Уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының 2026 жылғы 31 наурыздағы № 43-н/қ. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 1 сәуірде № 38270 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 36-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес уран өндіруге арналған үлгілік келісімшарт бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 9 желтоқсаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

  Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі
агенттігінің төрағасы
2026 жылғы 31 наурыздағы
№ 43-н/қ Бұйрыққа қосымша

УРАН ӨНДІРУГЕ АРНАЛҒАН ҮЛГІЛІК КЕЛІСІМШАРТ

      Бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын, Құзыретті орган ретінде

      Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін

      _________________________________________________________________

      (мемлекеттік органның атауы) және

      _________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы. Егер Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар

      екі немесе одан көп тұлғалар болса, онда әр заңды тұлғалардың аты-жөні мен

      әрқайсысына тиесілі жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесінің мөлшері

      көрсетіледі)

      (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы)

      арасындағы Уран өндіруге арналған келісімшарт. Тараптар осы уранды өндіруге

      арналған келісімшартқа

      _________________________________________________________________

      (келісімшартты жасасу үшін негіз болып табылатын Құзыретті органның уран

      саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы

      шешіміне) сәйкес 20___ жылғы "____" ____________ қойды.

Мазмұны

      Кіріспе

      1-тарау. Келісімшарттың мәні

      2-тарау. Келісімшарттың қолданылу мерзімі

      3-тарау. Жер қойнауы учаскесінің шекаралары

      4-тарау. Құзыретті органның құқықтары

      5-тарау. Құзыретті органның міндеттері

      6-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      7-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері

      8-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары

      1-параграф. Жалпы талаптар

      2-параграф. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану

      3-параграф. Салық салу

      4-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою және жер қойнауы учаскесін консервациялау

      5-параграф. Есепке алу және есептілік

      6-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы және оларға салынатын ауыртпалық

      7-параграф. Мүлікке және ақпаратқа меншік құқығы

      8-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі және мүлік

      9-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылау

      10-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығы

      11-тарау. Еңсерілмейтін күш

      12-тарау. Құпиялылық

      13-тарау. Дауларды шешу тәртібі

      14-тарау. Келісімшартты өзгерту және оның қолданысын тоқтату

      15-тарау. Қорытынды ережелер

      Уранды өндіруге арналған Келісімшартқа қосымшалар:

      Қосымша – Жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары

Кіріспе

      Мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жер қойнауы Қазақстан Республикасының халқына тиесілі, халықтың атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасы жер қойнауы учаскесін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген негіздермен, талаптармен және шекте пайдалануға беретіндігін;

      3) жер қойнауын пайдаланушыда жер қойнауы учаскесінде уранды ұтымды және тиімді өндіруді жүргізу ниеті, қаржылық және техникалық мүмкіндіктерінің болуын;

      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Құзыретті органды белгілегендігін және оған Келісімшартты жасасу және орындау құқығын бергендігін;

      5) жер қойнауын пайдалану Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;

      6) Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мазмұны, орындалуы және тоқтатылуы тәртібі Кодексте сәйкес айқындалатын шарт болып табылады;

      7) Қазақстан Республикасы Құзыретті орган атынан және жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт уранды өндіру кезінде олардың өзара құқықтары мен міндеттерін реттейтіні туралы уағдаласқандығын назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасы Құзыретті орган атынан және жер қойнауын пайдаланушы төмендегілер туралы уағдаласады:

1-тарау. Келісімшарттың мәні

      1. Құзыретті орган Қазақстан Республикасы атынан жер қойнауын пайдаланушыға Келісімшартта белгіленген мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын береді, ал жер қойнауын пайдаланушы өз есебінен және тәуекелімен Келісімшарттың талаптарына және Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға міндеттенеді.

      2. Жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы Келісімшарт күшіне енген күннен бастап туындайды.

      3. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ережелерді және Келісімшарттың ережелерін сақтаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде уранды өндіруді жүзеге асыруға құқылы.

2-тарау. Келісімшарттың қолданылу мерзімі

      4. Келісімшарттың 5-тармағында көрсетілген келісімшарттың қолданылу мерзімі, жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттарына және (немесе) бекітілген жобалау құжатына сәйкес тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүргізу талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, онда дәйекті бекітілген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңімен және өндіру кезеңімен айқындалады.

      5. Келісімшарт __ жылға тең мерзімге жасалған және __ жылғы "_" ________ дейін қолданылады.

      Ескертпе: Келісімшартты жасасу кезінде уран саласындағы ұлттық компаниямен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы Құзыретті органның хабарламасы негізінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінің ұзақтығы көрсетіледі.

