бекіту кезінде қолданылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) еншілес ұйым - жарғылық капиталға басымдықпен қатысу үлесінің не олардың арасында жасалған шарттың болуы негізінде не өзгеше түрде шешімдерін басқа заңды тұлға айқындай алатын заңды тұлға;
2) құрылыстағы мемлекеттік инвестициялар (мемлекеттік инвестициялар) - жаңа құрылыс объектілерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ құрылыс объектілерін реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге инвестициялар, олардың көздері болып мыналар табылады:
республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бағытталған нысаналы қаражат;
мемлекеттік кепілдікпен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын ұйымдар мен заңды тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты;
дербес білім беру ұйымдарының қаражаты.
Мемлекеттік инвестицияларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша инвестициялық шығындарды қоса қаржыландыруға және (немесе) өтемақы төлеуге бағытталған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты да жатады;
3) құрылыстың сметалық құны - жобалау материалдары мен сметалық нормативтік құжаттар негізінде жобалау-сметалық құжаттамада (бар болса) айқындалған құрылысқа қажетті ақша сомасы;
4) тапсырыс беруші - қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Қызмет мақсаттарына қарай жобаның (бағдарламаның) тапсырыс беруші-инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі) не олардың уәкілетті тұлғалары тапсырыс беруші бола алады.
2-тарау. Мемлекеттік инвестициялар есебінен құрылыс объектілерін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту тәртібі
4. Мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілеріне жобалау-сметалық құжаттаманы жобаның (бағдарламаның) тапсырыс беруші-инвесторының және тапсырыс берушінің (меншік иесінің) бірінші басшылары не олар уәкілеттік берген лауазымды адамдар бекітуге тиіс.
5. Егер құрылыс объектiлерiне жобалау-сметалық құжаттама бюджеттiк бағдарламалардың бiр әкiмшiсiнiң құзыретiне жатқызылмайтын, экономиканың әртүрлi салаларында жобаларды iске асыруды көздейтiн, ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды iске асыру шеңберiнде әзірленген жағдайда, онда осы құжаттаманы "Самұрық-Қазына "Ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі - Қор) қоспағанда, осы ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг (бірінші басшы не бірінші басшы уәкілеттік берген тұлға) бекітеді.
Егер құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттама Қордың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде әзірленген жағдайда, онда осы құжаттама тапсырыс беруші болып табылатын не тапсырыс берушінің акцияларын (қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама түрде меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында иеленетін Қордың еншілес ұйымы (бірінші басшы не бірінші басшы уәкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.
6. Құрылысын қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын құрылыс объектілеріне арналған жобалау-сметалық құжаттаманы қарыз алушы бекітеді және қайта бекітеді.
7. Құрылыс объектілеріне жобалау-сметалық құжаттама құрылыс жобасына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмей бекітіледі.
Құрылыс объектілеріне жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту бекітілетін техникалық-экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде құрылыстың сметалық құнын көрсете отырып жүзеге асырылады.
8. Жобалау-сметалық құжаттама бекітілген сәттен бастап оны әзірлеу аяқталды деп есептеледі.
Құрылыс жобасын іске асыру осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен бекітілген жобалық шешімдерге және оның көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан құрылыс объектілері жобалау-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейін ғана іске асырылуға тиіс.
10. Ол бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылыс басталмаған жобалау-сметалық құжаттама ескірген болып есептеледі және осы Қағидаларға сәйкес құрылыс жобасына түзетулер енгізілгеннен, қайта ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.
11. Бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттама ведомстводан тыс кешенді сараптамадан қайта өтуге және қайта бекітуге мынадай жағдайларда жатады:
1) егер белгіленген құрылыс объектісінің құрылысы басталғанға дейін немесе оның барысында бекітілген жобалау-сметалық құжаттама түзетілуге жататын инженерлік және (немесе) технологиялық жабдықты, негізгі материалдарды және (немесе) техникалық-экономикалық көрсеткіштерді өзгертетін бұйымдарды ауыстыруды қоса алғанда, ғимараттар мен құрылыстардың конструктивтік схемасына, оның көлемдік-жоспарлау, инженерлік-техникалық және (немесе) технологиялық жобалау шешімдеріне әсер ететін елеулі сипаттағы өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізудің негізделген қажеттілігі туындаса.
Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 655-бабының 3-тармағына сәйкес мердігер сметаны қайта қарауды жүргізу туралы өтініш жасаған кезде құрылыс ресурстарының құнының ұлғаюы себебінен шарт жасалған күнге келтірілген сметалық құн кемінде он пайызға ұлғайған кезде, мердігердің кінәсінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесінен артта қалу болмаған кезде жобалық шешімдерін өзгертпей жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жүзеге асырылады.
Жобалық шешімдерді өзгертпей құрылыстың сметалық құнын түзету осы Қағидалардың 11-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, құрылыс мердігерлігі шартын жасасқан күннен кейінгі алғашқы он екі айда жүргізілмейді;
2) жобалау-сметалық құжаттаманың сметалық бөліміне түзету жүргізілетін қосылған құн салығының мөлшерлемесінің өзгеруі, бұл ретте, орындалған жұмыс көлемі бар жобалау-сметалық құжаттаманың бір бөлігі түзетуге жатпайды және жобалау-сметалық құжаттаманы түзетудің орындылығын айқындау жөніндегі тиісті бюджет комиссиясының шешімі талап етілмейді;
3) құрылысты ұйымдастыру жобасында белгіленген жұмыстарды бастау жоспарланған күннен бастап бір жыл өткен соң конкурстық рәсімдер жүргізілмесе және құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржыландыру көзделмесе, бұл ретте бекітілген жобалау-сметалық құжаттама жобалық шешімдерді өзгертпей түзетуге жатады.
12. Құрылыс процесінде жобалау-сметалық құжаттаманы түзету және қайта бекіту қажеттілігі туындаған кезде, онда тапсырыс беруші бекіткен, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар куәландырған құрылыстың жай-күйі туралы мәліметтер және орындалған және қалған жұмыстардың физикалық көлемдерінің бөлу тізімдемесі, осы Қағидаларға сәйкес ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу және қайта бекіту үшін ұсынылады, бұл ретте орындалған жұмыс көлемдері бар жобалау-сметалық құжаттаманың бір бөлігі түзетуге жатпайды.
Бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша қосымша тиісті бюджет комиссиясының шешімі ұсынылады.
13. Егер бұрын бекітілген жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 % және одан да көп көлемде орындалған болса, онда жобалау-сметалық құжаттама түзетуге және қайта бекітуге жатпайды.
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 162 Бұйрыққа 2-қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10632 болып тіркелген).
2. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 6 қаңтардағы №2 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №13018 болып тіркелген).
3. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 21 маусымдағы №370 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15365 болып тіркелген).
4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 16 тамыздағы №648 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №19283 болып тіркелген).
5. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 10 желтоқсандағы №918 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №19724 болып тіркелген).
6. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 24 қыркүйектегі №507 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №24515 болып тіркелген).
7. "Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі №304 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №48 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №31771 болып тіркелген).
8. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы №61 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №31827 болып тіркелген).
9. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі №3 бұйрығы 1-тармағының 2) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33432 болып тіркелген).
10. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 4 сәуірдегі №118 бұйрығы 1-тармағының 2) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде №34228 болып тіркелген).