ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 31 шілдедегі № 232-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 36544 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
Аталған бұйрықпен бекітілген Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу қағидаларында:
2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы – Тауарлардың ұлттық каталогын әзірлеуді, жүргізуді және өзектілендіруді қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесін әзірлеуді, әкімшілендіруді, сүйемелдеуді және пайдалануда қолдауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік;";
2-тармақтың 10) және 11) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"10) Тауарлардың ұлттық каталогы – тауарлар туралы деректердің ұлттық тіркелімі, сондай-ақ тауарлар номенклатурасының бірыңғай көзі болып табылатын және сауда қызметінде тауарлардың анықтамалығы ретінде пайдалануға міндетті "цифрлық үкіметтің" цифрландыру объектісі;
11) Электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін және құралдарын пайдалану арқылы жасалған цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы), ол электрондық құжаттың дұрыстығын, тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайды;";
3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Сәйкестендіру коды Қазақстан Республикасының аумағында тауар айналымының барлық кезеңдерінде (өндіру, әкелу, сақтау, орнын ауыстыру, өткізу, тұтыну), цифрлық жүйелерде тауарлардың есебін жүргізу, бақылау-кассалық машиналарды қолдана отырып тауарлардың айналымы мен өткізілуін жүзеге асыру кезінде, өнімнің сәйкестігін бағалау, электрондық шот-фактураларды, кедендік декларацияларды ресімдеу кезінде және тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету талап етілетін барлық процестер кезінде қолданылады.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Тауарларды тіркеу, тауардың бірыңғай атауы мен сәйкестендіру кодының болуын қамтамасыз ету мақсатында сауда қызметі субъектілеріне тауарлардың ұлттық каталогының интернет-ресурсында цифрлық өзара іс-қимыл интерфейсі ұсынылады.
Тауарлардың ұлттық каталогын тауарлардың анықтамалығы ретінде пайдалану үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасы цифрлық Кодексінің 83-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, цифрландыру саласындағы уәкілетті орган киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша бекітетін "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес Тауарлардың ұлттық каталогымен интеграциялайды.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор Тауарлардың ұлттық каталогын өзектілендіру жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін технологиялық үзілістер жағдайларын қоспағанда, Тауарлардың ұлттық каталогының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Тауарлардың ұлттық каталогы цифрлық нысанда, қазақ және орыс тілдерінде және тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын ескере отырып жүргізіледі.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 82-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу арқылы цифрландыру саласындағы уәкілетті орган бекіткен "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектісінің өмірлік цикл кезеңдерін іске асыру қағидаларына сәйкес Тауарлардың ұлттық каталогын сүйемелдеуді, дамытуды жүзеге асырады.
Ұлттық тауарлар каталогын мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор толтыруы Ұлттық тауарлар каталогында тіркелген тауарлар туралы мәліметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін талап етілетін ақпаратпен толықтыру арқылы жүзеге асырылады.";
Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың Тауарлардың ұлттық каталогын толтыруы Тауарлардың ұлттық каталогында тіркелген тауарлар туралы мәліметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін талап етілетін ақпаратпен толықтыру жолымен жүзеге асырылады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Тауарлардың ұлттық каталогында тауарларды тіркеу Тауарлардың ұлттық каталогының интернет-ресурсында немесе Тауарлардың ұлттық каталогымен интеграцияланған сауда қызметі субъектісінің цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күннен кейін министрліктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы |
А. Бижанова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және
құрылыс министрлігі