      Егер тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүргізу талап етілмесе, Келісімшартта тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін бөлмей, өндіру кезеңінің ұзақтығы көрсетіледі.

      Кейінгі ұзартулар кезінде Келісімшарттың 5-тармағында, Келісімшарттың қолданылу мерзімінен басқа, өндіру кезеңінің ұзақтығы көрсетіледі.

      Келісімшарттың қолданылу мерзімінің аяқталу күнін Құзыретті орган Келісімшартты (Келісімшартқа толықтыруды) тіркеу кезінде енгізеді.

      6. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі аяқталмай жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органға өндіру кезеңін бекіту немесе жер қойнауы учаскесін қайтару туралы өтініш білдіреді. Келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін өндіру кезеңі бекітілмеген жағдайда келісімшарт қолданысын тоқтатады.

      7. Келісімшарттың 5-тармағында көрсетілген келісімшарттың қолданылу мерзімі келісімшартқа тиісті толықтыру жасалған күнге Кодексте белгіленген жағдайларда, тәртіппен және шарттарда Тараптардың келісімшартқа толықтырулар жасасуы арқылы ұзартылуы мүмкін:

      1) өндіру кезеңін бекіту кезінде;

      2) өндіру кезеңінің ұзартылуы кезінде.

      8. Келісімшарттың 5-тармағында көрсетілген Келісімшарттың қолданылу мерзімі тараптардың Келісімшартқа толықтыру жасасуы немесе жер қойнауы учаскесі бойынша өндіру кезеңі (кезеңдері) ұзартылған жағдайда, осындай ұзарту күніне Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жаңа редакцияда жазылуы арқылы ұзартылуы мүмкін.

      9. Келісімшарттың шеңберінде уран өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленген жағдайда, онда өндіру кезеңін ұзарту кезінде Келісімшарттың талаптары осындай ұзарту күніне әрекет ететін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтірілуге тиіс.

      10. Келісімшарт Құзыретті органда мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

      11. Ұзарту мерзімі, егер тараптар өзге мерзімді келіспесе, тиісті қосымша тіркелген күннен бастап есептеледі.

3-тарау. Жер қойнауы учаскесінің шекаралары

      12. Жер қойнауын пайдаланушы уран өндіру жөніндегі операцияларды Келісімшартқа қосымшада көрсетілген жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары шегінде орындайды.

      13. Жер қойнауы учаскесін түрлендіру Келісімшартқа қосымша жасау арқылы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша жүргізіледі.

      14. Жер қойнауы учаскесінің бөлігін қайтару Кодексте белгіленген тәртіппен, Келісімшартқа қосымша жасау арқылы жүзеге асырылады.

4-тарау. Құзыретті органның құқықтары

      15. Құзыретті орган:

      1) Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен Келісімшарттың қолданысын мерзімнен бұрын тоқтатуға;

      2) Кодекстің 163-бабында көзделген тәртіппен Келісімшарт талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге;

      3) Кодекстің 66-бабы 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      16. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының және Келісімшарттың талаптарын сақтаған жағдайда, Құзыретті орган Келісімшартқа тиісті толықтыру жасалған күнгі Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда, тәртіппен және талаптармен:

      1) Келісімшарттың қолданылу мерзімін өндіру кезеңі бекітілген жағдайда ұзартуға;

      2) жер қойнауы учаскесін түрлендіруді жүзеге асыруға құқылы.

5-тарау. Құзыретті органның міндеттері

      17. Құзыретті орган міндеттенеді:

      1) мұндай ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға беру жағдайларын қоспағанда, келісімшартты орындау шеңберінде жер қойнауын пайдаланушыдан алынған құпия ақпаратты (геологиялық, коммерциялық және технологиялық ақпаратты қоса алғанда) қорғауды және жария етпеуді қамтамасыз етуге міндетті;

      2) мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру жағдайларын, сондай-ақ авариялардың алдын алуға, ұлттық қауіпсіздікке, халықтың өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға төнетін қатерді жоюға байланысты жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген кезде оның ағымдағы операциялық және қаржы-шаруашылық қызметіне араласпауға міндетті.

6-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      18. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында және Келісімшартта көзделген ережелерді сақтаған кезде, жер қойнауын пайдаланушы:

      1) кәсіпкерлік мақсатта бөлінген жер қойнауы учаскесінің шегінде жер қойнауын өтеулі негізде пайдалануға;

      2) жер қойнауы учаскесінің аумағында, ал қажет болғанда жер қойнауын пайдаланушыға белгіленген тәртіппен ұсынылған басқа жер учаскелерінде жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік және әлеуметтік сала объектілерін салуға, сондай-ақ шарттардың негізінде жер қойнауы учаскесіндегі әрі оның шегінен тыс жердегі баршаға ортақ объектілерді және коммуникацияларды пайдалануға;

      3) Келісімшарт бойынша операторды тағайындауға;

      4) Кодексте белгіленген тәртіппен және талаптармен өндіруге арналған бүкіл учаскені қайтару арқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға;

      5) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінде кен орнын игеру жобасын әзірлеу, бекіту және Кодексте белгіленген сараптамалардан өткізуді, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген сараптамалардан оң қорытынды алған тәжірибелік-өнеркәсіптік жобаға сәйкес жер қойнауы учаскесінде уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүзеге асыруға;

      6) өндіру кезеңінде уранды өндіруді жүзеге асыруға, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген сараптамалардан оң қорытынды алған кен орнын игеру жобасына сәйкес уран кен орнының геологиялық құрылымын және қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесін жете зерттеуге;

      7) өндіру кезеңін бекітуге өтініштер беруге;

      8) өндіру кезеңін ұзартуға өтініштер беруге;

      9) жер қойнауы учаскесін түрлендіруге өтініштер беруге;

      10) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда, Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды пайдалануға арнайы рұқсатты алмай, жер қойнауы учаскесі шегінде уранды және өнімділік ерітінділерден алынған құрамында пайдалы компоненттері бар басқа да пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте минералдық шикізатты шығару жөніндегі операцияларға байланысты жерасты сілтісіздендіру тәсілі кезінде жер бетіне шығарылған өнімділік ерітінділер, егер осы ерітінділер олардан уран және басқа да ілеспе пайдалы қазбалар алынғаннан кейін сол көлемде жер қойнауына айдалса, жерасты суларын өндіруге жатпайды;

      11) Кодекстің 28-1-бабына сәйкес жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған уран өндіру саласындағы кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді ерікті негізде жасасуға құқылы.

      19. Жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органның Келісімшарттың қолданысын мерзімнен бұрын тоқтатуының заңдылығымен оның тиісті хабарлама алған күнінен бастап екі айдың ішінде сотта келіспеуге құқылы.

7-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері

      20. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесін Келісімшартта көзделген мақсаттарда ғана пайдалануға міндетті.

      21. Келісімшарттың 5-тармағында белгіленген келісімшартты қолданылу мерзімі аяқталған кезде, технологиялық объектілерді консервациялауға немесе жоюға және жер қойнауын пайдаланудың салдарларына байланысты операцияларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі кез келген операцияларды тоқтатуға міндетті.

      22. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде жұмыстарды дереу тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.

      23. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:

      1) Кодекстің 178-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бекітілетін тәртіппен қазақстандық кадрларды оқытуды жер қойнауын пайдаланушы уран өндіру кезеңінде өткен жылдың қорытындылары бойынша шеккен өндіру шығындарының бір пайызы мөлшерінде қаржыландыруды жүзеге асыруға;

      2) Кодекстің 178-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңінде шеккен өндіру шығындарының бір пайызы мөлшерінде уран өндіру саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) цифрландыру жобаларын қаржыландыруды жүзеге асыруға өткен жылдың қорытындысы бойынша уран;

      3) алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру кезеңінде Келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде Кодекстің 178-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.

      Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамыту шығыстарын қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ осы мақсаттарда оның мемлекеттік бюджетке аударатын қаражаты жатады.

      24. Уран өндіру бойынша операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жер қойнауын пайдаланушы және оның мердігерлері (тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларды, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызына ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама түрде иелік ететін, жер қойнауын пайдалану құқығы бар заңды тұлғаларды қоспағанда) Кодекстің 179-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

      25. Жер қойнауын пайдаланушы уран өндіру саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 179-бабының 6-тармағына сәйкес белгіленген нысандар бойынша және тәртіппен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына) және орта мерзімді (бес қаржы жылына) бағдарламаларын ұсынуға міндетті.

      26. Жер қойнауын пайдаланушы Кодексте және Келісімшарттың 51-тармағында көзделген есептерді ұсынуға міндетті.

      27. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті. Кадрлардағы елішілік құндылықтың ең аз үлесі басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша __%, құрылымдық бөлімшелер басшылары бойынша __%, мамандар бойынша __%, білікті жұмысшылар бойынша __% құрауға тиіс.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоратившілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылардың, менеджерлердің және мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлердің және мамандардың жалпы санының елу пайызынан аспауға тиіс. Кадрлардағы ішкі елдік құндылық үлесін есептеу Кодекстің 28-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілген Кадрлардағы ішкі елдік құндылық үлесін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Жер қойнауын пайдаланушы тартылған шетелдік персоналға қатысты қазақстандық персонал үшін тең еңбек жағдайларын, оның ішінде еңбекақы төлеуді қамтамасыз етуге міндетті.

      Жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті ұйым жариялайтын инфляция деңгейінен төмен емес қазақстандық персонал үшін жыл сайынғы жалақыны индекстеуді қамтамасыз етуге міндетті.

      29. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алынатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесі күнтізбелік жыл ішінде сатып алынған тауарлардың жалпы көлемінің __ пайызынан кем болмауға тиіс.

      Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алынатын тауарлардағы елішілік құндылық үлесі күнтізбелік жыл ішінде сатып алынған тауарлардың жалпы көлемінің __ пайызынан кем болмауға тиіс.

      Тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін есептеу кодекстің 28-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде елішілік құндылықты есептеудің бірыңғай әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      30. Жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органды жер қойнауын пайдаланушының қызметін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамының өзгергені туралы осындай өзгеріс болған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етуге міндетті.

      31. Жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 177-бабының 1-тармағына және Келісімшарттың 8-тарауының 4-параграфына сәйкес белгіленген жағдайларда және тәртіппен жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану операцияларының салдарын өз есебінен жоюға міндетті. Келісімшарт қолданысының тоқтатылуы жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеп соқпайды.

      32. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша өз міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдік ұсынуға міндетті. Уран өндіру салдарын жою міндеттемесін орындау банк салымының кепілдігімен қамтамасыз етіледі, бұл Кодексте белгіленген тәртіп пен шарттар бойынша жүзеге асырылады. Мұндай кепілдік берілу жер қойнауын пайдалану салдарын жою міндеттемесін орындаудан босатпайды..

      33. Жер қойнауын пайдаланушы әр жыл сайын банк салымын Келісімшарттың 34-тармағында көрсетілген формула бойынша есептелген, өндіру салдарын жою міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ететін сомасына дейін толықтыруға міндетті.

      34. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін соманың жыл сайынғы есебі (1) формуласы бойынша жүргізіледі:

     


      мұндағы:

      T ☐– ағымдағы жылға өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін ақша қаражатының сомасы;

      n – ағымдағы жыл;

      K₁ – (2) формуласы бойынша есептелетін геотехнологиялық полигонды жою жөніндегі жұмыстардың құны;

      K₂ – тарату жоспарына/жобасына сәйкес қайта өңдеу кешенін, қосалқы өндірістерді және әкімшілік-тұрмыстық кешендерді жою жөніндегі жұмыстардың құны;

      R ☐ – тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына немесе кен орнын игеру жобасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қалған қолданылу мерзіміне (n жылдан бастап) тоннамен уран өндірудің жоспарланатын көлемі.

     


      (2),

      мұндағы:

      Спл – жою жоспарына / жобасына сәйкес геотехнологиялық полигонның салынған объектілерін жоюдың сметалық құны;

      Vпл – жою жоспарына/жобасына сәйкес сметалық құнын есептеу күніне өтелген тонна уран қорларының саны;

      V☐₋₁ – n-1 жыл соңында өтелген тоннадағы уран қорларының жалпы саны.

      35. Егер жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қамтамасыз ету онымен байланысты болмайтын себептермен Кодекстің талаптарына сәйкес келмейтін болып қалса немесе тоқтатылса, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік алпыс күннің ішінде мұндай қамтамасыз етуді ауыстыруға міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушы осындай ауыстыруды жүргізбеген болса, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тез арада тоқтата тұруға міндетті. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға қамтамасыз етуді қалпына келтіргеннен немесе ауыстырғаннан кейін ғана жол беріледі.

      36. Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы консервациялау жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесін консервациялауды жүргізуге міндетті.

8-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары

1-параграф. Жалпы талаптар

      37. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, атом энергиясын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      38. Уран өндіру жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және (немесе) кен орнын игеру жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.

      39. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі тиісті операцияларды жүргізу үшін қажетті жобалау құжаттарының түрлері, құрамы және мазмұнына қойылатын талаптар Кодекстің 182-1-бабының 4-тармағына, 183-бабының 1-тармағына және 184-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалады.

      40. Мемлекеттің Қазақстан Республикасы заңдарының немесе шарттың негізінде басым құқықтарға ие тұлғаларды және ұйымдарды қоса алғанда, кез келген тұлғалар мен ұйымдар алдында стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланудың иеліктен шығарылатын құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді, сондай-ақ ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығарылатын, стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға арналған басым құқығы болады.

      41. Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдар Кодекске сәйкес алған геологиялық есептердегі және басқа құжаттамадағы геологиялық ақпаратты оны жариялау немесе оған ашық қолжетімділік құқығын беру арқылы ашуға құқылы.

      42. Кодекстің 24-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде басқа адамдарға жер қойнауы учаскесінің аумағы шегінде еркін жүріп-тұруға, егер қауіпсіздіктің ерекше жағдайларына байланысты болмаса және мұндай қызмет жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізуге кедергі келтірмесе, жалпы пайдаланудағы объектілерді және коммуникацияларды пайдалануға кедергі келтірмеуге міндеттенеді.

2-параграф. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану

      43. Уран өндіруді жүргізудің міндетті шарттары мыналар болып табылады:

      1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;

      2) жоғары технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесі негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық жағынан тиімді пайдалану, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерін төмендету;

      3) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік және экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау уранды өндіруді жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.

      44. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының жай-күйіне мониторинг пен кен орнының игерілуіне бақылау жүргізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етуге міндетті.

3-параграф. Салық салу

      45. Келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салықтық мiндеттемелердi есептеу оларды төлеу бойынша мiндеттеме туындаған сәтіне қолданыста болатын салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық мiндеттемелердi орындау жер қойнауын пайдаланушыны мемлекетте келiсiмшарт шеңберiнен тыс қызметтi жүзеге асыру бойынша салықтық мiндеттеме туындаған күнi қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық мiндеттемесiн орындаудан босатпайды.

      46. Келiсiмшарт жасалғанға дейін 20__ жылғы "___" __________ №___ төлем тапсырмасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы төлеген қол қойылатын бонустың мөлшері _____ (соманы теңгемен көрсету қажет) құрайды.

4-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою және жер қойнауы учаскесін консервациялау

      47. Жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою:

      1) Кодекстің 164-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;

      2) жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 170-бабында көзделген тәртіппен мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөліктерінде) жүргізіледі.

      48. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауы банк салымының кепілімен қамтамасыз етіледі.

      49. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру кепілге қойылған банк салымы бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.

      50. Жер қойнауы учаскесін консервациялау Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі.

5-параграф. Есепке алу және есептілік

      51. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды есепке алуды жүргізуге және мынадай есептерді:

      1) геологиялық есепті;

      2) геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлары туралы жария есептілігінің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес дайындалған құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебін;

      3) келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;

      4) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру бойынша жүргізілген операциялар, оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;

      5) уранды өндіру бойынша жүргізілген операциялар және оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;

      6) кадрлардағы елішілік құндылық туралы есепті;

      7) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;

      8) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар туралы есепті;

      9) уран өндіру бойынша есепті;

      10) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ олардағы елішілік құндылық көлемі туралы есепті;

      11) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есепті ұсынуға міндетті.

      Келісімшарттың осы тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген есептер Кодекстің 180-бабына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

      Келісімшарттың осы тармағының 3) – 5) тармақшаларында көзделген есептер Кодекстің 180-бабына сәйкес Құзыретті органға ұсынылады.

      Келісімшарттың осы тармағының 6) – 11) тармақшаларында көзделген есептер Кодекстің 180-бабына сәйкес уран өндіру саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.

      52. Жер қойнауын пайдаланушы міндеттенеді:

      1) Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарының лауазымды адамдарына олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік міндеттерді орындаған кезде қажетті құжаттарды, ақпаратты беруге және жұмыс орындарына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

      2) Құзыретті органның жазбаша сұрау салуы бойынша осындай сұрау салуды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға;

      3) Кодекстің 76-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілген нысан бойынша және тәртіппен өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының стандартында көзделген және "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті Құзыретті органға ұсыну.

6-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы және оларға салынатын ауыртпалық

      53. Жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) тек уран саласындағы ұлттық компанияға және/немесе акцияларының (қатысу үлестерінің) жетпіс бес пайыздан астамы уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.

      54. Мұндай заңды тұлға кез келген келесі беруде алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) жетпіс бес пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.

      55. Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланумен байланысты объектілердің ауысуы Құзыретті органның рұқсатымен Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      56. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы Келісімшартқа өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылады.

      57. Қазақстан Республикасының заңдарында сенімгерлік басқаруға беру туралы талап белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға беруге тыйым салынған.

      58. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесіне) ауыртпалық салу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және Кодексте тыйым салынбаған, жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салу Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

7-параграф. Мүлікке және ақпаратқа меншік құқығы

      59. Жер қойнауын пайдалнаушы өндірген уран және оларды өндіру барысында шығарылатын басқа да ілеспе пайдалы қазбалар жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.

      60. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін сатып алған мүлік жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.

      61. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде мүлікке меншік құқығының ауысу жағдайлары мен тәртібі, сондай-ақ жер қойнауы учаскесінің аумағынан мүлікті шығару жөніндегі құқықтар мен міндеттер Кодексте белгіленеді.

      62. Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жек геологиялық ақпарат). Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылатын жекеше геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.

8-параграф. Жер қойнауын пайдалану құқығы (Келісімшарттың қолданысы) тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі және мүлік

      63. Уран өндіруге арналған Келісімшарттың қолданысы тоқтатылған кезде Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі туралы:

      1) осы жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою;

      2) жер қойнауы учаскесін консервациялауды жүргізу;

      3) жер қойнауы учаскесін уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.

      Жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін жер қойнауы учаскесіне консервациялау жүргізу шешімі туралы Құзыретті органның хабарламасын алған жер қойнауын пайдланушы:

      1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қаупімен байланысты операциялары қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;

      2) Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жою немесе консервациялау жобасы бекітілгеннен және олардың сараптамаларының оң қорытындылары алынғаннан кейін Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды дереу бастауға міндетті;

      3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген уранды, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы. Көрсетілген мерзімде алып кетпеген жабдық пен өзге де мүлік Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.

      64. Құзыретті органның уран саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға жер қойнауы учаскесін беру жөніндегі шешімі туралы хабарламаны алған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы:

      1) хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзімде жер қойнауы учаскесіндегі технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықты және өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлікті бергенге дейінгі мерзімге уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.

      Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол уран саласындағы ұлттық компанияға мүлікті беруден жалтарған жағдайда, Құзыретті орган мұндай мүлікке қатысты оның сенім білдірілген тұлғасы ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы нұсқауды көздейтін тізбені қамтитын акт бойынша оны уран саласындағы ұлттық компанияға береді.

      2) хабарламаны алған күннен бастап алты айдың ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген уранды, сондай-ақ осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы.

9-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылау

      65. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын сақтауын бақылауды Құзыретті орган Кодекстің 66-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      66. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауына мониторингті Құзыретті орган Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.

10-тарау. Жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығы

      67. Кодекске сәйкес Келісімшарттың 8-бөлімінде көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу талаптарының бұзылуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке алып келеді.

      68. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың 8-бөлімінде көзделген міндеттемелерді бұзғаны үшін, жауапкершіліктің келесі түрлері көзделеді:

      1) тиісті мөлшерде тұрақсыздық айыбы:

      "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісті жылдың 1 қаңтарына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) белгіленген мөлшеріне;

      есепті кезеңде орындалмаған міндеттемелер сомасының пайыздарына;

      бұзушылық сомасының пайыздарына;

      2) Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын Құзыретті органның бір жақты тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған Келісімшарттың қолданысын мерзімнен бұрын бұзуы.

      Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемені орындаудан босатпайды.

      69. Құзыретті орган Келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы, сондай-ақ белгіленген мерзімде оның тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттері туралы мынадай:

      1) Келісімшарттың 51-тармағында көзделген есептілікті ұсынбаған не көрінеу анық емес есептілікті ұсынған;

      2) жер қойнауын пайдаланушының Келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді ағымдағы жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;

      3) белгіленген графикке сәйкес не қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастыру графигін бұза отырып, қамтамасыз ету сомасын қалыптастырмай, жердің жоғарғы қабатының бұзылуымен байланысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;

      4) жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарттың 7-тарауында белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша түрде хабардар етеді.

      70. Жер қойнауын пайдаланушының Келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі жазбаша хабарлама алынған күннен бастап Келісімшарттың 69-тармағының 1) және 2), 3) тармақшаларында көзделген шарттар бойынша – үш айдан, Келісімшарттың 7-бөлімінде көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.

      71. Жер қойнауын пайдаланушы жасаған бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы Құзыретті органға жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

      72. Жер қойнауын пайдаланушы Құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзуды жою мерзімін ұзартудың себептерін негіздей отырып, осындай ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Жасаған бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша Құзыретті орган оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісетіні туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.

      73. Келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылықтарын Келісімшарттың 70-тармағында айқындалған мерзімде жоюдың мүмкін еместігі анық болған жағдайда, Құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.

      74. Жер қойнауын пайдаланушы өзі қабылдаған төмендегі міндеттемелерді орындамағаны, тиісінше орындамағаны үшін:

      1) тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін-есепті кезеңде орындалмаған міндеттемелер сомасының 10% мөлшерінде орындамаған әрбір тоқсан үшін;

      2) тиісті жылдың кез келген есепті тоқсанында кадрлардағы елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін – әрбір осындай тоқсан үшін 10 000 АЕК мөлшерінде;

      3) Келісімшартта көзделген міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін есепті кезеңде орындалмаған міндеттеме сомасының 10% мөлшерінде.

      4) жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Кодексте белгіленген тәртібін сақтауы жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін – сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер сомасының 10% мөлшерінде:

      уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінде көзделмеген тәсілдермен, сондай-ақ сатып алу тәсілін таңдау қағидаларының талаптарын бұзумен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      конкурстық құжаттаманы уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып жасау;

      әлеуетті жеткізушілерге уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында көзделмеген талаптарды қою;

      әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін негізсіз түрде қабылдамау және/немесе негізсіз түрде қатыстыру;

      уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып шарт жасасу;

      уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібінің талаптарын бұза отырып, бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Ескертпе: дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін, жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға осы тармақша қолданылмайды;

      5) Келісімшарттың 25 және 26-тармақтарына сәйкес бағдарламаларды, ақпаратты және есептерді ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін - бағдарламалардың, ақпарат пен есептердің мерзімдеріне сәйкес әрбір есепті кезең үшін 2 000 АЕК мөлшерінде;

      6) төмендегі тармақтарға сәйкес хабарламаларды жолдамағаны немесе уақтылы жолдамағаны үшін:

      Келісімшарттың 22-тармағына сәйкес – 2000 АЕК мөлшерінде;

      Келісімшарттың 30-тармағына сәйкес – 5000 АЕК мөлшерінде.

      75. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      76. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша келісімшарт талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.

      77. Келісімшарт міндеттемелерін бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімдер ішінде жауапқа тартылуы мүмкін.

11-тарау. Еңсерілмейтін күш

      78. Келісімшарт бойынша қандай да болмасын міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, егер бұл орындамаушылық немесе тиісінше орындамаушылық еңсерілмейтін күшке байланысты болса, Тараптардың ешқайсысы ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

      79. Еңсерілмейтін күштің мән-жайларына мынадай мән-жайдың жағдайлары кезіндегі төтенше және күтпеген жағдайлар жатады, мысалы: әскери жанжалдар, табиғи апаттар, табиғи зілзалалар (өрттер және сол сияқтылар). Келтірілген тізбе толық болып табылмайды.

      80. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған жағдайда, одан зардап шегуші Тарап бұл туралы еңсерілмейтін күш мән-жайлары басталған күнін және сипаттамасын нақтылайтын жазбаша хабарламаны тапсыру немесе поштамен жіберу арқылы екінші Тарапқа дереу хабарлайды.

      81. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде Тараптар қалыптасқан жағдайдан шығудың шешімін іздеу үшін дереу кеңес өткізеді және мұндай мән-жайлардың салдарын барынша азайту үшін барлық құралдарды пайдаланады.

      82. Егер жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңсерілмейтін күш мән-жайларының дәлелдерін ұсынса, Құзыретті орган Келісімшарттың қолданылу мерзімін еңсерілмейтін күш мән-жайларының мерзіміне ұзартады.

12-тарау. Құпиялылық

      83. Келісімшартты орындау процесінде Тараптар алған немесе иеленген ақпарат құпия болып табылады және Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қорғалуға тиіс. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті есептерді құрастыру үшін құпия ақпаратты пайдалана алады.

      84. Тараптардың екінші тараптың келісімінсіз мынадай:

      1) егер бұл ақпарат сотта талқылауын жүргізу барысында пайдаланылған жағдайды;

      2) жер қойнауын пайдаланушыға қызмет көрсететін үшінші тұлға құпия ақпаратты құпия ретінде қарауға және оны Тараптар белгілеген мақсаттарда ғана және Тараптар белгіленген мерзімде қолдануға міндеттеме алған жағдайда, бұл ақпарат осындай үшінші тұлғаларға ұсынылған жағдайды;

      3) ақпарат жер қойнауын пайдаланушы қаржылық қаражат алатын банкке немесе басқа қаржылық ұйымға, мұндай банк немесе басқа қаржылық ұйым бұл ақпаратты құпия деп қарап және оны тек көрсетілген мақсаттарға ғана пайдалануға міндеттеме алу шартымен берілген жағдайды;

      4) ақпарат Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына олардың қызметтік міндеттерін орындауы барысында берілген жағдайды;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ.

      85. Егер Кодексте немесе Тараптардың келісімімен басқасы белгіленбесе, осы бөлімде көзделген құпиялылық туралы ережелер үлгілік Келісімшарттың 5-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қолданылады.

      86. Елішілік құндылық бөлігінде келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және өткізуі туралы, қазақстандық мамандарды оқытуға арналған шығындар туралы және Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар көлемдері туралы, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мен оның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған шығындар туралы ақпарат құпия болып саналмайды.

13-тарау. Дауларды шешу тәртібі

      87. Келісімшартты жүзеге асырумен, өзгертумен немесе тоқтатумен байланысты даулар келіссөздер жүргізу (дауларды сотқа дейін реттеу) арқылы шешіледі.

      88. Құзыретті орган Кодекске және Келісімшартқа сәйкес жіберетін хабарламалар дауларды сотқа дейін реттеу ретінде танылады.

      89. Егер жүзеге асырумен, өзгертумен немесе тоқтатумен байланысты даулар келіссөздер арқылы алты ай ішінде шешілмейтін болса, онда осындай даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.

14-тарау. Келісімшартты өзгерту және оның қолданысын тоқтату

      90. Келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар осындай толықтыруды жасау күніне Кодекстің 37-бабында белгіленген тәртіппен және шарттармен жасалатын Келісімшартқа толықтырумен ресімделеді.

      Осындай толықтыру Келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Келісімшартқа толықтыруларды Құзыретті органда міндетті тіркеуден өткізу қажет.

      91. Өз қолданысын Тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін сақтайтын Келісімшарттың 32, 36, 65-тармақтарында көзделген ережелерді қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы Келісімшартты жасасу күніне Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылады.

      92. Құзыретті орган Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған Келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      93. Келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылады, ал Келісімшартқа қосымшада көрсетілген нысанға сәйкес бекітілген жер қойнауы учаскесі мемлекетке қайтарылған болып табылады.

15-тарау. Қорытынды ережелер

      94. Келісімшарт бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының құқығы болып табылады.

      95. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы бойынша мәмілелерге Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.

      96. Келісімшарт мемлекеттік және орыс тілдерінде, әрбір Тарап үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде бір-бір данадан жасалды. Барлық даналар бірдей.

      97. Тараптардың келісімі бойынша Келісімшарттың мәтіні басқа тілге де аударылуы мүмкін.

      98. Тараптар мемлекеттік және (немесе) орыс тілдері қарым-қатынас тілдері ретінде пайдаланылатын болады деп уағдаласады.

      99. Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге қатысты техникалық құжаттама және ақпарат мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жасалады.

      100. Тараптар жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында жариялау арқылы хабардар етіледі.

      101. Келісімшарт бойынша пошталық мекенжай өзгерген кезде Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа жеті күннің ішінде жазбаша хабарлама ұсынуға міндетті. Осы тармақта көзделген талапты орындамаған Тарап басқа Тараптан хабарламаларды алмағандығына сілтеу құқығынан айырылады.

      102. Келісімшартқа барлық қосымшалар оның құрамдас бөліктері ретінде қарастырылады. Қосымшалардың ережелері және Келісімшарттың арасында қандай да ауытқушылықтар болған жағдайда, Келісімшарттың ережелері басым күшке ие болады.

      103. Келісімшартта пайдаланылатын анықтамалар мен терминдер олар үшін Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған мағыналарға ие.

      104. Келісімшартта реттелмеген Тараптардың қарым-қатынастары, олардың құқықтары мен міндеттері олардың туындаған күніне қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      105. Осы Келісімшартты 20___ жылғы ___ (айының) ________ күні ___________ қаласында (Қазақстан Республикасы) Тараптардың уәкілетті өкілдері жасасты.

      106. Тараптардың заңды мекенжайлары және қолдары:

  Уран өндіруге арналған
үлгілік келісімшартқа
қосымша

      Нысан

      Жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары

      Өңір атауы.

      Кен орнының атауы.

      Жер қойнауы учаскесінің бұрыштық координаттары.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады